Сейілдемеге босату

262. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге әскери бөлім командирі бекіткен кестеге сәйкес «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Заңмен және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерімен» көзделген демалыстар беріледі.

Демалысқа кетер алдында әскери қызметшіге әскери бөлімнің командирі қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған белгіленген үлгідегі демалыс билеті беріледі.

Демалыстағы әскери қызметші қорғаныс істері жөніндегі басқармада (бөлімде), ал ол жоқ жерлерде жергілікті мемлекеттік басқару органдарында әскери есепке тұруға (есептен шығуға) міндетті (20-қосымша).

Демалыстарда болу кезеңінде әскери қызметшілердің ақшалай қаражаты және заңнамамен көзделген жағдайларды қоспағанда, өзге де төлемдері сақталады.

263. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері әскери бөлімнің орналасқан жерінен сейілдемеге босатылған кезде әскери бөлімнің орналасқан жерінде және гарнизон шегінде еркін жүріп-тұруға құқылы. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің олар аумағында әскери қызмет өткеріп жатқан гарнизон шегінен шығуы әскери бөлім командирінің (гарнизон бастығының) рұқсатымен жүзеге асырылады. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің гарнизон шегінен шығуына (демалысқа, емделуге және іссапарға кету жағдайларын қоспағанда) тыйым салынады.

264. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісі, егер оған «кезекті сейілдемеге босатудан айыру» тәртіптік жазасы салынбаса, әскери бөлім орналдасқан жерден сейілдемеге шығуға құқығы бар.

Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің сейілдемеге босатуы әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігі, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет және тәуліктік нарядтың жауынгерлік қызмет өткеру сапасы төмендемейтіндей есеппен реттелуі тиіс.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері әскери бөлім орналасқан аумақтан рота (жеке бөлімше) командирі бөлім командирі белгілеген күндері мен уақытта және олар белгілеген тәртіппен сейілдемеге босатылады. Бөлімшеден бір уақытта әскери қызметшілердің отыз пайызынан артық емес сейілдемеге босатылуы мүмкін.

Сейілдемеге босатуға демалыс алдындағы, демалыс, мереке алдындағы және мереке күндері кешкі тексерулерге дейін рұқсат етіледі. Әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден әскери ант қабылдағаннан кейін сейілдемеге босатылады.

Бөлім командирінің рұқсатымен әскери қызметшіге аптаның басқа күндері оқу сабақтарынан кейін кешкі тексеруге дейін сейілдеме берілуі мүмкін.

Сейілдемеге босату кезектілік тәртібімен жүргізіледі, сейілдемеге босату кезектілігін взводтар сержанттары (взводтар командирлерінің орынбасарлары) белгілейді.

265. Әскери қызметшілер сейілдемеге босатуға рұқсат алу үшін өзінің тікелей бастығына өтініш жасайды.

Взводтар сержанттары (взводтар командирлерінің орынбасарлары) взводтар командирлері қол қойған сейілдемеге босатылатын әскери қызметшілердің тізімдерін рота (бөлімше) командиріне баяндау үшін рота старшинасына ұсынады.

266. Белгіленген уақытта рота (бөлімше) бойынша кезекші сейілдемеге босатылатындарды сапқа тұрғызады және рота старшинасына баяндайды.

Рота старшинасы сейілдемеге босатылатындарды қарап шығады, олардың сыртқы пішінін, олардың әскери сәлемдесу, қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін білуін тексереді. Рота (бөлімше) бойынша кезекші сейілдемеге босатылатындарды сейілдемеге босату кітабына жазады (21-қосымша), сейілдемеге босатылатындардың тізімін жасайды және оларды бөлім бойынша кезекшіге тапсырады.

Әскери бөлім аумағынан сейілдемеге босатылатын мерзімді қызметтің әскери қызметшілердің өзімен бірге әскери билеті және сейілдеме қағазы болуы тиіс.

Сейілдеме қағазы тек сейілдемеге босатылатын әскери қызметші әскери қызмет өткеріп жатқан гарнизон шекарасында ғана жарамды.

267. Сейілдемеден қайтып келгеннен кейін әскери қызметші бөлім бойынша кезекшіге келеді және келгені туралы баяндайды. Бөлім бойынша кезекші сейілдеме қағаздарында және сейілдемеге босатылғандар тізімдеріне келген уақыты туралы белгі қояды. Содан соң рота (бөлімше) орналасқан жерге барады, сейілдеме қағаздарын тапсырады және рота (бөлімше) бойынша кезекшіге баяндайды.

Мысалы: «Сержант мырза. Қатардағы жауынгер Онбаев сейілдемеден келді. Сейілдеме уақытында ескерту болған жоқ (немесе патрульден ұқыпсыз сыртқы пішінім үшін ескерту алдым).

Рота (бөлімше) бойынша кезекші сейілдемеге босатылатындар кітабына сейілдемеден қайтып келгендердің келген уақытын белгілейді және сейілдеме қағаздарын рота старшинасына ол қызметке келісімен тапсырады.

268. Әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарын оқу орны орналасқан жерден сейілдемеге босату мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін белгіленген тәртіппен, әскери-оқу орнының бастығы белгілеген күндері және сағатта жүзеге асырылады.

Бөлімшеден бір уақытта курсанттардың кемінде елу пайызы сейілдемеге босатылуы мүмкін.

Әскери оқу орындарының үшінші және келесі курстарының курсанттарын сейілдемеге босату оқу сабақтарынан және өз бетінше жүргізілетін жұмыстардың міндетті сағаттарынан кейін кешкі тексеруге дейін, ал отбасылы курсанттарды келесі күнгі сағат сегізге дейін әскери тәртібі мен үлгерімін ескере отырып, оқу орнының бастығы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

269. Жергілікті жердің елді мекендерінен алыста орналасқан әскери бөлімде (жеке бөлімшеде) және басқа да жағдайларда орналасқан жерден көрсетілген тәртіппен сейілдемеге босату орынсыз болса, әскери бөлім (жеке батальон) командирінің шешімі бойынша демалатын күндері мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің бос уақытын өткізуді ұйымдастыру үшін жақын жатқан ірі елді мекен пункттеріне (қалаларға) топтық шығулар жүргізіледі.

Бөлімшелердің (командалардың) орнын ауыстыру

270. Бөлімшелердің (командалардың) орнын ауыстыру әскери бөлім командирінің немесе аға командирдің (бастықтың) бұйрығының (өкімінің) негізінде жүргізіледі. Бөлімшелердің (командалардың) орнын ауыстыру өз командирлерінің немесе команда бастығының (жетекшісінің) басшылығымен штаттық бөлімше немесе құрама команда құрамында жүзеге асырылады. Әр түрлі бөлімшелердің әскери қызметшілерін іссапарға жіберген кезде олардан команда құрылады және сержанттар (старшиналар) мен офицерлерден команда басшысы тағайындалады. Бөлімше командиріне (команда бастығына) әскери бөлімде іссапар куәлігі және әскери бөлім командирі (штаб бастығы) қол қойған және елтаңбалы мөрмен куәландырылған қарудың түрі мен нөмірін, берілген оқ-дәрілердің санын, азық-түлік аттестаттарын көрсетумен бөлімшенің (команданың) жеке құрамының тізімі, іш киім және төсек-орын (жеті тәулікке бір жиынтық есебінен), жеке гигиена заттары және басқа әскери мүлік беріледі. Бөлімше командиріне (команда бастығына) одан басқа, жол жүру мен жолда тамақтану тәртібі, бөлімше (команда) қанша уақытқа, қайда және кімнің қарамағына жіберіледі, қауіпсіздік талаптары, қаруды сақтау және қолдану ережелері көрсетіледі, сондай-ақ бөлімшенің (команданың) міндеттерді орындауымен байланысты басқа да нұсқаулар беріледі.

271. Қызметтік іссапарға бару үшін бөлімшені (команданы) даярлауға ол бөлінген бөлімше командирі басшылық жасайды.

Белгіленген уақытта бөлімше (команда) тағайындалған бөлімше командирінің (команда бастығының) басшылығымен әскери бөлім бойынша кезекшіге келеді. Әскери бөлім бойынша кезекші бөлімшенің (команданың) құрамын және қамтамасыз етілуін тексереді және оның әзірлігі туралы әскери бөлім командиріне немесе штаб бастығына баяндайды.

Әскери бөлім командирі немесе штаб бастығы бөлімшені (команданы) қарап шығады, оның әзірлігін тексереді, бөлімше командиріне (команда бастығына), ал қажет болған кезде барлық жеке құрамға нұсқау береді, қажет жағдайларда көлік құралдарын бөле отырып, бөлімшені (команданы) уақтылы жіберуді қамтамасыз етеді.

272. Бөлімше командирі (команда бастығы) жеке құрамның әскери тәртібі мен тәртіпті ұстауы, міндетін уақтылы орындауы үшін, сондай-ақ бөлімшенің (команданың) қарамағына бөлінген қарудың, оқ-дәрілер мен басқа да әскери мүліктің сақталуы үшін жауап береді.

Белгіленген орынға келісімен бөлімше командирі (команда бастығы) қарамағына бөлімше (команда) жіберілген адамға, ал келісімен әскери бөлім командиріне (штаб бастығына) баяндайды.

273. Машиналарда жүрген кезде бөлімшелер командирлері (командалар бастықтары) лек жетекшісінің (машина жетекшісінің) міндеттерін орындайды.

Жеке құрамды жабдықталмаған, ал қысқы уақытта ашық машиналарда тасымалдауға тыйым салынады.

Темір жол, су және әуе көлігімен жол жүру кезінде бөлімшелердің (командалардың) жеке құрамы осы көлік түрлерін пайдаланушылар үшін белгіленген ережелерді сақтауы тиіс.

274. Гарнизон шегінде экскурсияға, театрға, киноға және басқа да қоғамдық мекемелерге жіберілген мерзімді қызметтің әскери қызметшілері офицерлер немесе сержанттар (старшиналар) қатарынан рота (бөлімше) командирі тағайындаған үлкеннің басшылығымен команда құрамында жүреді.

Команданың жетекшісі жеке құрамды сапқа тұрғызады және бөлімше командирі қол қойған команданың тізіміне сәйкес болуын тексереді, қарап шығуды жүргізеді және команданың әзірлігі туралы бөлімше командиріне баяндайды. Рұқсат алысымен ол команданы белгіленген орнына алып келеді.

Гарнизон шегінде қызметтік міндеттерін орындау үшін әскери қызметшілер офицерлер мен сержанттар (старшиналар) қатарынан әскери бөлім штабының бастығы тағайындаған үлкеннің басшылығымен команда құрамында жүреді.

Бұл жағдайда команданың жетекшісі жеке құрамды сапқа тұрғызады және әскери бөлім штабының бастығы қол қойған команданың тізіміне сәйкес болуын тексереді, қарап шығады және команданың әзірлігі туралы штаб бастығына немесе оның орнындағы адамға баяндайды. Рұқсат алысымен ол команданы белгіленген орнына алып келеді.

275. Бөлімшеден екі және одан артық әскери қызметші кеткен кезде олардың қатарынан үлкені тағайындалады. Саны үш және одан артық адам командалар белгіленген орынға саппен үлкеннің басшылығымен (демалуға арналған қоғамдық мекемелерге барудан басқа) барады.

Жаяу тәртіппен саппен келе жатқан командалардың түнгі уақытта лектің басында және соңында белгі беретін қол шамдары, ал күндізгі уақытта – белгі беретін жалаушалары болуы тиіс.

Әскери қызметшілерге келу

276. Әскери қызметшілерге келуге рота командирі бөлім командирі белгілеген уақытта, әскери бөлімде осы үшін арнайы бөлінген келушілер бөлмесінде (орнында) рұқсат етеді.

277. Әскери бөлім бойынша бұйрықпен әскери қызметшілерге келу уақытында келушілер бөлмесі бойынша кезекші тағайындалады. Оның міндеттері әскери бөлім командирі бекіткен нұсқаулыққа сәйкес айқындалады.

Әскери қызметшілерге келуге ниет білдірген адамдар келушілер бөлмесіне әскери бөлім бойынша кезекшінің, ал әскери оқу орындарында бақылау-өткізу пункті бойынша кезекшінің рұқсатымен жіберіледі.

278. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелері және басқа да адамдар әскери бөлім жеке құрамының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін әскери бөлім командирінің рұқсатымен казармаға, асханаға, бөлімнің жауынгерлік даңқ (тарихы) бөлмесіне және басқа да үй-жайларға кіре алады.

Оларға ілесіп жүру және қажетті түсініктемелер беру үшін осы үшін даярланған әскери қызметшілер тағайындалады.

279. Спирттік ішімдіктері, есірткі заттары бар немесе алкогольдік (есірткілік) мас күйдегі келушілер әскери қызметшілерге баруға жіберілмейді. Бөтен адамдарға әскери бөлімнің казармаларында және басқа да үй-жайларында түнеуге рұқсат етілмейді.

3. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру

280. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басшылары осы құқықты берген командирлер (бастықтар) жүргізеді.

281. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру оны белгіленген мерзімде жауынгерлік міндеттерді орындауға даярлау мақсатында жүргізіледі. Міндеттерді орындауға әзірлік мерзімі жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге белгі алынған сәттен бастап саналады. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде әскери бөлімнің жеке құрамы оған тиесілі қару-жарақпен, әскери техникамен және басқа да материалдық құралдармен тұрақты орналасу пунктінен белгіленген (көрсетілген) аудандарға шығарылады.

282. Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру тәртібі әскери бөлім командирінің тікелей басшылық жасауымен штаб әзірлейтін және аға командир (бастық) бекітетін жоспармен айқындалады. Онда:

жеке құрам мен бөлімшелерді хабарландыру тәртібі;

әскери бөлім бойынша кезекшінің (жедел кезекшінің) және тәуліктік нарядтың басқа да адамдарының іс-әрекеттері;

кезекші күштер мен құралдардың іс-қимылы;

әскери бөлімнің жиын ауданы, бөлімшелердің жиын пункттері және оларға жеке құрамды шығару, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды әкелу (әкету) тәртібі;

әскери бөлімді шоғырландыру аудандары және олардағы бөлімшелердің орналасу орындары, сондай-ақ әскери бөлімнің бастапқы шебі (пункті), бағыттары мен қозғалу тәртібі;

әскери бөлімді жан-жақты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шара;

басқаруды және байланысты ұйымдастыру;

әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын алып шығу (әкету) тәртібі;

қаруды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды беру тәртібі;

жиын және шоғырландыру аудандарына шығу кезінде коменданттық қызметті ұйымдастыру;

бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге құқығы бар лауазымды адамдар;

басқа да қажетті іс-шаралар көзделуі тиіс.

283. Барлық әскери қызметшілер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде өздерінің іс-қимыл тәртібін, оларға қатысты бөлігінде бөлімшенің, әскери бөлімнің іс-қимыл тәртібін қатаң білуі тиіс.

Істер мен лауазымды қабылдау кезінде әскери бөлімнің барлық лауазымды адамдары жергілікті жерде міндеттерді нақтылаумен жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі іс-қимыл тәртібін оларға қатысты бөлігінде зерделеуге міндетті.

Әскери бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жөніндегі іс-шараларды орындау барысында жеке құрам белгіленген мерзімде барлық бүркемелеу түрлерін, қауіпсіздік талаптары мен қару-жарақты, әскери және басқа техниканы пайдалану ережелерін сақтай отырып, тез және ұйымдасқан түрде әрекет етуге міндетті.

284. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) жауынгерлік әзірлігін тексеру бөлімнің (бөлімшенің) тағайындалуына сәйкес белгіленген мерзімде міндеттерін орындау қабілеттерін айқындау мақсатында жүргізіледі.

Тексерулерді Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, тектерінің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, әскери бөлім командирі немесе олардың тапсырмасы бойынша адамдар кенеттен және белгіленген шектеулермен жүзеге асырады.

Тексерулерді жүргізудің кезеңділігі мен мерзімдерін Қорғаныс министрі мен Қарулы Күштердің бірінші басшылары айқындайды. Осы мақсаттарда тиісті лауазымды адамдар жауынгерлік әзірлікті кенеттен тексеру жоспарын әзірлейді.

Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру барысында әскери бөлім командирінің, штабының, бөлімшелер (қызметтер) командирлерінің (бастықтарының), жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға даярлық деңгейі, бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезіндегі бөлімнің басқару органдарының іс-шараларды орындауды қамтамасыз ете білуі, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілер мен материалдық құралдар қорларының жай-күйі тексеріледі.

4. Әскери қызметшілердің денсаулығын сақтау

мен нығайту


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: