Ішкі Монолог пен диалог 20 страница

Жастық менің жаныма жыр байлады,

Жастық мені жалтартпай, шыңға айдады,

Жастық мені шыңдады, шынықтырды,

Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.

Мұнда ж және ш дыбыстарынан басталатын бірқатар сөз шоғырланған. Екінші мысал Қуандық Шаңғытбаевтан:

Кімде жоқ кірбің көңіл, күрсін арман,

Кейде мен шығай маңып, үн шығарман.

Кей уақыт көңіл шіркін көкке шалқып,

Күндер көп күмбірлетіп, күй шығарған –

деп алынған өлең жолдары к және ш дауыссыз дыбыстарынан басталатын сөздерді қатыстыру арқылы жасалған. Мұнда осы шумақтың әр тармағы к дыбысынан басталатын сөздермен келген.

Аллитерацияның құлаққа жағымды саздық қызметін мақал-мәтелдер де жақсы пайдаланады. Мысалы, “Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар” деген мақал қ дыбысынан басталатын сөздерді шоғырлап, белгілі әсер беріп тұр. “Көппен көрген ұлы той” деген мәтелді елмен көрген, жұртпен көрген, халықпен көрген деп ауыстырып айтуға болмайды, өйткені мұнда көппен көрген деген сөздер аллитерацияны пайдаланғандықтан, құлаққа жағымды, айтуға жеңіл, еске сақтауға қолайлы мәтел болып тұр.

Қазақтың атақты билерінің сөздері көбінесе аллитерациялы болып келеді. Мысалы, “Төле би айтыпты”деген сөздерден: “Батыр деген – барақ ит, екі долы қатынның бірі табады, би деген – бір бұлақ, қатынның ілуде бірі табады” деген шешендікте батыр, би деген сөздеріне б дыбысынан басталатын барақ, бұлақ деген теңеулер алынған.

Осы құбылыс дауысты дыбыстарға қатысты болып келсе, ассонанс деп аталады. Бұл да қазақ тілінде орын алады. Бұған классикалық мысал ретінде Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деп басталатын өлеңін келтіруге болады. Мұнда өлеңнің әрбір тармағы е дыбысынан басталатын сөзбен келеді. Сондай-ақ ақындар өлеңнің бір жолында біркелкі дауыстыдан басталатын сөздерді алу арқылы да ассонанс тәсілін қолданады. Мысалы, Фариза Оңғарсынованың:

Айналайын, ауылдың адамдары-ай,

Сендер барда бұзылар заман қалай? –деген өлең жолдарында а дауысты дыбысымен ассонанс жасалып тұр.

Аллитерация мен ассонанс құбылыстары тек үн сазын келтіру үшін ғана емес, айтылмақ ойға екпін түсіру, ақынның көңіл- күйін білдіру сияқты стильдік қызмет те атқарады.

 

89. Батырлық жырлар,

Батырлар жыры — ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі.[1] Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеум. қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі.[2] Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың осы өзгешелігіне байланысты ғылыми ортада көптен бері түрлі тұжырымдар орын алып келеді. Ресейлік зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек етсе, енді бір топ ғалымдар (В.Я. Пропп, Б.Н. Путилов, т.б.) эпостың нақты тарихи оқиғаларға қатысы жанама түрде ғана көрінеді деген пікірді алға тартады.

Соңғы кездері, эпостық жырларда тарихтың да, көркемдік шарттылықтың да белгілі бір дәрежеде орын алатынын, бұл екеуінің үнемі бірге әдіптеліп отыратынын негіздеген зерттеулер жарыққа шықты (В.П. Аникин, В.М. Гацак, Р. Бердібаев, Ш. Ыбраев, т.б.). Қалай болғанда да, Батырлық жырлар — ең алдымен көркем шығарма. Ол өзінің жанрлық нысанасына қарай шындықты өзінше қорытып, оны өзінің көркемдік өзгешелігіне қарай өріп отыратыны даусыз. Эпостық жырлар адамзат қоғамының тарихи даму үрдістерімен бірге жасап келеді. Осыдан болса керек, эпостық жырларды кейде тарихи кезеңдерге қарай топтастыру орын алып келе жатыр. Эпостық жырларды іштей саралап, жанрлық белгісіне, шығу дәуіріне қарай топтастырып отыру ғылымның жеткен деңгейін танытады және мұндай жинақтаушылық сипаты бар ой-пікірлер бұрын-соңды жүргізілген ізденістердің нәтижесіне сүйенеді. Қазақ эпосын пайда болған дәуіріне қарай топтастыру үлгісін Шоқан Уәлиханов, Г.Н. Потанин, В. Радлов, Ә. Диваев, Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулерінің тәжірибесіне сүйеніп Марғұлан ұсынған болатын. Ол эпосты бес салаға бөлсе, кейіннен Қоңыратбаев эпосты он салаға бөледі. Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ эпосының шығу дәуірін, жанрлық түрлерін ішкі көптеген ерекшеліктеріне қарай топтастыру оңай іс емес.

Батырлық жырларын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа жинақтауға болады:

1) “Ең көне заманғы эпос”, “ертегілік эпос”, “архаикалық эпос”, “көне эпос”, “мемлекетке дейінгі эпос” дейтін атаулар ғылымда алғашқы кезеңдегі эпостық жырларды атау үшін қолданылып жүр. Бұлардың қатарына “Ергенеқон”, Аттилла, Ер Төстік, мергендер туралы эпостық жырлар жатқызылады.2) Тарихи кезеңдердің эпосы: Түрік қағанаты, Оғыз хандығы, ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы кезеңіндегі эпостар (“Қорқыт Ата кітабы”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, т.б.).3) Жаңа дәуір эпосы (тарихи жырлар, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жырлар, “Еспенбет”, “Өтеген”, “Нарқыз”, т.б.).Батырлық жырлар байырғы көне эпостың жалғасы ретінде дами отырып, қоғамдық қарым-қатынастың, саяси-әлеум. жағдайлардың өзгеруіне, бұрынғы жекелеген рулар мен тайпалардың біртіндеп халық болып құрала бастауына сәйкес қалыптасты. Осыған байланысты бұрынғы мифтік түсініктердің іргетасы сөгілді. Қайшылық, күрес идеясының түпқазығы болып бұрынғы кездегідей дию-перілер емес, енді адамдар дүниесіндегі (басқа діндегі, тілдегі, мемлекеттегі) қайшылықтар тақырыбы алынды. Мифтік дәуірден бері қалыптасып келе жатқан батырға қаһармандық дәуірде жеке отбасы, үй-іші, қалыңдық үшін күреске шығу секілді әрекеттер жеткіліксіз еді. Енді оның ерлігі біртіндеп халықтың бостандығы, елдің бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет етуі керек болды. Мұның бәрі байырғы миф пен көне эпостың жанрлық белгілерін өзгертіп, мүлдем жаңа жанрдың — Батырлық жырлардың қалыптасуына жағдай жасады. Дегенмен, байырғы көне эпостың дәстүрі негізінде пайда болған Б. ж. бірқатар архаикалық белгілерін сақтап та қалды. Солардың бірі — батырдың болашақ жарын іздеп шығуы және осы сапарда кейбір қиыншылықтарды жеңуі. Мәселен, “Қобыланды”, “Алпамыс” жырларындағы батырдың алғашқы жорықтары осымен байланысты. Алайда, бұл жорықтың мәні біршама бәсеңдеп, жырдың түпқазығы батырдың елі-жұртын азат етуге аттанған сапарларына ауысқан. Мысалы, “Қобыланды” жырындағы Құртқа — батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Қарлыға Қобыландымен бірдей дәрежеде ерлік көрсетіп, батырлардан асып түспесе, кем түспейді. Әйтсе де, әйелеркі (матриархат) дәуірімен байланысты орын алған белсенді әйел қаһармандардың қызметі кейінгі Батырлық жырларда біршама шектелген. Әйелдер отбасы, үй-ішінің ғана көркі болып қалған. Қолына қару алып, ерлермен бірге жүретін, болмаса аға-інілерін үйлендіріп, олардың орнына өзі кек алатын әйел қаһармандар мұнда жоққа тән. Батырлардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, тұлғасын әсірелеп, ұлғайтып көрсету батырлық жырларда маңызды орын алады. Аттың сөйлеуі, биік таулар мен қамал-қорғандардан ұшып өтуі, қысылғанда батырға ақыл-кеңес беріп, қиындықтан құтқаруы сияқты байырғы түсініктерге тән белгілер Батырлық жырларда үлкен орын алады. Алайда бұл да біртіндеп шындыққа, реалды өмірге жақындай бастаған.

Батырдың жеңілмейтіндігі және оған зақым келмейтіндігі де — эпикалық дәстүр. Қаһарманның өліп-тірілуі, “атса мылтық өтпейді, шапса қылыш кеспейді” сияқты ажалсыздық, батырға деген шексіз идеалдық түсінік, әрине, жалпы мифтерден бастау алатын “мәдени ілкі қаһарман” (Е.М. Мелетинский термині) ұғымымен төркіндес. Фольклордың өзге жанрларына қарағанда, Батырлық жырлардың көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Халық тарихында орын алған, не орын алуға тиіс оқиғалар мейлінше жинақталып, әрі іріленіп суреттелумен бірге, олардың ел-жұрт, мемлекет тағдырындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді. Елді біріктірген, немесе ынтымағын ыдыратқан оқиғалар саяси-әлеум. түп-тамырымен бірге ашылып көрсетіледі. Осының бәрінің бел ортасында халықтың аңсары ауған, әсіре мадақталған, мұраттас қаһарманы жүреді. Оның іс-әрекетінде қара басының қамынан мейлінше жоғары елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп өтіп жатады. Сол арқылы халық іс жүзінде тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеум. жағдайларға өз көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, қаһармандық эпос тарихтағы оқиғалардың халықтық тұрғыдан бейнеленген, оның халық санасындағы көркем тілмен баяндалған шежіресі қызметін атқарады. Батырлық жырлардың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрі бар. Оны жыр құрылымынан да, оқиғалардың орналасу ретінен де, кейіпкердің бастан-аяқ атқарған ісіндегі бірыңғай тектестіктен де көреміз.

Қазақ қаһармандық эпосының әрқайсысын жалпылама белгілеріне қарай жинақтар болсақ, ең алдымен, олардың сюжеттік құрылымындағы ұқсастықтарды инвариант (қайталанатын мотивтің жалпы тобы мен рет тәртібі) түрінде төмендегіше жіктеуге болады.

 

90. Мұғалімдерді даярлау

Оқу үдерісіне жаңа бағыт беріп, оның даму жолдарын ХХІ ғасырдың талабына сәйкес айқындау үшін білімнің әр түрлі салаларына білім және ғылым, білім және адам құқығы, білімнің қоғам дамуындағы әсері, білім беру барысындағы жаңа технология т.б. талдау жасалып, қорытындылану қажет.

Педагогикалық ғылымның жаңа бағытта дамуы білім беру жүйесінде жоғары дәрежелі, жан-жақты сапалы біліммен қаруланған ұлттық, мемлекеттік, саяси-экономикалық және ел мүддесі тұрғысынан туындаған мәселелерді шеше алатын жаңа тұрпатты педагог мамандарды талап етеді.Бұл мәселені шешуде мұғалім үлкен рөл атқарады. Себебі, мектеп түлегі қай мамандықты таңдаса да, ол мектеп мұғалімі берген негізгі білімді толықтырып, кеңейтіп дамытады. Сондықтан, болашақ мұғалімдерді сапалы түрде даярлау - педагогикалық мамандарды дайындайтын кәсіптік білім беру жүйесінің басым міндеттерінің бірі болып табылады.

Болашақ педагог мамандардың теориялық білімдері мен практикалық тәжірибелерін ұштастыратыннегізгі форма – педагогикалық практика. Ресей жазушысы В.Афанасьев: «Теория мен практиканың айырмашылығы – тәжірибеде. Теория деген не? Өткен ұрпақтардың жинаған іс-тәжірибесі. Практика деген не? Өзіміз жинақтайтын іс-тәжірибе. Теорияны да, тәжірибені де ескерген жөн. Теориямен нығайтылмаған тәжірибе ешқашанда тиімді болмайды, қандай тақырыпта сөз қозғалса да» - деп айтқан.

Болашақ педагог мамандардың педагогикалық қызметті меңгеруі тек теориялық оқу мен практикалық тәжірибе өзара байланыста болған жағдайда ғана жүзеге асады. Кәсіби компоненттердің іскерлігімен дағдыларын дәрісханада ғана отырып қалыптастыру мүмкін емес. 

Педагогикалық практикадан өту кезінде студент-практикант қаншалықты мамандықты дұрыс таңдағанын, өзінің тұлғалық қабілеттерінің болашақ мамандығымен үйлесімділік деңгейін анықтайды. Тек ұзақ мерзімді практикада студенттердің бұрын меңгерген білімі мен қажетті білім қоры арасындағы қайшылықтары айқындалып, үздіксіз білім алу факторы туындайды. Студенттің кәсіби әрекеті мазмұнды материалдардың негізінде, практика барысында жетіледі. Бұл кезеңде студенттердің іскерлігі мендағдылары қалыптасады және өзіне деген сенімі артады. Шығармашылық деңгейде жұмыс істеу барысында олар өз білімдерін дәлелдейді. Студент-практикант өз іс-әрекетін

талдай отыра, жұмыс барысында туындаған қиыншылықтарды іскерлікпен шешеді.

 

91.Лирикалық кейіпкерлер тұлғасы. Лирикалық, кейіпкер (лирический герой) ұғымын алғаш негіздеп, оған атау берген — Ю. Тынянов. Орыстың ұлы ақыны А. Блок қайтыс болғаннан кейін, көп кешікпей жазылған «Блок туралы» деген мақаласында (1921 ж.) ол ақынның бүкіл поэзиясын тұтас көрініс, бірегей құбылыс ретінде кейіптеп тұрған нақты адам бейнесі бар екеніне тоқтала келіп, әдебиеттану ғылымына теориялық құны өте манызды лирикалық кейіпкер категориясын енгізді. Содан бергі уақыттың ішінде жаппай қолданылып, үйреншікті терминге айналған бұл атау жөнінде әдебиетші ғалымдар арасында ауық-ауық пікір таласы көтеріліп, лирикалық кейіпкер ұғымының ауқымын, теориялық мән-мағынасын айқындай түскен, тереңдей зерттеген еңбектер жарыққа шықтыТерминнің шек-шекарасы, ол қамтитын құбылыстар мен белгі, нышандар ауқымы әлі де болса талассыз емес. Әйтсе де, осы ұғым, осы атау пайда болғалы бері жарық керген еңбектер мен зерттеулер бұл мәселеге әрқилы көзқарастар, бірін-бірі толықтыратын, немесе, тіпті қайшы келетін пікірлер ұсына отырып, лирикалық кейіпкер категориясына мынадай жалпы сипаттама береді: лирикалық кейіпкер — лирикадағы ақын образы, нақты авторлық «меннің» лирикалық шығармашылықта объективтенуі. Жеке өлең ғана емес, тұтас өлеңдер циклынан, өлеңдер кітабынан, лирикалық поэмадан, белгілі бір ақынның лирикалық туындыларының бүкіл жиынтығынан көрініс табатын, өзінше ерек тағдыры, жеке адамдық болмыс-бітімі, ішкі әлемі, психологиясы айқын дараланған, нақтылы мінез ерекшеліктерімен кейіп алған толыққанды бейне болып табылады.Лирикалық кейіпкер — ең алдымен, көркем бейне. Шындықты көркемдік тұрғыда тану мен өрнектеу процесі, творчестволық субъектінің (яғни, ақынның) осы процестегі рухани қызметінің қажыр-қозғалысы лирикалық кейіпкер бейнесінен айқын көрінеді. Сондықтан жеке өлеңде бедерленген сезім-күй, ой-толғаныс ақынның бүкіл шығармашылығы контексінде қаралып, автордың поэтикалық жүйесіне логикалық-психологиялық тұрғыдан табиғи кірігіп жатқан, тиянақ-тұтастығы, жалғасар өрісі бар бірегей көрініс, әрі бүтіннің бөлшегі ретінде танылуы заңды болмақ. Яғни, сол жеке бір өлеңдегі ой-сезім — кездейсоқ айтылған сыр емес, ақынның бүкіл лирикасында сомдалған әдеби тұлғаның, демек, лирикалық кейіпкер көңіл-күйінің бір сәті, жан-дүниесінін бір бұлқынысы; азаматтық тұрғысы, рухани өресі, мінез болмысы айқындалған сол тұлғаға ғана тән құбылыс, соның бойына ғана шақ сөз.

Лирикадағы ең таласты мәселенің бірі — лирикалық бейненің ақынның өз тұлғасымен дәлме-дәл түсуі немесе айырмашылығы қай дәрежеде деген сұрақ. Гегель: «лирикалық туындының орталық «персонажы»— оны жаратушының өзі, ең алдымен, оның ішкі әлемі» —дейді. Әйтсе де, бүгінгі өреде, лирикалық кейіпкер мен оны «жаратушы» ақынның арасына абсолютті теңдік белгісін қоюға әсте болмайды. Лирика туралы пікір айтқан философ, әдебиетшілердің қай-қайсысы да ақынның сол жеке сырларының жалпы адамдық сипатының талассыздығына қол қояды. Лириканы «таза лирика», «қолданбалы (прикладная) лирика» деп бөліп тастап (бұл жерде «қолданбалы» деп некрасовтық мағынадағы лириканы айтып отыр), «идеалды» лириканың моделін сипаттаған орыс философы, ақын, әдебиет сыншысы В. Соловьевтың өзі де лирикада адам жанының ішкі сұлулығы дүниенің объективті мазмұнымен үндесетінін, сол жалпыға тән мағына-мазмұнның «жеке сана арқылы көркем қорытылатынын» жазады. Лирикадағы «меңді» автордың нақ өзі деп түсінетін дәстүрді сынай келіп, сыртқы өмірбаяндық фактілерді мүлде жоққа шығаруға болмайтынын, көркем шығармадағы субъект — творчестволық тұлғаның «өзге, әдеби болмысы» екенін Г. О. Винокур, ал «жеке тұлғаның лирикалық мазмұндағы өзгеше болмысы ақынның өз өмірбаянына жана ғұмыр дарытатынын» Д. Мотольская, К. Соколова дәлелдеді. Атақты неміс философы Ф. Ницше: «лириктің образдары — ақынның өзінен басқа ешкім де емес, тек бұл оның әр қилы формада объективтенген тұрпаты, сондықтан осынау ұланғайыр әлемнің кіндік-тұтқасы ретінде ол «Мен» деп сөйлеуге әбден хақылы; бірақ бұл «Мен» эмприкалық реальды Меннің өзіне ұқсамайды, ол—жалпы әр нәрсенің тегінде, негізінде жатқан бірден-бір мәңгілік қасиет, ақиқат — мән ретінде көрінеді» —дей келіп, осы арқылы лирикті жалаң субъективті ақын деген түсінікті жоққа шығара отырып, тіпті ақынның өзін бүкіл ой-сезім әлемімен, түптеп келгенде, сол өзі жаратқан лирикалық генийдің (Ницшенін атауы) танымы деп біледі. Мәселен, философ өзі алғашқы грек лиригі деп білетін Архилох өз туындысында енді кәдімгі, құмарлықтан өртеніп күйіп-жанған, сүйген, жек көрген Архилох емес, керісінше лирикалық, яки әлемдік гений түп-төркін (изначальный) қасірет-қайғыны адам – Архилохтың кейпінде символдық мәнде бейнелейді деп түсінеді. Біздің көзқарасымызда, бұл ойлардың да ақын мен лирикалық кейіпкердің ара қатынасын парықтауда үлкен маңызы бар.

Лирикалық кейіпкер — ақынның «өз болмысының өзге сапаға көшуі» екенінің (Гегель: «переход в свое другое») иллюстративтік айқын бір мысалы испан ақыны Фернандо Пессао творчествосы. Оның алты өлеңдер кітабының әрқайсысы бір-бірінен мүлде өзгеше қолтаңба танытып, алтауы алты талантты ақынның жеке творчествосындай әсер қалдырады екен. Әр кітаптың өз лирикалық кейіпкерлері бар және олардың жан-дүниесі бір-біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек әлем. Бұл — ақын қиялының шексіз кеңістігін, оның басқа болмысқа түрлену (перевоплощение) қабілетінің ерекше мүмкіндігін көрсететін мысал. Бірақ, мұнан ақын жаны — қай қалыпқа құйылса, соның мүсінін алып шығатын, өзіндік порым-бітімі жоқ әлдебір «сұйық» материя сияқты деген ұғым тумасқа тиіс. Нендей түрге түсіп, қандай пішінмен құбылса да, негізгі «материал»—ақын жаны, творчостволық тұлғаның өз болмысының сәулесі екені айқын болса керек. Латын Америкасы әдебиетінің классигі, XX ғасырдың үлкен ойшылдарының бірі X, Л. Гюрхсе. «Уитмен туралы жазбаларында» Уитменнің кейіпкері оның өзі дейтін түсініктерді сынай отырып, Уитмен әдебиетшіні құдай тектес — кейіпкер – Уитменмен шатастыруға болмайды»,— дейді. «Өмірдегі Уитмен — көп сөзі жоқ, ұстамды, байыпты адам, кейіпкер-Уитмен — өртше лапылдаған қызғын темперамент иесі. «Шөп шашағындағы» бақытты кезбе бұл өлеңдерді жаза алмайтынын түсінген абзал». Борхес Уитменнін өмірдегі «барлық адамдарға ұқсауға», солардың әрқайсысына «сіңіп» кетуге тырысқанын, сол арқылы бүгінгі күні «бәріміздің» сырласымызға, (..) өзімізге, бақытымызға» айналғанын жазады.

92. Ғ.Мұстафин шығармашылығы жайлы зерттеулер. Мұстафин Ғабиден шығармалары шетел тілдеріне аударылып, оқырмандардан өз бағасын алды. Мұстафин Ғабиденнің шығармалары 20 ғасырдың басындағы дүрбелең оқиғалар мен қоғамдағы жаңалықты, ел басынан өткерген ауырпашылықты кеңінен суреттеуімен құнды. Мұнда Мұстафин Ғабиден өзі өмір сүрген дәуірдің панорамалық суреттерін жасап, қиыншылықтарды жеңе отырып, ілгері ұмтылған қоғамды, ондағы адамдар қарым-қатынасын көркем бейнелейді. Кеңестік дәуір әдебиетінде көрнекті шығармалардың біріне айналған “Қарағанды” романы (1952) – ел экономикасын көтерген өндіріс ошағы мен сол өңірдегі жұмыскерлер, зиялылар турасындағы кең тынысты, күрделі роман. Мұстафин Ғабиден бұл шығармасында “Өмір мен өлім” романының кейбір сюжеттік желісін пайдалана отырып, ұлттық зиялылар қауымының қалыптасу кезеңін нанымды бейнелейді. Кейіпкер тағдырын қайшылықты оқиғалар легі арқылы өткір, ұтымды көрсетіп, адамдар әрекетін уақыт тұрғысынан емес, адамгершілік ұстаным тұрғысынан тануға ұмтылды. Әлеуметтік-психологиясының. тереңдігімен ерекшеленетін “Дауылдан кейін” романы (1960) 20-жылдардың орта кезіндегі қазақ ауылындағы өзгерістерді көрсетуге арналған. Көркемдік сапасы, шынайылығы, психологиялық сезім күйлерін суреттеудегі шеберлігі, образдарының жан-жақты ашылуы, оқиғаларының күрделілігі жағынан роман қаламгердің елеулі табысы саналды. Шығармадағы өмір шындығы “Көз көрген” романында (1963) отаршылдық пен езгіге қарсы күрес арқылы жалғасын тапты. Өз өмірінен және өзімен тұстас аға буынның басынан кешкен тарихи кезеңдері жайында мағлұмат беретін мемуарлық трилогия жазуды жоспарлаған Мұстафин Ғабиден “Көз көргенді” дүниеге әкелді. Мұстафин Ғабиден шығармаларының негізгі тақырыбы – өндіріс өмірі мен ауыл тіршілігінің тынысы.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: