В) Энеолит 7 страница

702 жылы Батыс түрік қағанаты тарағаннан кейін оның орнына Түргеш қағанаты (704-756 жж.), Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.), Оғыз мемлекеті (IX ғ. соңы — XI ғ. басы), Кимек қағанаты (893 ж — XI ғ. басы), Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.), Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе, екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болған. Оның біріншісі — Қыпшақ хандығы (XI ғ. — XIII ғ.) Ертіс пен Еділ арасындағы кең байтақ жерді иемденді. Қыпшақ хандығының құрылуына байланысты этникалық процестер жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Осы бір даму кезеңде қыпшақтар мекендеген этникалық территория қалыптасып, ол қазақ халқының қазіргі территориясының көпшілік бөлігін қамтыған. Бұл кезде қазақ тілінің негізі - әдеби қыпшақ тілі құралып, сонымен қатар қазақтардың өзіне тән антропологиялық кескіні қалыптасты. Қыпшақтардың құрамы болған сол бір этникалық қауымдастық — қазақ халқының шығу тегімен байланысты. Қазақ этнотегінде қыпшақтар этнос ретінде маңызды рөл атқарды.

2. Ертедегі, ерте және ортағасырлардағы этникалық үрдістер

Моңғол шапқыншылығы салдарынан Қазақстан жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы тарихи қалыптасқан жағрафиялық ортақтастық пен мәдени-экономикалық байланыстар бұзылды. Моңғол басқыншылары көптеген қалалар мен елді мекендерді, егіншілік ошақтарын талқандап, өлкенің өндіргіш күштерін күйзелтті. Мұндағы экономикалық және мәдени байланыстарды үзді. Көптеген бейбіт халық: егінші, малшы, зергер тағы басқа да кәсіп иелері қырылды. Ірі ру-тайпалардың бірсыпырасы қоныс аударуға мәжбүр болды. Мәселен, қыпшақтардың бір бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірге көшті. Моңғол феодалдарының, Шығыс Қазақстан мен Жетісуда таңдаулы жайылымдарды тартып алуы, әсіресе, жергілікті халықтың жиі-жиі ығысуына әсерін тигізді. Моңғол әмірлері өз үстемдігін берік ұстау үшін жаулап алған елдерді ұлыстарға бөліп, этникалық жағынан туыстас жергілікті халықты бір-бірінен бөліп тастауға тырысты.

Қазақстан жерінде қаншалықты жойқын шапқыншылық болғанымен, халық болып қалыптасудың негізгі шарты - тіл бірлігі жойылмайды. Қайта, керісінше, уақыт өткен сайын моңғол шапқыншыларының өздері өз тілдерінен айырылып, жергілікті ру-тайпалардың қалыптасқан түркі тіліне, әдет - ғұрпына, салт-санасына көшіп, ХІҮ ғ. өзінде-ақ толық түркіленіп кетеді. Бірақ бұл кезде бұрынғы екі үлкен расаның /нәсілдің/ байырғы еуропеидтік және кейін қосылған моңғолоидтық нәсілдердің күрделі араласу нәтижесінде қазіргі қазақ халқы құрамының /антропологиялық, этникалық және лингвистикалық негізде/ бірыңғай тұтас қосындысы /қорытпасы/ келіп шығады.

Алайда, бүкіл Қазақстанның жерінде өмір сүрген ру-тайпалар түркі тілінде сөйлегенімен территориялық бөлінуге ұшырап, Моғол, Әбілхайыр, Ноғай, Көшім хандықтарының қол астында өмір сүріп жатты. Олар саяси, мәдени және экономикалық жағынан бытыраңқы болды. Атақты "92 баулы қыпшақ" атты шежіреде көрсетілген бұл ру-тайпалардың барлығы кейін қазақ халқының құрамына кірген.

ХІV-ХV ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында толассыз тоқтамай жүріп жатқан феодалдық соғыстар мен тартыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері барған сайын белең алды. Қазақстанның ежелгі тайпалары өз мекендерінің тарихи-жағрафиялық, экономикалық және саяси оқшаулануының тарихи қалыптасқан жағдайларына /түрлі тайпалық одақтар мен ертедегі феодалдық мемлекеттерге кіруі/ байланысты этникалық жағынан біртұтастық пен бүтіндікке ұмтыла отырып, үш негізгі этникалық - шаруашылық топқа бөлінді. Яғни, жағрафиялық жағдайына байланысты үш жүз қалыптасты. Олар: Үлы, Орта және Кіші жүз. Ұлы жүздің орталығы - Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Орта жүздің орталығы - Орталық Қазақстанда және Кіші жүздің орталығы - Батыс Қазақстанда болды.

3. Монғол кезеңінен кейінгі халықтың қалыптасуы

XV ғ. екінші жартысы мен XVI ғ. қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру, халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының бұрынғы мемлекеттермен салыстырғанда тиянақты этникалық негізі қалыптасып аяқталған халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін түңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың бүкіл түрік рулары, тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді. Оған бұл аймақты мекендеушілердің шаруашылық-саяси тағ-дырларының ортақтығы және байланыстылығы үлкен әсерін тигізді.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың оңтүстік-батыс территориясы баяғыдан бері қазақ халқының құрылып, қалыптасуының басты этникалық орталығына айналды. Мұнда Қазақстанның аса ірі екі этникалық қауым-дастығының тоғысқан жері жатты. Олар Орталық, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстандағы Қыпшақ тайпалар одағы мен Оңтүстік-шығыс Қазақстандағы Үйсін тайпалар одағы, бұларға Сырдарияның төменгі ағысы арқылы Кіші жүз тайпалары келіп қосылды. XV ғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық өздерінің көршілері арасында "қазақ" деген атпен белгілі болған.

Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу айтыстарының тақырыбына айналған. Ол халықтың өзінің шыққан тегі туралы туғызған көптеген аңыз - әңгімелерінде сөз болады. Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде қолданылған "қашақ" деген атаудан шықты деп есептейді. Немесе "қазақ" атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға бөлініп көшіп кеткен рулық одақтарды білдіру үшін бастапқы кезде "өзбек-қазақ", кейін "қазақ" түрінде пайдаланылған деп пайымдалады. "Қазақ" термині 1245 жылы Мамлюк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба ескерткіштерінде /түрік-араб сөздігінде/ кездеседі. Мұнда "қазақ" деген сөз "басы бос-кезбе" деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша "қазақ" терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери жорықтарға қатысуын санаған.

Кейде бұл термин ертедегі екі тайпалық /каспий және сақ/ одақтардың атынан шыққан деп жорамалдайды. Ал кейбір тарихшылар "хас" — нағыз және "сақ" деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қалай дегенде де "қазақ" этникалық терминнің ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, тұрақты бір шешімі әлі жоқ.

Сонымен, қорытып айтқанда, қазақ халқының этнос болып қалыптасуы өте ұзақ процесс. Ол 2,5-3 мың жылды қамтитын күрделі және ұзақ даму жолынан өткен. Қазақ халқының халық болып қалыптасуының басты алты кезеңін бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең — сақ және сармат дәуірі, шамамен бес ғасырды қамтиды /б.з.д. VІІ - ІІ ғғ./. Екінші кезең — үйсін, қаңлы және ғұн дәуірі /б.д.д. III ғ. — б.д. IV ғ./. Үшінші кезең — түрік дәуірі /542-702 жж./. Төртінші - қыпшақ және қарлұқ дәуірі /ІХ-ХІІІ ғғ./. Бесінші — моңғол дәуірі /XIII ғ. басы - XIV ортасы/. Алтыншы - Алтын Орда тарағаннан кейінгі мемлекеттер дәуірі /XIV ғ. ортасы — 1465 ж./. Мұның барлығы әзірше алынып отырған бөлінулер кезеңі, бұл маңызды тарихи проблема өзінің одан әрі қарай ғылыми тұрғыдан тереңірек зерттеулерін талап етеді.

4. «Қазақ» этнонимі

"Қазақ" сөзінің шығу тегінің өзі қыпшақтар мекен еткен аймақтарда пайда болды деуге толық негіз бар. Кейбір турколог ғалымдардың пікірінше, "қазақ" терминінің таралу аймағы Шығыс Дешті - Қыпшақ даласымен және іргелес Мәуеренахр өлкесімен байланысты.

Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен екінші мемлекет — ол Оңтүстік, оңтүстік-шығыс Қазақстанда өмір сүрген Қарахан феодалдық мемлекеті. Бұл мемлекеттің кезінде халық болып қалыптасу пісіп - жетіліп, қалалық өмір өркендеп, отырықшылық жанданып, қолөнер дамып, көрші жатқан елдермен сауда қатынасы артып, жалпы мәдени - экономикалық дамуы өскен. Бұл мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күшті болды. Қарахан мемлекетінде феодалдық қатынастар түрі қоғамның барлық саласын қамтыды. Шығыстан монғол тектес көшпелі халықтардың жасаған шапқыншылығы Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына оншалықты өзгеріс жасай алған жоқ.

Дегенмен Алтай жақтан ығыса келіп, өздерінің мемлекеттік бірлестіктерін құрған Наймандар мен Керейлер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі әсерін тигізді. Кейін Найман және Керей тайпаларының атауы сол күйінде қазақтың генеологиялық құрылымына енді.

Бірақ осы бір сапырылыс кезеңде шығыстан қидандардың /қарақытайлықтардың/ шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы нашарлап кеткен. XIII ғасырдың басында Қарахан мемлекеті қайта дамып келе жатқанда моңғол шапқыншылығы басталды, сөйтіп халық болып қалыптасу процесі тоқталды. Сондай-ақ, осы кезде Қазақстанда халық болып қалыптасудың екінші бір ошағы болған Орталық, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан жеріндегі Қыпшақ мемлекеті де ауыр жағдайға ұшырады. Өйткені моңғол шапқыншылығы халық болып қалыптасып келе жатқан екі ошақтың екеуінде тас-талқан етіп қиратты. Нәтижесінде қазақ жеріндегі этникалық бірлестіктердің құрамы бұзылып, халық болып қалыптасу процесі XV ғасырға дейін немесе 200 жылдай уақытқа кешеуілдеді.

5. Жүздер - қазақтардың этнотерриториялық бірлестіктері

Жүз – территориялық, шаруашылық аймақ. Ұлы жүз Сырдариядан бастап Жетісу жерін түгел жайлайды. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, албан, суан, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, жалайыр, шанышқылы, қатаған, т.б. ру-тайпалар кіреді. Орта жүз Орталық Қазақстан аудандары мен Солтүстік - Шығыс Қазақстанның бір бөлігін қоныс етеді. Оның құрамында қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, керей, уақ, тарақты тайпа-рулары бар. Кіші жүздің мекені — Сырдарияның төменгі жағы, Арал теңізінің жағалауы, Каспий ойпатының теріскей бөлігі. Оның құрамындағы тайпалар одағы - Әлімұлы /қарасақал, қаракесек, кете, төртқара, шөмекей, шекті/; Байұлы /адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт, шеркеш, ысық, таз, масқар/; Жетіру /табын, тама, кердері, жағал-байлы, кереит, телеу, рамадан/. Жүздердің ұйымдасқан уақыты, қалай құрылғаны әлі жете зерттелмеген.

Үш жүздің пайда болуына ертедегі ел билеудің әскери тәртіпке негізделуінің де әсер етуі ықтимал. Қазақтың үш жүзі ешқашанда бір-бірімен жауласып, өзара араздыққа барып көрмеген. Керісінше, олар қазаққа қауіп төнгенде, қазақ халқының тағдыры шешілер сәтте хандары, батырлары, билері, тағы да басқа беделді адамдары арқылы бір жерден табылып, мәселені бірігіп шешіп отырған. Жоңғарларға қарсы соғыста солай болды. Қазақтар үш жүздің бірлігін қадірлеп, қастерлеп келе жатқан халық.

Төле бидің "Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін — деуі де осыдан.

Мұндай үштіктің шығуына, бір жағынан, Ақ Орда, Ноғай Ордасы және Әбілхайыр хандығының құрылуы, Моғолстанның оқшаулануы түрік және түріктенген моңғол тайпаларының қазақ халқы болып бұрынғыдан да жедел топтасу процесінің күш алуы көмектесті. Екінші жағынан, қазақ тайпаларының феодалдық мемлекеттердің бұл жүйесінде ұзақ болуы қазақ халқының үш этникалық тармақ, үш жүз болып қалыптасуын негіздеді.

Әрбір жүздің тайпалары жалпы шаруашылық мүдделер негізінде топтасқан, өз шекарасында экономикалық жағынан оқшауланған еді. Олардың тілі, материалдық тұрмыс-мәдениеті жөнінен басқа жүздердің тайпаларынан ешбір айырмашылығы болған жоқ. Жалпы алғанда, XV ғасыр қарсаңында бұл тайпалар түрік тектес халық болып топтасты да, кейінірек "қазақ" деген этникалық ортақ атауға ие болды, сөйтіп халықтың қалыптасу процесі негізінен аяқталды. Бірақ ол процесс кейбір себептермен байланысты кешеуілдеп барып іске асты. Оған қазақ халқының этникалық құрамына кірген тайпалардың бірнеше мемлекет құрамына енгені, кейбір жеке тарихи қалыптасқан бөлшектердің бытыраңқылығы себеп болды. ХІV-ХV ғғ. көптеген жұрттың көшіп-қонып, сапырылысуы орын алды. Мәселен, Темірдің соғыстары кезінде моғол топтары Жетісудан Орта Азияға қоныс аударады. Әбілхайыр тұсында оған Моғолстаннан калучи және бұлғашы тайпалары көшіп келеді. Бір кездері керейлер Жетісудан Орта жүзге кетіп қалады, маңғыт-ноғайлар батыстан Сырдария бойына ауып келеді. XV ғасыр бітер шақта Мұхаммед Шайбани ханға еріп, Шығыс Дешті-Қыпшақтың көптеген рулары мен тайпалары Орта Азияға ауысты. Міне, осының бәрі саяси жағдайды тұрақсыздандырып, Қазақстанның байтақ жеріндегі халықтың этникалық бірігуін қиындатты.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ халқының ерекшелігі. Қазақ халдығы басқа хандықтар сияқты неге ыдырамады?

2. Қазақ хандығының күшеюіне әсер еткен саяси факторлар?

3. Қазақтардың арғы ата-бабаларының түр тұрпаты.

4. Қазақстан аумағында этносаяси қауымдастықтың қалыптасуы.

5. Этникалық процеске қажетті негізгі шарттар: территория, тіл, мәдениет, экономика.

6. 6.Жүз, ру деген атауға түсініктеме беру.

5-лекция. Тақырыбы: ХV-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы.

Жоспары:

1. Қазақ хандығының құрылуы

2. Қасым хан тұсында хандықтың ұлғаюы

3. ХVІ ғ. екінші ширегіндегі Қазақ хандығы

4. ХVІ ғ. екінші жартысындағы Қазақ хандығы (Қасым хан)

Лекция мақсаты:

ХV-ХVІғғ. Қазақ халқының қалыптасу туралы жүйелі білім негіздерін қалыптастыру, бүкіл құндылықтарды, мәдени-тарихи тәжірибенің негізін оқыту. Тарихи үрдістің көп қырлылығын, көп түрлілігін көрсете отырып, студенттерді дүниежүзілік тарихи дамудың балама мүмкіндіктері барын түсінуге үйрету.

Лекция мәтіні

1. Қазақ хандығының құрылуы.

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде ХІV - XV ғасырларда орын алған әлеуметтік - экономикалық және этникалық - саяси процестерден туған заңды қоғамдық құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі XV ғасырдың екінші жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі еңбекшілер бұқарасы феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстар мен тартыстардың өршуіне, хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударумен жауап берді. Сөйтіп, XV ғасырдың 50-70 жылдары арасында Әбілхайыр хандығынан Жетісудың Шу мен Талас өзендерінің жазығына 200 мындай адам көшіп келді. Олардың бұл жерлерге қоныс аударуының бір себебі, Әбілхайырдың қол астында қанаушылықтың күшеюі болса, екінші бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандардың жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өзінің ықпалын тигізді. Олардың халық қолдаған дербес мемлекет құру саясатының нәтижесінде Жетісудағы рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Бұл арада тұңғыш қазақ хандығын құруға Керей мен Жәнібек сұлтандардың сіңірген еңбегін көрсете отырып, олардың саясатты кәсіп деп түсінген, жасынан қоғамдық-әлеуметтік өмірдің бағыт-бағдарын ойластырып, халық, ел тағдырына байланысты шешім қабылдап үйренген хандардың отбасында өскен адамдар екенін айта кеткен жөн. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы, әрине, табиғи құбылыс.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды /1458-1473 жж./. Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды /1473-1480 жж./. Бұлардың тұсында Жетісудың қазақ рулары мен тайпалары 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы феодалдық тартыстардың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайта түсуге күш қосты. Әбілхайыр хандығынан бірқатар рулардың ауа көшіп, Жәнібек пен Керейдің қол астына келуі қазақ хандығын бұрынғыдан да күшейтті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, халық ыдырай бастады. Мұны қазақ хандары Керей мен Жәнібек тиімді пайдаланды. Олар бұдан 12 жыл бұрын өздері көшіп кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Сөйтіп, Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күрес жүргізді. Бұл күрестің барысында Әбілқайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Күресте жеңіске жеткен Қазақ хандары 40 жыл Әбілхайыр билеген Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды өзіне қосып алды. Қазақ хандығының жері едәуір кеңейді.

Керей мен Жәнібек, олардан кейін Мұрындық /1480-1511жж./. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолының үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына қарату үшін бітіспес күрес жүргізді. Алайда Сырдария бойындағы қалалар үшін соғыс Әбілхайырдың немересі

Мұхаммед Шайбани ханмен отыз жылдан астам уақытқа созылды. Өйткені Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келді. Мұнда ол өзінің билігін жүргізіп отырған Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит тарханды паналады. Ол Қазақ хандығына қарсы Мұхаммед Шайбаниды айдап салу мақсатын көздеді. Бірақ бұдан ештеме шықпады. 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей әскерлерімен Түркістанға шабуыл жасады. Ал Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты.

1472 жылы Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегімен Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Мұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен жасақтары Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидің әскерлерін талқандады. Мұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл соғыста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маң-қыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті.

Бұл кезде Қазақ хандығына Мұхаммед Шайбанимен қатар Моғолстан ханы Жүніс және Орта Азия жерінде билік етіп тұрған Әмір Темір әулетімен де күрес жүргізуге тура келді. Өйткені бұларда Сырдария жағасындағы маңызды сауда орталықтарын өздеріне қаратып алуды көздеді. 1482-1485 жж. Моғолстан ханы Жүніс әскерлерімен Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Ал XVI ғ. басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алып, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына сүйеніп және Отырарға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Ясы (Түркістан) қалаларына шабуыл жасап, басып алды.

Қазақ ханы Мұрындық және Қасым мен Жәдік сұлтандар Темір әулетінен шыққан Мұхаммед Мәзит тарханнан қолдау алып Созақ, Сауран қалаларына әскери шабуыл ұйымдастырды. Мұрындық Сауранды қайтарып алып, Отырар қаласын қоршауға алды. Бірақ Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниге әскери көмек беріп, қазақ жасақтары амалсыздан Отырар қаласын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады. Осы келісім бойынша Отырар, Ясы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады. Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ал Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: