Каспий мемлекеттік 9 страница

Саяси даму тұжырымдамасында басты рөлді саяси модернизация (бейімделу) теориясы атқарады. Ол ХХ ғасырдың 50 жылдарында пайда болған. Батыс елдері алғашында бұл ұғымдьі отарлық езгіден құтылып, азаттық алған елдердің одан кейінгі жерде қалай дамуына байланысты пайдаланған. Кейін ол өркениеттілікке өтудегі әлемдік процестің жалпы үлгісінің негізіне айналды. Оның мәні дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің сипатын және бағытын бейнелеу болатын.

Саяси модернизацияның кезеңдері және соған байланысты көзқарастар. Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға бейімделу тұжырымдамасының екі тұрпаты (типі) бар. Біріншісі — өзіндік ішкі себептерден пайда болып, соған бейімделу. Бұған Англия, АҚШ сияқты ұзақ жылдар бойғы біртіңдеп баяу даму нәтижесінде қоғамның баянды құрылысына өтуді басынан кешірген елдер жатады. Олар дамудың жоғарғы деңгейіне табиғи түрде жеткен болып есептеледі. Ал осы жолды кейін өтетін елдерге даму деңгейі, өмір сапасы жағынан жоғарыдағылардың жолын қуушы, «қуалай-дамушы» мемлекеттер ретінде қарайды.

Басқа елдердің Батыс үлгісін бойына сіңіріп, өзгеру, соған икемдену жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде бұрыннан белгілісі және кең тарағанының бірі — модернизацияның-сызықтық теориясы. Бұл теорияны жақтаушылардың ойынша дәстүрлік деңгейдегі елдер ерте ме, кеш пе капиталистік жолына даму түседі. Оларда соған лайық әлеуметтік-экономикалык саяси құрылым, саяси жүйе орнайды. Соның нәтижесінде олар да қазіргі жоғарғы индустриалды жағдайға жетеді, мәдениет және басқа салалары да өркениетті елдердің даму жолын бұлжытпай қайталайды дейді.

ХХ ғасырдың 50 жылдарында қазіргі мемлекеттің болашақ үлгісі ретінде Американың «еркін» қоғамын айтатын. Азия, Африка, Латын Америкасы елдері өмірдің барлық саласында Батыс бастауларына еліктеу, солардың істегенін қайталау сияқты көрінді.

Бұл теория бойынша саяси бейімделу алғашында а) дамып келе жатқан елдердің батыс үлгісі бойынша демократиялануы; б) Батысқа бейімделу «үшінші елдердің» табысты әлеуметтік-экономикалық өсуіне жағдай жасайды және соның салдары болады; в) бұл елдер дамыған Батыс Еуропа елдерімен және АҚШ-пен белсенді қарым-қатынасының, ынтымақтастығының нәтижесіретінде қабылданған.

«Қуалай дамуды» жүзеге асырудын, басты амал-әдісі – Батыс мемлекеттерінің көмегінің арқасы деп есептеледі. Бұл теорияны жақтаушылардың ойынша, жан басына шаққанда белгілі бір деңгейге жету Батыстағы әлеуметтік және экономикалық қоғамның жүйесіндегі өзгерістерге әкеледі. Басқа сөзбен айтқанда, жаңа жағдайға бейімделудің шешуші жәйті — ақша. Ол әлеуметтік технологияларды, қазыналарды, демократиялық институттарды таратуға көмектеседі. Сол арқылы тұтыну деңгейін көтеруге, адам құқықтарын бұрмалауды тоқтатуға, мәдениеттің құлдырауын жеңуге болады деп ұйғарды.

Бірақ жаңа жағдайға өтудің «сызықтық қозғалыс» теориясы Африка, Азия, Латын Америкасы елдерінің Батыстың билікті ұйымдастыру, мемлекет пен азамат қатынастарының үлгі-өнегесі ойлаған жерден шыққан жоқ. Нақтылы өмірде демократиялану, либералдық құндылықтардың институционалдануы парламент жүйесін орнату және басқа Батыстың билік түрлерін орнату үлгілері мемлекетті басқаруда тиімділік әкелмеді. Керісінше, олар шенеуніктердің сатылғыштығы мен жемқорлығына, бюрократияның қызмет бабын пайдаланып, баю жолын көздеген зорлық-зомбылық, бассыздығына әкелді. Қоғамда әсіре байлар мен шектен шықкан кедейлердің саны көбейді, наразылықтар, шиеленіс, кикілжіңдер өрістеді. Ғалымдардың көбі оны дамып келе жатқан елдердің мұндай өзгеріске дайын еместігінен деп түсіңдірді. Бірақ мәселе бұл теориялық үлгінің біржақтылығында еді.

60 жылдардың аяғына қарай бейімделудің сызықтық теориясын сынаушылар көбейді. Олардың ойынша, әр түрлі елдердің бейімделуі құрылым жағынан болсын, мәдениет жағынан болсын бірыңғай болмайды. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, қазіргі капиталистік өмір салтына өту барысыңда бұл салаларда түрлі ерекшеліктер пайда болады. Әр түрлі елдердің жаңа жағдайға көшу, институционалдық құрылымға өту үшін жұмылдырып, іске тартарлық қорлары, мүмкіндіктері бірдей емес. Әр түрлі қоғамдық тарихи дәстүрлері, әлеуметтік-экономикалық құрылымы өзгеше.

Сондықтан 70 - 80 жылдары жаңа жағдайға бейімделу мен келешектегі дамудың арасындағы байланысқа қатысты көзқарас қайта қаралды. Бұл саладағы басым бағытқа, мақсатқа әлеуметтік, экономикалық, саяси құрылымдардың өзгеруі жатқызылды. Онда Батыстың үлгісін қайталаудың қажет еместігі мойындалды. Бұрын дәстүрлік институттар мен құндылықтарды өркениетті жолға түсудің кедергісі деп қараса, енді әмбебап өлшемдер, құндылықтар, мақсаттар сақталса болды, ұлттық түрде бейімделудің өзі дұрыс делінетін болды.

Жаңа өмір салтына бейімделуді тұтас және ұзақ кезең ретінде қарайтын болды. Ол жолда дамумен қатар бұрынғы құрылымды қайталау, тоқырау болуы мүмкін. «Қуалай дамумен» қатар «жарым-жартылай», «тығырыққа тірейтін» бейімделушіліктер жөнінде де айтыла бастады.

Қоғам мен саяси жүйенің модернизация жолдары. Әр түрлі елдердің бейімделу жағдайларын талдап, қорыта келіп, ғалымдар бұл жолда белгілі бір жүйелілік болуы керек дегенді айтады. Біреулері бейімделуді қоғамды иидустриаландырудан бастағанды, екіншілері ауыл шаруашылығын реформалаудан, үшіншілері дамыған елдердің қарқынды, ауқымды көмегінен, төртіншілері елді мекендерді қалаландырудан және т. с. с. бастаған жөн деп санайды.

Теориялық жақтан алғанда бұл мәселеге екі түрлі: либералдық және консервативтік көзқарастар бар. Либералдар (Г. Алмонд, Р. Даль, Л. Пай) жаңа жағдайға көшуде орта тапқа, халықтың білім дәрежесіне баса назар аударады. Бейімделудің сипаты мен серпінділігіне еркін төбе топтың (элиталардың) бәсекелестігі, қатардағы азаматтардың бұл саяси процеске тартылу деңгейі шешуші рөл атқарады. Себебі, солардың арқасында саяси реформалар атқарылады. Бұл процеске авторитарлық тәртіп жарамайды, ол секіріссіз, біртіндеп жасалуға тиіс дейді.

Консерваторлар (С. Ханингтон, Дж. Нельсон, X. Линдз) бұған керісінше қарайды. Олардың ойынша, демократиялық істе тәрбиеленбеген, билік институттарын дұрыс пайдаланып басқара білмейтін халықты билікке араластырып керегі шамалы. Ол қоғамды саяси дамуға емес, құлдырауға әкеледі. Егер экономиканы реформалау үшін басты көрсеткіш өсу болса, саяси реформа үшін тұрақтылық қажет. Сондықтан дейді олар, дамып келе жатқан елдердің жаңа жағдайға бейімделуі үшін мықты саяси тәртіп, тұрақсыздықты тежей алатын заңды, беделді саяси партия, авторитарлық тәртіп болуға тиіс. Солар ғана билікке саяси басшылық жасай алады, мемлекетте мықты бюрократия қалыптасады, реформаларды кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асыруға болады. Авторитарлық тәртіп әр түрлі кездесетіндіктен бейімделу де әр түрлі болуы мүмкін деп пайымдайды консерваторлар.

Тарих көрсетіп, дәлелдеп отырғандай, дамып келе жатқан елдердің басым көпшілігі индустриалды, постиндустриалды жолмен жүруде. Оны бүкіл әлемдегі мемлекеттердің өсу жолы айғақтап отыр. Әр елдің даму сатысына, әлеуметтік-саяси құрылымына, әдет-ғұрпына және т. с. с. байланысты бұл процесс әр түрлі рең алуы мүмкін. Кейбір ғалымдар балама түрін де жоққа шығармайды. Әр ел бейімделу барысында өзінің ішкі жағдайларына, ұлттық, тарихи ерекшеліктеріне, әдет-ғұрып, салт-санасына байланысты әрекет етеді. Егер халық бұл тарихи құбылысты түсініп, қабыл алса, оған өту оңайырақ болады. Ал оны орынсыз жылдамдатпақ болушылық жергілікті менталитетке сай келмесе, реформа тоқырап, шиеленістерге әкелуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар бұл жолға түсушілерге алды-артын байқап, терең саралап іс істеуге кеңес береді.

Қазіргі кезде демократияның басқа елдерге кең тарауы - тарихи шындық. Ондай мәселе біздің еліміздің алдында да тұр. Біреулер Батыстың үлгісіне жүгінеді, екіншілері Шығыс үлгісін алға тартады. Азия елдеріңде саяси бейімделудің тиімді мысалы ретінде Жапонияны алуға болады. Олар басқа елдердің ең жақсы жақтарын қабылдай отырып, өзіндік ерекшеліктерін, төлтумалығын жоғалтпады. Ұлттың бар күшін Батыстың ең жаңа технологияларын меңгеруге жұмсап, жұмылдырып, әлемдегі ең озық, дамыған елдердің біріне айналды.Либералдық демократиялық жолға түсу — бүгінгі таңда дамудың ең басты бағыты. Ол жалпыадамзаттық құндылыққа жатады. Саяси бейімделу барысында қоғамның жаңа экономикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына тиімді жауап қайтарарлықтай ашық саяси жүйе құрылады. Біздің мақсатымыз — ата-бабамыздың дәстүр ерекшеліктерін сақтай жүре, алдыңғы қатарлы елдердің өркениетті тәжірибесін бойға сіңіре отырып, нағыз демократиялық жолға тезірек түсу.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. «Демократия» ұғымының қандай түсініктері бар?

2. Демократияның ерекше белгілерінің атаңыз.

3. Халықтың құрамын түсінуге байланысты демократияның қандай түрлері бар?

4. Тура, плебисцитарлық және өкілділік демократияларының айырмалары қандай?

5. Саяси және әлеуметтік демократия деген не?

6. Демократияның қандай негізгі теорияларын білесіз?

7. Басқарудың басқа нысандарына қарағанда демократияның артықшылығы неде?

8. Демократияға өтудің қандай ішкі, сыртқы алғы шарттары бар?

9. Демократияландырудың жалпы үлгілері және олардың мазмұны қандай?

10. Демократияландырудың қандай жолдары бар?

11. Саяси даму дегеніміз не?

12. Саяси даму мен саяси прогрестің айырмашылығы неде?

13. Қазіргі кезде қоғам дамуының неше түрін көрсетуге болады?

14. Дәстүрлі даму дегеніміз не?

15. Қазіргі даму жолы қандай болады?

16. Дәстүрлі қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің неше жолы бар?

17. Саяси модернизация дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 5-тарау,72-84 бб., 9-тарау, §§1, 129-132 бб., 14-тарау, §§1-6, 191-212 бб.; №11; №13, 9-тарау, §§1-4, 240-257 бб., 15-тарау, §§1-4, 370-394 бб.; №14; №15, 121-136 бб.; №16, 33-46 бб.; №19, 3-тарау, 174-184 бб.; №20-22; №29; №30; №31, 10-тарау, §§1-4, 182-199 бб., 11-тарау, §§1-2, 200-214 бб., 12-тарау, §§1-4, 214-232 бб., 13-тарау, §§1-2, 232-250 бб., 21-тарау, §§1-3, 383-401 бб.; 23-тарау, §§1-3, 424-436 бб.; №34; №35, 77-81, 95-97 бб.; №44; №50; №53]

Дәріс 10. Саяси сана және саяси мәдениет.

Дәріс мақсаты: саяси сана және саяси мәдениет, саяси әлеуметтену ұғымдарының мәнін, құрылымын көрсетіп, олардың қызметтеріне, түрлеріне тоқталу. Саяси сананың элементі ретінде саяси идеология феноменін қарастыру және оның қазіргі заманғы негізгі түрлерін анықтау, ерекшеліктерін талдау.

Басты ұғымдар: саяси сана, саяси идеология, саяси психология, саяси мәдениет, патриархалдық саяси мәдениет, бодандық саяси мәдениет, азаматтық саяси мәдениет, саяси әлеуметтену.

  1. Саяси сана: мәні, қалыптастыру жолдары, формалары, құрылымы.
  2. Саяси мәдениет ұғымы, құрылымы, функциялары, типологиясы.
  3. Саяси әлеуметтену ұғымы. Қазіргі саяси мәдениеттің ерекшеліктері және ҚР-сындағы әлеуметтену мәселелері.

Саяси сана: мәні, қалыптастыру жолдары, формалары, құрылымы. Саясат, саяси құбылыстар мен процестер де адамда белгілі бір қызығушылық туғызады, адамның оларға деген белгілі бір субъективті қатынасы пайда болады. Өз елінің немесе басқа да мемлекеттердің тарихымен таныса отырып, адамда бұрынғы кезеңдегі саясатқа, саяси құбылысқа деген белгілі бір қатынас пайда болады, адамның болашаққа деген талап-тілегі пайда болуы мүмкін. Бұл қатынас қисынды, ақыл-ойға сүйенуі мүмкін, сонымен бірге ол эмоцияға, сезім, көңіл-күйге де негізделуі мүмкін.

Егер саясат пен саяси құбылыстарды объективті нақтылық деп алатын болсақ, онда адамдарда оларға деген субъективті жауаптың (реакцияның), қатынастың, яғни саяси сананың болатындығын мойындау қажет. Саяси сана – саясат пен саяси процестердің ажырамас серігі.

Саяси сана – бұл әлеуметтік субъектілердің (индивидтердің, топтардың, қоғамдастықтардың т.б.) саясат саласын ұғынуы, сезінуі. Саяси сана – адамзат қоғамының рухани өмірінің маңызды элементі. Ол материяға қарама-қарсы, бірақ онымен тығыз байланысты. Қазіргі заманғы ғылыми әдебиетте саяси сана саясатты субъективті жағынан сипаттайтын жалпы ұғымдар қатарына жатады. Саяси сана – адамның өмірдегі бар және оның ойлағанындай немесе ықыласындағыдай саясат пен саяси құбылыстарға деген түсініп-сезінетін, адамдардың саяси саладағы іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар беретін көзқарастар, ұғымдар, түсініктер, қондырмалар және сезімдер жиынтығы.Түсініктер, көзқарастар, құндылықтар, нормалар және бейсаналық, эмоциялық сезімдер негізінде индивид пен топтардың саяси бағыт-бағдары, мінез-құлқы, мемлекеттік институттар мен билікке, басқаруға қатысуға деген қатынасы т.б. қалыптасады.

Индивидтердің өзара әрекеттерінің сипатына байланысты әлеуметтік-саяси кеңістікте саяси сананың мынандай қызметтері (функциялары) көрініп, қоғам өміріне белсенді ықпал етеді: танымдық (когнитивті); идеологиялық; қарым-қатынастық (коммуникативті); болжамдық.

Саяси сананың құрылымы негізгі үш элементтен тұрады: саяси идеология, яғни саясат, саяси билік, мемлекет және т.б. саяси құбылыстар туралы идеялар, ұғымдар, түсініктер; саяси психология – сезімдер, эмоциялар, көңіл-күйлер (эмоциялық элемент), адамның саяси мінез-құлқы, ішкі қондырмасы, іс-әрекет істеуге әзірлігі.

Саяси сананың мәнін тереңірек түсіну үшін оның түрлерін қарастырамыз. Саяси сананы саясаттың, саяси биліктің мәнін түсіну тереңдігі мен деңгейіне байланысты былай деп бөлуге болады: қарапайым саяси сана; кәсіби саяси; ғылыми (теориялық) саяси сана. Саяси сананы субъектісіне байланысты жеке дара, топтық, бұқаралық және қоғамдық деп бөлінеді.

Саяси идеология түсінігі, теориялары, қызметі және деңгейлері. ХХ ғ. саяси ғылымның бағыттарының бірі – саяси идеологияларды зерттеу. Саяси сананың құрамдас бөлігі және өзегі – саяси идеология. «Идеология» термині ежелгі гректің «идея» - бейне және «логос» - ғылым, ілім деген сөздерінен құралған. Бұл терминді ғылыми айналымға француз ағартушыларының соңғы ұрпақтарының өкілі философ және экономист Антуан Дестют де Траси (1754-1836) енгізді. Ол өзінің «Ойлау қабілетілігі туралы этюд» еңбегінде, 1796 жылғы «Идеология жобасы» деген баяндамасында идеялартуралы ғылымды сипаттау үшін «идеология» терминін қолданады. Кейін өзінің төрт томдық «Идеология элементі» (1805-1815 жж.) деген шығармасында бұл ұғымды толығырақ дамытып, Жаңа дәуірдің көрнекті ойшылдары – Бэкон, Локк, Кондильяк, Гельвенций идеяларын жүйелеу әдістемесін жасауға тырысып, идеяның жалпы теориясын немесе идеология туралы ғылымды анықтауға тырысты. Ғалым идеологияны «идеялар туралы және олардың қалай пайда болатындығы туралы ғылым» деп сипаттады.

Идеологияны бірегей құбылыс ретінде түсіндірудің негізгі теориялары: әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастыру (К.Маркс), аксиологиялық (құндылықтық) тұрғыдан түсіндіру (Ф.Ницше), психологиялық (З.Фрейд, В.Парето), социологиялық (К.Мангейм) «Идеологиясыздандыру» концепциясы (Д.Белл С.Липсет Р.Арон Э.Шилс) т.б.

Саяси теорияда идеология деп қайсыбір тараптың мүддесіне қызмет ететін кез келген идеялар жүйесі ұғынылады. Мангейм бойынша, кез келген идеология - өмір сүріп тұрған құрылысты мадақтау, оның статус-квосын (заңды жағдайда өмір сүру құқығын) қорғаушы. Идеологияның жұмылдырушы ролі де осында. Таным социологиясы шеңберінде дамытылған идеяларға сәйкес, идеологиялар дегеніміз топтың өзіндік санасының теориялық жағынан бекітілген көрінісі, топтың өз мүддесін қорғауының құралы, шындықты түсіндіруге бір жақты келу жүйесі, сондықтан ол жалған білімдер жүйесі.

Қоғам өмірінде идеологияның маңызы оның төмендегідей қызметтерінен білінеді: танымдық, бағдарламалық, жұмылдыру, амортизациялық, бағалау қызметтері. Идеология мен идеологиялық сананың үш түрлі деңгейі: жоғары деңгейі – теориялық-тұжырымдалық деңгей, бағдарламалық-саяси немесе насихаттық-ағартушылық деңгей, бұқаралық сананың көкейтесті, өмірлік деңгейі (сезімдер идеологиясы) немесе идеологияның орнығу деңгейі.

Қазіргі заманғы негізгі саяси идеологиялар. Қазіргі заманғы маңызды саяси идеологиялар мен әлеуметтік-саяси ағымдарға либерализм, консерватизм, социал-демократия, коммунизм және фашизм жатады.

Тарихи жағынан алғанда Жаңа дәуірдегі ең алғаш пайда болған идеология либерализм болды. Ол XVII-XVIII ғғ. феодалдық тәртіптерге қарсы күрес барысында қалыптасты. Либерализмнің «классиктерінің» қатарына Дж.Локк, Ш.Л.Монтескье, Д.С.Милль, В.Гумбольдт, И.Бентам, А де Токвиль және т.б. жатады. Либералдық идеологияның негізгі принципі – адамның еркіндігі, тұлғаның табиғи құқықтары мен бостандықтарының қасиеттілігі мен ажырамастығы, олардың қоғам және мемлекет мүдделерінен жоғары тұруы. Экономикалық салада классикалық либерализм мына қағидаларға негізделеді: адамның жеке меншікке құқығы, нарықтың, бәсекеліктің, кәсіпкерліктің еркіндігі, экономикалық іс-әрекеттің мемлекеттен тәуелсіздігі. Осыған сәйкес мемлекет бір ғана қызметті – меншікті қорғау, «түнгі сақшылық» қызметін атқарады.

Консерватизм және неоконсерватизм. «Консерватизм» ұғымы екі мағынада қолданылады: 1) адамға құнды нәрсені сақтау және қолдау; 2) бұрынғы дәуірдегі артықшылықтарды сақтауға бағытталған өткенді мадақтау.

Классикалық консерватизм XVIII ғ. Англияда либерализм идеологиясына жауап ретінде пайда болды. Оның негізін салушы ағылшын философы және мемлекет қайраткері – Эдмунд Берк (1729-1797 жж.). Франциядағы консерваторлардың өкілдері публицист және қоғам қайраткері Ж.де Местр және Л.де Боланд болды.

Консерваторлар революцияны қоғамдық былықтың, бүліншілік пен күйзелістің себебі деп санады. Олар монархияны қалпына келтіруге және феодалдық-аристократиялық құрылыстың дәстүрлі құндылықтарын қайта түлетуге тырысты. Олардың ойынша, ортағасырлық тәртіп, қауымдық қатынастар, отбасы, мектеп, шіркеу қоғамды біріктіреді, оның бірлігі мен дамудағы сабақтастығын қамтамасыз етеді. Өмірде әдет-ғұрып, дәстүр негізгі роль атқарады. Сондықтан қоғамдық дамудың негізгі өлшемі әдет-ғұрыпты және халықтың мінезін өзгертуде. Олардың саяси идеологиясының өзекті мәселелері – күшті мемлекет, айқын саяси жіктелу, биліктің төбе топтың қолында болуы.

Консерватизмнің негізгі құндылықтары: тарих, өмір, заң, реттілік, тәртіп, қоғамдық тұрақтылық, дәстүр, отбасы, ұлт, мемлекет және қоғам, билік, сатылану, дін.

Консерватизм либерализм сияқты дамып отыратын құбылыс. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі негізгі құндылықтар жөніндегі либералдық-консервативтік пәтуаластық (консенсус) және өзгерістер енгізу арқылы консерватизм ХХ ғ. 70-80 жж. қазіргі заманғы консерватизм (неоконсерватизмге) айналып, батыс европалық демократтар мен социалистер батылы бармаған қайта құрулар жүргізді, экономикалық құлдыраудың жолын таба білді.

Социал-демократия. Социал-демократия жұмысшы қозғалысы негізінде пайда болды. ХІХ ғ.-дың ІІ-жартысында марксистік жұмысшы қозғалысы біртұтас болып, марксизмнің капитализмді құлату және қоғамды революциялық жолмен қайта құру қондырмасын басшылыққа алған болатын. Алайда кейін марксизмнің негізгі қағидалары бойынша келіспеушіліктер тереңдеді. ХХ ғ. басында, бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында біртұтас социалистік қозғалыс жіктелді. Батысевропалық социал-демократияның жетекшілері Э.Бернштейн мен К.Каутский социал-демократиялық идеологияның негізін салушылар болып есептеледі. Э.Бернштейн 1899 ж. «Социализмнің алғы шарттары және социал-демократияның мақсаты» деген еңбегінде классикалық марксизмді қайта қарап, оған өзгерістер енгізді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Демократиялық социализм» доктринасын ұстаушылар социализмге тек қана демократиялық жолмен келуді негізге алған. Демократиялық социализмнің басты құндылықтары – еркіндік, теңдік, әділеттілік және ынтымақтастық. Бұл құндылықтарды, олардың ойынша, экономикалық, саяси және рухани демократия арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Ол аралас экономиканы, мемлекеттің әлеуметтік-реттеу ролін, саяси өмірді демократиялық түрде ұйымдастыруды талап етеді.

Коммунистік идеология. ХІХ ғ. ортасында пайда болды. Негізін салғандар К.Маркс (1818-1883) пен Ф.Энгельс (1820-1895). Олар жан-жақты дамыған еркін адамды қалыптастыру үшін тап күресі жүргізіліп, жұмысшы табы буржуазияны құртуы тиіс деп санады. Олардың ойынша, социализмді орнататын бірден-бір құрал – социалистік революция, оны жасай алатын бірден-бір күш – жұмысшы табы. Мемлекеттік биліктің таптық сипаты болады. Социалистік революция нәтижесінде ескі мемлекет түбірімен қиратылады да, оның орнына жаңа мемлекет – пролетариат диктатурасы орнайды. Коммунизмнің идеологтары жеке меншікті жойып, қоғамдық меншікті орнатуды жақтады. Коммунистік қоғамда мемлекет, саясат болмайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: