Баяндамалар мен рефераттар 8 страница

Батыс Еуропадағы орта ғасыр философиясындағы теоцентризм.

Орта ғасыр философиясының негізгі кезеңдері. Патристика және схоластика.

Әмбебаптылық мәселесі және номиналистер мен реалистердің айтысы.

Орта ғасырдағы мұсылман философиясы.

Араб мұсылман мәдениетіндегі антикалық ғылыми және философиялық мұралар.

Шығыс перипатетизмі. Әл-Фараби, Әл-Кинди және Ибн-Сина философиясы.

Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу

1. Антология мировой философии. В 4-х т. М.: 1969-1972.

2. Абеляр П. История моих бедствии. М.: 1992.

3. Августин А. Исповедь. М.: 1992.

4. Августин А. О граде божие. М.: 1994.

5. Боэтций. Утешение философией. М.: 1992.

6. Избранные произведения мыслителей стран Ближнего и Среднего Востока. IX-

XIV вв. М.: 1961.

7. Кентерберийский Ансельм. Сочинение. М.: 1995.

8. Мир философии: Хрестоматия в двух частях. М.: 1991.

Әдебитеттер тізімі

1. Алтаев Ж., Ғабитов Т. ж.т.б. Философия және мәдениеттану. Алматы, 1998.

2. Алтаев Ж., Қасабек А., Мұхамбетали Қ. Философия тарихы. Алматы, 2000.

3. Әл-Фараби. Философские трактаты. Алма-Ата, 1970.

4. Әбішев Қ. Философия. Ақыл кітабы, 2000.

5. Әлемдік философиялық мұра. 1-20 тт Т. 2-5 Алматы. Мектеп, 2005-2007.

6. Есім Ғ. Фәлсәфа тарихы. Алматы. Раритет, 2004.

7. Ибн-Сина. Избранные философские произведения. М.:1980.

8. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. Алматы. 2003.

9. Қасабек А. Тарихи-философиялық таным. Оқу құралы. Алматы. КазГЗУ.2002.

10. Майоров Г. Г. Формирование средневековой фиилософии. М.: 1979.

11. Мәдени-философиялық энциклопедиялық сөздік. Т.Х.Ғабитов, А.Т. Құлсариева.

Алматы. Раритет 2004.

12. Мырзалы С. Қ. Философия әлеміне саяхат. Қостанай, 2000.

13. Нысанбаев Ә., Әбжанов Т. Философия тарихы. Алматы, 1999.

14. Сыбанбаев Қ., Затов Қ. Философия. Алматы, 2000-2004.

15. Соколов В. В. Средневековая философия. М.: 1979.

16. Философия. (Т. Ғабитов Алматы. Раритет 2005).

17. Философиялық сөздік. 1996.


1.4 Қайта өрлеу және Жаңа Заман философиясы

Қайта өрлеу бір замандағы, яғни б.з.д. V ғ., шарықтаған грек философиясының, мәдениетінің, өнерінің, әдебиетінің 1500 жыл бойы қыспақта болып, енді жаңадан жаңғырып оралуын білдіреді. «Ренессанс» - «Қайта өркендеу», жандану, жандандыру, қайта даму, қайта туу.

Қайта өркендеу деп ─ Батыс және Орталық Еуропадағы мәдениеттің XIV-XVI ғғ даму кезеңін айтады. Бұл кездегі ойшылдар шіркеу догмалары мен Орта ғасырлардағы адам тағдырының Құдай ырқына тәуелді екендігі туралы түсінікке күмән келтіреді. Адамды әлем мәселелерінің ортасына қойып, олар оның өзін ғана емес, сонымен бірге іс-әрекеттерінің де мәнін жоғары көтерді.

Қайта өрлеу дәуірінің негізгі сипаты, оның адамға бағытталуы болды. Ежелгі антикалық философтар дүние ортасына күш-қуат берген, рух, жігер туғызатын Космосты, ортат ғасырда Құдайды, Қайта өрлеу дәуірінде Адамды қойды. Сондықтан, қайта өрлеудің ерекшелігі - антропоцентризм. Енді зерттеудің орталық мәселесі - Құдай емес, адам болды. Адамның әлемдегі орны, оның бостандығы, тағдыры Леонардо да Винчи, Микеланджело, Эразм Роттердамский, Николло Макиавелли, Томас Мор, Мишель де Монтень секілді ойшылдарды толғандырды. Адам мен оның тағдырына, шығармашылық бастамасына тұрақты көңіл аударғаны үшін, оларды «гуманистер» деп атады. Гуманизм қайта өркендеу дәуірінде дін мен феодализм құрсауынан адам баласын босатып, еркіндікке жетелеуді мақсат еткен әлеуметтік қозғалыс.

Қайта өрлеу дәуіріндегі гуманистік ойлар: «Гуманизм» терминін (латынның humanitas ─ адамшылық) белгілі Римнің саяси қайраткері, Цицерон б.з.д І ғасырда қолданды. Оның ойынша humanitos – адамның тәрбиесі және білімі, оның жоғарғы дәрежеге жетуіне мүмкіндік туғызады. Адамның рухани табиғатының жетілуінде негізгі рөл грамматика, риторика, поэзия, тарих, этика пәндеріне беріледі. Атап айтқанда, ренессанс мәдениетінің теориялық негізі ─ осы пәндер. Оларды studia humanitas (гуманитарлық пәндер) деп атады.

Гуманизмнің негізін қалаушы-ақын, философ Франческо Петрарка (1304-1374жж.). Өз шығармаларында католик шіркеуінің рухани қыспағынан құтылуға ұмтылуды, адамдардың бостандығы туралы идеяны қозғады. Петрарка антикалық мұраны бағалауда жаңа тәсіл қолданды. Ол әдебиет, өнер, ғылымның жаңа сатыда дамуы үшін, негізін қалаушылардың ойына еліктеуден гөрі, антикалық мәдениеттің жоғарғы сатысына ұмтылуды, сонымен бірге қайта ой толғай отырып кей жағдайда одан басым болуға шақырды. Петрарка салған жолда антикалық мұра, гуманизмнің жетекшісі болды. Қайта өрлеу ─ дәуірдің басты субъектісі ретінде адамды қойды.

Джованни Пико Дела Мирандолла (1463-1494 жж.).Шіркеу қағидаларына қарамай, ол адамды құдай өзіне ұқсас етіп жаратпаған, адам өзін-өзі жасаған деді. Адам бойындағы ізгі қасиеттерді биік дәрежеге көтеру, абыройын қорғау ─ әр адам алдына қойылған мақсат, ол оның ғана жетістігі мен бақыты болып есептеледі.

Никколо Макиавелли (1469-1527 жж.)Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік- философиялық ойлау өкілі, ортағасырлардағы Құдайдың бәрін алдын ала болжау концепциясын «фортуна» (кез, бақыт) идеясымен ауыстырды. Адамды қажеттілікке байланысты әрекеттенуге, пайда болған жаңа жағдаймен санасуға шақырды. Тағдыр адамды жартылай билейтіндіктен, сондықтан қалыптасқан жағдаймен күресу керек дейді ол. Фортунамен бірге ол тарихтың қозғаушы күші ретінде Виртун (virtu) – адамның жігерлігін, іскерлігін талантын іске асыру - терминін енгізді.

Жалпы алғанда, қайта өрлеу философиясында гуманистік дәстүр, тек қана антикалық мұрамен емес, Рухани және Христиандықпен де көп байланысты болды. Феодалдық қоғам ішінде өндіріс пен ғылымды дамытуға мүдделі болған күштер пайда бола бастады. Бұл жаңа туып келе жатқан буржуазия еді, олар феодалдық тәртіптерге, дін іліміне және схоластикалық философияға қарсы шықты. Шіркеудің зорлық-зомбылықтарына қарсы батыл күрес, әсіресе, XV-XVII ғасырларда, Қайта өрлеу дәуірінде күшейе түсті. Бұл кезең Батыс Еуропа елдерінде табиғатты танып білуге ұмтылушылық, ертедегі Грецияның тәжірибелі білімі мен алдыңғы қатарлы философиясына көңіл аударушылықтың қатты күшейген уақыты болды.

Жаңа құндылықтар жүйесі пайда болды, алғашқы болып адам және табиғат, одан кейін ғана дін және оның мәселелері тұратын болды. Бұл дәуірдің тағы бір ерекшелігі ренессанстық мәдениет пен философияның дінді ғылымнан, саясаттан, моральдан бөлуі (секуляризациялануы) болды. Секуляризация - қоғамның, адамның дін ықпалынан арылуы, шіркеу меншігінің мемлекеттік меншікке ауысуы. Енді мемлекет, мораль және ғылым мәселелері дін арқылы қаралмады. Болмыстың әртүрлі саласында бұлар өз бетінше, діннен тыс өмір сүретіні, өзінің заңдары бары мойындалды. Тек оларды философтар әзірше көп қарамады, тәжірибелік ғылымның қалыптасуына байланысты жалғыз ақиқат табиғат туралы білім болып саналды (Коперник, Кеплер, Галилей, Бруно).

Осы кезде жаңа философиялық бағыттар пайда болды. Олар деизм мен пантеизм. Деизм ─ әлемді Құдай жаратқан, бірақ күнделікті қоғам өмірі мен табиғат дамуына оның қатынасы жоқ дейтін діншіл философиялық ағым. Деизм - аспандағы «парламентаризм». Деистердің көбі әлем туралы өз түсініктерін жаратылыстану ғылымының жаңа салаларында қалыптастырды. Діннен ғылымның тәуелсіздігін қорғады.

Пантеизм - (pan - бәрі және tcheos - Құдай) - Құдай мен әлем біртұтас деп танитын, Құдіретті табиғатпен балаған философиялық ілім. Осы бағыттың өкілі католик шіркеуінің қайраткері, кардинал, Германия легаты, атақты философ ─ Николай Кузанский (1401-1464), шын аты Кребс. Ол «Білместік ғылымдары туралы», «Шығу тегі туралы», «Мүмкіндіктің болмысы туралы», «Жер шарының айналуы туралы» еңбектерін жазды.

Ол әлем дүниесі мен Құдай бір бүтін деп, жаратылыстану ғылым зерттеулерін құптады, яғни рационалдық білімді қолдады әрі адамның бұл қызмет саласына діннің араласпауы керек деді. Дүниені Құдай жаратқан, бірақ дүние шексіз, материалды және қарама-қарсылық арқылы қозғалады. Адамды Н. Кузанский аса жоғары сатыға қояды. Сонымен бірге Құдайдың адамға қатысы барлық құбылыста, ең алдымен табиғатта бар деп есептейді. Құдай - әлемнің ортасы және оның шегі. Ол бүтін, ал дүние әлемі - оның бір бөлігі. Дүние әлемі Құдайда жиналады және Құдай оны әлемге айналу барысында күшейтеді. Ақиқат ─ барлық кезде таным процесі, Құдайға жету. Дүниенің бәрін, адамды да құдай жаратты, бірақ Кузанский пантеистік пікірді дамыта отырып, Жаратушының өзін табиғат деп, Құдайды аспаннан жерге түсірді, шын мәнінде Жаратушының рөлін жоққа шығарды.

Коперник Николай (1473-1543 жж.) поляк астрономы, әлемнің гелиоцентрлік жүйесін жасаушы. Негізгі еңбегі - «Аспан денелерінің айналуы туралы». Схоластар және шіркеу өкілдерінің орта ғасырлық дәстүріндегі Аристотель - Птолемейдің геоцентристік теориясына қарсы шықты. Жердің Күнді айналуы және Жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы теориясын ежелгі грек ғалымы, Аристрах Самоскийдің пікіріне сүйеніп ұсынды:

- Жер әлемнің орталығы емес. Күн жерге қарағанда ортада тұр, Жер Күнді айналады;

- Барлық ғарыштық денелер өзінің траекториясы бойынша жылжиды. Ғарыш шексіз;

- Ғарыштағы процестер, табиғи көзқарас бойынша түсінікті, «қасиеті» қағидалар мәтінінде түсініксіз.

Джордано Бруно (1548-1600 жж.). Оның орталық категориясы біртұтастық, ол бір мезгілдегі болмыстың болу себебі және болмыс заттарының өзі. Бруно: «Табиғат деген ол заттардағы құдай, табиғаттың өзі құдай не құдай заттардың ішінде»,- дейді. Тұтастық материя түрімен үйлеседі, ал руханилығы денемен сәйкес болады. Материяға келетін болсақ, ол бұл жағдайда әлемдік заттардың басы мен соңы болады. Онда түр пайда болып, және жоғалады, материяның өзі мәңгілік, «себепсіз себеп» бола береді.

Табиғат өздігінен табиғи қозғалыста болады. Күн жерге қарағанда ортада, бірақ әлем дүниесінің ортасы емес, әлем - шексіз. Әлем дүниесі галактикадан тұрады. Барлық аспан денелері және ондағы бардың бәрінің қозғалу қасиеті бар. Әлем дүниесінен бөлек құдай жоқ. Бруноның көзқарасын шіркеу идеологтары аса жек көрді. Ол 1592 жылы түрмеге жабылды. Инквизация одан өз көзқарасынан бас тартуды ұсынды. Ол көнбеді. 1600 жылы Римде Орталық «Гүл» алаңында оны отқа өртеп жіберді. Негізгі еңбектері: «Себептілік бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы».

XVII ғасырда материализмнің жаңа отаны ағылшын елі болды. Бұл буржуазиялық революция жасаған алғашқы елдердің бірі еді. Жаңа заман материализмінің негізін салушы, схоластикаға қарсы шыққан Фрэнсис Бэкон (1561-1626). Ол Жаңа Заман материализмі мен тәжірибелік ғылымының негізін қалаушы, «білім - күш, күш - білімде» деген қағиданы насихаттады. Оның еңбектері: «Ғылымдар табысы;», «Жаңа Органон», «Жаңа Атлантида».

Ф. Бэкон Лондонда жоғарғы қызметкердің отбасында дүниеге келді. 20 жыл бойы оның әкесі мөр сақтаушы, болып, өмірінің соңна, дейін мемлекет орындарында қызмет атқарады. Шешесі Анна Кук өте білімді болған, ежелгі грек, латын тілдерін, теология және өнерді терең білген. Ағылшын тіліне бірнеше діни шығармаларды аударды. Бэконның өзі 1573 жылы. Кембридж колледжін бітірді. Лорд - канцлер дәрежесіне жетті. Ол Аристотель, Платон, Софокл, Эврипид, т.б. ойшылдардың еңбегін оқып, зерттеді. Оларға сыни көзбен қарады.

Бэкон ақиқатқа жету үшін адам ақылында кездесетін жалған пікірдің әр түрлерінен, (идолдардан) елестерден құтылуды ұсынды. Ол елестердің 4 түрін көрсетті:

1. «Тектік» елестер. Ол адам табиғатының өзінен, адам ақылы мен сезім мүшелерінің жетілмеуінен шығады.

2. «Үңгір» елестері. Ол адамның қоршаған дүниені субъективтік қажеттілік түрде қабылдауымен байланысты.

3. «Нарық» (немесе базар алаңындағы) елестері, ол дұрыс емес не дәл емес сөздердің нәтижесінде туады.

4. «Театр» елестері беделге, соның ішінде дәстүрлі философиялық жүйелерге сөзсіз сенуге негізделген.

Ол танымның жолындағы кедергілерді алып тастауды ұсынады, адамды жаңа ақиқатты игеруге шақырады. Елестерді жоюдың негізгі құралы ─ тәжірибеге жүгіну және нақты деректерді ғылыми әдіспен талдау дейді. Мұндай бағыты эмпиризм деп атайды. Ақиқат әдісті таңдау проблемасын Бэкон аллегориялық (әдебиетте, өнерде дерексіз ұғымды деректі, нақты бейнелер арқылы көрсету), әсіресе мысалдарда, ертегілерде көп қолданылатын әдіс-тәсілдермен шешеді. Оның пікірінше, танудың үш жолы бар: өрмекші, құмырсқа және ара жолдары. Бұлардың әрқайсында өзінің жағымды және жағымсыз жақтары бар:

«Өрмекшінің жолы» - ақиқатты «таза» санадан шығару әрекеті. Бұл жол фактілер мен шындықты менсінбейді. Мұндай әдіспен алатын қорытынды білім гипотеза, ғылыми болжам түрінде болады. Олар ақиқат немесе жалған болуы мүмкін. Бұл әдісті догмаларды ұстанушылар мен рационалистер қолданады. Өрмекшінің өрмегі секілді, олар да өз ақылдарын тоқиды.

«Құмырсқа жолы» - біржақты эмпиризм, тек фактілерді жинау. Эмпириктер құмырсқа секілді жекеленген фактілерді табандылықпен жинайды, бірақ бұл әдіс аз нәтиже береді, себебі зерттеуші зерттеу затының мәнін толық қорыта алмайды.

«Ара жолы» алғашқы екі әдістің жақсы жағын біріктіреді. Олардағы кемшіліктер қайталанбайды. Соның көмегінің арқасында эмпириядан теория көтеріледі. Өсімдіктердің гүлінен нектар жинайтын, оны балға айналдытын ара іскер болуы керек.

Бэкон теория мен практиканың танымда сезім мен рационалдықтың бірлігін жақтады. Бірақ жаратылыстанудың дамуында математиканың рөлін кемітті, Коперниктің гелиоцентрлік жүйесін мойындамады. Осыған қарамай ол, эксперименттік ғылымның негізін қалады. Бэконның басты шығармасы «Жаңа Органон», ол - ғылыми танымның методологиясы. Бэкон негізгі әдіс ретінде индукцияны ұстанады. Ол тәжірибе мен экспериментке сүйенеді, сонымен бірге сезімдегіні қорытындылау және талдау әдісі арқылы айқындайды. Индукция ─ жеке жағдайлардан жалпы қорытындылар шығаратын ойлау тәсілі.

Томас Гоббс (1588-1679 жж.) 6 жасында латын және грек тілдерінде сөйлеп, өте ерте Оксфорд Университетіне түседі. Негізгі еңбектері: «Азамат туралы философиялық ілімнің бастапқы негіздемесі», «Левиафан». Ол теологиялық схоластиканы жоққа шығарды. Философияның мақсаты: адамның іс-әрекетінің практика жүзінде нәтижеге жетуіне және ғылыми-техникалық прогрестің дамуына мүмкіндік туғызу. Гоббс дүние денелерден тұрады, денесіз субстанцияны мойындау денесіз дене бар дегенге сай. Денелер материяның туындысы.

Танымның әдісі ретінде Т. Гоббс индукция мен дедукцияны қолдануды ұсынады. Адамның дүниені тануы сезімдік қабылдау арқылы іске асады. Бұл сезім мүшелері (көз, құлақ. т. б.) арқылы қоршаған орта туралы алынатын шартты белгіні ары қарай өңдеу. Бұл белгілерді Гоббс «таңба» деп атайды. Таңбаларды былайша топтастырды:

1. Сигналдар - жануардың өз қимылдарын білдіретін дыбыстар шығаруы (құстардың әні, мысықтардың мияуы, жыртқыш аңдардың ырылдауы).

2. Адамдардың бір-бірімен қатынасуы үшін ойланып табылған әртүрлі белгілер.

3. Табиғи белгілер - табиғат сигналдары (найзағай, күннің күркіреуі).

4. Жасырын әдіспен, кодпен жазу, сөйлеу. Көпке түсініксіз ғылыми тіл, дін тілі, жаргон - жеке топтар тілінің сөздері;

5. Белгілердің белгісі, атаулардың атауы - әмбебаптық ұғым, түсініктер.

Гоббс механикалық материализмнің өкілі ретінде қоғамдық құбылыстарды механикалық жаратылыстану тұрғысында қарады. Оның пікірінше геометриялық, математикалық әдістер әмбебаптық ғылыми әдістер болып есептеледі. Сондықтан адам және қоғам саласында қолдануға болады. Адам мен жануарлар - күрделі машина, адамның аяғы мен қолдары - доңғалақ, жүрегі мотор механизімі деді.Қоғамды, мемлекетті үлкен механизм ретінде қарады. Олардың негізгі элементтерін жіктеп, оны қарапайым табиғат заңдарымен түсіндіреді.

Гоббс қоғам тарихын екі кезеңге бөлді: Табиғи, Азаматтық. Табиғи дегеніміз адамдардың қоғамға дейінгі жағдайы, адамдар табиғат заңдарына сәйкес өздерінің құштарлығына бағынады. Табиғат бізге, бәрін береді деген пікір басым болады. Табиғи кезде адам адамға қасқыр, бұл жағдайда олардың жойылып кетуі мүмкін.

Гоббс философияның маңызды проблемасы, қоғам мен мемлекет деп есептеді, мемлекеттің теориясын дайындады. «Левиафан» (Чудовище - құбыжық жәндік) деген философиялық еңбегінде алғашқы мемлекеттің пайда болуында қоғамдық келісім жатыр деген идеяны ұсынды: 1. Адам қоғам мен нақты мемлекетте қызмет істеп, өмір сүреді. 2. Адамның табиғатында ең бастан-ақ зұлымдық бар. 3. Адам әрекетінің қозғаушы күші - жеке басының қамы, ол эгоизм, құмарлық, қажеттілікті тудырады, долдану аффектілер қысқанда, естен адастырады. 4. Әр адамның барлығына және басқаларға назар аудармауы, оның еркі, бірақ ол «бәрінің бәрімен соғысына» әкеледі. Бұл жерде жеңіп шығу қиын, адамдардың бірігіп өмір сүруі және экономикалық прогрестің болуы мүмкін емес. Қоғам құру үшін адамдардың келісімін алу, қоғамдық шартқа отыру, билеушілерге өз еркімен бағыну керек. Бұл - мемлекет, қоғамның өмірін жөнге салу механизмі. Адам өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін мемлекет қуатты болу керек. Гоббс бойынша мемлекеттің үш түрі бар: демократия, аристократия, монархия. Философтың ойынша ең жақсысы ─ монархия, монарх әр уақытта өзінің халқының рухани және материалдық тұрғыдан озық болуын, экономикалық дамуын, моральдық дәрежесін көтеруді мақсат тұтады, әрі қамтамасыз етеді.

Декарт Рене (1596-1650 жж.). Ол философияның, физиканың, математиканың және физиологияның дамуына үлкен әсер етті. Декарт дуализм мен рационализмнің өкілі. Дедуктивтік - рационалистік таным әдісінің негізін қалады. Геометриялық оптиканы, аналитикалық геометрияны, координаттар жүйесін жасады, рефлекс идеясын ұсынды. Космологияда (дүниенің құрылымы), космогонияда (планеталардың пайда болуы және дамуы), физика және физиологияда Декарт материалист. Ол дүниенің өздігінен жаралғанын, оның объективті даму заңдылықтарының бар екенін, бірақ олардың механикаға негізделгенін айтты. Психологияда, таным теориясында ол идеалист - «Мен ойлаймын, олай болса өмір сүремін» [2] (Cogito, ergo zum) - деген қағидаға сүйенеді:

1. Әлемде адамға түсініксіз көптеген заттар мен құбылыстар өмір сүреді. Олар бар ма? Олардың қасиеті қандай? Мысалы, Құдай бар ма? Дүние әлемінің шегі бар ма?

2. Қай затқа, қай құбылысқа күмән келтірмеуге болады? Қоршаған орта өмір сүре ме? Күн жарқырай ма? Жан мәңгілік пе?

3. Олай болатын болса, тек күмәндану анық факт және оны дәлелдің еш қажеті жоқ.

4. Күмәндану ─ ойдың қасиеті, демек шын өмір сүретін адам күмәнданады, ойлай алады, яғни адам күмәндана ойлайды.

5. Сондықтан ойлау болмыстың да, танымның да негізі. Ол ақыл-ойдың жұмысы, олай болса, болмыс пен таным тек ақыл-ойда бар.

Декарт болмыс проблемасын зерттеу барысында болмыстың мәнін сипаттайтын ұғымды шығаруға тырысады, оны субстанция деп атайды. Субстанция - ішкі бірлігі жағынан қаралатын объективтік шындық, қозғалыс формалары біртұтас, үздіксіз дамып отыратын материя. Субстанция – дүниеде бардың бәрі, өз өмірінде басқаға еш сүйенбейді, тек өз-өзіне ғана тәуелді. Ең жоғарғы субстанция – Құдай, ал жаратылған субстанциялар оның туындысы, яғни екіншілер және оған тәуелді. Материалдық (заттар) субстанциясының қасиеттері:

Негізгі қасиеті - ұзындығы. Ол материалдық субстанцияларға тән жалпы белгі, кеңістікке көсілуі (ені, биіктігі, тереңдігі, т.б) және шексіз бөлінуі.

Модустар (лат modus- өлшем, тәсіл) түпнегізден, субстанциядан туындайтын қасиет. Кеңістікте - форма, қозғалыс, тұратын орын. Адамды - сезім, ықлас, түйсік. Адамның жаратылған субстанция ретіндегі сипаты: бір-бірінен айырмашылығы бар екі субстанциядан - материалдық (дене, кеңістік) және руханидан (ойлайтын) тұрады. Жалғыз тіршілік иесінде адамда ғана екі субстанция бірігеді, бұл оған табиғаттан жоғарғы көтерілуге рұқсат етеді. Барлық рухани субстанциялардың түп негіздік қасиеті - ойлау.

Декарттың көзқарасы бойынша философияның «негізгі мәселесінің» шешілуіне байланысты не бірінші - материя немесе сана деген пікір таласының жөні жоқ. Олар әр уақытта бірге өмір сүреді және біртұтас болмыстың әртүрлі көрінісі. Бұл дуалистік ілім. Дуализм - дүниенің негізі бір-біріне бағынбайтын тепе-тең екі нәрседен – Рух пен материядан басталады деп, материализм мен идеализмді үйлестіруге тырысатын ағым.

Декарт ақыл-ой сезімдік түйсінуге мұқтаж емес, себебі рационалдық ойлаумен заттарды, құбылыстарды «туа біткен идеяларға» сүйеніп тануға болады дейді. «Туа біткен идея» түсінігінде Құдай, сан мен фигура, дене құрылым, ұзындық және ырық идеясы жатады. Бұл теорияның мәні: көптеген білімге дедукция арқылы жетеміз және білімнің ерекше түрі бар, ол қандай да болсын дәлелдеуді керек етпейді. Берілген білім бастан-ақ ақиқат, ең айқын және анық болады. Бұл - Құдай, адамның ақыл-ойында, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Декарт философиясы өз идеяларымен кейінгі философияға өте зор ықпал жасап, техниканың дамуына жол ашты.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: