double arrow

Таксономиясы. Тұқымдастығы: Lactobacillaceae

Тұқымдастығы: Lactobacillaceae.

Туыстастығы: Listeria.

Түрлері: L.innocua, L.monocytogenes, L.welshimeri, L.iwanovii, L.rayi, L.murrayi.

Туыстастық хирург Д.Листер атымен аталған. Listeria туыстастығына бактерияның 6 түрі кіреді. Адамдар мен жануарларға тек қана L.monocytogenes патогенді, ал L.iwanovii жануарларға патогенді. L.monocytogenes–тің 16 серовары бар.

Морфологиясы. Listeria monocytogenes – қысқа, аздап иілген, грам оң, полиморфты, қозғалмалы таяқша. Жағындыда бір-біріне қатарласып немесе бұрыш құрып жиі орналасады. Талшықтары және капсуласы бар, спора түзбейді.

Дақылдандыру. Листериоз қоздырғышы факультативті анаэроб,кеңінен қолданатын қоректік орталарда сілтілі жағдайда және 370С температурада өседі (бірақ нашар өседі). Қан қосылған қоректік ортада жақсы өседі – ұсақ, жартылай мөлдір, нәзік гемолиз аймағы бар колониялар түзеді. Кейбір штамдары сары немесе қызыл пигмент түзеді. Микроаэрофилдер болғандықтан 5-10% СО2 бар атмосферада жақсы дамиды.

Ферменттік белсенділігі. Биохимиялық белсенділігі төмен. Глюкозаны қышқылға дейін ыдыратуы мүмкін. Индол, күкіртті сутек бөлмейді, желатинді ыдыратпайды, каталаза түзеді.

Антигендік қасиеті. Листериялар 16 серологиялық варианттардан тұрады, оның ішінде 15 соматикалық О антигенге және 5 флагеллярлық Н антигенге ие. Әр түрлі сероварларға жататын листериялар бір бірінен дақылдық және биохимиялық қасиеттерімен ерекшеленбейді, сондай-ақ олар иесінің биологиялық типіне де тәуелді болмайды.

Патогенділік факторлары. Листериоз қоздырғышы эндотоксин түзеді. Эндотоксинінің гемолитикалық және лецитовителлазалық белсенділігі бар, моноциттерді ынталандырушы қасиетке ие (осыған байланысты monocytogenes деп аталады).

Патогенді листерияларда биологиялық белсенді молекулалар мен ақуыздар жиынтығы кездеседі (листериолизин О, фосфолипаза С, лецитиназа, интерналин, ActA және PrfA ақуыздары). Бұлар листерияларға тек қана фагоциттарда ғана емес, сонымен қатар эпителиялық және эндотелиялық жасушаларға белсенді түрде еніп, көбеюлеріне мүмкіндік береді. Эндотелиялық жасушаларды бұзып, қан тамырларына енгеннен кейін қоздырғыш ми тіндері мен плацентаны зақымдауға мүмкіндік алады(14.17.-кесте).

Кесте 14.17.

Listeria monocytogenes-тің вируленттік факторлары

Вируленттік факторлары Биологиялық әсері
Интерналин Бактериялардың фагоциттермен және эндотелий жасушаларымен жұтылуына қатысады.
Гемолизин (листериолизин О) Эритроциттерді гемолиздейді, фагосома мембранасын бұзады.
Фосфолипаза С Жасуша мембранасын бұзады.

Резистенттілігі. Листериоз қодырғышыжабайы және үй жануарларының, құстардың, балықтар мен жәндіктердің 90-нан астам түрлерінен табылған. Олар қоршаған орта объектілерінде кеңінен тараған: топырақта, суда, қида, жануарлар төсеніштерінде, сүрлемде және т.б. Листериялар айтарлықтай тұрақты: төменгі температурада, кептіргенде жақсы сақталады, қайнатқанда 3-5 минут ішінде жойылады. Төменгі температура жағдайында суда, дәндерде, сабанда бірнеше жылдар бойы сақталуы мүмкін. Сүт пен етте 40С –та жойылмайды, және де көбейе алады.

Эпидемиологиясы. Листериоз сапронозды инфекцияларға жатады, сыртқы қоршаған орта негізгі тіршілік ететін орыны. Листериялар көптеген табиғи нысандарда табылған, ең алдымен сүр шөпте және басқа малазықтық өсімдіктерде анықталған.

Листериоздың негізгі таралу жолдары – алиментарлық (ет, сүт, сыр, көкөністі қолданғанда). Сонымен қатар, су, қарым-қатынас (ауру жануарларды күткенде жұқтырады) арқылы таралуы мүмкін. Ауа-шаң арқылы жұғуы – жануарлардың жүнін, терісін өңдеген кезде болады.

Адамдарға инфекция көзі кеміргіштер, ауылшаруашылық жанурлары болып табылады. Жұқтырылған адам инфекция көзі болып перинатальды немесе неонатальды патологиялар туындайтын жағдайдар да болуы мүмкін. Қазіргі кезде адамдарға тағамдық азық-түліктерден дайын немесе жартылай дайын ас (ірімшіктер, сүт тағамдары, еттен, тауықтан және балықтан дайындаған жартылай дайын астар, көкөністер) дайындаған кезде листериялармен ластану мүмкіншілігін төндіреді.

Көп жағдайда инфекция бірен-саран кездесіп отырады. Листериоз жүкті әйелдерге өте қауіпті, себебі олардың иммунды статусы төмен. Жалпы листериозбен ауырғандардың 20-30 пайызын жүктілер құрайды. Инфекция анасынан трансплацентарлық жолмен ұрыққа беріледі, соның нәтижесінде мерзімнен бұрын немесе ұрық өлі туады, туған соң ақаулар дамуынан қайтыс болады (80% жағдайда ұрық өлімге ұшырайды). Тасымалдаушылық болуы мүмкін, ұзақтығы анықталмаған.

Патогенезі. Листериоз көбінесе әлсіреген иммундық статус негізінде дамиды. Жүктілер, ЖИТС-пен ауыратын немесе АИВ-жұқтырылғандар арасында және де басқа да иммундық патологиясы бар науқастарда жиі кездеседі. Эпителиялық және эндотелиялық жасушалардың зақымдануы салдарынан бактериемия, бауыр, көкбауыр, лимфа түйіндерінің, жүйке жүйесінің зақымдалуы байқалады. Ішкі ағзаларда зақымдалған жасушаларда түйіншектер – листериомалар түзіліп, келесі кезеңінде листериомалардың некрозы мен ағзалардың дистрофиясы дамиды. Бұл - созылмалы түрлердің дамуына әкеліп соқтырады.

Инфекцияның ену қақпасы – көбіне ас қорыту, тыныс алу жолдарының шырышты қабығы, жарақатталған тері болады. Листериялар ыдырағанда ағзада интоксикация туғызатын эндотоксин бөледі. Фагоциттердің зақымдалуы нәтижесінде иммундытапшылық жағдайы асқынады.

Клиникалық көріністері. Жасырын кезеңі 3 аптадан 70 күнге дейін созылады. Науқастар арасында көп жағдайларда ОЖЖ зақымдалуы басымдылық көрсетуі мүмкін (менингиттер, энцефалиттер, мидың абсцесі, психоздар), кей кездерде баспа, сепсис, сүзек түрінде өтеді. Ағымы бойынша листериоздың жедел, жедел асты және созылмалы түрлері бар. Сепсис түріндегі листериоз жаңа туылған нәрестелерде анағұрлым ауыр өтіп жоғары өлімге әкеледі (50%-дан жоғары).

Иммунитеті. Ауырғаннан кейін негізінде жасушалық сипаттағы, тұрақсыз иммунитет қалыптасады.

Микробиологиялық диагноз қою. Зерттеу әдістері – бактериологиялық, серологиялық, аллергиялық, ПТР. Жеделдетілген әдіс: ИФР, Калина модификациясы бойынша грамша бояу. Листериоздық инфекцияның ең ақырғы диагнозын қою үшін L. monocytogenes-тің таза дақылын бөліп алып, стандартты микробиологиялық әдістермен идентификациясын жүргізу қажет.

Бактериологиялық әдіс. Зерттеу заты ретінде – қан, жұлын сұйықтығы, көмей шайындысы, ұрық айналасындағы су алынады. Алынған заттарда микрофлора өте аз болады, сондықтан оны алдымен байытып алады. Зерттеу затын – глюкозалы-сарысулы сорпаға, глюкозалы-қанды агарға сеуіп, таза дақылын бөліп алып, грамша бояу, ферменттік қасиеттерін, АР, антибиотикке сезімталдығын анықтайды. Листерияларды бөліп алуда кеңінен таралған селективті орталарға Оксфорд-агар және ПАЛКАМ-агар жатады. Оксфорд-агарда 24 сағаттан кейін ұсақ (диаметрі 1мм), қара қоршауы бар, сұрлау колониялар өсіп шығады. 48 сағаттан кейін колониялар қарая түсіп, диаметрі 2мм-ге ұлғаяды. ПАЛКАМ-агарда 24 сағаттан кейін ұсақ, диаметрі 1мм, жасыл-сұр немесе зәйтүнді-жасыл түсті, ортасы қара колониялар өсіп шығады. Колонияларды қызыл түсті агар үстінде қара аумақтар қоршап жатады. 48 сағаттан кейін колониялар көлемі 1,5-2мм-ге жетіп, ортасы ішіне қарай түсіп, жасыл түсі мен қара қоршауын сақтап қалады.

Селективті орталарға себінді жасау тікелей клиникалық заттан да, байыту ортасында өсірілген дақылдан да жүргізіледі. Себінділерді 48 сағат, 300С-та инкубациялайды. Листериялар өсу барысында эскулинді пайдалануы және агардың қараюы көрініс береді. Келесі кезеңде патогенді листерияға күдік туғызатын, шеттері қарайған, ұсақ, сәл бұлыңғырланған колонияларды листерияларды идентификациялауға ұсынылған селективті орталарға себеді.

Селективті-дифференциалды диагностикалық орталарда өсіп шыққан, листерия деп болжап отырған колонияларды ары қарай идентификациялау үшін 1% глюкоза немесе ЛФГА қосылған ЕПА-ға, ашытқы экстракты бар триптонды-соялы агарға себінді жасайды. Себінділерді 24 сағатқа (300С) термостатта қалдырады. Ашытқы экстракты бар триптонды-соялы агарда диаметрі 1-2мм, томпайған, түссіз, бұлыңғыр, беті шықталған, тұзды ерітіндіге ауыстырған кезде агар бетінен оңай алынатын, гомогенді суспензия түзетін колониялар өседі. 1% глюкоза немесе ЛФГА қосылған ЕПА-да листериялар ұсақ, сұрлау түсті, жартылай бұлыңғыр, шықталған колониялар түзеді.

Сонымен, L. monocytogenes-ке зерттеулер жүргізу барысында зерттеу затынан грамша оң боялатын таяқшалар табылса, каталаза-оң, 18-200С–та қозғалмалы, 360С–та қозғалмайтын, эскулинді пайдаланатын, рамнозаны қышқыл түзе отырып ыдырататын, маннит пен ксилозаны ыдыратпайтын, қанды агарда β-гемолиз аймағын түзетін қоздырғыштар табылса, таза дақылын бөліп алдық деп санауға болады.

Серологиялық әдістер. КБР, қос сарысумен қойылатын жанама гемагглютинациялық реакция, ИФТ және листериозды диагностикуммен қойылатын АР (динамикалық түрде) жүргізіледі. Молекулалық-генетикалық әдіс: ПТР.

Емдеуі. Антибиотиктер тағайындайды. 2-6 апта бойында ампицилин мен гентамицинді клиникалық көріністеріне қарап тағайындайды.

Алдын алуы. Арнайы профилактикасы жоқ.Бейспецификалық сақтандыру жүргізіледі. Инфекция ошағындағы жануарлардың еті мен сүтін тек жоғары температурамен өңдеуден кейін ғана пайдаланады. Жүкті әйелдерді жануарлармен қатынаста болмайтын жұмысқа ауыстыру қажет.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: