Кіріспе 10 страница

Егер бастапқы тарихнамалық жұмыс библиография жасау және жекелеген фактлермен танысудан басталса, оларды баяндау тарихнамалық танымның элементарлы клеткасы болып саналады. Маңыздысы, осымен тарихнамалық шығармашылық аяқталып қалмауы тиіс.

Фактілерді талдау және синтездеу зерттелуге тиіс тақырыптың мақсат-міндеттері арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да белгілі бір факт қызмет еткен дәуірдің ерекшеліктерін ашу міндетті болып саналады. Егер тарихи еңбек талданатын болса, онда автордың әлеуметтік-саяси көзқарастарын, және оған замандастарының, шәкірттерінің, ізбасарларының пікірлерін қарастыру, олардың пайда болуындағы субъективті фактордың рөлін, сондай-ақ тарихи тұжырымдамалардың, бағыттардың, мектептердің, т.б.қалыптасуындағы объективтілікті айқындау тарихнамашының синтездеу жұмысының қатарына кіреді.

Тарихнамалық еңбекте талдау, синтездеу ғылымда орныққан білімнің көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай қайшылық тарихнамалық білімнің сабақтастығына негізделген, өйткені тарихнамашы өзіне дейінгі зерттеушілер мен замандастарының еңбектеріндегі ойлардан, идеялардан “бос” бола алмайды. Олардың кейбіреулері эталонды түрде алынады. Алайда мұның өзі тарихнамашы тың жолдар ашу мүмкіндіктерінен айрылған дегенді білдірмейді. Сол мүмкіндіктердің арғы жағынан жаңа тенденциялар және соны әлеуметтік ахуал көрініс береді. Мұнда сонымен қатар тарихнамалық фактлердің дамуы мен оларды тудыратын әлеуметтік-саяси факторларды талдаудың маңызы зор. Талдау-синтездеу процесінде идеялар мен ойлар, сыни көзқарастар ескеріледі. Сонымен бірге әртүрлі, тіпті сыни ескертпелер жасалып, оларды болашақ зерттеуге “дайындық қоры” ретінде санауға болады. Осы тәсіл тарихнамалық шығармашылықта жауапты орын алады, сондай-ақ тарихнамашының біліктілігі мен мамандану дәрежесін көрсетіп береді. Фактлерді талдау-синтездеуде, әсіресе талдауда оларды бір-бірімен өзара салыстыру қажет. Кейде ұқсас, кейде бір біріне қарама - қайшы фактлер кездеседі. Ұқсас фактлерді синтездеп, бір жүйеге келтіріп, тұжырым жасауға болады. Ал кереғар фактлердің шынайылығына көз жеткізіп, егер ол дербес факті болатын болса, оны дара талдап, ғылымда орныққан пікірге сәйкес бағасын беріп, ой түйіндеу абзал. Тарихнамадағы синтездеп қорыту жұмысы оның “жүрегі” және шыңы болып табылады. Ол жалпыны, жалқыны, заңдылықты орнықтыруға әкеледі.

Талдау-синтездеу бөлімінде тарихшылардың деректермен жұмыс істеуі, оларды қорыту тәсілдері, әлеуметтанулық талдауды ұстануы, әлеуметтік эксперимент жасауы зерттеледі.

Осылайша, ғылыми тарихнамалық шығарма тыңғылықты еңбекпен жинақталған, хронологиялық ретке қойылған, бір-бірімен байланыста өзара салыстырылған, зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес талданған фактлерге негізделуі тиіс.

Тарихнаманың танымдық стратегиясы тарихнамалық ақиқаттың мәнін, оған жетудің жолдарын түсіну туралы мәселеге әкеледі. Гносеологияның күрделі нысаны ретіндегі ақиқат тарихнамалық тұрғыда мынадай формула арқылы анықталады; шынайылық тарихнамашының еңбегінен орын алған тарихнамалық білімнің объективті бейнесі. Тарихнамадағы шынайылыққа зерттеуші-субъектнің “әрекеттеріне” қарамастан белгілі бір ұлттың, әлеуметтік топтың идеялары мен көзқарастарының көрініс табуы арқылы қол жеткізіледі.

Тарихи ақиқаттың объективтілігі, оның шынайы тарихи білімнің дәрежесіне сәйкес келуі қоғамдық-тарихи тәжірибе арқылы негізделеді, өйткені соңғысы танымның пәні мен нысанын, субъектні тануды қалыптастырады. Бұдан өзге тәжірибеге ендірілген білім өз кезегінде объективті болмыстың заңдарымен тексеріледі. Тарихнамада қоғамдық-тарихи тәжірибе бірнеше бағыттарда көрінеді. Ең алдымен тарихнамалық жұмыстың тәжірибесі, оның дамуы мен жетілдіруі тарихи шығармашылықтың сатыларына баға берудің көрсеткіштерін бойына сақтайды. Басқа сөзбен айтсақ, тарихнаманың жетістіктері алдыңғы тарихнамалық білімді аттестациялаудың критерийлері болуға мүмкіндік жасайды.

Объективті шындықты, оның ғылымилығын тексерудің өзге де критерийі эксперимент болып табылады. Алайда тарих ғылымында, соның ішінде тарихнамада эксперимент жүргізілмейді, сондықтан да тарихнамалық фактлердің қайталануын тексеру қажет. Бұл олардың пайда болуы мен қызмет атқаруының заңдылықтарын, тарихи білімнің шынайылығын дәлелдейді.

Тарихнамалық тәжірибенің тиімділігін айқындай отырып, тарихнамашы бірнеше факторларды анықтайды. Осыған орай М.В.Нечкина; “бұл тарих ғылымының ішіндегі рычаг, ол тарихи зерттеулердің ғылыми деңгейін көтеруге септеседі”[87] - деп жазған.

Ғылыми танымның көпжақты процесс екендігі баршаға мәлім. Онда ғалым өзінің кәсіпқойлық тәжірибесін, зерттеу ерекшеліктерін, фактлермен жұмыс істеу әдістемесін және т.с.с. көрсетеді. Тарихнамашы тарихнамалық фактілерге жеке түсініктеме беруші ғана емес, ол қоғамның әлеуметтік өмірімен байланысты ғылыми құнды позицияны ұстанушы санатында болады. Алайда бұл құбылыс өзінен-өзі әрекет етпейді. Ол - күрделі әрі ұзақ процесс. Тарихнамашы тарихнамалық фактінің ішіндегі ақпаратты асыра бағалауға, жасыруға, жақсартуға, нашарлатуға жол бермеуі тиіс. Тарихнамашы фактіге кесімді шешім шығаратын “прокурор” да, “сот” та бола алмайды. “Жазаның” ғылымның қазіргі кезеңдегі жетістіктеріне сәйкес “кесілуіне” тиым салынуы керек. Ғылыми, объективті, дәйекті сын айтылуы тиіс. Тарихнамада ғылыми сын айтудың этикасын естен шығармау қажет. Тарихнамалық фактілерді сынау процесінде тарих ғылымының шынайы, сапалы жағдайы анықталады. Оның алға жылжуы, қарқынды түрде дамуы, тоқырауға ұшырауы немесе ескі қорытындылар мен ережелердің қайталануы, күні өткен көзқарастардың, тұжырымдардың сақталуы айқындалады. Тарихнамалық сынның міндетіне осы құбылыстардың әлеуметтік және идеологиялық алғышарттарын анықтау жатқызылады. Тарихнамлық сын арқылы жаңа білім қалыптасады. Осыған сәйкес шынайы тұжырымдар түйінделеді.

Тарихнамашының қорытындылары мен тұжырымдары шынайы әрі нақты болуы тиіс. Тарихнамалық фактілерге баға беру алдыңғы кезеңдердегі тарихи біліммен салыстырғанда кейінгінің ғылымға қосқан үлесін терең талдау арқылы жүргізіледі.

Осылайша, тарихнамалық зерттеу жекелеген тарихи еңбектердің мазмұнын қарастырумен немесе жеке-дара фактлерді, құбылыстарды талдаумен ғана шектелмейді. Қолда бар эмпирикалық материалдардың негізінде тарихнамашы ғылыми ойдың дамуын және оның жаңа идеялармен, тұжырымдармен толықтырылуын, қызмет ету заңдылықтарының о рнатылуын ашып көрсетуі тиіс.

Тарихнаманың міндеті ғылымның болашағын болжау, ғылыми ойдың даму қозғалысын оқып-үйрену, зерттелуге тиісті мәселелерді айқындау болғандықтан еңбектің болжамдық бөлімінің атқарар рөлі ерекше екендігі түсінікті. Тарихнамадағы болжам өзіне бірнеше мүмкіндіктерді жинақтайды; жақын және алыс уақыттарға болжау; тәжірибелік міндеттерді ұсыну; тарихи білімнің салдарын анықтау. Осындай мүмкіндіктерді іске асырудың басты шарттарының бірі қоғам мен ғылыми процестің, сонымен қатар ғылым және қоғамдық-тарихи тәжірибенің өзара байланысы болып табылады. Нақты ғылыми болжам жасау үшін мынадай шарттар болуы тиіс; тарихнамалық шығармашылықтың танымдық заңдылықтары, тарихнамалық білімнің ерекшеліктерін түсіну, нақты тарихнамалық фактлерді терең әрі жан-жақты талдау, т.б. Осыған орай белгілі бір тарихнамалық еңбекті, проблеманы, оның жекелеген бөлімдерін, деректерді жариялау әдістемесін, мамандарды дайындауды және ғылыми ұжымның жұмысын, т.б. болжауға болады. Тарих ғылымының болашағы болжамның ғылыми дәлдігіне байланысты. Өйткені болжау арқылы ғылымда зерттелуге тиіс тың тақырыптар айқындалып, олқы тұстар мен бұрмаланған мәселелер зерделеніп, тарихи білім жаңа тұжырымдамалармен, теориялармен, пайымдаулармен толықтырылып, байытылады. Осылайша ғылымның алдында тұрған стратегиялық мақсаттар мен міндеттер анықталады.

Тарихнамалық шығарманың қорытынды бөлімінде автордың ғылыми тұжырымдамасын көрсететін ой - пікірлер жазылады. Автордың пайымдаулары қоғамдық - тарихи тәжірибе арқылы тексеріледі, олар қалыптасқан болжамдар мен тұжырымдарды нақтылай түседі немесе теріске шығарады. Тұжырымдар нақтыланған жағдайда олар тарихнамалық білімді толықтырады. Қорытынды жасауда тарихнамашыға методологиялық білгірлік пен ғылыми интуиция қажет.

Кеңестік кезеңнің белгілі тарихнамашыларының зерттеулері мен тұжырымдамаларына сүйеніп, тарихнамалық еңбектің құрылымын мына төмендегідей етіп қорытып көрсетуге болады; тақырыпты таңдау мен оны негіздеу, өзіне сәйкес ғылыми ұйымда бекіту, мақсат - міндеттерін айқындау, фактлер мен деректерді іздеу, кеңейтілген библиография құрастыру, оны жүйелеу, тарихнамалық деректер мен фактлерді тарихнамалық ақпарат алу үшін зерттеуді бастау, зерттеудің жоспарын құру, тарихнамалық фактлерді тараулар мен тармақшалаға бөліп жүйелеу, қажет жағдайда жоспарды қайта қарап, нақтыландыру, фактлерді, деректерді тарихнамал ық сыннан өткізу, зерттеу тақырыбы бойынша заңдылықтар мен ерекшеліктерді анықтау, алдын-ала қорытынды жасауға “дайындық”, “қор” дайындау, тарихнамалық жұмысты аяқтау.

Көрсетілген құрылым және тарихнамалық жұмыстың сатылары бір- бірімен құрамдас бөлімдері арқылы өзара байланыста ғана емес, сондай-ақ өзгермелі сипатта, яғни еңбектің бөлшектерінің орнын ауыстыра беруге болады. Мысалы, жұмыстың болжамдық бөлімін қорытындымен біріктіруге болады. Немесе қорытынды-болжамдар талдау синтездеу бөлімінде жасалуы мүмкін және т.б. Сатылардың сабақтастығы мен жұмыстың бағыттарын да өзгертуге болады. Тарихнамалық жұмыстың құрылымы неғұрлым икемді болса, соғұрлым оны догмалық пайдаланудан босатып, тақырып пен проблеманы зерттеуге, сондай- ақ тарихи еңбектердің сапасын, сипатын, объективті маңызын ашуға мол мүмкіндіктер тудырады.

Осылайша, тарихнамалық зерттеу дайындаудың үлгісін көрсеттік. Біз ұсынған үлгі тарихнамалық зерттеу жазуға негіз бола алады. Алайда мұндай үлгіні абсолюттендіріп, барлық тарихнамалық жұмыстарға таратуға болмайды. Осы үлгінің негізінде оған толықтырулар, бірнеше нұсқалар енгізіп, құрылымын икемді етіп өзгертуге болады. Біз қарастырған тарихнамалық шығарманың үлгісінің ерекшелігі бар ол жас тарихнамашыға ғылыми жолбасшы ретінде көмек көрсете алады.Себебі, тарихнамалық ғылыми шығармашылық кәсіптік дайындық пен жоғары біліктілікті талап ететін күрделі әрі жауапты ізденіс.

Тарихнамалық жұмысты жүргізіудің түрі оның құрылымымен тығыз байланысты. Осыған орай тарихнамалық еңбектің хронологиялық, тақырыптық, проблемалық, биографиялық тәрізді түрлері болады. [88]

Тарихнамашылардың көпшілігі зерттеу жұмысының хронологиялық - тақырыптық түрін ұстанады. Ол жұмысты сатылар мен тақырыптарға топтап, сыныптауға, ғылым дамуын тұтас немесе оның жекелеген проблемаларын пайда болған кезінен қазіргі уақытқа дейін зерттелуге тиіс мәселе ауқымында қарастыруға мүмкіндік береді. Осы түрдің шеңберлері мен ерекшеліктері сол - ол тарихи еңбектердің авторларының еңбектеріндегі үстем идеяларды, көзқарастарды және тұжырымдамаларды айқындауға, олардың ғылым дамуы процесінде өзгеруін, оларды тудырған объективті, субъективті себептерді ашуда қолайлы. Аталған түрдің басымдылығы сонда, ол ғылыми білім дамуындағы түбегейлі сапалы алдыға жылжуды, ғылымның жалпы жағдайын, оның жекелеген мәселелерін анықтауға қабілетті.

Алайда хронологиялық - тақырыптық түр әмбебап бола алмайды. Проблемалық түрді пайдалану анағұрлым мақсатты. Ол әсіресе салыстырмалы түрдегі шағын, шектеулі тақырыптармен жұмыс жүргізуде өте маңызды. Мәселен, белгіленген жалпы мерзімдемеге жататын қысқа уақыт ішіндегі ғылым дамуын немесе ауқымды мәселенің жекелеген проблемасын талдауда аталмыш түрді қолданған жөн. Проблемалық түрді пайдалану кеңейтілген мерзімдеме құрастыруды талап етеді. Мұның өзі білімнің баюы, проблемаларды өзгеруі сипатын көруге көмектеседі.

Биографиялық түрдің өзіндік артықшылықтары бар, себебі ол мынадай тарихнамалық аспектлерді жан - жақты ашуға мүмкіндік береді; тарихшы еңбегінің тарих ғылымының жалпылама дамуына әсері, оның ғылымға қосқан үлесі; шығармашылық ізденістердің гносеологиялық қырлары; ғалымның ғылыми шығармашылық психологиясының және этикасның мәселелері, т.б.

Тарихшының еңбектеріне қарап, тарих ғылымының жағдайы туралы айтуға болады; оның жалпы деңгейі, тарих ғылымының өзінің идеологиялық функциясын атқаруы, белгілі бір кезеңнің деректік негіздері және т.б. Биографиялық түр тарихшының еңбектерін хронологиялық сабақтастықта немесе зерттеушіні қызықтыратын, қазіргі заман үшін өзекті проблемалар бойынша талдауға мүмкіндік жасайды.

Тарихшының өмірбаянын қарастыруға байланысты зерттеушінің шығармашылық портретін қалыптастыру мәселесі туындайды. Бұл жерде бірқатар күрделі теориялық - методологиялық және гносеологиялық міндеттер пайда болады. Солардың ең бастыларының бірі - проблеманың объективті тарихи шындыққа сәйкестігін және тарихшы зерттеушінің субъективті позициясын зерделеу.

Зерттелетін мәселеде тағы бір теориялық методологиялық проблема бар, ол- тұлға, соның ішінде тарихшының тұлғасы. Ол абстрактілі, әлеуметтік қатынастарға сәйкессіз қарастырылуы мүмкін емес, себебі тұлға - белгілі бір тарихи дәуірдің, әлеуметтік ортаның -”жемісі” болып саналады.Тарихи еңбекте көрініс тапқан адамның әрекекттері оның өмір сүрген ортасынан хабар береді. Осының барлығын ескере келіп, тарихшының баяндаған оқиғалары “айнадағы көрініс” емес, оның методологиялық ұстанымдарының тарихи процестегі бейнесі[89] екендігіне көз жеткізуге болады. Тарихшының шығармашылығын “тарихи” уақытпен тығыз байланыста, оның ғылыми қызметін қоғамдық - саяси тәжірибенің сұраныстарын ескере отырып талдаса, зерттеушінің портреті толығып, жан - жақты бола түседі. Бұл жерде тағы бір ерекше назар аударар жайт, ғалым - тарихшының, яғни тұлғаның өмірбаянын оның барлық қайшылықтарымен, кемшіліктерімен, ойлау қабілетімен қоса көрсету қажет. Осындай міндеттің іске асырылуының тамаша көрінісі М.В. Нечкинаның “Василий Осипович Ключевский[90]“ еңбегінен орын алған. Монографияда ғалымның өмірі мен шығармашылығы ХІХ ғасырдағы тарихшының әлеуметтік ортасымен тығыз байланыста, В.О.Ключевскийдің тұжырымдары сол кездегі Ресей империясының тұжырымдамасының қалыптасуының ауқымында көрсетілген.

Портретті жасауда тарихшының бірмақсатты қызметінің тәсілдерін айқындаудың маңызы зор. Тарихнамашы тарихшы жұмысының тәсілдері оның қоғамдық-саяси көзқарастары мен әрекеттері арқылы танылатындығын, олардың әлеуметтік сипатта болатындығын есте ұстауы тиіс.

Тарихшы шығармашылығындағы ірі теориялық - методологиялық философиялық проблема қажеттілік пен кездейсоқтықтың тепе - теңдігі болып табылады. Оның тарихнамалық еңбекте нақтылы іске асуы тарихшы қызметінің тетіктеріне терең үңілуге әкеледі.

Тарихшының портретін жасауда оның шығармашылық зертханасына кіру тарихнамалық зерттеуді көпқырлы ете түседі. Көрсетілген міндетті шешу бірқатар кешенді мәселелерді тудырады. Солардың ішінде тарихи деректердің жиналуы, олардың ғылыми айналымға түсірілуі, логикалық байланыстардың жасалуы, т.б. көптеген жайттарды түсінуге жол ашады. Әдебиеттер мен өзге де деректердің жинақталуы, жекелеген идеялардың, пайда болуы мен пісіп - жетілуі, жоспарды талдау, тараулар мен тараушалардың атауларын алдын - ала ойластыру, олардың тиімді тұстарын қарастыру, аяқталмаған қолжазбалармен танысу, жекелеген мақалаларды оқу, автордың өзінің, шәкірттерінің, ізбасарларының естеліктерін оқып- үйрену, ғылыми зерттеу жұмысының принциптерін және әдістерін орнату, тарихшының ғылыми мектепке, бағытқа мүше болуын айқындау аса күрделі міндеттер болып саналады.

Тарихшның ғылыми зертханасына ену оның шығармашылық ойларының қозғалысының генезисі мен диалектикасын көру, түсіну, тұжырымдамаларын талдау үшін қажет.

Тарихшының портретін қалыптастыруда ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, пікір таластардың маңызы айтарлықтай. Ғылыми форумдарда түрлі көзқарастардың бір біріне қарама - қарсы қойылып, пікір- таластар өрістеген кезде тарих ғылымын дамытуға қолайлы жағдайлар туады.

Айта кетерлік аса маңызды жайт, тарихнама тарихшының көркем тілінсіз, тарихи оқиғаларды тартымды суреттеуінсіз жұтаң көрінеді. Сондықтан да тарихнамашының тілі бай, мәнді, түсінікті, ойы терең болуы тиіс. Зерттеушінің портретін “сомдауда” сонымен қатар әлеуметтік психологияның негіздері үлкен рөл атқарады. Тарих ғылымна қатысты әлеуметтік таптар мен топтардың мүддесін, олардың көңіл - күйін, оның өзгеруіне түрлі тарихи кезеңдерде әсер еткен факторларды анықтау тарихнамашының еңбегін жемісті ете түседі. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің қазіргі кезеңдегі деңгейі тарихнамалық шығармашылықтың қоғамдық - психологиялық құбылыстарын сыныптауға, зерттеушінің ойлау қабілетін, эмоциясын, көңіл - күйін тануға мүмкіндік береді. Идеология мен психологияның тепе - теңдігін тану осы процесті оқып үйренуге көмектеседі.

Тарихшының шығармашылық портретін қалыптастыру жоғары білікті тарихнамашының ғана қолынан келеді. Сондықтан да тарихнамашы өзінің білімін үнемі жетілдіріп, жаңадан жарық көрген ғылыми әдебиеттерді библиографиялық қорына ендіріп, зерттеуі тиіс. Тарихшы - зерттеушінің портреті неғұрлым жан - жақты жасалса, соғұрлым тарихи білім толыға түседі.

Жеткілікті түрде зерттелмеген мәселелердің қатарына тарихнамашының өзінің ғылымға қосқан үлесі жатады. Тарихнамадан зерттеушілердің көпшілігі бастапқы кезеңде тарихнамалық фактлерге жай эмпирикалық баяндау жасап, оларға баға беруге ұмтылатын, кейде ондай талдаусыз сипаттағы тарихнамалық еңбек дайындайды. Бұл да тарихнамалық зерттеудің түріне жатады. Мұндай еңбектердің құндылығы белгілі бір тақырыптар бойынша зерттеулердің ғылымнан орын алатындығын көрсетіп береді, әрі теориялық қызметке алғышарттар тудырады. Сондықтанда бастапқы кезеңде осындай еңбектер қажет, себебі ғылымның өзі баяндаусыз бола алмайды. Алайда мұндай зерттеулер нақты тарихнамалық еңбектерге жатпайды, себебі тарихнама сипаттаушы немесе фактлерді танушы ғана бола алмайды. Кейбір зерттеушілер тарихшының еңбегін сабақтастықта мазмұндау тарихнамашының тікелей міндеті деп санайды

Ғылыми жұртшылықты тарихи еңбектердің мазмұнымен, олардағы тұжырымдамалармен таныстыру қажет екендігі даусыз, бұл - пайдалы әрі бағалауға тұрарлық әрекет. Алайда шашыраңқы идеяларды жинау ғылым емес, шынайы объективті білім ой-пікірлердің, жалпы ғылымның дамуы жүйесінде ғылыми түрде мазмұндалуы тиіс.

Тарихнамалық еңбек даайындауда әртүрлі көзқарастарды, пікірлерді, ой- түйіндерін салыстыра көрсететін кестелер жасаудың маңызы зор. Сол кестелер арқылы тарихнамалық фактлерді салыстырып қана қоймай, оларға баға беру, ой қорыту оңайға түседі. Сонымен қатар ауқымды тақырыпқа байланысты тарихнамалық деректер де мол болуы мүмкін, мұндай жағдайда талданған еңбектерді топқа бөліп, жекелеген шағын проблемелар бойынша библиографиялық кесте жасаудың қажеттілігі туындайды. Бұл бір жағынан тақырыпқа байланысты ғылыми әдебиеттерді, яғни тарихнамалық деректерді нақты көрсетуге қолайлы болса, екінші жағынан сол деректердің түрлерін анықтауда тиімді.

Тарихнама ғылымының нысанын, мақсаты мен міндеттерінің мәнін түсінуден шыға отырып, анағұрлым құнды тарихнамалық еңбек деп тарихнамалық деректердің, фактлерді талдау мен синтездеудің негізінде тақырыптың теориялық – методологиялық аспектлері ашылған, тарихи ойды қалыптастырудың, оны тереңдетудің заңдылықтары көрсетілген зерттеуді айтуға болады. Мұндай еңбек дайындау үшін тарихнамашы ғылымның теориялық - методологиялық негіздерін терең меңгеріп, үнемі ізденіс үстінде болып, тарихнамалық шығармашылықтың ерекшеліктерін естен шығармауы тиіс.

Тақырыптң мамұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар:

1.Тарихнама ғылымының функциялары және олардың маңызы, функциялардың тарихнамалық зерттеуде атқаратын рөлі.

2.Тарихнамалық кіріспеге қойылатын талаптар және оның ерекшелігі, тарихнаманың тарихнамасын көрсетудің қажеттілігі.

3.Тарихнамалық фактлерді сынаудың ғылыми әдіс-тәсілдері, тарихшының еңбегіне баға берудің жолдары, сынның тарих ғылымы үшін маңызы.

4.Тарихнамалық зерттеулердің түрлері және олардың мәні мен ерекшеліктері, түрлерге бөліп зерттеудің маңызы.

5.Тарихнамашының ғылымға қосқан үлесін анықтаудың ғылыми жолдары.

6. Тарихшының қосылған үлесінің ғылым үшін маңызы.

7. Мәселенің зерттелмеген тұстарын анықтаудың маңызы.

ҚОРЫТЫНДЫ

Тарихнаманың методологиялық мәселелерін ары қарай жетілдіру тарих ғылымының алдында тұрған міндеттеріне байланысты анықталады. Осыған орай тарихнаманың теориялық және методологиялық мұрасын одан әрі зерттеудің ғылыми жауапкершілігі зор. Себебі тарихнама тарих ғылымының методологиялық ұстанымдарын өзгертуге ықпал етеді. Ғылымдағы жарамсыз ой - тұжырымдарды анықтап қана қоймай методологиялық бағыт - бағдарларды жаңартудың қажеттілігін жан - жақты жүргізілген тарихнамалық зерттеулердің нәтижесінде көрсетіп береді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: