Морфология 4 страница

Пысықтау үшін сұрақтар

1.Басты грамматикалық ұғымдарға нелер жатады?

2. Грамматикалық мағына деген не? Оның лексикалық мағынадан басты айырмашылығы неде?

3. Грамматикалық форма деген не, оның қандай түрлері бар?

4. Грамматикалық категория деген не? Грамматикалық категория сөз таптарымен байланысты ма, жоқ па?

5.Сөз формаларының қандай түрлері бар?

Әдебиеттер:

1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 4-17-беттер

2. К. Аханов. Тіл білімінің негіздері.А,1993. 319-359-беттер.

3. Н.К.Дмитриев. Строй тюркских языков. М.,1962.

4.А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология А.,1974. 13- 23 -беттер.

5. Ә.Ибатов. Сөздің морфологяилық құрамы. А.,1983.

6. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты.1992. 12-26-беттер.

ІІІ. Грамматикалық мағынаның түрлері. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі

1. Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы.

2. Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары.

3. Грамматикалық мағынаның түрлері:

а) жалпы грамматикалық мағына;

ә) категориялық грамматикалық мағына;

б) қатыстық грамматикалық мағына.

4. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі.

Сабақтың мақсаты

Грамматикалық мағынаның мәнін, берілу жолдарын, соның негізінде түрлерін игере отырып, әрқайсысының сипатын анықтап, шегін ажырату. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың арасындағы диалектикалық байланысты білу арқылы олардың сәйкестігін ғылыми түрде меңгерту.

Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы

Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына - сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.

Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Бірақ грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнеше грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: І. туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы; грамматикалық мағыналары - І) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән; 4) бір қимылдың (ашудың) мезгілін білдіру; 2. дүние, лексикалық мағынасы - әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық-меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа дүние тәуелді, соның бөлшегі болуы; 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура обьектіні білдіру; 4. ашады, лексикалық мағынасы – ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіру, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3)ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3-жақтағы субьектінің қимылы; 5. өлең, лексикалық мағынасы — нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) ашу қимылының грамматикалық субьектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы; 2) кіру қимылын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық-меншіктік мән; 8. қойнына, лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: І)жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа жер тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субъект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше, анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі. Бұлар осы сөйлемдегі сөздердің білдіретін бөлек-бөлек мағыналары.

Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі.

Осымен байланысты мынадай сұрақ туады: нақты заттың аты немесе нақты қимыл болса, ол лексикалық мағына да, жалпы заттың аты немесе жалпы қимыл болса, ол грамматикалық мағына бола ма?

Бұл сұраққа нақты да толық жауап беру үшін жоғарыдағы сөйлемдегі сөздерді талдап көрейік.

Берілген сөйлемдегі дүние, есік, жер сөздерінің әрқайсысы жеке-жеке ұғымды білдіретін заттың аты, туғанда, ашады, кірер нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, сондай-ақ төрт, жеті нақты санды білідіретін сөздер, ақ, көк, сары – заттың нақты түсін білдіретін сандар, т.б. Атап айтқанда, дүние - өмір, тіршілік (ҚТТС, ІІІ, 204), есік - ауыс, өмірге, іс пен еңбекке алғаш аттап, қадам басып кіру, араласу (ҚТТС, ІІІ, 453), жер - жер планетасының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы, құрылық (ҚТТС, 14, 90) дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы - бөлек-бөлек заттардың атауы; туғанда - ана құрсағынан шығу, дүниеге келу (ҚТТС, ІX, 254), ашады - ауыс, жабық тұрған нәрсенің есігін, бетін шалқайту, аңқайту (ҚТТС, І, 507), кірер - ену, келу (ҚТТС, V, 411) дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір-бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; төрт-үштен кейінгі есептік сан (ҚТТС, ІX, 243), жеті – алтыдан кейінгі сан (ҚТТС, ІV, 113) дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; ақ - қардың, сүттің, бордың түсіндей қараға қарама-қарсы (ҚТТС, І, 126), көк – ашық аспан тәрізді түс (ҚТТС, V, 118), сары, - піскен егіннің немесе апельсиннің түріндей түс (ҚТТС, VІІІ, 187) дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түстерді білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, дүние, есік, жер жалпы зат атауларын білдіреді, туғанда, ашады, кірер жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, төрт, жеті – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, сары – жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның белгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер – нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы (айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл, іс-әрекетті білдіру т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы. Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды: дүние, есік, жер – заттың атын білдіретін сөздер – зат есім, туғанда, ашады, кірер - қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер – етістік, төрт, жеті – заттың санын білдіретін сөздер – сан есім, ақ көқ сары, жақсы, үлкен, биік заттың сынын білдіретін сөздер – сын есім т.б.

Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары

Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе? Осыны нақтылап түсініп алу қажет.

Грамматикалық мағынаның берілутәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің (түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негіздері жиынтығы, тобы болып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.

Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол - сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс - приставка қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі; супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші – аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі, жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт, екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б.) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ, аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.

Ал грамматикалық мағынаны білдірудің осы көрсетілген тәсілдері мен жолдары барлық тілдерге де тән бе? Бұл жағынан қазақ тілінің ерекшелігі бар ма?

Грамматикалық мағынаны білдірудің көрсетілген тәсілдері мен жолдары бір тілде толық кездесе бермеуі, кейбіреулері ғана қолданылуы мүмкін. Қазақ тілінде бұл тәсілдердің кездесетіндері мыналар.

І. Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы. Мысалы, белгілі бір топ сөздердің жалпы зат атауын немесе заттың сынын я санын, немесе жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі, сөйтіп, белгілі бір топтарға (сөз таптарына) жіктелуі.

Әрине, бұл жерде әңгіме лексикалық мағынасы бар сөздер жайында болып отыр. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші сөздердің жалпылануы туралы әңгіме қозғаудың қисыны жоқ. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші және А.Ысқақовтың көрсетуінше одағай сөздердің де бұл салада жағдайы мүлде бөлек. Ондай көмекші сөздер сөйлем ішінде белгілі бір сөздердің жетегінде, шылауында жұмсалып, оған әр түрлі қосымша мән береді не үстейді, қосады. Бұдан байқалатыны – бұл сияқты көмекші сөздерде семантикалық процесс бұрын болып, енді олар сөйлемде дайын қосымша тілдік элемент ретінде пайдаланылады. Ал толық мағыналы (лексикалық мағынасы бар) сөздерде бұл процесті сөйлемнің өзінен-ақ көруге болады.

Лай суға май бітпес қой өткенде, күлеміз қасқыр жалап, дәме еткенде (Абай). Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолқабыс кейінгіге берем деп (С.Торайғыров).Берілген сөйлемдегі сөздерді жалпы грамматикалық мағыналарының ортақтығы жағынан мынадай топтарға бөлуге болар еді: І) Су, лай, қой, қасқыр, дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс, бір топ, 2)(май) бітпес (қой) өткенге, күлеміз, жылап, (дәме) еткенге, жасамаймын, көрем (ін) деп жасаймын, берем (ін) деп екінші үлкен топ; 3) лай, кейінгіге т.б. үшінші топ. Бірінші топтағы әр сөздің нақты лексикалық мағынасын айқындай отырып, ол сөздердің бір-бірімен жақындығы жоқ екендігін анықтап, абстракциялану, жалпылану барысындағы мәніне назар аударсақ, яғни нақты су мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні нақты л ай мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, нақты түлік, малдың бір түрі қой мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл нақты қасқыр мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл сол сияқты дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс нақты ұғымдық атаулардың жалпы зат атауы мәні, екінші топтағы әр сөздің (май) бітпес - біту, (қой) өткенге - өту, күлеміз - күлу, жылап - жылау, (дәме) еткенге - ету, жасамаймынжасамау, көремін депкөру, беремін деп - беру өздері ғана білдіре алатын нақты іс-әрекет, қимыл, процесс болып, одан жалпы іс-әрекет, қимылды білдіруге және үшінші топтағы лай дегеннің су зат ұғымының сапалық бір белгісі (таза емес, тұнық емес т.б.) болу негізінен жалпы заттың сапалық белгісі болу, кейінгі сөзінің нақты ұрпақ, жастар сияқты болашақ қауымның қатыстық белгісінен жалпы қатыстық (одан субстантивтену) белгіге көшуі көрініп тұр.

Сөйтіп, сөздер лексикалық мағынасы арқылы дараланып, сараланып, ерекшеленіп, тілдің жеке-жеке лексикалық көрінісі болып тұрса, ол лексикалық мағыналарының абстракцияланып, жалпылануы арқылы ортақ грамматикалық қасиеттерге ие болып, грамматикалық әр түрлі топ (сөз топтары) құрауға мүмкіндік туады. Яғни тілдегі бір топ сөздер зат атауы ұғымымен байланысты болып, заттық ұғымды білдіретін сөздер (зат есім), екінші тобы әр түрлі қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер (етістік) үшінші тобы заттың әр түрлі белгісін, сапасын, түсін, қатысын т.б. мәнді білдіретін сөздер (сын есім), сандық ұғымды білдіретін сөздер (сан есім), қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі амал, сын-қимылын, мекен-мезгілін, себеп-мақсатын т.б. білдіретін сөздер (үстеу), орынбасар сөздер яғни осы көрсетілген сияқты сөздердің орнына жүретін сөздер (есімдік) деп саралауға болады. Осыдан анық көрінетіндей, сөздің жалпы грамматикалық мағынасы яғни лексикалық мағынаның негізінде пайда болатын грамматикалық мағына (семантикалық тәсіл) сөздерді семантикалық сипаты жағынан грамматикалық топтарға бөлуге негіз де болып саналады.

2. Синтетикалық тәсілдің қазақ тілінде ең жиі кездесетіні қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Әсіресе форма тудыратын қосымшалар арқылы неше алуан грамматикалық мағына беріледі: көптік, тәуелдік, жақтық мағыналар, жіктік жалғау арқылы жақтық, жекешелік-көптік мағыналар, септік жалғаулары арқылы қимыл, іс-әрекеттің иесі, меншіктілік, тура және жанама объектілік, мезгілдік, мекендік-бағыттық, құралдық-амалдық сияқты мағыналар, шырай жұрнақтары арқылы бір тектес сынның салыстырмалы я күшейтпелі сипаты, етіс жұрнақтары арқылы қимыл, іс-әрекеттің субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіру, болымсыз етістік жұрнағы арқылы сол қимылдың болмауы, шақ жұрнақтары арқылы сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болып кеткенін, я болып жатқанын, я әлі болмағанын (шақтық мағыналарды) білдіруі рай тұлғалары арқылы қимылдың болу-болмау шартын, тілек-ниетін, біреуге бұйыруын т.б. білдіруін көрсетуге болады.

Мысалы, жоғарыда берілген екі мысалдағы су-ға, біт-пе-с, өт-кен-ге, күл-е-міз, жыла-п, дәме ет-кен-ге, және жаса-ма-й-мын, еңбек-тің, жеміс-і-н, көз-бен, көр-е-м(ін), жаса-й-мын, кейінгі-ге, бер-е-м(ін) сөздерді алып қарай-ық. Су (жалпы зат атауы, деректі т.б.) түбірге -ге қосылу арқылы жалпы объект, қимылдың бағыты, орны мағына-сы үстелген. Сондай-ақ біт қимылының -пе болмайты-нын, орындалмайтынын -с шақтық мағына, өт қи- мылы-на -кен өткен шақтық мағына -ге септік – мақсаттық мағына, күл іс-әрекет -е ауыспалы осы шақ мағынасын, - міз қимылдың 1-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жыла қимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына -кен өткен шақтық -ге себептік – мақсаттық мағына, күл іс-әрекетке - с ауыспалы осы шақ мағынасын,- міз қимылдың І-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жыла қимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына - кен өткен шақтық -ге себептік-мақсаттық мағына, жаса іс-әрекетке -ма болымсыздық мағынаны –й ауыспалы осы шақ мағына, -мын қимылдық 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, еңбек жалпы зат ұғымының -нің меншіктілік-иелік (жемісін) мәнін, жеміс жалпы зат ұғымының -і 3-жаққа (еңбек) тәуелді екенін -н белгілі қимылдың (көру) тура объектісі екенін білдіру, көз жалпы зат ұғымының -бен құралдық, амалдық мәнін, көр іс-әрекетке -е ауыспалы осы шақ мәнін - м -мін осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, жаса іс-әрекетке -й ауыспалы осы шақ, -мын осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын кейінгі қатыстық мәнге -ге жанама объектілік (және субъективтік) мән, бір қимылға -е ауыспалы осы шақ мәнін, -м (-мін) осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын білдіреді. Ал қазақ тілінде грамматикалық мағынаны префикс арқылы білдіру жолы жоқ. Мысалы, орыс тілінде при-шел (келді), у-чил (оқытты, үйретті), за - шел (келіп-кетті), про-читал (оқып шықты), пере-шел (өтіп кетті) т.б. сөздердегі при, у, за, про, пере приставкалары белгілі грамматикалық мағына тудырып тұр. Қазақ тіліндегі бірді-екілі сөздің құрамындағы бей (би) -бейшара, бейма-за, бейуақыт, на - наразы, т.б. префикс емес, олар кірме түбірдің құрамына еніп кетеді.

Сондай-ақ ішкі флексия жолы да қазақ тілінде жоқ. Мысалы, араб тілінде сөздің құрамындағы ішкі дыбыстардың өзгеруі арқылы жаңа грамматикалық мағына туады: катаба - жазу, жазды етістігі болса, китаабункітап та, кутбун – кітаптар деген көптік мәнді білдіреді. Ішкі флексияның элементтері орыс тілінде де кездесіп отырады: собирать (жинау) – собрать (жинап алу), бегать - (жүгіру) – бежать (жүгіріп кету) т.б. сияқты етістіктің түрлік мағыналары, сөздің құрамындағы дыбыс өзгерістері (ішкі флексия) арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаның екпін арқылы да берілуі қазақ тілінде жоқ деуге болады. Қазақ тіліндегі болымсыз етістік пен етістік түбірден зат есім тудыратын - ма, - ме, - ба, - бе, - па, - пе қосымшалары арқылы жасалған сөздердегі екпіннің әр түрлілігі (мысалы, кеспе - кеспе, мінбе - мінбе, көрме - көрме, қоспақоспа т.б.), екпіннің сөз мағынасын айыру сипаты бола алмайды. Орыс тілінде екпін сөз мағынасын лексикалық айырумен бірге (мысалы, замок - қорған, замок - құлып, кілт, мука - азап, мукаұн, т.б.) грамматикалық мағына тудыруға да негіз болады: окнатерезенің (жекеше ілік септік), окна – терезелер (көпше атау септік), руки - қолдың, руки – қолдар, воды – суды, воды - сулар, т.б. Сондай-ақ қазақ тілінде грамматикалық мағынаны берудің супплетивті жолы да жоқ. Мысалы, орыс тілінде адам деген ұғым человек сөзі арқылы берілсе, оның көпше түрі бүтіндей басқа сөзбен (людиадамдар) беріледі. Сондай-ақ хорошо – жақсы және лучше - өте жақсы, сказал - айтты, говорилайтты параллельдері де супплетивті жол арқылы грамматикалық мағына білдіруге жатады.

3. Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің барлық түрлері дерлік кездесіп отырады. Негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде, әдетте ол сөздердің сол тұлғаларында бір-бірімен тіркесуі арқылы жеке тұрғандағысынан өзгеше, жаңа грамматикалық мағынаны білдіруін айтамыз. Бұл - әсіресе түбір тұлғадағы зат есімдердің бір-бірімен тіркесіп қолданылуынан анық көрінеді. Әдетте зат есім заттың атын білдіру мағынасымен байланысты қолданылса, енді бір зат есім екінші зат есіммен түбір тұлғада тіркессе, зат атауын білдіруге жат мағынада, қатыстық-сындық мағынада жұмсалады. Мысалы, Мықшима аяғымда былғары етік, Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп (Абай). Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер (Мақал). Бір-бір киіз үй әкелгенде, бәрінен Итбайдың үйі ұнамды боп шыққан (С.Мұқанов). Бұл сөйлемдердегі былғары, киіз сөздері заттық мағынада емес, етіктің, байпақтың, қазықтың, үйдің қатыстық-сындық сипаты мәнінде яғни осы соңғы заттардың неден жасалғанын білдіру мәнінде қолданылған. Зат атауын білдіретін сөздердің бұндай әдеттен тыс ерекше грамматикалық мағыналары ол сөздердің заттық мағынаны білдіретін екінші сөзбен тікелей тіркесінен пайда болған. Сол сияқты қол сағат, қалта сағат, қабырға сағат, алтын сағат, жібек орамал, тас үй, тас жол, киіз үй, кірпіш үй, ағаш үй, оқушы бала, т.б. тәрізді тіркестердің бірінші зат есім сыңары зат есімге тән емес қатыстық-сындық мәнді білдіріп, қандай? деген сұраққа жауап береді. Сөз жоқ, бұл жерде сөздердің орын тәртібі де белгілі дәрежеде рөл атқарып тұрғанын естен шығаруға болмайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: