Кіріспе 5 страница. Пәнаралықтың әмбебаптығы нақты тарихнамалық материалдан көрінеді

Пәнаралықтың әмбебаптығы нақты тарихнамалық материалдан көрінеді. Мәселен, тарихнаманың мәнін маңызды методологиялық міндет ретінде тану қажеттілігі туралы мәселенің қойылымы оны әртүрлі ғылымдардың көмегімен іске асыруды талап етеді. Белгілі бір тақырып бойынша даулы мәселелердің шешімін проблеманы философиялық таным тұрғысында, сондай-ақ оның мәнін ашуға септесетін өзге де қоғамдық және арнайы ғылымдарды тарту арқылы табуға болады.

Пәнаралықтың зерттеудің мақсатын, оның өзектілігін зерделеудегі маңызы зор. Тарихнамалық жұмыстың мақсаты мен міндеттері дұрыс таңдап алынған және негізделген тақырыптың мазмұнын ашу ғана емес, сонымен қатар қарастырылатын проблеманы тарихнама ғылымының заңдылықтары мен ерекшеліктері, танымы қоғамдық ғылымдардың алдындағы зерттеулердің болашағын көре білудегі негізгі міндеттер болып табылады. Сонымен қатар тарихнамалық проблеманың өзектілігін анықтаудың бағыты зерттеудің алдыңғы және соңғы сатыларында, яғни тақырыпты таңдауда, қорытынды жасауда ғана емес тарихнамалық фактілерді талдау процесінде анық көрінеді. Әсіресе осы “орта” сатыда пәнаралықтың қажеттілігі айқын сезіледі, себебі проблеманың әлеуметтік мәні, оның тәжірибелік міндеті өзге де ғылымдармен байланыс орнатуды талап етеді.

Тарихнамадағы пәнаралықтың қажеттілігі онда бірқатар басқа ғылымдарда біршама қарастырылатын проблемалар шешіледі. Шешілуге тиіс проблемалар методологиялық арсеналды қарастыруда жалпыметодологиялық тарихилық, әлеуметтік принциптерді айқындауда, жалпы ғылыми және т.б. әдістерді қолдануда пайда болады. Оны шешудегі ортақ проблема және ортақ әдістер - бұл ғылымдардың потенциясын біріктіруші ерекше биіктік. Ол әртүрлі пәндердің көрінісін бір нүктеге тоғыстырады.

Тарихнамадағы методологиялық проблемаларды оқып-үйренудегі пәнаралық процестің көпқырлылығы қоғамдық ғылымдардың мемлекеттегі саяси жүйемен, билікпен, саясатпен байланысты, өйткені тарих ғылымындағы оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуде ізденушілер өздері өмір сүрген қоғамдағы идеологияға, саяси билікке тәуелді болады. Осыған орай тарихи саяси процестердің ықпалында дүниеге келген еңбектерді талдауда тарихнама ғылымдағы өзгерістерді айқын көрсетіп отырары хақ.

Пәнаралық бағыт және зерттеу тәсілдерін ұйымдастыру, жалпы ғылыми, өзге де әдістерді пайдалану пәндік генетикалық сәйкестіктен тәуелсіз, алайда ол теоретикалық ойлау қабілетін еселендіріп, нақты және синтездік ғылыми білімге негізделген тарихнамалық зерттеу проблемасын барынша күрделі әрі маңызды етеді. Осы тұрғыда тарихнама білімнің нақты салаларына жақындай түседі.

Пәнаралық өзара әрекет проблемаларын оқып-үйренуде басқа ғылымдардың мәліметтерін пайдаланған зерттеуші тарихнамашының құзырлығы жөнінде мәселе туындайды. Жоғарыда көрсеткеніміздей жоғары білікті тарихшы ғана тарихнамашы бола алады. Ол қазіргі заманғы тарих ғылымының жағдайын жан -жақты білуі, сонымен бірге аралас әрі әртүрлі пәндердің білімдерін пайдалана алуы тиіс. Мұның өзі тарихнамашы әртүрлі ғылыми білім салаларының негіздерін игеру үшін үнемі жұмыс жүргізуі тиіс дегенді білдіреді.

Тарихнаманың пәнаралық білімі дүниеге келтірген методологиялық аспектілерінің мақсатын сәтті шешу үшін ғылыми жетістіктерді, әсіресе аралас немесе ғылыми пәндерден алыс ғылымдардың түсіндіруші аппаратын пайдалану қажет.

Тарихнама үшін тарихи оқиғалар мен процестерді қарастырған экономика, құқық, философия,т.б. ғылымдары бойынша дайындалған еңбектердің маңызы зор. Мұндай зерттеулерді қажет жағдайларда тарихшылар кеңінен пайдаланады. Тарихнамашының атқаратын маңызды міндеттерінің бірі жазушы, тілші, суретші, тағы сол сияқты өнер қайраткерлерінің тарихи көзқарастарын зерттеу болып табылады. Осыған орай айта кетерлік жайт, тарихнаманың зерттеу нысаны өте кең, соған сәйкес оның қызмет шеңбері де ауқымды.

Пәнаралықта тарихнама тарих ғылымының методологиясымен тығыз байланыс орнатады, өйткені ол аталмыш саланың аса маңызды теориялық мәселелерін көтереді. Тарихнаманың пәні ғылыми тарихи білімнің пайда болуы мен жинақталуын, тарихи ойдың дамуын, тарих ғылымының қалыптасуын, даму эволюциясын, тарихи таным мен ойдың әртүрлі сатыларының заңдылықтарын айқындау болғандықтан тарихи білімнің методологиясын терең зерттеу ғылым үшін аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да тарихнаманы тарих ғылымының методологиясынсыз қарастыру мүмкін емес.

Тарихнамамен деректану ғылымы өте тығыз байланысты, себебі тарихнамалық деректерден өзге тарихнама тарихи зерттеулердің деректік негіздерін, тарихшылардың деректерді пайдалану сипатын зерттейді. Іргелі тарихнамалық зерттеулерде мәселенің деректік негіздерін талдауға жеке тараудың арналатындығы кездейсоқ құбылыс емес. Соңғы уақыттарда отандық тарих ғылымында дайындалған кандидаттық, әсіресе докторлық диссертацияларда ізденушілер өздері таңдап алған тақырып бойынша деректанулық талдаулар жүргізген. Алайда олардың көпшілігі талдаудан гөрі сипаттауға көбірек ұқсайды. Мұның өзі отандық ғылымда деректану саласы бойынша ғылыми мектептің қалыптаспағандығын, зерттеушілердің біліктіліктерінің, білім деңгейлерінің төмендігін байқатады. Бұл мәселеге баса назар аударудың қажеттілігін уақыттың өзі дәйектеп отыр. Деректанулық талдаулардың ғылыми деңгейін көтеріп қана қоймай, болашақта деректанудың тарихнамасынан іргелі зерттеулер дайындауымыз керек.

Тәжірибе көрсеткендей, соңғы уақыттарда тарихнама ғылымы бойынша жарияланған, жазылған зерттеулер құжаттық жарияланымдарды талдауды назардан тыс қалдырған. Ізденушілер тарихнамалық зерттеулерінде көбінесе тарихи еңбектерді таразылаумен шектелген. Құжаттық жарияланымдар тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да, кеңестік кезеңде де аз жарық көрмеген. Айта кетерлік жайт, тарихнамашы үшін құжаттық жарияланыммен қоса тарихшының шығармашылығынан хабар беретін естеліктердің, күнделіктердің, хаттардың, т.б. деректердің маңызы зор. Ал мұрағат құжаттарын талдау ғылыми тарихи мекемелердің, зерттеу институттарының қалыптасуы мен дамуын жүйелі түрде көрсетуде айтарлықтай рөл атқарады.

Келесі тарихнама ғылымымен тығыз байланыста болатын қосалқы тарихи пән - тарихи библиография, өйткені библиографиялық ізденусіз тарихнамалық зерттеу жүргізу мүмкін емес. Тарихи библиография тарихшы- зерттеушіні библиографиялық ақпаратпен қамтамасыз ететін ғылыми тәжірибелік қызмет. Ғалымға библиографиялық құралдар, түрлі көрсеткіштер, анықтамалар, каталогтар, әдебиеттерге шолулар, тізімдер аса қажет.

Тарихнамашы үшін отан тарихы бойынша дәуірлер мен кезеңдерге бөлініп жасалған кешенді библиографиялық көрсеткіштердің тигізер көмегі орасан.[51] Оларға Қазақстан тарихының қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдерінде және кеңестік, тәуелсіздік жылдары жарияланған, мерзімдемелік ретке қойылған барлық монографиялар, ғылыми мақалалар, ұжымдық зерттеулер туралы қысқаша мәліметтер енгізілген. Бұл библиографиялық анықтамалардың ерекшеліктері ізденушіге сол еңбектердің катологтарда сақталуы туралы мәліметтер қоса беріліп, шифрлары көрсетілген.

Ретроспективті библиография тарих ғылымында қорытындылаушы функция атқарады, ғылымның жай-күйі мен тәжірибесін зерттеуге септеседі. Ал ағымдағы мемлекеттік библиография бүгінгі күнде тарих ғылымында белгілі болған білімді куәландырады.

Тарихи библиография мен тарихнаманы оларға ортақ материал тарихи әдебиет жақындастырады. Екеуіне де ортақ міндет - әдебиеттерге сыни бағыт, көзқарас таныту. Оларға материалды баяндаудың түрі - әдебиеттерге шолу тән. Егер тарихнамалық шолу ғылыми әдебиеттерге сыни талдау беріп, оларда баяндалған тарихи тұжырымдамалардың, заңдылықтардың мәнін ашып, даму қозғалысын, ауысымын көрсетсе, библиографиялық шолу әдебиеттің тақырыбын, мазмұндық құндылығын және оның басылымын айқындайды. Библиографиялық еңбектерге ғылыми зерттеулерден басқа танымал шығармалар, анықтамалық басылымдар, тарихи құжаттардың жарияланымдары және тарихи әдебиеттердің өзге де түрлері енгізіледі.

Тарихнамалық зерттеулер жүргізуде тарихи географияның алар орны айтарлықтай. Тарихи география тарихнамашыға тарихи оқиғалар мен процестердің географиялық ортасын айқындауда ғана емес, топонимикаға сүйене отырып, жер су атауларын дәл анықтауда қажет. Тарихилық принципіне негізделген тарихнамашы тарихшының келтірген жер-су атауларының зерттеліп отырған кезеңге сәйкестігін, яғни өз заманында дұрыс аталуын тексеруі тиіс. Берілген топонимикалық атаулардың қазіргі кездегі атауларын жақшаның ішінде көрсету тәрізді ғылым талабының бар екендігі естен шығарылмауға тиіс.

Тарихнамашыға тарихи зерттеулердің құжаттық негіздерін түсінуде дипломатиканың маңызы елеулі. Дипломатикалық әдісті қолдана отырып, тарихнамашы тарихи зерттеулердің тарихи-саяси, тарихи-экономикалық, тарихи-заңдық, тарихи-географиялық тұрғыдағы құжаттық негіздерін талдап, тарихшының сәйкесінше сол материалдарды пайдалану дәрежесін анықтай алады.

Тарихнамашының шежіре тарқатудағы білімі мен біліктілігі ауызша тарих айтудың, яғни дәстүрлі тарихи деректерін талдауда қажет болады. Себебі еліміз егемендік алғалы бері ауызша тарих айтудың деректері ғылыми айналымға түсіріліп, солардың негізінде тың тұжырымдар жасалуда. Дегенмен ұзақ уақыт бойы төл деректерден қол үзген зерттеушілер оларды пайдаланудың ғылыми әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген деп айту қиын. Десек те алғашқы еңбектер жарық көріп, дәстүрлі тарих айту деректерінің негізінде тарихи оқиғалардың шынайы мазмұны ашылуда. Әйтсе де ауызша тарих айтудың деректеріне сын пікір білдірушілер де жоқ емес. Сыншылар шежіре мен тағы сол сияқты дәстүрлі деректердің деректік маңызын жоққа шығарып, оларды аңыз-әңгімелер ретінде санап, құндылығына шек келтіруде. Ал ақиқатына келсек, төл тарихымызға қатысты аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар, ертегілер, шежірелер, мақал-мәтелдер, тағы басқа сол тәрізді деректердің қайталанбас ерекшеліктері бар екендігі ғылымда айтылып, дәлелденуде. Расында да бұл деректер өз заманының куәгерлері ретінде бойларына құнды мәліметтерді жинақтаған. Сонымен қатар олар өз бойларына басқа деректерде кездеспейтін бірегей мәліметтер мен ақпаратты сақтаған.

Тарихнама археография, мұрағаттану ғылымдарымен де тығыз байланыс орнатады. Археографиялық әдісті пайдалану құжаттық басылымдардағы ақтаңдақтарды, қателіктерді, олқылықтарды айқындауға септеседі. Мұрағаттанулық нұсқаулар, құралдар тарихнамашыға тарихи зерттеулердегі жаңа, ғылыми айналымға тұңғыш рет ендірілген материалдарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар болашақта зерделенуге тиіс мәселелерге нұсқаулар беруде де елеулі рөл атқарады.

Тарихнама ғылымы қосалқы тарихи пәндермен, соның ішінде хронологиямен, тарихи метрологиямен, палеографиямен, нумизматикамен де тығыз байланысады. Мәселен, хронологиямен танысу тарихнамашыға тарихтағы аса маңызды проблемалардың бірі мерзімдеменің күрделі тұстарын, яғни тарихи дәуірлеуді дұрыс жүргізудің, дәуірлерге, замандарға, кезеңдерге, сатыларға бөлудің методологиялық ұстанымдарын меңгеруге жол ашады. Сондай-ақ талданып отырған әдебиеттегі тарихи оқиғалардың мерзімдерін тарихшының дәл көрсетуін анықтауға көмектеседі, әрі әртүрлі кезеңдердегі тарих ғылымының дамуы сатыларына баға беруде де елеулі рөл атқарады. Бұдан өзге көпшілік жағдайда тарихнамалық еңбекте жекелеген мәселелердің әртүрлі кезеңдерде зерттелуін ашып көрсету міндеті туындайды. Міне, осы тұста хронологияның тарихнамаға тигізер ықпалы зор.

Тарихнама философия ғылымен де етене жақын қарым-қатынас орнатады. Тарихнамалық талдаулар жүргізуде философиялық категорияларды пайдаланудың маңызы зор. Әсіресе логикалық, салыстырмалы, нақты талдаулар жасауда философияның жалпы, жалқы, т.б. категориялары басты рөл атқарады.

Сонымен қатар тарихнама мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану ғылымдарымен пәнаралық байланыстар орнатады.

Осылайша тарихнама өзінің зерттеу ауқымын кеңейтіп, тереңдетуде бірқатар ғылымдармен байланыс орнатады. Алайда барлық байланысатын ғылымдарымен бірдей дәрежеде қарым-қатынас орната алмайды. Олай болуы да мүмкін емес, өйткені әртүрлі ғылым салаларының өзіндік ерекшеліктері және тарихнамалық зерттеулердегі алатын орны әр алуан.

Соңғы уақыттарда тарихнамадағы пәнаралық проблемаларын зерттеу міндеттерін шешу көкейкесті бола түсуде. Сондай міндеттердің қатарына мыналар жатады: тарихнамаға бірқатар ғылымдардың, мәселен, тарих, философия, әлеметтану, саясаттану, психология және т.б. әрекетін, сондай-ақ жаратылыс тану ғылымдарының нақты және көпқырлы өзара байланысы мен өзара әсерін оқып-үйрену. Мұны әртүрлі ғылыми деңгейлер мен бағыттарда қоғамдық білімнің жалпы әлеуметтік және идеологиялық функциялары, диалектикалық дамудың жетістіктері, жалпы ғылыми ұғымдар мен түсініктер арқылы шешуге болады. Тарихнамадағы пәнаралық проблемаларды шешуге көмектесетін ғылымның өзіндік ұғымдарын, әдістерін және тәсілдерін қарастыру міндеті де өзекті. Тарихнамаға қатысты “методологиялық міндет”, “методологиялық талаптар”, “методологиялық әдістер”, “методологиялық реттеу” тәрізді ұғымдардың қатаң ғылыми анықтамаларын шығару қажет.

Пәнаралық байланыс көпжақты процесс. Ол бір ғана тарихнаманың методологиялық негіздеріне, осы саланың біліміне пайдаланатын құралға айнала алмайды. Пәнаралық - барлық ғылым салаларына тән ғылыми зерттеу тәсілі. Дегенмен оның тарихнамамен өзара әрекеті ғылымтанудың теориялық- методологиялық проблемаларын зерттейтін басқа ғылымдардың, соның ішінде ең алдымен тарихнаманың өзінің дамуына игі әсер етеді.

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнамадағы пәнаралық деген не?

2.Пәнаралықтың тарихнамалық зерттеу үшін маңызы.

3.Тарихнаманың тығыз байланысатын ғылымдары мен ғылым салалары.

4.Ғылыми зерттеулерде қолданылатын жаңа технологиялар.

5. Тарихнамадағы пәнаралықты орнатудың тәсілдері.

ТАРИХНАМАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАЛПЫМЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ПРИНЦИПТЕР

Принциптер логикалық және тарихи сипатта өткен кезеңдердегі тарихтан, дүниетанымнан олардың жалғасы ретінде шығарылады. Табиғат та, адамзат та принциптерді бейнелемейді, керісінше принциптер ақиқатты, себебі олар табиғат пен тарихқа сәйкес келеді. Принциптер - зерттеудің тоқтайтын пункті емес, оның қорытынды нәтижесі. Осы идеялар ғылымдағы принциптің жетекші желісі, ғалым қызметінің негізгі ережесі оның ішкі сенімі екендігін көрсетеді.

Принциптердің қатарында саяси және әлеуметтік құбылыстарға талдау жасауда, баға беруде, сондай-ақ ғылыми тұжырымдамаларда қолданылатын жалпыметодологиялық түрлері анықтаушы болып табылады. Олар табиғат пен қоғамның объективті заңдылықтарын теориялық тану негізінде пайда болған негізгі дүниетанымдық бағыттар. Принциптер объективті шындыққа, ғылыми білімге сүйене отырып, кездейсоқ ойдан шығарылмайды. Тарихнамада жалпыметодологиялық принциптер “тірек пункті” ретінде таным үшін нақты пайдаланылып, ғылыми білімнің осы саласының, оның мақсат, міндеттерінен шыға отырып, өзіне тән көрініске ие болады.

Осылайша принциптер дегеніміз ғылымның негізгі, жетекші ұғымдары. Олар тарихтың объективті заңдарын оқып-үйренуден туындайды, соның нәтижесі ретінде саналады және осы мағынада заңдылықтар іспеттес болады. Әйтсе де олардың арасында айырмашылық бар: заңдылықтар объективті түрде зерттеушіден тыс әрекет етеді, ал принциптер логикалық категория, олар табиғатта емес, адамдардың санасында өмір сүреді.

Тарихи зерттеулер методологиясында басты орынды тарихилық, объективтілік, әлеуметтік принциптер алады. Тарихилық және объективтілік принциптерінің тарихи оқиғалар мен құбылыстардың шынайы сипатын, мән- мазмұнын ашудағы маңызы зор. Сондықтан олар тарихшылар үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде басты принциптерге айналулары тиіс.

Тарих ғылымының теориялық принциптері тарихнамаға да тән. Алайда олардың біраз айырмашылықтары бар. Мәселен, тарихнамадағы объективтілік принципі зерттеушілердің белгілі бір тарихи оқиғалар мен процестерді талдауда шынайы пікір танытып, тұжырым жасауын таразылап, олардың шынайылығын анықтауда жетекші рөл атқарады. Осы объективтілік арқылы тарихнамашы зерттеушілердің тарихи оқиғалар мен құбылыстарды шынайы түрде ашу деңгейіне баға береді. Ғылыми еңбектердің әртүрлі кезеңдерде жазылып, жариялануына байланысты зерттеушілер шынайы оқиғаны бұрмалап көрсетіп немесе ол туралы айтпай кетуі де мүмкін. Мұндай методологиялық принциптерден ауытқу кеңес дәуірінде біршама етек алды. Себебі тарихшылар тарихи оқиғалар мен процестерді тоталитарлық жүйе мен коммунистік идеологияның үстемдігі кезінде объективті түрде көрсете алмады. Ал керісінше, тәуелсіз Қазақстан кезеңінде ізденушілерге бұрын-соңды айтылмаған шындықты ашып көрсетіп, бұрмаланған оқиғалардың ақиқатын айқындауға мол мүмкіндіктер туды. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру тарихы кеңестік тарихнамада біржақты жағымды аграрлық реформа түрінде көрсетіліп, оның қайғылы зардаптары туралы мүлде айтылмады. Тәуелсіз отандық тарихнама аталмыш проблеманың шынайы тұстарын ашып көрсетіп, ұжымдастырудың күшпен жүргізілгендігін, асыра сілтеулер мен бұрмалаулардың етек жайғандығын, соның салдарынан алапат аштықтың орын алғандығын, екі жарым миллионға жуық қазақтың қырылғандығын дәйектеді. Осындай мысалдарды тарихнамалық фактілерді талдау нәтижесінде көптеп келтіруге болады. Айта кетерлік жайт, ғылымда өткен уақыттарда жағымды түрде қарастырылған оқиғаны қазіргі кезде жағымсыз етіп көрсететін құбылыс белең алып отыр. Тарих ғылымында кейбір жағдайларда объективтіліктен гөрі мәселенің тым ұшқары жақтарына кету тәрізді ұстанымдар кездеседі. Тарихнамашы осындай үрдістерді айқындауда тарихи оқиғалар мен процестердің шынайылығын анықтаумен қатар объективті принципті берік ұстанып, субъективизмге бой ұрмауы тиіс. Мәселен, Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауын ішкі және сыртқы факторларын айқындамай, бірден “империя жаулап алу саясатын жүргізді, басып алды” деген тұжырым түйіндеу тарихқа жасалған қиянат болып табылады. Сондықтан да тарихнамада объективтілік принципін басшылыққа алу шынайы тарих жазудың кепілі болып табылады.

Аталған принциптердің ішінде тарихилық ең басты рөл атқарады. Тарихилық танымның жалпы методологиялық принципі болып табылады. Ғылыми танымда ол өзіндік, дербес маңызға ие болады. Тарихилық принципі арқылы тарихи оқиғалар мен процестердің, олардың пайда болуы және дамуының, нақты жағдайлармен байланысының зерттелу деңгейін айқындауға болады. Осы принцип құбылыстардың сандық және сапалық, жалпылама, дара ерекшеліктерін тануға жол ашады. Тарихилықтың келесі таным функциясы мынада: принцип шынайылық туралы білімді нақтыландыруға және дәйектей түсуге мүмкіндік береді. Тарихилық принципті бұрмалау тарихшыны ғана емес тарихнамашыны да қателіктерге ұрындырып, салдары ғылым мен қоғам үшін қауіпті болады. Тарихилық принципті дұрыс ұстанған тарихнамашыға тарихи дәуірлер мен кезеңдердің мерзімдерін дәл анықтауға, процестердің себептерін, барысы мен нәтижелерін, салдарларын, маңызын айқындауға қолайлы жағдай жасалады. Тарихилықтың тағы бір маңызы ол арқылы қоғам мен әлеуметтік топтардың, тұлғаның рөлін, тарихи кезеңдердің ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік туады.

Тарихилық принципінің басты талаптарының бірі - тарихнамада кезеңдер мен сатыларды, олардың дамуын уақыт желісі және заңды сабақтастық негізінде қарастыру, өткендегі оқиғаларды, құбылыстарды зерттеуде тарихи бағытты ұстану. Кезеңдер мен сатылар өзіне тән заңдары бар аяқталған цикл ретінде талданады. Тарихилық тарихнамада тарих ғылымының дамуындағы кезеңдер мен сатылардың ауысымын талдауда ғана көрінбейді. Бұл тұрғыда осы процестің әлеуметтік тарихи прогресінің заңдылықтарын айқындайтын алғышарттары анықталады. Осылайша жалпыметодологиялық тарихилық принципі тарихнамада тарихи білімнің дамуын бір жағынан олардың пайда болуы бойынша хронологиялық кезекте, екінші жағынан тұжырымдамалық бірлікте зерттеуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлік жайт, тарихнамашы тарих ғылымын зерттеуге қойылған қоғам талаптарының ғасырлар бойы өзгеріп отырғандығын есте ұстауы тиіс. Егер ежелгі дәуірде тарихқа тәрбиелік функция атқаратын құрал ретінде қараса, қазіргі заманда оны зерттеудің мақсат, міндеттері кеңейіп қана қоймай, ол көп жағынан өзгерді. Осыған орай тарихты адам қызметінің жемісі ретінде қабылдау түсінігі қалыптасты. Оның үстіне ғылым тарихи сананың ықпалымен дамыды, ол осы сананы айқындап қана қоймай, оны қалыптастырды. Мысалы, Қазақстан өзінің егемендігін алғаннан кейін тарих ғылымын тәуелсіздікке сәйкес тарихи сана тұрғысынан зерттеу, дамыту қажеттілігі туды. Осыған орай тарихи сана қалыптастыру туралы тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдамада тарих методологиясының жаңа тарихи таным тұрғысындағы негізгі бағыттары көрсетілді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: