double arrow

Кенелік энцефалит вирусы

Кенелік энцефалит – негізінде ОЖЖ зақымданатын жедел вирустық инфекция. Бұл инфекцияға көктемгі-жазғы маусымдылық тән. Вирус 1937 жылы (Л.А.Зильбер, М.П.Чумаков ж.б.) кенелік энцефалитпен ауырған адамдардан бөлініп алынған.

Таксономиясы. Тұқымдастығы: Flaviviridae

Туыстастығы: Flavivirus

Морфологиясы, дақылдандыруы, репродукциялануы – жалпы флавивирустар қоздыратын инфекциялар кезіндегідей.

Резистенттілігі. Төзімділігінің шамалы болуына қарамастан, кенелік энцефалит вирусы температураның кең аралық ауытқуында (-150°С-тан + 30°С-қа дейін) өзінің тіршілік қабілеттілігін сақтай алады, ол өз кезегінде вирустың кең таралуына әсер етеді. Вирус ортаның қышқылдық РН жағдайына өте төзімді. Сондықтан алиментарлық жолмен жұғуда маңызды рөл атқарады. Вирусқа висцеротроптылық және нейротроптылық қасиет тән.

Эпидемиологиясы. Инфекцияның резервуары және тасымалдаушылары – иксодалық кенелер (Ixodes persulcatus – шығыста, Ixodes ricinus – батыста). Қосымша резервуары – симптомсыз инфекцияға шалдыққан (вирусемиясы болатын) әртүрлі жануарлар мен құстар. Вирус адамдарға инфицирленген кенелер шаққанда трансмиссивті жолмен (80%) немесе ешкі және қойдың қайнатылмаған сүтін ішкенде алиментарлық жолмен жұғады. Сүт ішкенде асқазан сөлі сілтіленеді, нәтижесінде вирус белсенділігіне кедергі жасай алмайды. Сиыр сүтін ішкенде вирус жұқпайды, себебі – сиырлардың лактациялық кезеңінде сүттің құрамында вирусбейтараптаушы антиденелер (иммундыглобулиндер) пайда болады.

Патогенезі. Жасырын кезеңінің ұзақтығы – 5-тен 30 күнге дейін. Вирус алғашқыда енген жерінде (ену қақпасында) көбейеді де, қанға түседі – вирусемия дамиды. Вирус қан тамырларының, ішкі ағзалардың (бауыр, көкбауыр) және фагоциттеуші жасушалардың эндотелиясына еніп, белсенді түрде көбейе бастайды. Алиментарлық жолмен жұққанда жұтқыншақтың және жіңішке ішектің шырышты қабаты ену қақпасы болып табылады. Жасырын кезеңінің соңында қан тамырларының эндотелиясында вирустың белсенді көбеюі нәтижесінде 5 күнге созылатын екіншілік вирусемия пайда болады. Вирус гематогенді және мүмкіндігінше периневральды жолмен бас миына және жұлынға енеді, мотонейрондарды зақымдайды. Әсіресе жұлынның сұр затындағы қозғауыш функциясын атқаратын ірі жасушалар және бас миының бағанасындағы қаңқа-милық қозғалтқыш нервтердің ядросындағы жасушалар күрт зардаптанады.

Клиникалық көріністері. Клиникалық ағымы бойынша аурудың негізгі екі вариантын ажыратады: шығыстық – өте ауыр түрде, батыстық – жеңілдеу түрде өтеді. Ауру жедел басталады: қалтырау, басының қатты ауруы, 39°С-қа дейін температураның көтерілуі, лоқсу, құсу, бұлшықеттерінің ауыруы және әлсін-әлсін тартылуы байқалады. Клиникалық көрінісі бойынша кенелік энцефалитті 3 түрге бөледі: дене қызбалық, менингиальдық және ошақтық. Қызбалық түрі 30-50% құрайды, менингит белгілері жоқ, аяқталуы қолайлы, астения сирек байқалады. Менингиальды түрі науқастанушылықтың 40-60%-ын құрайды, менингиальды синдромдармен, ликвордағы өзгерістермен сипатталады, қызба екітолқынды түрге өтеді, инфекциядан кейінгі астениялық синдром ауырып тұрғандардың 40% -да кездеседі. Ошақты түрі сирек (8-15%) байқалады, менингиальды симптомдардың белгілерімен, әртүрлі дәрежеде нерв жүйесінің ошақты зақымдануымен сипатталады. Сал болу, сезімталдығын жоғалту, мидың бағаналы бөлімінде зақымдану болады, ол өз кезегінде тыныс алу және жүрек қызметінің бұзылыстарына әкеледі. Өлім туғызушылық өте жоғары, кеселден кейін тұрақты асқыну салдары қалады.

Энцефалиттің созылмалы түрінде вирустық геном бас миының нейрондарының хромосомасында интегрирленген жағдайда сақталады деген болжам бар. Созылмалы зақымдану – созылмалы полиомиелит синдромына ұқсас (бүйірлік амиотрофиялық склероз).

Иммунитеті. Ауырып тұрғаннан кейін кернеулі гуморальды иммунитет қалыптасады.

Микробиологиялық диагноз қою – жалпы флавивирустар қоздыратын аурулар кезіндегідей.

Емдеуі үшін және жеделалдын алу мақсатында қолданылады:

● донорлардан алынған кенелік энцефалитке қарсы спецификалық гомологиялық иммундыглобулин немесе жылқы сарысуынан дайындалған гетерологиялық арнайы иммундыглобулин. Сарысулармен (иммундыглобулиндермен) емдеуді ауру басталғаннан кейін 3-4 күннен кешіктірмей тағайындау керек;

● иммундыгемадсорбция;

● виферон, йодантипирин, ридостин, рибонуклеаза.

Алдын алуы. Жалпы медициналық сақтану шараларымен қатар спецификалық профилактика қолданылады:

● балалар және ересектер үшін энцефалитке қарсы тазартылған инактивацияланған құрғақ дақылдық вакцина (Ресей - Мәскеу).

●Энцевир – кенелік энцефалитке қарсы бұлшықетке енгізілетін тазартылған, концентрацияланған, инактивацияланған дақылдық тірі вакцина (Ресей–Томск).

● ФСМЕ – Иммун Инжект – инактивацияланған вакцина (Австрия).

●Энцепур – ересектерге және балаларға арналған, инактивацияланған вакцина (Германия).

17.1.3.3. Жапондық энцефалит вирусы (масалық энцефалит)

Жапондық энцефалит – табиғи-ошақты арбовирустық инфекцияларға жатады. Қоздырғышын алғашқы рет жапон вирусологы М. Хаяши 1933 жылы Жапонияда, ал 1940-41 жылдары А.Смородинцев, А.Шубладзе Қиыр Шығыста бөліп алған.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: