Каспий мемлекеттік 7 страница

Тоталитаризм азаматтық қоғамды, билікке тәуелсіз жеке өмірді толық жоюға тырысады. Қоғамның саяси жүйесі, яғни партиялық –мемлекеттік құрылым бүкіл әлеуметтік-экономикалық ұйымдасуының фундаменті болып, қатал иерархиялық құрылымымен ерекшеленеді. Тоталитарлық жүйенің ядросы жаңа, тоталитарлық типтегі партия басшылығымен жаңа тәртіп үшін күресетін орталықтандырылған саяси қозғалыс болып табылады. Бұл партия мемлекетпен бірігіп, қоғамдағы нақты билікті өз қолына шоғырландырады, саяси оппозицияға тыйым салады. Сонымен бірге тоталитарлық қоғамның саяси белгілеріне күшті әлеуметтік бақылау және еріксіз көндіру аппаратының болуы, жаппай террор, тұрғындарды қорқыту-үркітуді жатқызуға болады. Соқыр сенім мен қорқыныш – тоталитарлық басқарудың негізгі ресурстары болып табылады. Жоғарғы билік пен оны иеленушілерге, көсемге табынушылық жүзеге асырылады.

Идеология мен саясаттың үстемдігі әлеуметтік салада ғана емес, сонымен бірге экономикада да көрінеді. Тоталитаризмнің әлеуметтік-экономикалық белгілеріне: шаруашылық өмірдің этатизациялануы, әлеуметтік шектеу, рыноктық қатынастар мен бәсекені жою, жоспарлау, басқарудың әкімшілік-әміршілдік әдістері т.б. жатады.

Тоталитаризмнің түрлерін коммунизм (КСРО-дағы социализм), фашизм (Италияда) және ұлттық-социализм (Германияда)деп бөледі.

Авторитарлық саяси жүйе. Тарихта саяси жүйенің кең таралған түрінің бірі – авторитаризм (термин латынның «auctoritas» - билік, ықпал деген сөздерінен құралған. Ол тоталитаризм мен демократияның арасындағы жағдайға ие. Тоталитаризммен оны биліктің авторитарлық, заңдармен шектелмеген сипаты жақындастырады, ал демократиямен автономиялы, мемлекет арқылы реттелмейтін қоғамдық салалардың болуы, әсіресе экономика мен адамдардың жеке өмірінде азаматтық қоғам элементтерінің сақталуы жақындастырады. Жалпы алғанда авторитарлық саяси жүйеге мына белгілер тән: авторитаризм (бір адамның билігі) немесе аз ғана топтың билігі. Билікте бір адам (монарх, тиран) немесе топ (әскери хунта, олигархиялық топ т.б) болуы мүмкін; биліктің шексіз болуы, оны азаматтардың бақылауға мүмкіндігінің жоқтығы. Билік заңдарға сүйеніп жүргізіледі, бірақ билік басындағылар заңдарды өз ықпалына қарай шығарады; күшке сүйенеді. Авторитарлық режимде жаппай репрессиялар жүргізілмеуі мүмкін. Алайда қажет болған жағдайда күш қолданып, азаматтарды бағындыруға мүмкіндігі бар; билік пен саясаттың монополиясы; саяси оппозиция мен бәсекеге жол берілмейді. Авторитаризмде белгілі бір дәрежеде партиялар, кәсіподақтар т.б. ұйымдардың өмір сүруі мүмкін, бірақ олар биліктің бақылауында болады; қоғамға тұтас бақылаудан бас тарту, саяси емес салаларға, ең алдымен экономикаға араласпау немесе араласуды шектеу; саяси элитаның алмасуы еркін бәсекелі күрес арқылы емес, толықтыру жолымен жоғарыдан тағайындау арқылы жүреді. Демократиялық саяси жүйе. Демократия құбылыс және концепция ретінде әрдайым дамып отырады. Демократияның мәні - өзін-өзі басқару, яғни адамдарды адамдардың басқаруы.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Қоғамның саяси жүйесі дегеніміз не?

2. Саяси жүйенің қандай теориялық модельдері бар?

3. Д.Истон мен Г.Алмондтың саяси жүйе теорияларындағы айырмашылықтар қандай?

4. Саяси жүйенің құрылымы қандай элементтерден тұрады?

5. Саяси жүйе қандай қызметтерді атқарады?

6. Саяси жүйені жіктегенде қандай өлшемдер қолданылады?

7. Алмонд саяси жүйелерді қандай түрлерге бөлді?

8. Қазіргі заманғы саяси жүйелерді атаңыз.

9. Тоталитаризмнің белгілерін атаңыз.

10. Тоталитарлық және авторитарлық саяси жүйелердің айырмашылығы неде?

11. Тоталитаризмнің және авторитаризмнің түрлерін атаңыз.

12. Демократиялық саяси жүйенің элементтерін атаңыз.

13. Тоталитаризм, авторитаризм, демократия терминдерінің мағынасы қандай?

14. Демократияның табысқа жету теорияларын атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 4-тарау, §§1-3, 64-72 бб.; №11; №13, 7-тарау, §§1-3, 201-212 б.; №14; №15, 72-87 бб.; №16, 46-54 бб.; №19, 3-тарау, 139-156 бб.; №20-22; №31, 10-тарау, §§1-4, 182-199 бб.; №34; №35, 49-55 бб.]

Дәріс 7. Мемлекет және азаматтық қоғам.

Дәріс мақсаты: мемлекет ұғымының шығу тарихы мен мағынасын, саясаттанудағы мемлекеттің пайда болуы мен мәні туралы концепцияларды, белгілерін, қызметтерін, құрылымын қарастыру. Қазіргі заманғы мемлекеттегі сайлау жүйесіне тоқталу, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам түсініктерін, принциптерін, даму эволюциясын қарастыру.

Басты ұғымдар: мемлекет, мемлекеттің белгілері, мемлекеттің мәні, нитарлық, федерация, конфедерация, монархия, республика, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік мемлекет.

  1. Мемлекеттің шығуы мен мәні, белгілері, функциялары, типтері.
  2. Азаматтық қоғам идеясының пайда болуы мен дамуы.
  3. Құқықтық және әлеуметтік мемлекет.
  4. Қазақстанда азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыру мәселелері.

1.Мемлекеттің шығуы мен мәні, белгілері, функциялары, типтері. Саяси жүйенің негізгі элементі мемлекет болып табылады. Ғылыми әдебиетте бұл термин екі мағынада қолданылады: мемлекеттік мекемелердің жиынтығы, яғни қоғамды басқару аппараты; қоғамды ұйымдастырудың саяси-құқықтық ерекше түрі.Саясаттануда осы екінші анықтама кең таралған. «Мемлекет» ұғымы саяси-құқықтық айналымға салыстырмалы түрде алғанда кейінірек енгізілді. Арнайы жалпылама «мемлекет» терминін (итальянша «stato») Н.Макиавелли енгізді.

XVII ғасырға дейін саяси ойлар тарихында қоғам мен мемлекет ажыратылмады. Кейін Руссо және т.б. ойшылдар қоғам шеңберінде «азаматтық қоғамды» ажырата бастады, ал Гегель қоғам, азаматтық қоғам, мемлекет ұғымдарын түпкілікті бөлді. Мемлекет деп белгілі бір аумақтағы және ондағы тұрғындарға жүргізілетін саяси биліктің ұйымдастырлуы, оның арнаулы басқару аппараты болып, барлығына тиісті заңдарды қабылдап, ішкі, сыртқы мәселелерді шешуде дербестігі бар саяси жүйенің негізгі элементін айтады (5-схема).

Мемлекет алғашқы қауымдық құрылыста болған жоқ. Ол рулық-тайпалық құрылыстың ыдырауы нәтижесінде, құл иеленушілік қоғамда пайда болды. Мемлекеттің пайда болуы мен мәні туралы саясаттануда бірнеше теориялар, концепциялар бар: теологиялық концепция (А.Августин, Ф.Аквинский); патриархалдық концепция (Аристотель, Филмер, Михайловский); қоғамдық келісім концепциясы (Дж.Локк, Т.Гоббс, Ж.Ж.Руссо т.б.); «күш көрсету» теориясында (Е.Дюринг, Л.Гумплович, К.Каутский); маркситік (таптық) концепция (Маркс, Энгельс, Ленин); психологиялық теория (Петражицкий); географиялық теория (А.Ратцель, В.Соловьев, Б.Чичерин); органикалық теория (Г.Спенсер).

Мемлекеттің белгілері: жария биліктің қоғамнан бөлінуі; тұрғындардың аумақтық бөлінуі; егеменділік. Бұл мемлекеттік биліктің қасиеті, ол ішкі, сыртқы саясаттағы тәуелсіздікті білдіреді; ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру монополиясының болуы; салық салуға және жинауға монополиялық құқығы; қоғамдық өмірді құқықтық негізде ұйымдастыру; жалпы игіліктер мен жалпы мүдделерді қорғау. Мемлекеттің мәні – оның өмір сүруінің объективті қажеттілігін не анықтайды және мемлекет кімнің мүддесіне қызмет ететіндігінде. Зерттеушілер екі негізгі себептерге көңіл аударады – таптық және жалпы әлеуметтік.

Мемлекет функциясының классификациясы. Саяси жүйедегі мемлекеттің орны мен ролі оның функцияларынан (6-схема) көрінеді. Оларды ішкі және сыртқы деп бөледі. Ішкі функцияларына (қызметтеріне) мыналар жатады: экономикалық функциясы; әлеуметтік функциясы; құқықтық; білім беру және мәдени-тәрбиелік; экологиялық. Сыртқы функцияларына мыналар жатады: халықаралық аренада мемлекеттің мүдделерін қорғау; елдің қорғанысын қамтамасыз ету;басқа елдермен ынтымақтастық пен шоғырландыруды дамыту. Мемлекеттің ең басты міндеті – қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол үшін түрлі топтарға, таптарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге тиіс.

Мемлекеттің құрылымы. Саяси құрылым ретінде мемлекеттің органдар мен мекемелердің жүйесін қамтитын мемлекет механизмі деп аталған күрделі құрылысы бар. Мемлекеттің құрылымында мемлекеттік биліктің үш тармағын және соған сәйкес билік органдарының үш түрін бөліп көрсетуге болады: заң шығарушы билік; атқарушы билік; сот билігі. Сонымен бірге басқару жүйесінде мемлекет басшысы институтын (президент институтын немесе монархия институтын), құқықтық нормалардың орындалуына бақылау жасап, кінәлілерді жауапқа тартатын бақылау – қадағалау органдары (прокуратура, арнаулы бақылау органдары, мемлекеттік қауіпсіздік органдары, қарулы күш, жергілікті билік органдарын) бөліп көрсетуге болады.

Мемлекетті басқару формасына байланысты: монархия, республика деп, құрылысының формасына байланысты: унитарлық, федеративтік, конфедеративтік деп, саяси режиміне байланысты формалары: тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық деп бөледі (7-схема).

2.Азаматтық қоғам идеясының пайда болуы мен дамуы. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы дамыған азаматтық қоғам негізінде ғана мүмкін болады. «Азаматтық қоғам» деген түсінікте мемлекетке қарағанда әлеуметтік өмірдің бір саласы – азаматтардың жеке өмір саласы бейнеленеді. Кез келген қоғам азаматтардан тұрады. Алайда мемлекетке дейінгі, өркениетті емес (рулық) қоғамды азаматтық деуге болмайды, себебі ол қоғам тұрпайы, дамымаған еді және онда «азамат», «азаматтық» деген ұғымдар болмады. Құлиеленушілік және феодалдық қоғамдар да азаматтық қоғам емес еді, ол қоғамдарда барлық азаматтар еркін және тең құқықты болған жоқ. Азаматтары бар барлық қоғам, азаматтық қоғам емес. Құқығы бар кез келген мемлекет – құқықтық мемлекет емес. Мысалы, кеңес қоғамы ешқашан да құқықтық немесе азаматтық болған емес.

Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет бір-бірін логикалық жағынан толықтырып отырады, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Азаматтық қоғам идеясының генезисі ұзақ даму жолынан өтті. Бұл идея Аристотельдің «Саясат», Платонның «Мемлекет» т.б. грек ойшылдарының еңбектерінен бастау алады. Ол Қайта өрлеу дәуірінде Г.Гроций, Т.Гоббс, Дж.Локк, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо еңбектерінде дамытылып, «азаматтық қоғам» термині XVIII ғасырдан бастап тұрақты қолданыла бастады.

Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастар жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Азаматтық қоғамның жалпы идеялары, принциптері: экономикалық еркіндік, меншіктің түрлі формалары, рыноктық қатынастар;адам және азаматтардың табиғи құқықтарын сөзсіз мойындау және қорғау;биліктің легитимдігі және демократиялық сипаты;азаматтардың барлығының заң алдында және құқығы жағынан теңдігі;биліктің бөлінуіне негізделген құқықтық мемлекеттің болуы;саяси және идеологиялық плюрализм, жария оппозицияның болуы;сөз, баспасөз бостандығы, БАҚ-ның тәуелсіздігі;мемлекетің жеке адамдар өміріне араласпауы;таптық келісім, әріптестік, ұлттық келісім;нәтижелі әлеуметтік саясат, ол адамдарға дұрыс өмір сүруге жағдай жасайды.

3.Құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясының ұзақ тарихы бар және саяси ойлардың даму тарихында маңызды орын алады. Халықтың, қоғамның, мемлекеттің өміріндегі заңның үстемдігі туралы ой билеушінің жеке билігіне, бассыздық әрекеттеріне қарсылық түрінде пайда болған.Құқықтық мемлекет концепциясының пайда болуы XVIII ғ. аяғы – ХІХ ғ. басына, буржуазиялық қоғамның қалыптасу кезеңіне жатады. Құқықтық мемлекет идеясының алғашқы элементтері – Г.Гроций, Б.Спиноза еңбектерінде, кейін Дж.Локк, Ш.Монтескье. Т.Джефферсон, И.Кант т.б. еңбектерінде дамытылды. Терминді алғаш рет ХІХ ғ. І-ші жартысында неміс ғалымдары Р.Моль, В.Велькер, Р.Гнейст өз еңбектерінде қолданылып, кеңінен тарала бастады.

Құқықтық мемлекет деп демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, оның алдында бәрі тең саналатын, жеке адамның құқығы мен бостандықтары қамтамасыз етілетін мемлекеттік құрылысты айтады. Жалпы алғанда құқықтық мемлекет деп құқық, заң заң үстемдік ететін мемлекетті айтуға болады. Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптері: заңның жоғарлылығы, қоғамдық өмірдің барлық саласында заңның үстемдігі; заңдардың құқықтық сипаты, яғни олардың халықаралық құқықтық стандартқа (нормаларға) сәйкес келуі; азаматтардың құқығы мен бостандықтарының шын мәнінде жүзеге асырылуы және адамның еркін дамуы; мемлекет және жеке адамның өзара жауаптылығы; биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөлінуі, бұл қайсы бір органның билікке монополиясына жол бермейді; заңның орындалуын қадағалайтын бақылау мен қадағалаудың нәтиежелі формаларының болуы.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Мемлекеттің пайда болуы туралы қандай концепцияларды білесіз?

2. Мемлекет дегеніміз не және оның пайда болуына әсер еткен факторларды атаңыз.

3. Мемлекеттің белгілерін атаңыз.

4. Мемлекет кімге қызмет етуі тиіс: өзіне өзі, адамдардың бір тобына, бүкіл қоғамға ма? Ойыңызды делелдеңіз.

5. Мемлекет механизмі дегеніміз не ол неден тұрады?

6. Мемлекет қандай қызметтерді атқарады?

7. Мемлекеттің басқару формасына байланысты қандай түрлерін білесіз?

8. Федерация мен унитарлық мемлекеттің айырмашылықтары қандай?

9. Құқықтық мемлекеттің мәні мен негізгі принциптерін анықтаңыз.

10. Азаматтық қоғам дегеніміз не және оның принциптері қандай?

11. Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланыс диалектикасы неде?

12. Азаматтық қоғамның құрылымы неден тұрады?

13. Әлеуметтік мемлекет деген не, оның белгілері қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 6-тарау, §§1-2, 4, 84-88, 91-94 бб.; №11; №13, 8-тарау, §§1-4, 220-239 б.; №14; №15, 8-95 бб.; №16, 54-62 бб.; №17; №19, 3-тарау, 163-173 бб.; №20-22; №29; №31, 14-тарау, §§1-3, 251-270 бб.; №34; №35, 60-68 бб.]

Дәріс 8. Саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар. Саяси режимдер.

Дәріс мақсаты: саяси партияның түсінігі, белгілері, шығу тегі, тарихи формалары, қалыптасуының негізгі әдістері, қызметтері, құрылымына, жіктелуіне тоқталу. Партия жүйелерін, қоғамдық-саяси қозғалыстарды қарастыра отырып, Қазақстандағы көппартиялық жүйенің, қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстардың қалыптасуын көрсету.

Басты ұғымдар: саяси партия, партология, электорат, саяси идеология, партия жүйелері, бірпартиялық, екіпартиялық, көппартиялық, қоғамдық-саяси қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар.

  1. Саяси партия ұғымы, генезисі, мақсаттары, міндеттері, функциялары, түрлері.
  2. Партия жүйелері ұғымы. Партия жүйелерін жіктеу. Қазақстандағы партия жүйесі.
  3. Мүдделі топтар: ұғымы, функциялары, типологиясы. Қазақстандық лоббизм.
  4. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар.

1.Саяси партия ұғымы, генезисі, мақсаттары, міндеттері, функциялары, түрлері. Партия және партия жүйелері – қазіргі заманғы дамыған қоғамдардың көпшілігінің саяси жүйесінің негізгі элементтері болып табылады. Саяси партия – адамзат өркениетінің ең негізгі жетістіктерінің бірі болып есептелетін институт. Кез келген қоғамда қоғамдық өмірдің негізгі жақтарының бірі – саясат. Ал саясат мемлекеттік билік мәселесі бойынша әртүрлі қоғамдық күштердің өзара қарым-қатынас жасайтын орталығы. Ол қоғамдық күштер міндеттті түрде белгілі бір топтың, таптың, мүддесін қорғап отырады. Сол әлеуметтік мүдденің ортақ болуынан пайда болған қоғамдық күштер ең алдымен өздерінің ұйымын құрады, ол ұйымдар көбінесе саяси партияға айналады.

Саяси партиялар мен қоғамдық-саяси қозғалыстар – қоғам мен мемлекет арасын байланыстырушы звено болып табылады. Азаматтық қоғамның элементі бола отырып: олар азаматтық қоғамның мемлекеттің саясатына нәтижелі ықпал етуіне мүмкіндік береді.

Саяси партия – белгілі бір әлеуметік топтардың мүддесін көздейтін өз мақсаттарына жету бағытында мемлекеттік билік үшін күресті және оны қолдауға ұмтылатын адамдардың ұйымдасқан тобы. Саясаттануда партияларды зерттейтін саланы партология деп атайды. Саяси партияның мынандай белгілерін көрсетуге болады: ұйымдық жағынан құрылуы; билікке ашық түрде бағытталуы, ұмтылуы; бұқаралық тірек табуға тырысуы; партиялық доктриналардың идеологиялануы; бағдарламалық мақсаттың, жобасының болуы.

Саяси партияның генезисі ежелгі замандардан басталады. Тарихқа белгілі алғашқы партиялық құрылымдар ежелгі Грецияда пайда болған.

ХІХ ғ. бастап партиялардың қалыптасуының негізгі әдістері көрінді: партиялар электораттық құрылымдардан; парламенттік фракциялардан; қоғамдық ұйымдардың бастамаларымен. Сонымен бірге әдебиеттерде партиялардың құрылуының басқа да әдістері көрсетіледі: «жоғарыдан» құру, «төменнен» құру, аралас түрі.

Партияның саяси өміріндегі маңызы оның қызметінен көрінеді: үлкен әлеуметтік топтарды белсенді ету және шоғырландыру; саяси әлеуметтену және қоғамдық пікірді қалыптастыру; саяси идеология мен қоғамдық пікірді қалыптастыру; саяси элита қатарын толықтыру және жетекшіні ұсыну; сайлау арқылы мемлекеттік билік үшін күресу; билікке келу арқылы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру және биліктің қызметін бақылау; партияның қатарын мүшелермен толықтыру. Сонымен қатар партияның ең басты қызметі – мемлекет билігі үшін күрес.

Құрылымы жөнінен партия күрделі организм болып табылады, ол мынандай компоненттерден тұрады: жоғарғы жетекші және штаб; бюрократиялық аппарат; партияның белсенді мүшелері; партияның пассив мүшелері; партияның әлеуметтік базасы. Партияның бағдарламасын қолдайтын оның әлеуметтік базасының бір бөлігі сайлауда оған әрдайым дауыс беріп отырады, оларды партияның электораты деп атайды.

Партияларды жіктеу. Партиялар дүниесі жан-жақты болып келеді. Саяси партияларды жіктеп, жүйелеудің көптеген белгілері мен өлшемдері бар. Саяси партиялар өздерінің сипатына, шығу тегіне, саяси жүйеде алатын орны мен роліне қарай әртүрлі болып келеді.

Саяси идеологиясына қарай партиялардың негізгі бес түрін көрсетуге болады: коммунистік партиялар мен солшыл радикалдық бағыттағы партиялар; социал-демократиялық (немесе социалистік, лейбористік) партиялар; буржуазиялық-демократиялық партиялар; консервативтік партиялар; фашистік партиялар.

2.Партия жүйелері ұғымы. Партия жүйелерін жіктеу. Қазақстандағы партия жүйесі. Азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара байланысты жүзеге асыра отырып,партиялар билік органдарымен ғана емес, сонымен бірге өзара қатынастар жасайды. Партиялар арасындағы осы өзара байланыстар әдісін анықтау үшін «партия жүйесі» деген термин қолданылады. Жалпы алғанда партия жүйесі деп – елдегі билік үшін тең бәсеке немесе біріккен күресі арқылы көрініп отыратын партиялардың, олардың өзара байланыстарының, қатынастарының жиынтығын айтады. Партия жүйесінің типін анықтауда сандық өлшем (бір, екі және көппартиялық жүйелер) қолданылады.

Саяси процестерге қатысуға және мемлекетік органдарды қалыптастыруға нақтылы мүмкіндіктері бар партиялардың санына қарай партия жүйелерінің мынандай типтерін анықтайды: бір партиялық жүйе өзінен басқа билік үшін күресетін бәсекелес партияларды болдырмайды, мұндай жүйеде партиялық және мемлекеттік басшылықтың ұласуы жүзеге асады. Бір партиялық жүйе тоталитарлық, кейде авторитарлық режимдерге тән; біржарымпартиялық жүйе, мұнда нақты билік бір партияда болады сонымен бірге басқа партиялардың қызметіне формальды түрде болса да рұқсат етіледі. Мысалы, Қытайда коммунистік партиядан басқа сегіз партия бар, алайда олардың барлығы ҚКП-ның басшы ролін мойындайды. Бұл жүйені басқаша «гегемон – партия жүйесі» деп те атайды; б ипартизм немесе екіпартиялық жүйе (Ұлыбритания, АҚШ). Бұл жүйеде кішігірім партиялар болады, бірақ билік үшін нағыз бәсекелестьік ең ірі екі партия арасында жүреді. Сайлауда (АҚШ-та президенттік сайлауда, Ұлыбританияда парламенттік сайлауда) жеңген партия министрлер кабинетін құруға құқық алады; «екі жарым партиялар» жүйесі, екі партиялық жүйеден айырмашылығы, сайлауда жеңген партия үкіметті үшінші партиямен бірігіп құрады. Мұндай жағдай Германияда бар. сайлаудағы негізгі бәсекелестерХристиан-демократиялық одағы (ХДС) және социалистік партия (СДПГ). Ұзақ жылдар бойы үшінші партия ретінде еркін демократтар партиясы болып, олар бірде СДПг-мен (1969-1982 жж.), бірде ХДС-пен (1982-1998 жж.) блок құрды. Ал 1998 жылдан билікке келген социалистер «жасылдармен» коалиция құрды; к өппартиялық жүйе деп мемлекеттік билік үшін күрес барысында бірнеше саяси партиялардың әртүрлі мүдделері мен пікір алалығын пайдалана отырып басқару түрін айтады. Билікке төрт және одан да көп партиялар қатысады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: