Ішкі Монолог пен диалог 9 страница

Осыған орай тағы бір мысалға жүгінейік. Әдебиет оқулығында Б. Бұлқышевтың шығармасын оқытуға орай өте шағын мәлімет, оның шығармаларының атаулары ғана берілген. Мұнымен, әрине, оқушыларға бар болғаны 28 жыл өмір сүрген, осы қысқа ғұмырының ішінде артына өлмес мұра қалдырған, елін, халқын мейлінше сүйгеніп патриот жазушы Б. Бұлқышев бейнесін таныту мүмкін емес. Сондықтан өтілетін тақырыпқа лайықты, сонымен үндес, шағын және нақты қосымша материалдар қарастырылады. Ондай материалдардың бірі – Ғ. Мүсіреповтің “Өшпес мұра” атты шағын мақаласы. Ол мақаланы мұғалім уақыты жетсе, түгел, не үзінділер алып оқуына болады. Мысалы:

“Баубек заман біздікі дейді. Баубек майдандағы қазақ жастарының атынан сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне, күшіне де еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман жастардікі екені даусыз ғой, бірақ қандай жастардікі? Желбуаз, даурықпа жастардікі емес, Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де өнегелі жастардікі.

Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді.

Амал не, Баубек майданнан қайтқан жоқ, қаза тапты.

Енді сол Баубекті еске алсам, көз алдыма аса бір дарынды жас келеді. Тұлғасына қызыға қарап қалар бір жігерлі жас болады ғой, Баубек маған солай елестеді”. (Ғ. Мүсірепов. “Өшпес өмір”, 1965 ж.)

Бұл жолдар, біріншіден, шәкірттерді Б. Бұлқышевтің адамгершілік, азаматтың бейнесіне тәнті етсе, екіншіден, оқылмақ шығарманың (“Шығыс ұлына хат”) идеялық мазмұнын ашуға көмектеседі.

Қорыта айтқанда, 5-8 кластардың аралығында ақын-жазушылар жайында өмірбаяндық мәліметтерді оқытудың әдіс-тәсілдері көбіне олардың шығармаларын таныту үшін жүргізілетін кіріспе сабақтардың дәрежесінде өтеді. Олай болса, ол сабақтардың 5-6 минуттан аспайтын мүмкіндіктерін қарастырған орынды. Қалай болғанда да мұғалімнің сабақтың бұл сатысын әр түрлі қосымша материалдар, көрнекі құралдар пайдалану арқылы қызғылықты да тартымды өткізуіне әбден болады     

 

43. Түрік қағанаты дәуіріндегі әдебиет. Кез –келген халық, ру, тайпа ұлт болу үшін оның басынан кешірген тарихы болады. Сол секілді түркі халқының да өзіндік тарихы бар. Түркі халқының дүние жүзіне халық болып танылуы ҮІ ғасыр ортасында басталды. Сол себепті де ежелгі дәуір әдебиеті ҮІ-ХҮ ғасырлар аралығын қамтиды деп жорамалдайды. Бұл кейінірек қазақ халқының құрамына енген қазақ ру, тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуіріндегі әдебиеті. Бұл ерте кездегі түрік, ру-тайпаларымен бірге жасалған ортақ әдебиеттің өзін 3 кезеңге бөліп қарастырамыз.ҮІ-ІХ ғ. көне түркі әдебиеті ескерткіштері. Бұған орхон жазба ескерткіштері яғни «Күлтегін», «Білге қаған, «Тоныкөк» туралы құлыптастарға қашап жазылған жырлар, сондай-ақ, «Оғыз-наме» дастаны мен «Қорқыт ата кітабы»,

 

44. Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік тәрбиесі

«Адамзат баласының алдында үш айғақты зор міндет тұр: бірі - бейбітшілікті, екіншісі - руханиятты, үшіншісі - табиғатты қорғау һәм сақтап қалу. Бұлардың қай - қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір -бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің болашағы байлаулы» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы адамзат баласының өмір сүруіне қажет деп танитын осы үш фактор. Мұның ішінде, әсіресе «руханият» ең маңыздысы. Себебі, адам баласы рухани азықсыз өмір сүре алмайды. Жалпы, әлемдегі кез - келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім - тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім - тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше. Атақты ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әл Фарабидің де «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген аталы сөзі бар. Осыдан - ақ тәрбиенің адам өміріндегі маңызын көруге болады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді. Енді ақынның бірнеше қара сөздеріне көңіл аударып көрелік. Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім - білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адам қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтауы қажет.

Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім - білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық мінездерді шенеуге арналады. «Бірлік, тірлік» деген сөз ұғымдарының мәнін аша келіп, «Алтыншы сөзінде» Абай: «Бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес», - десе, сол әңгімесінің екінші жерінде: «Ырыс - алды тірлік» дейді. Жанын қорғалап жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады...

«Кеселді жалқау, қылжақ бас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың пысық, ішің нас,

Артын ойлап ұялмас, - болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», - дейді. Ұлы ақын осы пікірін өзінің «Үшінші», «Он бірінші» сөздерінде де толықтырып, ұштай түседі. Мал үшін ар - намысын сату, бірінің үстінен бірі арыз беріп жала жабу, ауызбіршіліктің болмауы тәрізді мінездердің бәрі де надандықтан, мәдениетсіздіктен, жалқаулықтан, еңбексіздіктен келіп туатынын дәлелдей келе, ақын өзінің оқырмандарын бұл мінездерден қашық болуға тәрбиелейді. Бұл әңгімелердің идеялық мазмұны да, келешек ұрпақ үшін құндылығы да осында.

Өзінің өлеңдеріндегі тәрізді қара сөздерінде де ұрлық, парақорлық, пәлеқорлық, мансапқорлық, тағы басқалар елдің ел болуына зор бөгет екендігін айта келіп, «Қырық бірінші сөзінде» ұлы ақын екі нәрсені ұсынады: біріншісі – «Бек зор үкімет», екіншісі – қаржы. Үкіметтің күшімен қазақтың ұл, қыздарын еріксіз түрде мектепке беріп, оларды ғылымның әр саласынан мамандандырып, ой – санасын жаңаша тәрбиелеп, бұрынғылардан мүлде өзге психология, өзгеше наным – сенімдегі адамдар етіп тәрбиелесе, сонда ғана елдің түзелетіндігін айтқан.

Абайдың «Он жетінші сөзі» қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әр қайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке – жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым. Демек Абай жүректі, яғни адам – адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. «Осы үшеуі (ақыл, қайрат, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», - дейді.

Тап осы тәрізді, тағы бір үлкен адамгершілік мәселесін қозғайтын шығармасы – «Отыз алтыншы сөзі». Қара сөз ұят туралы. Өз кезегінде ұяттан, ардан безгендерді сынай келіп, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, жамандық», - дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.

 «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», - дейді.

«Ұят кімде болса, иман сонда» деген қазақтың мақалынан да ұятқа үлкен мән бергенін көреміз. Сондықтан да ұлы ақынымыз Абай да бұл мәселеге аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ар – ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл қара сөздің бүгінгі таңда да тәрбиелік мәні зор.

Қорытындылай келе, біз ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының дәуірінде айтып кеткен атама сөздерінің әлі күнге дейін өз өмірімізге қажеттілігін ұғындық. Оның адамгершілікке баулыған, тәрбиеге негізделген қара сөздері арқылы рухани азық алдық, адамдық сипатта бой түзеуге тырыстық. Демек бұл ақынның халықпен бірге жасағандығы. Ақын мұрасы – халықтың сарқылмас асыл қазынасы. Әр қазақта тәлім алар ғибратты сөздер көп болғай...

 

45. Көркем мәтінді талдау түрлері.

КӨРКЕМ МӘТІНДІ ОҚУ-ТАЛДАУ ЖОЛДАРЫ

Әдебиет — өнер пәні. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты- оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы — әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.

Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін жіктеп ажыратамыз:

1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын тұшына, түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу;

2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу;

3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі;

4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы;

5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді;

6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді;

7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді;

8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:

а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру;

ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;

в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол — ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтқызамын, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндатамын, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтірткіземін, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап аламын, әр түрлі әдеби ойындарын жүргіземін.

Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргіземін. Күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беремін. Мысалы: қыстау, атан, шам, ру, шариғат бұйрығы, ердің құны. Кейбір диалогтерді оқи отырып, ең басты мәселелерді түсіндіремін.

— «Арысыңды, ендеше, арыстан жеді» (Бөжейдің сөзі).

— «Ақ қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!» (Қодардың сөзі).

Әдеби талдаудың басты мақсаты-оқушылардың өзіндік қабылдауларын, пікірін әдебиеттану ғылымының талабына сай ғылыми арнаға бағыттау болып табылады.

Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби — эстетикалық жолмен қарауды ұсынды». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт — осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету — әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді.

Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол» (1,92бет).

Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады (2,127бет).

Көркем туындының құрылысы әртарапты көптеген компоненттердің бірлігінен тұрады. Олар көркем шығарма тілінің заңдылығына бағынады және тілдік жүйе түзеді. Осы жүйені жасайтын жазушының өзі. Осыдан «автор бейнесі» мәселесі туындайды». «Автор бейнесі»-көркем әдебиет тілінің ішкі сапалық қасиеттері мен заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін категориялардың бірі әрі негізгісі болып табылады. Автор өзі жазып отырған шығарманың өн бойында ойы мен идеясын, көзқарасын, психологиясын танытып отырады, яғни әрбір көркем шығарманы оқығанда автор бейнесін де байқауға болады. Көркем мәтінде жазушы өз идеясын, көзқарасын жеткізуде оқырман қажетіне жарайтындай, түсініп оқитындай тілдік бірліктерді қолданады.

Көркем мәтінді талдауда композиция, сюжет, жазушы стилі, көркем туынды негізінде жатқан идея, оның көтерген мәселесі ерекше назарға алынады. Әдеби талдау арқылы оқушылардың әр түрлі реңдегі эмоциясына, сезіміне әсер етеді, ойларына ой, пікірлеріне пікір қосып, бүкіл жан дүниесін оятады.

Көркем мәтінді терең түсіну, талдауда әңгімелеудің де маңызы ерекше деп санаймын. Әңгімелеу әдісінің тәжірбиемде қолданып жүрген мынадай түрлері бар: мәтінге жуық, көркем мәтін ізімен әңгімелеу, оқушының өзіне ұнаған эпизодын, әсерін әңгімелеу, шығармашылық жолмен әңгімелеу болып табылады. Мәтінге сәйкес әңгімелесу баланың еске ұстау қабілетіне әсер етеді, зерделілікке, ұғымдылыққа, алғырлыққа баулиды. Сондай -ақ ең бастысы, оның сөздік қорын, тіл байлығын, өз сөйлеу тілінде пайдалануға үйретеді. Көркем мәтінді дұрыс, нақты түсінуге жетелейді. Тұжырымды әңгімелеудің өзіндік басты ерекшелігі — оқушылар ең басты, негізгі мәселелерді бөліп алып, тиянақты, қысқа ғана айтулары керек. Әңгімелеудің бұл түрі оқушыларды нақты сөйлеуге, ойын шашыратпай, қысқа ғана, негізгісін айтуға баулиды. Шығармашылықпен еркін әңгімелеу оқушылардың қиялын, арманын ойын дамытады, қабілетіне әсер етеді. Оқушылар мәтіннен негізгі ұғымды толық меңгеріп, талдау жұмысы жүргізілгеннен кейін, осы әңгімелеуді орындауға болады. Оны барлық баладан талап ету де міндетті емес. Оқушылардың өз тілегі, ынтасын ескерген жөн. Шығармашылықпен әңгімелеу көркем мәтін негізінде жатқан авторлық ойдан ауытқымау керек, қайта сол ойды дамыту қажет. Көркем мәтінді бірінші не екінші жақта әңгімелеуде, автор баяндауын өзгертіп, мәтін мазмұны, негізгі айтар ойы өзгертілмейді. Тек бірінші жақта жазылса, оны үшінші жақта әңгімелеу талап етіледі. Әңгімелеудің бұл түрінің маңыздылығы оқушының тілін дамытады, кейіпкерлер іс -әрекетін түсінуге, талдауға баулиды. Әсіресе, бас кейіпкер атынан сөйлеу қызықты да, күрделі де болып келеді. Бұл жұмыста оқушылар кейіпкер іс-әрекетін тереңірек түсінеді, өз сезімін, толғанысын да арқау етеді.

Көркем шығармадағы кейіпкерлердің орнын, ой-мақсатын оның сөйлесу тілі арқылы айқындауға болады. Көркем шығармадағы сюжет пен композициядан бастап, әрбір деталь, көркемдік тәсіл белгілі бір ойға, мақсатқа құрылады. Көркем мәтінді талдауға байланысты оқушы дағдысы, икем машықтарына қойылатын талаптар, осыған байланысты істелетін жұмыстар:

а) Өз бетімен, жеке талдау. Мұндай талдауда мұғалім талдау сұрақтарын, тапсырмалар береді. Сондай-ақ, көмек-карточкалар ұсынылады.

ә) Ұжымдық талдау. Ұжымдық талдау мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі. Ол оқушыны көркем туындыны қабылдау, бағалау жұмыстарына баулиды, бірігіп бір пікірге келуге, қорытынды жасауға жетелейді. Ұжымдық талдау сұрақ-жауап, мәтінмен практикалық жұмыс, пікірлесу, әдеби айтыс негізінде жүзеге асады.

Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды.

Көркем мәтіннің негізгі белгілеріне байласым, тұтастық және эмотивтілік жатады. Байласым- лингвистикалық ұғым, ал тұтастық-психолингвистикалық ұғым. Байласым көмегімен мәтін құрылысының феномендері талданады, ал тұтастық ұғымы арқылы мәтіннің терең қабатындағы орналасқан әрекеттері түсіндіріледі (3, 8 бет).

Көркем шығармаларды оқытудың тиімді де өнімді жолдарын іздеудегі әйгілі ұстаз, әдіскер Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның еңбегі зор. Әдіскер ұстаздың қаламынан М.Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесіне байланысты үш кітап жазылған. «Оқулықта… талдаудың бір түрі-образдық талдау жүйесі негізге алынған». Көркем шығарманы талдау жүйесі, ең алдымен алдымен көркем туындыда жазылған, баяндалған оқиғалардың тарихи негізіне назар аудартады. Мұғалімнің түсіндірме әңгімелерінен кейін, мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнымен танысу, мәтінді бөлшектерге бөліп, ат қою, әр бөліміне жоспар құру, құрылған жоспар бойынша тірек сөздерді қолданып мазмұндату, шығарманың басталуы, шығарма ішіндегі уақиғалардың байланысы, уақиғаның шарықтау шегі, шешімі айқындалады. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, іс-қимылы, мінезі, қылығы, әрекеті айқындала түседі. Кейіпкерді танытатын, айқындап, даралап беретін негізгі элементтер: портрет, іс-қимыл әрекеті, тілдік көрінісі, көркемдік детальдар, суреттеме, кейіпкерлер диалогы, жанама сипаттамалар, кейіпкердің өзара қарым-қатынасы, қақтығысы, күресі т.б. Кейіпкерді талдап, тану барысында оқушы көркем шығармадағы кейіпкердің жүйесін нақтылайды, өзара байланысын, жазушының әр кейіпкерге қандай сипаттама бергенін, портретін, кейіпкерлердің диалогтары арқылы олардың мінезін ерекшелеп айқындап, негізгі орталық тұлғаны анықтайды (4, 62 бет).


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: