В) Энеолит 15 страница

2. 1917 ж. Қазан төңкерісі, оның алғышарттары

1917 жылдың басында Ресейдің төңкерістік жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Төңкерістік дағдарыстың пісіп- жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді.

1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық - демократиялық төңкеріс жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.

Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретіндс қабылдады. Төңкерісшіл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.

Қазақстанда кеңестер 1917 жылы наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т.б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының кеңестерімен қатар сәуір - мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Бұл кеңестерде көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды. Сонымен бірге буржуазиялық уақытшы үкіметтің жергілікті органдары 1917 жылы наурыз- сәуір айларында құрылды. Мәселен, Семейде қалалық думаның, офицерлердің өкілдерінен, биржалық комитет пен кооперативтердің кулактық одағы мүшелерінен тұратын қоғамдық ұйымдар мен армияның Семей атқару комитеті, Петропавлда, Өскеменде қоғамдық қауіпсіздіктің т.б. бірлескен атқару комитеті жұмыс істей бастады. Көкшетауда көпестер мен шенеуніктердің жиналысы уақытша коалициялық комитет сайлады. Өскеменде де осындай атқару комитеті құрылды. Уақытша үкіметті қолдаған Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу казак әскерлері мен казак-орыс станицалары қанаушы басшы топтары өкіметінің органдары – казактық комитеттер құрды. Бұлардың басында бұрынғы патша өкіметінің отарлаушы шенеуніктері, қанаушы таптардың өкілдері тұрды. Сонымен қатар Қазақстанда қазақ интеллигенциясы басқарған қазақтардың ұлттық облыстық және уездік комитеттері де ұйымдастырылды. Оларға комиссарлар болып ұлттық интеллигенцияның өкілдері, атап айтқанда, Торғай облысында Ә. Бөкейханов, Жетісу облысында М.Тынышбаев,Түркістанда М. Шоқаев, т. б. тағайындалды. Бірақ олар шын мәнінде отарлық әкімшіліктің шенеуніктері болғандықтан жергілікті қазақ халқының көкейкесті мәселелерін шеше алмады. Кейбір жағдайда ұлттық интеллигенция өкілдері Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық- саяси дамудың өте маңызды мәселелері бойынша Уақытша үкімет жағынан шығып кетті.

Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары кулактарға, казактардың басшы топтарына, қазақ ауылдарының бай- манаптарына арқа сүйеді. Олар жұмысшылар мен еңбекшілердің революцияшылдық шабытын әлсіретуге тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді, бұқараны импералистік соғыстың ауыртпалықтарын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалды, орасан зор жер иеліктері мен орыс-казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сақталды, қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы Қоныс аудару басқармасы өз қызметін өзгертпеді. Сөйтіп, Уақытша үкімет Қазақстанда бұрынғы патша өкіметінің саясатын одан әрі жалғастырды. Өйткені бұл жаңа үкімет органдары өзінің әлеуметтік құрамы, басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігінен айнымай, жергілікті халыққа олар қалай қараған болса, солай қарады.

Патша өкіметі құлатылғаннан соң, Қазақстан болышевиктері астыртын жағдайдан шықты. Орынборда және Торғайда - П. Кобезев, Ә. Жангельдин, А. Коростелев, Ақтөбеде - В. Ф. Зинченко, Перовскіде - А. В. Черняхов, Оралда - П. Парамонов, П. Дмитриев, Шымкентте - Н. Морозов, Семейде - П. Салов, Петропавлда - К. Сүтішев т. б. партиялық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.

Большевиктік партияның қатарына С. Сейфуллин, Б. Серікбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев және басқалары кірді. Олар Уақытша үкімет саясатының мәнін халыққа ашып берді, революция жауларының арам пиғылдарын әшкереледі, жұмысшылар мен шаруаларды, солдаттарды төңкерістің жеңісі жолындағы күреске топтастырды.

Ақпан төңкерісі жеңгеннен кейінгі Қазақстан жұмысшы табының елеулі табысы - кәсіпшілер одақтары ұйымдарының құрылуы еді. Олардың қалыптасуында Орынбор - Ташкент теміржолшыларының Құрылтай съезі және Омбы темір жол жұмысшылары мен қызметкерлерінің бірінші съезінің үлкен маңызы болды. Бұл съездердің күн тәртібінде бірқатар маңызды саяси және экономикалық мәселелер қаралды. Олар: Уақытша үкімет пен соғысқа көзқарас, 8 сағаттық жұмыс күні, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары Кеңестеріне қатыстылық, контрреволюциямен күрес, Құрылтай жиналысына қатысу, пенсиямен қамтамасыз ету және т.б. мәселелер.

Осы кезде Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей т.б. қалалары оқу орындарының қазақ жастары алғашқы кезде мәдени - ағарту істерімен шұғылданған жастар үйірмелері мен ұйымдарын құрды. Орынборда "Еркін дала", Омбыда "Бірлік", Оралда "Жас қазақ", Троицкіде "Үміт" деп аталатын және басқа жастар ұйымдары, 20 шақты үйірмелер мен топтар пайда болды. Олар халық арасында листовкалар, сол күндердің көкейтесті мәселелеріне арналған тақпақ-өлеңдер таратты, ойын-сауық кештерін, айтыс-талқылаулар т.б. ұйымдастырды. Бұл ұйымдардың белгілі бір бағдарламары болмады, әлеуметтік құрамы жағынан да біркелкі емес еді. Алайда, олар қазақ халқын патша өкіметінің ұлттық орталық езгісінен азат етуді шын пейілдерімен қалады, өз халқының білім алуын талап етті, еңбекшілердің санасында ұлттық бірлік, бостандық пен тәуелсіздік идеяларын оятуға ұмтылды. Осы топтар мен үйірмелер арасынан неғұрлым батыл революциялық бағдарламамен әрекет жасағаны Әулиеата уезінде Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған "Қазақ жастарының революцияшыл одағы" еді. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді. Бұл кездегі империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қырғыздық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді. Бұл партияның сол жылы 5-13 /18-26/ желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде Қазак автономиясы – Алашорда Үкіметі - ұлт Кеңесі құрылды. "Алаш" партиясының бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады: Олар: 1) Ресей демократиялық федерация болып жариялану туралы; 2) Ресей құрамында Қазақ ұлт автаномиясын құру; 3) Халықтар арасында тең құқықтық орнату; 4) Дін туралы,дінді мемлекеттен ажыратып шығару; 5) Елдегі билік және сот туралы; 6) Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру; 7) Халықтың табысына қарай салық салу; 8) Жұмысшылар туралы; 9) Ғылым және білім туралы; 10) Жер мәселесі.

Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық Кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді. Осы қозғалыстың өмірге келуі отаршылдық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бергі қордаланып келген және әбден пісіп - жетілген наразылығының айқын көрінісі болды.

Большевиктер билікке келісімен - ақ, ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған, Қазақстандағы бұл қозғалыс пен Алаш партиясына пролетарлық төңкерістің салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл бағыт оның ішкі және сыртқы саясатында /халықаралық коммунистік қозғалыстағы да/ ашық көрініп, әсіресе, Сталиннің жеке билігі орнағаннан кейінгі кезеңде жетекші бағытқа айналды. Соның салдарынан бұрынғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді - кесілді тежеу салынды.

1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибеиі күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретіндс қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын, төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.

Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы — ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі — Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.

3. Азамат соғысы. (1918-1920 жж.) “Әскери коммунизм саясаты”.

Қазан төңкерісінің жеңісі құлатылған қанаушы тап өкілдерінің қарсылығын тудырды. 1918 жылы 23 наурызда Орал казак - орыстары Гурьевте бүлік шығарды. Олар генерал Толстовтың бұйрығымен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің тоғыз мүшесін сотсыз атты. Сол жылдың 28 - 29 наурызында ақ казактар алашордашылармен бірігіп Орал қаласында төңкеріс жасады.

1918 жылы мамырдың аяғында Антанта елдерінің көмегімен Сібірдегі Чехославак корпусының офицерлері бүлік шығарды. Олар іштегі төңкеріске қарсы күштермен бірігіп, Новосибирск, Челябинск, Томск және Солтүстік Қазақстанның Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай, Семей қалаларын басып алды. К.Сүтішев, И.Дубинин, П.Калюжная, Ғ.Ыдырысов, К.Шугаев, П.Салов және тағы басқаларын азаптап өлтіріп, Өскемен Совдепінің төрағасы Я.Ушаковты тірідей кеменің оттығына тастады.

Оларға ақ гвардияшылармен бірге әскерлер, меньшевиктер және алашордашылар дем берді. Дегенмен Қазақстанның Сырдария, Жетісу /мұнда Лепсі мен Қапал уездерінің кейбір жерлерінде соғыс қимылдары жүріп жатты. Бөкей ордасы мен Торғай облысының кейбір уездері мен болыстарында Кеңес өкіметі сақталып қалды.

Төңкеріске қарсы күштер Самарада ақ гвардияшылар мен әскерлердің Комуч (Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті) "үкіметін",Омбыда Колчак бастаған Сібір ақ гвардиашыларының "үкіметін", Каспий сыртқы облысында ағылшын "үкіметін" құрды. Бұл кезде немістер Донбасқа қауіп төндірді. Краснов пен Деникин соғыс қимылдарын күшейте түсті.

1918 жылдың жазында Кеңес елі үшін ең басты майдан - Шығыс майданы еді. Шығыс майданының Орал бағытында ақтармен 4 - ші армия ұрыс жүргізді. Бұл майданның жағдайы қиындауына байланысты 1918 жылдың 2 маусымында Орынбор қаласынан Қызыл Армия бөлімдері кейін шегінуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Ақтөбе майданы құрылды. Ондағы қызыл әскерлерге Ташкент, Шалқар, Қазалы, Перовск /Қызылорда/, Черняевск /Шымкент/, Әулиеата және т.б. қалаларда құрылған отрядтар көмекке келді. Оның қатарына негізінен еріктілер кірді, әскери міндет туралы БАОК - нің 1918 жылы 29 мамырда қабылдаған жарлығынан кейін әскери міндетті өтеуге еңбекшілердің белгілі жас мөлшеріндегілер шақырылатын болды. Сөйтіп, 1918 жылдың жазында ұлттық әскери бөлімдер ұйымдаса бастады. Олар алдымен Жетісуда, одан кейін Орынбор мен Орал қалаларында, Батыс Қазақстанда құрылды. Қызыл армияның құрамдас бөлігі ретінде 1918 жылдың күзінде Бөкей ордасында құрылған қазақ атты әскер полкінде Х.Чурин, Ж. Сәрсенов, X. Ишанов, Б. Жәнікешев т. б. қызмет етті.

1918 жылдың аяғы мен 1919 жылдың басында Ә. Т. Жанкелдин мен А. Иманов Торғайда екі атты әскер эскадронын, әскери оқу және пулемет топтарын, Ырғызда атты әскер эскадронын құрды. Өлкеде ұйымдасқан қызыл әскер бөлімдерінің қатарына азамат соғысы жылдарында Ресейге келіп қалған көптеген шетелдіктер: венгр, чех, румын, поляк, неміс жұмысшы және шаруалар өкілдері де кірді.

Ақтөбе майданына 1918 жылы Әліби Жанкелдин бастаған экспедиция Мәскеуден көп қару - жарақ пен оқ – дәрі жеткізді. 1918 жылы күзде 1 және 4 Қызыл Армия бөлімдері шабуылға шығып, Бугурслан, Бұзылық, Қазан, Александров-Гайды босатып, Орынбор мен Орал қалаларына жақындады. Сөйтіп, Ақтөбе майданының қарулы күштері 1919 жылдың қаңтарында Орынборды, 26 қаңтарда Орал қаласын азат етіп, Қазақстан және Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді.

1919 жылы көктемде Фрунзе бастаған қызыл әскер отрядтары Қазақстанның солтүстік аудандарында, ал Чапаев бастаған 25 дивизия оңтүстік - батыс аудандарда соғыс жүргізіп, Колчак әскерлерінің Деникин әскерлерімен қосылуына жол бермей, оларға күйрете соққы берді Қазақстанда Колчак тәртібіне қарсы ірі көтеріліс Қостанай уезінде болды. 1918 жылы желтоқсан айының аяғында Ә. Жанкелдин, А. Иманов және Ырғыз отрядының біріккен күші мен Торғайда кеңес өкіметі қалпына келтірілді. Бұл кезде Ақмола, Семей облыстарында да партизандық қозғалыстар өрістеді. Сондай-ақ, Жетісу майданының солтүстік-шығыс шебінде 1918 жылы тамыз және 1919 жылғы қазанның орта кезіне дейін ақ гвардияшыларға қарсы күрес жүргізілді. Мұндағы қорғаныс орталығы Черкасскос селосы болды.

1919 жылдың орта кезінде қызу шайқастардың барысында Колчак Армиясы екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі Сібірге, екіншісі Түркістанға қарай шегінді. Колчактың "Оңтүстік армиясын" Түркістан майданының қызыл әскер бөлімдері 1919 жылы тамыз айының екінші жартысында құртып жіберді.

Колчак армиясының жеңілуі, солтүстік-шығыс Қазастанның азат етілуі Орал майданының жойылуына септігін тигізді. Осының нәтижесінде Түркістан майданының әскер бөлімдері Солтүстік Жетісуға жеткізіліп, мұндағы қарсылықты тезірек басуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, 1920 ж. наурызда азамат соғысының Қазақстандағы ең соңғы Солтүстік Жетісу майданы жойылды.

Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы күрес Азамат соғысының майдандары жойылғаннан кейін де тоқтаған жоқ. 1920 жылғы 12 маусымдағы Верныйдағы бүлік соның көрінісі еді. Бүлікті басуды іске асырғандар арасында Д. А. Фурманов. П. Белов, Ғ. Мұратбаев, Б. Шагабудинов, т. б. болды.

1918-1920 жылдары шетел басқыншылары мен елдің ішіндегі төңкерісті жақтамайтын күштердің қарсылығы жеңілгеннен кейін, Қазақстанда экономиканы қалпына келтіру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстары жүргізілді. Оның көкейтесті мәселелері қазақ жұртшылығының съездерінде талқыланды. Сол жылдары алғашқы ауыл шаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылдың аяғында (Жетісу мен оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, жерді бірлесіп өңдейтін 28 серіктестік (ТОЗ) құрылды.

1919 жылғы 10 шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі "Қырғыз /Қазақ/ өлкесін басқару жөніндегі төңкерістік комитет құру туралы" декрет қабылдады. Онда болашақ Қазақ мемлекетінің жер аумағы анықталды.

1920 жылы 30 сәуірде РК/б/П Орталық Комитеті Қырғыз /Қазақ/ облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Кеңес өкіметін, мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы жүргізіле бастады. Сол жылғы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында "Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы" жарлық қабылдады. Орынбор қаласы Қазақ АКСР-інің алғашқы астанасы болды.

1920 жылы 4 қазанда Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С. М. Мендешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В. Радус - Зенькович) сайланды. Съезд Қырғыз (Қазақ) АКСР-і РКФСР-дің құрамына кіретін жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің автономиялық республикасы болып құрылғанын мәлімдеді. Декларация Кеңестердің таптық мәнін белгілеп берді. Ол халықты ұлттық езушілік пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетінін жариялады.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ жерінде қандай майдандар болды?

2. Азамат соғысын қалай түсінесіз?

3. 1917ж. Ақпан төңкерісінің негізгі белгілері?

Лекция мәтіні

1. Қазақ кеңестік мемлекеттілігінің құрылуы

Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде, Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуында Қазақстан калаларында құрылған төңкерістік комитеттердің рөлі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің кеңестердің қолына өткенін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты. Кеңестер билікті ойдағыдай жүргізу қабілетіне ие болған жерлерде төңкеріс комитеттері өз міндеттерін кеңестерге беріп, тарап кетті.

Өкімет билігінің ескі құрылымы Қазақстанда бірден жойылған жоқ. Олар әуелі кеңестердің қарамағына өтіп, сосын аттарын өзгертіп, бірте-бірте Кеңес қарауына алынды. Мәселен, 1918 жылы ақпанда жұмысшы, шаруа, солдат, мұсылман депутаттары Ақтөбе Кеңесі қалалық басқарманы Кеңес басқару орны етіп қайта құрып, қалалық думаны таратты. Семей облыстық Кеңесі 1918 жылы 9 наурызда дума мен басқармаларды таратып, уақытша үкіметтің уездік комиссарларының міндетін жаңа құрылған кеңестерге жүктеді. Сол жылы 12 сәуірде Түркістан өлкесінің Халық Комиссарлар Кеңесі азық-түлік басқармаларын тиісті Кеңестердің азық - түлік бөлімі етіп қайта құру жөнінде жарлық шығарды. Қостанай уезіндегі шаруашылық иелігі (хозяйственная управа) Кеңестің қарамағына алынды. Кеңес өкіметінің қайта құру шараларын іске асыруға өршелене қарсы шыққан Петропавл, Ақмола, Түркістан, Өскемен,Верный, Әулиеата, Жаркент, Қапал, Лепсі сияқты жерлердегі земстволық, қалалық басқармалар таратылды. Кейбір жерлерде /Қостанай, Перовск, Қарқаралы, Зайсан/ олар Кеңестердің қарамағына көшті.

Ескі мемлекеттік аппаратты қирату отарлау саясатына берілген алғашқы соққы еді. Ол еңбекшілердің Кеңес жұмысына белсене қатысуына жағдай туғызды. Олардың көмегімен үстем таптардың артықшылықтары шектеліп, қазақтардың ұлттық теңдігі қамтамасыз етілді. Олар Ресей Кеңес Федеративтік Республикасының тең құқықты азаматы болды. Шіркеудің мемлекеттен, мектептің шіркеуден ажыратылуы,ерлер мен әйелдер теңдігі іске асырылды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1917 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен адамдардың сословиге бөлінуі, олардың құқықтық артықшылығы мен шектеушілігі, сондай – ақ сословиялық мекемелер, ұйымдар жалпы сословие атауы жойылды.

Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде басқарудың бірыңғай құрлымы болған жоқ. Кейбір жерлерде Орталықтағы сияқты Халық Комиссарлар Кеңесі, екінші бір жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комиссариаттары құрылды. 1918 жылдың күзінен бастап, басқарудағы ала – құлалық жойылып, Кеңес атқару комитеттері билікті өз қолына топтастыра бастады. Маңызды мәселелер салалық басқармалардың коллегия мәжілісінде қаралып отырды.

Ауыл - селоларда әлі кеңестер күш ала алмай жатты.Кеңес өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті болды. Халық азық-түлік ташпылығынан қорлық көрді. Бай, кулактар белгіленген нарық бойынша мемлекетке астық тапсырудан бас тартты. Кеңес өкметіне қарсы күштер бас көтерді. Осының бәрі уездік кеңестерден шұғыл және шешуші шараларды іске асыруды талап етті. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын басу, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. Бұл міндеттерді іске асыру басқарудың коллегиялық әдіспен нығайтуды керек етті. Осыған орай көптеген маңызды мәселелер коллегия мәжілістерінде қаралып шешілді.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: