Хламидиялар. Хламидиоздар

Хламидиялар – жасушаішілік облигатты паразитті бактериялар.Олар адамдарда, жануарлар мен құстарда әртүрлі аурулар қоздырады.Хламидиялар деп аталуы грек сөзінен chlamyda – мантия,жамылғыш деген сөзден шыққан. Себебі зақымданған жасушалар ішінде жамылғышпен қоршаған қосындылар түзеді.

Адамдар мен жануарлардың жұқпалы ауруларының ішінде антропонозды және зоонозды хламидиялық инфекциялар маңызды орын алады. Хламидиялар – иесінің сезімтал жасушаларында паразиттенуші, патогенді, облигатты жасушаішілік грам-теріс бактериялар. Иесінің жасушасына метаболитикалық тәуелділігінің себебі: энергиямен қамтамасыз ету механизмінің болмауы. Хламидиялардың АТФ түзуге қабілеті жетпейді

Омыртқалылардың арасында хламидиялардың негізгі иелері құстар мен сүт қоректілер, оның ішінде адамдар болып табылады. Хламидиялар олардың барлығында ұқсас патология тудырады – көру, тыныс алу жүйелерін, асқазан ішек, несеп-жыныс жолдарын, жүйке және жүрек-қан тамырлар жүйесі мен буындарды зақымдайды.

Таксономиясы. Биологиялық және генотиптік сипаттамасына қарап бұл микроорганизмдер өз алдына Chlamydiales қатарына бөлінген, оған 4 туыстастық кіреді. Chlamydiaceae тұқымдастығына кезінде тек қана Chlamydia туыстастығы кірген, жаңа жіктелуге сәйкес 2 туыстастыққа бөлінеді: Chlamydia және Chlamydiaphila. Өзгерген жіктелуге сәйкес Chlamydia туыстастығына 3 түр жатады, оның ішіне кіретін C.traсhomatis тек қана адамдарда паразиттенетін өкілі болып табылады. Chlamydiaphila туыстастығына 6 түр жатады, оның ішінде C. pneumoniae адамдарға біріншілік патогенді болып табылады. Қалған түрлері – жануарларға біріншілік патогенді болып келеді.

Морфологиясы. Хламидиялар грам-теріс бактерияларға жақын, ДНҚ және РНҚ-сы, цитоплазматикалық мембранасы мен жасуша қабырғасы бар. Грам-теріс бактериялар тәрізді кең спектрлі антибактериалдық дәрі-дәрмектерге сезімтал. Тетрациклиндік және макролидтік қатардағы антибиотиктерге өте сезімтал болып келеді.

Халмидиялар – патогенді, облигатты жасушаішілік бактериялар. Олар макроорганизм, яғни адам немесе жануар жасушасынан тыс көбейе алмайды, сондықтан клиникаларда бактериологиялық диагноз қою әдісі аса тән емес. Оларда иесінің жасушасының цитоплазматикалық қосындыларының (ЦҚ) ішінде өтетін ерекше даму циклы болады. Осы цикл кезінде хламидиялар иесінің жасушасының ферменттік жүйесін толық пайдаланады, соның салдарынан ол толығымен энергетикалық және метаболиттік тұрғыдан иесіне тәуелді болады. Цитоплазматикалық қосынды микроорганизмнің әртүрлі популяциясынан тұрады, ол негізінен микробтық жасушаның екі түрінен тұрады: элементарлық денешіктер (ЭД) – жұқпалы түрі және ретикулярлық денешіктер (РД) – вегетативтік түрі. ЭД жасушадан тыс тіршілік қабілетін сақтап қалуға бейімделген, метаболиттік белсенділігі төмен; РД қоршаған ортада тез бұзылады, антибиотиктерге өте сезімтал, бірақ иесінің жасушасында жоғары метаболиттік белсенділік танытады. ЭД фагоцитоз арқылы жасушаға еніп аралық денешік (АД) түзу арқылы РД-ке ауысады. РД бинарлы бөлініп АД арқылы ЭД-ке трансформацияланады (сурет-хламидиялардың даму циклы). Бұл даму циклы ЦҚ ішінде 40-72 сағатқа созылып, қосынды мембранасын жарып шығып ЭД-тер айналасында орналасқан иесінің жаңа жасушаларын зақымдайды.

Элементарлық денешіктердің морфологиялық ерекшеліктері:

Электронды тығыз, майда (300 нм) бөлшектер; Романовский−Гимзе бойынша қызғылт түске боялады.

Жасушадан тыс көбейе алмайтын түр болып табылады.

Ретикулярлық денешіктердің морфологиялық ерекшеліктері:

Ұяшықталған құрылымды, ірі (1200 нм) бөлшектер; Романовский−Гимзе бойынша көкшіл түске боялады.

Жасуша ішінде көбейе алатын түрге жатады: бинарлы бөлініп, цитоплазмада қосынды денешіктер түзеді.

Дақылдандыру. Хламидияларды диагностикалық мақсатта бөліп алуды дамып келе жатқан тауық эмбриондарының саруыз қапшықтарының эпителий жасушаларында және жасуша дақылдарында жүргізеді.

Дамыуына 6-8 күн толған тауық эмбриондарының саруыз қапшығына жұқтыру ұзақ уақыттар бойы хламидиялық инфекцияларға этиологиялық дигноз қою үшін қолданылып келген ең нақты әдіс болды. Қазіргі кезде де хламидиоз диагнозын дәлелдеуде жоғарыспецификалық әдіс болып келеді. Сезімталдылығы бойынша бұл әдіс жасуша дақылдарында хламидияларды диагностикалық мақсатта бөліп алумен тең. Хламидияларды диагностикалық мақсатта бөліп алу критерийлері: микроорганизмнің морфологиялық құрлымдарының және тұқымдастыққа тән антигендердің болуы. Техникалық орындауы жағынан әдіс қарапайым болып келеді, бірақ даму үрдісінің өзі әрі күрделі әрі ұзақ уақытты талап етеді (2-3 пассаж жасалғаннан кейін 7-12 күннен 3-4 аптаға дейін), сондықтан жылдамдатылған әдістердің болуы іс жүзінде бұл әдістің қолданылуын шектейді.

Спецификалық диагноз қою әдісі in vitro-да дақылдандыру болып табылады. Әдіс «алтын стандарт» атауына ие болған. Қазіргі кезде хламидияларға сезімталдылығы жоғары жасушалардың әр түрлері қолданылады. Көз және жыныс мүшелерінен алынған зерттеу затын жасуша дақылдарына сеуіп хламидияларды бөліп алу, саруыз қапшығында дақылдандырудан әлдеқайда сезімтал болып келеді. Бұл әдістің артықшылығы 100% спецификалылығы мен жоғары сезімталдылығы. Бірақ бұл әдісті кеңінен қолдануға оның қымбаттылығы, күрделілігі және нәтижесін 72 сағаттан кейін ғана алуға болатындығы кедергі жасайды.

Антигендік қасиеті. Хламидиялардың антигендік құрлымы күрделі, жасуша қабырғасында орналасқан бүкіл тұқымдастыққа тән, липополисахаридтік термостабильді антигені бар. Түрспецификалық және типтікспецификалық антигендер ақуыздық фракциялардан құралған, термолабильді антигендер болып келеді. Типтікспецификалық антигендерінің болуына байланысты C.trahomatis –тің18 сероварын ажыратады. C.рneumoniae –ның бір ғана серовары бар.

Патогенділік факторлары. C.trachomais-тің патогенділік факторлары: сыртқы мембрана ақуыздары (эстеразалық белсенділік, адгезиндер), эндотоксиндер (ЛПС), персистенттілік факторы. C.рneumoniae –ның патогенділік факторлары: адгезиндер, эпителиоциттер мен лимфоциттердің инвазивтілік факторлары болып табылады. C.psittaci эндотоксин түрінде улы зат түзеді.

Резистенттілігі. Қоздырғыш дезинфекциялық заттар әсерінен және қыздыру кезінде инактивицияланады, дегенмен кептіруге, мұздатуға төзімді. Қоршаған ортада 2-3 аптаға дейін сақталады.

Эпидемиологиясы. Респираторлы хламидиоз – антропонозды инфекция. Инфекцияның көзі – науқас адамдар, таралу жолдары – ауалы-тамшылы. Адамның сезімталдығы өте жоғары, әсіресе 20 жастан асқан жас адамдар. Ерекшелігі – инфекцияның таралуы баяу өтеді, себебі ауру адам қоршаған ортаға хламидияларды аз мөлшерде бөледі. Дегенмен, тасымалдаушыларда тыныс жолдарының жоғары бөлімдерінде хламидиялардың жинақталуға қабілеттері бар. Ауру Солтүстік Еуропада кеңінен таралған, пневмониялар арасында 10%–ын хламидиялар қоздырады.

Патогенезі. Хламидиялар урогениталды жолдар, сондай-ақ конъюнктиваның шырышты қабаты арқылы енеді. Қоздырғыштар уретраның, жатыр мойнының, қосалқыларының, аталық бездің, конъюнктиваның қабынуын тудырады.

Chlamidia psittaci–орнитоз ауруын, Chlamidia pneumoniae – адам бронхопневмониясын қоздырады.

Инфекцияның таралу жолы: ауалы–тамшылы, ауалы–шаңды, ену қақпасы жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабаттары. Тағам өнімдерімен де таралуы мүмкін. Орнитозға адамдардың сезімталдығы өте жоғары, орта және үлкен жастағы адамдар жиі ауырады. Ауру негізінде көктем, күз мезгілдерінде кездеседі. Бірен-саран кездесетін жағдайлар жиірек болады, дегенмен орнитоздың күрт көбеюі де байқалады.

Адам бронхопневмониясы мен орнитоз патогенезі: хламидиялардың жасуша ішінде көбейіп, оны бұзуы; тыныс алу жолдарының, өкпе мен лимфа түйіндерінің некроздық грануломатоздық зақымдалуы; қоздырғыштардың лимфоидты тіндерде персистенцияланауы.

Chlamidia trachomatis– басыр (трахома), яғни конъюктива мен мөлдір қабықтың эпителиоциттерінің зақымдануын, урогенитальдық хламидиоз және жыныстық лимфагранулема (уретраның, жатыр мойнының, қуық асты безінің, сыртқы жыныс мүшелерінің қосалқылары мен жергілікті лимфа түйіндерінің қабынуын) шақырады.

Инфекция көзі науқастар мен тасымалдаушылар. Жұғу жолдары - трахома кезінде тұрмыстық жанасу арқылы, урогенитальдық хламидиоз және жыныстық лимфагранулема кезінде жыныстық, трансплацентарлық жол арқылы беріледі.

Клиникалық көріністері Ең күшті вируленттілікке орнитоз қоздырғыштары Сhlamydia psittaci ие. Себебі қоздырғыштың бұл түрі иесінің жасушасына кең спектрлі торпизмге ие, сондықтан аурудың бұл түрі генерализациялануға жақын болады. Инкубациялық кезеңі 6-17 тәулік созылады. Ауру жиі ауыр пневмония түрінде өтеді. Кейде патологиялық процеске жүрек-тамыр жүйесі, бауыр, көкбауыр, серозды менингит қосылуы мүмкін. Инфекцияның жедел және созылмалы түрлері болуы мүмкін. Аурудың бұл түрі ауыл түрғындарының арасында жиі кездеседі, кәсіби ауруларға жатады.

Сhlamydia pneumoniae – жедел, созылмалы бронхит пен өкпе қабынуын жиі қоздырады. Респираторлы хламидиоздар – антропонозды инфекция болып табылады. Инфекция көзі - науқас адамдар, таралу жолдары – ауалы-тамшылы. Адамның сезімталдығы өте жоғары, әсіресе 20 жастан асқан жастар. Инфекцияның таралуы баяу өтеді, науқас қоршаған ортаға қоздырғыштарды аз мөлшерде бөледі. Адам ағзасына хламидиялар жоғары тыныс алу жолдары арқылы түседі. Қоздырғыштар тыныс алу жолдарының эпителиіне жоғары тропизмділік қасиетке ие, сондықтан қабыну үрдісіне әкеледі (фарингит, бронхит, синусит, пневмония). Өкпе тінінің ішінде көбею нәтижесінде хламидиялар осы жасушаларды жояды, өкпенің ауыр түрде дамитын қабынуына әкеледі. Ыдыраған жасушалардың улы өнімдері әртүрлі ағзалар мен жүйелерде көптеген өзгерістер тудырады. Хламидиялар басқа микробтармен (микоплазма, легионеллалар, вирустар) тудыратын атиптік пневмониядан клиникалық белгілері бойынша айырмашылығы жоқ. Респираторлы хламидиоз белгісіз, субклиникалық түрде өтуі мүмкін.

Chlamydia traсhomatis - адамның зәр-жыныс жүйесінің, көздің, тыныс жолдарының ауруларының қоздырғыштары. Ауру – көз конъюнктивасы мен мүйізді қабатының эпителиялы жасушасын зақымдап, терең жатқан тіндерді де қамтиды, яғни бөсір(трахома) ауруын қоздырады.

Жасырын кезеңі 7-14 күн. Әдетте екі көз де зақымдалады. Аурудың басында көзде бөтен дененің болуы және көздің ашуы сезіледі. Жедел басталуы да мүмкін: жарықтан сескену, шырышты-іріңді бөліну. Конъюнктивит және кератоконъюнктивит дамиды, олар тіліну және тыртықтану нәтижесінде көздің ағы және соқырлыққа әкеледі.

Урогениталды хламидиоз - антропонозды инфекция. Инфекция көзі – науқас адамдар және ауру ағымы жасырын өтетін әйелдер. Таралу механизмі – жыныстық қатынас жолы арқылы, кейде тұрмыстық–қатынас жолымен де жұғуы мүмкін (бассейндерде шомылғанда хламидиялар конъюнктиваға енеді). Науқастанған ананың жүктілік кезінде хламидиялар ұрықты зақымдауы мүмкін. Жасырын кезеңі 7-14 күн. Шырышты қабаттарда бөлінді шығу, қышыну, қызару белгілері пайда болады. Ауру жиі созылмалы түрге ауысады.

Венерологиялық лимфогранулеманың – инфекция көзі науқас адам. Зақымдану көбінесе жыныс жолы арқылы, сирек жағдайда тұрмыстық-қатынас жолы арқылы атқарылады. Ену қақпасы – жыныс мүшелерінің шырышты қабығы. Жасырын кезеңі – 30 күнге дейін. Жыныс мүшелерінде папулалар, ойық жаралар пайда болады. Аймақтық лимфа түйіндер ісінеді.

Иммунитеті. Аурудың кез-келген түрінен кейін тұрақсыз иммунитет қалыптасады.

Микробиологиялық диагноз қою. Хламидияларды зақымдалған жасушалар ішінен қосындылар түрінде немесе жасушадан тыс элементарлық немесе ретикулярлық денешіктер түрінде бөліп алуға болады. Клиникалық көрінісінің әр түрлі болуы хламидиоздарға диагноз қоюды қиындата түседі. Хламидиялық инфекцияларды анықтауда негізгі орынды зертханалық диагноз қою әдістері алады (14.23 - кесте).

Хламидиоздар кезіндегі зертханалық диагноз қою тікелей зерттеуден (қоздырғышты немесе оның агенттерін табу) және серологиялық (хламидияларға қарсы антиденелерді табу) әдістен тұрады.

Кесте 14.23.

Хламидиялық инфекцияларға зертханалық диагноз қою.

Әдістері Мақсаты Тесттер
Микроскопиялық Қоздырғыштың морфологиялық құрылымдарын анықтау Жағындыларды Романовкий-Гимзе және т.б. әдістермен бояу
Дақылдық Қоздырғышты табу Жасушалық дақылдар, тауық эмбриондары, зертханалық жануарлар
Иммунологиялық Қоздырғыштың АГ, АД анықтау ИФР, ЖИФР, ИФТ, КБР және т.б.
Молекулалық-биологиялық ДНҚ-ын анықтау. Гибридизациялау, амплификациялық тест- жүйелер

Қазіргі кезге дейін микроскопиялық әдіс ең кеңінен таралған әдіс болып келді, хламидиялар түзетін цитоплазматикалық қосындыларды анықтауға негізделген. Қырынды препараттарды Романовский-Гимзе әдісімен бояп, хламидиялар түзетін цитоплазматикалық қосындыларды табу, хламидиоз диагнозын қоюдың классикалық әдісі болып табылады. Цитоплазматикалық қосындылар ядроның қасында жиі орналасып, көбінесе оны жасушаның шетіне қарай ығыстырады, пішіні әр түрлі болып келеді – кейде дөңгелек, ал кей жағдайда сопақшалау болады. ЭД қызғылт-күлгін түске, РД көгілдір-күлгін түске боялады. Әдісті орындау қиын емес, бірақ та псевдоқосындыларды (жасуша құрылымдары мен бактериялар) нағыз қосындылармен шатастырып алуға болатындығын ұмытпау қажет. Әдіс сезімталдылығы конъюктивит кезінде 30-60%; урогенитальдық хламидиоздар кезінде 20-30% болады. Препаратты қарап шығуға 30-40 минут қажет.

Люголь ерітіндісімен бояу әдісі ең қарапайым болып келеді. Бұл әдіспен бояғанда жасуша сары түске боялып, қосындылар қызғыш-қоңыр түске боялады. Әдіс сезімталдығы өте төмен, тек қана C. traсhomatis қосындыларын анықтауда қолданылады.

Иммунологиялық әдіс клиникалық зерттеу заттарында хламидияларды анықтау үшін кеңінен қолданылады. Құрамына флюоросценттік заттар қосылған, иммунды реагенттер қолданатын иммунохимиялық әдістер жиынтығы – ИФР болып табылады. Әдістің тиімді жақтары: жоғары дәлділігі мен жылдам орындалуы, қоздырғышты бірден зерттеу затынан табу, спецификалық емес жарық бөлуін бағалау мүмкіндігі.ИФР кемшіліктері: міндетті түрде флюоросценттік микроскоптың болуы, нәтижелерді субективті интерпретациялауы, көп мөлшердегі сынамаларды өңдеудің қиындығы.

Хламидияларға қарсы антиденелерді табуға негізделген әдістерді урогенитальдық жолдардың, жаңа туылған нәрестелердің ауыр қабыну үрдістері болған жағдайда немесе аралас инфекциялар кезінде арасында хламидиялар бар екекндігін дәлелдеу керек болған жағдайларда қолданады.

Экспресс әдіс. Иммунохромотографиялық әдістер қолданылады. Талдау 10-30 минут ішінде нәтиже береді. Бірақ күнделікті қолданылып жүрген тест-жүйелеріне қарағанда экспресс әдістің сезімталдылығы мен спецификалылығы төмен.

Молекулалық-биологиялық әдістер. Соңғы кедері хламидиялардың ДНҚ-ын анықтауға бағытталған спот-гибридизация, сэндвич-гибридизация, in situ гибридизациялау әдістері қолданылып жүр. Әдіс сезімталдылығы мен спецификалылығы 80-100%. Бұл әдіс басқа әдістермен анықталмайтын хламидияларды табуда өте тиімді. Бұл әдістердің кемшілігі тек қана арнайы құрал-жабдықпен жүргізу қажет және қажетті заттарының қымбаттылығы болып табылады.

Емдеуі. Хламидиялқ инфекцияларды оптимальды және түбегейлі емдеу әдістері соңына дейін зерттеліп жасалынбаған. Брақ ауруды созылмалы және ауыр түріне өткізіп алмай, ғылыми негізделген емдеу шараларын дер кезінде бастау, оң нәтиже беретіндігі дәлелденген. Ал созылмалы және ауыр күйіне өтіп кеткен түрлерін емдеп, жазу өте қиын мәселе.

Урогенитальды хламидиозды емдеудің бірден-бір есебі – ол науқаспен қатар оның жыныстық қарым қатынастағы серігін де емдеу қажеттілігі.

Жеке емдеу бағдарламасын жасаған кезде науқасты кешенді түрде емдеумен бірге зақымдалған, яғни қоздырғыш локализацияланған ағзаларды да емдеп отыруды ұмытпаған жөн. Сонымен қатар емдеуді жүргізу барысында хламидиялардың даму айналымында екі кезең болатындығын да ескерген дұрыс: ол- инфекциондық кезең (ЭД), бұл кезде хламидиялар антибиотиктерге резистентті болып келеді; инфекциондық емес, вегетативтік кезең (РД), бұл кезде хламидиялар антибиотиктерге сезімтал болады. Антибиотиктерді дұрыс қолданбаған немесе пенициллин қатарына жататын антибиотиктерді қолданған кезде L-тәрізді хламидиялар пайда болуы мүмкін.

Антибиотиктердің ішінде хламидиялар тетрациклин қатарына және макролидтерге жататын антибиотиктерге сезімталдылығы анықталған.

Алдын алуы. Арнайы алдын алуыжоқ. Бейспецификалық алдын алу шаралары тұрғындар арасында санитарлық-гигиеналық мәдениетін жоғарылатуға, қауіпсіз жыныстық қарым-қатынастарды насихаттауға бағытталған.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: