Сепсис

Сепсис туралы түсінік тарихи көзқарастарға ұшырады. Бүгінгі күні сепсис дамуында адам тәнінінің серпілістеріне маңызды орын беріледі. Шын мәнінде микробтың түріне қарамай организмнің сепсиске қайтаратын жауабы әрдайым бірдей болады.

Әмерика ғалымдарының ұсыныстары бойынша (1991) жұқпалы үрдістерді: жүйелі қабынулық серпілістер синдромы, сепсис (грек. sepsis – шіру), жұқпа, бактериемия, ауыр сепсис, сепсистік сілейме (шок) – деп ажыратады.

Жүйелі қабынулық серпілістер синдромы (ЖҚСС) – деп микроорганизмдердің, олардың тіршілік өнімдерінің немесе қабыну медиаторларының, жергілікті қабыну ошағынан шығып, жалпы қан айналыммен бүкіл денеге тарап кетуін айтады. Олбастапқы қабыну ошағында өтетін үрдістерден дамиды. Қалыпты жағдайларда қабыну үрдісі бүлінген жерді белгілі жерге орнықтырып, шектеп, бүліндіргіш ықпалды (микроорганиздерді) және бүлінген тінді аластауға бағытталған қорғаныстық қызмет атқарады. Қабынудың осы қызметі бұзылғанда немесе жеткіліксіз болғанда ЖҚСС –ы дамиды. Ол мына жағдайларда байқалуы мүмкін:

● микробтардың дерттілік қасиеті тым жоғары болғанда олар, барлық қорғаныстық тосқауылдардан өтіп кетіп, жалпы қан айналымға түсуінен;

● микробтардың өздері қабыну ошағында сақталып, олардың ыдырау және тіршілік өнімдері (экзотоксиндері, эндотоксиндері) мезгіл-мезгіл жалпы қан айналымға түсіп тұруынан;

● қабыну кезінде бүліністік үрдістер тым қатты болудан қан айналымға қабыну дәнекерлерінің көптеп түсуінен.

Соңғы жағдайда ЖҚСС қанға микроб түспей-ақ дамиды. Бұндай жағдай күйік пен жарақат қабаттасып, жұқпамен асқынбай, әсер еткенде байқалады. Ауыр жарақаттар немесе күйіктер кездерінде ішектердің қабырғаларының тосқауылдық қасиеті бұзылады, өткізгіштігі көтеріліп кетеді. Осыдан ішек микробтарының тіршілік өнімдері мен ыдырау өнімдерінің жалпы қан айналымға түсуі болады. Содан кейде жергілікті қабыну үрдісі болмай-ақ ЖҚСС дамуы ықтимал.

Жүйелі қабынулық серпілістер синдромы кезінде:

● дене қызымы 38˚ С-дан астам көтерілуі немесе 36˚ С-дан төмендеп кетуі;

● жүрек соғуы минөтіне 90-нан астам жиілеуі;

● тыныс алу минөтіне 20-дан астам жиілеуі;

● қанда лейкоциттердің саны 12 • 109 /л-ден астам көбеюі немесе 4 • 109/л-ден төмен азаюы - байқалады. Бұл кезде лейкоциттердің 10%-дан астамы жетілмеген жас түрлеріне (миелоциттер, метамиелоциттер, таяқша ядролы нейтрофилдер) келеді.

Осы келтірілген әйгіленімдердің ең кемінде екеуі болғанда ЖҚСС-деп аңғаруға болады.

Сепсис– деп жүйелі қабынулық серпілістер синдромы дамуына әкелетін белгілі айқындалған жұқпа ошағының болуын айтады. Оның көрсеткіштері болып:

қанда бактериялардың тұрақты болуы (бактериемия)

● қабынулық бүліністердің ауқымды ошағы болуы - есептеледі.

Ауыр сепсис – деп, айқындалған жұқпа ошағы және жүйелі қабынулық серпілістер синдромының екіден астам көрсеткіштері болуымен көрінетін, белгілі организм жүйесінің жеткіліксіздігімен сипатталатын сепсисті айтады. Бұл кезде ересек адамдарда тыныстық дизстресс-синдром, кардиогендік қан айналым жеткіліксіздігі, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі т.с.с организмнің бұзылыстары байқалады.

Сепсистік сілейме артериялық қысым сынап бағанасы бойынша 90 мм-ден төмен түсіп кетуімен көрінетін сепсистік синдром және бұл кезде тамыр тарылтатын дәрілер әсер етпейді. Ауыр сепсис кезіндегіден де артық көптеген ішкі ағзалардың қызметтерінің жеткіліксіздігі байқалады.

Сепсистік сілейменің даму жолдары өте күрделі болады. Микроорганизмдердің, олардың тіршілік өнімдері мен уыттарының, тіндердің ыдырау өнімдерінің және қабыну медиаторларының көптеп жалпы қан айналымға түсуінен майда артериялардың межеқуаты азайып, олар кеңіп кетеді. Содан артериалық қысым төмендейді. Макрофагтар мен лимфоциттерден т.б. жасушалардан босап шығатын әртүрлі цитокиндер, бактериялардың уыттары және қабыну медиаторлары жүрек қызметінің әлсіреуін туындатады. Майда қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі жоғарлауынан қанның сұйық бөлшегі тамыр сыртына шығып, айналымдағы қан көлемін азайтады. Осылардың біріккен нәтижелерінде артериялық қысымның төмендеуі одан сайын үдей түседі. Содан тіндерде майда қанайналымның бұзылыстары дамиды, циркуляциялық гипоксия байқалады. Бұған тіндік гипоксия қосылады. Өйткені өспелерді жоятын α-факторының әсерінен жасушалардың митохондрийлары бүлінеді. Бұл кезде микроциркуляцияның бұзылыстарына тамыр ішінде шашыранды қан ұю синдромы (ТШҚҰ-синдромы) дамуы да өз үлесін қосады. Гипоксияның нәтижесінде метаболизмдік ацидоз дамиды.

Сепсистік сілейме кезінде иммундық жүйенің тежелуі болады. Оған иммундық тежегіш заттардың (кортизол, интерлейкиндер 4, 10, простагландин Е2, өспелерді жоятын α-фактор т.б.) қанға түсуі әкеледі.

Гипоксияның нәтижесінде ішектердің қабырғаларының өткізгіштігі көтеріліп, оларда өндірілген уытты заттардың қанға түсуі организмнің уыттануын одан сайын күшейтеді.

Ішкі ағзалардың микроциркуляциясы бұзылыстарынан олардың қызметтері бұзылады. Содан көптеген ағзалардың қызметтерінің жеткіліксіздігі дамиды.

Жұқпалы үрдістерді емдеу негіздері.

Жұқпалы үрдістерді емдеу үш бағытта жүргізілуі қажет. Ол, біріншіден, туындатқан себепкер ықпалға қарсы бағытталады. Осы мақсатта бактерияларға, вирустарға, қарапайым жәндіктер мен құрттарға, майда саңырауқұлақтарға қарсы дәрі-дәрмектер қолданылады.

Екіншіден, аурудың даму жолдарындағы маңызды тетікті үзуге бағытталады. Ол үшін:

● организмді уытсыздандыру емшаралары (қанға сұйық енгізу, гемодиализ, плазмаферез, гемосорбция, микробтардың уыттарына қарсы емдік сарысулар енгізу т.б.);

● қабынуға қарсы дәрі-дәрмектер мен емшаралар;

● иммунитетті емдеу, иммундық жүйені қалпына келтіруге бағытталған емшаралар;

● ағзалар мен тіндердің қызметтерін қалпына келтіруге бағытталған емшаралар;

● организмнің ішкі тұрақтылық көрсеткіштерін (рН, рО2, рСО2, электролиттер мен судың көлемін т.с.с.) қалпына келтіруге бағытталған емшаралар – қолданылады.

Үшіншіден, аурудың әйгіленімдерін азайтуға немесе жоюға бағытталған емшаралар пайдаланылады. Осы мақсатта бас ауыруын басатын, ұйықтататын, көңіл-күйін жақсартатын, ауырусынуды жоятын дәрі-дәрмектер қолданылады.

Өспе

Өспе (лат.-tumor, blastoma, грек.- neoplasma, орыс.-опухоль) - тұтас организмнің жүйкелік-эндокриндік реттеулеріне бағынбай, өз бетінше дербес өсетін, құрылымы мен қасиеттерінде шыққан тін жасушаларынан үлкен алшақтықтары бар, шексіз бөлініп көбейетін және жаңадан қабылдаған қасиеттерін туынды жасушаларына бере алатын, дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушалардың тым артық өсіп-өніп кетуін айтады.

Өспе жасушалары өсіп-өнуі мен дамып жетілуі бойынша, құрылымы мен қасиеттері, атқаратын міндеттемелері бойынша орналасқан қалыпты тін жасушаларынан алшақтанып ерекшеленіп тұрады. Осындай жағдайды өспе өсуінің атипиясы (грек. а – жоқ, болмау, typicos – түр, пішін) дейді. Осыған байланысты өспе жасушаларының даму дәрежесіне байланысты анаплазия (дамымау), катаплазия (кері даму), метаплазия (басқа тін жасушасына айналып даму), дисплазия (бұрыс даму) деген түсініктер қалыптасқан. Өспенің бірнеше:

● өсіп-өну атипиясын

● морфологиялық атипиясын

● биохимиялық атипиясын

● антигендік атипиясын

● функциялық атипиясын

● физикалық-химиялық атипиясын – ажыратады.

Өсіп-өну атипиясы.

Өспелердіңөсіп-өну атипиясына олардың өсу дербестілігі және тіршілігін жоғалтпай, ұдайы шексіз өсіп-өнуі жатады.

Өспе өсуінің дербестілігі. Өспе өспеге айналған бір жасушаның ғана қарқынды бөлініп көбеюі нәтижесінде дамиды және оған қажетті затгарды қаннан сорып алады. Өйткені өспе жасушаларының өсіп-өнуі өзін-өзі реттейтін (аутокриндік) жолмен болады. Өспе өсуі жасушалардың бөлініп көбеюін қадағалайтын нәруыздардың артып кетуінен немесе оны тежейтін нәруыздардың жетіспеушілігінен дамиды. Бұл нәруыздардың түзілуі белгілі гендердің қадағалауымен болады. Мәселен, жасушалардың бөлініп көбеюін арттыратын нәруыздар онкогеннің, ал оны тежейтін нәруыздар супрессор-гендердің (антионкогендердің) қадағалауымен түзіледі. Осы гендердің мутациясы нәтижесінде онкогендер өршіп кетуінен немесе супрессор-гендердің бөгеліп қалуынан, онконәруыздар түзіліп, жасушалар шектен тыс артық өсіп-өніп кетеді.Онконәруыздар протеинкиназалар тобына жататын фосфопротенидер. Бұл нәруыздар өспе жасушаларына өсу факторы болып есептеледі. Осыдан өспе жасушалары өз беттерінше ұдайы бөлініп көбейе береді. Олар қалыпты (эпидермистің, тромбоциттердің, фибробластардың, Т-лимфоциттерінің т.б.) өсу факторларын қабылдамайды да, оларға жауап қайтармайды. Өйткені өспе жасушаларының сыртқы беттерінде қалыпты өсу факторларын қабылдайтын рецепторлар жоғалып немесе қалыптыдан ауытқып кетеді. Кейбір өспе жасушаларының қабықтарында қалыпты өсу факторларын қабылдайтын рецепторлар болуы да мүмкін. Бірақ бұл рецепторлармен өсу факторлары байланысқанмен, одан пайда болған хабар жасуша ядросына тарамайды. Өспе жасушаларының сыртында өздері ғана өндірген өсу факторын қабылдайтын рецепторлар қалыптасады. Бұл қалыптыдан ауытқыған рецепторлар жасушаның бөлініп көбеюіне әдеттегіден тыс өзгерген хабар жеткізіп тұрады. Сондықтан өспе жасушалары, қалыпты жүйкелік-эндокриндік және паракриндік реттеу жолдарына бағынбай, өз беттерінше ырықсыз өседі. Осындай жағдайды өспе өсуінің дербестілігі дейді.

Өспе жасушаларының тіршілігін жоғалтпай, шексіз өсіп-өнуі. жүйклік-гормондық өспелердің бірнеше биологиялық ерекшеліктерін ажыратадыайналып даму), диплазия (бұрыс

Өспелердің шексіз өсуі олардың жасушаларының толық жетіліп нақтыланбай, қартаймай, жас күйінде сақталып қалуынан болады. Сондықтан олар үдайы бөлініп көбейе береді. Қалыпты жасушалар, жабыстырғыш (адгезиялық) молекулалардың (кадгериндер мен интегриндердің) қатысуымен, өзара жанасқаннан кейін бөлінуін тоқтатады. Осындай жағдайды жасуша бөлінуінің жанасулық тежелуі деп атайды. Сол себепті жасанды жағдайда өсетін жасушалар белгілі бір қатты қабатқа жабысып, бір қатарға тізіліп өседі. Өспе жасушаларында бұл жанасулық тежелу қатты азайған. Сондықтан бұл жасушалар әр бағыттарда көбейе беруінен, олар көп қабатталып өседі. Өспе жасушалары бір қатты қабатқа жабыспайды. Өйткені оларда жабыстырғыш молекулалар қатты азайған немесе жоғалып кеткен. Содан өспе жасушалары жартылай сұйық ортада өсіп-өну қабілетін қабылдайды. Олардың жетіліп дамуы бұзылғандықтан өспе жасушалары, тіршілігін жоғалтпай, жас күйінде сақталып қалады. Осыдан олар ұдайы өсіп-өне береді. Осы жағдайды өспенің тоқтамай шексіз өсуі дейді. Бұл жасушаларда қалыпты жағдайларда болатын шекті бөліну өлшемі (Хейфлик. өлшемі) жоғалған. Мәселен, адамның фибробласт жасушасы қалыпты жағдайда тек 50 рет қана бөлінеді. Ары қарай ол қартайып, тіршілігін жоғалтады. Өспе жасушалары қартаймай, жетілмеген жас түрінде қала береді. Бұндай жағдай өспе жасушаларында апоптозды қадағалайтын гендердің қызметтері бұзылыстарынан байқалады.

Өспе өсуі үшін оның ошағына қан тамырларының тарауы маңызды орын алады. Өспе жасушалары қаннан қажетті қоректік заттарын қабылдап тұруы керек. Сол себепті өспе ошағында жаңа қан тамырлары ашылады. Осы жағдайды ангиогенез дейді. Өспе жасушалары ангиогенезді дамытатын факторлар өндіріп шығарады. Бұл факторларға: қалыпты жағдайда жараның бітуі кезінде өндірілетін ангиогенин, гепатоциттердің өсу факторы, α- және β-өсу фактолары, өспені жоятын фактор, простагландиндер Е1 және Е2 , интерлейкин-8 т.б. заттар жатады.Содан жақын орналасқан дәнекер тіндерінен өспе ошағына эндотелий жасушалары еніп, жаңадан қан тамырлары өседі.

Өспе жасушаларының өсіп жетілуі және нақтылануы бұзылыстарына байланысты анаплазия (дамымау), катаплазия (кері даму, ұрық жасушаларына ұқсас нақтыланбаған жасушалардың болуы), метаплазия (басқа тін жасушасына айналып даму немесе басқа тін жасушаларына ұқсап, өспе жасушаларының құрылымы мен атқаратын міндеттемелерінің өзгеріп кетуі), дисплазия (бұрыс даму, өспе жасушаларының орналасқан тін жасушаларынан сыртқы пішіні, құрылымы және орналасу тәртібі бойынша қатты алшақтанып, ерекшеленіп кетуі) деген түсініктер қалыптасқан.

Морфологиялық атипия.

Морфологиялық атипия тіндік және жасушалық болып ажыратылады.

Тіндік атипия – деп тіндік құрылымдардың қалыпты арақатынасының бұзылуын айтады. Әрбір өспеде оның арнайыланған бөлшектерінен тұратын ұлпасын және, құрамына қан тамырлары, жүйке және коллаген, аргирофилдік талшықтары кіретін, болбыр тіректік дәнекер тін - строманы ажыратуға болады. Қатерлі өспелерде строма қатты азайып, ұлпасы басым болып кетеді. Өспелерде ірі қан тамырлары қалыпты пішінін жоғалтып, олардың саңылаулары босап қалады. Кейбір қатерлі өспелерде майда қан тамырларының ішкі қабықтарында эндотелий жасушалары жоғалып, олардың орнын өспе жасушалары басады. Өспелер негізінен көптеген қылтамырлармен жабдықталған және олардың өздері өспенің шеткері жақтарында орналасады. Өспе өсу аумағында жүйке талшықтары бүліністерге ұшырап, тіршілігін жоғалтады. Қатерсіз өспелерде строма басым болады.

Жасушалық атипия - ө спе жасушаларының құрылымы мен пішіні және көлемі бойынша орналасқан қалыпты тін жасушаларынан алшақтанып, ерекшеленуін айтады. Олардың сыртқы пішіні өзгерген, көлемі үлкен болады. Ядроның көлемі үлкеюінен ядро мен цитоплазманың арақатынасы ұлғаяды, ядрода хроматин мен ядыршықтары көбейеді, хромосомалардың саны өзгереді, кейбіреулерінің құрылымы бұзылады, митохондрийлар азаяды, олардың тарақшаларының (кристаларының) құрылымы өзгереді, цитоплазмасында нәруыз түзілуіне қажетті рибосомалар көбейеді және әртүрлі қоспалар пайда болады. Өспе жасушалары мембраналарының, әсіресе лизосома мембраналарының, өткізгіштігі көтеріледі. Митоздық бөліну сатысындағы жасушалардың саны артады.


 

Биохимиялық атипия.

Биохимиялық атипия – деп өспе тінінде зат алмасуларының қалыптыдан ауытқып ерекшеленуін айтады. Өспе өсуіне қажетті энергияны глюкоза ыдыратылуынан алады. Сондықтан өспе тіні глюкозаны қаннан ұдайы сорып алады. Сол себепті өспені «глюкозаның қақпаны» – деп атайды. Бұл кезде оттегінің қатысуынсыз глюкозаның (анаэробтық) ыдыратылуы артады. Осы жағдайды Варбург әрекеті дейді. Артынан оттегінің жеткілікті болуына қарамай аэробтық гликолиз жалғаса береді. Бұны Пастер әрекетінің әлсіреуі дейді. Сонымен бірге глюкозаның пентоздық-фосфаттық жолмен тотығуы әсерленеді. Осыдан нуклеин қышқылдары түзілуіне қажетті рибозалардың түзілуі артады. Көмірсулары алмасуының аралық өнімдері (сүт қышқылы т. б.) өспе тінінде жиналып қалады, рН төмендеп, ацидоз дамиды.

Өспе жасушаларында нәруыздардың өндірілуі мен ыдырауының арақатынасы бұзылады. Жасушалардың тез бөлініп, өсуіне көп мөлшерде нәруыздардың түзілуі қажет. Өспе жасушалары қаннан амин қышқылдарын және азоттық негіздерді көптеп сорып алады және өзіне тән нәруыз өндіру үшін пайдаланады. Сондықтан өспені «азоттың қақпаны» деп атайды. Өспе жасушаларымен өндірілетін нәруыз онконәруыз (онкопротеин) деп аталады. Ол жасушалардың бақылаусыз және шексіз көбеюіне ықпал етеді. Оның түзілуі белсенді онкогендердің қадағалауымен болады. Кейбір өспе жасушаларында ұрықтық нәруыздар түзіледі.

Өспелерде нуклеин қышқылдарының түзілу ферменттері қатты көбейген. Белсенділігі жоғары киназалар, АТФ энергиясын пайдаланып, бос пуринді және пиримидинді негіздерден, рибозадан (дезоксирибозадан) нуклеотидтердің өндірілуін үдетеді. Өспелерде РНҚ және ДНҚ өндірілуін арттыратын белсенді полимеразалардың мөлшері көбейеді. Керісінше, бүл қышқылдарды ыдырататын (мәселен, дезоксирибонуклеаза, аденаза, гуаназа т.с.с.) ферменттердің деңгейі қатты төмендейді. ДНҚ түзілуін тежейтін гистондардың түзілуі азаяды.

Қалыпты жағдайда әрбір тін өзіне ғана тән ферменттер түзеді. Бұл ферменттер осы тінге тән изоферменттердің жиынтығымен сипатталады. Өспелерде бұл ерекшелік жоғалады, изоферменттердің саны азаяды, олардың жиынтығы әртүрлі өспелерде біркелкі сәйкес болады Осы жағдайды изоферменттік қарапайымдану дейді. Кейде, керісінше, изоферменттер тым көбейіп кетуі мүмкін. Оны изоферменттік күрделілену дейді.

Өспе жасушалары қаннан төмен тығыздықты липопротеидтерді және антиоксиданттарды (токоферол) сорып алады. Оларда май қышқылдарының түзілуі азаяды, керісінше, мембрана құрамына енетін өзгерген фосфолипидтердің түзілуі артады. Содан мембрана липидтері біркелкі болады да, өспе жасушаларының мембраналары қалыптыдан өзгеріп кетеді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: