Бап. Жеткiзу 6 страница

832-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағым жасау, наразылық келтіру мерзiмi

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулының көшiрмесi тапсырылған күннен бастап он тәулік iшiнде, ал егер осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалар iстi қарауға қатыспаса, оны алған күннен бастап берiлуi мүмкiн.
2. Салықтық тексеру нәтижелері бойынша анықталған, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген салықтық міндеттеменің немесе Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген міндеттердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына байланысты шығарылған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулының көшiрмесi тапсырылған немесе алынған күннен бастап отыз тәулік iшiнде берiлуi мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) шағым жасалса, наразылық келтірілсе, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мерзім осы Кодекстiң 744, 745, 746, 747 және 748-баптарында аталған тұлғалардың шағым (наразылық) бойынша шешімнің көшірмелерін алған кезінен бастап есептеледі.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiмдi дәлелдi себептермен өткiзiп алған жағдайда, өзiне қатысты қаулы шығарылған адамның арызы бойынша шағымды қарауға құқылы сот, орган (лауазымды адам) бұл мерзімді қалпына келтiруi мүмкiн.

833-бап. Шағымның (наразылықтың) мазмұны

1. Шағым (наразылық) жазбаша түрде берiледi және онда:
1) шағым берiлiп отырған соттың, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) атауы;
2) шағым немесе наразылық берушiнiң тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде) (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы);
3) құқықтық актiсiне немесе әрекетiне наразылық берiлiп отырған органның немесе мекеменiң атауы не лауазымды адамның тегi мен лауазымы;
4) шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық актiнiң немесе әрекеттiң мазмұны, сондай-ақ шағым немесе наразылық берушi құқықтық акт немесе әрекеттер өзiнiң құқықтарын және бостандықтарын бұзады деп есептейтiн себептер;
5) шағым немесе наразылық берушi айқын тұжырымдаған өтінішхат көрсетiлуге тиiс.
2. Шағымға немесе наразылыққа оны берушi қол қояды. Заңды тұлғаның атынан берiлетін шағымға оның өкiлi немесе осыған уәкiлеттiк берілген басқа да тұлға қол қояды.
3. Егер шағым немесе наразылық басқа тұлғаның мүддесiнде берiлсе, онда мүддесi үшін шағым немесе наразылық берiлiп отырған адамның аты мен тегi, тұрақты тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi (пошта мекенжайы) көрсетілуі қажет. Шағымға өкiлеттiктi растайтын құжат қоса беріледі.
4. Шағым немесе наразылық екi данада, сот, орган, (лауазымды адам) шығарған, шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық актінің көшірмесі, сондай-ақ шағымда немесе наразылықта келтірілген дәлелдерге негiздеме ретінде өзге де құжаттар қоса беріледі.
5. Келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, олар берілді деп есептеледі, бірақ мерзімі көрсетіле отырып, толық ресімдеуге қайтарылады. Егер көрсетілген мерзім ішінде шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін сотқа, жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) берілмесе, олар берілмеген деп есептеледі.

834-бап. Шағым берiлуiне немесе наразылық келтірілуiне
байланысты қаулының орындалуын тоқтата тұру

1. Шағымды белгiленген мерзiмде беру әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын шағым қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.
2. Прокурордың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын оның заңдылығын тексеру кезiнде тоқтата тұруға, уәкiлеттi лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргiзу туралы жазбаша нұсқаулар беруге құқығы бар. Тексеру нәтижелерi бойынша прокурор тиiстi органға қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту туралы наразылық енгізеді немесе қаулының орындалуын тоқтата тұрудың күшiн жояды.
3. Прокурордың наразылық келтіруі қаулының орындалуын наразылық қаралғанға дейiн тоқтата тұрады.

835-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты қарау мерзiмдерi

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық түскен күнінен бастап он тәулік ішінде қаралуға жатады.
2. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулыға шағым, наразылық, егер жауаптылыққа тартылған адам әкiмшiлiк қамаққа алуды өтеп жатса, шағым немесе наразылық берiлген кезден бастап бiр тәулiк iшiнде қаралуға жатады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардан өтiнiшхаттар түскен жағдайда не iстiң мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған кезде, шағымның, наразылықтың қаралу мерзiмiн iстi қарап жатқан жоғары тұрған судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) ұзартуы, бірақ он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкiн. Сот, орган (лауазымды адам) шағымды (наразылықты) қарау мерзімін азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралып жатқан басқа іс шешілгенге дейін оны қарау мүмкін болмаған кезде тоқтата тұруға міндетті. Мерзімді ұзарту туралы уәжді ұйғарым шығарылады.

836-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты жоғары тұрған сот
судьясының, жоғары тұрған орган басшысыныңнемесе оның орынбасарының жеке-дара қарауы

Мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған лауазымды адам немесе жоғары тұрған органның басшысы (басшының орынбасары) жеке-дара қарайды.
Осы Кодекстің 818-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен судья (сот) шығарған сотты құрметтемеушілік фактісі туралы іс бойынша сот қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды, ал мұндай қаулыны апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот шығарған жағдайда, жоғары тұрған сатыдағы сот алқасы қарайды.

837-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты қарауға әзiрлеу

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға әзiрлеу кезiнде судья, жоғары тұрған орган, (лауазымды адам):
1) іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың бар-жоғын анықтайды;
2) өтiнiшхатты шешедi, қосымша материалдарды талап етіп алдырады, шағымды, наразылықты қарау үшiн қатысуы қажет деп танылған тұлғаларды шақырады; қажет болған кезде судья сараптама тағайындайды;
3) егер шағымды, наразылықты қарау өзiнiң құзыретiне жатпаса, оларды істің барлық материалдарымен ведомстволық бағыныстылығы бойынша жiбередi.

838-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағымды, наразылықты қарау

1. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға кiрiскенде:
1) шағымды, наразылықты кiм қарайтынын; қандай шағым, наразылық қаралуға жататынын; шағымды, наразылықты кiм бергенiн жариялайды;
2) iс бойынша өзiне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкiлiнiң, сондай-ақ шағымды, наразылықты қарауға қатысу үшiн шақырылған адамдардың келгенiне көз жеткiзедi;
3) жеке немесе заңды тұлға өкiлдерiнiң, қорғаушының және өкiлдiң өкiлеттiктерін тексередi;
4) іс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың келмеу себептерiн анықтайды және олардың қатысуынсыз шағымды, наразылықты қарау туралы не шағымды, наразылықты қарауды кейiнге қалдыру туралы шешiм қабылдайды;
5) шағымды, наразылықты қарауға қатысатын тұлғаларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
6) мәлiмделген қарсылық білдірулерді және өтiнiшхаттарды шешедi;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарау кезiнде iсте бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының заңдылығы мен негiздiлiгi тексерiледi. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымның, наразылықтың дәлелдерiмен байланысты емес және iстi толық көлемде тексередi, бұл ретте ол жаңа фактiлердi анықтауға және жаңа дәлелдемелердi зерттеуге құқылы.
3. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шақырылған адамдардың келмеуіне, iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, сараптама тағайындауға байланысты және шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективтi қарау үшiн қажет болған басқа жағдайларда, шағымның, наразылықтың қаралуын кейiнге қалдыруға құқылы.
4. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым сотқа және жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) бiр мезгiлде келiп түссе, онда шағымды сот қарайды.

839-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағым, наразылық бойынша шешiм

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарап, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мынадай:
1) қаулыны өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығарылғанда негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшiн жою және iстi тоқтату туралы;
4) iс бойынша қаулының күшiн жою және жаңа қаулы шығару туралы;
5) егер шағымды, наразылықты қарау кезiнде қаулыны құқығы жоқ судья, орган (лауазымды адам) шығарғаны анықталса, қаулының күшiн жою және iстi ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарауға жiберу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша шешiм iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы түрiнде шығарылады. Қаулыда осы Кодекстiң 822-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мәлiметтер қамтылуға тиiс.
3. Мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының қаулысына шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған сот судьясының қаулысына, сондай-ақ осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 5) тармақшасында көзделген жағдайда судья шығарған қаулыға осы Кодекстiң 46-тарауында көзделген тәртiппен наразылық келтірілуі мүмкiн. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн.

840-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту негiздерi

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар:
1) судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi;
2) әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы;
3) осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы;
4) қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

841-бап. Судьяның, органның (лауазымды адамның)
әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы
түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезiнде
зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндердің шағымды, наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмейтiнiн анықтап, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) бұл қаулының күшiн толық немесе iшiнара жояды және шағымды, наразылықты қарау нәтижелерiне сәйкес жаңа қаулы шығарады.
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау процесiнде зерттелген дәлелдемелердi бағалай келіп, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда анықталмаған немесе қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) назарға алмаған фактiлердi дәлелдендi деп тануға құқылы.

842-бап. Әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау

1. Мыналар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау болып табылады:
1) осы Кодекстiң 1-бөлiмiнiң және 2-бөлiмi Жалпы бөлiгiнiң талаптарын бұзу;
2) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлiгiнен басқасын қолдану;
3) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгеннен анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдану.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижесiнде жасалған әрекетке берiлген заңдық бағаны дұрыс емес деп танып, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкiмшiлiк жаза көзделген бабына өзгертуге құқылы.
3. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау нәтижелерi бойынша анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін заңды қолдануға немесе осы негiздер бойынша жәбiрленушi шағым берген немесе прокурор наразылық келтірген жағдайда ғана анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.

843-бап. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде
бұзу

1. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп іс бойынша іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттарының және iске қатысатын тұлғалардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы танылады.
2. Іс бойынша іс жүргiзудiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi iс үшiн маңызы болуы мүмкiн, зерттеуден жол берiлетiн дәлелдемелердi қателесіп шығарып тастаудың немесе дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартудың; мiндеттi түрде зерттелуге жататын дәлелдемелердi зерттемеудiң нәтижесi болып табылса, қаулының күшi жойылуға жатады.
3. Егер:
1) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген негiздер болған кезде іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылмаған болса;
2) қаулыны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілмеген судья, орган (лауазымды адам) шығарса;
3) қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болып табылғанда іс оның қатысуынсыз қаралса немесе өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның қорғаушы алу құқығы өзге де жолмен бұзылса;
4) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның ана тiлiн немесе өзi бiлетiн тiлдi және аудармашы көрсететін қызметтерді пайдалану құқығы бұзылса;
5) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға iстiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме беру құқығы берiлмесе;
6) қаулыға осы Кодекстiң 822-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың қайсыбiреуi қол қоймаса, кез келген жағдайда қаулының күшi жойылуға жатады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде осы баптың үшiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында көрсетiлген процестік нормалардың бұзылуына жол берiлгендiгiн анықтай отырып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша қаулының күшiн жояды және iс жүргiзудi тоқтатады.
5. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде процестік нормалардың қандай да бір өзгеше елеулі түрде бұзылуына жол берiлген болса, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iсті қарауды жүргiзеді, бұл ретте жол берiлген бұзушылықты жоюға шаралар қолданады, тиiсінше тиісті мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, төмен тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысының күшiн жояды және iсті қараудың нәтижелерiн ескере отырып, жаңа қаулы шығарады.

844-бап. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған
құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына
немесе заңды тұлғаның мүлiктiк қаржы жағдайына
сәйкес келмеуi

1. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның тым қатаңдығы салдарынан оны әдiл емес, жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмейдi деп танып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жаза қолданудың жалпы қағидаларын басшылыққа ала отырып, жазаны жеңілдетеді.
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) кiнәлi тұлғаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулымен айқындалғаннан анағұрлым қатаң жаза қолдануы мүмкiн, бiрақ оны осы негiз бойынша прокурор наразылық келтірген немесе жәбiрленушi шағым берген жағдайда ғана қолданады.

845-бап. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулының
күшiн жою немесе оны өзгерту

1. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша іс жүргiзудi тоқтатудың негiзсiздiгiне жәбiрленушiнiң шағымы бойынша не прокурордың наразылығы бойынша ғана әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығара отырып, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулының күшiн жоюы мүмкiн.
2. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылған тұлғаның шағымы бойынша тоқтатудың негiздерi бөлiгiнде өзгертiлуi мүмкiн.

846-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша
қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулыны жария
ету

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылғаннан кейiн дереу жария етiледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылғаннан кейiн оның көшiрмесi үш тәулiкке дейiнгi мерзiмде iс бойынша өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне, шағымды өзi берген немесе оның өтiнiшi бойынша берілген жағдайда жәбiрленушiге, наразылық келтірген прокурорға тапсырылады немесе жiберiледi.
3. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы iс бойынша қаулыға шағым, наразылық бойынша қаулы - қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ бұл өзiне қатысты шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күнi жеткiзiледi.

46-тарау. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ
КҮШІНЕ ЕНГЕН ҚАУЛЫЛАРДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ШАҒЫМДАРДЫ, НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫ
ҚАРАУ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: