Діни экзистенциализм мен антропология 4 страница

Өйткені, адамның сыртқы іс-әрекеттері мен оның ішкі пиғылы, ниеттері бір-бірінен тіпті алшақ болуы да мүмкін. Құдайлыққа өтудің екінші сатысында адам осы екі ортада ешқандай

қайшылықтар болмауы үшін іс-әрекеттер жасауы керек, ол Алла тағаланың алдындағы ең жоғарғы адалдық дәрежеге көтерілуі қажет. Ол үшін адам өзіндік сана-сезіміне өне бойы тереңдей түсіп, оны Жаратушының Құдіретті күштеріне бейімдеуі қажет, Бұл -адамның екінші сатыдан - Тариқаттан өтуімен тең.

Сонда ғана адам Құдайға, яғни үшінші саты - Ақиқатқа көтеріліп, Алла тағаланы жүрекпен сезініп, онымен қауышады. Алайда Бұл сиқырлық - мистиқалық қиын жол, ол адамнын Құдайды іздеудің жолында күндіз-түні құлшылық етіп, өне бойы рухани ізденісте болуын талап етеді. Сонда ғана оның ішкі көкей көзі (интуиция) ашылып, аян арқылы ол Алла тағаламен сүхбаттаса алады.

Міне, осындай сопылық философияның Орта Азиядағы көрнекті өкілі ретінде Қожа Ахмет Яссауи (1094-1167 жж.) бабамызды айтуға болады. Ол халықтың ділінде аса ұлы діни қайраткер ретінде осы уақытқа дейін сақталған. «Меккеде - - Мүхаммед, Түркістанда - Қожа Ахмет!» деген сөздердің өзі оны бізге ашық көрсетеді. Негізгі осы уақытқа шейін жеткен еңбегі - «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы). Бұл еңбекті, негізінен алғанда, адамның рухани даму жолын жарқыратып, көрсетіп тұратын шамшырақ ретінде қарауға болады.

Қ.А.Яссауи философиясында қойылған негізгі мәселе - ол адам болмысы, ал оның өзінің екі жағы бар. Біріншіден, адам - дене, оның қажеттіктері өтелмей өмір сүру мүмкін емес; екіншіден, адам-рух, ол - оның басқа тіршіліктермен салыстырғандағы негізгі ерекшелігі, аса баға жетпейтін қасиеті. Бұл арада Қ.А.Яссауи үзілді-кесілді адамның терең мәнін оның рухани тұнғиығынан іздейді, Бұл көзқарас XX ғ. өмір сүрген неміс ойшылы К.Ясперстің «нағыз адамның өмір сүру ахуалы - рухани ахуал» деген сөзімен үндеседі. Өзінің жас кезіндегі пендешіліктің шырмауында болғанын жасырмай сынай келіп, ұлы ойшыл былай дейді:

«Жиырма тоғыз жасқа кірдім, халім харап,

Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.

Халім харап, бауыр кәуәп, көз Бұлдырап,

Сол себептен хаққа сиынып келдім, міне».

Пендешіліктің жолында (байлыққа, билікке, дене ләззаттарына ұмтылу т.с.с) адам өз өмірінің мәнін ашып, адамгершілік Қасиеттерін сақтап қалуы мүмкін емес: ол жалған жолға тұседі.

«Нәпсіге сен ерік берсең, не тілемес,

Еңіресең де Алла саған мойын бұрмас.

Қолға алсаң, жаман құстай қолға қонбас...», - дейді ойшыл.

Сондықтан Алла тағалаға жақындау жолы - пендешіліктең арылу, нәпсіні тыю. Ойшыл Бұл жолдағы өнегелік мысал ретінде Парсы патшасының ұлы Ибрахим ибн Әдхамды келтіреді. Руми Джалаледдин ол арсыз жөнінде былай дейді:

Бір күні Әдхамның сақшылары сарайдың шатырынан айғай-шу естиді. Сақшылар шатырға шығып, сонда жүрген адамдарды ұстап алып, Әдхамның алдына әкеледі. «Мұнда не істеп жүрсіңдер?» - деген сүраққа, олар: «Түйелерімізді іздеп жүр едік», - депті. «Қай заманда кім түйені шатырдан іздеген екен?» - деген сүраққа, олар: «Біз сенен өнеге аламыз, сен тақта отырып, Алла тағаламең жақындасқың келмей ме? Қай заманда кімде-кім осындай орыннан Құдайға жақындаған», - депті. Осыдан кейін Әдхам сарайдан қашып шығып, ел кезіп, дәруіштік жолға түскен екен. Міне, Қ.А.Яссауи Әдхамды өнеге етіп былай дейді:

«Әдхам сипат тақ пен бақтан қашып жүргіл,

Тілек берсең, дүние қызығын тепкім келер».

Сопылық философияның көрнекті өкілі Баязитті де өнеге тұтып: «Шайық Баязит жетпіс рет өзін сатты,

Бұл дүниенің бар қызығын тастап атты», - дейді.

Әрине, мұндай пікірлер кейбір оқырмандардың дүниеге деген көзқарасына сай келмеуі мүмкін. Бүгінгі жекеменшікті қалыптастырып, оны әрі қарай дамыту жолында «баю идеологиясы» көп насихатталғаны баршаға мәлім, - саяси түрғыдан алғанда, ол керек те болған шығар, өйткені бұрынғы Кеңес Одағындағы өндірісті бірегей (тотальды) мемлекеттендіру адамдардың өндірісті дамытуға деген ынталарын су сепкендей басып, өндіргіш күштерді тоқыраулатқан болатын. Негізінен, сол себепті ол қоғам да құлдырап, келмеске кетті емес пе? Алайда тек дүние қуу жолында дүрыс қоғам орнату мүмкін бе? Әрине, жоқ. Бұл жөнінде Қ.А.Яссауи былай дейді:

«Дүние менікі дегендер - жаһан малын алғандар, Құзғын құстай арамға белшесінен батқандар. Молда, мүфти болғандар - жалған жала жапқандар, Ақты қара қылғандар: ол тамұққа түседі. Қазы, имам болғандар - нақақ жала қылғандар, Есектей болып жегіліп, жүк астында қалады. Пара алған әкімдер - арамдықпен жүргендер, Өз бармағын өзі шайнап, өкінішпен қалады».

Ол өз заманындағы рухани-адамгершілік ахуалға көнілі толмай, ондағы кемшіліктерді қынжыла сынайды:

«Үлкен-кіші адамдардан әдеп кетті,

Қыз, келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.

«Ұят барда иман бар», - деп Расул айтты...

Ғажап сұмдық заман болды, достар.

Ел, дүние, халқымызда қайырым жоқ,

Патша мен уәзірлерде әділет жоқ...

Түрлі бәле халық үстіне жауды...».

Шамасы, Қ.А.Яссауидің өмір сүрген заманы ерте феодалдық қатынастардың қалыптасып, қарқынды даму, таптық қатынастар қайшылықтарының өсу кезеңі болса керек. Енді бүгінгі күнге кез жіберсек «қазы, имам болғандар» (қазіргі соттар), «пара алған әкімдер», «ар-ұждан, әдеп, үят, имандылық, қайырымдылық, әділет-тілік» т.с.с. рухани құндылықгардың құлдырауы Қ.А.Яссауидің заманына ұқсамай ма екен? - деген ащы сұрақ ойымызға келеді.

Жоғарыда қойылған сұраққа жауап беру үшін, біз қысқаша болса да, өткен жақын тарихқа кез жіберуіміз керек. Кеңес өкіметі бүкіл ұлттық байлықты мемлекеттендіріп, жекеменшікті түбірінен опырып, оның иелерін куғын-сүргінге ұшыратып, қоғам өміріне тұрпайы теңдік принципін енгізген болатын. Мұндай жағдайда адамдар ерікті еңбек етіп, өз қалауынша өмір сүре алмай, ішінен тынып, екіжүзділікке, айтылған сөзбен ой арасындағы алшақтыққа баруға мәжбүр болды. Енді міне, үш ұрпақ бойы (75 ж.) жаншылған еріктікке деген ынта, ырық тұрпайы социализмнен бас тартқан кезде, өзінің арнасынан шығып, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына өзінің теріс әсерін тигізді. Көркемдеп айтсақ, көп жылдар бойы беті жабық ыстық қазанның ішінде жиналған бу үлкен жарылысқа әкеліп, қоғамның біршама рухани іргетастарына зақым келтірді. Сондықтан да мемлекеттік меншікті жекешелендіру басталған кезде біршама байлық «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кете барды, лезде бай, өте бай адамдар пайда болып, халықтың көпшілігі кедейленіп, біршама бөлігі тіпті қайыршылық, жағдайға кез болды. Кеңес заманында шын билікке жете алмай, мәскеу партократтарының қолшоқпарларына айналған, сол рухта ондаған жылдар бойы тәрбиеленген көп шен иелері жаңа ғана қалыптасып жатқан мемлекеттің шеңберінде өздерін бүкілұлттық сана-сезімнін, талаптардың деңгейінде ұстай алмай, өз қамын ойлауға, жемқорлыққа көшкендерінің негізгі себебі де осында жатса керек. Қ.А.Яссауи бабамыздын сездерімен айтсақ, сол кезде пендешілік руханияттылықтан басым болып, «өзімшілдік», қоғамдық мүддемен санаспаушылық өз тойын тойлады.

Бүгінгі таңда, мемлекетті басқаруға жаңа ұрпақтар легі келгең кезде, нарықтық қатынастар бірте-бірте заңды жолға қойыла бастады да, сол себепті қоғамдық ахуал да басқаша өзгере бастады. Қазіргі басты міндеттердің бірі қоғамның рухани өмірің жандандырып, адамгершілікті басым ұстау болып отыр. Сонда ғана қоғамның бірлігін нығайтып, қарапайым адамдардың өмірге деген ынтасын арттыруға болады. Ал оның өзі біздің бостандығымыздың іргетастарын нығайтып, бүкіладамзаттық қауымның шеңберінде абыройлы орын алуға мүмкіншілік береді. Расында да, адам бұл өмірде жалғыздан-жалғыз өмір сүрмейді, менің еркімнің шеңбері екінші адамның еркінің аумағына жеткен кезде тоқталуы қажет. Белгілі француз ойшылы Ж.П.Сартр айтқандай, «еркіндік дегеніміз адамның басқалардың алдындағы жауапкершілігінің ауыр жугі». Біреу күйзеліс пен зардап шегуде болған жағдайда, екіншінің қанша дәулеті тасығанымен, бақытты болуы мүмкін емес. Қ.А.Яссауи бабамыздың даналығы - қоғамдағы күйзелістен шығу жолдарын қайсыбір зорлық-зомбылықтан, қантөгістен, төңкерістен іздемеуі. Ол Сократтың «өзіңді тани біл», Будданың «ең ұлы жеңіс - адамның өзін-өзі жеңе білуі» деген қағидаларына жақын жолды ұстайды:

«Залым егер жәбір қылса, Алла дегіл,

Қолың жайда, дұға оқып мойын сұңғыл.

Құдай тілек бермесе, сабыр қылғыл,

Хақтан естіл Бұл сөздерді айттым, міне».

«Сабыр түбі — сары алтын» деген халықтың нақыл сөзі осы -Яссауидің жоғарыдағы ойларымен үндесіп жатыр. Адамзаттың өткен жазұлы тарихында зорлық-зомбылықтың негізінде бақытты қоғамды орнатқан бірде-бір ел аталмайды. Керісінше, зорлық қарымына одан де өрескел зұлымдықты тудырады. «Жек көру жек көру-шілікпен ешқашанда тоқталмайды. Тек жек көрушіліктің жоқтығы ғана жек көрушілікті жояды», - деген екен ұлы Будда. Зорлық-зомбылықтың жолымен жер бетінде жұмақ - коммунизмді орнатқысы келген болыневиктер қоғамды қандай күйзеліске әкелгенін өткен жақын тарихымыздан жақсы білеміз. Бүгінгі таңда бүкіладамзаттық деңгейде соғысты, зорлық-зомбылықты болдырмау, әр болуы мүмкін шиеленісті бейбіт жолмен шеше білу, жеке адамның құқықтарын басымды орынға қою мәселелері үлкен орын алып отыр.

Қ.А.Яссауидің қойған пендешілікті шектеу, нәпсіні тыю, руханиятты жоғары ұстау, қанағаттыққа келу мәселелері бүгінгі әсер бетіндегі өмір сүріп жатқан адамзат қауымына өзінің өзектілігімен танылуда. Әрине, арада сан ғасырлар өтті, өндіргіш күштер ол заманда түске де кірмейтін ғажап биіктіктерге көтерілді, бірақ, сонымен қатар қоғамның рухани-адамгершілік саласы да сондай биіктіктерге самғады деп айта алмаймыз. Әрине, бұл сала да бір орнында қалған жоқ, онда да алға жылжушылық байқалады, бірақ оның даму қарқыны материалдық саламен салыстырғанда анағұрлым төмен болуда. Нәтижесінде, дамыған елдер бүгінгі таңда өз халықтарына материалдың жағынан қандай биік түрмыс деңгейін жасағанмен, миллиондаған адамдар өз өмірінің терең мән-мағынасын таба алмай, ішімдікке, нашақорлыққа, қылмыстыққа т.с.с. бұрмаланған өмір жолына түсуде. Тойымы жоқ қоғамда қанша мол материалдық игіліктер өндірілсе де, өне бойы жетіспеушілік байқалады. Сондықтан да осы елдердің көш басындағы АҚШ мемлекеті өз шекарасынан ондаған мың шақырым алыстағы жерлерді «өз ұлтының мүддесі бар аймақтар» деп жариялауда...

Қорыта келе, Қ.А.Яссауи бабамыздан қалған идеяларды бүгінгі адамзаттың рухани-адамгершілік күйзелістен шығу жолында іске жаратуға болатындығына біз кәміл сенеміз.

§ 4. ХҮ-ХVІIғғ. қазақ жырауларының шығармашылығы

XV ғ. қарай тарихының тамыры көне заманға кететін түркі тайпаларының өмірінде елеулі өзгерістер басталады. Мыңдаған жылдар бойы лек-легімен сонау Байқал көлі мен Алтайдан бастап Балқан тауларына шейін ағылған, ерікті өмір сүрген, басқа белгілі бір жерлерде орын тепкен мемлекеттердің аузы батпаған, керісінше, сол мемлекеттерді әрқашанда қорқынышта ұстаған көшпенділер тарихының сарқылу кезеңі басталады. Өйткені осы кезде дүние-жүзілік тарихта, нақтылай келе, Еуропа топырағында, Жаңа дәуірге өту кезеңі - Қайта өрлеу заманы басталады. «Ұлы мәртебелі Табиғаттың» балалары - көшпенділер - өзінің өмір аясының сарқыла бастағанын ішкі көкей көзімен болса да бірте-бірте сезіне бастайды: садақ пен найзаның, шоқпар мен білектің күшінің мүмкіншілігі азая түседі. Батыс қоғамдарында машиналық өндірістің негіздері қалыптаса бастайды, зеңбіректер мен мылтық оқтары соғыс технологиясын күрт өзгертеді.

Әңгімені нақтылай келе, Еуразия топырағына келер болсақ Алтын Орда мемлекетіне екі ғасыр бойы салық жинап келген Мәскеу князьдығы, барлық орыс жерлерін қол астына біріктіріп кушейіп, Шығысқа қарай қол сұға бастайды. Ежелгі турік бабаларымыз иемденген Еділ мен Жайықтың екі ортасындағы жайылымдарға үлкен қауіп төнеді. Ал Шығыс жақты алар болсақ, Түркі тайпаларынан кейінгі Азияның ұлы көшпенділері - ойраттар да Қытай жағынан қысылып, бері қарай жылжи бастайды. Ал мұның өзі XVIII ғасырда екі кешпенді халықтың бір-бірімен маңдайларымен соқтығысуына, олардың тарихында болмаған қантөгіске, апатқа әкеліп соғады. Әрине, Бұл қақтығыс жаңа ғана күшін алып, Шығыстағы жаңа жерлерге қолын сұға бастаған Ресей мемлекеті мен Қытай әміршілерінің мүдделеріне сай келгені сөзсіз еді. Ал енді Орта Азиядағы жерге отырын, тұрақтанып, халықтық дәрежеге көтерілген түбі бір түркі ұлыстары да көшіп-қонған, әлсіреп жатқан өз ағайындарына - көшпенділерге - қысым жасай бастайды.

Сол себепті Жәнібек пен Керей бастаған көшпенді тайпалары олардан үзілді-кесілді бөлініп, қазіргі Қазақстан жерінде өз мем лекеттігінің туын тігеді де, өзінің жаңа этнониміне - «қазақ» деген атқа ие болады. Алайда «...елдің басы қосылған соң да, бұрыннан бар ру-тайпалық кұрылым, сондай-ақ шаруашылық типі мен мәдениет дәстурлер жүйесі негізінен сақталады» (Н.Назарбаев. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999, 2116.) Оның себебі -көшпенділік өмір формасының қайсыбір өзгеріске ұшырамауында, оның қонсервативтік табиғатында болса керек. Әскери-демократиялық деңгейде, одан асса, ерте феодалдық қатынастардың негізінде өмір сүретін көшпенділер сол байырғы бытыраңқы жағдайда қала берді. «Ал әр ұлысқа кіретін әр тайпа, әр ру жалпақ елге ортақ күн туған кезде болмаса, өз ноқтасын өзі ұстап, ешкімге билік бере қоймайды. Бұл оғыз, тіпті қазақ хандығы тұсында да қала берді» (Ә.Кекілбаев. Түркістан тағлымы. Егемен Қазақстан. 12 сәуір, 2000 ж., 36.). Жоғарыдағы көрсетілген жаңа геосаяси жағдайларға, жалпы алғанда, жер бетінде қалыптаса бастаған Жаңа дәуірдің талаптарына сай жауап қайтару үшін, шынайы ел тұтастығы, халық бірлігі қажет еді. Бірақ ол іске аспады, тіпті Абылай ханның заманында, елге қатерлі қауіп төнген кездің өзінде бүкіл қазақтың басы бірікпеді. Ұлы Шыңғысханның өз уақытында қурған алып «Алтын Орда» империясының да түбіне жеткен әлсіз жері - осы өзіне-өзі жеткілікті, бір-біріне күні түсе бермейтін көшпенділік өмір салты, соның негізінде қалыптасатын бір орталық билікке бағынбаушылық, оны керек қылмаушылық еді. Әрине, Сары-Арқа даласының ойшыл-даналарының балтырын сыздатқан негізгі мәселе, міне, осы болатын.

ХҮ-ХҮІІІ ғғ. дүниеге келген философиялық ой-талғамдар, негізінен алғанда, жыраұйық түрде таралып өмір сүрді. Өйткені көшпенділердің арасында сауаты ашылған, жазылған сөзді оқитын адамдардың саны көп болмай, олар кебіне ақсүйектерге ғана тән болатын. Қарапайым сөзбен жеткізілген ой біреуден-екіншіге тарау жолында өзгеріп, алғашқы мән-мағынасын тез жоғалтатыны баршаға мәлім. Тек қана өткір де терең, нақышына келтірілген өлең шумақтары адамның ақыл-ойымен қатар, оның сана-сезіміне өзінің зор әсерін тигізіп, халықтың жадында сақталып, оның дүниеге деген көзқарасы мен іс-әрекетіне өзгертулер енгізе алды. Жалпы алғанда, бұл тек қана қазақ халқына ғана тән нәрсе емес. Қай заманда да, қай халық, өз поэиясын жан-тәнімен сүймеген, ол әрқашанда адамның жан-дүниесін билейтін әміршісі емес пе?! XX ғ. өмір сүрген неміс философы М.Хайдеггердің ез өмірінің соңына қарай поэияға бетбұрыс жасап, болмыс жөніндегі нағыз терең ойларды ұлы өлеңшілердің шығармаларынан іздегені осыған байланысты болса керек. Сол себепті де біз қазақ халқының қалыптасу жолындағы терең философиялық мәселелерді жыраулардың шығармашылық жолдарынан іздеуіміз керек.

Қазақ халқының ақын-жырауларының ішінен аса көрнекті тұлғалар ретінде Сыпыра жырауды (XIV ғ.), Асан қайғы, Қазтуған Сүйінішұлын (XV ғ.), Доспамбет пен Шалкиіз жырауларды (XVI ғ.), Жиембет пен Марғасқа жырауларды (XVII ғ.), Ақтамберді мен Тәтіқара, Бұқар жырау мен Шал ақынды (XVIII ғ.) атап өтуге болады.

Сыпыра жырау Тоқтамыс хан билеген сұрапыл күңгірт уақытта өмір сүрген жырау болса керек. Ол тарыдай бытыраған, басы бірікпеген халықты бірлікке шақырған, аңыздар бойынша «тоғыз ханды түзеткен» тұлға болған. Бейбіт өмірді уағыздаған ақын, өткен баяғы заманды аңсап былай дейді:

«Отырушы едік жайласып,

Шалғында бие байласып,

Құлын-тайдай ойнасып,

Иіндесіп, сырласып...».

Қандай қиын заманды халық басынан өткізіп жатса да, Сыпыра жырау оның жарқын болашағына сенеді:

«Көп ішінде сөйлесем, Жас жігіт саған қарасам,

Қара лашын түйғынсың,

Асылыңа қарасам,

Құс алатын қырғисың.

Қызыл тілге келгенде,

Сар садақтың оғындай,

Көлденеңдеп зырғисың», - деп сүйсіне қарайды.

XV ғ. өмір сүрген Қазтуған Сүйінішұлы - Еділ мен Жайық арасын мекендеген ұлыстарды өмір бойы бірлікке шақырып, ел-жұртына тыныштық, бақ-дәулет тілеген жырау.

«Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақ ала ордам қонған жұрт», - деген ақынның екі жолынан, бір жағынан, оның халқына деген махаббатын, екінші жағынан, оның оған деген аяныш сезімін байқауға болатын сияқты. Жырау өзінің жеке өмірін халқының тағдырымен ажырамастық тұрғыдан қарап:

«Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт», - деп оны биік бағалайды. Жырау өз жұртын Отанды сүюге, ата-бабалардың ғүмыр кешкен айнала ортасын әлпештеуге, оны қорғауға шақырады. Оның қадірін ол мынандай өлең жолдарымен суреттейді:

«Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салұлы менің ордам қонған жер...

Жабағылы жас тайлақ,

Жардай атан болған жер...»

«...Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған», - деген шумақтардан біз оның өз Отанына деген шексіз махаббатын көре аламыз. Мұндай әсем табиғатта өмір сүріп жатқан елдің «... Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең», - дейді ақын. Бұл сөздерден біз «дала демократиясының» шеңберінде ерікті өскен жыраудың қоғамдық қатынастардың қандай болуы тиістігі жөніндегі ой-арманын байқаймыз. Бірақ елде тыныштық жоқ, қырғын-тартыс бір де толастамайды:

«Бекіре ойнар ақ Жайық,

Бес қаруын асынып,

Батырлар жауға жортқан жер...

Көрінген мынау көк Нарын,

Ойран салып өткен жер», - деген жолдардан жыраудың, бір жағьнан, дала батырларының ерлігіне сүйсіне, екінші жағынан, тоқталмайтын тартысқа өкіне қарайтынын сезгендейміз...

XV ғ. аса көрнекті жыраулардың бірі - Асан қайғы. Оның аты ғасырлар бойы халықтың жадында сақталып, аңызға айналып кеткен. Жырау өмір сүрген уақыт - Алтын Орда мемлекетінің ыдырап, жаңа қазақ хандың мемлекеттігінің қалыптаса бастау кезеңі болатын. Міне, Асан қайғы осы күрделі де жауапты іске атсалысып, жаңа мемлекеттің ірге тасын қаласқан ұлы тұлға. Халықтың қамын көп ойлап, сол кездегі ел басындағылардың кемшіліктерін, кейбір тайыздықтарын көрсетіп, оларға ақыл беріп, дұрыс жол сілтегені үшін оны халық Асан қайғы деп атап кеткен. Жырау өзінің ішкі көкей көзімен болса да халықтың тарихындағы шешуші кезең келгенін сезіп, жаңа мемлекеттілікті құру жолында кетіп жатқан қателіктерді әшкерелеп, Жәнібек ханға былай дейді:

«... Ай, Жәнібек хан!

Айтпасам білмейсің,

Жайылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып, терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай Өзеуреп неге сөйлейсің?».

Әрине, мемлекетті құру үшін халықтың алып жатқан жерін анықтап, оны қорғай білу керек, оны жырау жақсы тұсінеді. Ал «қымыз ішіп, қызарып» деген жолдары тіпті қазіргі заманға дейін өзекті: бүгінгі халық тарихының шешуші кезеңінде, осындай ауқымды көлемде қазақ жерінде тарихи алғашқы рет халықтың басы бірігіп, жаңа заманға сай мемлекеттілігін орнатып жатқан кезде, қаншама ірі-кіші лауазым иелері әлі де болса өз қалтасын мемлекеттің қазынасымен шатыстырып, «мастанып, қызын», қызмет бабын өз мүддесіне жаратып, жаңа мемлекеттің абыройына нұқсан келтіруде! Бұл да болса ұлы жыраудың даналығын көрсетеді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: