Бап. Сот отырысын ашу

1. Істі талқылау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді.
2. Сот аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланған жағдайда төрағалық етуші ол туралы хабарлайды.
Ескерту. 180-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

181-бап. Процеске қатысушылардың келуін тексеру

1. Сот отырысының хатшысы осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етуші келгендердің кім екенін анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді.

182-бап. Аудармашыға оның міндеттерін түсіндіру

1. Төрағалық етуші аудармашыға - оның сот жүргізіліп отырған тілді білмейтін адамдардың түсіндірмелерін, айғақтарын, мәлімдемелерін, ал бұл адамдарға іске қатысушы адамдар мен куәлардың түсіндірмелерінің, айғақтарының, мәлімдемелерінің, жария етілетін және істе бар құжаттардың, дыбыс жазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкімдерінің, сот қаулылары мен шешімдерінің мазмұнын аудару міндетін түсіндіреді.
2. Төрағалық етуші аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауапкершілік жөнінде ескертеді. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Аудармашы сотқа келуден немесе өз міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жаза белгіленуі мүмкін.

183-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығару

Келген куәлар сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етуші жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуіне шаралар қолданады.

184-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық
білдіру құқығын түсіндіру

1. Төрағалық етуші сот құрамын жария етеді, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды және іске қатысушы адамдарға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді.
2. Қарсылық білдіру үшін негіздер, мәлімденген қарсылықты шешу тәртібі және осындай мәлімдеулерді қанағаттандыру салдарлары осы Кодекстің 40-43-баптарымен айқындалады.
Ескерту. 184-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

185-бап. Iске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен
мiндеттерiн түсiндiру

Төрағалық етушi iске қатысатын адамдар мен өкiлдерге олардың iс жүргiзу құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде тараптарға олардың дауды медиация тәртібімен шешу не осы дауды шешу үшiн төрелікке немесе аралық сотқа жүгiну құқығын және мұндай әрекеттiң салдарларын түсiндiредi.
Ескерту. 185-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

186-бап. Соттың іске қатысушы адамдардың
өтініштерін шешуі

Іске қатысушы адамдардың және өкілдердің істі қарауға байланысты мәселелер жөніндегі өтініштері іске қатысушы басқа адамдардың пікірлері тыңдалған соң сот ұйғарымдарымен шешіледі.

187-бап. Іске қатысушы адамдар мен өкілдердің
сот отырысына келмеу салдарлары

1. Іске қатысушы адамдар келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және бұл себептердің дәлелді екендігіне дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2. Іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда, оларға хабарланғаны жөнінде мәліметтер жоқ болса, істі қарау кейінге қалдырылады.
3. Егер іске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланса, олардың келмеу себептері дәлелді деп танылған жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған іске қатысушы адамдардың қайсыбірі келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептері дәлелсіз деп танылса, сот істі қарауға құқылы. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған жауапкер болмаған жағдайда, сырттай іс жүргізу тәртібімен, егер келмеу себептері туралы мәліметтер жоқ болса не сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тапса, не жауапкер іс бойынша іс жүргізуді қасақана созып отыр деп таныса, сот істі қарауға құқылы.
5. Тараптар соттан істі олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешімнің көшірмесін жіберу туралы жазбаша өтінуге құқылы. Егер бұл істің мән-жайлары бойынша қажет болса, сот тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тани алады.
6. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланған іске қатысушы адам өкілінің келмеуі істі қарауға кедергі бола алмайды. Іске қатысатын адамның өтініші бойынша сот оның өкілі дәлелді себептермен келмеуіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыра алады.

188-бап. Сот отырысына куәнің, сарапшының, маманның,
аудармашының келмеу салдарлары

1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың істі олар жоқта қарау мүмкіндігі туралы пікірін тыңдап, сотта іс қарауды жалғастыру немесе оны кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкіндігі болмаса, сот істі қарауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер шақырылған куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелді емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Осы Кодекстің 119-бабына сәйкес олар сондай-ақ мәжбүрлеп келтірілуі де мүмкін.
4. Сотта айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә осы Кодекстің 17-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 353-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықта болады.
Ескерту. 188-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

189-бап. Істі қарауды кейінге қалдыру

1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер сот процеске қатысушылардың біреуінің келмеуі, қарсы талап қою, қосымша дәлелдемелер ұсыну немесе талап ету, іске қатыстыруға басқа адамдарды тарту қажеттігі, өзге де әлдеқандай іс жүргізу әрекеттерін жасау қажеттігі салдарынан істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп тапса, істі қарауды кейінге қалдыруға жол беріледі.
2. Іс кейінге қалдырылған кезде істің жаңа сот отырысында шешілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін уақыт ескеріле отырып, жаңа сот отырысының күні белгіленеді, бұл жөнінде келген адамдарға қол қойдырылып хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған адамдарға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жіберіледі.

190-бап. Істі қарау кейінге қалдырылған кезде
куәлардан жауап алу

Егер сот отырысына тараптар қатысып отырса, істі қарау кейінге қалдырылған кезде сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Бұл куәларды жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға қажет болған жағдайларда ғана жол беріледі.

191-бап. Сарапшы мен маманға олардың құқықтары
мен міндеттерін түсіндіру

Төрағалық етуші сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сарапшыға көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

192-бап. Істі мәні бойынша қараудың басталуы

Iстi мәнi бойынша қарау төрағалық етушiнiң қуынушы өз талаптарын қолдайтыны-қолдамайтыны, жауапкер қуынушының талаптарын мойындайтыны-мойындамайтыны және тараптар iстi бiтiмгершiлiк келiсiммен аяқтауды немесе iстi төрелікке немесе аралық сотқа қарауға берудi не дауды медиация тәртібімен шешуді қалайтыны-қаламайтыны туралы мәселелердi анықтауынан басталады.
Ескерту. 192-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

193-бап. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы,
жауапкердің талап қоюды мойындауы, тараптардың
бітімгершілік келісімі және дауды (жанжалды)
медиация тәртібімен реттеу туралы келісім

Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы туралы арызы, жауапкердің талап қоюды мойындауы немесе тараптардың бітімгершілік келісімінің шарттары не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оларға тиісінше талап қоюшы, жауапкер немесе екі тарап та қол қояды. Егер талап қоюдан бас тарту, жауапкердің талап қоюды мойындауы, тараптардың бітімгершілік келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотқа жолданған жазбаша арыздарда жазылса, олар іске қоса тіркеледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Талап қоюдан бас тарту қабылданғанға не талап қою мойындалғанға немесе тараптардың бітімгершілік келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілгенге дейін сот талап қоюшыға, жауапкерге немесе тараптарға тиісті іс жүргізу әрекеттерінің салдарын түсіндіреді.
3. Талап қоюдан бас тартуды қабылдау, тараптардың бітімгершілік келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарым шығарады, сол арқылы осымен бір мезгілде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады. Ұйғарымда тараптардың сот бекітетін бітімгершілік келісімінің немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттары көрсетілуге тиіс.
4. Жауапкер талап қоюды мойындағанда және оны қабылдаған кезде сот мәлімденген талаптарды қанағаттандыру туралы шешім шығарады.
5. Сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, талап қоюды мойындауын қабылдамаған, бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпеген жағдайда, сот бұл туралы ұйғарым шығарады және істі мәні бойынша қарауды жалғастырады.
Ескерту. 193-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

194-бап. Іске қатысушы адамдардың түсініктемелері

1. Сот талап қоюшының және оның тарапынан қатысатын үшінші тұлғаның, жауапкердің және оның тарапынан қатысатын үшінші тұлғаның, сондай-ақ іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Прокурор, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері, сотқа басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға жүгінген азаматтар бірінші болып түсініктемелер береді. Іске қатысушы адамдар бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы.
2. Іске қатысушы адамдардың жазбаша түсіндірмелерін, сондай-ақ сот осы Кодекстің 73 және 76-баптарында көзделген тәртіппен алған түсіндірмелерді төрағалық етуші жария етеді.

195-бап. Дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілеу

Сот іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдап және олардың пікірлерін ескеріп, өзге дәлелдемелерді зерттеудің тәртібін белгілейді.

196-бап. Жауап беруден бас тартқаны үшін және
көрінеу жалған жауап бергені үшін
жауапкершілік жөнінде куәға ескерту

1. Куәдан жауап алынғанға дейін төрағалық етуші куәнің жеке басын анықтайды, оның міндеттері мен құқықтарын түсіндіреді және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшін және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді. Куәға, сондай-ақ өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, ал діни қызметшілерге тәубе үстінде өздеріне ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға да қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екені түсіндіріледі. Куә мынадай мазмұнда ант береді: "Сотқа іс бойынша өзіме белгілі болған барлық мән-жайды, тек қана шындықты, барлық шындықты айтуға және шындықтан басқа ешнәрсе айтпауға ант етемін.". Куәдан оған өз міндеттері мен жауаптылығының түсіндірілгені туралы қолхат алынады. Қолхат сот
отырысының хаттамасына тіркеледі.
2. Он алты жасқа толмаған куәға судья оған іс бойынша мәлім нәрсенің бәрін шынайы айтып беру міндетін түсіндіреді, бірақ оған жауап беруден бас тартқаны үшін және көрінеу жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілмейді.
Ескерту. 196-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.06.29. N 270 Заңымен.

197-бап. Куәдан жауап алу тәртібі

1. Әрбір куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлі айғақ бермеген куәлар істі қарау кезінде сот отырысы залында бола алмайды.
2. Төрағалық етуші куәнің іске қатысушы адамдарға қатысын анықтайды және іс бойынша оған өзіне мәлім нәрсенің бәрін сотқа хабарлауды ұсынады.
3. Бұдан кейін куәға сұрақтар қойылуы мүмкін. Бірінші болып арызы бойынша куә мен оның өкілі шақырылған адам, содан соң іске қатысушы басқа адамдар мен өкілдер сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтінде оған сұрақ қоюға құқылы.
4. Қажет болған жағдайда сот осы немесе келесі отырыста куәдан екінші рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды айқындау үшін куәлар арасында беттестіру жүргізеді.
5. Егер сот оған ертерек кетуге рұқсат бермесе, жауап алынған куә істі қарау аяқталғанға дейін сот отырысы залында қалады.

198-бап. Куәнің жазбаша материалдарды пайдалануы

1. Жауап әлдеқандай цифрлармен немесе есте сақтау қиын басқа деректермен байланысты болған жағдайларда, куә жауап беру кезінде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Бұл материалдар сотқа және іске қатысушы адамдарға көрсетіледі және соттың ұйғарымы бойынша іске қоса тіркелуі мүмкін.
2. Куәға оның айғақтарына қатысты оның қолында бар құжаттарды оқуына рұқсат етіледі. Бұл құжаттар сотқа көрсетіледі және оның ұйғарымы бойынша іске қоса тіркелуі мүмкін.

199-бап. Кәмелетке толмаған куәдан жауап алу

1. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрт жас пен он алты жас аралығындағы куәдан жауап алу да сотқа шақырылатын педагогтың қатысуымен жасалады. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмаған куәнің заңды өкілдері де шақырылады. Аталған адамдар төрағалық етушінің рұқсатымен куәға сұрақ қоя алады, сондай-ақ куәнің жеке басына және оның берген айғақтарының мазмұнына қатысты өз пікірін айта алады.
2. Істің мән-жайын анықтау үшін қажет болатын ерекше жағдайларда, кәмелетке толмаған куәдан жауап алынған уақытта сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан іске қатысушы қандай да бір адам шығарылуы мүмкін. Бұл адам сот отырысы залына қайта келгенде оған кәмелетке толмаған куәнің айғақтарының мазмұны хабарланып, куәға сұрақтар қою мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Он алты жасқа толмаған куә сот бұл куәні сот отырысы залында болуы қажет деп таныған жағдайларды қоспағанда, куә одан жауап алу аяқталған соң сот отырысы залынан шығарылады.

200-бап. Куәнің жауаптарын жария ету

Куәлардың осы Кодекстің 73, 74, 190-баптарында көзделген тәртіппен жиналған айғақтары сот отырысында жария етіледі, осыдан соң іске қатысушы адамдар осы айғақтарға өз көзқарастарын білдіруге және олар бойынша түсініктемелер беруге құқылы.

201-бап. Құжаттарды зерттеу

Осы Кодекстің 73, 74, 75, 76-баптарында және 170-бабының 9) тармақшасында көзделген тәртіппен жасалған құжаттар немесе оларды қарау хаттамалары сот отырысында жария етіледі және - іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетіледі. Осыдан соң іске қатысушы адамдар түсініктемелер бере алады.

202-бап. Азаматтардың жеке хат алысуын және
телеграфтық хабарларын жария ету және зерттеу

Азаматтардың жеке хат алысу және жеке телеграфтық хабар беру құпиясын қорғау мақсатында хат алысу мен телеграфтық хабарлар ашық сот отырысында тек хат алысқан немесе телеграфтық хабарлар алысқан адамдардың келісімімен ғана жария етілуі және зерттелуі мүмкін. Бұл адамдар келісім бермесе, олардың жеке хат алысулары мен жеке телеграфтық хабарлары жабық сот отырысында жария етіледі және зерттеледі. Осыдан соң іске қатысушы адамдар түсініктемелер бере алады.

203-бап. Заттай дәлелдемелерді зерттеу

1. Заттай дәлелдемелерді сот қарайды және олар - іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетіледі. Заттай дәлелдемелер көрсетілген адамдар қарап шығуға байланысты қандай да бір мән-жайларға сот назарын аудара алады. Бұл арыздар сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 73, 76, 88, 89-баптарында және 170-бабының
9) тармақшасында көзделген тәртіппен жасалған заттай дәлелдемелерді қарау хаттамалары сот отырысында жария етіледі, осыдан соң іске қатысушы адамдар түсініктемелер бере алады.

204-бап. Орналасқан жерінде қарау

1. Сотқа ұсынылуы қиын немесе жеткізуге болмайтын құжаттар мен заттай дәлелдемелер олар орналасқан жерде қаралады және зерттеледі. Орналасқан жерінде қарау туралы сот ұйғарым шығарады.
2. Қарау уақыты мен орны туралы іске қатысушы адамдарға, олардың өкілдеріне хабарланады, алайда олардың келмеуі қарауды жүргізуге кедергі келтірмейді. Қажет болған жағдайларда сарапшылар, мамандар және куәлар шақырылады.
3. Қарау нәтижелері сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Хаттамаға қарау кезінде жасалған немесе тексерілген жоспарлар, тәсімдер, сызбалар, есептеулер, құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ қарау кезінде жасалған құжаттардың және заттай дәлелдемелердің фотосуреттері, бейнежазбалар мен киноматериалдар қоса тіркеледі.

205-бап. Дыбыс жазбаларын жария ету, бейнежазбаларды,
киноматериалдарды көрсету және оларды зерттеу

1. Жеке сипаттағы дыбыс жазбаларын жария ету, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрсету кезінде, сондай-ақ оларды зерттеу кезінде осы Кодекстің 202-бабында көзделген ережелер қолданылады. Дыбыс жазбаны жария ету, бейнежазбаны, киноматериалдарды көрсету сот отырысы залында не осы мақсат үшін арнайы жабдықталған үй-жайда жүргізіледі, сот отырысының хаттамасында материалдың ерекше белгілері және жария ету уақыты көрсетіледі. Осыдан соң сот іске қатысушы адамдардың түсініктемелерін тыңдайды.
2. Қажет болған жағдайда дыбыс жазбасын жария ету және бейнежазбаны, киноматериалдарды көрсету толығымен немесе олардың әлдеқандай бөліктері қайталануы мүмкін.
3. Дыбыс және бейнежазбалардағы, киноматериалдардағы мәліметтерді анықтау мақсатында сот маманды іске тартуы, сондай-ақ сараптама тағайындауы мүмкін.

206-бап. Сарапшы қорытындысын зерттеу

1. Сарапшы қорытындысы сот отырысында жария етіледі. Қорытындыны түсіндіру және оны толықтыру мақсатында сарапшыға сұрақтар қойылуы мүмкін.
2. Арызы бойынша сараптама тағайындалған адам және оның өкілі бірінші болып, ал содан соң - іске қатысушы басқа адамдар мен өкілдер сұрақтар қояды. Сот тағайындаған сараптама жүргізу тапсырылған сарапшыға бірінші болып талап қоюшы мен оның өкілі сұрақ қояды. Сот сарапшыға одан жауап алудың кез келген сәтінде сұрақтар қоюға құқылы.
3. Осы Кодекстің 98-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот қосымша сараптама тағайындай алады.
4. Осы Кодекстің 98-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда сот қайталама сараптама тағайындай алады.
5. Қосымша сараптама тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 98-бабының екінші және алтыншы бөліктерінде, қайталама сараптама - осы Кодекстің 98-бабының төртінші, бесінші, алтыншы бөліктерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

207-бап. Маманның консультациясы (түсіндірмесі)

1. Арнайы зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiн жағдайларда маман coтқa ауызша немесе жазбаша нысанда консультация (түсiндiрме) бередi.
Маманның жазбаша нысанда берiлген консультациясы сот отырысының (тиiстi iс жүргiзу әрекетiнiң) хаттамасына қосымша түрiнде тiркеледi және сот отырысында жария етiледi. Ауызша консультация тiкелей сот отырысының (ic жүргiзу әрекетiнiң) хаттамасына енгiзiледi.
2. Консультацияны түсіндіру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкін. Арызы бойынша маманды тартқан адам және оның өкілі бірінші болып, ал содан соң іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер сұрақтар қояды. Сот шақырған маманға бірінші болып талап қоюшы және оның өкілі сұрақ қояды. Сот маманға кез келген сәтте сұрақ қоюға құқылы.
Ескерту. 207-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.

208-бап. Дәлелдеменің жалғандығын мәлімдеу

1. Істегі дәлелдеменің жалған екені мәлімделген жағдайда осы дәлелдемені ұсынған адам соттан оны дәлелдемелер қатарынан алып тастап, істі өзге дәлелдемелердің негізінде шешуді өтіне алады.
2. Дәлелдеменің жалғандығы туралы мәлімдеуді тексеру үшін сот сараптама тағайындай алады, сондай-ақ тараптарға өзге дәлелдемелер беруді ұсына алады.
3. Егер ұсынған дәлелдемесі жалған деп танылған адамның іс-әрекетінде қылмыс белгілері болса, судья материалдарды бұл жөнінде прокурорға хабарлай отырып, қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органына жібереді.

209-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті
өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы

Осы Кодекстің 57-бабының негізінде сот іске қатысуға жіберген мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы сот отырысында жария етіледі. Сот, сондай-ақ іске қатысушы адамдар мен өкілдер қорытындыларды түсіндіру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкілетті өкілдеріне сұрақтар қоя алады.

210-бап. Істі мәні бойынша қарауды аяқтау

Барлық дәлелдемелер қаралғаннан кейін судья іске қатысушы адамдар мен өкілдерден олардың іс материалдарын әлденелермен толықтыруға ниеттерінің бар-жоғын анықтайды. Мұндай мәлімдеулер болмаған жағдайда төрағалық етуші істі зерттеу аяқталды деп жариялап, сот соттағы жарыссөздерге көшеді.

211-бап. Сот жарыссөздері

1. Сот жарыссөздері іске қатысушы адамдар мен өкілдердің сөздерінен тұрады.
2. Алдымен талап қоюшы және оның өкілі, ал содан соң - жауапкер мен оның өкілі сөз сөйлейді. Басталып кеткен процесте даудың нысанасы бойынша дербес талаптар қойған үшінші тұлға мен оның өкілі тараптар мен олардың өкілдерінен кейін сөз сөйлейді. Даудың нысанасы бойынша өз бетінше талаптар қоймаған үшінші тұлға мен оның өкілі талап қоюшыдан немесе үшінші тұлға іске өзі қатысатын жақтағы жауапкерден кейін сөз сөйлейді.
3. Прокурор, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың өкілдері және басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген азаматтар сот жарыссөздерінде соңынан сөз сөйлейді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: