Тарау. Саяси социология 17 страница

Үндінің қоғамдық ойының одан кейінгі тарихы брахманизмнің, буддизмнің және басқа да бірқатар нанымдардың элементтерін сіңірген дін - индуизмнің пайда болып, нығаюымен байланысты. Буддизм негізінен Үндістаннан тыс жерлерде - Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, Қытайда, Жапонияда және т.б. елдерде кең тараған. Б.д. алғашқы ғасырларында буддизм әлемдік діндердің біріне айналды.

 

Ежелгі Грецияның әлеуметтік білімі

 

Көне ой әлеуметтік саланы зерттеулерге күшті серпін берді және социология негіздерінің іргесіне бірқатар элементтер қалады. Платонның “Мемлекет”, сондай-ақ Аристотельдің “Саясат” атты еңбектері мемлекет, отбасы, құқық сияқты жекелеген әлеуметтік институттарды зерделеудің бастауы болды. Көне философтар алғашқылардың бірі болып адамның қоғамдағы орны проблемасына көңіл бөлді.

Көне дәуірде қоғамның пайда болуы мен әлеуметтіліктің мәнісін түсіндіруде екі үрдіс қалыптаса бастады. Олардың біреуіне сәйкес, қоғам - табиғи құрылым; адам - табиғаты бойынша және әуел бастан әлеуметтік және альтруистік тіршілік иесі; ол ара немесе құмырсқа сияқты қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адамның қалыптасуында қоғамға дейінгі кезең жоқ немесе оны адамға дейінгі кезең деуге болар еді. Бұдан шығатын, қорытынды - саяси билік пен заң нормаларына негізделген және белгілі бір аумақтағы белгілі бір халықты біріктіретін мемлекет тек адамның табиғи әлеуметтік жағдайының жалғасын, дамуы мен нығаюын білдіреді (АРИСТОТЕЛЬ, СЕНЕКА).

Басқа дәстүрге сәйкес, қоғам - жасанды құрылым; адам - табиғатынан және әуел бастан әлеуметтікке қарсы және өзімшіл тіршілік иесі; адамның табиғи күйі - қоғамнан тыс және қоғамға дейінгі.

Қоғам - өзінше жеке адамдардың игілігі үшін адамдар құрастырған жасанды механизм. Адамдар мен күшке сүйенетін мемлекет осы механизмнің өзі болады не болмаса оны берік және тиімді етудің басты құралы болады: ол өз бодандарын өзіне ақыр соңында олардың өз еріктерімен және өз игіліктері үшін бағындырады (ПЛАТОН, ЭПИКУР, ЛУКРЕЦИЙ).

ПЛАТОННЫҢ (б.з.д. 428/427 - 348/347 жылдары) дүниетанымында оның қоғамға және мемлекетке көзқарастарының маңызы зор. Оның назарын ортақтасып өмір сүру қандай болуы қажет және мұндай ортақтасып өмір сүруді орнатуға және сақтауға адамдар қандай тәрбиемен дайын болуы керек деген мәселелер аударды. Қоғамдық-саяси мәселелерге Платон өзінің неғұрлым жан-жақты екі туындысын арнаған: көп бөлігі кемел шағында және ұзақ уақыт жазылған трактаты “Мемлекет” және соңғы туындысы “Заңдар”. Ол екеуінің құндылығы бірдей емес. “Мемлекетте” қоғам туралы ілім платондық идеализмнің негізгі ілімімен - “идеялар” теориясымен тығыз байланыста жасалған - бұл жерде мұраттық тиістілік үлгісі ретінде және нормасы ретінде эмпирикалық шындыққа қатаң түрде қарама-қарсы қойылады. Сонымен қатар, бұл қарама-қарсы қоюдың барынша қатты айтылғанына қарамастан “Мемлекетте” Платон сондай қатты сынаған және теріске шығарған эмпирикалық шындықты керемет білетіндігі және түсінетіндігі айшықталған [6].

Мемлекет Платонның бейнелеуінде жанның құрылымына ұқсас күрделі құрылысты білдіреді. Жанда үш бөліктің бар болуы сияқты мемлекет те азаматтардың үш тобына, үш сословиеге бөлінуге тиіс. Жанның ақылды бөлігіне билеуші-философтар, қайсар және батыл бөлігіне - әскерлер-сақшылар тобы, төменгі бөлігіне - жер өңдеушілер мен қолөнершілер сословиесі сәйкес келуге тиіс.

Қоғамның сословиелік бөлінуін Платон азаматтардың бірлескен тұрғылықты жерлері ретінде мемлекет беріктігінің шарты деп жариялады. Төменгі сословиеден жоғарысына өз бетінше өтуге жол берілмейді және ол үлкен қылмыс болып саналады, өйткені әрбір адам өзіне табиғатынан белгіленіп қойылған іспен айналысуы қажет. “Өз ісімен айналысу және бөтендерге килікпеу - әділдік деген осы”. Әділдіктің платондық анықтамасы қоғамдық теңсіздікті, адамдардың туғаннан жоғары және төменгі болып бөлінуін ақтауға құрылған [7].

Платон мемлекет басына мәңгілік игілікке қатысы бар және идеялардың көктегі әлемін жердегі өмірде іске асыруға қабілетті философтарды қою қажет деп сендірді. Билікті керемет ұйымдастыру жобасында Платон “қанның аристократиясы” принципінен бас тартып, оны “рух аристократиясымен” алмастырады. Бұл идеяны негіздей отырып, ол билеуші философтарға рухани элита қасиеттерін таңады - интеллектуалдық ерекшелік, өнегелілік, кемелдік және т.б.

Мемлекеттің бұрмаланған нысандарын сипаттай отырып, Платон оларды мұратпен салыстырғанда ретімен орналастырады. Даналар аристократиясының азғындауы, оның айтуынша, жеке меншіктің орнығуына және үшінші сословиенің еркін жер өңдеушілерінің құлдарға айналуына әкеп соғады. Мемлекеттің криттік-спартандық түрі, немесе күшті жауынгерлер үстемдігі тимократия (“тиме” - намыс) осылай пайда болады. Тимократиялық басқарудағы ел өмір бойы соғысып өтеді.

Мемлекеттік құрылыстың келесі түрі - олигархия - жеке адамдарда байлықтың жиналуы нәтижесінде пайда болады. Бұл құрылыс мүліктік шекке негізделген. Билікті аз ғана байлар иеленіп, кедейлер билікке қатыса алмайды. Байлар мен кедейлердің жауласуымен алакөздікке душар болған олигархиялық мемлекет үнемі өзімен-өзі шайқасып отырады.

Кедейлердің жеңісі демократияның - халық билігінің орнауына әкеп соғады. Демократия кезіндегі қоғамдық лауазымдар жеребе арқылы бөлінеді, соның салдарынан мемлекет бостандыққа шектен шығып мастанады. Демократияда әркімнің өз еріктілігі мен бостандықтары сақталады.

Ақыр соңында тым еркіндік өзіне қарама-қарсы - асқан құлдыққа айналады. Мемлекеттік құрылыстың ең нашар түрі тирания орнайды. Тирандар (қатыгездер) билігін сатқындықпен және зорлықпен ұстап тұрады. Тирандық құрылыс - мемлекеттің ең ауыр кеселі, онда қандай да бір адамгершілік мүлдем болмайды.

Платон өз заманындағы мемлекет нысандарын - демократияны, тиранияны, олигархияны және тимократияны айыптайды. Мемлекеттік құрылыстың осынау барлығы дұрыс емес дейтін нысандарына “керемет мемлекетті” қарсы қояды, мұның өзі кейіннен Платон туралы социалистік және тоталитарлық идеялардың негізін қалаушы деп айтуға негіз болды.

Платон жетілген мемлекеттік құрылыс деп демократия мен монархияның бастамалары бірлескен басқаруды айтады. Ондай бастамаларға жататындар: демократиялық арифметикалық теңдік принциптері (көпшілік дауыс бойынша сайлау) және монархиялық геометриялық теңдік принципі (сіңірген еңбегі мен лайықтылығы бойынша сайлау). Платонның керемет мемлекетінде жеке меншік болмады және әркімнің ерекше айналысатын істері мен ережелері алдын ала белгіленді. Мемлекеттің демократиялық бастамалары халық жиналыстары қызметінде көрініс табады. Платонның дұрыс мемлекет “әлеуметтік теориясының” жалпы көрінісі осындай.

АРИСТОТЕЛЬ (б.з.д. 384 - 322 жылдары) мемлекетті, жеке меншікті, құлдықты және басқа да әлеуметтік құбылыстарды табиғи, табиғаттан солай жаратылған деп қарастырды. Мемлекет пен құқықты зерттеу әдістемесінің өзінен-ақ бұл тұжырымдама қоғамның пайда болуы мен жетілуі туралы демократиялық ілімге қарсы бағытталған еді.

Аристотельдің ойынша, мемлекет адамдардың қауымдасуға табиғи ұмтылысы салдарынан пайда болады. Қауымдасудың кей жерлері жануарларға да тән бірінші түрі отбасы болып табылады; бірнеше отбасынан ауыл немесе ру пайда болады; ақыр соңында бірнеше ауылдардың бірігуі адамдардың ортақтасып өмір сүруінің жоғары нысаны - мемлекетті құрайды. Мемлекетте адамдарға әуел бастан берілген бірлесіп өмір сүруге ұмтылу толығымен жүзеге асады. Философтың атақты нақылында адам “өзінің табиғаты бойынша саяси тіршілік иесі” деп айтылады. Мемлекеттің ұрпақ жалғастыру және әкенің билігіне негізделген отбасылар мен ауылдардан өзгешелігі - ол адамдар арасындағы моральдік араласудың арқасында құрылады және құл иеленуші қоғамның істерін бірлесіп басқаратын еркін азаматтардың бірлестігін білдіреді [8].

Аристотель мемлекетке мынадай анықтама береді: мемлекет - “бір-біріне ұқсас адамдардың мүмкіндігінше жақсы өмірге қол жеткізу үшін бір-бірімен қарым-қатынаста болуы”. Аристотель бұл анықтамаға айтарлықтай нақты мазмұн енгізді. Бұл жерде адамдарды тек грек полистерінің еркін азаматтары деп түсінді. Варварлар мен құлдарды ол мемлекеттің азаматтарымен қатынаста болуға лайық адам деп санамады. Рухани жағынан дамымаған варварлар мемлекеттік өмірге қабілетсіз; олардың еншісі - гректердің құлы болу. Аристотель осылайша саяси теориясында құл иеленушілердің мүддесін ашық қорғады. Мемлекет оған құл иеленуші қоғамның істерін бірлесе басқаратын еркін азаматтардың бірлестігі болып көрінді [9].

Аристотель құлдықты негіздеуге бірнеше уәждер келтіреді. Олардың ішіндегі шешушісі - адамдар арасындағы жаратылыстан алшақтықтар. “Саясат” беттерінде құлдықты табиғат жаратқан, варварлар болса денесі алып, ақылы кем болғандықтан тек дене еңбегіне ғана қабілетті екендігі бірнеше рет атап өтіледі. Құлдықтың “табиғаттан болатындығының” дәйектемелерін экономикалық тұрғыдағы уәждер толықтыра түседі. Бұл көзқарас тұрғысынан құлдық шаруашылық жүргізу және өндірістік қызмет қажеттіліктерінен туады. Егер де тоқымашылардың құралдары өздері тоқитын болса, ал плектрлер кифарада өздері ойнайтын болса, онда сәулетшілер де жұмысшыларға зәру болмас еді, ал қожайындарға құлдардың қажеті болмас еді” [10].

Құлдық сияқты жеке меншік тамырын табиғаттан алады және отбасының элементі болып табылады. Аристотель Платон ұсынған мүлікті қоғамдастыруға батыл түрде қарсы болды. Сонымен қатар ол мүліктің қоғамдасуын экономикалық жағынан қауқарсыз, адамдағы шаруашылық бейімдіктерге кедергі келтіреді деп тапты.

“Саясаттағы” мемлекет нысандарының жіктелуі екі белгі бойынша жүреді: басқарушы адамдардың саны және мемлекеттегі жүзеге асатын мақсаттар. Билеушілер санына қарай Аристотель бір адамның, аз адамның және көпшіліктің билеуі деп бөледі. Екінші белгі бойынша жоғарғы өкімет азаматтардың жалпы игілігін мақсат тұтатын дұрыс мемлекет және билеушілер өз пайдасын көздейтін бұрыс мемлекет болып бөлінеді. Бұл жіктелімдерді бір-бірімен салыстырғанда мемлекеттік құрылыстың алты түрі шығады. Дұрыс мемлекетке - монархия, аристократия және полития; бұрыс мемлекетке - тирания, олигархия және демократия жатады.

Олигархияда билік байлардың, демократияда - кедейлердің иелігінде. Аристотель демократия мен олигархия туралы сөз еткенде, оларды айырудың ресми белгілерінен шегініп, билеушілердің мүліктік жағдайын алдыңғы орынға қояды. Байлар мен кедейлер екі полюсті, кез келген мемлекеттің екі диаметральді қарама-қайшы бөліктерін құрайды, ендеше қай жағы басым болса, билеу нысаны да соған сәйкес болады деп көрсетеді философ. Саяси тұрақсыздықтың, бүліктердің және мемлекет нысаны алмасуының түбірлі себептері тиісті теңдіктің жоқтығынан болады. Олигархия орын алып отырған теңсіздікті күшейте түседі, ал демократия байлар мен қарапайым халықты тым теңестіріп жібереді. Аристотель өзінің демократия мен олигархия туралы ой-тұжырымдарында құл иеленуші мемлекеттің дамуын анықтайтын әлеуметтік қайшылықтарды түсінуге жақындай түседі.

Аристотельдің көңіліне жағатыны - полития, олигархия мен демократияның қосылуынан туған мемлекеттің аралас нысаны. Полития экономикалық тұрғыдан орта мөлшердегі меншіктер басым болатын құрылысты білдіреді, бұл отбасылардың жеткілікті тұрмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, байлар мен кедейлер арасындағы қарама-қайшылықтарды да бәсеңдетеді. Экономиканы Аристотель үй шаруашылығын дұрыс жүргізе білу ретінде хрематистикаға немесе баюды көздейтін жинақтау өнеріне қарсы қояды. Аристотель байлыққа деген сарқылмас құмарлықты, ұлғайтылған сауданы, өсімқорлықты және т.с.с. айыптайды. Меншік мөлшерін шектеумен қатар кемел мемлекетте ауқатты азаматтар мен ерікті кедейлердің ынтымағын қамтамасыз ететін бірлесе тамақтану мен басқа да шаралар көзделеді. “Меншіктің жеке болғаны, ал оны пайдалану көпке ортақ болғаны жақсы”, - деп тұжырымдайды Аристотель. Политиядағы билік әлеуметтік тірегі жердің меншік иелері болып табылады. Платонның “Заңдарында” сияқты Аристотель азаматтар қатарынан дене еңбегімен айналысатын адамдарды шығарып тастайды. Азаматтық айбын “күнделікті тамақтану үшін қажетті жұмыстан құтылғандарға ғана” жарасады деп мәлімдеді ол. Әйтсе де жер жыртушылар, қолөнершілер мен күндеп жұмыс істейтін мемлекетке қажет болғанымен, оның маңызды бөліктері әскерлер мен билеушілер болып табылады. Политияда билік “өз есебінен қаруланатын әскерлердің қолына шоғырланады”. Олар азаматтық құқықты толық иеленеді. Азаматтардың кейбір тым қысқартылған құқықтары жер өңдеуші демос - шаруаларға да беріледі. Саяси жағынан бұл құрылыс билікті іске асырудың демократиялық және олигархиялық әдістерін ұштастырумен сипатталады.

Орта ғасырлардағы әлеуметтік таным

Еуропадағы қоғамдық-саяси көзқарастар

 

Орта ғасырлар Еуропа тарихында V ғасырдағы Рим империясының күйреуінен бастап Қайта өрлеу дәуіріне (XІV - XV ғ.) дейінгі ұзақ аралықты алады.

Бұл кезеңдегі қалыптасқан философияның екі өзіндік негізгі қалыптасу көзі болды. Оның біріншісі - ежелгі грек философиясы, ең алдымен оның платондық және аристотельдік дәстүрі. Екінші көзі - философияны христиандыққа бұрған Киелі жазу.

Орта ғасырлардағы әлеуметтік-философиялық жүйелердің көпшілігінің идеологиялық бағдары христиан дінінің негізгі парыздарымен айқындалды, олардың ішіндегі аса маңыздылары жаратушы құдайдың тұлғалық нысаны туралы қасаң қағида мен құдайдың дүниені “жоқтан бар етуі” туралы қасаң қағидалар болды. Мемлекеттік билік қолдаған осындай қатал діни парыз жағдайында философия “діннің қызметшісі” болып жарияланды, оның шеңберінде барлық философиялық мәселелер теоцентризм, креационизм, провиденциализм тұрғысынан шешілді.

Теоцентризм - (грекше theos - Құдай) дүниені бар нәрсенің көзі мен себепшісі құдай болып табылады деп түсіну. Ол дүние құрылысының орталығы және оны жасаушы бастауы. Теоцентризм принципі танымға да таңылады, онда білім жүйесінің жоғарғы сатысында теология; одан төмен - теологияның қызметіндегі философия; одан да төмен - әр түрлі дербес және қолданбалы ғылымдар.

Креационизм - (латынша creatіo - жасау, құру) бұл принципке сәйкес Құдай тірі және өлі, шіріген, өткінші және тұрақты өзгерісте болатын табиғатты жоқтан жасаған.

Провиденциализм - (латынша provіdentіa - көрегендік, құдірет), көзқарастар жүйесі, оған сәйкес барлық әлемдік құбылыстарды, соның ішінде тарих пен жеке адамдардың мінез-құлықтарын құдайдың құдірет күші басқарады (құдірет - діни ұғымында: Құдай, жоғары жан немесе оның іс-әрекеті).

Христиандық философ және теолог АВРЕЛИЙ АВГУСТИН (Августин Блаженный) (354 - 430) “Құдай Шаһары туралы” трактатында адам тарихын баяндайды. Ол адам мен құдай тарихы бір және бір-бірінен ажырамайды, бірақ қарама-қарсы бағытталған деген ойды айтады. Құдай Шаһары адамзаттың аз бөлігін білдіреді, бірақ болашағы бар, ал Жер Шаһары туралы олай айтуға болмайды. Әйтсе де Жер Шаһары - Құдайдың жаратқаны, бірақ ол Құдай Шаһарына бағынысты рөл атқарады, яғни мемлекет шіркеуге қызмет етуге тиіс. Жердегілермен, күнәһарлықпен күресте Құдай Шаһары өзінің қоғамдық-саяси дамуында үнемі күшейіп отырады, оған Иисус Христостың шіркеуі ықпал етеді. Демек, Августиннің түсінігінде қоғам өз қарауы бойынша - теократиялық, ал прогресс идеясы - діни-теологиялық болып табылады.

Осы кезеңнің ең көрнекті өкілдерінің бірі Фома Аквинский, [Thoma Aquіnas] (1225 - 1274) - философ және теолог, ол бастапқы себеп, жаратылыстың соңғы мақсаты және т.с.с. ретінде сипатталатын құдай болмысының 5 дәлелдемесін тұжырымдаған. Табиғи болмыс пен адам ақылының салыстырмалы дербестігін мойындай отырып (табиғи құқық тұжырымдамасы және т.б.), табиғат - рахатта, ақыл - сенімде, жаратылыстың ұқсастығына негізделген философиялық таным мен табиғи теология - табиғаттан тыс тылсым аянда аяқталады деп сендірді.

Өзінің “Князьдердің басқаруы туралы” трактатында Фома Аквинский Аристотельдің билік туралы ілімін шіркеулер туралы христиандық іліммен қоғам дамуының ақтық, табиғаттан тыс мақсат ретінде біріктіруге тырысады. Мемлекеттің шығуы мен функциялары туралы ой тұжырымдай отырып, Фома логикалық неғұрлым ерте болмыс ретінде мемлекет өз бастауын құдайдан алады деп сендірді. Кез келген қауымдастық белгілі бір функциялар атқарады, өз алдына гегемонсыз айналып өте алмайтын белгілі мақсаттар қояды. Сондықтан әйтеуір біреудің осы қоғамды басқаруына және оны мақсатқа жетелеуіне деген қажеттілік туады, дәл осындай басшы мемлекет болып табылады. Фома Аквинский биліктің түрлі нысандары болады, алайда олардың бәрі бірдей дәрежеде қоғам бақыты мен игілігін жүзеге асыра бермейді. Ол олигархияға, монархияға, тиранияға және оның бір түрі - демокаратияға бөледі. Биліктің ең жақсы нысаны монархиялық, аристократиялық және демократиялық элементтер бірігетін мемлекет болып табылады.

Фома Аквинский биліктің мәні мен нысаны арасындағы айырмашылықты енгізеді. Біріншісі құдайдан беріледі, яғни тәртіпті қамтамасыз ететін және адамдарды белгілі бір мақсатқа жетелейтін ұйым бар болуға тиіс. Нысан деп басқару тәсілін, билік құрылымын түсінеді. Демек, әйтсе де кез келген билік құдайдан келгенімен, одан келмеуі де мүмкін. Соңғы жағдай мынадай кездерде орын алады: а) билеуші билікке арам жолмен келсе; ә) ол әділ басқармаған жағдайда, яғни шіркеу мүдделеріне қарсы келгенде. Бұл құдайдың өз жоспарларына сәйкес бодандарды жазалау мақсатында жаман билік орнатқан кезінде болады.

Фома Аквинский құқықтарды мынадай түрлерге бөледі:

 Мәңгі құқық. Құқық ережелер мен нормалардың жиынтығы ретінде бодандарды билеушінің ақылды өкімін құрайды. Оның міндеті - адамдарды жалпы игілікке жетелеу. Мәңгі құқық - әлемді билеудің барлық тәңірлік принциптерінің жиынтығы деп ұғылатын жоғары құқық.

 Табиғи құқық. Мәңгі құқық құдайға қатысты болғандықтан орын алатын табиғи құқықтың бастау көзі болып табылады. Ол уақыттан тыс, мәңгі, өзгермейді және ақылды сипатқа ие, яғни оған өз интеллектерінің көмегімен танитын ақылды тіршілік иелерінің ғана қолы жетеді.

 Адами немесе позитивті құқық. Табиғи құқық принциптерін қоғамдық өмірге қолдану. Ол мәңгі құқықтан тікелей емес, басқа жол арқылы шығады және өзгермелі болып табылады. Аквинский, сондай-ақ мына жағдайларда мемлекеттік билікке қарсы көтерілу құқығы туралы айтады: а) билік құдай заңдарына және қарапайым моральдік принциптерге қарсы шықса, бұл жағдайда бодандар оларға бағынудан бас тартуы тиіс; ә) билік өз құзыретін асырып жіберген жағдайда; б) заңды сайланған билеуші әділдікті бұза бастаған жағдайда.

Демократиялық элементтердің сырт көрінісін ғана жамылған, ал іс жүзінде шіркеудің мүддесін танытатын мемлекет туралы Фома Аквинскйдің ілімі осындай [11].

Сонымен, ортағасырлық Еуропада ғылым теология мен схоластикада өз көрінісін тапты. Табиғат заңы ортағасырлық дүниетаным үшін қол жетпейтін және белгілі бір дәрежеде өмірде жоқ саналатын болып шығады. Қоғам ұғымы ең алдымен діни сипатқа ие болды - ол католик шіркеуі мен соның жолын қуушыларға қатысты болды. Жалпы алғанда, Орта ғасырлар адам мен қоғамды социологиялық ұғынуда айтарлықтай жаңа ештеңе бере алған жоқ.

 

Араб шығысының социологиялық ойы

 

Шығыстың философиялық ойының барлық тарихында осы аймақтың көрнекті ойшылдары өздерінің қоғамдық-саяси көзқарастарын тұжырымдай отырып жеке тұлға мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарын, әділ мемлекеттік құрылымдарды және т.б. қарастырды. Кей тұстарда олардың ұғымдары “азаматтық қоғам” ұғымының мазмұнымен үндес болды. Ислам үстемдік еткен кезеңде бұл ұғымдар көбінесе діни ұстанымдармен байланысты болды не болмаса олармен пікір таластырды. VІІ - ІX ғасырлардың өзінде-ақ араб Шығысында Құранның қандай бір қағидаларымен пікір таластыратын адам бостандығы туралы ұғымдарды дәлелдейтін ағымдар пайда бола бастады.

Орта ғасырлардағы неғұрлым кешенді және негізделген әлеуметтік ілімдердің бірінің авторы ортаазиялық философ және жаратылыстанушы ӘБУ-НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ (870 - 950 жылдар шамасы) болып табылады. Фараби өзінің әлеуметтік-этикалық трактаттарында мемлекеттік басқарудың шығу тегімен, мәнісімен және нысандарымен байланысты мына проблемаларды қарастырады:


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: