Уильям Оккам ілімі

Орта ғасырдағы ой-пікірдің көрнекті өкілдерінің бірі Уильям Оккам (1280-1349жж.) Оксфорд университетін бітірген. Негізгі еңбектері: «Логика жинақтары», «Құпиялықтар жөніндегі трактат», «Сұхбаттар» т.с.с.

Егер Фома Аквинский схоластикалық философияда өзінің ен биік шыңына жетсе, Уильям Оккамнан бастап, оның тек құлдырауы басталады. Біріншіден, сенімнің ақыл-ойдан дербестігі оларды бір-бірінен ажыратады. Уильям Оккам сенім мен ақыл-ойды бір-бірінен айырып алыстатуға тырысады.

Логикаға негізделген ақыл-ой сезімдік дүниені тануға мүмкіндік береді, оларды тексеруге, дәлелдеуге болады.

Сенім ақиқаттарына келер болсақ, оны ақыл-ой арқылы түсіну де, дәлелдеу де мүмкін емес. Аян ақиқаттарын біріктіретін логика емес, Сенім ғана. Мысалы христиан дінінің үштік қағидасына Уильям Оккам мынандай баға береді: «ол қайсыбір мән-мағына, ақыл-ойдан басым». Сондықтан ақыл-ой сенімге тірек бола алмайды. Сезім, ақыл-ой мен діни қағидаларды талдаудың өзі күнәға жақын, өйткені Құдай бізді сүйіп, өзінің аянын сыйлады, оны біз сол күйінде іштей қабылдауымыз керек.

«Егер Құдайдың құдіретті күші сондай шексіз, ал біздің Дүние оның ерікті түрде тудырған мүмкіндігінің бірі ғана болса, онда Құдай мен шектелген өтпелі Дүниенің арасында Құдайдың жасампаз еркі мен құдіретті ақыл-ойынан басқа не бар?» - деген өткір сұрақ қойып, өзі қойған сұраққа: «Олай болса, Августиннін универсалды мәндері жер мен Құдайды дәнекерлік етіп жалғастырып тұратын ол адамның бос тәкаппарлығы емес пе! - деп ашық жауап береді.

Уильям Оккамның номинализмі

Құдай мен жердегі өтпелі әлемді бір-бірінен айырғаннан кейін, Уильям Оккам: «Әлемде жекеліктен баска еш нәрсе жоқ», -деген пікірге келеді. «Ақыл-оймен танылатын жанның сыртындағы еш нәрсе өзіне, я болмаса, басқаға универсалды емес, ол адамның қай жағынан алғанда да есек емес екені сиякты». Универсалиялар -(жалпы ұғымдар) заттарға койылған аттар ғана, олар шындықтың негізі бола алмайды. Универсалияларды тудыртатын - заттардың бір-біріне ұқсастығы. Мысалы, Сократ - ол нақтылы адамның аты, ал «адам» - универсалия. Олай болса, Дүниенің ешқандай ең жалпы заңдылықтары, олардың баспалдақтық бір-бірімен байланыстары

т.с.с. жоқ.

«Универсалиялардан тұратын білім ешқандай нақтылы нәтижеге әкелмейді, оның ешқандай жемісі жоқ. Егер біз тәжірибеде кездесетін заттардың арасындағы қайталанулықты зерттеп, оның болашақта болуы туралы болжам жасасак, сол жеткілікті», - деген пікірді Уильям Оккам ұсынады. Ал мұндай көзқарастан белгілі бір таным принципін шығару мүмкіндігі пайда болды.

Уильям Оккам ұстарасы

«Мән-мағынаны кажеттіктен жоғары көбейтпеу керек».

Бұл - Уильям Оккамның ұстарасы. Ол арқылы Уильям Оккам метафизикалық ұғымдардың көбін теріске шығарады, өйткені олар дәлелденбейді және пайдасыз. Біз заттардың сапасы мен қасиет-терінен басқа тәжірибелік зерттеуде еш нәрсе таппаймыз. Олай болса, метафизикалық жалпы ұғымдар мәнсіз, тек таным процесін киындатады. Сондықтан тек тәжірибелік танымға ғана сүйену керек. Ол - танымның іргетасы.

Әрине, мұндай көзқарас схоластикалық философияға үлкен соққы жасап, болашақ тәжірибелік танымға жол ашты.

Ал оның қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне тигізген әсерін алатын болсақ, онда жекелікті, жалқылықты ғана мойындау, діни көзқарасты ғылыми білімнен бөлу идеясына келеміз. Қоғамның саяси саласында діни биліктің саясаттан бөліну керектігі жөніндегі идеяны туғызады. Ал Дүниеге келген жаңа идея іске аспай қоймайды. Оның ар жағында жеке адамның құқы, оның мүддесінің жалпы қоғамның мүддесінен басымдығы жөніндегі идея да алыс емес.

§ 4. Исламдық ортағасырлық мәдениет аясындағы арабтық-мұсылмандық философия

Дүниежүзілік философия тарихында Шығыстағы Көне Қытай, Үнді, Парсы т.с.с. елдеріндегі пайда болған философиялық көзқрастардан тыс Орта ғасырларда дүниеге келіп, өзінің ерекше болмысымен тарихта танылған Орта Азия мен Араб елдеріндегі ұлы философиялық ой-пікірлерді айтуға болады.

Көне заманның аяғында құл иеленушілікке негізделген қоғам сарқылып, Орта ғасырларда «тарихи белсенділік» Шығыс халықтарының үлесіне тиеді. Оның негізгі себебі - тайпалық-рулық, соғыс демократиясының негізінде өмір сүріп жатқан, көпқұдайлыққа табынған араб тайпаларыньщ басын біріктіру қажеттігі еді. Осы қажеттіктің негізінде Ислам дүниеге келіп, сол діннің негізінде Арабтар империясы пайда болады. Ол Индтан Атлантика мұхитына дейін созылған мемлекет болды. Көшпенді араб тайпалары бастарының бірігуі олардың арасындағы қақтығыстарды тоқтатып, жаулап алынған Батыс пен Шығыс, Орта Азиядағы халықтардың мәдениетімен танысуға, бейбіт жағдайда өндіргіш күштердің дамуына, сауда-саттық пен теңіз арқылы байланыстардың өсуіне әкелді.

Араб империясы Батыста Испанияға дейін жетіп, өзінің мәдениеті, діні, философиясын жаңа елдерге таратты. Мысалы, бүгінгі таңда дүниежүзілік сөздікке кірген «арсенал», «адмирал» «тариф», «авария», «медицина», «алгебра» т.с.с. сөздер араб сөздіктерінен шықкан.

Аз уақыттың ішінде арабтар мемлекетті басқару, соғыс жүргізу, мәдениетті дамыту салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Оның бәрі басқа халықтардың мәдениетіндегі жетістіктерді өз дүниетанымен ұштастыру арқылы келсе керек.

Дүниежүзілік мәдениетке қосқан арабтардың үлесі көп. Соның ішінде философияға келетін болсак, олардың өшпес еңбегі - Антикалық дәуірде пайда болған философиялық ілімдердің бәрін ұқыпты зерттеп, өз тіліне аударып, оны әрі қарай дамытуы.

Бұл үлкен «аудармашылық қозғалыс» ретінде тарихта қалды. Эвклидтің еңбектері мен Плотомейдің «Альмагестінен» бастап, Платон мен Аристотельдың шығармаларының бәріне дейін араб ғалымдары өз тіліне аударып, халықтың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Бұл қозғалыс VII ғасырдың аяғынан бастап XI ғасырға дейін созылды.

Ал арабтардың өздерінің ғылымға қосқан үлесіне келер болсак, Абу-Миамардың «Зидж Абу-Миамар» деген еңбегі сол кездегі астрономиялық ілімнің биік шыңы болды. Аль-Батанидің жасаған астрономиялык кестелері латын тіліне аударылып, Еуропалық астрономия оқулығына айналды. Синус пен косинустарды астрономиялык есептеулерге алғаш енгізген де - сол кісі.

Цбн-Юнус уакытты өлшейтін маятник ойлап шығарды. Джабир Цбн-Афьян - алғашкы обсерваторияның негізін қалаған адам, ал Абу-Муса Джабирді «химия ғылымының әкесі» деп атайды. Закария Разидің «Барлығын қамтитын кітабы» да латын тіліне аударылды, ол заманының ең ұлы дәрігерлерінің бірі болған.

Арабтардың философия саласына енгізген еңбектері - ерекше әңгіме. Оны осы тарауда талдайтын боламыз.

ХІ-ХІІ ғасырларда арабтардың барлык игерген мәдениет кұндылықтары Батыс Европа халықтарының тілдеріне аударыла бастайды.

Араб мәдениеті, әрине, Орта Азия халыктарының тағдырына, мәдени дамуына өзінің зор әсерін тигізді. Негізгі нәтижелердің бірі Орта Азия халықтарының бірқұдайлыққа көшіп, Ислам дінін қабылдауы болды. М.Вебер уақытында айтқандай, ислам - көшіп-қонған жауынгер халықтарының діні. Біздің жартылай жерде отырған, жартылай көшпелі өмір салтын ұстаған қазақ халқының дүние сезіміне бұл дін сай келіп, оның бергі тарихы осы діннің аясында өмір сүріп және бүгінгі таңға дейін дамып келеді.

Аль-Кинди - араб философиясын бастаушы ұлы тұлға

Аль-Кинди (800 Ж.-879 ж.) ақсүйектер отбасында дүниеге келеді. Бағдад қаласында білім алып, өзінің пісіп-жетілген уақытын осы қалада өткізген.

Аль-Кинди өз заманының жан-жақты дамыған ғалымы болды, ол айналыспаған ғылым саласын табу қиын. Ол 200-ден артық кітап жазған, бірақ көбі осы уақытқы шейін сақталмаған. Негізгі еңбектері: «Аристотельдің кітаптарының саны және философияны ұғу үшін не керек?», «Бірінші философия жөнінде», «Бес мән-мағына жөніндегі кітап» т.с.с.

Аль-Киндидің онтологиялық көзқарастары

Аль-Кинди болмыс мәселелеріне тоқталған кезде, екі субстанция жөнінде айтады. Бірінші субстанция ол сезімдік заттар, оларды сан мен сапалық жақтарын зерттеу арқылы білуге болады. Субстанцияның сандық жақтарын сан жөніндегі ғылым зерттейді; екінші ғылым -- сапалық үйлесімдіктерді, заттардың мөлшерлік қатынастарын салыстырады.

Заттардың сапалық жағын геометрия және астрономия ғылымдары зерттейді. Бұл ғылымдарды біз математика саласына жатқызамыз. Оларды игермей, адам субстанцияны білмейді. Соңғыны білмеген адам философияны білмейді. Философияны білмеген адамға екінші субстанцияға жетуге жол жабық. Өйткені ол тұрақты және өзгермейді...

Аль-Кинди: «Адамзат өнерінің ішіндегі ең ғажабы - философия», - дейді. Оның мақсаты заттардың шынайы табиғатын ашу, соның негізінде өзіміздің жүріс-тұрысымызды, іс-әрекетімізді анықтауымыз, сәйкестеуіміз керек.

Ақиқатты ашу үшін себебін табу керек. қайсыбір затты танудың себебі - ақиқатқа жету, өйткені болмыстағы бардың ақиқаты да бар. Ақиқат қажетті танылады. Ең ізгі нәрсе - бірінші ақиқат - Алла-тағала жөніндегі ғылым. Бір денені табу үшін ең алдымен 4 сұракка жауап беру керектігін айтады ойшыл.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: