Кіріспе 8 страница. Рецензия тарих ғылымының даму деңгейінің көрсеткіші болып табылады

Рецензия тарих ғылымының даму деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Сондықтан да тарихнамашы журналдар мен газеттердің беттерінде жарияланған жоғарғы деңгейдегі немесе сапасы төмен рецензияларға назар аудармауы тиіс емес. Осыған орай өз кезегінде М.В.Нечкина “алғашқылары ғылымның дамуына жағдай жасаса, соңғылары оны тежейді,[63]- деп жазған. Сонымен қатар рецензия ғалымдардың этикалық өзара қарым - қатынастарын көрсетеді. Бұл тарихнамашы үшін немқұрайлы жайт емес. Сондықтан да рецензия көп жағдайда тарихнамалық факт емес, оған қажетті материал болып табылады.

Тарихнамалық фактіні талдауда шешуші міндетті тарихнаманың жалпыметодологиялық таным принциптері тарихилық, объективтілік, әлеуметтік атқарады. Бұл принциптер жайында біз жоғарыда айтып өткенбіз. Сондай-ақ тарихнамашыға ойлау логикасы және мәселені қарастыруда диалектикалық ұстанымдар қажет.

Тарихнамалық фактілерді талдаудың іргелі критерийлерінің бірі- қоғамдық - тарихи тәжірибе. Осы тәжірибенің негізінде фактлердің шынайылығына, олардың тарихи дамудың барысына сәйкес келуіне қол жеткізіледі. Тәжірибе тарихи еңбектердегі идеялардың, көзқарастардың, тұжырымдамалардың “уақыт тезі” сынағынан өткендігін, олардың адамзаттың прогрессивті дамуына қызмет еткендігін көрсетіп береді. Тарихнамаға тәжірибе арқылы тексеріс жүргізу тарихи көзқарастарды ғылыми мектептердің қабыл алуы және баға беруі, шәкірттері мен пікірлестерінің ары қарай өрбітуі үшін қажет. Бұны орнату жаңа білімнің ағымға енуі процесінің адекваттілігі, прогрессивті дамуы негізінде іске асырылады.

Тарихнамашы тарихнамалық фактінің сапалы сипаты туралы проблемаға тіреледі. Ол монографияның көлемімен де, монографияның өзімен де анықталмайды. Ғылымның дамуы үшін өзге жұмыстардың маңызы зор. Олардың мазмұны қойылымы әлі де болса жеткілікті фактлермен бекітілмеген, ескі көзқарастардан арылтуды қажет ететін бағытта болуы тиіс. Аталмыш бағыттағы тарихнамалық фактнің сипаты осы фактнің негізіндегі тарихнамалық деректің талдауымен сәйкес келуі керек. Бұл әсіресе ғылыми мақалаларға, баяндамаларға қатысты. Осыған орай өз кезегінде Е.А. Косминский былай деп орынды жазған: “Дәуірдің тарихи журналдарындағы, мақалаларындағы үстем көңіл - күйлер жазушының ірі шығармаларынан жиі көрініс таба бермейді”. Тарих ғылымының негізгі даму тенденцияларын “көрнекті тарихшылардың шығармашылығынан ғөрі жалпылама атмосферадан... және мерзімді басылымдардан, пікір - таластардан, т.с.с. жиі тауып алуға болады”[64].

Жекелеген тарихнамалық фактнің әр түрлі масштабтары мен әралуан сапалық мәнін мойындау олардың арасындағы негізгісін анықтау қалғандары үшін қатаң иерархия орнатуға жол бермейді. Тарихнамалық фактлердің жүйесі туралы сөз еткенде олардың бірінші дәрежелі, екінші кезектегісі, үшінші қатардағысы жайында айту артық. Тарихнамалық фактлердің маңыздылығының өзі относителді. Сонымен қатар бұл ғылым дамуының қазіргі сатысы үшін дұрыс, келесі кезеңіне қатысты қате, одан ары мүлде жарамсыз болып шығуы мүмкін. Тарихнамадағы фактнің маңыздылық дәрежесін орнату субъективті әрекет болып табылады.

Тарихнамалық фактінің ауқымды сипатына байланысты бірқатар мәселелер туындайды; алғашқы сұрыптауда барлық фактлер ескерілуі тиіс пе, олардың барлығы бірде талданатын фактлерінің қатарына кіруі керек пе және зерттеуші өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын жасауда соларға негізделе ме. Бұл жерде екіжақты бағыт болуы мүмкін. Cолардың біреуі мынадай; тарихнамалық фактлердің ауқымдылығы мен объективтілігінен шыға отырып, соларды талдауда ғылымды дамытудың барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Тарихнамашы кітаптардың, брошюрлардың, оқулықтардың, тезистердің, баяндамалардың, конференциялардың, симпозиумдардың, пікір-таластардың үздіксіз, қарқынды ағымы жағдайында барлық фактлерді біліп, оларды пайдалануы тиіс. Барлық фактілерді біліп қана қоймай, ғылымды дамытуға даңғыл жол ашатын еңбектерді өзінің шығармашылығында кеңінен талдауы қажет. Тарихнамалық фактілердің қатарына ғылым дамуына жаңа элемент қосатын тарихшылар еңбектері ғана енбейді, ешбір жаңалығы жоқ зерттеулер де кіре береді. Егер мұндай ғылыми әрекеттер жасалмаса, субъективизм күшейіп, тарих ғылымының дамуы туралы толық мәлімет алынбайды. Осы турасында кеңестік академик А.М.Сахаров: ” Зерттеулер шеңберінен ешқандай жаңалығы жоқ еңбектерді алып тастау ғылымда жаңа көзқарас тудырған шығармалардың объективті бағасын қиындатып, маңызын ашуға кедергі келтіреді, сондықтанда ғылыми жаңалықтың деңгейін оның пайда болуының алдындағы кезеңдегі үстем еткен тұжырымдармен салыстыру арқылы ғана айқындауға болады”[65]. Тарихнамашының міндеті осындай еңбектердің пайда болуының себептерін түсіндіру. Шет елдік тарихнамашы Э.Карр “Тарих деген не” атты кітабында ғалым фактлердің арасынан мәнді мәліметтерді таңдап алу және оларды тарихи фактге айналдыру, ал маңызды еместерін тарихи еместер ретінде лақтырып тастау үшін максималды көп мөлшердегі фактлерді білуі тиістігін атап көрсеткен.[66]

Тарихнамалық фактілер туралы мәселеде олардың шынайылығын тексеру, тарихи ақиқатқа сәйкес келуін анықтау проблеманың аса маңызды методологиялық аспектлерінің бірінен саналады. Тарихнамалық фактлерді танудың негізі қоғамдық - тарихи тәжірибе мен тарихнамалық ғылыми білімнің жетістіктерін ұштастыру. Ал тәжірибенің өзі тарихи тұрғыда өзгеріссіз қала алмайды. Тарихи фактлерді тану барысында ол шынайылық критерийінің функциясын атқарушыға айналады. Фактлерді қоғамдық - тарихи тәжірибе арқылы тексеру өзектілігін анықтап қана қоймай, тарихнамалық жұмыстың ғылыми зерттеу тиімділігін арттырады. Тарихнамалық фактіні оның қалыптасу уақытына, тарих ғылымының сол кездегі даму ерекшеліктеріне сәйкес тексеріп, бағасын беруге болады. С.О.Шмидт осыған орай “ тарихнамадағы синхронды факторлер толығымен тарихнамалық фактге қатысты. Мынадай жағдайды ескермей кетуге болмайды, егер тарихнамалық факт, мәселен тарихшының еңбегі, талдап отырған оқиғалардың замандасы арқылы дүниеге келсе, онда сол уақыттың тікелей ықпалы, тарихи деректерден ғана емес, өзге де мәліметтерден алынған әлеуметтік процестерді егжей - тегжейлі әрі барлық қырынан көрсетуге мүдделілік, автордың өзі қатысқан оқиғаларды баяндауы міндетті түрде орын алады. Егер тарихнамалық факт тарихи дистанциямен байланысты болса, онда ретроспективтілік тұрғысынан зерттеуші үшін аса белгісіз қырларын айқын әрі негізгілерін, бастыларын көруге мүмкіндік береді,[67]”-деп жазған. Тарихнамалық фактні шынайы бағалау оның деректік базасына байланысты.

Тарихнама ғылымының методологиялық даму деңгейі фактілерді талдаудың және баға берудің мынадай критерийлерін ұсынады: ғылыми ақпараттың шынайылығы және көлемі, тарихи тұжырымдамалардың тарихнамалық процестердегі орны, тарих ғылымы мен тарихнаманың алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге үлес қосу, бір фактнің екінші фактмен сәйкес келуі, олардың өзара байланысы және өзара тереңдігі, ғылыми фактнің дербес және сапалы ерекшеліктері, оның өзгелерден өзгешелігі, қоғам өміріндегі фактнің әлеуметтік саяси рөлі. Бұл критерийлер ғылым дамуындағы тарихнамалық фактлердің атқаратын объективті рөлімен тығыз байланысты. Мұның өзі зерттеушінің субъективті жағымды көзқарастарымен, жағымсыз пікірлерімен ешқандай байланыстың болуы мүмкін еместігін көрсетеді.

Осылайша тарихнамалық факт өзінің сипаты бойынша көп нұсқалы, көп қабатты, ақпараттық жағынан таусылмас көлемді, сол себепті де ғылыми білімді дамытуда, қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінде де үлкен рөл атқарады. Ол тарихнама ғылымын дамытуда таным процесінің ортасында тұрады әрі тарихи білімнің жинақталып, толықтырылуына тікелей ықпал етеді.

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнамалық факт туралы зерттеушілер пайымдаулары.

2.Тарихнамалық фактінің мәні мен мазмұны.

3.Тарихнамалық фактінің сипаты.

4.Фактіні жинақтаудың әдіс-тәсілдері.

5.Фактіні талдаудың жолдары.

ТАРИХНАМАЛЫҚ ДЕРЕК

Тарихнамалық факт мәселесімен қатар тарихнамалық дерек проблемасын танып білу аса маңызды. Тарих ғылымында көптеген тарихи жәдігерлер, жазба деректер, фольклорлық, статистикалық, мерзімді басылым материалдары, мұрағат құжаттары сынды деректердің ғылыми зерттеулер жүргізудегі маңызы зор екендігі баршаға мәлім.Деректанушы ғалым Қ.М. Атабаев: “тарихи деректер өзінің саны, көлемі жағынан аса көп, мазмұны, түрі жағынан әр алуан. Оның бәрін қамту аса қиын. Сондықтан тарихи деректер теңізінде дұрыс жол табу, тарихи зерттеулерде оларды тиімді және пайдалы етіп қолдана білу қажеттілігі оларды сыныптау проблемасын туғызады. Басқаша айтқанда, деректерді ортақ қасиеттері бар, бірақ бір- бірінен ерекше белгілерімен айырылатын категорияларға бөлу”- деп жазды.[68] Ал тарихнама ғылымының деректерінің өзгешелігі туралы жиі айтыла бермейді. Дегенмен бұл ұғымның пайда боғандығына екі ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда олар турасында арнайы зерттеулер жүргізіліп, тарихнамалық деректердің түрін түстеп, аттарын атап, жіктеп, түсініктеме берген еңбектер көптеп жазыла қоймады. Десек те, тарихнамалық деректерге қатысты кейбір ой - пікірлер М.В.Нечкинаның, И.Д.Ковальченконың, Л.Н.Пушкаревтің, Е.И.Городецкийдің, С.О.Шмидтің, В.П.Наумовтың, М.С.Волиннің, В.В.Ивановтың, М.А.Варшавчиктің еңбектерінен көрініс тапты[69]. Бұл зерттеулерде тарихнамалық деректер ұғымы нақтыландырылды.

Тарихнамалық деректің тарихи деректің бір бөлігі туралы ережеден шыға отырып, Л.Н.Пушкарев аталған ұғымды зерттеудің бастапқы кезеңінде оған мынадай анықтама берді; ”...тарихнамалық дерек ұғымына бойында тарих ғылымының тарихы бойынша мәлімет жинақтаған кез - келген тарихи деректі жатқызуға болады”[70]. Л.Н.Пушкаревке қарағанда С.О.Шмидт тарихнамалық деректің анағұрлым сыйымды анықтамасын берді. Ғалымның пікірінше, “ тарихнамлық дерек деп тарихнамалқ құбылыстарды тануға болатын кез - келген дерек”[71].

Өзінің пікірін негіздей отырып,.Н.Пушкарев тарихнамалық деректің басты типі болып жазба деректердің саналатындығын көрсетті. Тарихнамашы фольклорлық материалдарсыз, этнографиялық мәліметтерсіз, сурет, дыбыс жазу құжаттарынсыз зерттеулер жүргізе алмайтындығын сыналап жеткізді. Осыған орай мынадай тұжырым жасады: ”Кез - келген тарихи дерек тарихнама ғылымына жанама қатысы болса да, тарихнамалық деректердің қатарына жатқызыла алады”[72]. Мұндай пайымдау Е.Н.Городецкийдің келіспеушілігін тудырып, “тарих ғылымының дамуына ықпал ете алмайтын, ғылым тарихы жөнінде тікелей мәліметтері жоқ деректер тарихнамалық деректерге жатқызыла бере ме” деген сауалды қоюға мәжбүр етті. Тарих ғылымының тарихынан бірқатар мысалдар келтіре отырып, ғалым былайша тұжырымдады: “Тарихнамалық деректің анықтамасы кең ауқымдылықты талап етеді, ол өзінің қатарына тарих ғылымының даму процесін түсінуге қажетті әрі маңызды материалдарды енгізуі тиіс”[73]. Шындығында да тарихнамалық дерекке тек ғылымға тікелей қатысты деректерді жатқызу тарих ғылымының кешегісі мен бүгінін және болашағын болжауға мүмкіндік бермейді. Тарихнамалық деректерге бүкіл тарихтың тарихын тануға байланысты деректер мен материалдар енгізілуі қажет. Сонда ғана ғылымдағы негізгі тұжырымдамаларды, құбылыстарды, ахуалды, тарихи ойды, теориялық методологиялық тұстарын тануға жол ашылады.

Л.Н.Пушкарев тарихнамалық деректердң анықтамасын беріп қана қоймай, оларды сыныптау туралы мәселені талқылауға қойған. Ғалым тарихнамалық деректердің сыныптау сызбасы, яғни жіктелуі тарихнамашының алдына қойған мақсатына байланысты деген ой айтты[74]. Алайда өзге зерттеуші ғалымдар оның пікірімен келісе қоймады. Мәселен, Е.Н.Городецкий мәселенің мұндай қойылымында сыныптаудың объективті негізі жойылатындығын баса көрсетсе, С.О.Шмидт тарихнамалық деректерге тарихи деректердің типі туралы ұғымды механикалық түрде әкеліп қондырудың жеткілікті негізінің жоқтығы, оларды түрлерге бөлудің, жүйелеудің критерийлерін шығарудың маңызының аса қажет еместігі туралы пікір білдірді [75].

М.А.Варшавчик тарихнама бойынша деректер шеңберін қарастыра отырып, тарихнамалық деректерге тарихи білімнің қалыптасуының, жағдайы мен дамуының, болашағының бағыттарын ашып көрсететін деректерді жатқызу қажеттілігі жайында тұжырым жасап, ғылымда жаңа көзқарас танытты. М.А.Варшавчикке қарағанда Н.Н.Маслов өзгеше пікір танытып, тарихнамалық дерекке тек тарихшы ғалымның мақала, монография, диссертация, қолжазба, стенограмма,т.с.с. түріндегі еңбектерін жатқызған[76].

Қазақстанда тарихнама ғылымы, оның методологиялық ұстанымдары бойынша арнайы зерттеулер жарық көрмегендіктен тарихнамалық деректерге қатысты орын алған пікірлер жайында айтуға да келмейді. Сондықтан да болар тарихнамалық еңбектерде зерттеушілердің мұндай деректерді тарихи деректермен шатасып көрсету көрініс беріп келеді..

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе тарихнамалық деректануға мынадай анықтама беруге болады: бұл тарихнамада қолданылатын деректерді іздеп табудың заңдылықтары, оларды өңдеу және пайдалану туралы білім жүйесі. Осыған сәйкес тарихнамалық деректер болып тарихнама пәні бойынша анықталатын және тарих ғылымындағы үрдістер туралы, оның жай - күйінен ақпарат беретін тарихи деректер табылады. Олар тарихнамалық заңдылықтардың пайда болуын және дамуын орнықтыру үшін тарихнамалық фактлермен қатар қолданылады. Мұндай пайымдау үшжақты ұғымға; тарихнама пәнінің түсінігіне, тарихнамалық фактнің сипатына, тарихнамалық деректі ұғындыруың қолданысына негізделеді. Осындай біртұтас ауқымдағы тарихнамалық құбылыстар тарихнамалық деректердің мазмұнын ашуға тиісті.

Тарихнаманың пәні - тарихи білімнің пайда болуы мен дамуының заңдылықтарын тану. Ол тарихнамалық дерекке қатысты үстемдікте болып, пайдаланылған деректердің шеңберің анықтайды. Осы жайтқа тарихнамалық дерек тұрғысында академик Н.М.Дружинин назар аударған. Ол: ” Қажетті деректерді... ғылыми айналымға түсіру ойластырылған және нақты таңдап алынған тақырыптың проблемалары айқындайды”, - деп жазды.[77]

Мұндай қағида тарихнамалық деректің сипатындағы көптеген жайтты түсіндіреді, әйтсе де бәрін емес.Тарихнамашы, сондай - ақ тарихшы үшін дерек түпнұсқа, одан факт алынады. Тарихнамалық заңдылықтар субъектінің - тарихнамашының шығармашылығы арқылы айқындалады, мұның өзі тарихнамалық деректің ұғындырылуына ықпал етпей қоймайды. Тарихнамалық деректі таңдап алудағы талап сұрыпталған материалдың тарихнамалық сипатта болуы, ол екіжақты түсіндіріледі; деректе тарихнамалық ақпараттың орын алуы; оны тарихнамалық заңдылық орнату мақсатында пайдалану мүмкіндігі.

Сонымен қатар М.В.Нечкина мынадай мәселені байқап, өз пікірін: “... тарихнамалық деректердің ұғымын ашатын тарихнамалық мәліметтерді ғана негізгі талап ретінде қою... жеткіліксіз,...себебі бұл жағдайда тарихнамалық дерек түсінігі тарихнамалық фактлерді таңдап алу критерийімен қосылып кетеді”, - деп тұжырымдап көрсеткен.[78] Мұндай ойды заңды әрі ғылыми деп санауға болады. Зерттеуде тарихнамалық деректердің шеңберіне бір қарағанда өз бойында тікелей ”тарихнамалық жүктемені” жинақтамаса да, бірақ тарихнама ғылымының әлеуметтік функциясын іске асырушы шарттармен байланысты деректер енуі мүмкін.

Тарихнамалық деректің методологиялық талдауының басты міндеттерінің бірі оның тарихнамалық факті деңгейіне көтерілуі, ал одан кейін тарихнамалық еңбекте пайдаланылуы. Бұл процесті іске асыруға тарихнамалық дерек пен тарихнамалық фактнің өзара тепе-теңдігін теориялық зердеден өткізу арқылы ғана қол жеткізіледі.

Тарихнамалық дерек пен тарихнамалық факті тарихи және рухани құбылыстар, олар зерттеушіден тыс өмір сүреді. Дегенмен тарихнамалық дерек тарихи деректің барлық басты белгілеріне жауап беруі тиіс, ал оларды пайдалану деректанулық және тарихнамалық тәжірибеде қалыптасқан негізгі буындарды өздеріне қабылдайды. Егер тарихи дерек С.О.Шмидттің ескеруі бойынша тарихшыны тек тарихи факті туралы ақпарат сақтаушы ретінде қызықтырса, онда тарихнамалық дерек тарихнамашыны да тарихнамалық факт жөніндегі ақпараттылық тұрғысынан мүдделі етеді. Ғалым деректерді тану мен түсіндірудің диалектикасында жалпыметодологиялық тарихилық және әлеуметтік принциптеріне, сондай-ақ деректер мен фактлердің шынайылығына негізделеді. Тарихнамалық деректер мен фактілердің негізінде тарих ғылымының кешегісі және қазіргісі қалыптасады, оның болашағы болжанады. Дерек пен фактіні байланыстыратын буын - өздері шығаратын ақпарат. Тарихнамалық еңбектің аксиомасы оның деректанулық жағдайы саналады, дерек пен фактнің зерттелу деңгейі тарихи және тарихнамалық ойдың, идеялардың, ғылыми тұжырымдамалардың дамуын айқындайтын маңызды белгісі болып табылады. Дегенмен дерек пен фактнің арасында ұқсастықтарымен қатар айырмашылықтары да бар. Тарихнамалық факт өзінің атқаратын қызметі жағынан тарихнамалық деректен кең, соңғысының шеңбері сәйкесінше тар. Бұл бірнеше тарихнамалық және деректанулық сипаттағы жайттармен түсіндіріледі. Кез - келген тарихнамалық факт кең ауқымда зерттелуге тиіс дерекке айнала алмайды. Мысалы, тарихшы зертханасының материалдары, диссертациялар мен кітаптардың қолжазбалары, ғылыми пікір - таластардың, конференциялардың, т.б. жарияланбаған стенограммалары барлық зерттеушілердің қолына түсе бермейді. Кейде зерттеушіге белгілі тарихнамалық факт жаңа ізденістерге, бұрын белгісіз болған немесе толығымен мәлім болмаған тарихнамалық деректерге алғышарттар тудырады. Тарихнамалық факт деректер кешенінің негізінде қайта жасалады. Ғылыми фактлік білімді қалыптастыру процесінде деректердің толыққанды болмауы, шашыраңқылығы жойылады. Ғылыми тарихнамалық зерттеу қашанда өзі негізделетін деректерден гөрі анағұрлым толық әрі кең, өйткені ол тек деректің мәліметін қорытындылап қана қоймай, теориялық білімге арқа сүйейді.

Тарихнамалық деректі пайдаланудың жолдары туралы мәселе өзекті болып саналады. Оның үстіне бұл мәселе ғылыми әдебиеттерден толық көрініс таппаған. “Тарихнамашы, - деп жазды А.И.Данилов: “тарих ғылымында пайда болған әрбір жаңа бағыт тек тарихи шынайылықты тың идеялық методологиялық принциптер негізінде қарастыруға ғана емес, сондай - ақ соны деректанулық тәсілдерді шығаруға, тарихи құжаттарды талдаудың тартымды әдістемесін қалыптастыруға жол ашатындығын түсінеді”[79].Тарихнамалық дерекпен жұмыс істеу процесі тарих деректі ғылыми айналымға түсірудегі күрделі үрдіске сәйкес келеді. В.О.Ключевский “Комментарийлерінде” деректану бойынша дәрістер курсында: ”...дерекке салынған тарихи материал бірден алынбайды, оны біртіндеп тауысу үшің деректі түсініп, керексізден керектіні бөліп шығару қажет. Бұл үшін оны алдын ала сұрыптап, тазалап, зерттеп, оған мағлұмат беру керек.”[80] Тарихнамалық дерекке қатысты түсіндіру жұмысының сатылары да осыған ұқсас келеді. Ол сатылар мыналардан тұрады; деректі іздеп табу және таңдап алған тақырыпқа, зерттеудің нақты міндеттеріне байланысты тарихнамалық деректің шынайылығын айқындау; деректерді талдау және сыни баға беру: барлық деректер кешеніне олардың арасында байланыс орнату мақсатында синтездік талдау жасау. Тарихнамалық деректі таңдап алу ғылымның өзіндік ерекшеліктері көрсеткендей, кездейсоқ жасалмайды. Ол білім кешенінің негізінде жүргізіледі. Солардың арасындағы ең бастысы болып тарихнамашының теориялық - методологиялық бағыт - бағдары саналады. Деректі пайдаланудағы қалыптасқан болжам да айтарлықтай рөл атқарады. Десек те тарихнамалық сұрыптаудың негізіне зерттелуге тиіс тақырып бойынша қажетті деректер кешені алынуға тиіс. Деректер кешенінің ішінде қоғамның әлеуметтік - экономикалық және саяси дамуының ауқымындағы тарихи білімнің қалыптасуын зерттеуге мүмкіндік беретін деректер аса құнды болып саналады. Тарихнаманың әртүрлі даму кезеңдеріндегі тарихнамалық деректер өзіндік құндылықтарға ие.

Тарихнама ғылымында деректерді сыныптау мен жүйелеу мәселесі де өзекті болып табылады. Осы тұрғыда Л.Н.Пушкаревтің жүйелеу “қызметтік” және “қосалқы” міндет атқарады деген пікірі қисынсыз болып шығады. Тарихнамалық деректерді дайындауда және оларды зерттеуде, пайдалануда жүйелеу елеулі рөл атқарады. Тарихнамалық деректерді әлеуметтік шығу тегіне, авторына, түрлеріне қарай сыныптауға болады.

Тарихнамалық деректануда қолданылытын әдістер мен әдістеме негізінен тарихнамада, деректануда да пайдаланылады.

Тарихнамалық деректанудағы объективтілік пен субъективтіліктің диалектикалық байланысы мына төмендегі аспектлерден көрінеді; тарихи процеске – тарихнамашы айқындайтын шынайылыққа қатысты дерек субъективті түрде болады; тарихнамалық дерекпен жұмыс істейтін тарихнамашы - субъект оған объект ретінде қарайды.

Деректану ғылымында тарихи деректердің заттай және жазба түрлері айқындалған. Жазба деректердің өздерін ғалым Қ.Атабаев жылнамалар, заң актлері, жеке актлері, іс қағаздық құжаттар, жеке адамдық деректер (хаттар, күнделіктер, заманхаттар(, әдеби ескерткіштер, публицистикалық және саяси шығармалар, ғылыми еңбектер, мерзімді басылымдар деп бірнеше түрге бөлген.[81] Тарихи деректердің түрлерімен қатар олардың жеті типін атаған. Олар; жазба, заттай, этнографиялық, фольклорлық, лингвистикалық, фотокино, фоно құжаттар.[82] Тарихнама ғылымының өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтарына байланысты деректердің түрлері басқаша болып келеді.Енді сол тарихнамалық деректерді кезегімен сипаттап, әрқайсысына жеке жеке тоқталайық.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: