Таксономиясы. Тұқымдастығы: Bacillaceae

Тұқымдастығы: Bacillaceae

Туыстастығы: Clostridium

Түрі: Cl.botulinum.

Морфологиясы. Грам оң таяқшалар, спора түзеді, перитрихтары бар. Субтерминальды спорасы бар таяқшаның түрі тенис ракеткасына ұқсайды. Ботулизм таяқшасының физиологиялық ерекшеліктері:

1. Облигатты анаэроб

2. Сапрофит.

Дақылдандандыру. C.botulinum – қатаң анаэроб. Өсу үшін қолайлы температура 28ә-370С, ортаның рН 7,2–7,4 болуы қажет. Қанды агарда майда мөлдір, гемолизбен қоршалған колониялар түзеді. Жоғары бағаналы қант агарында ұлпа немесе жасымық дәндері түрінде өседі. Алдын ала сұйық қоректік орталарды 15-20 мин қайнатып, жылдам салқындатып тексеретін материалды сепкенде жақсы өседі (Китт-Тароцци, казеин, ет немесе балық гидролизатынан дайындаған сорпа).

Ферменттік белсенділігі. C.botulinum қанттық және протеолитикалық ферменттерге өте бай. Биохимиялық белсенділігі бойынша 4 топқа бөледі:

І топтың клостридиялары – протеолитикалық қасиеті басым, желатин және эскулинді гидролиздейді, глюкоза мен мальтозаны ыдыратады, жұмыртқалық агарда липазалық белсенділік көрсетеді.

ІІ топтың клостридиялары – қантты ыдырату қасиетіне ие, протеолитикалық қасиеті жоқ.

ІІІ топтың клостридиялары – липазалық қасиеті бар және желатинді гидролиздейді

ІV топтың клостридиялары – желатинді гидролиздейді, қантты ыдырату және липазалық белсенділігі жоқ, сондықтан бұлар жеке түрге бөлінген – Clostridium argentiense.

C.botulinum-ның барлық типтері желатиназа, лецитиназа және Н2S өндіреді. Қантты ыдырату белсенділігі жоғары. А, В, Е, F типтері глюкоза, левулеза, фруктоза, мальтоза және сахарозаны, С және D типтері – глюкоза және мальтозаны ыдыратады; G типі көмірсуларды ыдыратпайды. C.botulinum-нің А және В типтері жоғары протеолитикалық қасиетке ие, ұйып қалған жұмыртқа ақуызын ыдыратады, желатинді гидролиздейді.

Антигендік қасиеті. Қоздырғыштың идентификациясын жүргізу үшін ең маңыздысы – C.вotulinum–нің экзотоксин түзуі. Экзотоксиннің антигендік спецификалылығы бойынша ботулизм қоздырғышының 8 серологиялық варианттарын ажыратады: – А, В, СІ(α), СІІ(β), D, Е, F, G. Ең көп таралған сероварлары: А, В, Е.

Патогенділік факторлары. Cl.botulinum патогенділік факторы - нейротоксиндік және гемаглютинациялаушы әсер ететін термостабильді экзотоксин. Барлық биологиялық улардың арасында C. botilinum экзотоксині ең күшті у. Экзотоксиннің 0,3 мкг мөлшері адамды өлтіреді (токсиннің 1г – ның 1012-сі адамға DLМ). Ботулизм экзотоксині нейротоксикалық, геммагглютинациялық әсер етеді. Оның ерекшеліктері – жоғары температураға (100әС 10-15 минут шыдайды), қышқылды рН, NaCl жоғары концетрацияларына, ас қорыту ферменттеріне төзімді.

Резистенттілігі. C.botulinum ұзақ уақыт топырақта сақталады, оның споралары физикалық және химиялық әсерлерге төзімді (қайнатқанда 3–5 сағат шыдайды).

Эпидемиологиясы. Ботулизм қоздырғышы табиғатта кең таралған. Табиғи иесінде ботулизм қоздырғышының вегетативті түрлерінің орналасатын жері – жануарлар, балықтар, шаянтәрізділердің ішегі. Ботулизм қоздырғыштарының споралары мен вегетативті түрлерінің табиғи тіршілік ету ортасы - топырақ, су.

Топырақта C. botulinum спора түрінде ұзақ уақыт сақталады және көбейе алады. Сондықтан ботулизмді сапронозды аурулар қатарына жатқызады. Топырақ арқылы ботулизм таяқшасы тағамға түсіп, көбейіп экзотоксин бөледі. Инфекцияның таралу жолы - тағамдық. Инфекция таралуына консервілер (саңырауқұлақ, жеміс-жидек, ет, балық консервілері) жиі себепкер болады. Адамнан адамға ауру берілмейді.

Патогенезі. Ботулизмнің берілу факторлары: тамақ өнімдері, үйде жасалынған консервілер. Инфекцияның берілу жолы: тамақ арқылы (алиментарлы жол).

Ботулизм патогенезінің ерекшеліктері:

Инкубациялық кезеңі өте қысқа (сағаттар) астан улану.

Қарқынды дамитын жалпы улану құбылысы.

Бульбарлы жүйке орталықтарының зақымдалуы.

Сал болудың дамуы.

Ботулизм кезіндегі қысқа инкубациялық кезең себебі – тамақ өнімдерінде жинақталатын өте күшті экзогенді нейротоксиннің ағзаға әсер етуі. Басқа АУ (астан улану) қоздыратын экзотоксиндерінен ботулизм экзотоксинінің ерекшелігі – өте күшті нейротропты және әлсіз энтеротропты әсері. Ботулотоксиннің әсер ету механизмі: ацетилхолин бөлінуінің Са–тәуелді ингибиторы болып табылады, нерв-бұлшықеттік синапстар арқылы импульстің берілуін тежейді, соның салдарынан бұлшықеттің сал болуы дамиды.

Ботулизм токсині тағаммен бірге ас қорыту жолдарына түседі. Ас қорыту ферменттеріне тұрақты токсин ішек қабырғалары арқылы сіңіріліп қанға таралады, ұзақ уақыт токсинемия тудырады. Токсин жүйке жасушаларымен байланысып, жүйке-бұлшықет синапстары арқылы импульстің берілуіне тосқауыл жасайды. Нәтижесінде көмей, кеңірдек, тыныс алу бұлшық еттерінің сал болуын туғызып, жұту, дем алу, дем шығару фазаларына, көздің көру қабілетіне кедергі жасайды.

Клиникалық көріністері. Инкубациялық кезеңі 6–24 сағаттан 2–6 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Инкубациялық кезең аз болған сайын, ауру ағымы ауырлайды. Ботулизмнің ерте клиникалық белгілері: аккомодацияның бұзылуы, көзге қосарланып көріну, қарашықтың ұлғаюы, жұтудың бұзылуы, афония. Ауру жедел басталады, бірақ дене қызбасы қалыпта болады. Ботулизмнің әр түрлі клиникалық белгілері болуы мүмкін – асқазан-ішек жолының зақымданулары, көз көрудің немесе тыныс алу қызметінің бұзылуы. Бірінші жағдайда - ауыз қуысының құрғауы, құсу, лоқсу, жүрек айнуы, диареямен басталады. Екінші жағдайда – көздің көру бұзылысымен (науқас көзінің алдында “тұман“ тұрған сияқты деп айтуы мүмкін), қосарланып көрінуімен (диплопия) сипатталады. Көмей бұлшық етінің сал болуы нәтижесінде аурудың дауысы қарлығып, дауысы шықпай қалады. Тыныс алу жүйесінің сал болуынан науқас қайтыс болуы мүмкін. Ауру жедел пневмониямен, токсикалық миокардитпен, сепсиспен асқынады. Ботулизм кезінде леталді жағдай 15–30% құрайды.

Иммунитеті. Типоспецификалық антитоксикалық, кернеулілігі толық зерттелмеген. Инфекциядан соң иммунитет қалыптаспайды, себебі ботулотоксиннің улық дозасы бірнеше мәрте иммуногенді дозадан төмен. Ауру барысында түзілген антиденелер белгілі бір серологиялық варианттарға қарсы бағытталған.

Микробиологиялық диагноз қою. Ботулизмге зертханалық диагноз қоюдың принципі – қоздырғышты немесе токсинін табу. Негізгі әдістері: бактериологиялық және биологиялық сынақ. Зерттелетін заттар: ас қалдықтары, қан, құсық массасы мен шайынды сулар.

Зерттеу затын себу беті вазелин майымен жабылған сұйық орта құйылған 4 пробиркада жүргізіледі: екі пробирка 20 минут 600С-та жылытылған ортада 280 С-та инкубациялайды, қалған екі пробирканы 800 С- та жылытлған ортада 20 минкут 35-370С-та инкубациялайды. 48 сағаттан соң 35-370С-та инкубацияланған себінділерді ботулизмнің А және В типтерінің токсиндерінің бары-жоғына зерттеулер жүргізеді. 280С-та өсірілген себінділерді прототоксинді белсендіру үшін алдын ала протеолитикалық ферменттермен өңдеп алады.

Ботулотоксиннің типін тауып ажырату үшін қолданылатын реакция: антитоксикалық типтік сарысуларды қолдану арқылы тышқандарға бейтараптау реакциясын қою. Зерттеу затында токсиннің бір типінің бар екендігін растайды (сынама нәтижесінде зерттелетін заттан алынған токсинді сәйкес келген типтік антитоксикалық сарысу бейтараптаған аралас зат енгізілген тышқаннан басқа тышқандар өліп қалады).

Ботулизмге диагноз қоюдың критерийлері:

Клиникалық көріністерімен қатар науқас ағзасында (қанда, құсық массасында, асқазанның шайынды суларында) ботулиндік токсинді анықтау «ботулизм» диагнозын қоюға мүмкіндік береді.

Науқастан немесе мәйіттен және күдікті тағамдардан алынған заттарда ботулиндік токсиннің табылуы «ботулизм» диагнозын растайды.

Патологиялық заттар мен тағамдық заттардан C. botulinum табылып, идентификациялануы диагнозды нақтылайтын белгі болып табылады.

Емдеуі. Ботулизмнің арнайы емі: А, В, Е токсиндеріне әсер ететін ботулинге қарсы сарысулар немесе гомологиялы иммундыглобулин.

Алдын алуы. Ботулизмнің алдын–алу шарасы – үй жағдайында консервілер және тағамдар дайындау технологиясын дұрыс сақтау. Ботулизмнің жұғу көзі болған тағамдар жеген, бірақ әлі ауырмаған адамдардың жедел профилактикасы үшін қолданылатын препарат: А, В, Е ботулинтоксиндеріне қарсы моновалентті сарысулардың қоспасы. Ботулизмнің арнайы белсенді алдын алу үшін қоданылатын препараттар: Трианатоксин. Құрамында А, В, Е, ботулиндік анатоксиндері бар және Тетраанатоксин. Құрамына А, В, Е, ботулиндік анатоксиндері және сіреспе анатоксині кіреді.Жедел алдын алу – ботулизмге қарсы сарысу көмегімен іске асырылады.

14.4.3.2 Лактобациллалар (Lactobacillus туыстастығы)


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: