В) Энеолит 11 страница

Халық қозғалысының каһарынан қорқып патша үкіметінен әскер сұраған Нұралы хан оның көмегімен тағын, малын, жанын сақтамақшы болды. Нұралының Сырымға қарсы әрекеті халықты жирендіріп, Сырымның беделі күшейе түсті.

1785 жылы Орынбордан патша генералы Смирнов, Орал қаласынан Жайық атамандары Колпаков пен Пономарев бастаған әскер шоғырлары шығып, Сырым жасақтарын құртпақшы, көтерілісті баспақшы болды. Қазақ ауылдарын тонап, жазықсыз адамдарды тұтқындап елді зар илетті. Сырым жасақтары жақсы қаруланған патша әскерлерімен ашық шайқасқа бармай, олардың ізін бағып, Жайық бойындағы казак-орыстарды дүрліктіріп, бекіністеріне тұтқиылдан тиісіп партизандық соғыс жүргізді.

Кіші жүздегі жағдайға Ресей патшасы қанық болды. Ол да халықтың тек өз әкімдеріне ғана емес, сонымен бірге ханға да қарсы больш отырғанын түсінеді. Сөйтіп, Орынбор өлкесінің билеушісі Игельстром арқылы старшындармен кеңесіп, оның ішінде Сырым батырмен пікірлесіп, хандық тәртіпті жоюды ұйғарады. Сырым бұл шараны қолдады. Бұл арада әрқайсысының өз ішкі есебі болғанын айту керек. Патша өкіметі хандық тәртіпті жойып, Кіші жүзді басқаруды жалпы империяны басқару жүйесіне жақындатуды ойласа, Сырым хандықты жойып басқару ісін халық қолына, халықтың өз ортасынан шыққан би - старшындарға беруді, солар арқылы ел билеу мәселелерін шешуді демократиялық жолмен жүргізуді көздеді. Сөйтіп, 1786 жылы хандық жойылып, Нұралы хан Жайық бойындағы патша әскерлері бекіністерінің біріне көшіп барып паналады. Сырымды алдап - сулап бауырына тартуды көздеген патша әкімдері оны он екі ата Байұлы руларының аға старшыны етіп тағайындады. Сырым осы жұмыста болған кез халық үшін жайлы жылдар болды. Әділдік пен адалдықты, дұрыстықты жақтаған Сырым халықтың хал-жағдайын біліп олардың мұң – мұқтажымен санасып отырды. Ол жергілікті старшындардың жыл сайын съез-мәслихатын өткізіп, онда халық мүддесіне қатысы бар мәселелерді талқылады. 1786-87 еңсесін көтере бастады. Казак-орыстардың қазақ ауылдарын тонап, шауып кетуі азайды. Шенеуніктер де халыққа бұрынғыдай озбырлық жасай алмайтын болды. Ұзақ жылдар бойы сүйеніш болып келген хандық билікті жойып, қате жасағанын патша үкіметі түсінді. Сөйтіп, хандықты қалпына келтіру қамына кірісті. 1790 жылы Нұралы өлгеннен кейін осы оқиғаны желеу етіп, оның інісі Ералыны хан көтерді.

Ералы да қазаққа теңдік әперуді ойлаған жоқ. Оның тұсында да қазақтардың жайылымдық жерлері тарылды. Жайық бойында мал жаюға, Жайықтан балық аулауға, мал суаруға тиым салынды. Осыған байланысты қазақтардың наразылығы күшейе түсті. Олар жасақтар құрып, Сырымның төңіргіне топтасты. 1791 жылдың наурыз айында Сырым батыр патшаның әскери жазалаушы күштерінен бейбіт ауылдарды сақтау үшін, Табын мен Кердері руларына шығысқа Мұғалжар тауларына қарай ойысуды ұсынды. Батырдың қазақ ауылдарын ойрандаудан алыс ұстауға бағытталған бұл саясаты кейіннен өзін ақтады. 1792 жылы Сырымның қарулы күштері құрамына мыңнан астам жасақ жиналды. Сол жылы қыркүйек айында Сырым жасақтары Елек қамалына шабуыл жасады. Бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

Патша өкметі Сырым Бұқара мен Хиуа хандығымен бірігіп, Орыс мемлекетіне қарсы шыға ма деп қауіптенді. Мұндай қауіпке негіз де бар еді. Сырым шығыс беттегі бұл елдердің әміршілерімен астыртын келіссөз жүргізіп, олардың көтеріліс басталған жағдайда көмек көрсететініне уәдесін алды.

Сырым бастаған қазақ жасақтары мен шаруалардың толқуларын басу үшін патша өкіметі кейбір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Жайық өзенінің оң жағында мал жаюға, Жайық пен Еділ арасындағы Үлкен және Кіші өзендердің /Қара өзен, Сары өзен/ бойындағы жайылымдарды пайдалануға рұқсат етті. Бірақ бұдан жағдай жақсарған жоқ. Шұрайлы жерлерді, шабындық - жайылымдарды, орман - тоғайларды бұрынғысынша казактар, хан, патша адамдары иемденді. Алым - салық, хан төңірегіндегілердің халыққа озбырлығы мен астамшылығы азаймады.

1794 жылы жеккөрінішті Ералы хан өліп, оның орнына 1796 жылы хан тағына отырған Есімде езгіні жеңілдеткен жоқ. Бұрыннан қаталдығымен аты шығып жүрген ол халықты одан әрі қан қақсатты. Осының бәрі ұлт - азаттық қозғалысының жаңа күшпен өрлеуіне, жандануына жол ашты. Оның дем беруші көсемі Сырым болды. Оған Байбақты, Есентемір, Серкеш, Алаша, Таз руларының шаруалары қосылды. Олардан шыққан Ерсалы, Қайсарлы сияқты қазақ батырлары Сырымға қалтықсыз қызмет етті.

С. Датов Кіші жүздегі мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен тәуелсіздігі ішкі және сыртқы жағдайлармен байланысты екенін жақсы түсінді. Сондықтан да Ресеймен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуды жақтады, бірақ сонымен бірге, Сырым патша үкіметіне сенбеді. Атап айтқанда, халық бұқарасының қозғалысын басқару кезінде ол Орынбор генерал - губернаторы Игельстроммен кездесуден бас тартты. Патша әкімшілігімен хаттар жазысып, келіссөздер жүргізу арқылы оны бейтарап етуге тырысты. Сонымен қатар Сырым көтерілістің табысқа жетуі тек Қазақстан мен Орта Азия халықтарының, сондай-ақ ағамандардың күшін біріктіргенде ғана мүмкін болатындығын түсінді.

1795 жылы Сырым бастаған көтеріліс қайтадан кең қанат жая бастады. Қазақ жасақтары, әсіресе, 1796 ж. малдың жаппай қырылуына әкеп соққан қысқы ауыр жұттан кейін белсенді қимылдар жасады.

1797 жылы наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түнде көтерілісшілер Есім ханды өлтірді. Бірақ ханның өліміне Сырымның жеке басының ешқандай қатысы болмаған. Көтерілісшілерді жазалау үшін Орал казак- орыс әскерінің атаманы Донсков жазалау тобын ұйымдастырды. 1797 жылдың күзінде полковник Скворкин бастаған әскери топ Сырымды қудалауды күшейтті. Жазалаушыларға ханның туыстары, соның ішінде Бөкей сұлтан басқарған жасақтар косылды. Алайда, Сырым жасақтарының Ойыл өзені бойына көшіп кетуі жазалаушылардың жоспарын іске асырмады. Оған Скворкин тобына қосылған қазақ старшындарының көпшілігінің өз жақтастарымен ауылдарына тарап кетуі де себеп болды. Сөйтіп, жазалаушылардың тағы да бір қимылы сәтсіздікке ұшырады.

3. Исатай Тайманұлы мен Махамбет ¤темісұлы көтерілісі

Еділ өзенінің төменгі Каспийге құятын аймағын 1635 жылдан бастап Жоңғар шапқыншылығы кезінде бөлініп қалған қалмақ ру - тайпалары мекендеген болатын. Оны қазақтар Қалмақ қыры деп атады. 1771 жылы бұл жердегі қалмақтар екіге бөлініп, бір бөлігі Қазақстан жері арқылы өздерінің туып-өскен отаны - Жоңғарияға барып қосылды. Ал, екінші бөлігі батысқа қарай ығысып, Дон даласына көшіп кетті. Осы босап қалған жерге 1801 жылдан бастап, патша өкіметінің рұқсатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған бес мың қазақ шаруашылықтары қоныс аударды. Мұның өзі Ішкі /Бөкей/ орданың құрылуына бастапқы негіз болды. 30-шы жылдардың аяғына қарай мұнда 20 мыңдай шаруашылық пен 80 мың адам қоныстады. Бірақ жер мен жайылымдар біркелкі бөлінбеді. Қысқа мерзім ішінде жердің үштен екі бөлігі қазақ феодалдары мен орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың жекеменшік иелігіне өтті.

Оралдың әскери мекемесі Үлкен және Кіші өзен бойындағы, Қамыс - Самар көлі төңірегіндегі жерлерді қазақ - ардың пайдалануына алып қойды. Жерге байланысты өткір дағдарысқа басқа да маңызды зор жағдайлар келіп қосылды. Бұл кезде патша үкіметі Ішкі орда мен Кіші жүзді өздерінің мүдделеріне қарай бейімдеп жатты. Дистанциялар /аралық басқару жүйесі/ құрылып, оның қызметі енгізілді. Жайық өзені бойындағы жерлерді Орал казак - орыс әскері иемденді. Қазақтарға Жайық өзенінен өтуге және казак-орыстардың өзен жағалауындағы белдеулеріне көшіп келулеріне қатаң тиым салынды.

Бұдан басқа қазақ шаруалары орыс помещиктері мен қазақ сұлтандарынан жалға алған жерлерінің құны үшін уақытылы есеп айырысуға тиісті болды. Тек есеп айырсқаннан кейін ғана олар помещиктер мен қазақ байларының жеріне өздерінің малдарын бағуға рұқсат алды. Қанаушы таптар өкілдері қазақ ауылдарынан арендалық ақыны жылдан - жылға өз қалауынша ала бастады, олардан штрафтар, әртүрлі салықтар жинап отырды.

Батыс Қазақстан жерінде Бөкейдің баласы Жәңгір 1824 жылы хан тағына отырған соң, патша әкімшілігінің қолдауымен, халықтың қоғамдық өмірі мен тұрмысының жекелеген жақтарын, сондай-ақ жергілікті басқарудың дәстүрлі жүйесін қайта құруға кірісті. Ол көшпенділердің отрықшылануын, олардың орыс хуторлары сияқты мекендер салуын, қырда пішен шабуын, ағаш өсіруді, малдың тұқымдарын асылдандыруын және ауыл шаруашылығы құрал - саймандарының жаңа түрлерін алдыруды, мектептер, училищелер, мешіттер ашуын және ауылдарда мал санының артуына, сауданың және басқарудың жаңа фомаларына көшуді көтермеледі. Ол патша өкімет орындары мен қазақ шонжарларының мүдделерін жаңа әдістермен ұштастыруға күш салды.

1827 жылы Жәңгір хан Нарын құмындағы Жасқұс мекенінде тұрақты хан ордасын орнатып, елді осы орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылып, оған 12 ата Байұлы руларынан бір - бір биден кірді. Ханға 12 старшын, сондай-ақ бірнеше базар сұлтандар қызмет етті. Оның татар бөлімі және жалпы бөлімнен тұратын өз кеңсесі болды. Кеңсе жанында арнаулы тергеуші штатта тұрды.

Жәңгір хан 1845 жылы өлді. Бұған дейін Қазақстанның барлық бөліктерінде хандық билік жойылған болатын. Өкіметтік топтар ішкі Ордада хандықты жоюды ұйғарды, хан билігі орыс шенеунігі басқарған Уақытша кеңестің қолына көшті.

Патша үкіметінің жергілікті феодалдар мен шонжарларға сүйене отырып, барынша күш сала жүргізген саясаты отарлық езгінің күшеюіне, қазақ бұқарасының наразылығына әкелді.

Наразылық жер дауынан басталды. Ішкі Ордада қазақ байлары мен орыс помещиктері ең құнарлы жерлерді өздеріне алып алған-ды. Кедей шаруаларға құнарсыз жерлер тиді. Бір ғана Жәңгір хан 400 мың десятина жерді өз иелігіне қаратты. Жәңгірдің інісі Меңдігерей Бөкейханов, би Балқы Құдайбергенов, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов сияқтылар орасан көп жерлерге иелік етіп, оған қоса жерді пайдаланғаны үшін шаруаларға салық салды, елдің қанын сүліктей сорды.

1831 жылы Ресеймен шектес жерлерде сұлтандар мен Орынбор Шекара комиссиясына бағынатын әкімшіліктер құрылып, әкімдер мен старшындар жергілікті басқаруды өз қолдарына алды. Бара – бара одан да сорақы жағдай қалыптасты. Жайық бойын иемденген Орал казак – орыс әскерлері қазақтарға Жайық өзенінен өтуге немесе оның жағасына көшіп – қонуға тиым салды.

Жәңгірге наразы болған бір топ сұлтандар мен старшындар қазақ шаруаларын Жайықтың арғы жағына қайтадан өтуге шақырды. 1827 жылдың қысы қатты болып, жұттан көп мал қырылды. Қалған малды сақтау үшін қазақтар Саратов губерниясына, ондағы князь Юсупов пен граф Безбородконың жер иеліктеріне көшпекші болды. Көктем шығысымен Байбақты руы бірінші болып Жайыққа бет алды. Оны Жантөре Қарабатыров, Нұршабай Байжурин, Өтен және Әбен Көтібаровтар, Нәдір Қашқынов, Ырсалы Көсепулин басқарды. Ресми өкімет орындары бұл көшеге қарсы болды. Мұның өзі Кіші жүз қазақтарының патша өкіметіне қарсы наразылығын күшейтті. Олардың арасында толқулар басталып, аяғында келіп 1836 – 1838 жылдары Ішкі Орданы және бүкіл Кіші жүзді қамтыған халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары. Сонымен қатар оған старшын, билердің де бірқатар өкілдері қатысты. Алайда, көтеріліс тегеуріні әлсірей бастағанда, үстем тап өкілдері Жәңгір мен патша жазалаушы шоғырларының жағына шығып, сатқындық жасады, көтерілістің жеңілісін тездетті.

Көтерілістің басында Беріш руынан шыққан белгілі батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы тұрды. Исатай 1791 жылы туған. Оның жігіті болып қалыптасуына нағашысы Жабай Бегалин зор ықпал жасады. 1808 жылы Исатайдың руы Ішкі Ордаға көшті. Исатай Таймановтың ең жақын серігі – ақын Махамбет Өтемісұлы (1803 – 1846 жж.). оны анасы Қосуан тәрбиелеген. Ол татар және орыс тілдерін білген, Хиуада болған, Орынборда тұрған. Махамбет орыс жазушысы әрі этнограф В.И.Дальмен таныс болған. Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген оқымысты - саяхатшы Г. С. Карелинмен де тығыз қарым - қатынас жасаған.

1812 жылы Бөкей хан Исатайды Жайық бойындағы руларға старшын етіп тағайындайды. 1814 жылдың аяғында оны Орынбор Шекара комиссиясы бекітіп, уақытша жарлықпен оған мөр тапсырады. Бірақ 1817 жылы Исатай старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген жаламен қамауға алынып, абақтыға отырғызылады. Одан 20 мың сом кепіл беріп, босап шыққан Исатай 1818 жылы старшын ретінде Бөкей ордасы өкілдерінің Ұялыдағы съезіне қатысады. 1823 жылы Исатайды сұлтан Шығай Нұралиев қамауға алады, оған кісі өлтірді деген айып тағады. Атырау бекінісінен келген Дон казактарының конвойы Орынборға әкетеді. Жол бойында Исатай конвойдан қашып шығып елге оралады. Бірақ, осыдан кейін де Жәңгір ханның Исатайдың соңына түсуі тоқтамады. Өйткені Исатай батыр халықтың мүддесін қорғап, қарапайым шаруалардың жерсіздігі мен байлардың озбырлығына душар болуына байланысты әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресті одан әрі жалғастырды.

Бұл күрестің күшеюіне, әсіресе, 1833 жылы Жәңгір хан өз қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңірінде кешіп жүрген қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы себепші болды. Қарауылқожаның қазақ шаруаларына рақымсыздығы, шектен шыққан бассыздығы, Жәңгір және оны қоршаған феодалдық күштердің халық мүддесімен санаспауы, таптар арсындағы әлеуметтік тартысты жылдан-жылға шиеленістірді. Қарауылқожаның үстінен түскен бұқара халықтың шағымдарына Жәңгір хан мән бермей, жауып тастап отырды. Бұған қоса Ішкі Ордамен іргелес орыс бекіністерінің салына бастауы, патша шенеуніктері мен помещиктерінің озбырлығы халықтың наразылығын күшейтті. Қазақ шаруаларының екі жақтан бірдей қанауға түсуі халықты тек өз феодалдарына ғана қарсы емес, сонымен қатар Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы шығуына итермеледі. Сөйтіп, қозғалыстың басты мақсаты - хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын біршама жақсарту, патша өкіметінің отарлау саясатын тоқтату еді.

Бақылау сұрақтары:

1. Махамбет пен Исатай бастаған күрестің алғышарттары?

2. Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс өз мақсатына жетті ма?

3. Қазақтардың Ресейдегі азаттық қозғалыстарға қатысуындағы мәні?

8-лекция. Тақырыбы: Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының екінші (1837-1870 ж.ж.) кезеңі

Жоспары:

1. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс

2. Жанқожа Нұрмұхамедов және Есет Көтібаров көтерілістері

3. Маңғыстаудағы қарсылық қозғалысы

Лекция мақсаты:

Студенттердің өз елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандарын құрметтеуге, адамгерщілік сезімдерді қалыптастыру арқылы отаншылдыққа, еліміздің рмәздерін қастерлеуге, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға тәрбиелеу.

Лекция мәтіні

1. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс

Кенесары көтерілісінің басты мақсаты - патшалық Ресейдің құрамына қосылып үлгермеген аймақтардың дербестігін сақтау, қазақ жерлерін бекіністер мен жаңа округтік билеу арқылы жан - жақты отарлауды тоқтату еді. Сондай - ақ Кенесарының тағы бір көздеген мақсаты - қоқандықтардың тепкісіндегі Оңтүстік өңірдегі қазақтарды босатып, оларды Қазақ хандығына қосу еді.

Кенесары Қасымұлының қозғалысы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші - бұқара халық болды. Олар күшейе бастаған отарлық езгіден, феодалдық топтардың қысымынан құтылуға тырысты. Көтеріліске сонымен қатар ақсүйек өкілдері де қатысты. Олар көтерілісті, бір жағынан, өз мүдделеріне пайдалану, бұрынғы артықшылықтарын қайта алу, екінші жағынан, көшпенді дербес феодалдық мемлекет құруды көздеді.

1838 жылы Кенесары туының астына мыңдаған сарбаз жиналған еді. Олардың арасында үш жүздің қазақтары болды. Кенесарыны белсенді қолдағандардың арасыңда Орта жүз бен Кіпі жүздің белгілі рулары - Қыпшақ, Төртқара, Жағалбайлы, ІІІекті, Алшын, Керей, Жаппас, Бағаналы, Тама, Табын, Арғын т.б. ру тайпаларының жігіттері аз емес-ті. Олардың көпшілігі мал өсірген, егін еккен. Осыған орай, жер шаруашылығынан зардап шеккендер кедей және орта шаруалар болды. Кенесарының қол басқарған батырлары да халық ішінде аты кеңінен мәлім адамдар еді. Олардың қатарында Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақтың батыры - Иман, Табынның батырлары - Бұхарбай, Тіленшіұлы Жоламан, Дулаттың батыры - Бұғыбай, Шапырашты руының батыры - Сұраншы т. б., Кенесарының інілері - Наурызбай, Әбілғазы, әпкесі - Бопай көтеріліске белсене қатысты.

Кенесары жасақтарында қазақтармен бірге қарақалпақтар, түрікмен, қырғыз, өзбек, өкілдері де аз болған жоқ.Дегенмен Кенесары барлық әдісамалдарын қолданып, тырысып бақса да, кейбір феодалдық топтарды, үш жүздің ру-тайпалық бөлімдерін біріктіре алмады. Көтерілістің бастапқы кезінен - ақ қазақ ақсүйектері бір-біріне қарсы күресуші екі жаққа бөлінді: патша өкіметі әлпештеген бөлігі отарлаушы әкімшіліктің қолдауына сүйеніп, өздерінің саяси қарсыластарын күйретуге күш салды. Кенесарының ымыраға келмейтін қарсыластары Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Кіші жүздің басқарушы сұлтандары Ахмет пен Мұхамед Жантөриндер, сұлтан Баймағамбет Айшуақов т.б. болды. Кенесары Жетісуға өткеннен кейін көтеріліске қарсы ымырасыздық позицияны Абылай ханның тұқымдары, яғни өзінің туысқандары - Әли мен Сыйықта ұстанды. Бірақ осыған қарамастан Кенесары Қасымов өзінің туы астында үш жүздегі қазақ руларының едәуір бөлігін топтастыра алды. Омбы облыстық басқармасына қарасты сот – жазалау мекемелері жинастырған мәліметтер бойынша тек Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Баянауыл округтерінде ғана көтерілісшілерді 80-нен астам сұлтандар мен билер, ағамандар қолдаған.

1838 жылдың көктемінен бастап Кенесары жасақтары патша әскерлеріне қарсы алдын ала жасалған жоспар бойынша дәйекті күрес жүргізді. Олармен шайқаста Ақмола қаласын қиратып, Ақмола округіндегі патша әкімдерімен ауыз жаласып жүрген Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапты. 1840 жылы күзде көтерілісшілер Ырғыз бен Торғай маңында патша әскеріне, орыс әкімшілігін қолдаушы жергілікті бай - шонжарларға қарсы күресті күшейтті. Бұл тұста Кенесарының аты қазақ арасында кеңінен тарап, оның беделі бүкіл қазақ даласында дүрілдеп тұрды. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүзден адам жинап, әкесі Қасым ханның өлгеніне бір жыл толуына байланысты ас берді. Осы астан кейін үш жүзден жиналған жамағат Кенесарыны ақ киізге салып, бүкіл қазақ халкының ханы етіп сайлады.

Кенесары хан болып сайланғаннан кейін ел билеу тәртібі өзгеріп, алым - салық реформасы іске асырылды. Егіншілікті дамытуға, көрші елдермен сауда - саттық байланысын орнатуға көңіл бөлінді. Керуеншілерді тоқтатып, олардан салық алынатын болды.

Мемлекеттік құрылыс қайта өзгертілді. Хандық кеңес құрылды. Кеңесіп шешетін жоғарғы органдарға ханға берілген батырлар, билер, сұлтандар, ханның туысқандары кірді. Басқарудың негізгі тұтқасы Кенесарының өз қолында қалды. Хандық кеңеске негізінен азаттық қозғалысының мүдделеріне адал, жеке басының батылдығымен, дипломатиялық қабілетімен көрінген адамдар енді. Басқарудың арнайы қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндіруін жөне орындалуын қадағалап отырды.

Әскери істе де Кенесары және оның көмекшілері бірқатар өзгерістерді іске асырды. Батырлар мен төлеңгіттердің басқаруындағы көтерілісшілердің әскери күші негізінен өз еркімен құралған жасақтар еді. Жасақтар жүздіктерге, мыңдықтарға бөлінді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатылды. Опасыздық жасағандар тек өлім жазасына кесілді.

Кенесары Ресеймен тату көршілік қатынас орнатуға ұмтылды. Бірақ Орта жүзге билігін жүргізіп отырған Батыс Сібір губернаторы Горчаков, Орынбор губернаторы Перовский Кенесарымен қарым-қатынаста екеуі екі түрлі көз - қараста болып, оның Ресей өкіметімен мәмлеге келуіне кедергі жасады. Әсіресе, өркөкірек Горчаков Кенесарыны менсінбей, оның орыс әкімшілігіне деген өшпенділігін қоздырды.

1841-1842 жылдарда Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Созақты, Сауранды алып, Қоқан хандығының елірме әуселесін басты. Қоқандықтар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды. Бір айтып кететін жәйт, Кенесары Бұхара әмірімен және, Хиуа хандығымен қарым - қатынасындағы саясаты біршама өзгешелеу еді. Кенесары олармен өзара толық сенімділік қатынас орнатты. Кейде Хиуа басқарушысы қазақ жасақтарын зеңбіректерімен, оқ – дәрімен жабдықтап отырды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: