Кіріспе 7 страница. Тарих ғылымында тәрізді тарихнамада да бірдей, мүлде ұқсас оқиғалар мен ахуалдар болмайды

Тарих ғылымында тәрізді тарихнамада да бірдей, мүлде ұқсас оқиғалар мен ахуалдар болмайды. Зерттеуші әрқашан түрлі тарихи және ұлттық негізде пайда болған құбылыстарды кездестіреді. Осындай әртүрлі құбылыстарда жалпылама тенденциялар байқалады және тарихтағы әлдеқашан белгілі болған типтік құбылыстар жаңадан қайта өңделеді. Осыған орай олардың арасында салыстыру жүргізуге болады. Осылайша, тарих ғылымының тарихын зерттеуде салыстыру тарихнамадағы заңдылықтарды орнатудың және оның күрделі міндеттерін шешудің маңызды құралы деген қорытынды жасауға болады.

Тарихнамада қоғамдық білімдердің жалпы заңдылықтары әрекет етеді, олар аталмыш ғылым саласының нысаны мен міндеттеріне сәйкес қолданылады. Тарихнамада ғылымтанудың және информатиканың заңдылықтары ерекше мәнге ие болады.

Тарихнаманың міндеті кездейсоқ тарихнамалық фактлер мен құбылыстардың пайда болуының объективті және субъективті жағдайларын, олардың заңдылықтарымен салыстырғанда екінші кезектегі орынды иеленеді. Мұның өзі ғылымдағы қателіктерғе алып келуі мүмкін. Қателер белгілі бір уақыт ішінде оларды теріске шығаратын заңдармен салыстырылмаған, тарихнамашы ғылыми методологиялық емес ұстанымдарды басшылыққа алған кезде көрініс береді. Тарихнамашы мұнда бір реткі құбылыстарды кездестіреді. Мәселен, ұзақ уақыт бойы қарастырылып келген проблема зерттеушінің қолда бар тарихнамалық деректеріне байланысты әртүрлі тұрғыда түсіндірілуі мүмкін. Бұл жерде мұндай жағдайда қате көзқарастар, тұжырымдамалар туралы мәлімет беруге негіз жоқ екендігі түсінікті. Тың деректер тобының пайда болуы көп жағдайда тарихи процесті терең түсіндіруге алып келіп қана қоймай, жаңа бағаларды да тудырады. Мысалы, кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына, әсіресе 1920-1930 жылдардаңы саяси, әлеуметтік экономикалық жағдайына байланысты әміршіл - әкімшіл жүйенің арнайы тапсырмасымен көпшілік көзінен тасада қалдырылып, құпия сақталып келген мұрағат құжаттарының ғылыми айналымға ендірілуі көрсетілген уақыттағы өңі айналдырылған тарихи оқиғалар мен процестерге объективті баға беруге мүмкіндік жасады.

Осылайша біз тарихнамалық заңдылықтарды қарастырдық. Әрине тарихнаманың түйіткілдері бір ғана заңдылықтармен, кездейсоқтықтармен шектелмейді. Ғылымның методологиялық ұстанымдары, принциптері мен әдістері, зерттеу тәсілдері, бағыттары, жолдары,т.б. өте көп. Тарихнамашы солардың барлығын меңгеріп, ғылыми зерттеуде пайдалануы тиіс. Методологиялық “қаруланусыз” тарихнаманың шешуші мәселелерін зерттеу мүмкін емес. Тарихтың тарихы ғылымның методологиялық негіздерін зерттеу жүргізуде пайдаланған сәтте ғана оның дамуы туралы сөз етуге болады. Дегенмен ғылымның алдындағы мақсат эмпирикалық деңгейде ғана емес, теориялық білім жолымен іске асырылады. Мұның өзі тарихнама мен шолуграфияның айырмашылығын түсінуде аса маңызды.

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнамалық заңдылық деген не?

2.Тарихнамадағы заңдылықты орнатудың жолдары.

3.”Ескі” және “жаңа” тарих ғылымдары туралы түсінік.

4.Тарихнамалық заңдылықтардың тарихи заңдылықтардан айырмашылықтары.

ТАРИХНАМАЛЫҚ ФАКТ

Тарихнаманың методологиясында маңызды аспект тарихнамалық шығармашылыққа аса қажет материал тарихнамалық факт болып табылады. Сондықтан да тарихнамалық фактнің болмысы мен әлеуметтік функциясын ашып көрсету өзекті болып саналады.

Тарихнамалық фактнің мәні мен мазмұны туралы көбінесе орыс зерттеушілері мен тарихшылары пікір білдірген. Әсіресе кеңестік кезеңдегі орыс ғалымдары С.О.Шмидт, А.М.Сахаров, М.А. Барг, А.И.Данилов, О.Л. Вайнштейн аталмыш мәселеге қатысты бірқатар еңбектер жариялап, оның түйінін шешуге ат салысқан[56]. Қазіргі ТМД аумағында тарихнама ғылымындағы жетістіктері бойынша кешегі одақтық республикалардан озық тұрған Ресей Федерациясының ғалым зерттеушілері тарихнамалық фактнің мәнін толықтырып, тереңдете түсті.

Тарихқа жүгінетін болсақ, тарихнамалық фактінің анықтамасын алғашқылардың бірі болып берген кеңестік ғалым-тарихшы - С.О.Шмидт. Ғалым тарихнамалық фактнің тарихнамалық зерттеудің объектісі дей келе, оның зерттеуші үшін негізгі тарихнмалық дерек болатындығын атап көрсеткен. Ал А.М.Сахаров тарихнамалық фактні зерттеушінің ғылыми ізденістер нәтижесінде тапқан ғылыми білімі деп түсінген. Алайда мұндай анықтамалар тарихнамалық фактнің мәні мен мазмұнын толық ашып бере алмайды, өйткені оның әлеуметтік функциясын ескермейді. Себебі тарихнамалық факт эмпирикалық білімнің шеңберінде шектелмей, теориялық мазмұнды да құрайды. Тарихнамалық фактіні танудағы теорияның рөлі сонда, ол тарихнамалық заңдылықтарда зерттеуге қажетті шынайы фактлерге қол жеткізіуді қамтамасыз етеді. Сондай - ақ ол фактілердің өзара тәуелділігі мен объективті байланыстарын ашып көрсетеді. Мұның өзі “теория фактілерге сәйкес келуі керек” деген қағидаға қайшы емес.

Осылайша айтылғандарды қорыта келе, тарих ғылымында тарихнамалық заңдылықтарды ашу үшін қолданылатын тарихи білімдер туралы ақпарат беретін мәлімет тарихнамалық факт деп аталады деген анықтама беруге болады. Бұл анықтама мынадай критерийлерге негізделген; тарихнама пәнінің мазмұны, тарихи факт пен тарихнамалық фактінің қатынасы, тарихнаманың әлеуметтік-саяси функциялары, ғылымның ақпараттық әлеуетін түсіну.

Критерийлердің арасындағы алғашқысының негізіне тарихнамалық фактінің әрекет ету бағытын түсінуге әкелетін тарихнамалық құбылыстардың жиынтығы алынған. Мәселен, тарихнаманың пәніне тарих ғылымының әлеуметтік функциялары енгізілген. Соның нәтижесінде тарихнама фактлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар олардың жинақталу, сұрыпталу және талдану бағытын да көрсетеді деген қорытындыға келуге болады.

Тарихнамалық факт тарихи фактіге негізделгендіктен оның қазіргі кезеңдегі түсінігін анықтаудың ғылым үшін маңызы зор. Тарихи факт - шындықтың үзіндісі, объективті оқиға; факт өзіне сәйкес оқиға, ахуал, процес туралы білім; факт ақиқаттың синонимі.

Тарихи фактінің мәнін айқындай келе зерттеушілер оны шынайы құбылыс деп танып, оның ойдан шығарылмайтындығына, тарихи шындықтан орын алатындығына назар аударады. Оқиға фактсінен өзге білім фактсі бар. Сонымен қатар факт көп қырлы әрі сипатты болып келеді. Ол өз бойына дара, яғни дербес, қайталанбас, жалпы, кездейсоқ, қажетті, тікелей, жанама, объективті, субъективті, т.б. қасиеттерді жинақтаған. Осылайша, тарихи факт өзіне тарихи процеске, оның ауқымынан, мәнінен, дәрежесінен тәуелсіз тарихи шындықты қоса сақтайды. Фактнің үнемі даму және баю қабілеті бар. Кеңестік ғалым -тарихшы М.В.Нечкинаның пайымдауынша факт атом тәрізді, өйткені ол шексіз қасиеттерге, белгілерге, өзара қатынастарға толы. Гносеологияның міндеті білімнің фактге айналуын анықтау, ал мұндай процесс тек методологиялық талдау жолымен ғана мүмкін бола алады.

Тарихшының зерттеуі тұрғысынан фактінің ерекшелегі сонда, ол жалпыға бірдей ереже бойынша, зерттеушінің тікелей бақылауындағы нәрсе емес. Факт деректерді талдауда танылады. Фактінің тағы бір ерекшелігі, ол субъективті көзқарастарға қарсы тұрады. Осы тұрғыда белгілі тарихшы, методолог А.С. Лаппо - Данилевский тарихи фактні оның анағұрлым сипатты, өзіне тән ерекше мәнін дараның ортаға әсері ретінде түсінген. Автордың пікірінше, яғни жалқының құндылығы мен шынайылығын үйлестіру тарихи фактлерді сұрыптаудың критерийі болып табылады. Фактінің құндылығын түсіну негізінде зерттелуге тиіс объектнің тұтас бейнесін қалыптастыру қажет. Әрбір жеке факт тұтастықтың бөлшегі ретінде өз ерекшелігімен танылады. Ғалым тарихшы фактімен жұмыс істей отырып, дерек фактіге салынған ақпаратты талдайтындығына назар аударады. Осыған орай кез - келген деректі сыни талдаудан өткізудің қажеттілігін баса айтқан. Деректерді сынау немесе деректанудағы сын деп ғылымда деректердің құндылығын ашуға бағытталған әдістер жиынтығын санаған. Ал ғылыми әдістер міндеті - деректердегі, фактлердегі кемшіліктер мен олқылықтарды, қателіктерді айқындау, оның шынайылығына көз жеткізу[57].

Ғылыми факт - бұл оқиға емес, деректегі орын алған білім дәлелденген және қорытындылаушы тарихи білім болып саналатын ерекше түрдегі мәліметтің бейнесі. Мұның өзі факт тарихшының ғылыми тұжырымдамасына, оның тарихи пайымдауларына сәйкес өңделеді дегенді білдіреді. Бұған қоса фактлік білім болып ол шынайы, ғылыми проблеманы шешуге қызмет ететін, ғылыми білімнің логикалық құрылымы саналатын, білім жүйесіне ендірілген кезде ғана табылады. Танымдық субъектге қатысты фактнің өзгермейтін, тәуелсіз белгілері оның болмысына әсер етпейді. Бұдан шығатыны тарихи факт тарихи таным, теория мен гипотеза құру, тарихи процестердің заңдылықтарын анықтау үшін негіз болатын шынайы, қорытындылаушы материал.

Тарихи фактілер өздерінің номенклатурасы мен типологиясына ие. Олар біліктілілік, сандық, сапалық, статистикалық және т.б. болып келеді. Факт өзінің сипаты жағынан екі қырлы, яғни ақпарат және баға беруші міндет атқарады.

Тарихи факті анағұрлым тар ұғым. Олардың арасындағы айырмашылық тарихи еңбек пен тарихнамалық зерттеуге байланысты пайда болады. Дегенмен олар тікелей генетикалық байланыста өмір сүреді, методологиялық ұстанымдары, ғылымды дамытудағы рөлі мен маңызы екеуіне де ортақ. Десек те тарихнамалық фактнің өзіндік ерекшеліктері бар. Тарихнамалық зерттеу өзінің маңызды міндеті ретінде ғылым тарихының даму заңдылықтарын және осы процеске қатысты барлық элементтерді зерттеуді қояды. Осыған орай басты айырмашылықтары тарихнамалық фактнің мәнінен, оның тарихнамалық таным құрлымындағы орнынан, ұғымынан көрінеді.

Тарихнамалық факт субъекті шығармашылығының жемісі санала отырып, оның жұмыс процесінде объект пен субъектнің бірлігі “түйісінде” тұрады. Тарихнамалық фактлер өзінің табиғаты жағынан объективті. Факт пе, әлде жоқ па, соны түсіну, ол шынайы ма немесе оның интерпретациясы қате ме бұлардың барлығы істің барысын өзгертпейді. Фактнің өзі тарихнамашының санасынан тыс оның интерпретациясынан, өзіне берілген бағадан, бағыттан тәуелсіз өмір сүреді. Тарихнамалық фактнің болмысын Е.М.Жуков өзінің ғылыми тәжірибесінің нәтижесінде анағұрлым дәл көрсетіп берген. Зерттеуші фактнің адам түйсігінен өте отырып өзінің мәнін өзгертпейтіндігін, объективті шынайы түрде қала беретіндігін баса айтқан. Осы шынайылыққа жақындау тарихнамалық таным процесінің мәнін құрайтындығы туралы пікір танытқан.[58]

Фактнің тарихнамалық таным құрылымына, яғни жүйесіне қосылуын былайша айтуға болады; тарихнамалық факт белгілі тұтастығымен ерекшеленеді, ол үнемі тарихшылардың еңбектерінен орын алады. Тарихнамалық тұжырымдама қалыптастыру, заңдылықтарды анықтау, фактнің маңызын түсіндіру осылардың бәрі фактлердің жиынтығының негізінде мүмкін болады. Осыған өз кезегінде А.С.Лаппо-Данилевский назар аударған. А.Е.Топольский фактлер жүйесінің күрделі, олардың бірнешен шағын жүйелерден құралатындығы, өзара байланыста болатындығы туралы тұжырым жасаған.[59]

Фактні түсінуге және шынайы бағалауға тек осы тарихнамалық қатарға, яғни жүйеге енгізген кезде ғана қол жеткізіледі.

Тарихи және тарихнамалық фактлердің арасындағы айырмашылықтар ақпараттық материалдың мазмұнына қарай орын алады. Тарихнамалық факт бұл - ғылымның дамуы, оны ұйымдастырудың түрлері туралы ақпарат. Тарихнамалық факт ақпараттың дерегі ретінде оның сипатына, көлеміне, тереңдігіне, шынайылық дәрежесіне нұсқайтын белгілерді қамтиды. Осыған сәйкес ол нақтылық, даралық, сабақтастық, қайталану, баяндау тәрізді көрсеткіштерге ие болады. Бұл көрсеткіштер белгілі бір фактні өзгелермен салыстыра, байланыстыра отырып көрсету, оның тарих ғылымындағы орнын, рөлі мен маңызын айқындау үшін қажет. Сонымен қатар тарихнамалық факт әлеуметтік функция атқаруымен де ерекшеленеді.

Фактнің әлеуметтік шарты тарих ғылымының қоғамдық мәртебесін түсінумен, оның гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі, тіпті әлеуметтік қатынастар ауқымындағы орнына байланысты.

Тарихнамалық фактінің ұғымы оны қазіргі кезеңдегі ғылымның ақпараттық “бейнесін түсіру”,“объект туралы мәлімет”,”білім” ұғымдарының эквиваленті ретінде түсіндіру орын алған. Себебі ақпаратта өткен мен қазіргі жөнінде мәлімет келтіріледі. Ақпарат тарихнамашыны қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді, сондықтан да оны тарихнамалық ақпарат деп атауға болады.

Методологиялық тұрғыда ақпарат тарихнамалық фактнің көпқырлы қасиеттерін түсінуге септеседі. Дәлірек айтсақ, ақпарат зерттеушінің әлеуметтік позициясын, оның нақты ахуалдарға қатынасын айқындауға, тарихи білімнің қалыптасу тарихын тануға, оларды болжауға қызмет етеді. Тарихнамалық ақпарат тарихи фактен, оның қызмет шарттарынан, деректен алынады. Бұдан шығатыны, тарихнамашының фактнің шығуын, қасиеттері мен әрекетін түсінуде пайымдайтын ақпаратының көптеген түрлері, белгілері, қасиеттері болады. Ол үшін әсіресе, ақпараттық пен бағалаудың бірлігі аса маңызды. Әрбір аталған тарихи білім туралы ақпарат элементін біртұтас, диалектикалық тұрғыда зерттеу қажет. Айта кетерлік жайт, тарихнамалық еңбекте қажетті ақпарат көп жағдайда дайын күйінде көрінетін жерде жатпайды. Зерттеушіге ақпаратты алу, ал одан соң анағұрлым құндысын таңдау терең ізденіс пен күш - жігерді талап етеді. Ақпаратты ұтымды пайдалану және ғылыми бағалау тарихнамашының шығармашылығындағы шешуші әрекет болып табылады.

Тарихнамалық факт бойына мол ақпарат жинақтайды, алайда олардың барлығы бірдей тарихнамалық талдауға қажет бола бермейді.

Тарихнамалық фактіде бір фактнің екінші фактімен байланысын, мәнін, ерекшеліктерін, нақты мәселені зерттеуге қызмет етуін, бағытын ашатын тұстары маңызды. Ғылыми білімді жинақтауға, фактлердің қозғалысын, ғылыми бағыттардың қалыптасу өзгерістерін, зерттеулердің деңгейін, т.б. көрсететін ақпарат ерекше құнды болып табылады. Фактнің әлеуметтік - саяси функцияларымен байланысты ақпарат таптырмас мәлімет.

Тарихнамалық фактіні басшылыққа алған тарихнамашы фактлерді сұрыптай отырып, ғылыми ақпараттың тереңдігі мен ауқымын, оның шынайылығын, ғылымның дамуын меңзейтін идеялық бағытын айқындайды.

Тарихнамалық фактілердің өздерінің градациясы бар. Градация олардың иеархиялық мәні мен ауқымына қарсы келмейді. М.В.Нечкина тарихнамалық фактнің негізгісі және бастысы ретінде ғалымдардың еңбектерін санайды. Тарихшының рухани шығармашылығының қорытындысы ретіндегі еңбектері ғалымның жұмысының сипаты, пайдаланған әдістемесі, зерттеу тәсілдері, көзқарастары, идеялары, тұжырымдары туралы фактілерге толы. Бұдан көрінетіні, тарихшылардың еңбектеріне қарап тарих ғылымы дамуының тенденцияларын, олардың көзқарастарының экономикалық саяси және идеологиялық жайттармен өзара байланыстарын анықтауға болады. Белгілі бір дәуірді тануда монографиялар, оқулықтармен қатар әсіресе памфлеттер және пайымдаушы жұмыстар аса құнды болып саналады. Олар тарихшының өзге шығармаларына қарағанда қоғамдық өмірді, әлеуметтік топтардың мүддесін айқын танытады.

Тарихшының еңбегіне өзіндік ішкі заңдылықтары тән.

Басты тарихнамалық фактіде салынған ақпарат өзінің мазмұны мен оны алудың әдістері жағынан біртекті емес. Егер мысалы, автордың идеяларының мазмұнын тарихшының өзінің еңбектерін, деректанулық базасын тікелей талдау негізінде қалпына келтіруге болса, олардың әлеуметтік алғышарттарын, ғылыми мектепті қалыптастырудағы рөлі қомақты теориялық және методологиялық жұмыстың жолымен ашылады. Бұған ойлаудың, яғни ақыл- ойдың жоғарғы тарихнамалық деңгейі ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қиял да қажет. Тарихнамалық зерттеудің осы бөлігі аса тартымды.

Кейбір тарихнамашылар тарихшының тұжырымдамасын басты тарихнамалық факт ретінде қабылдау жөнінде пікірді негіздеді. Ондағы келтірген уәждері мынадай; тарихнамаға теориялық ойлау, зерделеу және тарихи көріністерді бағалаудағы пайымдаулар тән. Осы тұрғыда кеңестік академик А.М.Сахаров былай деп жазған;“ Ғалым еңбектерінен орын алған тұжырымдамалардың сәйкестігін бағалау тарихнамашының міндетіне жатады. Алайда біз үшін маңыздысы - ол тұжырымдамалардың қалыптасу процесі, олардың әртүрлі қоғамдық-cаяси сатыда немесе кезеңде ауысымы”[60]

Алайда мұндай пікір тұжырымдаманың тарихнаманың міндетіне кіретіндігі тұрғысынан алғанда даусыз болып көрінгенімен, оған қарсы көзқарас танытуды талап етеді. Осыған орай М.В. Нечкина тарихи тұжырымдамаларды тарихшының тарихи процестегі әрекеттерімен, қоғамдағы функциясымен қоса зерттеуі тиіс екендігін атап көрсеткен. Өз тұжырымын нақтырақ ғалым былайша түйіндеген;“...егер тарихшы төл еңбегін тәмамдап, нүкте қойған болса, бұл оны тарихнамашының зерттеуі үшін шектеулі сызық қойылды дегенді білдірмейді. Тарихнамашы осы тарихшы еңбегі ары қарай қалай әрекет етті, неге қызмет етті соны білуі тиіс”.[61]

Тарихшылардың тұжырымдамаларын зерттеу тарихнамашының жұмысын түгелдей емес оның тек елеулі бөлігін ғана қамтиды. Тарихнамалық білімнің барлық қырларының әрекеті мен қалыптасу заңдылықтарын танудағы сол тұжырымдамалардың көрініс табуы да ғылым үшін елеулі болып табылады.

Тұжырымдаманың және оның ауысымы тарихнамада айқындаушы сәт болып саналатындығы туралы пікір орыстың ХХ- ғасырдың бас кезінде жарияланған еңбектерінен, соның ішінде Лаппо-Данилевскийдің туындыларынан орын алған еді. Уақыт өте келе ресейлік тарихшылар дәлірек айтсақ, кеңестік зерттеушілер заманауи пайымдаулар жасап, тұжырымдаманың мәнін ашып берді. Мәселен, А.М.Сахаров тұжырымдаманың белгілі идеяның өзіндік дамуының қорытындысы емес, бірқатар тұтас факторлардың өзара ықпалдарының өте күрделі өзара байланыстарының жемісі екендігі туралы пікір айтты. Дегенмен де тұжырымдаманың пайда болуы, ғылымға келуінің себептері, әлеуметтік-саяси билікке қатысы, белгілі бір еңбектерде бекітілуі және одан ары дамуы мәселелері ең бастылары болып табылады. Осыған байланысты тарихшының жарияланған әрбір еңбегінің нақты айқындалған, дара тұжырымдамасы бола ма деген заңды сауал туындайды. Бұл сауалға тарихнамашы тарихшының еңбектерін, яғни монографияларын, ғылыми мақалаларын, диссертацияларын, т.б. талдау барысындағы негізгі ойлары, тұжырымдамалары анықтайды. Нәтижесінде тарихшының кез-келген шығармасында белгілі бір тұжырымдаманың орын алғандығына көз жеткізуге болады. Алайда кейбір кездерде тарихшылардың түйіндеген тұжырымдары бір-біріне ұқсас болып келеді. Дегенмен солардың арасында ерекше көрінетін тұжырымдамалар кездесуі мүмкін. Мұндайда сондай тұжырымдамаларды таңдап, сұрыптап алу тарихнамашының тікелей міндетіне жатады. Осындай ізденісте тарихнамашы фактлердің кешеніне арқа сүйеуі тиіс.

Тарихнамалық фактілерге жарық көрген симпозиум, конференция, пікір таластардың, т.б. материалдары да жатады. Сонымен қатар ғылым дамуының әрбір сатысындағы оны ұйымдастыру, ғылыми институттардың жүйесі, ғылыми қоғамдар, тарихи мерзімді басылымдар, сондай-ақ тарих ғылымының мамандары, тарихи білім - міне осылардың барлығы маңызды тарихнамалық фактлер болып саналады. Алайда бұл тарихнамалық фактлердің тізімі толық емес, аяқталмаған. Тарихнаманың пәні мен нысанын түсінудің кеңеюі, оның тарих ғылымындағы рөлінің күшеюі, соған сәйкес қоғамның әлеуметтік өмірінде олар тарихнамалық зерттеулердің өздерінің нығаюына және тарихнама ғылымындағы жаңа құбылыстарды тарихнамалық факт деңгейіне көтереді.

Ғылымда рецензияларды тарихнамалық факт ретінде тану мәселесі пікір - талас тудырып келеді. Тарихшылардың бір тобы, әрине ресейлік тарихшылардың кейбіреулері рецензияны талқылаусыз тарихнамалық фактге жатқызса, екіншілері дербес тарихнамалық еңбектің түріне және бір мезетте тарихнамалық іргелі зерттеулер дайындауға аса қажетті материал ретінде таниды.[62] Ал үшіншілері оны ақпараттық сипаттағы библиографиялық еңбектер түрінде жіктейді. Осыған орай рецензияны тарихнамалық фактге жатқызбайды. Егер рецензия бірнеше еңбектерді салыстыра қарастырып, заманауи ғылыми білімнің позициясынан баға беретін болса ғана, ол тарихнамалық фактлер қатарына енгізілген.

Тарих ғылымының қозғалысын зерттейтін тарихнама бір немесе бірнеше еңбектерді бір - бірінен алшақ оқып - үйренумен сирек айналысады. Мұндай ізденіс бірнеше еңбектер ғылымда тоғысу жасаған кезде, оның дамуына жаңа бағыттар көрсеткен жағдайда ғана жасалады. Бір немесе бірнеше еңбектердің негізінде жалпы ғылымның дамуына баға беруге болады. Бір немесе бір топ тарихнамалық факт бірдей абсолютті мәнге ие бола алмайды. Тек олардың жиынтығы ғана тарихнама ғылымының дамуы туралы объективті көрініс береді. Факт фактлер жүйесіне енген кезде ғана теориялық білімнің элементі болады.

Айта кетерлік жайт, бір немесе бірнеше кітаптардың мазмұнын көрсетумен шектелмей өте жоғары деңгейде дайындалған рецензия ғылымнан орын алған идеологияны, үстем методологияға сәйкес түйінделген тұжырымдаманы көрсете алмайды. Рецензия өзінің алдына мұндай мақсатты қоймайды. Рецензия ғылыми мекемелердің қызметін, мамандар даярлау және т.б. тарихнаманың нысанына енетін мәселелерді шешуге міндетті емес.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: