Морфология 6 страница

Сөйлемдегі онымен, менімен деген сөздердің құрамында да түбір ол – он мен көмектес септік жалғаудың (мен) арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін -ы, -і – тұлғасы жасалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға (дұрысы -ы, -і емес, -ны, -ні болуы керек) – ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы -мен, -бен, -пен (және осы тұлғалас жалғаулық шылау да бірлен, білән, илян) септеулік шылаудан қалыптасқаны күмән тудырмайды және бұл шылау (білән) көне кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септік тұлғасымен байланысқан. Бұны әр дәуірге жататын көне жазбалар тілінің материалдары дәлелдейді. Көне жазбаларға білән (бірлән) септеулігі мен, сен, ол есімдіктерімен ілік септік тұлғасында тіркескендігін көреміз, тақи ант етад қылур анық, бірлә (Тәфсир) және онымен ант етеді. Сонда менімен деген сөз тұлғасының қалыптасуы былай болған: менің бірлән -менің білән – мені(ң) менен – меніменен - менімен. Ал енді қазіргі кезде менімен деген сөздегі -(н)і ~(ы) тұлғасы ілік септік мағынасынан айырылып қалған, басы артық реликт форма ретінде ғана сөз құрамында жасалады.

Ілік септік тұлғасының үстіне басқа септік жалғауларының үстеліп қолданылуы – тілдің дамуындағы әр кезеңінде болып отырған құбылыс. Мысалы, ұйғыр тілінде 1-жақ жіктеу есімдігіне барыс септік жалғауы ілік септік формасына да жалғанып менинге болып жұмсалады, ілік септік формасына „Құтадғу білікте" (XІ ғасыр) жатыс, шығыс септік жалғаулары да жалғанған: сәниңдин, аның-да, сениң -дә т.б. Бұның өзі септік жалғауларының қалыптасу кезеңі мен жолы әр түрлі екенін көрсетеді. Және бұлардың барлығы бір грамматикалық категорияның ішіне еніп, соның бір көрсеткіші болып қалыптасуының өзі шартты екенін және бүгінгі күн тұрғысынан танылатынын көрсеткен жөн. Септік жүйесіндегі ішкі қайшылықтардың, айталық, кейбір жағдайда бір септік тұлғасының үстіне екінші септік тұлғасының жалғануы және бұл тұрақты заңдылық болмаса да, мысалы, қазақ тілінде кейбір есімдіктерге көмектес септік тұлғасы көне ілік септік тұлғасының үстіне қосылуы, немесе кейбір ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінде, болмаса қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде барыс септік тұлғасы я шығыс немесе жатыс септік жалғауы ілік септік тұлғасының үстіне жалғануы, олардың тумысында біркелкі және бірқалыпты, бір мезгілде дүниеге келмегенін, біртіндеп барып қалыптасып, жақындасып бірден емес, бірте-бірте бір грамматикалық (кейде тіпті белгілі шарттылықпен болса да) категория болып қалыптасқанын көрсетеді. Осындай ерекшеліктері айқын көрінетін септік категориясының түрлері түгел тәуелдік және жіктік жалғау немесе тәуелдену және жіктелу я жақ категориясының, бір жағынан, 1-және 2-жақтары, екінші жағынан, 3-жағы біркелкі жүйелі бірлік деуге келмейді, 3-жақтың мәні де, грамматикалық тұлғасы да, синтаксистік қызметі де бір мезгілде, бірдей қалыптасқан болу керек. Оған бірінші жақтың, яғни айтушы жақтың біреу немесе бірнеше болса да нақты (мен және біз), екінші жақтың яғни тікелей тыңдаушы жақтың да біреу (мейлі сыпайы, мейлі анайы, дұрыс болса да) немесе бірнеше болса да нақты сен, сіз және сендер, сіздер болып, ал үшінші жақ тек ол я олар ғана кез келген зат атауы болуы және соның арқасында нақты жақ мәнінің шекарасы кеңейіп кеткендігі байқалады. Сондай-ақ осыған да байланысты болса керек, 1-2-жақ жалғаулары түптеп келгенде 1-2-жақ жіктеу есімдіктерінен туып қалыптасса, 3-жақта оның жөні мүлде бөлек екендігі де әсер еткен. Яғни бұл жақтың 1-2 жақтармен бір тектестігі де сондықтан шартты, тілдің қазіргі деңгейімен ғана айқындалады.

Сондай-ақ сөйлесетін, қайтатын деген сөздердің құрамындағы -а, -е көсемше тұлғалары да өз мағыналарынан айрылып қалған, бұл жерде көсемше көрсеткіші бола алмай тұр. Тарихи жағынан келгенде, есімшенің -тын, -тін жұрнағы тұрған көмекші етістіктен қалыптасқаны белгілі. Сөйлесетін, қайтатын деген сөздер былай қалыптасқан: сөйлесе тұрған – сөйлесе – тұғын - сөйлесетін, қайта – тұрған – қайта – тұғын – қайтатын. Көсемше жұрнағы -а, -е алғашқы негізгі етістіктің құрамында өзінің грамматикалық мағынасында жұмсалып, көмекші етістікпен (тұрған) тіркесіп, күрделі етістік құраған, кейін көмекші етістік тұлғасын өзгертіп, бірте-бірте ықшамдалып, жұрнаққа айналып кеткен кезде, көсемше жұрнағы мағынасынан айырылып қалған, бірақ түсіп қалмай, реликт тұлға ретінде сақталып қалып қойған. Сондықтан да қазіргі кезде оқулықтарда -а, -е, -й көсемше тұлғасы -тын, -тін есімше жұрнағынан бөліп алынып қаралмай, тұтас тұлға ретінде беріледі.

Сөйтіп, тілімізде қазіргі кезде ешбір грамматикалық мағына білдіре алмайтын қалдық формалар да бар екен. Осындай қасиетінің арқасында (грамматикалық мағынадан айырылып қалуының нәтижесінде) әдетте оларды жеке бөліп алмай, басқа формалардың құрамында қараймыз. Сонда грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды десек те, ондай құбылыс тілдің грамматикалық құрылысынан кездесіп отырады дейміз бе?

Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды десек, оны диалектикалық мәнде түсіну керек. Тілдің грамматикалық құрылысында кездесіп отыратын ондай тұлғалар, біріншіден, бір кезде грамматикалық мағынаны білдірген. Ал кейін, екіншіден, ол білдірген грамматикалық мағына жоғалып кеткенде, ол форма сөз құрамында факультатив тұлға ретінде сақталып қалған (мысалы, есімдіктің көмектес септігінде ілік септігінің қалдығы -ы, -і, дұрысында -ны, -ні) немесе басқа тұлғаның құрамына еніп кеткен (мысалы, 3-жақ тәуелдік жалғауынан кейін барыс, жатыс септіктерінің құрамындағы -н, -на, -не, -нда, -нде т.б.)

Ал енді грамматикалық формасыз да грамматикалық мағына беріле ме?

Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады. Яғни әңгіме (категориялық грамматикалық) мағына жайында. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға (форма) деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы гамматикалық мағына болады. Әр уақытта нөлдік форманы түбір формамен салыстырып отырудың басты себебі, біріншіден, екеуінің сырт тұлғасы, формасы сәйкес болуында, екіншіден, түбір - әр түрлі грамматикалық тұлға жасауға негіз болатын тұлға. Осы айтылғандар түсініктірек болу үшін мына сөйлемге назар аударып, талдап көрейікші. Жартасқа бардым, күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық (Абай) Тыңда, дала, Жамбылды (Жамбыл). Мысалдағы етістік баяндауыштың әрқайсысы бірнеше морфема бөлшектен тұрып, сөздің әрбір тұлғасы ойға лайық жеке-жеке грамматикалық мағына беріп түр: бар-ды-м, (айғай) сал-ды-м, шық-ты, тың-да. Осындағы түбір тұлғалар қимылды білдіріп, одан кейінгі -ды, -ты морфемалары сол қимылдың айтып тұрған сәтке байланысты болу мезгілін, шақтық мағынаны, яғни осы қимылдың айтып тұрған кезден бұрын болғандығын білдіріп тұр. Алғашқы екі сөздегі тұлғасы қимылдың иесін, яғни сол қимылды орындаушы кім субъект екенін және қимыл иесі кез келген біреу емес, бірінші яғни айтушы жақтың өзі (мен) екенін көрсетіп тұр. Ал үшінші сөзде ондай грамматикалық тұлға жоқ, соған қарап бұл сөз қимыл иесін (субъектіні) білдірмейді екен деп ойлауға болмайды. Осы сөздің формасы арқылы қимылды шығуды іске асырушы субъектіні біле аламыз, ол (субъект) үшінші, бөгде жақ, ол (жаңғырық). Сонда қимыл иесін меңзеп, үшінші жақты білдіріп тұрған қандай форма? Сөздің соңғы формасы - ты ондай мағынаны білдіре алмайды, оның мағынасы – тек өткен шақтық мағына. Міне, осы сөздің құрамында формальды түрде арнайы тұлға болмағанмен, ерекше грамматикалық мағына, жақтық мағына бар. Ол мағына контекс арқылы айқын сезіледі. Осындағы 3-жақтық мағына нөлдік тұлға арқылы берілген. Сондай-ақ тыңда сөзі жалпы іс-әрекетті және қимылдың сабақты мәнін білдірумен бірге бұл мағыналар түбір арқылы яғни лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы беріліп тұр бұйрықтық мағынаны және ол 2-жаққа қаратылып, онымен бірге анайылық және жекешелік мағыналарды білдіреді. Бұл соңғы грамматикалық мағыналар, біріншіден, категориялық грамматикалық мағыналар болып табылады, екіншіден, тұлғасы бар арнайы грамматикалық форма арқылы берілмеген. Соған қарамастан мұнда грамматикалық форма бар, ол – тұлғасыз форма, яғни сол жүйедегі басқа парадигмалық түрлену көрінісінде бұл мағынаға қарама-қайшы, оппозиция болатын, бірақ бір грамматикалық категорияның (түрлену жүйесінің) шеңберінде бірлікте тұратын форма бар: 2-жақ сыпайы түрі -ңыз (тыңда -ңыз), 2-жақ көпше түрі -ңдар (тыңда -ңдар) т.б. Сондай-ақ бірінші мысалдағы шықты сөзіндегі 3-жақтық мағына жіктік жалғаудың тұлғасыз формасы нөлдік форма арқылы берілген. Оны да осы сөйлемдегі 1-жақ жекеше мағынада қолданылған бардым, (айғай) салдым сөздеріндегі формасымен салыстыру арқылы тануға болады.

Тілімізде осындай арнайы белгілі грамматикалық мағынасы бар, бірақ арнайы көрсеткішсіз тұлғада жұмсалатын, кейде сөйлемде түсіп қалатын ерекше форма 3-жақ жіктік жалғауы ғана емес, басқа да грамматикалық түрлену жүйесінен кездеседі. Мына мысалға назар аударайық. Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл). Кел, бала-лар, оқылық! (Алтынсарин). Ғылым таппай мақтанба (Абай). Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы (Абай). Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас (Абай). Осы сөйлемдердегі бөлініп көрсетілген сөздердің формасы мен грамматикалық мағыналарына көз жіберейік: Мәскеу осы сөйлемде ешбір грамматикалық формасыз қолданылған, бірақ соған қарамастан қимылдың (барудың) бағытын білдіріп, барыс септіктің мағынасын беріп түр: Мәскеуге бардым. Ғылым сөзі ешбір көрсеткішсіз тура объект болып, табыс септік мағынасын білдіріп тұр: ғылымды таппай, кел, мақтанба етістіктері негізгі түбір күйде және өздік етіс пен болымсыз тұлғада 2-жаққа қаратылып, бұйрықты мағынада қолданылған, бірақ соңғы мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық форма жоқ. Қазақ сөзі иелік, меншіктілік мағынада жұмсалған, бірақ оны білдіретін ілік септік жалғауы жоқ. Шаш сөзі керісінше тәуелділік мағынаны білдіріп тұр: сіздің шашыңыз. Ол мағынаны білдіретін тәуелдік жалғауы түсіп қалған. Міне осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз-ақ (нөлдік формада) белгілі грамматикалық мағына білдіреді, ол грамматикалық мағына сөздің түбірі білдіретін мағынадан бөлек. Сондай-ақ бұл құбылыс қазақ тілінде анда-санда ғана кездесетін кездейсоқ жәйт емес. Әйтпесе бұл жайында сөз қозғаудың қажеті де болмас еді...

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның байланысы неден көрінеді?

2.Грамматикалық мағынаны білдірудің қандай тәсілдері мен жолдары бар?

3. Жалпы грамматикалық мағына қалай пайда болады?

4.Категориялық грамматикалық мағына неден көрінеді? Оның грамматикалық категориямен байланысы бар ма?

5.Қатыстық грамматикалық мағына неден көрінеді?

6.Грамматикалық формасыз грамматикалық мағына беріле ме?

7. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық формалар бар ма, қандай?

Әдебиеттер:

1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 8- 16-беттер.

2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 7-

10, 13-18 -беттер.

3. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 28-40-беттер.

4. С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 32-45-беттер.

5. А. Ысқақов. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма. // Қазақстан мектебі. 1961. N4 60-66-б

6. С.Исаев. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігі және нольдік тұлға// Қазақстан мектебі. 1976. N 8 92-96-б.

ІY. Грамматикалық категория

1. Грамматикалық категорияның сипаты.

2. Грамматикалық категорияның түрлері.

а) лексика-грамматикалық категория;

ә) таза грамматикалық категория;

б) морфологиялық категориялардың шегі.

3. Күрделі грамматикалық категориялар.

Сабақтың мақсаты

Грамматикалық категория деген ұғымның мәнін түсініп, ғылыми негізін айқындап, түрлері ажыратып талдай білу.

Грамматикалық категорияның сипаты

Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория ұғымы, бір жағынан, грамматикалық мағынамен де, грамматикалық формамен де байланысты, екінші жағынан, олардан күрделі болып келеді.

Грамматикалық категория деген ұғым барлық зерттеулерде біркелкі түсініле бермейді. Оның сипатын түбегейлі түсіндіруде пікір айырмашылықтары да байқалып отырады. Кейбір еңбектерде грамматикалық категория тек грамматикалық мағына деген ұғымға қатысты ғана беріліп, сөздердегі нақты лексикалық мағынадан жалпыланған, жалпы сипаттағы мәнді білдіретін мағына деп анықталады (СРЯ, 136). Енді біреулерінде тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы (тәсілі) бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады. (ЫА. – ҚҚТ, 20), немесе „тілдегі лингвистикалық единицалардың яки оның бір тобының грамматикалық амал-тәсілдер арқылы берілетін жалпы сипаттарының бірі" (А. – СЛТ, 191), морфологиялық категория деп ортақ грамматикалық сипаттағы мағынаны білдіретін сөз формаларының жүйесі „(М.МКСРЯ, 27), не "бірыңғай мағыналы грамматикалық формалар қатарының бір-біріне қарама-қайшы жүйесі түсініледі" (Б. – ТМК, 10-11) тәрізді анықтамалар берілген.

Грамматикалық категориялардың өрісі біркелкі болмайды. Кейбір категориялар тым жалпы, әрі өрісті, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тар, қарымы аз, тіпті жалқы да бола береді. Мысалы, тым жалпы категория деп сөз таптары категориясын, қосымшалар категориясын алсақ, олардың әрқайсысын іштей саралап, әлденеше ірілі-ұсақты жалқы категорияларға бөлуге болады. Айталық, сөз таптары категориясын жалпы ерекшеліктеріне қарай есімдер категориясы, етістіктер категориясы, көмекші сөздер категориясы деп топтасақ, одан әрі есімдер категориясын зат есім категориясы, сын есім, сан есім категориясы деген сияқты жіктерге бөлумен тынбай, олардың әрқайсысын тағы да әрі қарай саралап отырамыз. Мысалы, есімдіктер категориясын жіктеу есімдігі, сілтеу, сұрау, топтау, белгісіздік, болымсыздық деп, одан әрі бір ғана жіктеу есімдіктерін тағы да дараландырып, жақ категориясын анықтаймыз. Сол сияқты қосымшалар категориясын әуелі жалғау категориясы және жұрнақ категориясы деп жіктеп, одан әрі жалғауларды жоғарыдағыдай көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау, жіктік жалғау категориялары деп бөлеміз. Жұрнақтарды әуелі сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияларға, одан әрі іштей жеке сөз таптарына тели бөліп, олардың өзара жіктері мен сыр-сипаттарын ашамыз" (ЫА – ҚҚТ, 22-23).

Осы үзінділерден көрінетіндей, грамматикалық категория деген ұғымды ғылыми тұрғыда түсінуде әлі бірізділік, нақтылық пен айқындылық байқалмайды. Грамматикалық категория, ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен сәйкестігімен, яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелілікпен байланысты. Яғни кез келген грамматикалық мағына немесе қайсыбір грамматикалық форма грамматикалық категория құрай бермейді. Белгілі бір грамматикалық мағыналар бірлігі белгілі бір грамматикалық топ құрайтын сөздерге тән болып, солардың парадигмалық түрлену жүйесі болу арқылы грамматикалық категория құрайды. Үшіншіден, грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы, бір жағынан, өзара бір тектес, бірыңғай сипаттағы, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория - өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше (кем дегенде екі түрлі) тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы, бірлігі. Сол бірлік пен өз ішіндегі қарама-қайшылық арқылы және соның әрқайсысын білдіретін әр түрлі тәсілдер арқылы немесе соған тән арнайы грамматикалық формалар жүйесі я түрлену парадигмасы арқылы грамматикалық категорияның мәні, сипаты, шегі байқалып, айқындалады. Осыған байланысты мынадай сұрақ туады.

Бір ғана грамматикалық мағына мен оның сыртқы көрінісі болып табылатын грамматикалық формасының бірлігі грамматикалық категория болып саналмай ма? Бұл сұрақтың жауабы біреу-ақ. Бір ғана грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық форма грамматикалық категория құрай алмайды. Мысалы, септік категориясы, тәуелдік категориясы, жақ категориясы деген грамматикалық категориялар бар да, ілік немесе барыс, т.б. септік категориясы, бірінші (немесе екінші) жақ тәуелдік категориясы, осы (немесе өткен) шақ категориясы дегендер жоқ, ілік (немесе барыс) септіктің, бірінші (немесе екінші) жақ тәуелдіктің осы (немесе өткен) шақтың әрқайсысына тән грамматикалық мағынасы (грамматикалық меншіктілік немесе жанама обьектілік-бағыттылық, 1-2-жақ тәуелдік, қимылдың сөйлеп тұрған сәтте болып жатқанын немесе өтіп кеткенін), оны білдіретін грамматикалық формасы, тұлғасы бар болса да, бұлар жеке-жеке грамматикалық категория бола алмайды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі көптік категориясы, негізінен, заттың көптік ұғымымен байланысты да, морфологиялық жағынан көптік жалғау арқылы беріледі. Бірақ көптік категория сөз болғанда ол тек көптік жалғаумен ғана шектелмеу керек. Көптік мағына грамматикалық тұрғыдан жекелік мағынаға қарама-қайшы мағына ретінде заттың сандық ұғымының шеңберінде өмір сүреді. Сондықтан бұл категория көптеген тілдерде қазақ тіліндегідей көптік категориясы деп емес, сан категориясы (мысалы, орыс тілінде категория числа, қазіргі қырғыз тілінде сан категориясы) деп аталынады.

Сөйтіп, грамматикалық категорияның негізінде грамматикалық мағыналар жиынтығы (жекелеген мағына емес) олардың грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады.

Демек, бұдан байқайтынымыз – грамматикалық категория ұғымы негізінен алғанда кез келген грамматикалық мағынамен емес, оның категориялық грамматикалық мағына түрімен байланысты. Ал грамматикалық мағына ұғымының жалпы грамматикалық мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп аталатын түрлері грамматикалық категорияға қатысты емес пе? деген де сұрақ туады.

Грамматикалық мағынаны жалаң түрде грамматикалық мағынамен қатысты ғана қарау, сол шеңберде ғана анықтау, жоғарыда көрсетілгендей, дұрыс болмайды. Грамматикалық категория әрі өзара тектес, мәндес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қайшы мәндегі бірнеше, кем дегенде екі түрлі грамматикалық мағына немесе мағыналар жиынтығынан тұрып, ол грамматикалық мағыналар белгілі парадигмалық тұлғалар жүйелері арқылы беріледі. Сол арқылы грамматикалық категория белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып, сөз табы ретінде ерекшеленеді, әрі сол сөз табының грамматикалық белгісі болып табылады.

Сөйтіп, грамматикалық категория болудың алғы шарты мынадай екен: 1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол (кемі екі) мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелдіктер жақ сияқты, яғни 1-жақ 2-жаққа я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа я 3-жаққа қайшы, келуі; 4) сөйтіп барып әр тектес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы, 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұлғалық сәйкестік бір жиынтық болуы. Міне осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады. Мысалы, жіктік жақ категориясын алайық. Жіктеліп, субъектінің кім, не екенін білдіру және жақ мәні ортақ мағынасы. Қай жақты алсақ та (бірінші жақта да, екінші жақта да, үшінші жақта да) осы мағыналар бар. Солай бола тұрып, жақ жағынан (кейде жекеше я көпше) бір-біріне қарама-қайшы және сол әрбір қайшы мағынаның әрқайсысына тән грамматикалық тұлғасы (формасы) бар: 1-жақ -мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін немесе -м т.б. 2-жақ -сың, -сің немесе -ң, сыпайы түрі -сыз, -сіз, немесе - ңыз, -ңіз, 3-жақта арнайы тұлға жоқ немесе -а, -е, -й және –ып, -іп, -п көсемше тұлғасынан кейін -ды, -ді, -ты, -ті. Және бұл тұлғалар парадигмалық түрлену жүйесі болып саналады. Міне осылардың бірлік жиынтығы грамматикалық жақ жіктелу категориясы болып табылады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: