Каспий мемлекеттік 3 страница

Аристотель (б.з.д. 384-322жж.) - Платонның шәкірті, әрі сыншысы. Аристотельдің аты тарихта Платонның ізбасары ғана емес, онымен тең, тіпті одан асып түскен философ ретінде қалды, саяси ойлардың дамуына үлкен үлес қосты. Аристотель - саяси ғылымның негізін қалаушы. Аристотельдің саяси көзқарастарын «Саясат», «Афиналық полития»,«Этика»,«Риторика» т.б еңбектерінен білеміз. Аристотельдің көптеген идеялары Платонның позицияларына қарама-қарсы болды. Ол Платонның “Комммунистік жобасын” («Мемлекеттегі»), ондағы жеке меншік пен семьяны жою туралы идеяны сынады. Аристотельдің коммунистік идеяны сынауы, жеке меншік туралы ойы бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Сонымен бірге Аристотельді орта таптың идеологы деп те атайды.

2.Орта ғасырлық саяси ойлар. VIII – XVI ғасырларда Араб Шығысы саяси-философиялық ойдың орталығына айналды. Жалпы араб-мұсылмандық дүниетаным мен ғылым, ең алдымен батыстық ортағасырлық христиандық, схоластикалық философияға, кейінрек жаңа дәуір мәдениетіне өзінің зор ықпалын тигізді. Осы кезеңде бүкіл әлемдік мәдениетке белгілі болған Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн Сина (Авиценна), Ибн Рушдт және т.б. ғалымдар шықты. Мұсылмандық–құқықтық саяси теориясындағы басты мәселе – мұсылмандық билік пен басқарудың арнайы түрі – халифаттық өзара байланыстар аспектілерінің мәні туралы болды.

Орта ғасырдағы Батыс Европадағы саяси ойдың ерекшелігі – оған христиан діні мен рим – католиктік шіркеуінің едәуір ықпал етуі болды. Орта ғасырлық саяси ойлардың бүкіл тарихында рим-католик шіркеуі мен Рим папасы және феодалдар мен монархтар арасында қоғамдағы билік үшін қиян-кескі күрес үздіксіз жүріп отырды.Христиан дінінің идеологтары – А.Августин және Ф.Аквинский болды. Аврелий Августиннің саяси көзқарастары атақты еңбегі –«Құдайшылдар қаласында» баяндалған. Ол адамдар қаласын екіге бөлді: адам жолымен жүретіндер(«жер қаласының тұрғындары») және құдай жолымен жүретіндер («құдайшылдар қаласының тұрғындары»). Августин адамдар табиғи эволюция барысында мемлекетке бірігеді, бірақ бұл процестер – құдай еркі бойынша жүргізіледі дейді. Адамдарды екіге бөлу арқылы ойшыл билікті екіге бөлді. Шіркеу мен мемлекеттің, діни билік пен азаматтық биліктің ара қатынасы - Августиннің қараған маңызды мәселесі болды. Фома Аквинский (ХІІІ ғ.). Мемлекеттік биліктен шіркеудің рухани үстемдігі идеясы ірі католиктік теолог Фома Аквинскийдің еңбегінде одан әрі дамытылды. Негізгі еңбегі «Теология жиынтығы» деп аталады. Кез-келген діни көзқарас сияқты Фома Аквинскийдің ілімі дүниенің негізін салған – құдай деген идеяға негізделген. Ол католиктік теология мен философияны синтездеп, заңдар теориясын жасады.

Қайта өрлеу дәуірінің саяси ойшылдары – Н.Макиавелли, Т.Мор, Ж.Боден т.б. Николо Макиавеллидің саяси көзқарастарын «Патша», «Тит Ливийдің бір-онкүндігі туралы ойлар», «Флоренция тарихы» еңбектерінен білеміз. Н.Макиавелли мемлекеттегі процестер, саяси құбылыстар, өзгерістер құдай еркімен деген ортағасырлық көзқарастан бас тартып, бұл процестер құбылыстардың объективті табиғи дамуы арқылы болады деп тұжырымдады. Ол Аристотельден кейін саяси ғылымның негізін қалаушылардың бірі болып есептеледі. Н.Макиавеллиге дүниежүзілік даңқ әкелген «Патша» еңбегі, онда саясат пен моральдың арақатынасы туралы мәселе сөз болады.

3.Еуропалық Ағартушылық дәуірдегі саяси ой-пікірлер. Жаңа дәуірдің басталуы сананы буржуазиялық революцияға дайындаған Ағартушылық идеологиясының қалыптасуымен байланысты. Дәуірдің көрнекті саяси ойшылдары – Т.Гоббс, Дж. Локк, Ш.Монтескье, Ж. Руссо және т.б. Томас Гоббс (1588-1679ж)- ағылшын ғалымы, ірі философ-материалисі. Оның саяси көзқарасы – «Азамат», «Левиафан немесе материя, форма және мемлекеттік, шіркеулік, азаматтық билік» деген еңбектерінен көрінеді. Негізгі ойлары – жоғарғы билік және ізгілікті мемлекеттің идеясы. Билік – құдай сыйы, еркі дегенді мойындамай, биліктің көзі қоғамдық келісім деді.

Джон Локк (1632-1701ж) ағылшын философы, саяси ойшылы, либерализмнің негізін салушы. Саяси көзқарастарын «Мемлекеттік басқару туралы екі трактат» еңбегінен көруге болады. Локк либералистік принциптер, «жеке адам», «қоғам», «мемлекет» деген түсініктерді бөлді, талдады. Қоғам, мемлекеттен жеке адам және оның құқығы жоғары қойылды. Локк бойынша, адамның туғаннан табиғи құқықтары болады, бұл - өмір сүруге, бостандыққа, меншіктенуге құқықтары.

Шарль Монтескье (1689-1755ж) – француз саяси философы. Ең алғашқы саяси шығармалары: «Парсы хаттары» (1721), «Римдіктердің өрлеуі мен құлауының себептері туралы толғаныстар» (1734), «Заңдар рухы туралы» (1748), «Заңдар рухын қорғау»(1750). Ш.Монтескье өз еңбектерінде мемлекеттің құрылуын – объективті тарихи процесс деп қарауға тырысты. Қоғамдық келісім - мемлекеттік заңға негізделген адамдар арасындағы келісім деп тұжырымдады. Саяси ойға қосқан екінші қосқан үлесі – билікті бөлшектеу теориясы. Ол билікті бөлу механизмін жасады. Заңның жоғарылығын қамтамасыз ету үшін, шексіз билік болмау үшін – билікті бөлу қажет: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі. Бұл билік түрлері бір–бірін тежеп отыруы тиіс деді.

Жан-Жак Руссо (1712-1778ж.) – радикализмнің негізін салушы, ұлы француз философы, саяси ойшылы. Негізгі еңбектері «Қоғамдық келісім», «Адамдар арасындағы теңсіздктің шығуы мен негіздері туралы толғаныстар». Руссо мемлекетке байлардың үстемдігі, кедейлердің қаналуының формасы мен құралы деп әлеуметтік сипаттама берді. «Қоғамдық келісімдегі» негізгі идея – халық егемендігі идеясы.

4.ХХ ғасырдағы шетелдік саяси ой-пікірлер. Қазіргі заманғы саяси концепциялар бірнеше ағымдарға бөлінеді: олар ХІХ-ХХ ғғ. саяси теориялар мен доктриналардан бүгінгі дейінгі концепцияларды қамтиды: психоанализм, технократизм, либерализм, консерватизм, неоконсерватизм, анархизм, фашизм, социализм, солидаризм, элитаризм, тоталитаризм, радикализм, марксизм, социал-демократизм т.б.

5. Қазақ даласындағы саяси ойлар. Әбу Насыр Әл-Фараби - аса көрнекті саяси ойшылдардың бірі. Саясатттануға байланысты «Рақымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары», «Саясат туралы» деген еңбектері бар. Әл-Фарабидің ілімінде қоғамдық құрылыс және мемлекетті басқару мәселелері ерекше орын алады. Әл-Фарабидің ойынша қоғамдағы бар қиыншылықты жеңетін, бақытқа жеткізетін - ақыл парасат, адамның ақыл-ойы. Сондықтан адам аянбай, тынбай ғылымды, білімді игеруі керек. Әл-Фараби алғашқылардың бірі болып адамдарды ардақтап, асқақтаты. Ұлы дана халықтар достығы насихаттады. Әл-Фарабидің ғылыми негіздемелері - Орта Азияның ұлы ғұламалары саналатын - Әбу Әли Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұни, Махмуд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи сияқты саяси ойшылдардың ғылыми көзқарастарының қалыптасуына әсер етті. Жүсіп Баласағұни - ақын, философ, қоғам қайраткері. Негізгі еңбегі –энциклопедиялық еңбек болып табылатын поэма «Құтадғу білік» («Бақыттылық жайлы ілім»). «Құтадғу білікте» мемлекетті орталықтандыру, оның бірлігі, мемлекетті басқару мәселелеріне басым көңіл бөлінген. Махмуд Қашқари – Қарахан мемлекетінде өмір сүрген, ірі ғұлама, әдебиетші, саяхатшы, тарихшы, ойшыл, түрколог-ғалым. «Түркі тілдерінің сөздігі» атты атақты еңбегінде адамдар арасындағы адамгершілік, этика мәселелерін де сөз етіп, ел билеуде ақыл парасатты, әдепті, кішіпейіл болу керек деген. Қожа Ахмет Яссауи – түркі дәуіріндегі ірі ойшылдардың бірі, бүкіл түркі жұртын татулыққа, имандылыққа, ізгілікке, рухани тазалыққа үндеген ұлы әулие. Басты еңбегі - «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») түрік тілінде жазылған рухани және гуманистік бағыттағы кітап. Ойшыл адам және қоғам мәселелеріне көңіл аударған.

Зар заман ақындары. ХІХ ғасырда Қазақстан Ресейдің отары бола бастады. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көзқараста болған және оны сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов «Зар заман» жыршылары деп атаған болатын. Тарихшы М.Қойгелдиев – отаршылдық бұғауына мықтап байланған халықтың мұң-мұқтажы мен қайғы-қасіретін жырлаушыларды «Зар заман мектебінің ойшылдары» деп атады. Қазақ халқының тәуелсіздіктен айырылып, қазақ жерінің тонауға түскен – отарлау саясатының ең күшейген кезеңін зар заман мектебінің ақындары торығу, сары уайымға салыну сарынымен жырлады. Ақындар – Шортанбай, Дулат, Мұрат – ХІХ ғасырдағы қазақ өміріне тән барлық құбылыстарды аяусыз сынады. Д.Бабатайұлы (1802-1874) «Қазаққа деген толғауы», Ш.Қанайұлы (1818-1881) –«Зар заман» өлеңдерінде сары уайымға салына бермей, патша өкіметінің отаршыл езгісіне қарсы күреске шақырды.

ХІХ ғасырдаҚазақстанда ағартушылық идеология дамыды. Ш.Уәлиханов - ұлы ғалым, ағартушы – демократ, саяхатшы-этнограф. «Сот реформасы жайындағы хат» деген еңбегі бар. Ш. Уәлиханов шексіз билікке қарсы болды, билікті халық еркімен шектеу керек деді. Қоғамдық құрылысты жаңарту жолы реформа деді, қазақ халқына тиімдісі – экономикалық, әлеуметтік реформа деп білді. Ыбырай Алтынсарин - ұлы ұстаз. Білім, ағартушылық қана бұқараны билеп-төстеушілердің қысым-қыспағынан құтқара алады деп барлық күш-жігерін олардың білімін көтеруге арнады. «Қазақ даласындағы жұт жөнінде» деген еңбегінде халық болашағы – отырықшылыққа көшу, егіншілікпен айналысу, бірақ оны ықтиярыңмен істеу керек деп, күштеп отырықшыландыруға қарсы болды. Абай Құнанбаев - кемеңгер дана, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы қазақ даласындағы барлық жақсылық, жаңалық жаршысы болды. Игілікті, парасатты қоғам орнату – Абай еңбектерінің басты бағыттарының бірі болды.

ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басындағы зиялылар. Алаш зиялылары – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ж. Ақбаев т.б. Ресейдің отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысты басқарып, қазақ халқының ұлттық бірлесуін мұрат етті. Олар Алаш партиясын, Алашорда автономиясын құрды. Алайда олар қызыл империяның құрбаны болды. Бірақ істері, саяси мұраты өлген жоқ.

Қазақстан мен Ресейдің рухани мұрасына байланысты туған саяси теорияның бірі – Еуразиялық идея. Бұл идеяны 1920 жылдары орыс эмигранттары С.Трубецкой мен П.Н.Савицкий, кейін орыс ғалымы Л.Н.Гумилев дамытты. КСРО ыдырағаннан кейін Еуразиялық одақ құру идеясын 1994 жылы 28 наурызда ММУ-де сөйлеген сөзінде еліміздің президенті Н.Назарбаев көтерді. 2000 жылы 10 қазанында Астанада Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан Ресей, Тәжікстан құрған саяси-экономикалық, интеграциялық ұйым – Еуразия экономикалық қауымдастығы құрылды.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Саяси ойлар тарихы дегеніміз не және ол қандай мәселелерді қарастырады?
  2. Ежелгі дүниедегі саяси ойлардың дамуындағы үш бағытты атаңыз.
  3. Платонның еңбектеріндегі негізгі идея не?
  4. Платон, Арситотель жеке меншікке қалай қарады? Неге?
  5. Платон мен Аристотель мемлекеттік басқарудың түрі ретінде демократияға не себепті қарсы болды?
  6. Аристотельдің саяси теориясының негізгі идеяларын атаңыз.
  7. Орта ғасырлық Европадағы идеялардың ерекшеліктері неде?
  8. Орта ғасырлық араб-исламдық саяси ойдың өкілдері кімдер және олардың еңбектерінде қандай мәселелер айтылды?
  9. Қайта өрлеу дәуірінде саяси ойлар тарихында қандай мәселелер қарастырылды?
  10. Н.Макиавеллидің саяси ойлардың дамуына қосқан үлесі қандай? Макиавеллизм деген не және олардың мәні неде?
  11. Жаңа дәуірдің саяси ойындағы негізгі концепциялар қандай?
  12. Саясаттануда либерализм идеологиясының негізін салушы кім?
  13. Биліктің бөлшектенуі теориясын кімдер жасады және онда не айтылды?
  14. Руссо еңбектеріндегі саяси ойларында не айтылды?
  15. ХІХ-ХХ ғғ. негізгі саяси концепцияларды атаңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5-8; №9, 2-тарау, §§1-6, 19-44 бб.; №11; №13, 2-тарау, §§1-5, 30-75 бб., 3-тарау, §§1-4, 76-127 бб.; №14; №15, 25-56 бб.; №16, 13-26 бб.; №19, 1-тарау, 26-52 бб.; №20-22; №34; №36; №37; №46; №47; №52; №54; №55]

Дәріс 3. Қоғамдық өмір жүйесіндегі саясат.

Дәріс мақсаты: Қоғамдық құбылыс ретіндегі саясаттың мәнін, табиғатын, құрылымын, түрлерін, қоғамдық өмірдің басқа салаларымен байланысын жәнесаясаттанудағы жеке бағыт – салыстырмалы саясаттанудың объектісі мен пәнін, әдістері мен әдістемелерін және типтерін қарастыру, Қазақстандағы салыстырмалы саясаттанудың жәйіне тоқталу.

Басты ұғымдар: саясат,билік,саясаттың әлеуметтанулық, субстанциялық, ғылыми құрастырылған түсіндірмелері, саясаттың субъектісі, саясаттың объектісі,саяси мақсат, саяси құралдар, ішкі саясат, сыртқы саясат,салыстырмалы саясаттану, компаративистика, салыстырмалы әдіс.

  1. Саясат ұғымы және саясаттың пайда болуы.
  2. Саясат элементтері, негізгі түрлері. Ішкі және сыртқы саясат.
  3. Саясаттың функциялары. Саясаттағы мақсаттар мен құралдар.
  4. Саясаттың, моральдің және құқықтың арақатынасы.

1. Саясат ұғымы және саясаттың пайда болуы. Саясаттану саясат туралы ғылым деп жоғарыда атап өтілді. Сондықтан саясат туралы дұрыс және анық көзқарастарды қалыптастыру – саясаттанудың пәнін (яғни саясаттың), оның ерекшеліктерін және мазмұнын терең түсінудің маңызды шарты болып табылады.

«Саясат» - кең таралған және көп мағыналы сөздердің бірі. Күнделікті өмірде көбінесе саясат деп белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған кез келген қызметті айтады, мысалы мемлекеттің, партияның, фирманың басшысының қызметі немесе тіпті отбасындағы белгілі бір мақсатқа бағытталған ері мен әйелінің арасындағы қатынасты да айтады. Сонымен бірге саясат деп мүмкіндік өнері де түсініледі, ал кейде тіпті саясатты «лас іс» деп те сипаттап жатады.

Саясат туралы мұндай қарапайым түсініктердің көп болуы бұл құбылыстың күрделілігін, жан-жақтылығын, әртүрлі сипатта көрініс беруін көрсетеді.

«Саясат» ұғымының ғылыми түсіндірмелері қарапайым түсініктерден қатаң логикалық дәлелдемесімен, талдап қорытуылуымен, жалпыламалығымен, жүйелілігімен ерекшеленеді, алайда олардың арасында кейбір пікірлердің қарама-қайшылығы да жоқ емес. Саясат туралы түрлі ғылыми анықтамаларды оны түсіндірудің ерекшеліктеріне байланысты үш топқа жіктеуге болады: әлеуметтанулық, субстанциялық, ғылыми құрастырылған.

Саясатты әлеуметтанулық тұрғыдан түсіндіру (экономикалық, стратификациялық, құқықтық, этикалық анықтамалар), оны басқа қоғамдық құбылыстар, яғни экономика, әлеуметтік топтар, құқық, мораль, мәдениет, дін арқылы сипаттайды. Сондықтан оларды экономикалық, стратификациялық (әлеуметтік), құқықтық, этикалық (нормалық) және т.б. деп бөлуге болады.

Саясаттың кең таралған екінші бір анықтамалары – субстанциялық анықтамалар (биліктік, институционалдық, антропологиялық, жанжалды-консенсустық, саясат «достар» - «дұшпандар» қатынастары ретінде). Олар саясаттың алғашқы түп негізін ашуға тырысады. Бұл топта да бірнеше анықтама бар. Олардың ішінде кең таралғаны – саясатты билікке бағытталған, яғни оған жету, қолда ұстап тұру және оны жүргізуге бағытталған іс-әрекеттер деп сипаттайды.

Саясаттың ғылыми құрастырылған түсіндірмелерінің тобы (қызметтік, телеологиялық, жүйелік анықтамалары). Саясаттың динамикалық, процестік сипаты оның қызметтік анықтамаларын ашады. Олар саясатты бүкіл қоғам үшін міндетті шешімдерді дайындау, қабылдау және іс жүзіне асыру процесі ретінде сипаттайды. Саясатты былайша түсіндіру оны жүзеге асырудың маңызды кезеңдеріне талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай кезеңдерге саясаттың мақсатын анықтау, шешімдер қабылдау; бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін бұқараны ұйымдастыру және ресурстарды жұмылдыру; саяси қызметті реттеу; оны бақылау; нәтижелерді талдау және саясаттың жаңа мақсаттарын алға қою. Саясаттың қызметтік түсіндірмесі кеңінен қолданылады, атап айтқанда, саяси шешімдер қабылдау теорияларында.

Жоғарыда қарастырылған саясаттың түсіндірмелері оның түрлі анықтамаларының болуын жоққа шығармайды. Саясат туралы мұндай түрлі анықтамаларының, ғылыми сипаттамалардың болуы, ең алдымен саясаттың күрделілігін, оның мазмұнының кеңдігін, қасиеттері мен қоғамдық функцияларының әртүрлілігін көрсетеді. Саясаттың түрлі түсіндірмелерін, анықтамаларын қорытындылай келе, оны әлеуметтік топтар мен индивидтердің өздерінің қарама-қайшылықты ұжымдық мүдделерін түсініп-сезінуі және ұсынуы (артикуляция), мемлекеттік биліктің көмегімен қамтамасыз етілетін бүкіл қоғамға міндетті шешімдерді қабылдауы бағытындағы қызметтері деп анықтауға болады.

Саясат дегеніміз – қоғамдағы үлкен әлеуметтік топтар мен таптар, ұлттар мен ұлыстар, олар мен мемлекет арасындағы, қарым-қатынас барысындағы олардың өз мүдделерін қорғауға, іске асыруға, саяси билікті жеңіп алуға, сақтап қалуға бағытталған және оны қолдау тәсілдері жайлы әрекеттер жүйесі. Саясат ұғымы қоғамның саяси саласындағы барлық құбылыстар мен процестерді, тенденцияларды бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда саясатты белгілі таптың, партияның, мемлекеттің мүдделері, мақсат-міндеттерінің мазмұны мен ауқымы көрсетілген құжаттарының жиынтығы деп атауға болады.

Саясат қоғамның дұрыс қызметі және оның өмірін қамтамасыз ету үшін қажет және сол үшін пайда болған. Сондықтан саясат қоғамның қажетті әрі маңызды элементі болып табылады.

Саясаттың ерекшелігі оның мемлекеттік билік мәселесіне байланысты болуында. Саясат биліктің түрін, мақсатын, мазмұнын анықтауға және билікті қолдану әдісіне ықпал етіп отырады. Саясаттың басты мәселесі – белгілі бір идеология негізінде құрылған мемлекеттік билік жүйесі.

Саясаттың өлшемдері (құрамдас бөліктері). Саясат түрлі формада - адамдардың ойлауы, сөйлеуі, мінез-құлқы түрінде өмір сүреді. Ғылыми әдебиетте саясаттың түрлі жақтары мен құрамдас бөліктері көрсетіледі. Саясатты бөліктерге бөлу оның формасын, мазмұнын және процесс ретінде анықтаумен байланысты.

Саясаттың формасы оның ұйымдық құрылымы, яғни оған тұрақтылық беретін, адамдардың саяси мінез-құлқын реттейтін институттары (құқықтық және ұйымдастырушылық жүйе де кіреді). Саясаттың формасы мемлекет, партиялар және мүдделер топтары (ассоциациялар мен қозғалыстар) арқылы, сонымен бірге заңдарда, саяси және құқықтық нормалар арқылы көрінеді.

Саясаттың мазмұны оның мақсаттары мен құндылықтары, шешетін мәселелері, саяси шешімдерді қабылдау себептері мен механизмдері арқылы көрінеді.

Саяси процесс арқылы саяси қызметтің күрделі, көпсубъектілік және жанжалдық сипаты, түрлі әлеуметтік топтар мен ұйымдардың, индивидтердің арасындағы қатынастар ретінде көрінеді.

Саясаттың элементтері мен деңгейлері. Саясаттың формасы, мазмұны және процесі оның құрылымын аяқтамайды. Саясаттың дербес элементтері ретінде мыналарды көрсетуге болады: 1) саяси сана, ол индивидтердің ішкі дүниесін, менталитетін, құндылықтық бағдарын, қондырмаларын және саяси теориялар мен көзқарастарды білдіреді; 2) нормалық идеялар: саяси партиялардың бағдарламалары мен сайлау платформалары, мүдделі топтардың мақсаттық қондырмалары, саяси-құқықтық нормалар; 3) билік және ол үшін күресетін институттар; 4) билік қатынастары – үстемдік және бағыну, сонымен бірге саяси күрес пен ынтымақтасу.

Саясаттың құрамдас құрамдас бөліктері және элементтерімен бірге кейде оның өмір сүруінің үш деңгейі де көрсетіледі. Бірінші деңгей, саяси немесе макродеңгей, ол мемлекетті жария мәжбүрлеуші билік, оның құрылымы, орталық пен жергілікті жерлерде қызмет ететін тұтас нәрсе ретінде сипаттайды. Екінші деңгей, микродеңгей, жеке ұйымдарды: партияларды, кәсіподақтарды, корпорацияларды, фирмаларды т.б. қамтиды. Мұнда да мемлекеттегі сияқты үлкен саясатқа тән ішкі құбылыстар мен процестер: ұжымдық мақсаттарды ұсыну мен жүзеге асыру, шешімдер қабылдау, қызметтер мен игіліктерді бөлу санкциялар қолдану, индивидтер мен топтардың билік үшін бәсекелестігі, мүдделердің жанжалдығы көрінеді. Үшінші деңгей, мегадеңгей, бұл халықаралық ұйымдардың: БҰҰ, НАТО, ЕЭҚ-тың және т.б қызметіне қатысты.

Бұл деңгейлердің ішінде біріншің деңгей басты орын алады және саясаттың мәнін көрсетеді. Екінші және үшінші деңгейлер бағынышты сипат алады.

Саясаттың жалпымемлекеттік, макродеңгейімен көбінесе оның қоғамдағы атқаратын функцияларын байланыстырады. Олар саясаттың қоғамға ықпалының маңызды бағыттарын сипаттайды. Саясаттың функцияларына мыналар жатады:

- күрделі, жіктерге бөлінген әлеуметтік жүйе ретінде қоғамның тұтастығын қолдау және нығайту, қоғамдық тәртіп пен ұйымдасуды қамтамасыз ету;


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: