Бап. Су ресурстарын реттеуге кедергi келтіру 4 страница

407-бап. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал
шаруашылығы туралы заңнамасын бұзу

1. Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасын:
1) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің бағалаудан өтпеген асыл тұқымдық өнімді (материалды) өткізуі;
2) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің асыл тұқымдық куәлік бермей асыл тұқымдық өнімді (материалды) өткізуі;
3) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің деректерді есепке алуды жүргізуден бас тартуы және есептілікті ұсынбауы;
4) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың актілерін орындамауы;
5) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген асыл тұқымды малдан алынған ұрықтар мен эмбриондарды пайдалануы;
6) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің бағалаудан өтпеген асыл тұқымды малды өз төлiнен өсiру мақсатында пайдалануы;
7) асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің асыл тұқымды малды бағалау нәтижелерін бұрмалауы;
8) жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары шеңберінде бюджет қаражаттары есебінен сатып алынған асыл тұқымды мал туралы деректерді асыл тұқымды малдың мемлекеттік тіркеліміне оларды тіркеу үшін беруден бас тартуы;
9) жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары шеңберінде бюджет қаражаты есебінен өсіру мақсатында сатып алынған асыл тұқымды малды пайдалану тәртібін бұзуы түрінде жасалған бұзушылық –
жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы, хабарлама жасауға жататын қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді сақтамауы –
асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің қызметін тоқтата тұрып не онсыз, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), сол сияқты осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға әкеп соққан бұзушылықтарды жоймау –
асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметке тыйым салуға әкеп соғады.

408-бап. Иттер мен мысықтарды асырау және серуендету
қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау
және жою қағидаларын бұзу

1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген, қалаларда және басқа да елдi мекендерде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу –
ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл

салуға әкеп соғады.
2. Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкiне залал келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

23-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

409-бап. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы
заңнамасын бұзу

1. Педагог жұмыскердің міндеттерін және педагогтік әдеп нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы –
жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Білім беру ұйымы басшысының немесе өзге де лауазымды адамының міндеттеріне салғырт қарауы немесе адал қарамауының салдарынан оларды орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл оқу және тәрбие беру процесі кезінде білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің, білім алушылары мен жұмыскерлерінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса, –
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Білім беру ұйымдарының талаптарды:
1) білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын сақтамау;
2) білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидаларын сақтамау;
3) білім алушыларды білім беру ұйымының үлгілері бойынша ауыстырудың және қайта қабылдаудың үлгілік қағидаларын сақтамау;
4) білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар берудің үлгілік қағидаларын сақтамау;
5) жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми жұмыскерлерін лауазымдарға конкурстық орналастырудың үлгілік қағидаларын сақтамау түрінде жасалған бұзушылық –
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, лауазымды адамдарға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Білім беру ұйымдарында саяси партиялардың ұйымдық құрылымдарын құру және олардың қызметі –
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Көрсетілетін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарын өзге де бұзушылықтар –
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Осы баптың бірінші – алтыншы бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
лицензиядан айыра отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

24-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚОЛ
СҰҒАТЫН ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

410-бап. Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу немесе орындамау

1. Ұйымдарда, қоғамдық орындарда, қоймалық үй-жайларда, ауыл шаруашылығы алқаптарында, жатақханаларда және тұрғын үйлерде өрт қауiпсiздiгi қағидаларында, техникалық регламенттерде, құрылыс нормалары мен қағидаларында, ұлттық стандарттарда көзделген өртке қарсы талаптарды бұзу немесе орындамау –
ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адамның денсаулығына зиян немесе айтарлықтай залал келтiрген өрттiң шығуына әкеп соққан әрекет (әрекетсіздік), қылмыс құрамы болмаған кезде –
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы бапқа қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде елу айлық есептiк көрсеткiштен асатын сома айтарлықтай мөлшердегi залал деп танылады.

411-бап. Өрт қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн
жарылу-өрт қаупi және өрт қаупi бар өнiмдi
шығару және өткiзу

Өрт қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн жарылу-өрт қаупi және өрт қаупi бар өнiмдi шығару және өткiзу, егер бұл абайсызда денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян және (немесе) жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға не мемлекетке iрi залал келтiруге әкеп соқпаса, –
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы Кодекстiң осы бабына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде бiр жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын сома iрi залал деп танылады.

412-бап. Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу
немесе орындамау

Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларының сақталуына жауапты тұлғаның оларды бұзуы немесе орындамауы, егер бұл іс-әрекетте қылмыстық жазаланатын белгілер болмай, адамның денсаулығына зиян немесе айтарлықтай залал келтiруге әкеп соқса, –
жеке тұлғаларға – жеті, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

413-бап. Атом энергиясын пайдалану кезiнде радиациялық
қауiпсiздiк талаптарын бұзу

Атмосфераға, сулы ортаға және жер қойнауына уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлеген деңгейден асатын мөлшерде радиоактивтi заттарды негiзсiз немесе әдейi шығару; сәуле алуға ұшыраған немесе құрамында радиоактивтi заттар бар өнiмді және материалдарды халықтың пайдалануы мен тұтынуы мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың рұқсатынсыз шаруашылық айналымға тарту; тиiстi даярлықтан өтпеген не бiлiктiлiгiн куәландыратын құжаты жоқ адамдарды, сондай-ақ он сегiз жасқа толмаған немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды атом энергиясын пайдалану объектiсiндегi жұмысқа жiберу; радиоактивтi заттар мен иондандырушы сәуле көздерiн есепке алу мен бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды бұзу, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, –
жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтің белгілі бір түріне лицензиядан айыруға әкеп соғады.

414-бап. Ядролық қаруды таратпау режимiнiң талаптарын бұзу

Ядролық экспорт пен импорттың белгiленген тәртiбiн бұзу, ядролық материалдарды, атом энергиясын пайдалану объектiлерiн физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды бұзу; ядролық материалдарды, иондандырушы сәуле көздерін есепке алу мен бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды бұзу, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса, –
жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жетпіс, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке лицензиялардан, арнайы рұқсаттардан айыруға әкеп соғады.

415-бап. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу
саласындағы заңнамасын бұзу

1. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын:
1) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді шығару және өткізу;
2) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттың талаптарына сәйкес келмейтін өнімді көтерме немесе бөлшек саудаға, нарықтарға шығару;
3) сәйкестiк сертификаты, сәйкестік белгісі немесе сәйкестiк туралы декларациясы болмаған, сондай-ақ олар қолдан жасалған, қолданылу мерзiмi өткен немесе тоқтатыла тұрған жағдайда, сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнімді импорттау және (немесе) өткiзу;
4) сәйкестікті растау және аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу тәртібін бұзу;
5) сәйкестiк сертификатын негiзсiз беру немесе оның қолданылуын растау, сол сияқты сәйкестiк туралы декларацияны, өтініш-декларацияны негiзсiз қабылдау немесе тiркеу түрінде жасалған бұзушылық -
аккредиттеу аттестатын, сәйкестікті растау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлардың аттестаттарын алты ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) -
аккредиттеу аттестатынан, сәйкестікті растау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлардың аттестаттарынан айыра отырып, жеке тұлғаларға – қырық бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

416-бап. Өнімнің жекелеген түрлерінің қауіпсіздігін
қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы бұзу

Субъектінің тамақ өнімдерінің, химиялық өнімнің, машиналар мен жабдықтардың, ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы заңнамалық актілерде және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған кезден бастап өнімнің өмірлік циклі процестерін жүзеге асыруды тоқтатпауы –
қызметті тоқтата тұрып немесе онсыз, өнім тәркілене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – бір жүз алпыс, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе.
Осы бапқа қатысты тамақ өнімдерінің, химиялық өнімнің, машиналар мен жабдықтардың, ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы заңнамалық актілерге сәйкес өнім қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар субъектілер деп танылады.

417-бап. Тауардың шығарылған жері туралы сертификатты және
Кеден одағының тауары немесе шетел тауары
нысандарының қорытындысын беру тәртібін бұзу

1. Тауардың шығарылған елiн, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегі сарапшы-аудиторлардың тауар туралы деректер бұрмаланған және (немесе) анық емес, тауардың шығарылған жері туралы, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау туралы сараптама актілерін жасауы және оларды сараптама ұйымының беруі –
тауардың шығарылған елiн, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторлардың аттестаттарын алты ай мерзімге тоқтата тұрып, тауардың шығарылған елiн, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторларға – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, сарапшылық ұйымдарына отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тауардың шығарылған жері туралы тиiсінше ресiмделген сараптама актiсi және техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетін тiзбе бойынша тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттар, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы сертификатты беруден бас тарту немесе Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау туралы тиісінше ресімделген сараптама актісі және Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін растайтын мәліметтер, құжаттар ұсынылған жағдайда, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруден бас тарту –
тауардың шығарылған жері туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Тауар туралы деректер бұрмаланған және (немесе) анық емес, уәкілетті ұйымның тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдардың (ұйымдардың) ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруі –
тауардың шығарылған жері туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Уәкілетті ұйымның, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдардың (ұйымдардың) тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын, сондай-ақ оларды беруден бас тарту туралы жазбаша уәжді шешiмді беру мерзімін бұзуы –
сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Бұрмаланған және (немесе) анық емес, тауардың шығарылған жері туралы сертификат алу үшiн техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетін тiзбе бойынша тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттарды, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификат алу үшін ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттарды, сондай-ақ Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындыларын алу үшін Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін растайтын мәліметтерді, құжаттарды ұсыну –
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он екі, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Осы баптың бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –
тауардың шығарылған елін, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторлардың аттестаттарынан айыра отырып, тауардың шығарылған елін, Кеден одағы тауарының немесе шетел тауарының мәртебесін айқындау жөнiндегi сарапшы-аудиторларға – қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, қызметті үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып, сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйымға, ішкі айналымға арналған тауардың шығарылған жері туралы сертификатты, Кеден одағының тауары немесе шетел тауары нысандарының қорытындысын беруге уәкілеттік берілген органдарға (ұйымдарға) – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, сарапшылық ұйымдарға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

418-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
Елтаңбасына, сондай-ақ олар бейнеленген
материалдық объектілерге қойылатын ұлттық
стандарттарды бұзу

1. Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын, сондай-ақ олар бейнеленген материалдық объектілерді дайындау, пайдалану және орналастыру –
жеке тұлғаларға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –
жеке тұлғаларға – сексен, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: