Кебірлер

Сабақтың мақсаты: Кебірлердің морфологиялық белгілері физико-химиялық қасиеттерімен танысу.

Тапсырма:

1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып кебірлердің морфологиялық белгілерін қарастыру, дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.

2. Кебірлердің классификациясы, түзілу жағдайларымен танысу.

3. Қазақстан және Солтүстік Қазақстан топырақ картасынан кебірлердің таралу шекарасын қарастыру, алып жатқан ауданын анықтау.

Тапсырмаға түсініктеме.

Кебір топырақтар дегеніміз иллювиальды қабаты құрамында сіңірулі күйде көп мөлшердегі алмасулы натрий, кейде магний бар топырақтар. Кебірлер кескіні бірден дифференцияланады және қолайсыз агрономиялық қасиеттерімен сипатталады. Кебірлер сорлар сияқты тұзданған топырақтар категориясына жатады айырмашылығы суда еритін тұздар топырақтың беткі қабатында емес тереңірек орналасқан.

Кебір кескіні анық байқалатын қабаттарға бөлінеді қарашірікті – элювиальды (кебір үсті А1), кебірлі немесе иллювиалдық (В1), кебір асты (В2) және ВС алмасу қабаты С топырақ түзуші жынысқа жалғасып кетеді.

Қарашірікті - элювиальды қабат кесектеу, тақталана біткен құрылысты, қабатты, кеуекті, лайлы фракция азайған осыған байланысты төмен орналасқан кебірлі қабатпен салыстырғанда жеңіл механикалық құрамды. Дала және құрғақ-дала аймағының кебірлерінде бұл қабат түсі ашық қоңыр, қара-қоңыр, ал дала және орманды - дала кебірлерінде күңгірт сұр түсті. А-қабатының, қалыңдығы 2- см ден 20-25 см-ге дейін.

Кебірлі қабат В1 кебір үсті қабатымен салыстырғанда күңгірт бояулы бағаналы құрылысты, сирек призмалы, жаңғақ тәрізді немесе тоң кесекті. Құрғақ күйінде бұл қабат өте тығыз, жарықшақты, ылғалды кезінде құрылыссыз, езілгіш жабысқақ. Кебірлі қабат қалыңдығы 7 см ден 25 см-ге дейін, жиі 10-15 см.

Кебір асты қабаты ашық бояулы, призма немесе жаңғақ құрылысты, құрамында гипс және карбонаттар бар.

Бұл қабаттан соң суда тез еритін тұздар өте көп жиналған қабат байқалады.

Кебірлердің физика химиялық қасиеттері. Кебірлер гранулометриялық құрамына тән ерекшелік, қабаттарында лай фракциясының бірден дифференциялануы. Қарашірікті - элювиалды қабат механикалық құрамының жеңілірек болуымен ерекшеленеді. Ал иллювиалды қабат керісінше лай мөлшерінің көп болуына байланысты әрқашан ауырырақ болады.

Лай фракциясы минералдарының басым тобы монтмориллинит—гидрослюдалы минералдар—тобы болып табылады.

В.И. Кирюшин, Солтүстік Қазақстанның дала және шабынды—дала кебірлерінің А1 қабатында қарашірік 2,3—4%, ал В1 қабатында 2,0—3,0%—деп көрсетеді. В1 қабатында сіңірілген натрий сіңіру сиымдылығының 13% тен—60% ке дейінгі аралығында ауытқиды. Бейтарап тұздармен ащыланған кебірлер баяу сілтілік реакциялы, ал құрамында сода бар кебірлерде сілтілік реакция жоғары (рН 8—10). Жылжымалы (жеңіл еритін) фосфор мөлшерінің аз болуы кебірлерге тән.

Кебірлер физикалық қасиеттерінің ерекшелігі, құралуының өте тығыз болуы, және тереңдеген сайын арта түседі. Ең аз көлемдік салмақ кебір үсті қабатында 1,2—1,3 г/см3, ал кебірлі қабатта 1,4—1,5 г/см3—ге ұлғаяды, аналық жыныста 1,6—1,7г/см3 болуы жиі кездеседі. Жалпы алғанда кебірлер қолайсыз су—физикалық және физика—механикалық қасиеттерге ие. Құрғақ күйінде тығыз құралған, ылғалды күйінде қатты ісінеді, созылма, жабысқақ. Су өткізгіштігі төмен, өсімдіктер үшін сіңімсіз ылғал мөлшері жоғары.

Қазіргі кезде кебірлерді су режиміне және оған байланысты қасиеттер комплексіне қарай үш типке бөледі: Автоморфты, жартылай гидроморфты, гидроморфты кебірлер. Типшелерге бөлу аймақтық жағдайларға қарай жүргізіледі, кебірлердің морфологиялық ерекшеліктерін және генетикалық қабаттардың қасиеттерін анықтайтын тегтерге бөлу химизм мен тұздану дәрежесіне негізделген. Түрлерге кебірлер былай бөлінеді: кебір үсті қарашірікті-элювиальды қабат қалыңдығына қарай, қабаттағы алмаса сіңген натрий мөлшеріне қарай (27-кесте).

Автоморфтық кебірлер (далалық). Автоморфты кебірлер жер асты сулары терең жатқан (6 м-ден терең) жағдайда қалыптасады. Олардың қалыптасуы негізінен тұзды топырақ түзуші немесе төселу жыныстарының шығуына байланысты.

Топырақ кескіні дала кебірлерінде анық дифференциаланған. Карбонатты қабат 35—50 см тереңдікте орналасады, карбонаттар ақ көзше түрінде анық байқалады. Олардан кейін гипс қабаты орналасады, төменірек тұздар жиналу қабаты орналасады, тұзданудың хлорид-сульфатты типі басым.

Жартылай гидроморфты кебірлер (шабынды—далалық). Жайылмадан жоғары бірінші және екінші террасада қалыптасады, қырат аралық және көл алды ойпаңдарында қосымша жер асты немесе аралас (жер беті мен асты) ылғалдану жағдайында. Жер асты сулары 3—6м тереңдікте жатады.

27- кесте – Кебірлерді классификациялау

Тип Типше Тегі Түр
Авто морфты Кебір қаратопырақ Кебір қара-қоңыр топырақ Кебір құба топырақ Содалы-сульфатты, содалы-хлоридті-сульфатты, сульфатты-хлоридті, хлоридті-сульфатты. Сорланған, тұздар 5-30 см-де. Жоғарғы қабатта сортаңданған, тұздар 30-50 см-де. Сортаңданған, тұздар 50-100 см-де. Тереңде сортаңданған, тұздар 100-150 см-де.Тұссыз-тұздар 150 см-ден тереңде. Кебір-сор, мол сортаңданған, орташа сортаңданған, сәл сортаңданған, сортаңданбаған. Жоғарғы қабатта карбонаты немесе гипсі бар (олар 40 см-ден жоғары). Тереңде карбонаты немесе гипсі бар (олар 40 см-ден тереңде). А1 қабаты қалыңдығы бойынша: 0-5 см-қабыршақты 6-12 см саяз 13-18 см орташа >18 см терең В1 қабатында алмаса сіңген натрий мөлшері бойынша: <10%-қалдықты 10-20%-аз натрийлі 20-40%-орташа натрийлі >40% көп натрийлі
Жартылай гидро морфты Кебір шалғынды қара топырақты Кебір шалғынды қара-қоңыр топырақты Кебір шалғынды құба топырақты
Гидро Морфты Кебір қара шалғынды Кебір қара-қоңыр шалғынды Кебір құба шалғынды Кебір шалғынды батпақты

Гидроморфты кебірлер (шабынды және шабынды—батпақты) өзен жайылымдарында қалыптасады, көл алды және қырат аралық ойпаңдарда және басқа дисперсияларда шабынды кебір өсімдіктері астында жер асты суларының жақын жату—жағдайында (3м дейін) тұзды—су ерітінділерінің тұрақты немесе кезеңді әсері болып тұрады. Кебір асты қабатында тұздар көп мөлшерде болады, генетикалық және агрономиялық ерекшеліктері сипаттамасының маңызды көрсеткіштері мынадай:

-карбонатты және гипсті қабаттардың орналасу тереңдігі;

-кебір қабаты В1 құрамыңда сіңірілген күйіндегі натрий мөлшері;

-кебір үсті қабатындағы қарашірік мөлшері (жоғары қарашірікті А қабатында қарашірік 6%, орта қарашірікті 3—6%, аз қарашірікті 3%);

-жер асты суларының орналасу тереңдігі және минерализациялануы;

Кебірледі мелиорациялау (қайта жақсарту) жолдары, ауыл шаруашылығында танаптардың өнімділігін арттырудың тиімді жолы химиялық мелиорация гипстеу. Бұл кебірлердің—су физикалық және химиялық қасиеттерін бірден арттырады. Мелиорациялау заттары ретінде гипс, фосфо-гипс, хлорлы калий, күкірт қышқыл темір және т.б. қолданылады.

Сіңірулі күйіндегі натрийдің артық мөлшерін кальциймен алмастыру үшін қажетті гипс мөлшері төмендегі формуламен анықталады:

Мөлшер (т/га) CaCO4+H2O 0,086 (ИА –0,55хТ) хННх аУ

мұндағы:

ИА—сіңірулі натрий мөлшері, мг—экв. 100г топыраққа;

Т—сіңіру сиымдылығы, мг—экв. 100г топыраққа;

НН—жыртылатын (айдау) қабат тереңдігі, см;

аУ—кебір қабаты тығыздығы, г/см3;

0,086—мг-экв гипс көрсеткіші, г.

Кебірлерді игерудің басқа жолдары да қарастырылған, мәселен төменгі қабаттардағы кальций карбонаттарын немесе гипсті кебірлерде өзіндік мелиорация арқылы қолдану.

Жалпы кебірлерді игеру агрошаралары, карбонатты, гипсті, тұзды қабаттардың қалыңдығына және жер асты суларының тереңдігіне қарай дифференцияланған. Қазақ астық-шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында кебір жерлерді агромелиоративтік топтау және әр топ үшін агротехникалық мелиоративтік шаралар қарастырылған.

I-топ- аймақтық кебірленбеген және сәл кебірленген топырақтар—комплексті кебірлігі 10—30%. Аймақтық агротехника негізінде кебір дақтарын іріктеп көң төгу 30т/га немесе гипстеу арқылы игеру. Барлық ауыл шаруашылық дақылдарын өсіруге болады.

II топ дала және шабынды дала кебірлері, кебір қабатындағы алмасулы натрий сіңіру сиымдылығының 10% нен төмен, кебір үсті қабатында қалдықты тұзданған немесе сәл тұзданған.

Негізгі өндеуді бұл топтағы кебірлерде аударма плугтармен ПН-8-35 30-33 см тереңдікке жүргізген дұрыс.

Бұл топтағы кебірлерде алғашқы игеру жылдарында парлы-дақылды ауыспалы егіс, негізінен арпа ұсынылады. Бұл жерлер бірінші кезекте игеріледі.

III топ. Бұл топ екі топшаға бөлінеді.

I топша дала және шабындық дала кебірлері.

Натрий мөлшері аз, 0—40 см қабатта гипс пен карбонаттар бар қарашірік 1—5% -тен аз.

Бұл топшадағы кебірлерді 40—45 см тереңдікке плантажды және үш ярусты плугтармен жырту ұсынылады. Алдымен қабатын ауыр-дискілі тырмалармен бөлшектеп алу қажет. Игеру—дақылы ретінде пардан кейін-бірінші жылы арпа ұсынынады, келесі жылдары көп жылдық шөптер себу қажет.

II топша дала, шабынды-дала кебірлері натрий мөлшері аз, гипс пен карбонаттар 40см тереңдікте кездеседі.

Бұл кебірлерді негізгі өңдеу жолы терең жырту, шым қабатын алдымен бөлшектеп алады. Игерудің бірінші жылдары бұл топтағы кебірлерде парлы-дәнді дақылды ауысымды егісте арпа еккен дұрыс.

IV-топ. Дала кебірлі қабатта сіңіру сиымдылығының 20% артығы алмасулы—натрий 0—40 см қабаттағы тұздану орташадан жоғары емес, қарашірік құрамы 1—5%-тен кем емес.

Бұл топтағы кебірлерді игеру өздік-мелиорация жолымен жүргізіледі. Бұл топырақтарда плантажды немес үш ярусты плугтармен 40—50 см тереңдікке жырту ұсынылады, алдымен 2/3 рет шым қабатын бөлшектеп өтеді.

V-топ. Дала мен шабынды—дала, орташа және ұсақ кебірлері. Кебір қабаты кұрамындағы натрий сіңіру сиымдылығының 20% нен жоғары 0—40 см тереңдікте тұзданған, тұздану ортадан жоғары емес. Бұл кебірлерді мелиорациялау химиялық жолмен жүргізіледі.

VI-топ. Шабындық—дала және шабындық, орта және ұсақ кебірлері. 0—40 см қабатында өте сортаңдаған, натрий мөлшері көп немесе орташа және әртүрлі дәрежеде сорланған топырақтармен комплексті.

Алтыншы мелиоративтик топтағы кебірлерді игеру жолы топырақты—аудармай терең қопсыту ПН—8-35 плугтарымен 30—33 см тереңдікке, алдымен дискілі тырмалармен 2—3 рет бөлшектеу қажет. VI-топ кебірлерінде тұзға төзімді тамырсабақсыз идайық егу ұсынылады.

VII-топ. Дала, шабынды—дала, шабынды—қыртысты өте күшті сорланған кебірлер жатады.

Олар мал жайылымы ретінде қолданылуы мүмкін.

БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ:

1. Қандай топырақтар кебірлер деп аталады?

2. Кебірлердің негізгі морфологиялық айыру белгілерін атап беріңіздер.

3. Кебір топырақтар кескіні қандай генетикалық қабаттарға бөлінеді?

4. Физико-химиялық қасиеттердің кебірлерге тән белгілерін атап беріңіздер.

5. Кебірлер қандай қолайсыз қасиеттерге ие?

6. Кебірлерді қандай мелиорациялау әдістерімен жақсартады?


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: