Тарау. Саяси социология 19 страница

Маккиавеллидің шығармаларында саясат моральдан бөлініп қана қоймай, жалпыға ортақ тараған тиісті мен тиісті емес, ұят пен мақтаншақтық, адамгершілік пен адамгершілікке жатпайтын, масқара мен құрмет туралы ұғымдарға қарсы қойылды. Мемлекет қызметін ол жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін мораль нормаларына сәйкес келмейтін айрықша ережелер орын алатын адамдардың, әлеуметтік қауымдастықтар мен үкіметтердің мүдделерін, сезімдерін, көңіл-күйлерін айқындайтын сала ретінде зерттеді. Жалпы мемлекет негізін қалаушылардың, жаулап алушылардың, тақты тартып алушылардың, заң шығарушылардың, саяси қайраткерлердің істеген істері мораль тұрғысынан емес, олардың нәтижелері бойынша, олардың мемлекет игілігіне қатынасы бойынша бағалануға тиіс.

Маккиавелли шығармалары әлеуметтік ойлардың кейінгі дамуына орасан зор ықпал етті. Онда буржуазияның басты бағдарламалық талаптары тұжырымдалып, негізделген: жеке меншіктің бұлжымастығы, жеке бас пен мүліктің қауіпсіздігі, “бостандық игілігін” қамтамасыз етудің ең жақсы құралы ретіндегі республика, феодалдық дворяндықты кінәлау, дінді саясатқа бағындыру және бірқатар басқа талаптар. Буржуазияның неғұрлым көреген идеологтары Маккиавеллидің әдістемесін, әсіресе саясатты діннен арылтуын, мемлекет пен құқықты жаңаша тиімді түсіндіруін, олардың адамдардың мүдделерімен байланыстарын анықтауға тырысуын жоғары бағалады. Маккиавеллидің аталған қағидаларын кейінгі теоретиктер (Спиноза, Руссо және басқалар) қабылдап, дамытты.

Антикалық мұраның қайта дамуы Платонның “Мемлекет” кітабына деген қызығушылықты арттыра түсті. Платонның ортақ меншік идеясы жаңа дәуірдегі социалистік идеялар негізін қалыптастыратын шығармалардың пайда болуына алып келді. Ерте социализм теориясында жаңалық ретінде ортақ меншік барлық азаматтарға қолданылатын болды (Ал Платонда ол тек философтар мен жауынгерлерге қатысты еді). Сонымен қатар мемлекеттерде қоғамдық мүлікке негізделген демократиялық мекемелер құру кең таралды. Бұл идеялар Томазо (Джиана Доменико) Кампанелланың (1568 - 1639) шығармаларында дамытылды. Оның ең жақсы қоғамдық құрылым туралы идеялары “Күн Қаласы” атты еңбегінде жақсы жазылған. Кампанелла да Платон сияқты некелік жанұялық қатынастарды ортақтандыру принципін таратуға тырысты. Ол Күн Қаласында өндіріс ұясы жанұя емес, бригада немесе ұстаханалар болады деп есептеді. Кампанелла еңбекті барынша дәріптеп құлдықты сынады, сондықтан да Күн Қаласында қылмыскерлер қоғамдық жұмысқа тартылмайды.

Кампанелланың ойынша, ортақ меншікке негізделген қоғамда мемлекет сақталады. Алайда ол суреттеген мемлекет саяси ойлар мен мемлекеттік мекемелер тарихында белгілі болып келген мемлекеттен мүлдем өзгеше еді. Күн Қаласында билік пен басқару үш принципке негізделеді:

· жаңа мемлекеттің басты міндеті өндіру мен бөлуді ұйымдастыру, азаматтарды тәрбие арқылы басқару;

· мемлекеттің бұл міндеті билік пен басқаруды жүзеге асыруда ғалымдардың елеулі рөлі болатынын көрсетеді;

· жаңа қоғамдық құрылыс мемлекетті басқаруға халықтың қатысуын талап етеді.

Күн Қаласында құқық, әділ сот және жаза болды. Заңдар көп емес, қысқа әрі нұсқа жазылды. Заңдардың мәтіндері сот жүргізілетін ғибадатханалардың колонналарына ойылып жазылған. Сот процесі ашық, ауызша және тез өтеді. Феодалдық процестерге тән азаптау мен сот тартыстарына жол берілмеген. Жазалау әділеттілік принципімен және қылмысына сәйкес жүргізіледі. Кампанелла саясаткерлер мен тирандар ойлап тапқан “мемлекеттік қажеттілік” ұғымын моральге жат нәрсе деп есептеді, оның ойынша билікке қол жеткізу және оны сақтап қалу үшін кез келген заңды бұзуға болады деген қағида тек соларға ғана тиімді деп есептеген.

Ағылшын ағартушылығы

 

Жаңа дәуірде қоғамдық ойдың дамуына Томас Гоббстың (1588 - 1679) адам, мемлекет және құқық туралы ілімі зор ықпал етті. Гоббс адамды санасы мен тілі бар тіршілік иесі деп біледі. Адам - мәдениет әлемін жасаушы, мораль мен саясаттың нағыз субъектісі. Өзінің “Адам табиғаты” атты зерттеуінде ол былай деп жазады: “Адам табиғаты оның тамақтану, іс-қимыл жасау, өсіп-өну сияқты, сезім, ақыл-ой сияқты тағы басқа табиғи қабілеттері мен күш-қуатынан тұрады. Бұл қабілеттерді біз бір ауыздан табиғи деп айтамыз және ол адамды ақыл-ойы бар жануар ретінде қарастырамыз” [21].

Адам өзінің еркіндігін сезінбесе оның әрекет етуі мүмкін емес. “Шіркеу иелерінің” теоцентристік дүниетанымында ерік-жігер еркіндігі түсінігін адам рухының аяқ асты туындайтын ішкі сезімдерін қасиеттерін түсіндіру үшін пайдаланған. Ерік-жігер еркіндігі көбінесе адамдарды күнәкәрлік әрекеттерге итермелейтін, адамның индетерменистік қылықтарын ақтау жолы болды. Сондықтан да, Гоббс ерік-жігер еркіндігі түсінігіне еркіндік түсінігін қарсы қояды, еркіндік және қажеттіліктің белгілі бір тұтастығы идеясын философия үшін маңызды деп тұжырымдайды. Кейіннен бұл мәселе бойынша Спиноза Гоббстың ізін басушы болды. Ол “еркіндік және қажеттілік үйлеседі”, - деп мәлімдейді. Дене қалай ұзындықпен өлшенсе, сол сияқты еркіндік те қажеттіліксіз өмір сүрмейді. Еркіндік түсінігі қажеттілік түсінігінің толықтырушысы болып табылады. Мәселен, су біркелкі ағып жатыр, бірақ міндетті түрде өзен арнасымен ағады, яғни су ағыны арнамен жүру қажеттілігіне байланысты. Адамның іс-әрекеттерінде де еркіндік пен қажеттіліктің қосылуы жүріп отырады. Бірақ адам еркіндігі тікелей еркіндік пен белгілі бір қажеттілік үйлесімділігіне тәуелді. Бұған көз жеткізу үшін Гоббстың философиялық доктринасының нәтижесі болып саналатын әлеуметтік-саяси білімін қарастыруға болады.

Гоббстың әлеуметтік-саяси тұжырымдамасы жеке-дара ұстанымдар тұрғысынан әлеуметтік өмірді талдау негізінде қаланған. Макиавеллидің ізімен Гоббс та қоғамды құтыла алмайтын зұлымдық, адам мүддесінен туындайтын әрекет ретінде қарастырады. Мұнда адам табиғаты өзіне тән өзімшілдіктің басымдылығына байланысты әлеуметке қарсы, қоғамға қас болып отыр. Гоббстың номиналистік позициясы жекені - негізгі, басты ретінде, қоғамдық мемлекеттікті - туындаушы және кейінгі ретінде қарастырды. Адамның қоғамдық істерге араласуы индивидтің жеке мүдделерін қанағаттандырылуына тікелей тәуелді. Қабілеттер теңдігі өз мақсаттарына жетуге бағытталған үміттер теңдігін туғызады. Бұл теңдік өзара бір-біріне сенімсіздік әкеледі. Өз мақсаттарына жетуге ұмтылған адамдар бірін-бірі жоюға немесе бағындыруға тырысады. Ал өзара сенімсіздіктің салдары - соғыс.

Гоббс адам табиғатында соғыстың үш негізгі себебін көрсетеді: бақталастық, сенімсіздік және атаққұмарлық [22].

Бірінші себеп пайда табу мақсатында адамдарды бір-біріне тиісуге мәжбүр етеді, екіншісі - өз қауіпсіздігі мақсатында, ал үшіншісі - абырой табу жолында. Ондай жағдайды Гоббс “адамның бір біріне қарсы жаугершілік күйі”, “табиғи жағдай” деп анықтап, мұны мемлекеттік ұйымның жоқ болуымен түсіндіреді. Гоббстың “табиғи жағдайы” - алғашқы қауымдық қоғам емес. Ол ұғым адам табиғатының “таза күйіндегі” ерекшеліктерін көрсететін рационалистік абстракцияны құрайды. Ондай жағдайда мораль шеттетіліп, адам өзінің құштарлық пен құмарлық сезімдеріне беріліп кетеді. Бұл өз қажеттіліктерін қанағаттандырудағы шексіз бостандық болып есептеледі. Алайда бұл бостандық елес қалпында қалады, өйткені ол қажеттілікпен байланысты емес, онымен шектелмеген. Мұндай бостандық “адам адамға қасқыр” жағдайын және адамның өзін-өзі жоюы қаупін тудырады. Осыдан Гоббстың табиғи жағдайдан мемлекеттік, қоғамдық жағдайға өту жөніндегі өмірлік қажеттілігі пайда болады, бұл қажеттілік бейбітшілікке жетуде адамның барлық табиғи құқықтарын шектейді. Мұндай шектеуге тәуелсіз және барлығына міндетті мемлекеттік билікті орнату туралы қоғамдық келісімді бекіту арқылы қол жеткізуге болады. Гоббс бойынша бұл келісім белгілі бір уақытта бекітілетін акт емес, ол адамдардың соған қажеттілігі туындағанын сезіну процесі.

Гоббстың мемлекет жайындағы ілімінің прогресшілдік маңыздылығы, оның мемлекет - құдайдың орнатқаны емес, адамзаттық деп қарастыруында жатыр. Халық игілігі мен бейбітшілікті қорғау - мемлекеттің негізгі заңы мен “табиғи құқықтың” негізі. Мемлекет табиғат заңдарының орнына қоғамдық заңдарды алға тартады, табиғи құқықтарды азамат құқықтарымен шектейді. Алайда табиғи құқықтар еш нәрсемен шектелмейтіндіктен, азаматтың құқықтары да шектелмейді. Бұл арқылы Гоббс мықты мемлекеттік билік қажеттілігін негіздейді және оның бөлінуіне жол бермейді. Билік бөлінетін болса, ол тек оны әлсіретеді деп есептейді.

Гоббс мемлекет туралы ілімінде мемлекеттік басқарудың үш формасын көрсетеді: демократия, аристократия және монархия. Мемлекеттік басқарудың ең қолайлы формасы ретінде монархияны, яғни заңдармен шектелген король билігін көрсетеді. Алайда басқару формаларын бөлудің маңызы жоқ, өйткені Гоббстың ойынша кез келген мемлекетті халық басқарады. Гоббс үшін ең маңыздысы - ол мемлекетті абсолюттік егемен ретінде мойындау. Күшті мемлекетті дәріптей отырып, ол Англияда жүріп жатқан азаматтық соғысты тоқтату мақсатындағы буржуазия диктатурасы теоретиктерінің алғашқыларының бірі болды. Гоббстың мемлекет туралы ілімі XVІІ - XVІІІ ғасырлардағы Еуропаның қоғамдық-саяси ойлардың дамуына үлкен ықпал етті.

Джон Локктың (1632 - 1704) социологиялық көзқарасында буржуа­зия мен дворяндардың арасындағы саяси ынтымақты келісім идеясы жатыр. Ол ағылшын буржуазиялық либерализмінің алғашқы өкілдерінің бірі, конституциялық монархияның жақтаушысы болып табылады. Оның әлеуметтік-саяси ойларының негізіне табиғи құқықтар мен қоғамдық келісім туралы ілімі жатады. Локктың “табиғи күйі” Гоббстың “адамдардың бір біріне қарсы жаугершілік күйіне” ұқсамайды. Ол бүкіл билік пен заңдылық өзара тепе-тең жағдайды көрсетеді деп есептейді. Локк бұл жағдайды тең қатынастардың, бостандықтың және адамдардың бір-біріне тәуелсіздігінің жиынтығы деп көрсетеді.

Адамдардың бақылауға келмейтін бостандықтарын табиғи заң шектейді, онда былай деп жазылған: “ешбір адам басқа адамның өмірін, денсаулығын, бостандығын не оның мүлкін шектей алмайды” [23]. Бірақ біртіндеп табиғи заң бұзыла бастады. Табиғи күйден “адамдардың бір біріне қарсы соғыс күйіне” ауысу белгілері пайда бола бастады. Мұның себебін Локк халықтардың өсуімен түсіндірді. Мұндай жағдайда адамдар мемлекетті орнатып, келісімнің негізінде құрылған билікке табиғи құқықтардың бір бөлігін беруді қажет деп санады. Билік адамдардың жеке бостандығы мен мүлкі сияқты “табиғи заңдарды” қорғауға міндетті. Сонымен қатар билік абсолютті бола алмайды, оның өзі заңдарға бағынуға міндетті. Егер билік заңға қарсы іс-әрекет етіп, құқықты бұзса, онда халық өзіне егемен құқығын қайтарып, үкіметпен келісімін бұзып, басқа үкімет орнатып, оған егемендікті бере алады. Бұл жағдайлар Локк заманындағы Англияда жүріп жатты. Осылай ол В.Оранскийдің буржуазиялық-дворяндық партиясының билікке келуін теориялық жағынан түсіндіруге тырысты.

Локк өзінің “Басқару туралы екі трактатында” буржуазиялық парламентаризм теориясын дамытады. Оның ойынша саналы құрылған мемлекет биліктің үш элементіне ие болады: заң шығарушы (парламент), атқарушы (сот және әскер) және “федеративті” сыртқы қатынастарды (король мен министрлер) басқарушы. Мемлекетте басты рөл заң шығарушы биліктің қолында болуы керек. Билікті дұрыс бөлу теориясы абсолюттік монархияға қарсы бағытталған және бұл бөлініс буржуазия мен буржуазияланған дворяндықтардың арасында бейнеленеді.

Локктың әлеуметтік-саяси көзқарасы, соның ішінде оның қоғамдық келісім идеясы және билікті дұрыс бөлу теориясы Гоббстың көзқарастарымен салыстырғанда неғұрлым алда. Оның ілімдерін кейін француз революциясының идеологтары мен XVІІІ ғасыр ағартушылары пайдаланды.

Дэвид Юм (1711 - 1776). Қоғамдық келісім теориясының утопизмін көрсетуге тырысып, адамзат тарихын табиғи және қоғамдық жағдайлар кезеңіне бөлуді теріске шығарады. Юм бойынша адамдардың қоғамға дейінгі жағдайы болмағандықтан, оның қоғамдық жағдайға тарихи дәуір ретінде өтуі де мүмкін емес. Алғашқы кездің өзінде адамдар қоғамдық жағдайдың шеңберінде болып, соның шарттарында дамиды. Алайда қоғам мен мемлекетті бірдей тең көру дұрыс емес. “Адам табиғаты трактатында” Юм адамзат қоғамының саяси ұйымға өтуі отбасы институты арқылы жүргізілген деп есептейді. Яғни әлі дамымаған тайпалар өмірінде отбасы түріндегі қоғамдық жағдайдың элементтері пайда болған. Әкенің балалары алдындағы билігі мемлекеттік биліктің бейнесі ретінде қарастырылды. Отбасы басшысының билігінен жалпы тәртіп пен әділеттілік органы ретіндегі саяси билікке өту жолын Юм мемлекеттіліктің құрылуы мен даму жолы деп есептейді.

“Алғашқы келісім туралы” еңбегінде үкімет билігін орнатуға қатысты адамдар мен оның конституциялануына себепкер болушы адамдар арасындағы ерікті келісім орнату ойы айтылады. Сонда мұның өзі “ортақ мүдде үшін қандай да бір уәде бермей-ақ, келісім де жасамай-ақ екі адамның қайық есіп отырғанындай” “үнсіз үндестігі” түріндегі қоғамдық келісімнің бастамасы болып шығады [24].

Француз ағартушылығы

 

XVІІІ ғасырдағы Франциядағы феодалдық дүниетанымға қарсы күресте буржуазияның саяси санасының қалыптасуы идеялық күрестің классикалық мысалы бола алады. Осы күрес барысында ерте антифеодалдық революциялар дәуіріндегі әлеуметтік-саяси ойдың дамуын анықтайтын жалпы заңдылықтар мен тенденциялар айқындала бастады. Францияда антифеодалдық қозғалыс бағдарламасын әр түрлі саяси бағыттағы өкілдер: ағартушылар, революциялық демократтар және т.б. жасап шығарды.

Идеялық қозғалыс ретінде ағартушылықтың әлеуметтік-саяси идеологиясының дамуында заңды орны бар. Ағартушылардың қозғалысы елде революциялық жағдай әлі орнамаған кезде, буржуазиялық құрылымға өтуде, идеологиялық дайындықтың ерте кезеңдерінде пайда болды. Ағартушылық ілімдер білім мен реформалар тарату арқылы қайта құруға үміттенген әлеуметтік тап мүдделерін білдірді. Феодалдық құрылым дағдарысының өршуіне байланысты ағартушылықтан қоғамдық ойдың революциялық демократиялық бағыты бөлініп шықты [25].

Француз ағартушылығының жалпыға танымал көшбастаушысы аса көрнекті жазушы әрі философ Вольтер (лақап аты, шын аты Франсуа Аруэ, 1694 - 1778) болды. Вольтер деизм философиясын жақтады. “Христиандық пен ақыл-ой бір мезгілде өмір сүре алмайды”, - деп жазды ол. Білімді адамдар христиандық жаңалықтарды қажетсінбейді. Жазалаушы құдайға деген сенімді білімсіздерге (“қараңғыларға”, сонымен қатар санасыз басқарушыларға) мінез-құлықтың имандылық бейнесін үйрету үшін ғана сақтап қалу керек.

Вольтер феодалдық тәртіптерді рационализм позициясы тұрғысынан сынады. Философтың көзқарасы бойынша қатал басқарудың орнына әр адамға табиғи құқықтары жеке басының бостандығы, жеке мүлікке ие болу құқығы, баспасөз бостандығы және ар-ождан бостандығы және т.б. берілетін ақыл-ой мен еркіндік үстемдік құратын болады. Вольтер бостандықты адамның шығармашылық бастамасын, жеке кәсіпкерлік іс-әрекетін шектейтін феодалдық қалдықтарды жою деп түсінді. Ол бостандықты азаматтардың зорлық-зомбылықтан тәуелсіз болуы деп біліп, адамның бостандығы тек заңдарға ғана тәуелді болады деп есептеді.

Вольтер белгілеген крепостнойлық құқықты жою бағдарламасы шіркеу мен мемлекетке кіріптар болған крепостной шаруаларды азат етуді көздеді. Ал помещиктік шаруаларға келетін болсақ, Вольтердің пікірінше, оларды иесінің келісімімен ғана, онда да сатып алу арқылы босату керек. Ілімнің бұл бөлігінде оның дворяндықпен ымыраласуға ұмтылысы байқалады.

Болашақ “ақыл-ой үстемдігінің” саяси ұйымын Вольтер жан-жақты айқындауға ұмтылған жоқ. Ол билікті жүзеге асырудағы заңды және либералдық тәсілдер идеясын насихаттауға назар аударып, мемлекеттің жетілген құрылым жобаларын жүзеге асыруды басқа ағартушыларға қалдырады. Вольтер үшін бір нәрсе анық - мемлекетті тек меншік иелері басқаруы керек. Табиғи тепе-тендікті мойындай отырып, барлық адамдарды тең деп есептеген Вольтер әлеуметтік тендікке де, саяси теңсіздікке де батыл қарсы шығады. Теориялық тұрғыдан ол республиканы қолдады, бірақ республика тәжірибе жүзінде қолданысқа қолайсыз деп есептеді. Вольтер Англияның парламенттік мекемесін өз заманындағы мемлекеттік ұйымның үлгісі деп атады. Ал саяси идеал ретінде, әсіресе соңғы еңбектерінде билікті бөлу идеясына жақын келді [26].

Қоғамда өтіп жатқан өзгерістерді философ білімнің дамуымен және мәдениеттің өркендеуімен байланыстырды, ал бұл оның пікірінше басқарушыларға реформалардың қажеттілігін мойындататын болады. Басқарушыларды ақиқат жолына бағыттау мақсатында ол Фридрих Прусскийге бармақ болып, Екатерина ІІ-мен хат алысуға кірісті.

Вольтердің революцияға деген көзқарасы XVІІІ ғасырдағы француз ағартушыларына тән болды. Мұның алдындағы революцияларды ақтау (мысалы, ағылшын королі Карл І-ні жазалау), тирандарды жоюды армандау қан төкпеу туралы, азамат соғысының зиянды зардаптары туралы ойлармен, т.б. үйлесіп жатты. Либералды буржуазияның идеологиясында бұл ой-пікірлерге еңбекшілер бұқарасының бас көтеруінен үрейлену де болды. Ағартушылар реформалардың жоғарыдан біртіндеп жасалуынан үміттенді.

Вольтердің ойшыл ретіндегі тарихи орны оның француз ағартушылығының бағдарламасын жасауымен, бірнеше іргелі-методологиялық мәселелерді қоюымен және дінді ағартушылық сынаудың негіздерін қалауымен анықталады. Вольтердің әлеуметтік идеялары француз буржуазиясының сауда-өнеркәсіп иелерінің мүдделерімен сәйкес келді. Объективті маңызы бойынша оның идеялары революциялық сипатта болды: олар қоғамның прогресшіл күшін феодалдық тәртіпті жоюға және абсолютизмді құлатуға бағыттады.

Вольтер өзінің саяси теориясын жасамай тұрып, саяси-құқықтық ілімнің одан әрі дамуына негіз дайындаған идеологтардың қатарына жатады. Вольтер идеяларының ықпалын француз ағартушыларының бәрі азды-көпті сезінді.

Аса көрнекті француз философы, жазушысы, педагогиканың теоретигі Жан-Жак РуссоНЫҢ (1712 - 1778) әлеуметтік көзқарастары оның “Қоғамдық келісім туралы немесе саяси құқық принциптері” трактатында (1762 жылы; бұл - ойшылдың басты еңбегі) және “Адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы және негіздері” деген тарихи очеркінде неғұрлым толық негізделді.

Өзінің әлеуметтік-саяси ілімінде Руссо XVІІІ ғасырдағы басқа да көптеген философтар сияқты табиғи (мемлекетке дейінгі) жағдайға сүйенді. Алайда оның табиғи жағдайды түсіндіруі басқаларға қарағанда едәуір ерекше болды.

Руссоның суреттеуінше алғашқы кезде адамдар аңдар тәрізді өмір сүрді. Олардың қоғамдық дейтін еш нәрсесі болған жоқ, мүлкі немесе моралі тұрмақ тілі де болмаған. Олардың арасында теңдік болды және еркін өмір сүрді. Сонан соң адамның дағдысы мен білімінің, еңбек құралдарының жетілуіне қарай қоғамдық қатынастар орнап, біртіндеп әлеуметтік құрылымдар - отбасы, ұлыс пайда бола бастады. Еркіндігін сақтай отырып, адамның жабайылық қалпынан қоғамдық күйге өту кезеңін Руссо “ең бақытты дәуір” деп есептеді. Оның пікірінше өркениеттің әрі қарай дамуы қоғамдық теңсіздіктің пайда болуымен және өсуімен немесе еркіндіктің кері кетуімен байланысты болды [27].

Уақыт жағынан алғанда алғаш мүліктік теңсіздік пайда болды. Ілімге сәйкес ол жерге жеке меншік орнатудың салдарынан қалыптасты. Табиғи жағдайдың орнына осы уақыттан бастап азаматтық қоғам келеді. Жеке меншік пайда болысымен қоғам байлар мен кедейлерге бөліне бастады.

Қоғамдық өмірдің келесі сатысында саяси теңсіздік пайда болады. Бұл сатыда мүліктік теңсіздік қоғамның басқарушылар мен бағынушыларға бөлінуімен толықтырылды. Қабылданған заңдар Руссоның сөздері бойынша, табиғи еркіндікті қайтып келместей етіп жойды, меншікті біржолата орнықтырып, ат төбеліндей азшылықтың пайдасына бола “бүкіл адамзат баласын еңбекке, құлдыққа және кедейшілікке кіріптар етіп қойды”.

Ақырында теңсіздіктің ең соңғы шегі мемлекеттің деспотияға ұласуынан пайда болады. Мұндай мемлекетте басқарушылар да, заңдар да жоқ - тек тирандар ғана болады. Ендігі жерде жеке адамдар қайтадан бір-бірімен тең болады, өйткені деспоттың алдында олар мүсәпір. Бәрі осымен шектеледі, - дейді Руссо, - халық жаңа табиғи жағдайға аяқ басады, оның бұрынғыдай бір айырмашылығы - наразылық күшейе түседі [28].

Руссоның теңсіздіктердің пайда болу туралы ілімі бұрынғы әдебиетте кездеспеген ілім. Табиғи құқық теориясының теориясы мен жалпы нобайын (табиғи жағдай, азаматтық қоғамға және мемлекетке өту) пайдалана отырып, Руссо мүлдем жаңа бір доктринаны ұсынады. Рационализм философиясының абстрактілі құрылымын ол тарихи мазмұнмен толықтырады. Руссо қоғамның пайда болып дамуын бақылай отырып, осынау процестің ішкі динамикасын түсіндіруге тырысады. Ойшылдың әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі есебінен қоғамның дамуы туралы ілімінде тарихи диалектиканың элементтері кездеседі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: