Тарау. Саяси социология 16 страница

Ғылымның барлық салалары мен тікелей социологияны қозғаған ғылымның институттануының объективті және өте қарқынды процестерінің артықшылықтары ғана емес, кемшіліктері де толық көріне бастады. Ғылыми қауымдастық бірыңғай әмбебап социологиялық теория құрудың мүмкін еместігін түсінуге бет бұра бастады. Бұл жерде сындарлы болатын социология теориясының тұжырымдаушы абстрактілі үлгісін құру ғана емес, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан социологияның алдында тұрған әр түрлі міндеттерге бұрыннан бар және жаңадан пайда болған әрбір тәсілдердің мүмкіндіктерін мұқият үйлестіру.

Социологияның дамуының институттану сипаттамалары:

Классикалық кезең. Ерте классикалық кезеңінде социология алғаш рет университеттерге енгізіле бастады, алғашында Батыс Еуропада, кейіннен Солтүстік Америкада, Ресейде және кейбір басқа елдерде. Социология профессорлары, сосын кафедралар, ғылыми журналдар, кәсіптік, ұлттық және халықаралық қауымдастықтар пайда бола бастады. Социологияның институттануының ірі белесі болғандар: 1983 жылы Парижде Халықаралық социология институтының негізі қалануы, 1901 жылы Бірінші дүниежүзілік Орыс қоғамдық ғылымдар Жоғары мектебінің шеңберінде ашылуы, L’Annee Socіologіque және The Amerіcan Journal of Socіology журналдарының ашылуы. Ресейде бұл кезең 1916 жылы М.М. Ковалевский атындағы Орыс социологтары қоғамының құрылуымен аяқталды.

Кейінгі классика кезеңі әлемнің жетекші университеттеріндегі кафедралар мен факультеттердің қарқынды дамуымен, дербес социологиялық зерттеу институттарының пайда болуымен, социологтардың халықаралық ынтымақтастығының одан әрі нығаюымен және жекелеген мектептердің ұлттық шекара шеңберінен шығуымен сипатталады. Соңғы тенденцияның мысалы Франкфурт мектебі бола алады, оның жолын қуушылары Германияда ғана емес, Францияда, Англияда, Швейцарияда және АҚШ-та бар. КСРО-да бұл кезең 1918 жылы елдің жетекші университеттерінде факультеттер құрумен және әлеуметтік проблемалардың кең ауқымды спектріне маманданған инститтуттардың ашылуымен басталды.

Қазіргі заманғы кезең. Соғыстан кейінгі социология университеттер шегінен асып шығады, кәсіпқой социологтардың едәуір саны салалық зерттеу орталықтарында шоғырланады. Басқару менеджменті сияқты әлеуметтік технологиялар немесе саяси болжаудың әр түрлі әдістемелері, мысалы, сараптамалық бағалау және брейнсторминг сияқты танымал әдістері пайда болады және қарқынды дамиды.

Жаңа социология кезеңінде салалық социологиялық ынтымақтастық кеңінен дамиды, салыстырмалы халықаралық зерттеу жобалары кең қанат жаяды, халықаралық социологиялық басылымдар саны артады.

Социология ғылымының дамуының сұлбасы жалпы алғанда осындай. Социологиялық ойдың дамуы кезеңдерінің мазмұнымен нақтырақ танысу үшін нақты тұлғалар мен мектептерді қарастыру қажет.

Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Греция мемлекеттеріндегі

әлеуметтік ілімдер

 

 

Ежелгі Қытайдағы әлеуметтік ілімдер

 

Ежелгі Қытайдың әлеуметтік ойының гүлденуі б.з.д. VІ - ІІІ ғасырларға жатады. Ежелгі Қытайдың неғұрлым ықпалды әлеуметтік-саяси ілімдері даосизм, конфуцийшілдік, моизм және легизм болды [2].

Даосизмнің пайда болуы жартылай аңызға айналған дана ЛАО-ЦЗЫ (б.з.д. VІ ғ.) есімімен байланысты. Ол “Дао дэ цзин” (“Дао және дэ туралы кітап”) канондық трактатын жазған деп айтылады. Ілімнің негізінде “дао” (сөзбе-сөз алғанда - жол) ұғымы жатыр. Лао-цзы ізбасарларының түсіндіруі бойынша Дао - абсолюттік дүниенің бастауы. Ол аспан әміршісінің ізашары және өзінің күш-қуаты жағынан одан асып түседі. Дао - барлық тіршілік иелерінің бастау көзі, табиғи пайда болулардың және барлық құбылыстар алмасуының, олардың бір нәрседен екінші нәрсеге өтуінің шексіз ағыны, туу мен өлудің мәңгі иірімі. Адамға ол әлемді билейтін тылсым заң ретінде көрінеді. Жаппай өтімді бұл күштің алдында адамға тек өзінің бишаралығын сезінуден және құштарлықтан босану жолымен өзінің өмірін ұзартуға тырысудан басқа ештеңе қалмайды.

Лао-цзы өзінің адамдық қатынастардың табиғи қарапайымдылығын қалпына келтіруге деген үмітін “даоның керемет құпиясын” көре алады және соңынан халықты ерте алады деген мұрагер ақсүйектерден шыққан ақылды көсемдермен байланыстырады. Даостардың пікірінше, данышпан тақсыр елді бейәрекет әдіспен, яғни қоғам мүшелерінің ісіне белсене араласудан өзін-өзі ұстай отырып басқарады. Лао-цзы өз заманындағы билеушілердің тым әрекетшілдігін, салықтар мен тыйым салатын заңдарды көбейткендіктерін, шексіз соғысқұмарлықтарын бетіне басып отырды. “Билеушінің жақсысы ол туралы халық оның бар екенін ғана білетін адам” [3].

Қытайдың әлеуметтік ойлары тарихындағы аса ықпалды доктриналардың бірі конфуцийшілдіктің негізін қалаушысы КОНФУЦИЙ (б.з.д. 551 - 479 жылдар) болып табылады. Конфуцийшілдіктің негізгі санаттары асыл текті қайраткер, адамды сүю және ритуалдар ережесі ұғымдары болып табылады. Бұл санаттар өзара тығыз байланысты, өйткені оны алып жүрушілердің көзқарасы тұрғысынан қарастырылған біртұтас саяси мұраттың, жалпы принциптер мен нақты нормативтік ұйғарымдардың әр қырын көрсетеді.

Конфуцийге сәйкес мемлекетті тақсырдың басшылығымен асыл текті қайраткерлер басқаруға жаралған. Конфуций адамдарды “жоғарғы” және “төменгі” деп бөлу жойылмайды деп дәлелдеді және асыл тектілерді шығу тегіне байланысты емес, моральдік қасиеттері мен біліміне қарай бөлді. Конфуций ілімінде асыл текті қайраткер - кемел өнегеліліктің үлгісі, өзінің бар мінез-құлқымен мораль нормаларын дәлелдейтін адам. Конфуций мемлекеттік қызметке ұсынуға дәл осы белгілерді алуды ұсынды.

Асыл текті қайраткерлердің басты міндеті - адамды сүюге өзін тәрбиелеу және жан-жақты тарату. Бұл ұғымға Конфуций ерекше, қазіргі заманғы дәлме-дәл келмейтін мазмұн берді. Адамды сүюді отбасылық-әулеттік және патриархалдық қауымдастықтардың өнегелілік құндылықтарына сай келетін мінез-құлық деп түсінді. Адамды сүю: ата-аналардың балаларына қамқорлығын, отбасындағы жасы үлкендерге перзенттік құрмет көрсету, сондай-ақ бір-бірімен туыстық байланыспаған адамдардың әділ қарым-қатынасын қамтыды. Саясат саласына көшірілген бұл принциптер жалпы басқару жүйесінің іргетасы болуға тиіс еді. Оны қайта құруды Конфуций атауларын түзеуден бастады, яғни қоғамдағы лауазымдар мен оның жүктейтін міндеттерінің шын мәніндегі, бастапқы мағынасын қалпына келтіруден бастады. Тақсырға өз қарамағындағы бодандарды өзінің баласындай көру міндеттелді. Ол елдегі азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге, оны қарумен қорғауға және халықты тәрбиелеуге тиіс. Бодандарды тәрбиелеу - маңызды мемлекеттік іс, оны өзі үлгі көрсету арқылы жүзеге асыру қажет. Өз кезегінде халық билеушілерге перзенттік құрмет көрсетіп, оларға қалтқысыз бағынуы қажет. Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты бейнесі Конфуций үшін отбасылық әулеттердегі және рулық қауымдастықтардағы (патронимия) басқару болды. Ойшылдың тұжырымдамасы патерналистік мемлекет мұратын негіздеуге ең ерте жасалған әрекеттердің бірі болып табылады. “Лунь юй” кітабының беттерінде егер де ритуал ережелерін барлық адам сақтайтын болса, онда мемлекеттік басқаруға деген қажеттілік болмай қалады деген ой айтылған. Конфуций мен оның ізбасарлары сол бақытты шақтың тууы үшін бағынбайтындарға қарсы жазалау жорықтары қажет болатындығын жоққа шығармайды. Ең бастысы жазалау жорықтары туралы өкімдерді билеушілері немесе уделдердің сановниктер емес, асыл текті және өз халқын сүюші тақсыр бергендігінде. Жазалауды әкесіндей, яғни адамдарға деген сүйіспеншілікпен қолдану қажет.

Eрте конфуцийшілдіктің әлеуметтік-саяси бағдарламасы жалпы алғанда консервативтік деп бағаланады. Билеуші сословие жаңаруының конфуцийшілдік идеялары артықшылықтарға ие емес топ өкілдерінің есебінен мемлекеттегі түбегейлі қайта құруға алып келе алмады, өйткені ежелгі дәстүрмен тәрбиеленген олар рулық ақсүйектер қорғаштайтын билік ұйымының белсенді қорғаушыларына айналды. Әділ адамдарды ұсыну тұжырымдамасы ескі және жаңа аристократия арасындағы қақтығыстарды әлсіретуді ғана көздеді. Сонымен бірге, доктринаның жеке қағидалары, жоғарыда айтылғандай, прогресшіл мәнге ие болды. Оларға ең алдымен моральдік білімдер мен адамдарды қай сословиелікке жататынына қарамастан оқыту идеяларын жатқызған жөн. Конфуций мен оның шәкірттерінің ағарту қызметі қытай мәдениетінің дамуында орасан рөл атқарды.

Мұрагерлік аристократияның билеуіне сын айтқан моистер мектебінің негізін қалаушы МО-ЦЗЫ (шамамен б.з.д. 479 - 400 жылдар) болды. Оның ілімін оның жолын қуушылар “Мо-цзы” кітабында баяндаған. Моизм әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, қарама-қайшылықты ұсақ меншік иелерінің - ерікті жер өңдеушілердің, қолөнершілердің, саудагерлердің, мемлекеттік аппараттағы төмен шен иелерінің мүддесін білдірді. Бір жағынан, олар еңбекші бұқараға жақын болды және белгілі бір дәрежеде олардың сенім-пікірлерін қабылдады, ал екінші жағынан - қоғамда белгілі бір орынды иеленгеннен кейін билеуші төбе топқа жақындауға тырысып бақты, жоғары сословиенің артықшылықтарын өздеріне талап етті. Моистердің ілімін осындай қарама-қайшылықтар жайлаған болатын.

Әлеуметтік төменгі топтың кейбір түсініктерін қайта жаңғырта отырып, моистер мемлекеттік лауазымдарды шығу тегі мен туыстық принциптері бойынша иеленуді айыптады. Олар барлық адамдардың көктегі құдай алдында бірдей екендігін дәлелдеді. Мемлекеттік қызметке шығу тегіне қарамастан неғұрлым ақылды адамдарды ұсыну қажет. Олар осы тұрғыдан мұрагерлік аристократтарда білім туа бітеді деген ойға жол беретін және ақылдылардың ұсынылуын білім деңгейімен шектейтін конфуцийшілдіктің ымырашылдық доктринасын да сынға алды. Мо-цзы ақылдылықтың көзі туа біткен ізгіліктер мен кітап оқу ғана емес, қарапайым халықтың өмірінен алынған білім деп көрсетті. Мемлекет басқару оқытуды қажет етпейді. Адамның мемлекеттік басқаруға қабілеті оның іскерлік қасиеттерімен - қарапайым халыққа қызмет етуді қалауымен, іске қажырлылығымен және т.б. анықталады.

Мо-цзы қалыптасқан атқарушы қызметтің басында ақылды билеушісі бар мемлекетті биліктің керемет ұйымдастырылуы деп есептеді. Биліктің беріктігінің кепілі мен негізі шенеуніктердің тақсырдың еркін бірдей етіп орындауында деп түсінді. Мемлекеттің толық біртұтастығын орнату үшін бірдей ойлауды енгізу, зиянды ілімдерді жою ұсынылды.

“Әрбір адам жақсы немесе жаман нәрсе туралы естігендерін жоғарыда тұрғандарға хабарлауға тиіс, жоғарыдағылар дұрыс деп тапқанды барлығы да дұрыс деп мойындауға, ал жоғарыдағыдар дұрыс емес деп тапқанды барлығы да дұрыс емес деп мойындауға тиіс” [4]. Бұл тәртіпті жасалған қылықтарға сай жазалаулар мен марапаттаулардың көмегімен сақтау қажет болды.

Осылайша моизм тұжырымдамасында теңдік идеялары іс жүзінде сырт қалды; тұжырымдама халықтың басқаруға қатысу ғана емес, мемлекеттік істерді талқылауға қатысу мүмкіндігін де болдырмайтын деспоттық-бюрократиялық мемлекетті мадақтаумен аяқталды. Мемлекет бірлігіне деген Мо-цзы көзқарастары билікті орталықтандыру идеяларына жақын болды.

Ерте легизмнің ірі өкілі ШАНЬ ЯН (б.з.д. 390 - 338 жылдар шамасы) ұсынған реформалардың жобалары мен жарлықтары “Шань цзюнь шу” трактатына (“Шань облысының әміршісі кітабы”) енген. Легизм ілімі оның алдындағы тұжырымдамалардан едәуір өзгеше болды. Легистер саясатты дәстүрлі моральдік баяндаудан бас тартып, билікті атқару техникасы туралы ілімді жасады. Шань Ян осы қайта бағдарлануды жүзеге асыра отырып, патриархалдық тәртіпті жоюға қол жеткізген мемлекеттік міндеттерді атқарған ақсүйектер мен ауқатты қауымшылдардың ұмтылыстарын басшылыққа алды. Саяси теориядан олар басқаларға қарағанда ізгілікті ақыл-өсиеттерді аз күтті. Оларға керегі жалпы мемлекеттік түрлендірулердің салыстыра тексерілген бағдарламасы болатын.

Легизмнің ерекшеліктерін қоғамдық құбылыстарға тарихи көзқарас­тардың элементтері құрады. Жаңа аристократияның жеке меншіктік мүдделері қауымдық өмірдің архаистік ұстанымдарына қайшы келгендіктен, оның идеологтарына дәстүрдің беделіне емес, әлеуметтік шарттардың бұрынғымен салыстырғандағы өзгерістеріне шағынуына тура келді. Ежелгі тәртіптерді қалпына келтіруге шақырған даостарға, конфуцийшілдерге және моистерге қарсы легистер ескіге қайта оралудың мүмкін еместігін дәлелдеп бақты.

Легистер қауымдық өзін-өзі басқаруды шектеу, отбасылық-рулық қауымдар мен патронимияларды жергілікті әкімшілікке бағындыру қажет деп есептеді. Шань Ян қауымдық өзін-өзі басқаруды теріске шығармастан, азаматтарды мемлекеттік биліктің тікелей бақылауына қоюды көздейтін реформалардың жобаларын (елді аудандарға бөлу, жергілікті жерлердегі шенеуніктік қызметтер және т.б.) ұсынды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Қытайда азаматтардың аумақтық бөлінуінің бастауы болды.

Барлық мемлекет үшін біртұтас заңдар белгілеу ұсынылды. Басқа да ерте легистер сияқты Шань Ян әдет-ғұрып құқығын заңнамамен толық алмастыруды ойлаған жоқ. Заңды ол қуғын-сүргін саясаты (қылмыстық заң) және үкіметтің әкімшілік өкімі деп түсінді.

Билік пен халық арасындағы қарым-қатынастарды Шань Ян жауласушы тараптардың бір-біріне қарсы тұруы деп қарады. Үлгілі мемлекетте әміршінің билігі күшке арқа сүйейді және ешқандай заңға бағындырылмаған. Шан Янға азаматтардың құқығы, олардың заңды кепілдері туралы және т.б. ұғымдар белгісіз. Заң, оның ойынша қорқыныш ұялатушы ескерту жасаушы террор болып шығады. Тақсыр қызметінің жоғарғы мақсатын Шань Ян басқыншылық соғыстар жолымен Қытайды біріктіруге қабілетті күшті билік құру деп есептеді.

Легистік тұжырымдамаларды іс жүзінде қолдану қатыгездіктің күшеюімен, бодандардың санасына әмірші алдында жаппай үрейді сіңірумен және жаппай сезіктенумен қатар жүрді. Жалпы бұқараның легистік тәртіпке наразылықтарын ескере отырып, Шань Янның ізбасарлары неғұрлым жексұрын жағдайлардан бас тартып, легизмді моральдік мазмұнмен толықтырып, оны даосизммен немесе конфуцийшілдікпен жақындастырды. Б.з.д. ІІ - І ғасырларда легизм идеясымен толықтырылған конфуцийшілдік Қытайдың мемлекеттік діні ретінде бекіді. Моистер мектебі біртіндеп келмеске кетеді. Даосизм буддизммен және жергілікті нанымдармен астарласып магия белгілеріне ие бола бастайды және уақыт өте келе саяси идеологияның дамуына ықпалын жоғалтады. Конфуцийшілдік 1911 - 13 жылдардағы Синхай революциясына дейін императорлық Қытайдың ресми ілімі болып келді.

 

Ежелгі Үндістанның әлеуметтік-саяси көзқарастары

 

Ежелгі Үндістанның саяси және құқықтық идеологиясының жетекші бағыттары брахманизм мен буддизм болды [5]. Олар б.з.д. І мыңжылдықта пайда болған және өзінің тамырын арийлердің ежелгі ритуалдық кітаптары - Ведаларда баяндалған діни-мифологиялық көзқарастардан алған. Брахманизм мен буддизм арасындағы идеялық алшақтықтар дін құрметтеген мифтер мен мінез-құлық ережелерін түсіндіруде пайда болған.

Ежелгі үнділіктерде төрт варна болған - абыздар варнасы (брахмандар), жауынгерлер варнасы (кшатриилер), жер өңдеушілер, қолөнершілер және саудагарлер варнасы (вайшилер) және төменгі варна (шудралар). Алғашқы үш варнаның мүшелері толыққанды қауымдастар болып саналды. Шудралар оларға бағынышты болды.

Брахмандар діни-мифологиялық ұғымдардың негізінде жаңа идеология - брахманизмді құрды. Брахманизмнің әр түрлі мектептерінің әлеуметтік-саяси идеялары сансыз көп заңтану және саяси трактаттарында көрсетілген. Олардың ішінде неғұрлым беделдісі б.з.д. ІІ ғасыры - б.з. ІІ ғасыры кезеңінде құрастырылған “Манавадхармашастра” трактаты - “Ману заңдары” болды.

Брахманизм дінінің негізгі қағидасы жанның жаңа түрге енуі туралы қасаң қағида болды, оған сәйкес адамның жаны өлгеннен кейін тексіз адамдардың, жануарлардың және өсімдіктердің денелерінде адасып жүреді не болмаса, егер де ол адам адал өмір сүрсе, онда қоғамда неғұрлым жоғары орындағы адам немесе көктегі өмір сүретіндер болып қайта туылады. Брахмандарға Ведаларды зерделеу, халықты басқару және оны дінге үйрету белгіленді; кшатриилерге әскери іспен айналысу қажет болды. Мемлекеттік және қоғамдық істерді басқару екі жоғары варнаның артықшылықтары болды. Жат жұрттықтар мен варналарға бөлінбейтін тайпалар үшін құлдық табиғи құбылыс ретінде мойындалды.

Сословиелік тегі туғаннан анықталып, өмір бойы сақталды. Брахмандар жоғары варнаға өтуге адам өлгеннен кейін, оның “болашақ өмірінде” ғана құдайларға қызмет еткені, төзімі мен момындығы үшін марапат ретінде жол беріледі деп ойлады. Брахманизмде касталық жазмышты қамтамасыз ететін құрал құдайлардың жазалаушы күшінің жалғасы деп ұғынатын мемлекеттік мәжбүрлеу болды.

Брахмандар тақсырлардың зайырлы заңнан діни заңның жоғарылығын мойындауына үміттенді. Брахманизм теориясы бұл тұрғыдан ұсынған идеялардың көмегімен абыздар қоғамдағы саяси гегемондық үшін күресті.

Ежелгі үнділік саяси ойдың тарихындағы ерекше орынды “Артхашастра” атты (“Пайда туралы өсиеттер”) трактат иеленеді. Оның авторы КАУТИЛЬЯ (б.з.д. ІV ғ.) болып саналады. Трактат брахманизмнің касталық жазмыш туралы, дхарма заңдарын қатаң жазалаулармен қамтамасыз етудің қажеттігі туралы, абыздардың басқа сословиелерден басымдығы, діни табынушылықты атқару монополиялары туралы ережелерін дәл береді. Брахманизмнің жорамалдарына толық сәйкес келе отырып, мұрагерлік ақсүйектердің үстемдігі және зайырлы билеушілердің абыздарға бағынуы идеяларын жүргізді. Трактатта Патша “шәкірті ұстазына, баласы әкесіне, малайлар қожайындарына” құлақ асқандай сарай Абызын тыңдауға тиіс делінген.

Сонымен қатар трактатта абыздықтың дәстүрлі ілімдеріне сай келе бермейтін идеялар бар. Трактат авторларының дін заңының жоғарылығына тоқтайтын Брахманизмнің ортодоксальді мектебінен айырмашылығы - олар заңнамалық қызметтегі басты рөлді тақсырға берді. Дхарманы заңдастырудың төрт түрінің - патша жарлығының, қасиетті заңның (дхармашастраның), сот шешімінің және салт-дәстүрдің - ішінде патша жарлығының күші жоғары. “Артхашастрада” бірінші орынға күшті орталықтандырылған патша билігі қойылған. Трактатты жасаушылар негізгі назарды патша билігінің діни негізделуіне емес, мемлекетті басқарудың тәжірибелік ұсынымдарына аударады. “Артхашастра” - үнді әдебиетіндегі саясат туралы қолданбалы білімдердің неғұрлым толық жинағы, өзіндік саяси өнер энциклопедиясы.

Абыздық дінге қарсы күресте буддизм қалыптасты. Ол б.з.д. VІ - V ғасырларында пайда болды. Оның негізін қалаушы аңыздарға сәйкес Будда, яғни Нұрланған атанған ханзада Сиддхартха ГАУТАМА болды. Бізге жеткен будда канондары жинағының ең ежелгісі - “Типитака” (Сөзбе-сөз “Үш себет” - сірә, канонның мәтіндері тақырыптары жағынан үш бөлімге бөлінгендігінен осылай аталса керек). “Типитака” б.з.д. ІІ - І ғасырларында жазылған. Ертедегі буддизм қарапайым идея ретінде адамды дүниелік қалаулар себепші болатын күйзелістерден азат ету идеясын ұсынды. Құтқарудың алдын ала шарттарын буддистер адамның дүниеден шығуы және монахтар қауымына кіру деп жариялады. Ертедегі буддизмде діни-моральдік жазмыштардың екі жүйесі болды: бірі - монахтар қауымына арналған, екіншісі - негізгі адамдарға арналған.

Буддалық монахтар қауымына еркін адамдар ғана жіберілді (құлдарды қабылдамады). Қауымға кірген адам отбасынан және меншігінен бас тартуға, өз варнасының ұйғарымдарын сақтауды доғаруға тиіс болды. Монахтық өмір егжей-тегжейлі реттелді.

Қарапайым адамдардың ережелері егжей-тегжейлі жасалмады және көп жағдайда дәстүрлі ведалық діннің дәстүрлі нормаларынан алынды. Касталарға буддалық көзқарастың өзіндік ерекшелігі оның варналардың тізбесінде брахмандардың орнына бірінші кшатриилерді атағанында болды. Буддизмнің әлеуметтік талаптары істің шын мәнінде діни саладағы касталарды теңестіруге келіп тірелді және қоғамдық құрылыс негіздерін қозғамады. Өзінің көрініп тұрған бар шектеулілігімен бұл ілім мұрагер брахмандардың беделіне, олардың қоғамды идеялық және саяси басқаруға ұмтылуына нұқсан келтірді. Буддизмнің оппозициялық абыздыққа қарсы сипаты, оның наным ісіндегі касталарға бейжайлығы, күйзелістің алдында адамның психологиялық жағынан өзін-өзі нығайтуы - мұның барлығы үлестен құр қалғандар мен кедейлер арасында оны кеңінен танымал етті.

Алғашында буддизм қарапайым жер өңдеуші қауымда мен қала кедейлерінің көзқарастарын білдірді. Соңынан буддизм едәуір өзгерістерге ұшырады. Үстем сословиелердің қолдауына мүдделі будда қауымдарының жетекшілері ілімді қайта қарады. Онда көнгіштік және өкіметке қарсы болмау уәжі күшейтіліп, шегіне жеткен аскеттілік талаптары жұмсартылған, қарапайым адамдарды құтқару идеясы пайда болған. Зайырлы билеушілер өз кезегінде ілімді абыздықтың озбырлығына қарсы күресте пайдалана бастады және буддалық қасаң қағидаларды ресми идеологияға ыңғайластыра бастады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: