XVI тарау. Рух философиясы 7 страница

Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы, — соның ішінде адам да, - бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып, өз өмірін жалғайды. Табиғаттың «даналығы» - осында. Соның арқасында алға өрлеу, даму бар.

Әр адам өлімді адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенше өсе береді... Егер адамның жүрек қысымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай адамға «тірі өлік» (живой труп) деген ат береді... Уақытында ұлы Платон: «Философия ғылымы бізді абырой -мен өлуге үйретеді», - деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын «гүлге қонған көбелек» сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ көп жағдайда «Ұлы мәртебелі Табиғат» оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай адам өлер алдында бұлқан-талқан болып, бүкіл ағайын-туғандарын аяқтарынан тік тұрғызып, көп жағдайда азапқа салады. Ондай адамға өлер алдында «Әттең-ай!» деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді.

Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, жан-дүниесінің мәңгі өмір сүретініне деген үміттеніп өмірмен қоштасады.

Үшіншілер бұл күйбең өмірде ішіп-жеу, ойын-сауық құру, әр сәттен ләззат алудан басқа еш нәрсе жоқ деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ оқтын-оқтын мешітке барып (кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады) садақа беріп, дұға оқытады. Бірақ бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді.

Енді Платонның айтқан философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей-теңіздегі бір ғана тамшы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай адамды өлім үрейлендіре алмайды.

Бесінші адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып, өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш-қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол - нағыз адам. Ондай адам көп жұрттың есінде мәңгілік қалады.

Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде «ауто-назия» (ауто - өзім, назия - өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып «эвтаназия» дейді. Әнгіме адамның өз еркімен коғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни оның «суицидтен» өзін-өзі өлтіруден айырмашылығы - ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік-сезімдік ләззат алу өмірбағытын ұстаған Батыс адамы өмірінін соңында да еш зардап шекпей, бұл өмірден тәтті ұйқыға шомып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік.

Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса қартайып, қолынан күш кетіп, ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты.

Бірақ мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде-бір адам өмір соңында «қайғылы үштікті» (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту - адам рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан дүниесін тазартып, адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды.

Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан ешкімнің де адам өмірін қиюға (соның ішінде адамның өзін-өзі де) құқы жоқ.

Аутоназияның моральдық-құқтық жағына келер болсақ, ғалымдардың айтуына қарағанда, заңды түрде оны өмірге енгізгенде, неше түрлі басқа теріс салдарлар пайда болуы мүмкін. Мысалы, адамның дене мүшелерін сату, екіншіден, адам жүрегіне үрей салып өмірден кету жөнінде шешімге келуге мәжбүрлеу т.с.с. келеңсіз жағдайлардың пайда болуы ғажап емес.

Бүгінгі таңда тек Голландия елінде парламент деңгейінде аутоназия жөнінде заң қабылданып, ол іске асуда.

Енді келесі үлкен мәселені - өлместікті талдауға уақыт келген сияқты. Бұл мәселе адам өмірі мән-мағынасымен тығыз байланысты екенін сол сәтте байқауға болады. Егер бұл дүниеге келген адам өз ізін қалдырмаса, онда ол не үшін келді, оның жаңбыр құртынан айырмашылығы кандай деген сұрақ пайда болады емес пе!

Өлместік мәселесі қайсыбірдіннің өзегін құрайды. Құдайдың бар, я болмаса жоқ екенін ешқашанда ешкім дәлелдей алмаса да, миллиардтаған адамдар осы уакытқа дейін Оған сенеді, өйткені өлместікті аңсайды. Өлместік идеясы сонау көне заманда адамдардың өлімнен қорқу сезімінен өз бастауын алады. Көне Үндістан және Мысыр елдерінде адам өлгенде оның жаны басқа денеге көшетіні жөніндегі идеялар қалыптасты. Буддизмдегі мойындалатын нәрсе - жан әрбір жаңа денеге көшкен сайын өз күнәсінан тазара береді.

Көне гректер адам өлгеннен кейін оның екінші өмірі басталады деген пікірде болған. Олардың ойынша, құдайлар мен адамдардың арасында онша көп айырмашылық жоқ, өйткені жақсы адам өлгеннен кейін өлместік сыйына ие болып, құдайлардың қатарына кіреді. Ал құдайларға келсек, олар өмір сүріп жатқан адамдарға келіп, қарым-қатынасқа түсіп, тіпті жердегі әйелдер олардан аса күшті ер балалар, я болмаса аса сұлу қыз балаларды туады екен. Мысалы, Геракл Зевс құдайы мен Алкмена деген әйелден туыпты-мыс.

Бүгінгі таңдағы иудаизм, христиандық және ислам діндері адам өлгеннен кейінгі оның жан дүниесінің өлместігін мойындайды. Дегенмен де бүгінгі таңдағы бірде-бір дін өмір, я болмаса, өлімнің не екенін түсінікті ғылып адамға жеткізе алмайды.

Идеалистік философиядағы өлместік жөніндегі ойлар діни көзқарасқа өте жақын. Алайда мыңдаған жылдарға созылған адамзат тәжірибесінде ешкім де қайта тірілген жоқ және қазіргі білімді адамға «о дүниеде денесіз мәңгі өмір сүретін жанды» көзге елестету өте қиын шаруа екенін ашық айту керек. Көп адамдар оған сенбейді де.

Олай болса, өлместік деп нені түсінуге болады? Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйене отырып, біз тіпті дене ретінде де мүлде өшпейтінімізді айтып кетуіміз керек. Өйткені өмір жаңа өмірді тудырып, өз өмірін жалғастыра береді. Біздің бет-әлпет, мінез-құлық, сезім, дене бітім, табиғи дарын т.с.с. ерекшеліктеріміз толығынан болмаса да, болашақ ұрпақтарға дариды. Олай болса, біз толығынан бұл өмірден кетпейміз, бала, немере өмірі арқылы қала береміз.

Енді адамның жан дүниесі, рухына келер болсақ, ұлы адамдардың шығармашылық ісі адамзат тарихында мәңгілік сақталады. Абай, Құрманғазы, Шоқан, т.с.с. мыңдаған қазақ халқы тудырған асылдар өз шығармашылығымен тарихта мәңгі өмір сүреді. Олардың тудырған рухани құндылықтарынан біз мәңгіліктің қоңыр лебін сезінгендей боламыз.

Енді миллиондаған карапайым адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі - өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде бізбен бірге өмір сүріп кала береді. Ұлы Конфуций айтқандай, жақсы адам халықтың сый-сияпатына ие болса, жаман адам ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.

Десек те, әрине, қазіргі адам мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта адам өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып, тұқым қуатын аурулармен күрессек, ол жақсы. Ал адамның өмірін гендік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін екенін ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, адам Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін, оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).

Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде-бір жер бетінде өзі тудырған қауіп-қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке адамның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол күнбе-күн соғыс-қақтығыстарда бір-бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.

Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргелі табиғат заңдылықтарына қайшы келеді дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый - өмірді - бақытты мүмкіндіктерді іске асыруда, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап, өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.

Рефераттар тақырыптары:

Көне философиядағы адам мәселесі.

Ортағасырлық философиядағы адам мәселесі.

Қайта өрлеу заманындағы адам мәселесі.

Л.Фейербахтың адам жөніндегі философиялық ойлары.

Маркстік философиядағы адам мәселесі.

Адамның био-әлеуметтік табиғаты.

Аутоназия дегеніміз не?

Адам өмірінің мән-мағынасы.

Адамның өлместігі.

Философиядағы антроптық қағиданың рөлі.

Өз бетінше дайындыққа арналған сұрақтар:

Адамның басқа тіршіліктен негізгі айырмашылығы неде?

Адамның дүниеге келуі жөнінде қандай гипотезалар бар?

Адамның биологиялық дене ретіндегі құрылымы қандай?

Адамның әлеуметтік мәнін сипаттаңыз.

Адам жөніндегі қандай ілімді «әлеуметтік редукционизмге» жатқызуға болады?

Адамның әлеуметтік ауытқу жолына түсуінің себептері қандай?

Адам шығармашылығын қалай түсінесіз?

Адамның жан-жақты дамуы дегеніміз не?

Адамның өлместігі неде?

Адам тұлғаға қалай айналады? Ұлы адам дегеніміз кім?

XVIII тарау. Жаһандану (глобализация) үрдістерінің философиялық астары.

§1. Жаһандану дегеніміз не?

Мыңдаған жылдар бойы өркениеттік даму шеңберіндегі адамдардың арманы, бір жағынан, басқа ұлттар және ұлыстармен кездесу, мәдениет үлгілерімен алмасу, бірге бейбіт өмір сүру т.с.с. болса, екінші, шамасы, ешқашанда орындалмайтын - Ғарыштағы басқа саналы тіршілікпен, яғни рухпен жүздесу қиялы болатын. Осы тұрғыдан алғанда, көне заманның атақты императоры, ғұлама Аристотельдің тәрбиесінде болған Ескендір, Орта ғасырдағы теңдесі жоқ ұлы Шыңғыс хан, Иван Грозный т.с.с. саяси қайраткерлердің іс-әрекеттерінің астарында «жаһандану идеясы» жатса керек. Мүмкін, олар оны саналы түрде пайымдамаса да, ішкі «көкей көзімен» сезген болар.

Тек бүгінгі таңда, XX ғ. аяғы мен XXI ғ. басында бұл идея бүкіл адамзаттың жан дүниесінде тұрақты орын алған сияқты. Кейбіреуге ол ұнауы, я болмаса ұнамауы да мүмкін, бірақ бірде-бір мемлекет одан оқшау өмір сүре алмайды. Олай болса, жаһандану идеясы философиялық тұрғыдан қажетті түрде қаралып, сарапталуы керек.

Жаһандану дегеніміз - бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол — біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Мысалы, бүгінгі Қазақстан қоғамы басқа елдермен экономикалық сауда-саттық қарым-қатынасқа түсіп, дамып келеді. Алысқа бармай-ак, өзіңіз бен өз үйіңізге қараңызшы. Үстіңізде Еуропа елдерінің бірінде тігілген костюм, аяғыңызда Турциядан әкелген туфли, астыңызда Германия, немесе Америкадан шыққан жеңіл мәшине, үйіңізде Ресейдің тоңазытқышы, Оңтүстік Кореядан шыққан шаңсорғыш, Жапонияда шығарылған магнитофон, арабтардың тоқыған кілемі, ас дайындайтын бөлмеңізде Үндістан елінен келген шай, Мароккодан келген апельсин, Ираннан әкелінген финиктер, АҚШ-тан келген тауықтың аяқтары, Қытайдан әкелінген ыдыс-аяқ т.с.с. Мұндай мысалдарды шексіз келтіре беруге болады. Сонымен қатар біз басқа елдерге мұнай бен газды, жүн мен мақтаны, қара және түрлі түсті металдар мен тас-көмірді т.с.с. жіберіп жатқан жайымыз бар.

Бұл сауда-саттықтың құрылымына қарағанда, әрине, көкірегі ояу азаматқа неше түрлі ауыр ойлар келеді. Мүмкін, біз, шынында да, «жаңа бодандық» ауруына шалдыққан болармыз? Алайда ондай тұжырымға келуге әрі ертерек сияқты. Өйткені біздің дербестік алып, дамып жатқанымызға басы-аяғы он жылдан сәл артық қана уақыт болды ғой. Бүгінгі өкімет неше түрлі инновациялык бағдарламалар қабылдап, «ұлттық қаржы қорын» жасап, өндірісті дамытуға бел байлап, сол жұмыстарға нақтылы кірісіп жатқан жайы бар. Оған халқымыз да дайын.

Енді саяси салаға келер болсақ, Қазақ елі бүкіл дүниежүзілік қауымдастықпен терезесі тең қарам-қатынас орнатуда. Біздің ел дербес мемлекет ретінде мойындалды. Саяси салаға «көп партиялық», «адам құқтары», «құқтық мемлекет» т.с.с. ұғымдар кіріп, өзгеріске ұшырап жатыр. Біз тек қана БҰҰ-ға ғана кіріп қоймай, басқа да халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне айналып жатырмыз.

Бүгінгі таңда Қазақ елі өз төл мәдениетімен біршама халықтарды таныстырып, солардың қошеметіне ие болды. Сонымен қатар «бұқара мәдениеті» деген ұғым сөздігімізге кіріп қана қоймай, соның «отандық үлгілері» жасалуда.

Жоғарыда келтірілген Қазақ елі өмірінен алынған деректердің бәрі де Жер бетінде жүріп жатқан жаһандану үрдістерімен байланысты екенін бір қарағанда-ақ байқауға болады.

Қоғамды материалистік тұрғыдан қарау методологиясының тұрғысынан алып қарағанда, жаһандану үрдісінің негізінде ғылыми-техникалық революция жетістіктерін пайдалану арқылы өндіргіш күштердің күрт дамуы (тек XX ғ. өндіргіш күштердің дамуы өткен 5000 жылдан асып түсті!), млрд. тонна тауарлардың бір елден екінші елге өтуі, байланыс жүйелерінің жетілуі т.с.с. құбылыстар жатыр. Екінші жағынан, табиғи ресурстардың Жер бетінде әртүрлі шоғырлануы, сондықтан елдердің бір-бірімен осы байлықты бөлісу, алмасу мәселелері де жаһандану үрдісіне өз ықпалын тигізбей қоймайды.

Жер бетіндегі мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуына, олардың арасында пайда болатын қайшылықтарды шешуге екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), оның әртүрлі салаларды бақылауға арналған мекемелері (ЮНЕСКО, ЮНКТАД т.с.с.) үлкен ықпал жасауда. Бүгінгі таңда жүздеген аймақтық ұйымдар жұмыс істеуде (Еуропа Одағы, ТМД, АСЕАН, ОАЕ т.с.с.).

Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың бір-бірімен жақындасуына бұқаралық ақпарат тарату мекемелері (БАҚ) өз үлесін қосуда. Бүгінгі таңда бірде-бір алыс-жақындағы ел, тіпті сонау Тынық мұхитында орналасқан аралдардағы халықтарға дейін адамзаттың назарынан тыс қалмайды. Жұмыстан кейін үйге келіп, теледидар, я болмаса радио, интернет арқылы сол күні тек өз еліңде ғана емес, бүкіл жер бетінде қандай маңызды оқиға болғаны жөнінде ақпарат алып, соны өзімізше сараптаймыз, өйткені біз оларға немқұрайды қарай алмаймыз. Адамзат жетістіктеріне сүйсіне қараймыз да, қателіктеріне бірге өкінеміз. Бүгінгі адамзат - «Ғарыш кеңістігінде Жер деген «кемемен» ұшып бара жатқан біртұтас астронавтар командасы», - дер едік.

Келесі назар аударатын нәрсе жаһандану үрдісі бүкіл адамзатты «бір қалыпқа» салғандай әсер етіп жатыр. Өйткені барлығы да компьютерлік есептеуден өтіп, белгілі бір стандарттарға сай болуы керек. Олай болмайынша, сіз өндірген тауарды сырт елдерге шығаруға болмайды. Сондықтан миллиондаған адамдардың киген киімінде, жүретін машиналарында, үйіндегі жиһаздарда, тіпті демалатын орындарында, музыка мен өнерде әсіресе бұқаралық мәдениетте біркелкілікке деген ұмтылысты байқаймыз.

Сонымен қатар бүгінгі адамзат әртүрлі мата қиықтарынан жасалған кәдімгі қазақтың көрпесіне де ұқсас. Өйткені әр елдің, халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған мәдениет үлгілері, тілі, ділі, әдет-ғұрпы бар. Ол оған аса қымбат. Біз оның тіпті бағасы жоқ дер едік, өйткені өз төл мәдениетінен айырылған халық тарих сахнасынан жоғалып кетеді. Ал ондай жағдайдың болуы адамзаттың өшпес күнәсі болар еді. Әр халық басқа елдерге ең алдымен өз мәдениеті, өмір салтымен қызықты. Бүгінгі таңдағы адамзатты шыны мен бетоннан жасаған биік ғимараттармен таңғалдыра алмайсың, ол оған таңсық емес. Ал Біржан-сал, Тәттімбет, Сегіз-серінің т.с.с. ұлы перзенттердің өлеңдері, ғұлама Абайдың қара сөздері, көне заманнан сақталған эпос, дастандар оларды, шынында да, таңғалдырып, осындай бабаларымызды тудырған халыққа деген ізгі ықыласын оятатынына біздің күмәніміз жоқ.

Жаһандану үрдісі әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі.

Сонымен қатар жаһандану үрдісі біршама бүкіладамзаттық теріс салдары бар проблемаларды тудырды. Енді оларды қысқаша сипаттайық.

§2. Жаһандану үрдісі шеңберіндегі өзекті мәселелер

Ең бірінші орында ядролық соғыс қару-жарақынаң жетілуі мен халықаралық бақылаудың шеңберінен шығып кетуі жатыр. Бұрыннан келе жатқан ядролық қаруы бар бес мемлекетке бүгінгі таңда Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Израйль сияқты елдер қосылды. Біршама елдер ядролық технологияны меңгеру үстінде (Иран, Солтүстік Корея). Әңгіменің қиындығы - бұл қосылған жаңа елдер халықаралық шиеленістер аймағында орналасқан. 2001 ж. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстар сол елдердің мемлекет қайраткерлерінің «ядролық қаруды қолдануымыз мүмкін» деген жантүршігерлік қорқытуымен аяқталғанын білеміз. Бұл проблеманы шешудің негізгі жолы -барлық ядролық елдерді (соның ішінде ешкімге де артықшылық жасамай) халықаралық бақылау негізінде жаппай қарусыздандыру болмақ. Атомның күш-қуаты тек АЭС-терді салу арқылы бейбіт жолға қойылуы керек. Өкінішке қарай, ядролық мемлекеттердің «өзімшіл пиғылы» бұл мәселені үзілді-кесілді шешуге кедергі жасауда. Алайда бұл мәселе ертелі-кеш шешілмейінше, бүкіл адамзат үстіндегі «ядролық дамокл қылышы» сол үрейінде тұра бермек.

Екінші үлкен мәселе - бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, қоршаған ортаны ластау - адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкіндігі. Біз бұл мәселеге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.

Қайсыбір қоғам - өте күрделі, өзін-өзі ұйымдастырып дамыта алатын жүйе. Өйткені қоғамның «атомы» - адам. Оның денесімен қатар, ішкі рухани дүниесі ой-өріске, қиял-арманға, шаттық пен әсерге, қайғы-мұң мен махаббатқа, неше түрлі жарқын және күңгірт сезімдерге толы. Әр адам өз өмірінің шеңберінде алдына неше түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларға жетуге ұмтылады. Егер жануарлар табиғатпен бірге, соған сәйкес өмір сүрсе, өзін табиғатқа қарсы қоя алмаса, адам өзінің санасы арқасында айнала қоршаған ортаны өз мұқтаждығына сай етіп өзгертеді, оны таза табиғат қанағаттандыра алмайды. Осы ерекшелікке сай, бүгінгі таңда жер бетінде мыңдаған қалалар, миллиондаған шақырым асфальт және теміржолдар, бүкіл жер бетін қамтитын интернет, теледидар, ұялы телефондар жүйесі, жасанды су коймалары, алып зауыттар мен фабрикалар т.с.с. адамның шығармашылық еңбегі арқылы дүниеге келген заттарды көреміз. Сонымен қоғам табиғатпен сан алуан байланыстарға түсіп, өмір сүреді. Ал осы байланыстарды жете түсіну ұшін «табиғат» үғымын талдаудан бастайық.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: