Себебі неде?

Аль-Кинди жағалай қоршаған болмысты Ай астындағы Дүние санайды. Ал айдың ар жағында әлемде ешқандай қозғалыс: деп Дүниеге келу, кету, құру жоқ. Ол - тек қана жер бетіндегі болмысқа тән нәрселер. Бізді қоршаған болмыс 4 элементтен тұрады: от, ауа, жер, су, олар өзгермейді, тек солардан тұратын заттардың элементтері ғана азайып, көбеюі мүмкін.

Адам дүниетанымының екі түрі бар. Біріншісі бізге жақын, бірақ мән-мағынадан алыста. Ол - сезімдік тану. Ол өне бойы өзгерісте, тұрақты емес, уақытша ғана өмір сүретін заттарды танумен байланысты. Оның сан жағы тұрақты емес: үлкейеді, кішірейеді, теңеледі, теңсізденеді. Оның сапасы жағы да өзгерісте: ол өзіне ұқсайды, ұқсамайды, күшіне енеді, әлсізденеді... Осы өзгеріп жаткан Дүниедегі заттардың бітімі қабылданады да, оны адам есіне, ақыл-ойына жеткізеді.

Екінші таным түрі мән-мағынаға жақын болғанымен, бізден алыс, ол - ақыл-ой танымы. Жеке материалдық заттар сезімдік қабылдауда ғана болады. Қос түрақты мен текті алатын болсак, оларды түйсіктер арқылы кабылдай алмаймыз, бірақ оларды ақыл-ойдың елегінен өткізе алуға болады. Қорыта келе, Аль-Кинди адамның дүниетану мүмкіншілігін мойындап, айнала қоршаған ортаны зерттеп, ғылымды дамытуға шақырады.

Аль-Киндидің философиялық көзқарастарын әрі қарай дамытып, Аристотельдің еңбектерін араб тілінде аударып, оған көлемді түсініктер жасап және өзінің ерекше философиядағы ойларымен тарихта қалып, философия тарихында «Екінші мұғалім» атағын алған Әл-Фараби болды.

Әл-Фараби (толық аты Абу Насыр Мухамед Ибн Тархан Ибн Узлақ ат Тюрки) Қазақстан жерінде, Отырар қаласында 870-950 жж. дүниеге келген. Жас кезінде білім іздеп, Таяу Шығыста Бағдад пен Алеппо қаласында білім алып, араб тілі мен грек тілін меңгеріп, антикалық философияны зерттейді.

Әл-Фарабиді араб философы деп толығынан бағалауға болады, өйткені ол, араб рухынан нәр алып, өз еңбектерін сол тілде жазған. Сонымен қатар оны қазақ халқының философы деп те атауға болады, өйткені ол біздің елде дүниеге келіп, сонынан қазақ халқын құраған көп түрік тайпаларының біреуінен шыққан, біздің сол кезде өмір сүрген бабаларымыздың дүниені түйсінуі мен дүниетанымын бойына жас кезінде сіңірген.

Бірақ ең жақсысы - оған Шығыс философиясының жұлдызы, тіпті дүниежүзілік философияның ең ірі тұлғаларының бірі деген баға берсек, ол дұрыс болар еді.

Әл-Фарабидің философиялық еңбектері көп. Солардың ішінен «Ғылымдарды іріктеу жөнінде», «Ізгі қаланың тұрғындарының көзқарасы жөнінде», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жөнінде» деген еңбектерін атап өтуге болады.

Онтологиялық (болмыстық) ілім

Әл-Фараби онтология ілімінің негізінде неоплатонизмнің «эманация» (тасу, ағу) ұғымы жатыр. Бүл ағымның негізін қалаушы Плотин Дүниежүзілік Бір мен материялық өмірдің екі ортасында дүниежүзілік ақыл-ой (nous) және дүниежүзілік жан (рsусһе) бар деп есептесе, Әл-Фараби бұл көзқарасты анағұрлым күрделейді. Өзінің «Ізгі кала жөніндегі» еңбегінде Әл-Фараби: «Дүниені тудырған - «Бірінші Мән», — дейді. Ол бүкіл баршаның өмір сүруінің алғашқы себебі, ол кемеліне келген, ешқандай мінсіз (одан баскалардың бәрінің де ең болмаса бір, я бірнеше кемшіліктері, міндері болады).

Алғашқы Мәнде қайшылық пен бейболмыстық жок, өйткені олар - тек қана «ай астындағы Дүниеге» тән нәрселер. Сол себепті ол – мәңгілік, ол өзінің өмір сүруі үшін ештеңені: себепті, бітімді, мақсатты, ұмтылысты т.с.с. кажет етпейді, өйткені оларды ол қажет етсе, онда ол бірінші себеп болмас еді.

Әл-Фараби «Алғашқы Мәнге» оның мән-мағынасын көрсететін басқа ұғымдарды қолданады: «Ол барлығынан биік, барлығын білетін, Дана, Ақикат, Тірі, Өмір», - дейді.

Бірінші Мән материя емес. Сондықтан ойшыл оған «белсенді ақыл-ой» (активті интеллект) деген ат қояды.

«Бірінші Мәннен бүкіл Болмыс пайда болады. Өйткені ол өз-өзіне сыймай, тасып ағады (эманациялайды). Ал Болмыстың Дүниеге келуі - оны тудырған Бірінші Мәннін жойылуы деп түсіну қате», - дейді ұлы ойшыл. Мысалы, сәбидің Дүниеге келуі оны тудырған әке-шешесінің Дүниеден кетуімен тең. Ал ол - біздің «ай астындағы» болмысқа ғана тән нәрсе. Ал Алғашқы Мәнге келер болсақ, ол басқа Болмысқа өмір бергенменен, өзі жойылмайды, мәңгілік, егер ол жойылса, онда ол оның Алғашқылығын жояр еді, оның сыртында одан да жетілген басқаның бар екенін көрсетер еді. Олай болса «Алғашқы Мән» өзі үшін өмір сүреді, басқа Болмыстар соның ішінде, соған қатысты ғана өмір сүре алады.

«Бірінші Мән» өз-өзіне сыймай тасыған сәтте, екінші Барлык дүниеге келеді, ол абсолютті денесіз, өзінің мән-мағынасын ашып және Алғашқы Мәннен пайда болғанын түсінеді. Ол арнасынан шығып, қажетті түрде «үшінші Барлықты» тудырады. Ол да материя емес, өзінің мән-мағынасын ашып, Бірінші Мәнді түсінеді. Үшінші Барлықпен «Бірінші Аспанның» болмысы бітеді. Үшінші Барлық қажетті түрде төртіншіні тудырады. Ол әлі материя емес.

Барлық қажетті түрде «қозғалмайтын жұлдыздар» әлем болмысын төртінші тудырады.

Әл-Фараби оларды Сатурнның болмысынан бастайды. Ол Юпитерді тудырады, содан кейін Марс, Күн, Венера, Меркурий, Ай болмыстары дүниеге келеді. Аспан болмысы Аймен бітеді.

«Ай астындағы Болмыс», яғни біз өмір сүріп жаткан Дүние. Сонымен ол бірінші «Бірінші Мәннің» тудырған Болмысы болып шықты. Бүл болмыстың ерекшелігі — ол көптік әлемі, оның негізінде төрт табиғи нәрсе жатыр, ол: жер, от, су, ауа. Олардың әртүрлі қосындылары жер бетіндегі заттарды тудырады. Тіршілік әлеміне келер болсак, Әл-Фараби оны үшке бөледі - өсімдіктер, акыл-ойы жоқ жануарлар, ақылды жануар (адам).

Әл-Фарабидің интеллект (ақыл-ой) жөніндегі ілімі

«Бірінші Мән» - белсенді ақыл, ол өзі тудырған Дүниеде төрт негізгі интеллекті (ақыл-ойды) тудырады. Олар потенциалды (роtеntіа - лат. сөзі, мүмкіндік), актуальды (асt - лат. сөзі, шындық, іс-әрекет), игерілген және іс-әрекеттік ақыл.

Потенциалды интеллект (ақыл-ой) - ол жеке пенденің жан дүниесінің болмыстағы заттардың бітілімін тану-білу мүмкіншілігі. Ал Дүниедегі заттарды алатын болсақ, олардың мән-мағынасы, бітімінің танылатындығында жатыр.

Актуальды интеллектіге келер болсақ, Әл-Фараби ойынша, болмыстағы заттардың табиғатында олардың ақыл-оймен танылып, оның бітімінің ақыл-ойда өзінің материалдық негізінен бөлініп өмір сүру мүмкіндігі жатыр. Сонымен тану процесінде заттардың бітімі абстрактылау арқылы ерекше болмысқа ие болып, оймен жететін актуальды интеллектінің объектіне айналады.

Игерілген интеллектіге келер болсақ, ол жеке пенденің Дүниені, заттарды танып, олардың мән-мағынасын өзінің жан дүниесінің ажырамас бөлігіне айналдыруында жатыр.

Іс-әрекеттік интеллект - Әл-Фарабидің ең күрделі ұғымдарының бірі. Ол ешқашанда материяда болмаған. Ол потенциалдық ақыл-ойдың шындыққа айналуына дәнекерлік жасайды. Оны жете түсіндіру үшін, Әл-Фараби көздің сәуле күші арқылы көру мүмкіншілігімен салыстырады. Көз қараңғыда тек қана керу мүмкіншілігіне ие. Ал күннің сәулесі көзден басқа заттарға түскен кезде, көз актуальды түрде Дүниені көре бастайды. Оның себебі күннің сәулесі тек қана көзге түскен жоқ, сонымен бірге заттарды да жарқыратып көрсетті.

Іс-әрекеттік интеллект, Әл-Фараби ойынша, күннің сәулесі сияқты таным үрдісінде өз дәнекерлік рөлін ойнайды. Сол арқылы потенциалдық интеллект актуальдіге айналады.

Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси, этикалық көзқарастары

Жоғарыда көрсетілгендей, Дүние Алғашқы Барлықтан саты-саты болып төмендеп өмір сүретін болса, онда қоғам өмірі де соған ұқсас. Тек мұндағы «Бірінші Мән» - ол Халиф, Имам. Ол өзінің жан Дүниесі, ақыл-ойы, рухымен өзін қоршаған уәзірлерге, олар өздерінен төмен басшыларға т.с.с. ықпалын тигізіп, ең соңында ол Қарапайым халыққа жетеді.

Қоғамның қажеттігін Әл-Фараби адамның жалғыз өзі өзіне керектерінің бәрін жасай алмайтындығынан, екінші жағынан, басқаларсыз өзін жетілдіре алмайтындығынан шығарады. Сондықтан адамдар бірігіп, өзара бір-біріне көмектесіп, қажетті заттармен бөлісіп өмір сүрген.

Қоғамды Әл-Фараби толық және толық емес кылып, екіге бөледі.

Бүкіл жер бетіндегі, қоғамдық дәрежеде ұйымдасқан адамзат: ол - белгілі халықтың өмірі, кіші - ол белгілі бір жерде орналасқан кешен-қала, ауыл - сондағы тұратын адамдар.

Ал толық емес қоғамға келер болсақ, ол белгілі бір ауылда, я болмаса қаланың бір көшесінде тұратын адамдар. Олар өз-өздеріне жеткіліксіз, сондықтан оларды ол толық емес деп атайды.

Әсіресе біз оқырманның назарын Әл-Фарабидің мына ойына аударғымыз келеді: «ұлы игілік», ең биік жетістіктерге ең алдымен қала жетеді, ал ауылды алатын болсак, оның негізгі қажеттілігі — оның тек қаланы қамтамасыз етуінде. Әл-Фарабидің өмірден кеткеніне 1000 жылдан артық уақыт өтсе де, қазақ халкына бұл ой осы уақытқа дейін өзекті мәселе болып жатыр. Бүгінгі өте қиын дағдарысты ахуалда қазақ халқы аянышты ауыр жағдайда урбанизация процесіне қатысып, қала халқына айналуда. Тек қала халқы қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне белсенді катысып, өзінің мүдделері үшін тиімді күресе алады.

Әл-Фараби қалалардың өзін екіге бөледі, олар игілікке бағытталған қала мен надандар қаласы.

Игілікке бағытталған қалада адамдар бір-біріне көмектесіп, бақытқа жетуге тырысады. Ол қала кемеліне келген адамның денесіне ұқсайды. Онда барлық дене мүшелері бір-бірімен тығыз үйлесімді байланыста, олар әртүрлі өздерінің табиғаты мен қабілеті бойынша өмір сүреді. Сол сияқты қаладағы адамдар да әртүрлі болса да, қала басшысына бағынып, бір-бірімен келісіп іс-әрекет жасап, өмір сүрулері керек.

Надан қала игілікке бағыт ұстаған қалаға қарсы тұр. Ол - адамгершілігі жоқ, айырбастау қаласы, адасқан қала.

Надан қаланың адамдары ешқашанда бақытты білмеген, сондықтан олар оған ұмтылмайды да, оған сенбейді де. Олардың ойынша, өмірдің мақсаты - денсаулық, байлық, рахатқа бату, ерікті түрде құмартуға берілу, даңқ пен ұлылықты армандау. Осылардың әрбіреуінің өзі осы қаланың тұрғындарына бақыт болып көрінеді.

Ал айтылғандардың бәрі қосылса, онда одан асқан бақыт болмайды деп ойлайды олар.

Әл-Фараби надан қаланың түрлеріне тоқтайды. Бүгінгі таңда біз де әлі өзіміздің даму бағытымызды, жалпы ұрандар болмаса, айқын анықтаған жоқпыз. Сондықтан ойшылдың мінездемелеріне тоқтай кетелік, мүмкін, оқырман одан өзінше дэріс алып, ойға қалар.

Қажеттілік қаласында адамдар өмірге ең негізгі керек

заттарды өндіру үшін бір-біріне көмектеседі.

Айырбастау қаласында тұрғандардың бәрі де байлыққа жету үшін бір-біріне көмектеседі, ол - сол қаланың негізгі мақсаты, басқа мақсаттарға жету жолындағы құрал емес.

Құлдыраған бакытсыз қалада адамдар тек тамақ табудан, ішуден, жыныстық қатынастан тек кана ой өрісіне көтерілмей, сезімдік ләззат алуға тырысады.

Баққұмар қаладағы адамдар бір-біріне көмектесіп, өздерін басқалардың алдында керемет етіп көрсеткісі келеді (біздің бүгінгі таңдағы кейбіреулердің «жаманымызды жасырайық, жақсымызды асырайық» деп жүргендері бұл қалаға жақын келеді, оларға «ауруын жасырған - өледі» деген нақыл сөзді айтқымыз келеді. - С.М.

Билікті сүйгіш қаладағы адамдар басқаларға жоғарыдан қарап, оларды тәуелді етіп ұстағысы келеді. Оларды тек жеңіс кана қуантады.

Адамгершілігі жоқ қаланың тұрғындары игіліктің не екенін жақсы біле-түра, өздерінің іс-әрекеттерінде басқаша істейді.

Құбылмалы қаланың адамдары бұрын игілікке бағытталған болатын, ал соңынан басқа құндылықтар жолына түсіп кеткен.

Адасқан қала адамдарыының ойынша, бақытты өмір о дүниеге барғанда болады. Бірақ кейін келе, олардың көзқарасы Құдайға да, шын өмірге де өзгеріп, бұзылады.

Қоғам өмірінің дамуы, Әл-Фараби ойынша, негізінен, Ел басында басқарып отырған адамның қасиеттерімен байланысты болғаннан кейін, ойшыл оның қандай болуы керектігіне аса зор назар аударған.

Ойшыл ондай адамның 12 қасиеті болу керек дейді. Соңында олардың бәрін 6 тұлғалық касиеттерге әкеліп тірейді. Енді соларға назар аударалық.

Біріншіден, ол даналық дәрежеге жетуі керек, яғни барлык істі ақыл-ой елегінен өткізіп, халықтың тарихи тәжірибесіне, әдет-ғұрыптарына, адамгершілік түсініктеріне сай келтіруі керек;

Екіншіден, ол білімді адам болуы керек, өзінің есінде өткен тарихтағы заңдар, әдет-ғұрып нормалары мен ережелерін жақсы білуі керек;

Үшіншіден, әрқашанда тапқырлық көрсету керек, өйткені өмір өне бойы өзгерісте, олай болса елдің алдында бұрын-соңды болмаған жаңа ахуал пайда болып, бұрынғы басқару тәсілдерінің бәрін жоққа шығаруы мүмкін. Сондай жағдайда өмірге жаңаша қарап, шығармашылық тұрғысынан жаңа шешімдерге жету қажет;

Төртіншіден, аңғарғыш, көреген болу қажет. Ел басшысы тек бүгінгі күнді ғана ойлап қоймай, болашақ ұрпақтардың өмірі қандай болмақ; негізгі мақсат халықтың әл-ауқатын өсіру екенін естен шығармауы керек;

Бесіншіден, өзінің сөзімен халықты елдің заңдарын бұлжытпай орындауға бағыттау болмақ;

Алтыншыдан, Елбасының денсаулығы, дене күші жақсы болуы керек; ол оған соғыс жүргізген кезде әсіресе қажет болады;

Әл-Фараби ел басшылығына лайықгы, осы көрсетілген қасиеттердің бәрі бойында бар тұлғаның сирек кездесетінін атап өтеді. Сондықтан бұл қасиеттер екі тұлғада жиналса, онда олар бірігіп басқарсын дейді. Ал екі адамның бойынан табылмай, 4-5 адамнан табылса, олар бірге қосылып басшылық жасауы керек.

Сонымен қатар ел басына керек негізгі қасиет - ол даналық. Егер белгілі бір уақытта елдің басшылығында даналық болмай қалса, онда елдің бірінші басшысы тіпті болмай-ақ койсын, ондай қалаға қауіп төнетінін ескертеді ұлы ойшыл.

Біздің бүгінгі қоғамдағы қиындықтарды жеңу үшін, үкімет басындағы саяси элитаның биік дәрежеде болуы - қажетті нәрсе.

Оларды Әл-Фараби калдырған өсиеттерімен салыстырсақ, онда жетістіктерімізді және кемшіліктерімізді көруімізге болады. Біздің саяси элита аз уақыттың шеңберінде дүниеде жиналған қоғамды жаңарту жөніндегі білімді тез игеріп жатыр. Тапқырлық көрсетіп, шетелдерден экономикаға инвестициялар (қаражат) тартып жатыр; корегендіктен де кем емеспіз: кандай қиындықтарды басымыздан өткізіп жатсақ та, қазақ елі 2030 жылға қарай қандай дәрежеге көтерілуі керек, - оны да ойлыстырып койдық; дүниежүзілік заң шығару дәрежесіне сай етіп, біршама заңдарды да тудырдық; саяси элитаға талантты жастарды тартып жатырмыз.

Соған қарамастан, жеткен нәтижелер аздау. Оның негізгі себептерінің бірі - даналықтың жетіспеуі. Жалғыз технократизм (білім билігі), нақтылы жағдайды, тарихи тәжірибені ескермейтін, арсыз саясаткорлыққа әкеліп, Әл-Фараби айтқан надан қалаға жеткізуі мүмкін. Сондықтан саяси элитаға интеллектуалдық топтардың дәрежесін көтеріп, саяси шешімдерді солардың сараптауынан өткізіп отыруы қажет қой деп ойлаймыз.

Міне, осыдан 1000 жыл бұрын өмір сүрген бабамыз Әл-Фараби даналығы - оның қалдырған терең ойларының бүгінгі біздің өмірімізге сай келіп, алдымыздағы қиын мәселелердің шешімін табуға көмектесіп жатқандығы болса керек. Жалпы алғанда, кең түрде, философия тарихы, осы жағынан алғанда, ешқашан, қандай көне заманда пайда болса да ескірмейді, ондағы жиналған ойлар біздің шабытымызды оятып, жаңа көзқарастардың дүниеге келуіне, олардың өткен тарихпен сабақтастығының тереңдеуіне әсерін тигізеді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: