Лоббизм кемшiлiктерi

· лоббизм отандық мүдделерге зиянын тигiзiп, шетелдiк мүдде-лердi басым қанағаттандырудың құралы болуы мүмкiн.

· лоббизм кейде мемлекеттiк ұйымдарға заңсыз қысымдардың себепкерi болады. Мұнда оның билiктiң фундаментiн шайқалтатын қылмыстық түрлерi /жемқорлық, сыбайластық, т.б./ туралы айтуға болады.

· лоббизм «арнаулы мүдделердi» қанағаттандырудың қолайсыз формалары ведомствалық, жергiлiктiк, ұлтшылдық т.б. факторларының күшейуiне алып келедi.

· лоббизм қоғамдағы халықбилiгi бастауларына аз қауiп төндiрмейдi, яғни демократиялық институттарды жекелеген билiк топтарының күштi құралына айналдырады. 

· лоббистiк шаралар белгiлi бiр жағдайда және әлеуметтiк әдiлетсiздiк қалыптасуы формасында өтедi. Мәселен, батыстық кейбiр мемлекеттерде лоббизм бизнесi басқа құрылымдарға қарағанда әлде қайда жоғары. Мұндай қайталанушы ахуалдар жағдайды тұрақсыздандыруға, шиеленiстiң өсуiне мүмкiндiк тудырады.

· лоббизм қажеттi басқарушылық шешiмдi жаулап алады, қоғамдық құнды мүдделердiң қанағаттандырылуына кедергi жасайды, шенеунiктер мүддесi жүзеге асуына мүмкiндiк бередi.

· бұл тәсiл кейде мемлекеттiк саясаттың тұрақтылығы мен белсендiлiгiне кедергi жасайды, бюджеттi тұрақты түрде қайтабөлуге, билiктiң бiр тармағының күшейуiне, қалғандарының әлсiреуiне алып келедi.

· лоббизм кейбiр қабаттардың, элитаның байуының құралы. «Лоббизм- бұл билiктегi күштi адамдар тобының бар мүмкiн шараларды материалдық ресурстар мен игiлiктердi қайта бөлу үшiн пайдаланулары» /М.Малютин. Лоббизм- всего лишь средство обогащения. //Известия, 1994, 16 ноябрь/.

Лоббизм барлық әлеуметтiк құралдар сияқты не бүкiл қоғам игiлiгi үшiн, не жекелеген партия, топтар пайдасы үшiн пайдаланылуы мүмкiн. Бұның барлығы әлеуметтiк-экономикалық, саяси, мәдени дамуға, лоббизмнiң артықшылығы мен кемшiлiгiн шығаратын қолайлы жағдайларға тәуелдi. Лоббизм қоғамға пайда әкелуi үшiн мына жағдайлар қалыптасуы шарт: демократиялық институттар мен нормалардың шынайы әрекетi, экономикалық және саяси тұрақтылық, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсiздiгi, тұрақты азаматтық қоғам т.б. Осы факторлар қалыптасқан жағдайда ғана лоббизм жалпыәлеуметтiк режим және қоғамдық мүдде үшiн жұмыс iстей бастайды.

Лобби - белгiлi бiр заң жобаларына, қабылданатын шешiмдерге ықпал ету мақсатында әрекет ететiн ерекше саяси ұйым. Ол қысымшы топтың бiр түрiне жатады. Саяси, қоғамдық қайраткермен жақсы қатынастар орнатып, солар арқылы үкiметтiң табысты тапсырмаларын алуға, заң жобаларына өздерiне керектi өзгерiстер жасауға және т.с.с. күш салады. Бұл мақсатта неше түрлi әдiс-тәсiлдi пайдаланады /Д.А. Жамбулов/.

Лоббизмнiң түрлерi:

Лоббизмнiң мынадай формалары қалыптасқан: тiкелей лоббизм,

жанама лоббизм.

Тiкелей /iшкi/ лоббизмде лоббист пен мемлекеттiк билiк немесе ресми билiк өкiлдер арасында тiкелей байланыс орнайды.

Тiкелей лоббизм мынадай тәсiлдерi арқылы ерекшеленедi:

1. Заңшығарушылармен жеке кездесу.

2. Тыңдауларда сөз сөйлеу, пiкiрiн бiлдiру.

3. Заң жобасын даярлауда кәсiби кеңестер беру, көмектер ұйымдастыру.

4. Заңшығарушыларды әр түрлi кездесулерге шақыру.

Лекция-10. Саяси даму және модернизация

Саяси даму.

2. Саяси модернизация түсінігі. Саяси модернизация теориясының негізгі бағыттары, олардың эволюциясы және саяси тәжірибемен байланысы. Саяси модернизацияның мақсаты және критериялары, оның негізгі ерекшеліктері. Модернизацияның әлеуметгік факторлары. Саяси модернизацияда құндылық жүйелерінің ролі мен маңызы.

3. Модернизаторлық элита, оның түрлері. Модернизациялық процестегі дәстүр рөлі. Өтпелі саяси тәртіптің легитимділігі мен тиімділігін көтеру факторы ретінде саяси катысудың маңызы. Модернизациялық қоғамдағы саяси қайшылыктар және саяси даму дағдарысы.

4. Қазақстан Республикасындағы саяси модернизация.

Саяси даму. Қазiргi саясаттану ғылымында «саяси даму» ұғымының жалпытаныған анықтамасы жоқ. Көбiнесе саяси әдебиеттерде саяси даму мына мәндерге ие болады:

·  экономикалық дамудың алғышарты;

·  өндiрiстiк қоғамға тән саясат;

·  саяси модернизациялау;

·  ұлттық-мемлекеттi басқару;

·  әкiмшiлiк және құқықтық даму;

·  жаппай жұмылдыру және қатысу;

·  демократиялық қоғамды құру;

·  өзгерiстер сабақтастығы мен тұрақтылығы;

·  әлеуметтiк өзгерiстердiң көпжақты процесiнiң бiр аспектiсi.

Саяси iлiмдер тарихында саяси дамудың әр түрлi концепциялары қалыптасқан. Мәселен, саяси дамудың либералдық өкiлдерi, саяси дамудың өлшемi ретiнде адам құқығының жоғарылығын, мемлекеттiң азаматтық қоғам бақылауында болуын, плюрализм мен рухани бостандықты алады. Ал, консерваторлар, саяси дамудың негiзгi құндылықтары ретiнде саяси iс-әрекеттегi моралдық басымдылықты, басқарудың алдыңғы формасымен сабақтастықты, билiктi ұйымдастыруда базалық қалыптары мен қағидаларын сақтауды есептейдi. Марксизм, саяси жүйе дамуының өлшемiн жеке меншiктiң қоғамдық меншiкке ауысуымен, жұмысшы табының гегемондығымен және коммунистiк партияның жетекшiлiк рөлi артуымен байланыстырады. Демек, алдыңғы екi бағыт демократияның тоталитаризмге, ал марксизм болса социализмнiң капитализмге үстемдiгiн қолдайды.

Бiрақ, саяси процестер аяқталмаған транзиттi қоғамда бұл өлшемдердi пайдалану қиындық тудырып ғана қоймайды, кейде даму идеясының өзiне қарама-қайшылық тудырады. Мәселен, билiктi демократиялық негiзде институттау, плюрализмдi кеңейту басқарудың деспоттық формасының қалыптасуына, немесе қоғамды басқаруда жағымсыз салдарлардың тууына алып келуi мүмкiн. 

  Саяси даму − саяси құрылымдар, қалыптар, институттардың жаңа әлеуметтiк, экономикалық және т.б. мәселелердi тез арада қабылдау қабiлетi мен сезiну икемдiлiгiне, әрi қоғамдық пiкiрдi қабылдау мүмкiндiгiне тәуелдi. Демек, керi байланыстың тұрақты механизмi қалыптасуы тиiс, бұл дегенiмiз басқарудың тиiмдi буындары тұрғындар пiкiрлерiн есепке алуға қабiлеттi, шешiмдi тиiмдi таратушы, саяси жүйе шиеленiстi реттеудiң икемдi механизмiне айналған және билiктi қолданудың тиiмдi жолдарын таңдаған деген сөз. Мұнда бұл мемлекет қандай нақты ұлттық-мемлекеттiк форманың өзгерiсiн иеленетiндiгi ешқандай мәнге ие болмайды, қандай партия, қандай идеология саясатты анықтайтындығы ешбiр рөл атқармайды. Ең негiзгiсi, саяси институттардың жаңа проблемелерды шеше бiлу қабiлетiнде, оның қоғаммен ашық сипаттағы қатынасы билiк жүйесiнiң жағымды динамикасын, өмiр сүрудiң жаңа сапасына өткендiгiн бейнелейдi. Бұл пiкiрдi Д. Истон, Г. Алмонд және Г. Пауэлдiң саяси жүйедегi ең бастысы оның құрылымында емес, iс-әрекетiнде деген тұжырымдары да растайды.

Саяси даму дегенiмiз саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң дамуы және талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуы.

Саяси дамудың мақсаты қандай да бiр тиянақты саяси қатынас пен қалыпты қалыптастыру немесе өзгерту емес, саяси институттар мен ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан әлеуметтiк және экономикалық мәселелердi шешу. Саяси даму процесi саяси жүйенiң iшiнде оның мақсатының мынадай факторлармен әлеуметтiк-экономикалық даму тұрақтылық, теңдiк, қатысу т.б. өзара байланысы болуын талап етедi. Табысты бөлудегi теңсiздiк пен саяси қатысуды күштеп шектеуге талпынған даму жағдайында әлеуметтiк қиналыс, саяси тұрақсыздық күшейедi, сөйтiп саяси даму процесi бұзылады.

Саяси дамудың эволюциялық жолы үшiн қажеттi жағдайлар мыналар:

1 тұрғындардың шешiм қабылдау мүмкiндiгiн кеңейту, қоғамдық сұраныс пен мүдденi есепке алу;

2 билiк үшiн күресте әдiл және еркiн бәсекелестiктi орнату;

3. шиеленiстi шешудiң тиiмдi механизмiн қалыптастыру;

4 саяси жетекшiлердiң бiлiктiлiгi, хабардарлығы, қарсыласымен келiсiмге келе бiлу қабiлетi, күштеуге жол бермеу;

Саяси жүйедегi даму процесi:

1 талаптар мен қолдауды артикуляциялау, оны әр түрлi күштеу топтары мен саяси партиялар атқарады. Егер олардың қызметi шектетiлетiн болса, онда саяси жүйенiң бейiмделу мүмкiндiгi әлсiрейдi. Талаптарды електеу, белгiлi бiр каналдарға бөлу. Ол мәдени әрi құрылымдық болып екiге бөлiнедi. Құрылымдық немесе саяси түрi, оған партия, жоғары қабат, парламентаризм жатады. Мәдени реттеуге саяси қалыптар, құндылықтар, түсiнiктер, көзқарастар жатады. Сондықтан мұнда саяси әлеуметтендiру рөлi басым. Талаптарды қысқарту, топтастыру, баламалық талдауды қалыптастыру. Бұл қызметтi саяси партиялар тиiмдi атқарады. Қазақстан Республикасында саяси партиялардың әлсiздiгi саяси жүйенiң сыртқы және iшкi өзгерiстерге тез арада бейiмдiлуiнiң стратегиялық потенциалын төмендетуде.

2 Керi байланыс қоғамдағы шиеленiстердi шешудiң бiрден-бiр көзi, ол билiктiң саяси жүйеге түскен талап-тiлектердi реттеу қабiлетiне байланысты. Керi байланыс саяси жүйенiң өзiнiң мақсатына қаншалықты жеткендiгiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазақстан Республикасында саяси жүйе керi байланыс әлсiздiгiнен қиналысқа ұшырауда. Бұл саяси жүйенiң ақпараттар каналдарының қызметi әлсiздiгiне байланысты.

К. Дойч саяси жүйе өз мақсатына жетуi үшiн мына төрт факторға тәуелдi деп есептейдi:

· жүйенiң ақпараттармен жүктелуi;

· саяси жүйе реакциясының жылдамдығы;

· саяси жүйенiң жаңа фактiлерге тез, әрi сапалы жауап қайтаруы;

· мақсатты нақты белгiлеу.

Демек, саяси жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгi қамтамасыз ететiн факторларға айналымдағы ақпараттардың жеткiлiктiгi мен сапасы, жүйенiң сыртқы ықпалдарға жауап қайтару жолдары мен формалары, сонымен қатар коллективтiк әрекет арқылы бiлдiру, оның нәтижесiнiң бастапқы мақсатқа сәйкес келуiн жатқызуға болады.

Саяси модернизация теориялары мен түрлері. Саяси модернизация дегеніміз саяси жүйенің әлеуметтік мақсаттарға бейімделу қабілетінің үнемі және табысты дамуы, сонымен бірге үкімет пен халық арасында тиімді байланыстың механизмдерін қалыптастыру. Демек, саяси саладағы модернизация әлеуметтік талаптарды қанағаттандыру және мемлекет пен саяси қатысудың ортақ тетігін табуы тиіс.

Модернизация мақсаты – белгілі бір жетістік пен табысқа жету. Мұнда нарық пен азаматтық қоғам қағидаларына негізделген әлемдік экономика стандарттарына жету міндеті қойылады. 

Модернизация теориясының классиктері: О. Конт, К. Маркс, М. Вебер, Г. Зиммел, Ф. Теннис, Э. Дюркгейм, Т. Парсонс болып табылады. Бұл аталған ғалымдардың ұсынған модернизацияның классикалық теориялары мен еңбектері мыналар:

1 О. Конт, «адамзат дамуындағы үш кезең» идеясы;

2 К. Маркс, «тарихи материализм» теориясы;

3 М. Вебер, «рационализация» (ұтымды ету) теориясы;

4 Г. Зиммел, «абстракция» теориясы;

5 Ф. Теннис, «қауымдастық» және «қоғам» туралы теориялар;

6 Э. Дюркгейм, «механикалықтан органикалық ынтымақтастыққа өту» теориясы;

7 Т. Парсонстың «әлеуметтік жіктеу рөлін талқылау» идеясы.

Модернизациялау үдерісін зерттеп, сипаттауға қажетті саяси дамудың әртүрлі тұжырымдамалары бар. Олар: 1 «модернизация»; 2 «даму»; 3 «артқа қалу»; 4 «тәуелділік».

Демократиялық модернизациялану процесін американдық зерттеуші К. Менгес сатыларға бөліп көрсетті;

Біріншісі, дағдарыс пен бұрынғы режимнің моральды-саяси төзуі;

Екіншісі, әр түрлі коалициялардың жеңісі немесе жартылай жеңісі;

Үшінші, бұрынғы режіммен қалған кейбір жетекшілер мен ұйымдардың билікке қайта оралуы.

Демократиялық мордернизацияның өзіндік, қазақстандық жолын Н.Ә. Назарбаев ұсынды: «Халықтың көпшілігі қолдаған қазақстандық жол – сызбаны көз жұма көшіре салу емес, өзіндік жолды іздеуге ұмтылу. Мұнда біз басшылыққа алатын басты қағида – қан мен хаосқа толы демократия бізге керек емес. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және халықаралық тұрақтылық».

Модернизацияның түрлері:

1 Классикалық спонтанды үлгісі, (Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Австралия) феодалдық қоғамның әртүрлі құрылымының модернизациясының жүйелілігі қазіргі қоғамның негізгі құрылымдарының пайда болуына түрткі болды.

2 Модернизацияның екінші үлгісі, кешіккен және негізгі емес үлгі (Жапония, Бразилия, Аргентина, Пиреней түбегі).

3 Кешігу модернизациясы үлгісі (Испания, Португалия).

Қазақстан Республикасындағы саяси модернизация. Еліміздегі саяси жаңғырту мен даму стратегиясының негізгі бағыттары «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» (1992 ж.), «Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтар-дың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» стратегиялық бағдарламасы (1997 ж.), «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (2012 ж.) сияқты бағдарламаларда айқындалған. Сонымен бірге, еліміздің саяси даму бағыттары ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында және Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстарында сөйлеген сөздерінде жан-жақты талданып, одан әрі дамыту жолдары ұсынылып отырылады. Президенттің «Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.), «Тарих толқынында» (1997 ж.), «Сындарлы он жыл» (2002 ж.), «Тәуелсіздік белестері» (2003 ж.), «Қазақстан жолы» (2007 ж.) атты кітаптары еліміздегі саяси жаңғыртудың ауқымы мен бағытын ұғынуға, сондай-ақ мемлекеттік саясат пен еліміз дамуының стратегиялық жоспарындағы негізгі басымдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. 

Саясаттану оқулықтарында саяси жаңғыртудың түрлерін атап көрсетіледі, олар:

1. классикалық спонтанды үлгі, (Батыс Еуропа елдері, АҚШ, Австралия) феодалдық қоғамның әртүрлі құрылымының жүйелі жаңғыруы негізінде қазіргі қоғамның басты құрылымдарының пайда болуы;

2. жаңғыртудың кешіккен және негізгі емес үлгісі, (Жапония, Бразилия, Аргентина, Пиреней түбегі) жаңғыртудың кейбір алғышарттарының (нарықтық қатынас, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет т.б.) болмауымен ерекшеленді, өзгерістер синхронды емес, авторитарлы сипатқа негізделінеді;

3. кешігу жаңғырту үлгісінде (Испания, Португалия) бірінші саясат екінші экономика деген қағида ұсталынады. Дамыған қоғамға өту саяси мәселелерді шешуден, мемлекеттік институттарды құрудан, конституция даярлаудан, ұлттық-мемлекеттік құрылымның жалпы қағидаларын анықтаудан басталды. Ал, экономикалық жаңғырту кейінге қалдырылып, оған тек саяси мәселелер шешімін тапқан соң қайта келеді.

 Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында (1992 ж.) саяси жаңғыртудың стратегиялық жоспары мен тактикалық әрекеттері белгіленген болатын. Бұл стратегиялық бағдарламада күшті президенттік республиканы қалыптастыру, көппартиялық жүйені құру, тұрақтылықты қалыптастыру, әрбiр азаматтың құқығы мен еркiндiгiн қорғауға бет бұру, қолайлы геосаяси жағдайға ие болу міндеттері қойылды. Сонымен бірге, стратегия негізінде тәуелсіз Қазақстан тарихын­дағы тұңғыш рет қарулы күштер, дипло­матиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды.

«Қазақстан - 2030» Президенттік стратегиясы  ұлттық бірлік пен әлеуметтік әділеттілік орнаған, халқының экономикалық әл-ауқаты жетілген, тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатудың теориялық-әдіснамалық базасын және оған жетудiң жолдары мен әдiстерiн айқындаған құжат. «Қазақстан-2030» стратегиясы еліміздің саяси жүйесінің дамуына, саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келді. Еліміздегі саяси дамудың мақсаты саяси институттар және ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады. «Қазақстан-2030»  стратегиясы жалпы ұзақмерзімдік мақсат пен ірі көлемді міндеттерге бағытталынған, мемлекет, партия және т.б. саяси институттардың саяси қызметті атқару бағыттары мен тәсілдерін анықтайтын басты құжат болып табылады. 

2007 жылы 16-мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамның жеделдетілген дамуы» атты бірлескен мәжілісінде Президент Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар назарын қазақстандық қоғамды әрі қарай саяси дамыту мен жаңғырту міндеттеріне аударды. Стратегиялық маңызды «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу, саяси партиялардың рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот жүйесін жетілдіру, ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту сияқты жеті негізгі бағыт бекітілген болатын.

Н.Ә. Назарбаев елімізде алдымен экономика содан соң саясат деген принципті ұстану міндетін ұсынды, дегенмен, қоғам өмірінің барлық саласында жүргізілетін реформалар тиімділігі саяси тұрақтылық пен демократиялық қағидалардың қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси санаға саяси құндылық ретінде енуіне тәуелді. Мәселен, Қазақстан-2050» Стратегиясында жаңа елдің іргесін қалау міндеттін үш бірдей жаңғырту негізінде шешілді деп атап көрсетілген болатын, олар:

·  мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау;

·  әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау;

·  қоғамдық сананы қайта өзгерту.

Қазақстанда саяси тұрақтылықтың сақталынуы, бұл мемлекеттіміздің даму кезеңдерінде саяси реформаларға басымдық мән беруінің нәтижесі деп санаймыз. Қазақстан - 2050 Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жетістіктері атап көрсетілді, олар мыналар:

1. қуатты да табысты мемлекет;

2. демократияландыру мен  ырықтандырудың орнықты процесі;

3. түрлі әлеуметтік, этникалық және діни топтардың келісімі мен татулығы;

4. ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз;

5. қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз еткен әлеуметтік саясат;

6. әлемдік қауымдастық таныған ел;

7. ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз.

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев бұл жетістіктеріміз қазақстандық дамудың үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс деп атап көрсетті.

Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, ол үшін мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру міндеті ұсынылды. Мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастырудың негізгі саяси бағыты мыналар:

1.  мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу;

2.  басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу,

3.  кәсіпқой мемлекеттік аппаратты қалыптастыру;

4.  мемлекеттік аппарат пен бизнес- қауымдастықтың жаңа өзара іс-қимыл

жүйесін құру;

5.  мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануы тиіс;

6.  мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс;

7.  құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру [2]. 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Қазақстан 2050» Стратегиясын әрі қарай тарата түсетін Жолдау болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасы негізінде ұсынған ұзақмерзімді басымдылықтың жетіншісі – мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру, мына міндеттерді ұсынды:

1. адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі, жоғары құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастыру;

2. мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдерін қалыптастыру;

3. сот жүйесі ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс;

4. мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуі;

5. сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру;

 6. жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беру.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің мемлекеттік институттарының саяси дамуына, мемлекеттің өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келеді. Еліміздегі саяси жаңғыртудың мақсаты мемлекеттік институттар және ашық түрдегi саяси билік арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады.

Американдық ғалым Г. Алмонд саяси даму саяси жүйенің тұрақтылықты қолданып қоғамды жаңғыртуды жүзеге асыруға қабілеттілігі, ал екінші жағынан, элементтердің өзара байланысының жиынтығы деп сипаттаған болатын. Демек, қоғамдағы саяси даму бүкіл қоғам өмірінің барлық саласындағы сапалық өзгерістерге тәуелді болады. Мұнда шешуші рөлді мемлекеттік институттардың дамуы мен сапалық өзгерістері атқарады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей саяси жүйені жаңғыртудағы маңыздысы құрылымын өзгертуде емес, оның іс-әрекеті мен қызметін жетілдіруде. Сондықтан, саяси жүйені жаңғырту мыналарға:

-  саяси институттардың жаңа проблемаларды шеше бiлу қабiлетiн арттыруға;

-  қоғаммен ашық сипаттағы қатынасын жетілдіруге;

-  саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiн көтеруге;

-  талап-қолдау және саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiн жетілдіруге бағытталуы тиіс. 

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы мемлекеттің болашақ даму міндеттері мен саяси бағытын айқындайтын кешендік және жүйелілік сипатқа ие тарихи құнды құжат.

Қоғамдық-саяси тұрақтылық уақыт бойынша тұрақты және өзгеріссіз болмайды. Бұл объективті және субъективті факторлар ықпал ететін қолдан жасалған процесс. Қазақстанның 22 жылдан аса әлеуметтік күйзеліссіз және этноконфессиялық шиеленіссіз болуы – бұл сөзсіз ел Президенті Н.Ә. Назарбаев пен оның командасының зор еңбегінің, өздерінің саяси шешімдерінде саясатта маңызы зор саяси көрегендік қабілеттеріне ғана емес, сондай-ақ саяси дамудың болжамдық нұсқаларын құрастыру мен жағымды және жағымсыз сәттерді қатал есептеуге негізделген салауатты прагматизмге де сүйенулері болып табылады.

 

Лекция-11. Саясаттағы конфликт және дағдарыстык жағдайлар

1. Конфликт әлеуметтік құбылыс ретінде және оның саясаттағы ролі. Саяси конфликтілер, олардың қоғамдық өмірдегі орны. Саяси конфликт құрылымы. Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметі.

2. Саяси конфликтілердің жіктелуі және қызметтері. Саяси конфликт динамикасы. Саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері. Қазақстанда саяси конфликтілердің алдын алу амалдары мен көздері

3. Саяси дағдарыс. Сыртқы және ішкі саяси дағдарыстар. Саяси дағдарыстардың алдын алу тәсілдері.

Саясаттанудағы саяси шиеленіс теориялары. Шиеленiс дегенiмiз әрбiр қарсы жақты қолайсыздыққа ұшыратып, iстi насырға шаптыратын қарама-қарсы мүдделердiң, пiкiрлердiң, көзқарастардың қайшы келуi, елеулi келiспеушiлiк, өткiр пiкiр талас.

Саясаттану ғылымында ұзақ жылдар бойы қоғамдағы қайшылықтар, дағдарыстар, шиеленiстер, төңкерiстер, яғни мемлекеттегi тұрақсыздық, ойдағыдай дамымауы ауру болып саналды. Көптеген ойшылдар қоғам, мемлекет бiрқалыпты, тұрақты дамуы керек деп санады. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылық ең негiзгi құндылық болып саналды.

Бiрақ ол мүмкiн нәрсе емес едi, өйткенi қоғамда әр түрлi әлеуметтiк топтар, таптар, қабаттар тұратын болғандықтан, олардың мақсат-мүдделерi, талап-тiлектерi де соншалықты әр түрлi болып келедi. Бұл әр түрлiлiк, сәйкес келмеушiлiктер айырмашылықтарды тудырады, олар дер кезiнде шешiлмей шиеленiстерге айналып отырады.

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында: «Егер әртүрлi топтар оларды қандай саяси, идеология, дiни, этникалық немесе топтық мүдделердiң бiрiктiретiндiгiне қарамастан қарама-қарсылық күйде болса, бұл халықты ортақ игiлiкке қол жеткiзу мен өзiнiң ұлттық мүдделерiн iске асыру мақсатынан жаңылыстыратын қауiптi жағдайға әкеп соғады» – деп шиеленiстердiң қоғам үшiн қауiптiлiгiн баса айтады.

Адамзат шиеленiстi зерттеуге өте ертеден-ақ көңiл бөлген, б.з.д. VІІ-VІ ғасырлардағы қытайлық философтар дүниедегi нәрселердiң бәрiнiң қозғалысының көзi оң (ян) және терiс (инь) бастаулар болады деп айтады. Ежелгi грек ойшылы Гераклит заттар мен құбылыстардың дамуы қарама-қарсылықтардың күресiнен туады және ол күрес жаппай, барлығы мүмкiндiгiне қарай күрес арқылы болып өтедi деп жазады. Бұл пiкiрдi Сократ, Платон, Эпикур де мойындаған.

Қоғамдағы шиеленiстi зерттеуге Н. Макиавелли ерекше көңiл бөлдi. Рим тарихына арналған еңбегiнде шиеленiстiң әр түрлi деңгейiн қарастыра отырып, оның қоғам дамуындағы маңыздылығын айтты. ХVІІІ ғасырдағы саяси шиеленiстi зерттеушi ойшылдар оны үстемдiк пен тәуелдiлiкке әкеп тiредi және ол мемлекет реттеуiмен шешiлiп отырады деп есептедi.

Шиеленiстi әлеуметтiк құбылыс ретiнде зерттеген А. Смит болды. Бұл зерттеуiн «Халық байлығының себептерi мен табиғаты туралы зерттеулер» (1776 ж.) атты кiтабында жүргiзген. А. Смит шиеленiстiң негiзiне қоғамның таптарға қысым жасауы мен экономикалық бәсекелестiктi жатқызады, әрi оны қоғамның қозғаушы күшi деп есептедi. Шиеленiстi зерттеуде Гегельдiң iлiмi ерекше орын алады. Ол қоғам дамуындағы қарама-қарсылықтардың қайшылықтары мен күресiн жоғары бағалады.

Шиеленiстiң өзiнiң теориялық негiзiн ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әлеуметтану ғылымында алды. Бұл кезеңдегi әлеуметтану ғылымы биология ықпалында болды, сондықтан шиеленiстi дарвиннiң теориясы негiзiнде түсiндiрдi. Кейiнен әлеуметтануда психологиялық бағыт қалыптасты, сөйтiп шиеленiске әлеуметтiк-психологиялық көзқарас таратылды. Одан кейiн әлеуметтануға функционализм күштi ықпал еттi, ол шиеленiстi жағымсыз рөл атқарады деп, оны зерттеудi соңғы орынға шығарды.

Сөйтiп шиеленiстi зерттеудiң мынадай төрт концепциясы қалыптасты:

1 «Шиеленiстiң жағымды-функционалды» концепциясы /Л. Козер/;

2 «Қоғамның шиеленiстiк моделi» концепциясы /Р. Дарендорф/;

3 «Шиеленiстiң жалпы теориясы» концепциясы /К. Боулдинг/;

4 «Шиеленiстiң маркстiк теориясы» /К. Маркс,Ф. Энгельс/.

Л. Козер шиленiстерге құндылықтар, мәртебе, билiк, қаржы-қаражат үшiн күрестердi жатқызды. Л.Козер концепциясының мәнi – қоғамға әлеуметтiк теңсiздiк, мәңгiлiк психологиялық қанағаттанбаушылық тән, сондықтан индивид пен топтар арасында қайшылық, сезiмдiк – көңiл күйiнiң тұрақсыздығы пайда болады, олардың қарым-қатынасы бұзылады. Сондықтан Л.Козер әлеуметтiк шиеленiске белгiлi әлеуметтiк пен индивид сезiмдерiнiң қайшылығын жатқызады.

Немiс әлеуметтанушысы Р. Дарендорф «қоғамның шиеленiстiк моделi» атты теорияны қалыптастырды. Ол «Индустриалдық қоғамдағы таптар мен таптық шиеленiстер» деген еңбегiнде билiктi бөлуге байланысты адамдар арасында теңсiздiк пайда болады, олар шиеленiске әкелiп, қоғамның құрылымын өзгертедi деп санады. Бұл өзгерiстердi шиеленiстер өздерi-ақ жүзеге асырады, сондықтан К. Маркс айтқан революциялық төңкерiске жол бермеу керек деп есептедi. Сонымен бiрге жаншылған шиеленiстер қоғам организмiндегi қатерлi iсiкке айналады деп жазады.

Қоғам өмiрiнiң iшкi және халықаралық жағдайына да қолдануға қолайлысы К. Боулдингтiң «шиеленiстiң жалпы теориясы» концепциясы болып табылады. Бұл теория оның «Шиеленiс және қорғау. Жалпы теория» деген кiтабында қалыптасқан. Оның пiкiрi бойынша шиеленiс қоғамдық өмiрден ажыратылмайды. Әлеуметтiк шиеленiстiң мәнi адамның қалыпты реакциясына байланысты. Қандай кикiлжiң болмасын тiтiркендiр-гiштер, қоздырғыштардың әрекеттерi арқылы реакцияларды, құндылықтарды, жеке адамдардың құштарлықтарын өзгертуге болады. Соның нәтижесiнде қоғамдық құрылыс түбiрiмен өзгерiске түседi деп санаған. Сонымен бiрге, К.Боулдинг шиеленiстiң алдын-алу керек немесе шектеп отыру керек деп есептеген.

Саяси шиеленiстерге ерекше көп көңiл бөлген марксизм. К. Маркс пен Ф. Энгельс «Коммунистiк партияның манифесi» атты еңбектерiнде тап күресi таптық қоғамдардың дамуының заңдылығы деп жазады.

2 Шиеленiс шығуының бiрнеше себептерi бар, мәселен:

Шиеленiстiң бiрiншi себебiне, адамдардың қоғамдағы мәртебесi, қызметi, билiкке қатынасының теңсiздiгi жатады. Қоғамда адамдардың бiр тобы үстемдiк етедi, екiншiсi көпшiлiк адамдар бағынады, алғашқылардың айтқанын iстейдi.

Шиеленiстiң екiншi себебi, қоғамдағы адамдардың сұраныстарының, мұқтаждық-тарының, мүдделерiнiң өтелмеуi немесе қанағаттандырылмауы. Бұдан байқайтынымыз шиеленiс мәңгiлiк, өйткенi қоғамдағы барлық адамдардың, барлық уақытта мүдделерiнiң, талап-тiлектерiнiң орындалуы мүмкiн емес. Ондай қоғам еш жерде жоқ.

Шиеленiстiң үшiншi себебi, қоғамда әр түрлi әлеуметтiк, этникалық, дiни т.б. бiрлестiктерге жататын адамдардың өмiр сүруi. Осы жоғарыдағы ерекшелiктерiне сай қоғамнан орын алуы мүмкiн, онда өздерiнiң жағдайларына қанағаттанбай, басқалардың қысымын сезiнуi. Бұл шиеленiстiк ахуалды тудырады.

Шиеленiстiң төртiншi себебi адам санасында. Қоғамда қалыптасқан құндылықтар мен жеке адамның түсiнiктерiнiң сай келмеуi, адамдар үмiтiнiң ақталмауы, iшкi сезiмдерiнiң сай келмеуi.

Саяси шиеленiс дегеніміз саяси субьектiлердiң саяси қызығушы-лықтарының, құндылықтары, мақсаты мен көзқарастарының қарама-қайшылықтарына негiзделген қақтығыстар мен күресулер. Саяси шиеленiс ұғымы бiр субьектiлердiң екiншiсiмен саяси қатынас жүйесiне ықпал ету мақсатындағы күресiн бiлдiредi. Саяси шиеленiс әлеуметтiк шиеленiстен ерекшелiгi, ол барлық азаматтар үшiн мiндеттi, мүдделер мен мемлекеттiк билiк субьектiлерi арасындағы өзара әрекет. Саяси шиеленiстердiң обьектiсi мен пәнi саяси және мемлекеттiк билiк, оны иелену, билiк институттарының құрылымы, әлеуметтiк топтардың саяси статусы, саяси құндылықтар мен рәмiздер болып табылады. Мұнда әңгiме адамзат индивидi, топтар, билiктi алып жүрушi ұйымдар туралы болып отыр. Әрбiр саяси жүйе өзiндiк саяси статустық құрылымға ие: бiрi үстемдiк етедi, бiрi бағынады, бiрi басқарады, бiрi басқарылады т.б. Бұл моделдердiң әрқайсысына билiк субьектiсi мен оның обьектiсi- үстемдiк етушi мен бағынушы арасындағы қарама-қайшылық енгiзiлген. Бұл саяси шиеленiстiң көзi болып табылады. Оның болуы обьективтi және субьективтi себептер мен жағдайларға байланысты.

Саяси шиеленiстер даму барысында бiрнеше кезеңдерден өтедi. Алғашқы кезеңдерiнде шиеленiстерге негiз туады. Оларға қажеттi көңiл бөлiнбесе өрши түседi. Мысалы, адамдардың өмiр сүру деңгейi төмендейдi, құқық сақтау, адамгершiлiк тәртiптер бұзылады. Әдiлетсiздiктi бұрынырақ сезетiн қарсы жақтың алдыңғы қатарлы адамдары өздерiнiң келiспеушiлiктерiн бiлдiре бастайды. Екiншi кезеңiнде, келiспеушiлiк, наразылық ашық айтылып, алғашқы қақтығыстар болуы мүмкiн. Шиеленiстер кезiнде басқарушы топтың әр түрлi қылмыстары ашылып, беделдерi кетiп, сенiмсiздiк туады. Одан кейiн, үшiншiден екi жақта ашық қарсылық, қақтығыстар болуы мүмкiн. Екi жақты да адамдардың көпшiлiк топтары қолдап, даудың шеңберi кеңеюi мүмкiн. Егер мұның бәрiне жол табылып, шешiлмесе, қарулы қақтығысқа айналады.

Саяси шиеленістердің түрлері. Шиеленістердің алғашқы классификация-сын жасауға талпынған американдық социолог П. Сорокин. Ол шиеленісті тұлғааралық немесе топаралық, яғни жеке адам немесе әлеуметтік топтар арасында деп бөлуді ұсынды. Бұл классификация бойынша халықаралық, этникалық, және т.б. басқа шиеленістер екінші топқа енеді.

Кейінен ғалымдар шиеленістің нақты классификациясын жасауғ,а тырысты. Оны К. Боулдинг, Й. Галтунг, С. Чейс, К. Холсти жасады. Бұл классификациялардың барлығы зерттеуші ғалымдар шиеленіс феноменнін қалай түсінетіндігін көрсетті.

Шиеленістің дәстүрлі классификациясында, шиеленістер мына негіздер бойынша анықталынады:

1 оған қанша жақтар қатысады, шиеленістің тікелей және жанама қатысушылары қандай. Бұл өлшем бойынша ішкі, халықаралық, өлкелік шиеленістер, дүнеи жүзілік соғыстар жіктелінеді. Егер қатысушылар екеуден көп болса, ол көпжақты, бұндай шиененісті реттеу қиын болады.;

2 шиеленістік өзара әрекеттің жылдамдығы мен сипаты қаншалықты, шиеленіс тек шиеленістік қатынаспен ғана шектеледі ме әлде қарулы қақтығысқа орын берелді ме. Жауласу деңгейі жоғары болған сайын шиеленісті реттеу де қиын болады.

Қарама-қайшылық негізі не (этникалық, діни, идеология) және айтыс-тартыс пәні не (территория, ресурстар, ықпал саласы). Бұл параметрлер бойынша шиеленісті анықтау өте қиын, онсыз реттеу де қиынға соғады.

Американ ғалымы Дж. Стоссинджер пікірі бойынша ХХ ғасырдағы көптеген қарулы қақтығыстардың болуының себебі саяси лидерлердің қабылдау қателіктері болды. Бұл қателіктер мыналарда бейнеленді:

1 өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау;

2 қарсы жақ лидерін бұрыс бағалау, оның тұлғалық сапасын ескермеу;

3 қарсы жақтың ойындағысын қате қабылдау, олардың күшін, мүмкіндігін ескермеу.

Саяси шиеленiстi саясаттану ғылымында жiктеудiң мынадай түрлерi кездеседi:

1 Көрiну саласы мен облысы бойынша, мұнда iшкi және сыртқы саяси шиеленiстер көрiнiс бередi. Халықаралық шиеленiстер «соғыс жағдайындағы» шиеленiс, онда бiр мемлекет екiншiсiне талаптар қоя отырып, екiншi мемлекет күрескеннен гөрi шегiнiстерге барады деп үмiт күтедi.

«Жауласушылықты ақтау», көбiнесе арандатушылық әрекет, қалыптасқан ахуалда орындалуы мүмкiн емес талаптар қойып, екiншi жақты әдейi қақтығысқа шақыру (гитлерлiк Германия).

2 lшкi саяси шиеленiстiң өзi әр түрлi билiк субьектiлерi арасында өтедi. Билеушi және оппозициялық элита, бәсекелесушi партиялар мен мүдделер тобы, орталық билiк пен жергiлiктi билiк құрылымдары арасындағы шиеленiстер.

3 Нормативтi реттелу деңгейi мен сипаты бойынша. Бұл жағдайда институттанған немесе институттанбаған шиеленiстердi айтуға болады, адамдардың саяси ойын ережесiне бағыну немесе бағынбау қабiлеттiлiгiн айтуға болады.

4 Сапалық сипатына қарай шиеленiстi бөлу, «терең» және «таза» шиеленiстер (Дж. Бертон); адам санасына байланысты «нөлдiк сомадағы» немесе «нөлдiк емес сомадағы» шиеленiстер (П. Шарон); антогонистiк немесе антогонистiк емес шиеленiстер (К. Маркс).

5 Ашық және жасырын саяси шиеленiстер:

1 манифестация, шеру, сайлауға қатысу.

2 жасырын саяси шешiм қабылдауда билеушi элита арасында кездеседi немесе билiктiң әр түрлi тармақтары арасында болу мүмкiн.

6 Мерзiмiне қарай жылдам, қысқамерзiмдiк, ұзақмерзiмдiк шиеленiстер болып бөлiнедi.

7 Тiк немесе көлденең саяси шиеленiстер де болады.

Кейде билiк басындағылар шиеленiстi байқаса да байқамағансуы мүмкiн. Ондайда шиеленiс бықсып, жанып өрiстеуi мүмкiн. Сондықтан, шиеленiстi шешу керек. Бұрын одан шығудың екi жолын қолданған:

1 қоғамның «таза» дамуына сәйкес келмегендi өз арасынан аластатып сыртқа ығыстырып шығару арқылы құтылғысы келген.

2 керексiз жағдайды, құрылымды тура жаншып құрту, жою. Бұл шиеленiстердi шешудiң екi жолында шиеленiс шешiлген сияқты, алдамшы түсiнiк бар. Ал, шын мәнiнде ол ауруды iшке тыққанмен тең.

 Шиеленісті шешудің жолдары мен әдістері. Қазiргi кезде шиеленiстi шешудiң екi жолы қалыптасқан:

1 Шиеленiстi мәмiлеге келу арқылы бейбiт жолмен шешу. Мәмiле деп дау-жанжалға қатысушы жақтардың өзара кешiрiмдiлiк бiлдiрiп, ымыраға келуiн айтады. Онда екi жақ бiр-бiрiн ұғынысып, өзара кешiрiмдiлiк жасап, ортақ келiсiмге келуге тырысады.

2 Зорлық негiзiнде бiтiстiру, келiстiру. Мұндай жағдай бiр жақтың күшi айтарлықтай басым болғанда, екiншi жақ жеңiлгенде немесе оны толық жойып жiбергенде туады. 

Екi жақты татуластырудың кең тараған түрi – келiссөздер. Ол арқылы қарсы жақтың пiкiрi, дәлелдерi белгiлi болады, күштiң арақатынасы айқындалады, келiсiм шарттары анықталынады. Дағдарыс жағдайынан шығу үшiн оның мәнiн, ерекшелiктерiн, әлеуметтiк негiзiн және т.б. зерттеп бiлген жөн.

Қоғамда саяси жанжалдар болуы көбiнесе оппозицияның бар-жоғына да байланысты. Бұрынғы Кеңес дәуiрiнде көппартиялық оппозиция ерсi сияқты көрiнетiн. Ал демократиялық елдерде олар қажеттi шарт. Олар болмаса билiк ұйымдарына сенiмсiздiк туады, олар бюрократияланады. Оппозицияда әр топтың талап-тiлектерi, көзқарастары ескерiледi. Сондықтан философ Дж. Милль демократиядан оппозицияны алып тастаса диктатура қалады деп тегiн айтпаған.

Шиеленiс болған соң, одан қайткен күнде де шығу керек. Ол адамзаттық келiсiм негiзiнде шешiлуi тиiс. Оның екi жолы бар:

1 араздық, жаулық қаупiн бұзып, сенiм жағдайын туғызу;

2 барлық деңгейде адамдардың қарым-қатынасын бiр қалыпты жағдайға түсiру. Зорлықтан аулақ болу.

 Шиеленiстi шешудiң әр түрлi әдiстерi қалыптасқан, мәселен:

Бiрiншiден, шиеленiстен қашу әдiсi. Мысалы, белгiлi бiр саяси қайраткердiң саяси аренадан өз еркiмен кетуi, елден эмиграция, «қарсыласымен» кездесуден қашу т.б. Бұл әдiс шиеленiстi толық шеше алмайды, оның негiзгi қарама-қайшылығын сақтап қалады.

Екiншiден, бұл оны жоққа шығару немесе орнын ауыстыру әдiсi. Бұл тәсiл шиеленiстi бiр саладан екiншiсiне ауыстыруға мүмкiндiк бередi.

Үшiншiден, конфронтация әдiсi. Бұл әдiс шиеленiстi саяси тәртiбiмен қосып жойылуына алып келедi (1917 ж. революция мен 1991 ж. КССР-дегi қайта құрулар).

Төртiншiден, шиеленiстi тоқтата тұру әдiсi, шиеленiсушi жақтар назарын басқа жаққа ауыстыру, көбiнесе күш жинау үшiн, уақыт ұту үшiн қолданылады.

Бесiншiден, шиеленiстi реттеу әдiсi, қақтығысушы жақтардың бағыттары мен мүдделерiнiң жақындастырылуы. Бұл татуластырушылық шара болып табылады. Мұнда шиеленiстi шешуге келiсiмдiк комиссия, шиеленiс жөнiндегi менеджерлер, жеке саяси қайраткерлер, мемлекеттер болуы керек. Бұл шиеленiстi шешу тәсiл Гаага конвенциясында (1907ж.) тiркелген.

Алтыншы, арбитраж немесе үшiншi бiреудiң қатысуымен шиеленiстi шешу әдiсi. Шиеленiсушi екi жақтың өз тартыстарын шешудi үшiншi бiр жаққа беруi.

Лекция-12. Саяси мәдениет және саяси идеология

1. Саяси мәдениет түсінігі, мәні құрылымдық компонентер және саяси мәдениет қызметтері. Саяси мәдениет қоғамдык-тарихи негіздің ажырамас бөлігі ретінде.

2. Саяси мәдениет ұлттық, әлеуметтік мәдени, ұлттық тарихи, діни, ұлттық-психологиялық дәстүрлермен, әдет-ғұрыптармен, стереотиптермен байланысы. Саяси өмірдің институционалды нормалары мен дәстүрлері.

3. Саяси мәдениет және қоғамдық сана. Саяси сананы қалыптастырудағы қоғамдық-саяси институттардың ақпараттық-идеологиялық рөлі. Саяси сана деңгейі. Саяси мінез-кұлықтың үлгілері мен стереотиптері.

4. Саяси мәдениеттің жіктелу мәселелері. Қоғамның саяси мәдениеті мен саяси субмәдениеттің арақатынасы.

5. Өтпелі кезеңдегі саяси мәдениет. Посткеңестік мәдениеттің ерекше сипаттары. Қазақстан Республикасында демократиялык саяси мәдениеттің қалыптасу мәселелері.

6. Саяси идеология саяси сананың ықпалды түрлерінің бірі ретінде. Саяси идеологияны анықтаудағы әртүрлі амалдар. Саяси идеология деңгейі және қызметтері. Қазіргі заманның негізгі саяси идеологиялары: либерализм. консерватизм, марксистік дәстүр және халықаралық социал-демократия.

 

Саяси мәдениет түсінігі, мәні құрылымдық компонентер және саяси мәдениет қызметтері. Саяси мәдениет қоғамдык-тарихи негіздің ажырамас бөлігі ретінде. Саяси мәдениет құбылысы саяси зерттеу обьектiсi ретiнде ертеден-ақ танымал. Ең алғаш рет «саяси мәдениет» ұғымын қолданған, ғылыми әдебиетке енгiзген CUIII ғасырда өмiр сүрген немiстiң ағартушы-философы Иоганн Гердер (1744-1803ж.ж.) болып табылады. Бiрақ, бұдан саяси мәдениет туралы оған дейін ешқандай ой-пiкiрлер болмаған деген түсiнiк қалыптаспауы тиiс. Атап айтсақ, антикалық ойшылдар Платон «Мемлекет», «Заңдар», Аристотель «Саясат» деген еңбектерiнде, кейiнiрек Н. Макиавелли, Ф. Бэкон, Ш. Монтескье т.б. ойшылдар бұл мәселеге көңiл бөлген. Олар тәрбиеленген дәстүрі, әлеуметтiк, саяси тәжiрибесі әртүрлі адамдардың бiрдей жағдайда сезiнуі, жауап қайтаруы, әрекеті әртүрлі болатындығын байқаған. Оның себебiн бiлгiлерi келген, оған жауап iздеген.     

Саяси мәдениет тұжырымдамасын белгiлеп, оның негiзгi пiкiрлерiн жасауға М. Вебер, Э. Дюргейм, Т. Парсонс сияқты батыстың iрi ғалымдары да үлкен үлес қосты. Бiрақ, саясаттану ғылымының ұғымдық жүйесiне «саяси мәдениет» ұғымын американ ғалымдары Г. Алмонд пен С. Верба CC ғасырдың 60-шы жылдары енгiздi. Бұл кезеңде саяси мәдениеттi зерттеуге деген қызығушылықтың артуы үшiншi әлем елдерiнде, әсiресе Африкада пайда болған тәуелсiз елдердегi (отарлық езгi құлауынан) саяси тәжiрибе ерекшелiктерiне байланысты болды.

Г. Алмонд саяси жүйенi зерттей отырып, оны талдауды екi деңгейге бөлдi: 1) институционалдық, институттарды, олардың қызметтерiн, мемлекеттiк саясат қалыптасуы механизмi мен нормаларын сипаттаушы, және 2) бағдарлық, тұрғындардың саяси обьектiге бағдарының ерекше формаларын бейнелеушi. Бұл бағдарлар өзiне танымдық, көңiл-күйлiк, бағалау аспектiлерiн қамтиды. Бұл бағдарлардың жиынтығын Г. Алмонд айтуы бойынша саяси мәдениет құбылысы сипаттайды.

Жаңа қоғамдық жүйеге өту қоғамның саяси мәдениетiнiң даму қарқынымен тiкелей байланысты. Қазiргi саяси ғылымдар саласында саяси мәдениеттiң қырықтан астам анықтамасы бар.

Бұл осы түсiнiктiң өте күрделi екендiгiн көрсетедi. Ол анықтамалардың кемшiлiктерi де бар. Олардың бiрiне анықтамаға тән емес мәселелер қосылған, мысалы, еңбектегi белсендiлiк. Кейбiр анықтамаларда саяси мәдениет саясаттанудың басқа категорияларынан бөлек қаралады. Кейде саяси мәдениеттi рухани мәдениеттiң бiр бөлiмi деп қарайды.

Осы кемшiлiктердi ескере отырып, саяси мәдениетке берiлген анықтамалардың бiрнешеуiн талдап көрейiк. Поляк саясаттанушысы Ежи Йозеф Вятрдың айтуы бойынша саяси мәдениет - ол үкiмет пен азаматтар арасына қатынасы бар нұсқаулардың, бағалаулардың, мiнез-құлықтардың жиынтығы. Сондықтан саяси мәдениетке мыналар жатқызылады:

а) саясат туралы түсiнiк, оған құштарлығы;

б) саяси оқиғаларды бағалай бiлу;

в) саяси мақсаттың сезiмдiк жағы, мысалы, отанды сүю, оның жауларына өшпендiлiк;

г) бұл қоғамды мойындайтын саяси бағыттардың үлгiлерi.

Ал, ғалым Е.С. Шестопал саяси мәдениетке анықтама бере отырып, оны төрт топқа бөледi:

1 «Психологиялық», саяси мәдениет - саясат объектiсiне бағыт берушi жүйе;

2 «Жалпыкөлемдiк» бойынша саяси мәдениет - жеке адамның саяси мiнез-құлқының құрылымы;

3 «Объективтiк» анықтама бойынша саяси мәдениет - жеке адамның тежеуiшi; 

4 «Эвристикалық» бағыт саяси мәдениет сараптау мақсатында  қолданылады деп санады.

С.А. Оболенский пікірі бойынша саяси мәдениет түсiнiгiне үш негiзде анықтама берiлген. Оның ойынша 1) А.Г. Агаев, А.И. Арнольдов, Ф.М. Бурлацкий, А.А. Галкин, С.К. Рябов бұл саяси категорияны саяси қызмет, құндылық, принцип және тарихи тәжiрибе ретiнде сараптаған. 2) Ю.Ф. Ожигова, Ю.Т. Тихонов, Р.Г. Яновский адамның саяси дамуы мен белсендiлiгi және саяси тәжiрибесiн қолдана бiлу деңгейi деп есептеген. 3) Мына ғалымдар Е.М. Бабасов, Г.О. Белов, М.Т. Иовчук, Н.М. Кейзеров, Я.Н. Коган саяси мәдениет - адам күшiнiң формасы мен әдiстерi негiзiнде түсiндiргiсi келген.

Ағылшын саясаттанушылары Р. Карр мен М. Бернштейн саяси мәдениетке саяси идеялар мен әлеуметтiк тәжiрибе, адамдардың саяси өзiн-өзi ұстауы да кiредi дейдi. Олардың ойынша, саяси мәдениетке әлеуметтiк топтардың саяси iс-әрекеттерiндегi тәсiлдердi, саяси нанымның табиғаты және оның мүшелерiнiң қазыналары жатады.

Кеңес өкiметi кезiнде бұл пiкiрге Ф. Бурлацкий мен А. Галкин қарсы шықты. Олар адамдардың саяси iс-әрекеттерi саяси мәдениет ұғымынан кең, оны өз алдына зерттеу керек деп есептедi. Бiрақ, бұл көзқараспен келiсу қиын. Себебi, бiрiншiден, саяси мәдениеттен саяси iс-әрекет пайда болады. Екiншiден, егер адамдардың саяси өзiн-өзi ұстауын саяси мәдениеттен бөлiп алсақ, оның iс-әрекеттiк жағы ескерiлмей қалады. Ал, қандай мәдениет болмасын ол сананың элементтерiмен бiрге нақтылы iс-әрекеттiң бiрлiгiн бiлдiредi. Сондықтан бiз саяси мәдениетке саяси санамен қатар iс-әрекеттер де кiредi деп есептеймiз.

Сонымен, саяси мәдениет деп белгiлi бiр қоғ


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow