Элея мектебі. Парменид пен Зенон

Парменид (Vқ-V б.ғ.д.) Элеяда дүниеге келеді. Өсе келе ол өзінің философия мектебін құрады.

Парменидтің философия ғылымындағы жасаған жаңалығын асыра бағалау өте қиын, өйткені, ол грек ой-өрісінің шеңберінде алғашқы рет Болмыс мәселесін қойып, оны өзінше шешеді. Сонымен, философия ғылымының негізгі тарауларының бірі – онтология дуниеге келеді (ontos-грек сөзі, болмыс, logoc-білім).

Парменидтің ойынша, Дуние жөніндегі ақиқатқа бір ғана жол бар – ол: “бар нәрсе бар, ал жоқ нәрсе - жоқ, өмір сүрмейді. Олай болса, бізге жалғыз ғана жол қалады – ол Болмыс².

Жоғарыдағы көрсетілген ой-пікірден келесі тұжырымдар шығады:

1. Бар нәрсе бар, болып жатыр;

2. Жоқ нәрсе жоқ, өмір сүрмейді;

3. Олай болса, пайда болу (дуниеде болмағанның пайда болуы) және құру (бар нәрсенің жоқ болып кетуі) деген жоқ, өмір сүрмейді;

4. Кеңістік (қуыс) және уақыт (қазіргінің өткен шаққа ауысуы) жоқ, өмір сүрмейді;

5. Бар нәрсенің бәрі – толы;

6. Барлықтың, құрамдас бөліктері жоқ (олай болса, кеңістікті мойындауға тура келер еді), ол – біртұтас;

7. Барлық біреу болғаннан кейін, ол кемеліне келген;

8. Қозғалыс жоқ, өйткені, кеңістік жоқ.

Болмыс туылған жоқ және жоғалмайды да. Өйткені, болмыс бейболмыстан пайда бола алмайды, оның себебі бейболмыс – жоқ. Болмыстан ешнәрсе пайда болмайды, өйткені, ол өмір сүріп жатыр.

Болмыстың уақыты – мәнгілік, қазір, өйткені өткен шақ - ол жоқ, ал болашақты алатын болсақ - ол да әлі жоқ.

Болмыс турақты және қозғалыссыз, өйткені қозғалысты мойындау бейболмысты мойындауға тең, ал ол - жоқ.

“Мұндай тұжырымдарға мен ақыл-ой арқылы келдім², -дейді Парменид.

Екінші жалған жол – ол сезімдік таным жолы. Ол жол бізге өлім мен өмірдің бар екенін, Дуниедегі заттармен құбылыстардың бәрінің өзгеріп отыратынын, бір нәрсенің Дүниеге келіп, екіншінің Дүниеден кетіп жатқанын көрсетеді.

Бірақ, осы күнделікті өмірден алған тәжірибеге қарамастан, Парменид Дүниедегі сандық және сапалық өзгерістерді ешқандай мойындамай-ақ қойды. Оның мұндай көзқарасының қателігін көрсеткісі келетіндер ой-шеңберінде оны жасай алмады, өйткені оның негізгі себебі – ой арқылы қозғалысты қамтудың, бейнелеудің орасан-зор қиындығы. Керісінше, қайсыбір өзгеріс пен қозғалысты ой арқылы теріске шығару - анағұрлым жеңілірек. Міне осы жолға түсіп Парменидтің тұжырымдарын қолдаған ойшыл Зенон болды.

Зенон Элея топырағында б.ғ.д. Vқғ. аяғында дүниеге келеді. Аңыздар бойынша ол өз заманының саяси өміріне ат салысқан ойшыл болса керек. Тиран Неарх оны тұтқынға алып оның билігіне қарсы шыққан адамдарды айт деп қинаған кезде Зенон өз тілін тістеп кесіп тиранның бетіне түкіріпті–міс дейді.

Екінші аңыз, керісінше, тиранның ең жақын достарын соның жаулары ретінде көрсетіп, Зенон оларды бір-біріне айдап салу арқылы елді сол тиранның билігінен құтқарды,- дейді.

Ал енді Зенонның философиялық көзқарастарына келетін болсақ, ол Дүниенің болмысын мойындаған, бірақ кеңістікті жоқ деп есептеген. Дуниедегі болмыстың табиғаты жылы мен суық, дымқыл мен құрғақтың қосындыларынан тұрады. Адамның өзі жерден, ал оның жан-дуниесі жоғарғы көрсетілген 4 элементтің тең қосындыларынан тұрады деп есептеген.

Зенонның еңбектерінің негізгі жақтары Парменидтің көзқарасын жақтау жолындағы көптік пен қозғалыстың жоқтығы жөніндегі дәлелдемелері.

Белгілі бір нәрсе қозғалыста болып шыққан жерінен басқа нүктеге жетуі керек. Бірақ, ол мүмкін емес, олай болса дұрыс емес. – Неге? - Өйткені, зат алдағы нүктеге жету үшін қашықтықтың жартысын өту керек, ол үшін – жартының жартысын т.с.с. шексіздікке кете береді. Олай болса, зат қозғалмайды, бір орнында қала береді, - дейді Зенон.

Екінші дихотомия (грек сөзі,- қаққа бөлу деген мағна береді) “Ахилл². Жүйрік Ахилл өте баяу қозғалатын тасбақаға жете алмайды. Оның дәлелдемесін жоғарыда көрсеткенбіз.

Үшіншісі – “Оқ². Садақтан атылған оқ тұрақты, қозғалмайды. Өйткені, әрбір уақыттың сәтісінде атылған оқ белгілі кеңістікте тұрақты орын алады. Келесі сәтте – келесі кеңістікте тұрақтайды. Ал тұрақтаулардың қосындысы – тұрақтылықты береді. Олай болса атылған оқ қозғалмайды.

Зенонның көптікті теріске шығаруға арналған дәлелдемелері де қызықты. Көпшілік көп бірліктерден тұрады, бірақ ол мүмкін емес. “Егер Дуние көп болса, онда қажетті түрде, олардың саны өздерімен тең. Бірақ олар шексіздікке кетеді, өйткені, екі дуниенің ортасына тағы бір дуниені, олардың екі ортасында тағыда екі дуниені орналыстыруға болады, яғни бұл да шексіздікке кетеді. Олай болса, тек біреу ғана бар, ал көптік жоқ².

Зенон өзінің дәлелдемелерімен Логостың мәртебесін жоғары көтеріп қозғалыс пен көптікті әрі қарай оймен зертеудің, бейнелеудің қажеттігін басқа ойшылдарға көрсетті.

Элей философиясының өкілдерінің бардың біреу екені ғана және оның қозғалмайтындығы басқа ойшылдарды қанағаттандырмады.

Дүниедегі қозғалыстың бар екені барлық адамдарға аян. Олай болса, ол мүмкін. Ал қозғалыс болса, онда Парменидтің бірлігіне негізгі соққы тиеді. Бұл пайда болған жаңа ой-өрісін дамытқан Эмпедокл болды.

Эмпедокл (490-430 б.ғ.д.(жан-жақты дамыған ірі тулға болған – ол философия мен қатар өлең жазған, саясатқа араласқан, адамдарды емдеген. Эмпедоклдың айтуынша,Дуниенің негізінде 4 стихия (stoіcheіon - грек сөзі, -табиғат құрамы) жатыр – от, су, жер мен ауа. Оларды бір-бірімен біріктіретін Сүйіспеншілік, ал ажырататын – Жаугершілік.

Бірақ, Эмпедокл Парменидтің бейболмыс жоқ деген қағидасын ұстайды. Олай болса, қалай Дүниеде қозғалыс болады деген заңды сұрақ туады. қозғалыс заттардың құрамындағы 4 стихияның бір-біреуінің араласқандағы көлемге байланысты болады екен.

Сонымен 4 стихия Дүниенің алғашқы негіздерін құрайды. Олар мәңгілік және тұрақты, бірақ бір-бірімен қосылып мәңгілік қозғалыста.

Ал Сүйспеншілік пен Жаугершілікке келер болсақ, Эмпедоклдың ойынша, олар рухани күштер емес – олардың табиғи қасиеттері бар. Сүйспеншіліктің ұзындығы мен ені бүкіл Дүниеге бірдей тарап кеткен оның қасиеті – ылғалдығында. Ал Жаугершілікке келетін болсақ - ол отқа жақын.

Кейбір уақытта Дуниеде Сүйспеншілік билеген кезде 4 стихия толығынан бір-бірімен араласып шар сияқты болып көрінеді (Сфайрос - шар). Ол кезде Жаугершілік шардың шетінде.

Ал Жаугершілік шардың ішіне кіре бастағаннан-ақ әрбір стихия өзінше жиналып бір-бірінен бөліне бастайды.

Келесі сатыда бірінші процесс тағы да басталады...

Дүниеде 4 стихиядан басқа тіршілік - өсімдіктер, жануарлар, адамдар – бар. Олар 4 стихия арқылы қалай пайда болады? Әрине, бұл сұраққа Эмпедокл тұрпайы жауап қайтарады. Оның айтуынша, ең алдымен 4 стихияның әртүрлі бір-бірімен қосындысынан бөлек-бөлек жануарлардың денелерінің бөлшектері пайда болды. Жер бетінде бір жерде қол, екінші жерде аяқ, үшінші жерде көз т.с.с. жатады.

Екінші сатысында олар бір-бірімен ретсіз қосылып басы адамға, денесі бұқаға ұқсаған т.с.с. құбыжықтардың пайда болуына әкеледі. Бірақ, олардың өмір сүруі мүмкін емес, сондықтан олар өмірден кетеді.

үшінші сатысында пайда болған жануарлардың екі жыныстық қасиеттері бар, сондықтан олар өсіп-өне алмайды. Ең соңғы төртіншісі сатысында ғана бір жыныстық жануарлар дүниеге келіп тіршілік әлемі өмір сүре бастайды.

Эмпедоклдың берген жауабы тұрпайы болғанымен, оның астарында тіршіліктің “мақсатқа лайықтылық² табиғаты бар екені жатыр. Ал, бұл мәселе, діннің Құдайды мойындаудағы негізгі дәлелдемелерінің бірі болып мыңдаған жылдар бойы әртүрлі даудаманы ғылымда тудырды. Тек, ХХ ғ. ғана бұл “мақсатқа лайықтылық² барлық тіршіліктің миллиондаған жылдардың ішіндегі күн мен түннің, жылдың мауысымдарының т.с.с. ауысуына бейімделуінің арқасында табиғаттағы үрдістерді “алдын-ала бейнелеудің² негізінде келгені дәлелденді.

Эмпедокл көптік пен қозғалыс Дүниеде бар екенін көрсеткенімен, бірақ, қалайша бір нәрсе дүниеге келіп, екіншісі дүниеден кетіп жатыр деген сураққа қанағаттанарлық жауап берген жоқ.

Сондықтан Анаксагор бұл сұраққа жауап іздейді.

Анаксагор (500-428 б.ғ.д.) бай және кең танымал ақсүйектер жан-ұясында дүниеге келеді. Бірақ ол өсе келе байлықтан бас тартып, өзінің өмірін толығынан ғылым мен өнерге арнайды. Ол кісінің ойынша Күн - ол Құдай емес, орасан зор жанып жатқан от, Ай жер сияқты және онда тіршілік бар, күн-күркіреуі, найзағайдың себебі - бұлттардың бір-бірімен соқтығысуында т.с.с.

Афина қаласында Анаксагор ең бірінші болып философиядан сабақ бере бастады. Бірақ ол қудаланып (гректердің Құдайларын мойындамағаны үшін) Афинадан қашуға мәжбүр болады. Өзінің философиялық еңбектерінде Анаксагор нақты сұрақтар қояды: “қалайша шаш еместен шаш, ет еместен ет пайда болады Эмпедоклдың стихияларының ішінде ет, сүйек, шаш, қан сияқты элементтер жоқ еді ғой.

Анаксагор бұл сұраққа “әр-нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – “тұқымдардан²- гомеомериялардан пайда болады² деген жауап қайтарады. Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол НУС (nous-грек сөзі,- ақыл-ой) – Дүниежүзілік ақыл-ой.

Қорыта келе, Анаксагор Афинадағы ғылымның, философияның дамуына өзінің зор әсерін тигізді.

Демокриттің атомистік ілімі.

Элеаттардың көтерген мәселелеріне Эмпедокл мен Анаксагорға қарағанда басқаша жауап берген Левкипп пен Демокрит болды.

Егер біріншілер Дүниенің негіздерін құрайтын әртүрлі сападағы стихиялар, заттардың тұқымдары т.с.с. деген тұжырымға келсе, Левкипп пен Демокрит өздерінің атом жөніндегі ілімдерінде Дүниенің негізінде жатқан сандық жағынан әртүрлі ұсақ бөлшектер жөніндегі ілімдерін ұсынады.

Левкипп (V б.ғ.д.) Милетте туғанымен Элеяға келіп өз ілімін таратады. Демокрит (460 б.ғ.д. туған) Левкиптің шәкірті болған.

Левкипп пен Демокрит ғылымға атом (atomos-бөлінбейтін) ұғымын, әрі қарай бөлінбейтін, көзге көрінбейтін, өте ұсақ, сапасыз тек қана бітімі, көлемі жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар ұсақ бөлшектерді ұсынады.

Атомистер бейболмыс өмір сүрмейтінін қолдады, өйткені бірдеме Дүниеге келгенде бар ұсақ бөлшектердің қосындысынан пайда болады, ал ол бөлшектер тарай бастаса ол зат құриды. Әрине, атомдар қозғалуы үшін кеңістік керек, сондықтан олар Дүниені орасан-зор қуыс ретінде қарады. Егер біз кеңістіктен атомдарды алып тастасақ, онда ештеңе жоқ, тек қуыс қана қала береді. Олай болса, ештеңе өмір сүреді.

Дүниедегі атомдардың саны шексіз болғаннан кейін, кеңістік те шексіз, өйткені шектелген кеңістікке шексіз атомдар симас еді. Дүниенің кеңістіктегі шексіздігі уақыттың да мәңгілігін, қозғалыстың да бастауының жоқтығын мойындауға мәжбүр етеді.

Атомистика Дүниенің пайда болуын қозғалыс арқылы түсіндіреді (бірінші сатыда). Алғашында атомдар кеңістікте ешқандай тәртіпсіз түрде өмір сүреді. Олар оны күннің көзі түскен кездегі үй ішінде сәулеге шалынып көзге көрінетін қалқып жүрген өте ұсақ шаңмен салыстырады. Екінші сатысында ауыр салмақты атомдардың жеңіл бөлшектермен соқтығысуының нәтижесінде пайда болатын дауылға ұқсас қозғалыс туады. Бұл “дауылда² бір-біріне ұқсас атомдар басқалардан бөлініп Дүние өмірге келеді.

үшінші атомдардың қозғалысы – ол заттың бетіндегі өте жеңіл атомдар. Олар заттан ұшып біздің түйсекерімізге әсерін тигізіп иісті тудырады.

Атомистердің айтуына қарағанда 4 стихияның атомдары әртүрлі. Оттың атомдары ең кіші және дөңгелектеу болып келеді, қалған атомдарының бітімі кубқа ұқсайды. Олардың ішіндегі ең кішісі ауаны құрайтын атомдар, орташа көлемді - суды, үлкендері – жерді құрайды.

Атомдардың жалпы саны шексіз болғаннан кейін ғарышта әртүрлі Дүниелер бар. Біреулерінде күн мен ай болмауы мүмкін, кейбіреуінде екі-үштен болуы мүмкін, біреулерінде тіршілік болса, келесілерінде болмауы ғажап емес …

Сонымен Демокриттің Дүние жөніндегі ілімінде ешқандай Құдай, я болмаса басқа рухани күш жоқ - ол бәрін де механистік көзқарастың шеңберінде түсіндіргісі келеді.

Атомистердің философиясының тамаша жері - олар алғашқы рет себеп, қажеттілік деген ұғымдарды философияға еңгізеді. Демокриттің ойынша, әр нәрсенің өз себебі бар – ол қажеттіктен туады. Сондықтан, Дүниеде ешқандай кездейсоқтық жоқ. Белгілі бір құбылыстың себебі ашылмаған кезде оны адамдар кездейсоқ деп атайды.

Адам мен таным мәселелеріне келер болсақ, Демокрит адамның жан-дүниесін мойындайды. Ол дөңгелек, тез қозғалатын, оттың атомдарына ұқсас бөлшектерден тұрады. Олай болса, адам өлгенде оның жан-дуниесі де жойылады – атомдар кеңістікке тарап кетеді (жан-жаққа). Ал түйсік пен ойлау мәселелеріне келсек, онда жан-дуниені құрайтын атомдардың түйсіктік қасиеттері бар екен. Заттардың үстінде орналасқан жеңіл атомдар адамның түйсіктеріне жетіп өзінің әсерін тигізген кезде біздің жан-дүниемізде неше-түрлі сезімдер мен түсініктер пайда болады. Сезімдік және ақыл-оймен тануда Демокрит сезімдік танымның адамды қаталастыруы мүмкіндігін, сондықтан оны ақыл-ойға тоқу керектігін айтады.

Атомистика шеңберіндегі әлеуметтік және моральдық мәселелерге келетін болсақ, демократиялық саяси тәртіп ең тиімді қоғамды уйымдастыру түрі. Демократия бұзылмау үшін адамдарды тәрбиелеу керек.

Адам өзінің табиғаты бойынша өмірден ләззат алуға, зардаптан қашуға тырысады. Бірақ Демокрит ләззатты өлшемді табумен теңестіреді. Адамға ең жақсы нәрсе - еутемия (eythymіa) – жақсы көңіл-күйде болу, ешқандай қорқыныш сезім, я болмаса аса құмартудан алшақ болу. Дүниеге салқын сезіммен қарап даналыққа көтерілу - адамның ең биік мұраты.

Дүниені зерттеуден адам мәселесіне бетбұрыс. Софистика. Сократ ілімі.

Натурфилософия өз уақытының шеңберінің шегіне келіп, әрі қарай Дүниені зерттеуде жаңа идеялар тудыра алмады.

Екінші жағынан, гректердің қала-полистеріндегі саяси өмірдің жандануы, әсіресе тікелей демократияның дамуы, халық жиналысының, соттың мәнінің өсуі философия саласында жаңа бетбұрыс тудырады. Жалпы Дүние жөніндегі тебіреністерден ойшылдар қоғам мәселелеріне, адамның өміріне, мән-мағналықты ашуға көп көңіл бөле бастайды.

Осы кезде грек топырағына софистика ағымы келеді. (sophіa- дана, даналық). Бұл ұғымның мағнасы даналықты, білімділікті көрсеткенмен уақытында теріс мағнада “жалған білімділік² ретінде қолданыла басталды.

Оның негізгі себебі – софистердің оқытушылық қызметі, өйткені, сол уақыттағы саяси өмірдің дамуы риторика, логика, философия ғылымдарына деген үлкен сұранысты тудырды. (риторика - әсем және әсерлі сөйлеу өнері, логика – ойлау заңдылықтарын зерттейтін пән). Өйткені, саяси өмірде белсенділік көрсету үшін жиналған адамдарға өзіңнің көзқарасыңның дұрыстығын дәлелдеп, олардан қолдау табу қажет болды, ал оның өзі оңай жұмыс емес, оған оқу керек болды. Өмірде пайда болған сұраныс – софист-оқытушыларды дүниеге әкелді. Олар тек қана даналыққа емес, сонымен қатар өзінің саяси оппоненттерінің (­қарсыластарының) көзқарастарының тұжырымдарын қалайша теріске шығаруға болады, қалай білдіртпей алдап кетуге болады т.с.с. қазіргі саяси технологияларда қолданылатын әдістерге ұқсас нәрселерді үйрете бастайды.

Екіншіден, софистер өздерінің сабақтарына ақша алады. Негізінен билікке таласатын ақшалы адамдар – аристократтар мен плутократтар (arіstos- ең жақсылар, ақсүйектер, plutos- байлық, cratos - билік) болғаннан кейін, олардың табыстары да аз болған жоқ. Ал ол кездегі ерікті адамдар еңбекпен ақша тапқан адамдарға менсінбей жоғарыдан қараған. Сондықтан, қоғамдық санада софистер жөнінде теріс пікір туып, оларға “жалған дана² деген ат берілген.

Ал, шынына келгенде, софистер философия саласында үлкен төңкеріс жасап, ой өрісін физис, космос мәселелерінен этика, саясаттану, риторика, тіл, дін, тәрбие мәселелеріне аударды. Олай болса, оларды антикалық философияның гуманистік-адамгершілік бағытын ашты деген пікірге келуге болады.

Софистердің арасындағы ең кең танылған тұлға – Протагор (481-411 б.ғ.д.(. Оның “Еватл² деген софизмімен танысайық.

Протагор өзінің оқушысы Еватлмен келісімге келеді: егер Еватл алғашқы рет сотта жеңіске жетсе, онда Протагорға ақша төлеуге тиіс.

Бірақ, Еватл асықпайды. Онда Протагор Еватлға “мен сені сотқа беремін² деп қорқытады. Оған Еватл: “келісім бойынша мен сотта жеңіске жетсем ғана төлеймін, мен әлі бір сотты да ұтқан жоқпын², - дейді.

Сонда Протагор айтыпты: “Егер мен сотта сені ұтсам, онда сен төлейсің соттың шешімі бойынша, егер сен ұтсаң - онда бәрібір төлейсің, келісім бойынша².

Оған Еватл былай депті: “Егер мен ұтылсам, онда төлемеймін, - келісім бойынша, ал егер ұтсам, онда төлемеймін соттың шешімі бойынша².

Осындай софизмдердің негізінде Протагор мынандай тұжырымға келеді: әр нәрсе жөнінде бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі пікір айтуға болады. Олай болса, мәселенің бір жағына шығу керек, оның кепілі – адамның өзі. Сондықтан Протагор өзінің атақты нақыл сөзін айтады: Адам - барлық заттың өлшемі, олардың барының барлығын, жоғының жоғын көрсетеді. “Адам - өлшем² дегеніміз, маған қандай болып зат көрінсе, ол – сондай, ал саған керісінше көрінсе, ол саған - сондай. Оны қазақ “біреу тойып секіреді, екіншісі – тоңып секіреді²– деген.

Сонымен, Протагордың айтуынша, бәрі де салыстырмалы, еш жерде соңғы ақиқат, ең құнды моральдық қағидалар, нормалар, т.с.с. жоқ.

Олай болса, өз пікіріңді дәлелдей ал, айтыста өз ойыңның артықшылығын көрсете біл, қате пікірдің әлсіз жағын тауып алуға тырыс. Тіпті әйдік болсаң, нәзік дәлелдемені күшейтіп, күшті дәлелдемені теріске шығара біл.

Протагордың оқушылары саяси мінбелерге шығып өздерінің қарсыластарын жеңе білген, өздерінің табиғи дарындарын ашып, саяси өмірге белсенді қатысқан. Ал мұның өзі Протагордың даңқын арттырған.

Қорыта келе мынаны айту керек. Егер адамның жететін ақиқатының бәрі салыстырмалы болса, онда оларды салыстырып пайдалысын таңдай біл және оның сондай екенін басқаларға дәлелдеп қөздерін жеткіз. Сонда ғана даналық деңгейге қөтерілуге болады,- дейді Протагор.

Софистердің философияға еңгізген жаңылықтары – ақыл-оймен Дүниенің қайшылығын бейнелеу арқылы жасалатын ұғымдардың аумалы-төкпелілігі, іштей қайшылықтары. Ой-өрісінің дамуын зерттей келе олар логиканың, риториканың көп мәселелерін көтеріп, осы уақытқа дейін ғалымдар ойландыратын нәрселерді қалдырды.

Мысалы мына софизмді алсақ: “Егер алдаушы мен алдадым десе, онда оның шындықты айтқаны². Бұл софизм осы уақытқа дейін шешілген жоқ. Оқырман, кәне, сен оны шешіп көрші!


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: