Аллергия

Аллергия (грек. аllоs - басқаша, егgоn - іс, жұмыс) - деп организмнің өз тіндерінің бүліністерімен сипатталатын, кейбір бөтен текті заттарға оның өзгерген, бұрмаланған түрде иммундық жауап қайтаруын айтады.

Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, аллергия мен иммунитет бір тетіктермен дамиды, тек аллергия кезінде лаброциттерден (мес жасушаларынан) медиаторлар, иммунитетке қарағанда, әлдеқайда көп мөлшерде шығарылады және сау ағзалар мен тіндердің бүліністері байқалады. Аллергия организмде қабынуға, тегіс салалы еттердің (майда кеңірдекшелердің, ішектердің т.с.с.) жиырылуларына, некрозға, сілеймеге және басқа өзгерістерге әкеледі.

Этиологиясы. Аллергияның себебі болып, организмде сұйықтық (гуморалдық) немесе жасушалық иммундық жауап туындататын антигендік қасиеттері бар көптеген заттар есептеледі. Олар аллергендер (аллергия туындатқыштар) деп аталады. Аллергендер болып толық антигендер (бөгде нәруыздар, күрделі қанттар, липополиқанттар, полипептидтер т. б.) және шала антигендер есептеледі.

Толық антигендер - деп тектік бөтен ақпараты бар және организмге енгенде арнайы иммундық серпілістер дамуына әкелетін заттарды айтады.

Шала антигендер – деп меншік тін нәруыздарына байланысқаннан кейін олардың антигендік қасиетін өзгертетін қарапайым химиялық топтарды - айтады. Бұл антигендерге иммундық арнайылылық беретін химиялық топтарды гаптендер дейді. Бұларға дәрі-дәрмектер, бейорганикалық химиялық (иод, бром, никель т.б.) заттар жатады. Олар тін нәруыздарының химиялық құрылымын өзгертіп, бөтен текті затқа айналдырудан, оған қарсы иммундық жүйе жұмылдырылады да, арнайы антиденелер немесе сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер өндіріледі.

Аллергендер сырттан енетін экзогендік және организмнің өзінде болатын эндогендік болып ажыратылады.

Экзогендік аллергендерге:

● өсімдік тектес (олардың тозаңдары, жемістері, сабақтары);

● жануарлар тектес (қан сары суы, жүн, түбіт, қайызғақ, шаш, т. б.);

● тұрмыстық (үй тозаңы, әсемдік бұйымдар, кір жуатын ұнтақтар т. б.);

● тағамдық заттар (құлпынай, жұмыртқа, жаңғақ, сүт т.б.);

● өндірістік заттар (никель, мырыш, хром т.б.);

● дәрі-дәрмектер (антибиотиктер, витаминдер т.б.);

● бактериялар, вирустар, майда саңырауқұлақтар т. б. жатады.

Бұлар организмге тыныс алу, ас қорыту жолдарымен, тері, шырышты қабықтар арқылы және екпелермен түседі.

Эндогендік аллергендер (немесе аутоаллергендер) табиғи (біріншілік) және жүре пайда болған (салдарлық) болып бөлінеді. Табиғи (біріншілік) аллергендерге организмнің өзінің кейбір қалыпты тіндері (көз бұршағы, жүйке тіні, қалқанша бездің коллоиды, атабез тіні т. б.) жатады. Жүре пайда болған (салдарлық) аллергендер организмнің өзінің өзгерген тіндерінен пайда болады. Олар жұқпалардан немесе бейинфекциялық әсерлерден болуы мүмкін. Бейинфекциялық әсерлерге ыстық немесе суық температура, радийбелсенді сөулелер, улы химиялық заттар, кейбір дәрі-дәрмектер т.с.с. жатады. Инфекциялық эндоаллергендер микробтардың немесе олардың уыттарының тіндермен кешендер құруынан болатын және вирустармен туындатылатын (аралық) антигендер болады. Бұл кезде аллергендер жоғарыда көрсетілген әсерлерден организмнің өз тіндерінің нәруыздарынан құрылады. Олар нәруыздардың денатурациясы (лат. dеnаtuгаге - жаратылысын жоғалту, табиғи қасиеттерінен айрылуы) немесе детерминанттық (лат. detеrminare - анықтау) топтарын (эпитоптар делінеді) өзгертулері нәтижелерінде пайда болады. Организмде пайда болған аутоантигендер көптеген аутоаллергиялық аурулар дамуына әкеледі.

Сыртқы ортада гаптендердің мөлшері көбейген, олар организмге тері, ас қорыту және тыныс алу ағзаларының шырышты қабықтары арқылы түседі. Қалыпты жағдайда бұл тіндер бөгде заттардың организмге өтуіне тосқауыл болады. Осы тосқауылдық қызметтің бұзылуы аллергияның дамуында үлкен маңызды орын алады. Қазір терінің және шырышты қабықтардың тосқауылдық қызметтері сөлденістік иммундық глобулин А-мен қамтамасыз етілетіні белгілі. Осы IgА-ның тұқым қуатын және жүре пайда болатын тапшылықтары бронхиалық демікпенің кейбір түрлерінің дамуында өте маңызды екені белгілі. Сонымен бірге автокөліктердің сыртқа шығаратын газдары тыныс жолдарында шырышты қабықтардың жергілікті төзімділігін қамтамасыз ететін сурфактанттың түзілуі азаюына әкелетіні байқалды. Осылардың нәтижесінде тыныс ағзаларының шырышты қабықтарының өткізгіштігі жоғарылап, сыртқы ортадан организмге көптеген гаптендер түседі. Олар организмнің жасушаларымен және нәруыздарымен байланысқаннан кейін оның иммундық сезімталдығын көтеретін қасиет қабылдайды.

Аллергияның жиілеуінде адамдардың қалай болса солай бақылаусыз дәрі-дәрмектерді (антибиотиктерді т. б.) қабылдауыныңда маңызы бар. Сонымен бірге, қазіргі кездегі жұқпалы дерттерден алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын екпелердің маңызы зор. Мәселен, көкжөтелге қарсы пайдаланылатын екпе тіндердің гистаминге сезімталдығын көтереді, кеңірдекшелердің бета-адренергиялық рецепторларын тежейді, аллергиялық антиденелердің түзілуін арттырады.

Сайып келгенде, аллергия дамуына септік жағдайлар болып:

● тұқым қуалаушылыққа бейімділік;

● организм тосқауылдарының өткізгіштігі көтерілуі;

● аллергия дәнекерлерін әсерсіздендіру жүйелердің бұзылыстары;

● әлеуметтік ықпалдар (қоршаған ортаның ластанулары, екпелер жасау, дәрілерді қалай болса солай қабылдау т.с.с.) – есептеледі.

АЛЛЕРГИЯЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУІ.

Аллергиялық серпілістерді жіктеуге қатысты бірнеше көзқарастар бар. Солардың ішінде Кук (1930) барлық аллергиялық серпілістерді екі түрге бөлді:

дереу дамитын аллергиялық серпілістер. Бұлар организмнің сезімталдығын көтерген аллерген организмге қайталап түскеннен кейін бірнеше минөттің ішінде байқалады және иммундық глобулиндер (антиденелер) қатысатын организмнің сұйықтық (гуморалдық) жүйесі арқылы дамиды деп есептелді;

баяу дамитын аллергиялық серпілістер, сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер қатысатын, организмнің жасушалық иммундық жүйесі арқылы дамиды және аллерген организмге қайталап түскеннен кейін 24—48 сағат өткен соң байқалады деп есептелді.

Қазіргі күні «аллергиялық серпілістер» деген атаусөзбен қатар «жоғары сезімталдық» деген атаусөзде кең тараған. Осыған байланысты аллергиялық серпілістерді дереу дамитын жоғары сезімталдық (ДДЖС) және баяу дамитын жоғары сезімталдық (БДЖС) деп ажыратады.

1968 жылы П. Джелл, Р. Кумбс аллергиялық серпілістерді төрт түрге ажыратты:

● аллергиялық серпілістердің анафилаксиялық (реагиндік) I-түрі;

● аллергиялық серпілістердің цитотоксиндік II-түрі;

● аллергиялық серпілістердің иммундық кешендік (комплекстік) III-түрі;

● аллергиялық серпілістердің жасушалардың қатысуымен дамитын IV-түрі. Бұлардың бірінші үш түрлері ДДЖС-қа, төртінші түрі БДЖС-қа жатады. Көптеген аллергиялық аурулар дамуында бірнеше түрлері біріккен түрде байқалады. Мәселен, анафилаксиялық сілейме (шок) дамуында I-ші және III-ші түрлері, аутоиммундық аурулар кезінде II-ші және IV-ші түрлері бірігіп кездеседі.

Сонымен бірге бүгінгі күні иммундық бүліністердің антирецепторлық V-ші түрін ажыратады. Бұл кезде жасуша мембраналарындағы рецепторларға (β-адренорецепторларға, ацетилхолиндік, инсулиндік немесе тиреотропиндік рецепторларға) қарсы антиденелер (негізінен IgG) өндірілуінен олардың қызметтері бұзылады. Рецепторлар мен антиденелер байланысудан бұл рецепторлардың қызметтері артып кетуі немесе, керісінше, төмендеп кетуі мүмкін. Осыдан аутоиммундық бүліністер дамып, қантты диабет, тиреоидит т.с.с дерттер байқалады.

АЛЛЕРГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІСТЕРДІҢ ПАТОГЕНЕЗІ.

Аллергиялық серпілістердің дамуы үш сатыдан тұрады:

● бірінші - иммундық серпілістер сатысы;

● екінші - патохимиялық өзгерістер сатысы;

● үшінші - патофизиологаялық бұзылыстар сатысы.

Иммундық серпілістер сатысында организмде белгілі антигенге (аллергенге) арнайыланған антиденелер немесе сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер өндіріледі. Организмге енген антиген терінің немесе шырышты қабықтардың дендриттік жасушаларымен жұтылып, өңдеуден өтеді және лимфоидтық ағзаларға тасымалданады. Онда CD4+ корецепторлары бар Т-хелпер жасушаларымен үлкен тін үйлесімділік кешені (МНС-II – ағылш. Major histocompatibility complex) молекуласының құрамындағы антигендік пептидті таныстырады. Сол себепті дендриттік жасушаларды т.б. макрофагтарды антигенді таныстыратын жасуша (АТЖ) – деп атайды. Осыдан Тх0 жасушаларының әсерленуі болып, олар Тх1 немесе Тх2 жасушаларына айналады. Тх1 жасушалары интерлейкин-2, γ-интерферон, лимфотоксин өндіріп шығарады. Тх2 жасушалары интерлейкин 4,5,10,13 бөліп шығарады. Осыған байланысты Тх1 жасушалары әсерленгенде аллергені бар нысана жасушаларға уытты әсер ететін CD8+ корецепторы бар цитотоксиндік Т-жендет жасушалары және БДЖС дамуына жауапты сезімталдығы көтерілген Т-жасушалары өндіріледі. Тх2 жасушалары әсерленуден интерлейкин-4 В-лимфоциттеріне әсер етіп, олар иммундық глобулиндер түзетін плазмалық жасушаларға айналады. Осыдан IgM, IgG, IgA, IgE түзіледі. Иммуноглобулиндердің біразы В-лимфоциттерінің сыртқы беттеріне жабысып, антигенді танитын қызмет атқарады. Қалғандары қанда бос күйінде болып, арнайыланған антиденелердің міндетін орындайды. Олар өзгермейтін тұрақты Fc және антигенге арнайыланған, соған сәйкес өзгеріп тұратын Fab бөлшектерінен тұрады.

Бұл сатыны сенсибилизация (лат. sensibillis — сезімтал) деп атайды.

Сенсибилизация -деп организмге аллерген енгеннен кейін оның сезімталдығының біртіндеп көтерілуін айтады. Сенсибилизация белсенді немесе енжар болуы мүмкін.

Белсенді сенсибилизация антиген енгеннен кейін оған жауап ретінде организмнің өзінің иммундық жүйесінің қатысуымен дамиды. Ол үшін аллергеннің өте аз мөлшері жеткілікті. Мәселен, теңіз доңыздарында сенсибилизация жағдайын алу үшін оларға бөтен қан сары суының 10 -9 /л енгізу жеткілікті болады. Сенсибилизация жағдайы аллерген организмге енгеннен кейін 10 -14 күннен соң пайда болады. Бұл кезең аллергенді тану, оған қарсы арнайыланған антидене және сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер өндіру үшін және антиденелердің организмде таралуы, тіндерге кіріп, жасушаларда бекуі үшін қажет.

Енжар сенсибилизация сау жануарларға белсенді сенсибилизацияланған жануарлардың қан сарысуын немесе сезімталдығы көтерілген лимфоциттерін енгізгенде дамиды. Бұл кезде сезімталдықтың көтерілуі 18-24 сағаттан кейін байқалады. Бұл уақыт қан сары суымен түскен антиденелердің немесе сезімталдығы көтерілген лимфоциттердің тін жасушаларына бекуі үшін қажет. Аллергиялық серпіліс тек организмнің сезімталдығын көтерген антигенге (аллергенге) ғана дамиды.

Патохимиялық өзгерістер сатысында аллерген мен арнайы антидене немесе аллерген мен сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер байланысулары нәтижелерінде аллергияның біріншілік дәнекерлері (медиаторлары) босап шығады. Олар аллергиялық серпілістердің түрлеріне қарай әртүрлі болады (төменде келтіріледі). Артынан қабынудың бейспецификалық екіншілік дәнекерлері: лизосомалардың ферменттері, белсенділігі көтерілген Хагеман факторы, калликреин-кинин жүйесі, простагландиндер мен лейкотриендер т. б. қосылады.

Патофизиологиялық бұзылыстар сатысы осы көрсетілген аллергияның біріншілік және екіншілік дәнекерлерінің нысана жасушаларға әсерлерінен дамиды. Осыдан:

● артериалық қысымның, майда қан айналымның өзгерістеріне әкелетін қан тамырларының жергілікті және жүйелік өзгерістері (терінің қызаруы, артериалық қан қысымының төмендеуі т.с.с.) байқалады;

● қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі жоғарылайды, содан ісіну дамиды;

● тегіс ет жасушаларының қатты жиырылып қалуынан бронхоспазм, ішектердің бұрап ауыруы, іш өту т.с.с. құбылыстар пайда болады;

● қан ұю және ұюға қарсы, фибринолиздік жүйелердің бұзылыстарынан тамыр ішінде қан қатпалары пайда болуы немесе қан ұйымауынан қанағыштық синдром дамуы байқалады;

● эпителий жасушаларының шырыш шығару қабілеті көтерілуінен кеңірдекшелерде тұтқыр қақырық өндіріледі;

● сезімтал жүйке аяқшалары қоздырылудан ауырусыну, қызу, қышыну сезімдері болады;

● тіндерде жасушалардың сіңбелерімен көрінетін қабыну дамиды;

● аллергені бар нысана жасушалардың ыдырауы (цитолизі) байқалады.

Цитолиз үш түрлі жолмен болуы мүмкін:

♣ жасуша сыртындағы цитолиз, мәселен, эозинофилдердің пероксидазалары мен катиондық нәруыздары сыртына шығарылып, антигені бар жасушаларды (құрттарды) ерітіп жібереді;

♣ жасуша ішіндегі цитолиз, мәселен, фагоцитоз кезінде фагоциттердің ішінде ыдыратылып кету;

♣ жанасулық цитолиз, мәселен, Т-жендет жасушалары аллергені бар жасушамен жанасудан перфорин атты нәруыз өндіріп, нысана - жасуша қабықтарында көптеген тесіктердің пайда болуына әкеледі және эндонуклеаза ферменттерін әсерлендіріп, апоптозды әсерлендіреді. Макрофагтар цитокиндер шығарып және лизосомалық ферменттерінің қатысуымен жасушаларды ерітеді.

Аллергиялық серпілістердің анафилаксиялық (реагиндік) I-түрі.

Бұл серпілістер бактериялық емес аз мөлшердегі аллергендерге (шөп тозаңдарына, тұрмыстық шаңдарга, дәрі-дәрмектерге, тағамдық заттарға) дамиды. Иммундық серпілістер сатысында аллерген мен макрофагтардың әсерленуінен Тх2 жасушалары интерлейкин-4 өндіріп, В-жасушаларын әсерлендіреді. Осыдан олар плазмалық жасушаларға айналып, ІgЕ немесе ІgG4 өндіріп шығарады. Бұл иммундық глобулиндерді аллергиялық антиденелер немесе реагиндер (аллергияға жауапты антиденелер) дейді. Олар Fс бөлшегімен лаброциттердің (тіндік базофилдердің немесе мес жасушаларының) және қан базофилдерінің сыртына жабысады. Адамда лаброциттер теріде, шырышты қабықтарда, тегіс салалы ет жасушаларында (бронхиолаларда, ішектерде т. б.) көптеп орналасады. Сондықтан ІgЕ осы тіндерге жақсы жабысады. Организмге аллерген қайталап түскенде ол иммундық Е-глобулиннің Ғав-бөлшегімен байланысып, лаброциттердің түйіршіктерін сыртына шығаруына әкеледі (10-сурет). ІgЕ мен аллерген байланысуынан лаброциттердің ішіне Са2+ иондары түседі. Осыдан жасуша ішіндегі майда талшықтардың жиырылуларынан лаброциттердің түйіршіксізденуі (дегрануляциясы) болады.

Патохимиялық өзгерістер сатысында л аброциттердің түйіршіктерінен аллергияның дәнекерлері (медиаторлары) босайды. Оларға гистамин, гепарин, эозинофилдер мен нейтрофилдердің хемотаксистік факторлары жатады. Артынан лаброциттердің қабықтарында фосфолипаза ферменті әсерленуінен фосфолипидтер ыдырап, арахидон қышқылынан простагландиндер мен лейкотриендер түзіледі.

Патофизиологиялық бұзылыстар немесе клиникалық көріністер сатысында гистамин мен простагландин F2 тегіс салалы еттердің (бронхиолалардың, ішектердің) тез қатты жиырылуын туындатады, қылтамырлардың қабырғаларының өткізгіштігін жоғарылатады. Осыдан бронхоспазм, ісіну, есекжем, терідегі нүктелі бөртпелер, қышыну т. б. байқалады.

Лейкотриендер ағзалардың тегіс салалы еттерінің баяу және ұзақ жиырылуын туындатады. Содан бронхиолалардың спазмы туындайды және оның әсері антигистаминдік дәрілермен емделмейді.

Эозинофилдердің хемотаксистік факторы олардың тамыр сыртына шығуын күшейтеді. Оларда лейкотриендерді және гистаминді ыдырататын арилсульфатаза, гистаминаза ферменттері бар.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  




Подборка статей по вашей теме: