Коринебактериялар грам оң, тік немесе сәл иілген, дұрыс емес пішінді, нәзік таяқшалар, шеттері доғалданған немесе қолшоқпар тәрізді болып келеді(35- сурет). Екі шеттеріндегі жуанданулар жасуша ішінде кездесетін «валютин», басқаша атағанда Бабеш-Эрнст дәндерінің арқасында болады, бұлар полиметафосфаттардан тұрады, қоректік зат қоры болып табылады. Қозғалмайды, спора түзбейді, қышқылдарға сезімтал. Факультативті анаэробтар. Өсіп - көбею үшін арнайы қоректік орталарды қажет етеді (сары су немесе қан қосылған қоректік орта). Каталаза түзеді. Табиғатта кеңінен таралған, адамның және жануарлардың қалыпты микрофлора құрамына кіреді.
Туыстастыққа 20-дан астам түрлер кіреді. Басым көпшілігі шартты-патогенді болып табылады. Типтік өкілі - Corynebacterium diphtheriae. Шартты патогенді коринебактериялар түрлері: C. pseudodiphtheriticum, C.xerosis, C.uclerans, C.cistidis. Адам патологиясындағы маңызы бар коринебактериялар 14.18-кестеде келтірілген.
14.6.1.Дифтерия қоздырғышы (Corynebacterium diphtheriae)
Дифтерия (күл) - Corynebacterium diphtheriae туғызатын антропонозды, ауа-тамшылы жолмен тарайтын токсинемиялық жұқпалы ауру. Көмей, жұтқыншақ, кеңірдек т.б. ағзаларда фибринозды қабынумен және организмнің жалпы интоксикациясымен сипатталады. Аурудың аталуы грек сөзінен diphthera – үлбір, қабықша, тері – деген мағынаны білдіреді. Ол аурудың клиникалық белгілерімен байланысты. Дифтерия қоздырғышын Т. Клебс 1883ж ашып, Ф. Леффлер 1884ж таза дақылын бөліп алған.
Кесте 14.18
Адам патологиясында клиникалық маңызы бар коринебактериялар
| Corynebacterium туыстастығының түрлері | Қоздыратын аурулары |
| C. diphtheriae | Дифтерия |
| C. ulcerans | Иммунды тапшылығы бар адамдағы баспа. |
| C. jeikeium (JK тобы) | Жұмсақ тіндердің инфекциясы, септицемиясы. |
| C. urealiticum (D2 тобы) | Зәр шығару жолының инфекциясы (пиелонефрит, цистит және басқа оппортунистік инфекциялар) |
| C. minutissimum | Эритразма, оппортунистік инфекциялар. |
| C. xerosis | Оппортунистік инфекциялар. |
| C. pseudodiphtheriticum | Эндокардит, оппортунистік инфекциялар. |
| C. striatum | Оппортунистік инфекциялар. |
| Arcanobacterium haemolyticum | Созылмалы тонзиллиттер, терінің зақымдалуы. |






