Кредит саны: 4 кредит 19 страница

Жалп-жалп етеді және желп –желп етеді деген сөздерден алғашқысының бейнесі күшті, дөрекі екендігі байқалса, соңғыда әрі нәзік, әрі майда бейне елестейді.

Еліктеуіш сөздер сияқты бейнелеуіш сөздердің дара, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын (көптік, тәуелдік, жіктік, септік) жалғаулар тікелей жалғанбайды. Дербес мүше болып, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады.

Сонымен, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне –көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.

  Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері.

Еліктеуіш сөздің дыбыстық ерекшелігін сөз еткенде үш түрлі мәселе ескерілуі тиіс: 1)дыбыстық құрамы, 2)буын жігі, 3)айтылу ырғағы.

Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамында, демек олардың дыбыстарының тіркесуінді белгілі бір ізге түсіп қалыптасқан әрі орнықты, әрі жүйелі заң бар деуге болады.

1. рс -арс, борс, дүрс, тырс т.б.

2. рт -борт, кірт, сарт т.б.

3. п- сап, сып, тып т.б.

4. рқ -рқ-барқ, зырқ, күркт.б.

5. ңқ,-ңк-дөңк, қаңқ, саңқ, шіңк т.б.

6. лқ, лк-қылқ, солқ, селк т.б

7. лп -болп, желп, жылт т.б

8. мп -күмп,тымп,томп т.б

9. ң- даң, қаң, шаң т.б

10. р,-ар,-дар-күр, қыр т.б

11.ж -баж, тыж, шыж т.б

12. қ -сақ, тық, шық т.б

13. лт -жалт, мылт, тылт т.б

14. у - гу, ду, зу, су т.б

15. рп -тырп, борп т.б

16. с -пыс, тыс, кіс

Еліктеу сөздердің морфологиялық сипаты. Еліктеу сөздер, сыртқы морфологиялық құрылысына қарай жалаң, күрделі болып бөлінеді. Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып 2-ге бөлінеді.

Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылысын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстар мен көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мысалы: ар, арс, бұлт, бырс, жарқ, кірт, салт, шалп, шылп, ыңқ т.б.

Туынды еліктеу сөздер түбір еліктеу сөздерден де және басқа атауыш сөздерден тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз.

Мысалы: алшаң, жалтаң, кірбең, салтаң т.б. бұра-лаң, иір-елең, жайна-ң.

-ң,-аң,-ең,-ің, арс-аң, мырс-ың, иір-ең, қара-ң, арб-аң.

-лаң,-лең,-алаң,-елең, ора-лаң.

Синтаксистік қызметі.

1.Еліктеу сөздің жалаң түрі мен күрделі түрінің қай-қайсысы болсын өздеріне тән атау тұлғада тұрғанда тек етістіктермен тіркеседі, бірақ бәрімен бірдей тіркесе бермейді. Соның ішінде ет көмекші етістігімен еркін тіркесе береді. Мысалы: Сөніп қалған от, қайтадан тез лап етіп жанды.

2.Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен бірдей тіркеспейді олардың ішінде тек өздерінің мағыналарына орайласатындарымен ғана тіркеседі. Мысалы: Абай селк етіп жалт қарады.

3.Еліктеу сөздер етістіктің өзге сөздермен некен-саяқ тіркеседі де, сын есім, үстеу, шылау сияқты сөз таптарымен тіпті тіркеспейді.

Мысалы: Қым-қиғаш қиқу, сарт-сұрт төбелес болды да қалды.

4.Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың қандай сөздермен тіркесуімен байланысты.

Мысалы: Күңгірт сөйлеген шаңда-шұң дыбыс шықты.

Қараңғылықтан қылаң етіп бір аттылы адам шыға келді.

Ет көмекші етістігімен тіркесетін еліктеу сөздер қашанда болсын құранды мүшенің құрамына енеді де, сол құрам, ет көмекші етістігінің қай формада тұруына қарай, тұтасымен тұрып бір күрделі мүше болады.

Жоғарыда сөйлемде қылаң етіп тіркесі пысықтауыш болса.

Боқай келіншегінің мінуіне мыңқ етпеді дегенде тіркес баяндауыш болады.

5. Еліктеу сөздер субстантивтеніп, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.

Мысалы: Жер бетінде болатын шақұр-шұқыр, жарқ-жұрқтың бәрі де сарайларға қамалып қазір бір үлкен дүмпудің тұтасқан гуілін естисің.

Негізгі әдебиеттер:

      1. Сарыбаев Ш. Еліктеуіш сөздер. Алматы, - 1982ж.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

      4. Катембаева Б. Подражательные слова в казахском языке. АКД.,Алма-Ата, 1965г.

Қосымша әдебиеттер:

     1. Катембаева Б. Еліктеуіш сөздерді оқыту. Алматы, - 1973ж.

 

Тақырып 30. «Шылау және оның түрлері». «Одағай»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге шылау сөздер, одағай туралы түсінік бере отырып, олардың өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Шылаулар туралы түсінік

2. Шылаулардың өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Шылаулардың түрлері

4. Одағайдың өзіндік ерекшеліктері

5. Одағайдың түрлері

Шылау дегеніміз ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары жағынан да, қызметтері жағынана да өздерінің бастапқы төркіндерінен біржолата қол үзген, өз алдына категория болып қалыптасқан сөздер. Шылаулар сөз бен сөздің немесе сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылауларға тән қасиет оларда грамматикалық мағыналар басым. Тіліміздегі шылаулардың бәрінің атқаратын қызметтері бірдей емес. Осыған орай, олар үшке бөлінеді: септеуліктер, жалғаулықтар, демеуліктер.

  Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, бірыңғай сөз тіркестерінің және бірыңғай сөйлемнің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Мысалы: қыс пен жаз.

Салалас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді өзара байланыстырады.

Олардың шығу тарихына көз жіберсек: 1) дербес мағыналы сөздер о бастағы мағынасынан айырылып, сөз бен сөзді, сөз тіркестерін, бірыңғай жай сөйлемдерді байланыстыратын болып қалыптасқан; 2) Кейбіреулері белгілі бір түбір сөздерге әр түрлі қосымшалар үнемі жұмсала келіп, сол формаларда тұрақталып, көнелену арқылы ауысқан. Мысалы: де-ген-мен, не-ме-се, сон-дық-тан. 3) Кейбір жалғаулықтар жеке сөздердің бірігуі немесе кірігуі арқылы пайда болған. Мысалы: бір-ақ, біресе – бір-ерсе. 4) Кейбір жалғаулықтар алғашқы формаларының дыбыстық өзгеріске ұшырауынан барып қалыптасқан. Мысалы: тағы (тағын), мен, менен (бірлән). 5) Өзге тілдерден ауысып келген. Араб-парсы тілінен: әм, әлде, я, яки, егер, яғни орыс тілінен: құй т.б. 6) Кейбір жалғаулықтар аналитикалық тәсіл арқылы екі шылаудың тіркесуі арқылы қалыптасқан. Мысалы: олай да, өйтсе де, бүйтсе де т.б.

Морфологиялық құрылысы жағынан шылаулар дара және күрделі шылаулар болып екіге бөлінеді. Дара шылауларға: және, да, бірақ, шейін, себебі т.б. Күрделі шылауларға тіркескен шылаулар жатады: сүйтсе де, ал ендеше, сонда да т.б.

  Жалғаулықтар жеке сөздер мен сөйлемдерді байланыстыру қабілеті жағынан салаластырғыш және сабақтастырғыш жалғаулықтар болып бөлінеді.

1.Салаластырғыш жалғаулықтар бірыңғай жеке сөздер мен сөз тіркестерін және бірыңғай сөйлемдерді байланыстырады. Олар іштей: ыңғайластық және талғаулықты болып бөлінеді.

1) Ыңғайластық жалғаулықтар өзара ыңғайласып құралатын, тең дәрежедегі сөздер мен сөз тіркестерін жалғастырады да, солардың ыңғайласқан қатынасын білдіреді. Оларға: мен (бен, пен), және, тағы, әрі, да (де, та, те), әм шылаулары жатады. Мысалы: Сейіт пен Назыкеш ағызған бойы Игіліктің өз үйіне келіп тоқтап еді. Мәдібектер сәлем де берді және әрі балаша ақырын жыласып та жіберді.

2) Талғаулықты жалғаулықтар сөйлемде зат есім, сын есім, етістік және басқа атаушы сөздер арқылы жасалып, салаласа жалғасқан мүшелердің бірінен соң бірін талғап, я таңдап, я кезектестіріп, я бір-біріне қарама-қарсы қойып айту үшін қолданылады. Оларға: әлде, біресе, я, бірде, яки, не, немесе, болмаса, не болмаса, құй, мейлі т.б. жатады.

а) әлде жалғаулығы негізгі талғау қызметін атқарумен қатар, ойға қатысты уақиғалар мен іс-әрекеттердің шындығына күмән келтіру, күдіктену тәрізді рай реңдерін береді.

ә) бірде, біресе, кейде шылаулары өздері қатысты сөздердің алдында тұрып олардағы аталатын уақиға мен іс-әрекет, сан-сапа сияқтылардың алма-кезектесіп отыратындығын білдіреді. Мысалы: Ол бірде биік, бірде аласа, бірде қатал, бірде жұмсақ мінезді, бірде шешен, бірде сараң сөзді еді.

б) я, яки салаласа құрылған сөздер мен сөйлемдердегі ойларды я талғап, я салғастырып, я кезектестіріп айту үшін қолданылады. Мысалы: Соның бәрін біле тұрып, жерге кіргендей я бір арамдығы шыққандай болып несіне ұялып, қорланады екен.

Я, яки шылауларына мағыналас не, немесе, болмаса, не болмаса шылаулары қолданылады.

в) Мейлі – немқұрайлықты білдіру үшін қолданылады.

Мысалы: Мейлі жаз, мейлі күз, мейлі қыс.

            Сабақты, салалы гүліміз.

г) Құй жалғаулығы да немқұрайлықты білдіреді.

Мысалы: Арызымды айтайын, құй болар, құй болмас.

2. Сабақтастырғыш жалғаулықтар – тек құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырады, солардың арақатынасын анықтап көрсету үшін жұмсалады. Ондай байланыстар: қарсылықты, салдарлық, себептік, шарттық, айқындағыш, ұштастырғыш болып бөлінеді.

а) Қарсылықты жалғаулықтар негізінде бұрынғы сөйлемде айтылған ойға соңғы сөйлемдегі ойдың мағына жағынан қарама-қарсы екенін аңғартуға дәнекер болады. Оларға: бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйткенде, әйтпегенде т.б. жатады. Мысалы. Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді, бірақ талған жоқ.

ә) Себептік жалғаулықтар соңғы жай сөйлем бұрынғы сөйлемдегі айтылатын ойдың себебін білдіруі үшін дәнекер болады. Оларға: себебі, өйткені т.б. жатады.

б) Салдарлық жалғаулықтар іс-әрекеттің, амалдың, нәтижесі я салдары екенін білдіруге дәнекер есебінде жұмсалады. Оларға: сондықтан, сол себепті жатады.

в ) Шарттық жалғаулықтар басыңқы және бағыныңқы сөйлемнің бір-бірімен жалғасуларына дәнекер есебінде қолданылады. Оларға: егер, егер де, алда-жалда т.б. жатады.

г) Айқындағыш жалғаулықтар ға: яғни, демек жатады. Ойды айқындауға не анықтауға дәнекер сөздер есебінде қолданылады.

ғ) Ұштастырғыш жалғаулықтар 1-ші сөйлемнен кейін іле 2-ші сөйлемде айтылатын ойды бастау үшін дәнекер есебінде қоданылады. Оларға: ал, ендеше, олай болса, ал ендеше т.б. жатады.

  Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз. Септеуліктер өздері тіркескен есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектіктік, мезгілдік, қайталау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамайды.

1. Атау септігін меңгеретін септеуліктер: а) үшін септеулігі зат есім, есімдік, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен, -с,-ыс,-іс,-у формалы қимыл атауларымен тіркесіп қолданылады. Мақсат, себеп, арнау мағыналарын білдіреді. Мысалы: Сатай ылғи ас берген ауылда даяшы болу үшін туғандай еді.

ә) Сайын – зат есімдермен, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен тіркесіп, даралау, саралау мағыналарын үстейді, кейде іс-әрекеттің дүркін-дүркін қайталанып отыруын, үдеуін де білдіреді. Мысалы: Басқалар бізден үлгі алсын деп жиналыс сайын қанша қақсадым.

б) Сияқты – зат есім, есімдік, -у формалы тұйық етістігімен, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен тіркесіпұқсату мағынасын білдіреді. Мысалы: Украина жырлары да қазақ жырлары сияқты арнаулы әнмен ғана айтылады.

Бұлардан басқа туралы, арқылы,бойы, шамалы, шақты, қаралы, ғұрлы (ғұрлым) септеуліктері бар.

2. Барыс септікті меңгеретін септеуліктер: а) шейін – зат есім, сан есім, есімдік, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен тіркесіп, мезгілдің не мекеннің белгілі бір аралық шегін білдіреді. Мысалы: Жақып Рабиғаны пәтеріне шейін шығарып салатын еді.

ә ) Қарай, таман – зат есім, көмекші есімдерге, есімдік, үстеу сөздерге тіркесіп, мекендік бет алыс пен бағытты білдіреді. Мысалы: Сәду кейіншектеп топ арасынан үйіне қарай бет алды.

Бұлардан басқа салым, тарта, жуық, таяу деген септеуліктер бар.

3. Шығыс септігін меңгеретін септеуліктер:

а) Гөрі – зат, есім, есімдік, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен тіркесіп бір затты екінші затпен салыстырып, таңдау үшін қолданылады. Мысалы: Алатау Динаға күйден гөрі күйшіні елестетті.

ә) Бері мезгіл атауларына, есімдік, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен тіркесіп, мерзімнің басталу шегін білдіреді. Мысалы: Бір жылдан бері Ұлбосын жөнді ойын-той көрген жоқ.

б ) Кейін –мезгілдік ұғымды білдіреді Мысалы: Жұмыстан кейін жалғыз өзі үйіне қарай аяңдады.

Бұларда басқа соң, бұрын, бетер деген септеуліктері бар.

4. Көмектес септігін меңгеретін септеуліктер: қатар, бірге – іс-әрекеттің басқа бір әрекетпен қабаттаса, жарыса жасалуын аңғартады. Мысалы: Оқу сапасын күшейтумен қатар, тәртіп мәселесінде жолға қою керек.

  Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер (мағыналар) жамайтын сөздерді айтамыз. Олар: сұраулық, шектік, нақтылық, күшейткіш, болжалдық, болымсыздық, қомсыну демеуліктер і болып бөлінеді.

1) Сұраулық демеуліктері: а) ма,-ме,-ба,-бе,па,-пе – зат есім, сын есім, үстеу, етістіктердің бұйрық, ашық, шартты райларымен, есімше, көсемше формаларымен тіркеседі. Мысалы: Жел қуған қаңбақ бөгесін бе?

ә) Ше демеулігі. Мысалы: Егер ісіңді реттеймін деп тұрса ше?

2) Күшейткіш демеуліктері күшейту мәнін беру үшін қолданылады: -ау,-ай,-ақ, да,де,та,те. Мысалы: Қап, мынау мені жеңді- ау. Біз үйден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді.

3) Нақтылық демеуліктері айтылатын ойды нақтыландыра, тұжырымдау үшін қолданылады. Оларға: қой, ғой,-ды,-ді,-ты,-ті. Мысалы: Көптің талқысы қиын ғой. Олар елге пана- ды.

4) Шектік демеуліктері іс-әрекетке, амалға, мезгілге шек қоя тұжырымдап айту үшін қолданылады. Оларға: қана, ғана, -ақ жатады. Мысалы: Бірен-саран үйшіктердің маңдарында әлсіреген оттар ғана жылтырайды. Мыңнан аса жылқыны үш- ақ адам бағып отыр.

5) Болжалдық демеуліктері - -мыс,- міс,-ау. Мысалы: Зәрі қатты қырсық әкені Абай қатты кінәлапты- мыс.

6) Болымсыздық демеуліктеріне түгіл, тұрсын, тұрмақ жатады. Мысалы: Жазғы ауыл түгіл, қысқы қыстауды да бірге салдық.

7) Қомсыну демеулігі – екеш. Мысалы: Құс екеш құс та балапанын ұядан қияға ұшырып үйретеді.

Негізгі әдебиеттер:

      1. Әміров Р.Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. Алматы, - 1959ж.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

      4. Кенжебаева Ф. Шылау сөздер. «Қазақстан мектебі» 1962ж.№9.

«Одағай, оның түрлері» Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге жекіру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады. Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді: 1 ) Көңіл-күй одағайлары, 2) императивтік одағайлар, 3) тұрмыс-салт одағайлары(«Қазақ грамматикасы» бойынша). Албасқа грамматикалық оқулықтарда одағайлар: көңіл-күй одағайлары, шақыр (жекіру) одағайлары, тиым салу одағайлары болып та бөлінеді (А.Ысқақов. «Қазіргі қазақ тілі. Морфология»).

Сондықтан да одағайлар сөйлемде белгілі бір мақсатпен қолданылғанмен, біріншіден, өз алдына жеке-дара тұрып, лексикалық мағына білдіре алмайды, нақты ұғымдық мәні жоқ, екіншіден, сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді. Сол себепті одағайлар синтаксистік жағынан оқшау сөздер деп аталатын топқа жатады. Бірақ одағайлардың сөйлемде білдіретін жалпы ойға қатысы бар: айтушының әр түрлі көңіл-күйін, сезімін, ишара етуді, императивтік мәнін, жеку, мал, жануарларға бағышталып айтылу мәнін т.б. білдіреді.

  1 ) Көңіл-күй одағайлары адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіре алады. Осы қасиетіне қарай көңіл-күй одағайлары ішінара үш топқа бөлінеді:

а) Жағымды көңіл-күй білдіретін одағайлар: алақай, ура, паһ-паһ, бәрекелді, оһо т.б. Мысалы: Алақай! Ата!Апа!... Есбосындар келіп қалды.

ә) Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар: қап, әттеген-ай, әттең,тәйірі, түге,шішту, шіш, бай-бай-бай т.б. Мысалы: Піш, тапқан екенсің қажырлы адамды.

б) Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар. Бұл топтағы одағайлар көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контнекс ішінде не ситуацияда анықталады. Пай-пай одағайы таңдану, сүйсіну мағынасымен қатар ренжу, наразылық мағынасында да қолданылады. Мысалы: Пай-пай, қандай жарасымды,ә?! Пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау!

  2) Императивтік ишарат одағайлары адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тиым салу мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. а) Адамға бағышталып айтылатын одағайларға: айда, тәйт, жә, тәк, әуп, әлди-әлди, стоп т.б. жатады. Мысалы: Жә, тоқтат, ақсақал Базаралыдан алмаған өшің бар ма?! ә) Малға, үй хайуандарына бағышталып айтылатын одағайлар: айтақ, моһ-моһ, кәуіс-кәуіс, шөре-шөре,әукім-әукім т.б. Мысалы: Қоянның ышқына қашқанын қызық көріп «Айтақ, айтақ!» деп айқай салды.

  3) Тұрмыс-салт одағайлары сан жағынан шағындау болғанымен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Бұған адамдардың амандасу, қоштасу т.б. сыйластық белгісі ретінде қолданылатын хош, хайыр, рахмет, Ассалаумағалейкум, құп, кеш жарық сияқт ы сөздер жатады. Мысалы: Құп! -деді де, қоштасып жүріп кетті агроном.

Одағай сөздер басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділікке, ырғаққа, эмоционалдық құбылмалылыққа, интонацияға өте бай. Олар көркем шығарма тілінде көп кездеседі. Ал публицистика, ғылыми стильде сирек қолданылады.

  Одағайлар негізінде түрленбейтін сөздер тобы. Одағайлардың өзіне ғана тән жұрнақтары жоқ. Тек олардан –ла,-ле, -шыл,-шіл жұрнақтары арқылы басқа сөз таптары туындайды: айтақ-та, уһ-ле, ойбай-шыл т.б. Олар субстантивтенгенде болмаса жалғауларды қабылдамайды.

  Одағайлар құрамы жағынан екі топқа бөлінеді: түбір (негізгі) одағайлар және күрделі одағайлар. Түбір одағайлар әрі қарай бөлшектеуге келмейтін А!, О!,Ой!, Пай!, Қап! тәрізді одағайлар жатады. Күрделі одағайларға; мәссаған, бәрекелді, әттеген-ай, жаракімалла, масқарай, о тоба, ойпырмай т.б. дегендер жатады.

Одағайлардың етістікпен тіркесі. Одағайлар етістікпен тіркескенде олардың бір қатары одағайлы тіркес, бір қатары тұрақты тіркес құрайды. Одағайлар көбіне де етістігімен тіркесіп жұмсалады. Одағайлы еркін тіркеске: Апырай десеңші!, Ой де!, Бәсе деймін! т.б. Одағайлы еркін тіркеске: Әу дейтін жер, аһ ұрды, ойбай салды, шу дегеннен т.б.

 

Негізгі әдебиеттер:

      1. Сарыбаев Ш. Междометия в казахском языке. Алматы, - 1959г.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

4. Ыбыраев С. Бір фонемалы одағайлардың мағынасы мен интонациясы// «Қазақстан мектебі», 1984ж. №8.

 

 

              VII. ТӘЖІРИБЕ САБАҚТАРЫНЫҢ ЖОСПАРЫ

 

Тақырып 1. Сөзжасам теориясы. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы, оның мақсаты мен мазмұны

Сабақтың мақсаты: Студенттерге Сөзжасам туралы түсінік беру, «Сөзжасам» пәнінің зерттеу объектісін меңгерту. Пәннің мақсат-міндеттерін түсіндіру.

Сауалнама:

1. Тілдің сөзжасам жүйесі туралы түсінік

2. «Сөзжасам» пәнінің зерттеу объектісі, мақсат-міндеттері

3. Зерттелу жайы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Қазақ тiлiнiң грамматикасы. -Астана, 2002.

2. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөзжасам жүйесi. -Алматы, 1989.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: