Каспий мемлекеттік 5 страница

Мемлекеттік биліктің түрлері. Биліктің жүзеге асырылуы тәсіліне және құрылысына қарай басқару түрі және мемлекеттік құрылысы болып бөлінеді. Басқару түріне байланысты билік монархиялық және республикалық болып бөлінеді. Монархия деп мемлекеттің жоғарға өкімет билігі жеке-дара, бір билеушінің қолында болып, ол әкеден балаға мұра ретінде қалатын түрін айтады. Монархия өз кезегінде абсолюттік (шексіз) және конституциялық болып екіге бөлінеді. Конституциялық монархияда монархтың билігі белгілі бір дәрежеде заң шығаратын билік парламентпен шектеледі. Республика деп мемлекеттік биліктің барлық жоғары органдары белгілі бір уақытқа сайланатын немесе өкілдік мекемелер (парламент) арқылы қалыптасатын мемлекеттік басқарудың түрін айтады. Республика президентік, парламенттік және аралас (немесе жартылай президенттік) болып үшке бөлінеді.

Билік мемлекеттің құрылысына қарай унитарлық, федеративтік және конфедеративтік болып үш түрге бөлінеді. Унитарлық (латынның біртұтас, біріккен деген сөзінен) құрылыста саяси билік бір орталыққа бағынады, мемлекеттің ішінде өз алдына бөлек басқа құрылымға жол берілмейді. Оның жері, конституциясы бір болады. Мемлекетік биліктің жоғары органдар жүйесі, азаматтығы ортақ. Федерация деп белгілі бір саяси тәуелсіздігі бар бірнеше құрылымдардың бірігіп одақтық жаңа бір мемлекетті құруын айтады. Федерация мен оған кіретін субъектілердің міндеттерінің арасындағы айырмашылықтар жалпымемлекетік конституциямен реттеледі. Әрбір субъектінің өзінің жоғарғы билеу (заң шығарушы, атқарушы, сот) органдары болады. Бірақ олар орталық институттарға бағынуы тиіс. Конфедерация деп өздерінің кейбір амал-әрекеттерін үйлестіріп, белгілі бір мақсаттарды (әскери, сыртқы саясаттағы және т.с.с.) жүзеге асыру үшін бірлескен егеменді елдер одағын айтады.

Биліктің құрылымы. Биліктің летимдігінің типтері. Биліктің құрылымына: көздері, негіздері, ресурстары, субъектісі, объектісі, функциялары кіреді. (2-схема). Биліктің қайнар көздері – бедел, күш, байлық, заң, адамның қоғамдағы алатын орны, ұйым, құпия, мүдде, білім, ақпараттық мәліметтер. Биліктің негіздері мен ресурстары оның маңызды құрылымдық элементтері болып табылады. Биліктің негіздері деп субъектінің биліктік еркі негізделенетін биліктің базасын, көздерін атайды. Биліктің ресурстары деп билікті және оның негіздерін нығайту үшін қолданылатын (немесе қолданылуы мүмкін) нақты және потенциалды құралдарды айтады. Қоғамның қызмет ету салаларына байланысты биліктің экономикалық, әлеуметтік, заңдық, әкімшілік күштеу, мәдени-ақпараттық негіздері мен ресурстары бар.

Биліктің нәтижелілігі оның легитимділігіне (латынның «legitimus» - заңмен келісілген, заңды деген мағынадағы сөзінен) байланысты. «Легитимдік» терминін ғылыми айналымға неміс ғалымы М.Вебер енгізді. Биліктің легитимдігі (көбінесе заңдылығы деп аударылады) деп – билікке халықтың, көпшіліктің сенім білдіруі, оны мойындауы, құрметтеуі. Легитимдіктен биліктің жариялылығын айыра білу керек. Бұл юридикалық ұғым, яғни биліктің заңдарға, құқықтық нормаларға сәйкес келуі. Сонымен бірге жария емес билік (заңды түрде билікке келмеген) ақталып, халықтың қолдауына ие болуы мүмкін. Кез келген билік жария да, заңды да болуға ұмтылады. М.Вебер билік басына келудегі легитимдіктің мінсіз түрлері ретінде үш үлгісін көрсетті: әдет-ғұрыптық легитимдік; харизматикалық легитимдік; ақыл-парасаттық, құқықтың легитимдігі.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Билік дегеніміз не және оның қандай анықтамаларын білесіз?

2. Қоғам биліксіз өмір сүре ала ма? Неге?

3. Биліктің құрылымы дегеніміз не және оның элементтеріне не жатады?

4. Биліктің субъектісі, объектісі, «билікке иелік етуші» деген ұғымдардың қатынасы қандай?

5. Билік қандай функцияларды (қызметтерді) атқарады?

6. Саяси билік дегеніміз не? Саяси билік пен мемлекеттік биліктің айырмашылығы қандай?

7. Билікті ұсыну және биліктің бөлінуі деген не?

8. Биліктің вертикаль және горизанталь бөлінуі деген не?

9. Биліктің легитимдігіне не жатады?

10. Биліктің «легитимдігі» және «жариялылығы» ұғымдарының айырмашылығы неде?

11. Биліктің легитимдігінің қандай түрлерін білесіз?

12. Саяси биліктің жүргізу түріне байланысты қандай формаларын білесіз?

13. Саяси биліктің басқару формаларына территориялық құрылымына байланысты қандай түрлері бар?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 3-тарау, §§1-4, 45-60 бб.; №11; №13, 5-тарау, §§1-4, 166-182 бб., 6-тарау, §§1-3, 183-200 бб.; №14; №15, 57-64 бб.; №16, 26-33 бб.; №19, 3-тарау, 127-139 бб.; №20-22; №31, 6-тарау, §§1-3, 103-120 бб.; №34; №35, 12-18 бб.]

Дәріс 5. Әлеуметтік-этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты.

Дәріс мақсаты: саясаттың субъектісі және объектісі ұғымдарына анықтама бере отырып, әлеуметтік-этникалық бірлестіктерді саясаттың субъектісі мен объектісі ретінде анықтау.

Басты ұғымдар: ұлттық қоғамдастық, этнос, тайпа, ұлт, халық, ұлттық қатынастар, конфессия.

  1. Этнос және ұлт. «Ұлт» категориясын түсіндірудің тәсілдері.
  2. Ұлт мәселесі және оның құрылымы.
  3. Ұлттық-мемлекеттік құрылыс формалары: унитарлық, федерация, конфедерация.
  4. Этносаралық келісімге жетудің Қазақстандық үлгісі.
  5. Қазақстан көпконфессиялы қоғам ретінде.

1.Этнос және ұлт.«Ұлт» категориясын түсіндірудің тәсілдері. Мемлекеттік билікті қалыптастыру мен бөлу процестеріне күрделілік, өзіне тән ерекшелік беретін саясаттың ерекше субъектісі ұлт болып табылады. Ұлттық қауымдастықтар қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. Оларға ұлттар, ұлыстар, халықтар, тайпалар, ұлттық азшылықтар жатқызылады.

Қазігі таңда түрлі ғалымдардың санауы бойынша, әлемде үш мыңға жуық халық (этнос) – ұлт бар, этникалық (этноұлттық және этнолингвистикалық) топтар саны он мыңға жетеді, ал мемлекеттер саны екі жүзге жуық. Ұлттық (этноұлттық) қатынастар, яғни ұлт деп аталатын қауымдастықтағы адамдар арасындағы қатынастар немесе басқа да этноұлттық қатынастар мемлекеттен бөлек өмір сүрмейді. Ұлттық немесе этноұлттық қатынастар мемлекет арқылы көрініп, бірыңғай саяси тұтастықты құрады. Халықаралық аренада ұлттар арасындағы қатынастар ең алдымен мемлекеттер арасындағы қатынастар ретінде көрініп, сондықтан саяси сипатта болады.

Тарихи жағынан алғанда «ұлт» («нация») термині (латынның «nascor» – туылу деген сөзінен) алғаш рет Ежелгі Римде азғантай халықтарды белгілеу үшін пайдаланылған. Сонымен бірге грек тілінен алынған шығу тегі жағынан қандас-туыс, сыртқы белгілері, тілі мен аумағы бір адамдардың қауымдастығы болып табылатын тайпаны анықтаған «этнос» ( «ethnos»-тайпа, халық) термині де қолданылған.

Қазіргі заманғы ғылыми мектептердің кейбір еңбектерінде, тіпті халықаралық құжаттарда «ұлт» және «этнос» ұғымдары синоним ретінде қолданылады.

Әлеуметтік-саяси ойларда ұлтты түсіндірудің түрлі теориялық түсіндірмелерінің болуына қарамастан, қазіргі кезеңде оны түсіндірудің екі басты теориялық түсіндірмесі, бағыты (подход) бар, олар – конструктивистік (мемлекеттік (саяси)-құқықтық) және примордиалистік (этно-лингвистикалық).

Бірінші бағытты (мемлекеттік-құқықтық бағыт) жақтаушылар ұлтты белгілі бір субъектінің мақсатқа бағытталған түсініліп-сезінілген қызметінің нәтижесі деп қарастырады. Бұл бағыттың көрнекті өкілінің бірі Э.Гелнер ұлтты құрушы субъект ретінде мемлекет (мемлекеттік элита) көрінеді деп есептейді. Бұл жерде биологиялық немесе басқада анықтауларға қарағанда ұлттың қалыптасуына мемлекет үлкен ықпал етеді.

Мемлекеттік-құқықтық бағыт, ұлттың құрылуының француздық (батыстық) деп аталған үлгісі бойынша, ұлт деп отандас, елдес адамдар жиынтығы түсініледі, яғни ұлт – бір елдің азаматтарының қауымдастығы. Халықаралық аренада мемлекеттер (көп ұлтты болса да) өз ұлттық мүддесі, ұлттық шекаралары, ұлттық жалауы т.б. ұлттық сипаттамалары бар «ұлттық» мемлекеттер ретінде көрінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері болып ұлттық мемлекеттер түрінде көрінетін саяси ұлттар болып табылады.

Ұлттың қалыптасуы идеясы мен тәжірибесінің келесі (немістік үлгі) примордиалистік түсіндірмесі (этно-лингвистикалық немесе әлеуметтік-мәдени бағыт) ұлтты адамдарды ортақ мәдениет негізінде біріккен органикалық қауымдастық ретінде мойындаудан бастау алады. Бұл түсінікте және ұлтты құруда адамдардың шығу тегінің ортақтығына, қандас-туыстыққа, діни ынтымақтастыққа баса назар аударылатын этногенетикалық факторлар, ең алдымен, тіл, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер ерекше маңыз алады. Бұл бағыт бойынша ұлт белгілі бір мүдделері бар адамдардың объективті түрде қалыптасқан қауымдастығы және оның өмір сүруі белгілі бір субъектінің саналы әрекетіне тәуелді емес. Бұл тұрғыдан алғандағы ұлттың түсіндірмесін ХІХ ғасырдың соңындағы белгілі неміс ғалымы О.Бауэр дің көзқарасы бойынша, ұлт, бұл – «аумағының, шығу тегінің, тілінің, әдет-ғұрыптарының, қайғысының (переживаниесінің), тарихи өткенінің, заңдарының, дінінің ортақтығына» негізделген топ. Бұл көзқарас ұлтты рухани мәдениеті (тілі, діні, дәстүрлері, әдет-ғұрыптары), тарихи дамуы, мінез-құлқының, тұрмысының ортақ болуына байланысты біріккен адамдар қауымдастығы ретінде қарауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда мәдени ұлт немесе этноұлт туралы айтады.

Тарихи жағынан алғанда ұлттық қауымдастықтың алғашқы формасы – тайпа. Тайпа – қандас-туыстас қауымдастық. Ұлыстар, ұлттар, халықтар – бұлар аумақтық, әлеуметтік-мәдени қауымдастықтар, бұларда адамдар арасындағы табиғи, биологиялық тәуелділік, рулық байланыстар, шығу тегінің ұқсастығы екінші орында тұрады. Халықтар мен ұлттар ұғымдары қазіргі кезеңде бірдей ұғым ретінде жиі қолданылады. Оларды айырғанда халықтар деп көбіне иемденуші және натуралды шаруашылыққа байланысты айтылады, ал ұлттар деп техникалық жағынан дамыған өркениет кезіндегі, оған белсене араласқан қауымдастықты айтады. Ұлт – саяси, мемлекет болып ұйымдасқан халық, оның мәні осында. Демек, мемлекеттендірілген этнос ұлт болып табылады. Ұлт – этностың жоғарғы типі.

Сонымен, кең тараған түсінік бойынша, ұлт дегеніміз – тұрақты экономикалық біртұтас өмір, тілі, мәдениеті мен дәстүр ерекшеліктері, жеке және топтық сана, дербес сана-сезім арқасында өзін басқалардан ажыратып, белгілі бір ұлттық қауымдастыққа санайтын белгілі бір мемлекеттің азаматтары немесе тарихи қалыптасқан адамдар қауымдастығы.

2. Ұлт мәселесі және оны шешудің принциптері. Билікке ерекше талаптарын қою үшін қолданылатын ұлт идеясы жүйелі түрдегі ерекше саяси акцияларды туғызады, бұл ұлтшылдық болып табылады. Ұлтшылдық – бұл белгілі бір доктрина негізінде ұлттық қауымдастықтың мемлекетпен қатынасындағы оның (ұлттың) мүдделерінің (ең аз дегенде өзінің еркін, дербес дамуын, өзін-өзі нығайтуын, бекітуін қамтамасыз ету) көрінуі және қорғалуын көздеген саяси қозғалыс.

Қазіргі заманғы мемлекеттердің 90 %-ы көпұлтты, сондықтан да өзінің мәні мен саяси маңыздылығы бойынша ұлттық қозғалыстар адамдардың демократияға, азаматтық қоғам құруға деген ұмтылыстарымен бірдей деуге болады. Ұлттық қозғалыс бір мәнді емес және ол қарама-қайшылықты саяси құбылыс болып табылады.

Ұлттық қозғалыстың мақсатының сипатына ұлттық өзін-өзі билеу принципі ықпал етеді. Халықтар мен ұлттардың өзін-өзі билеу құқығы туралы мәселе халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Өзін-өзі анықтау, билеу құқығы деп барлық халықтардың ерікті түрде өз саяси статусын қабылдап, экономикалық, ұлттық және мәдени еркін дамуға құқығын айтады. Өзін-өзі билеу құқығы ұлттық егеменділіктің заңдық көрінісі болып табылады, яғни өз мәселелерін шешуде ұлттар мен халықтардың жоғарылылығы, басқа халықтармен қарым-қатынастарда тәуелсізділігі.

Ол БҰҰ-ның жарғысында және басқа да халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген. Оларда егеменді және тәуелсіз мемлекетті құру, тәуелсіз мемлекетке еркін түрде қосылу немесе онымен бірігу немесе басқа да бір саяси статусты орнату бұл халықтың өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыруының формалары болып табылады делінген. Сонымен бірге көп ұлтты мемлекеттің шеңберінде халыққа кең ұлттық-мемлекеттік немесе мәдени автономия беру оның өзін-өзі билеу құқығының тағы бір формасы болып табылады. Бұл форма тәуелсіз мемлекет болып бөліну, оны құруды көздейтін радикалды формаға қарағанда қазіргі кезеңде өзін-өзі билеудің тиімді түрі болып отыр.

Халықтардың өзін-өзі билеу құқығының радикалды формасына қарсы маңызды аргумент, бұл халықаралық құқықтың тағы бір негізгі принципі – мемлекеттің аумақтық тұтастығы, оның шекараларының мызғымастығы принципі болып табылады. Ол да БҰҰ-ның жарғысында және басқа да бірқатар жалпы мойындалған халықаралық-құқықтық құжаттарда бекітілген. Ең алдымен 1975 жылғы Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Мәжілістің Қорытынды актісін атаймыз. Ол бойынша қатысушы-мемлекеттер бір-бірінің «аумақтық тұтастығын құрметтеуге» міндеттеме алды.

ХХ ғасырдың аяғындағы нақты оқиғалар көрсеткендей, халықтардың ұлттық өзін-өзі билеуінің барлық формаларының ішінде тәуелсіз мемлекет құру формасы ең танылмал болып отыр. ХХ ғасырдың 90-жылдары КСРО, Югославия, қосұлтты мемлекет Чехословакия ыдырады. Орасан зор бірынғы кеңестік кеңістікте екі принцип – халықтардың өзін-өзі билеу құқығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығы принциптерінің негізінде қайшылықтар туып, қарулы жанжалға дейін ұласты. Мысалы, Грузия – Абхазия, Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы таулы Карабах үшін, Молдова мен Днестр маңы Молдава Республикасы, Ресей мен Шешенстан арасындағы қақтығыстар.

Мемлекеттің барлық белгісі бар, яғни билік және басқару аппараты, қарулы күштері, соты т.б құрылымдары бар мемлектті құру - өте күрделі және жауапты іс. Кіші халықтарда толық қанды дербес мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ету үшін экономикалық, саяси, мәдени мүмкіндіктері жетпейді. Мұндай «ойыншық» мемлекеттің өмір сүруіне кіші халықтардың азғантай элитарлық тобы мүдделі болуы мүмкін. Сондықтан соңғы кездері халықаралық саяси және ғылыми орталарда халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы міндетті түрде олардың жеке мемлекеттер құруға құқығын білдірмейді деген көзқарастар кеңінен таралуда.

Соңғы кездегі пікірлер бойынша халықтардың жеке мемлекетке бөлінуіне мына жағдайларда құқығы бар деп есептеледі:

- Қамқорлыққа, бақылауға алынған тәуелді аумақтар халықтарының құқығы бар. Тәуелді аумақтарды басқаруға жауапты мемлекеттерге бұл аумақтар халықтарының өзін-өзі анықтауын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Алайда тәуелді мемлекеттер аумақтары өзін-өзі анықтау барысында егеменді мемлекет құру формасын ғана емес, сонымен бірге саяси ұйымдасудың басқа әдістерін таңдауы мүмкін.

- Мемлекет болып бөлектенуге егеменді мемлекеттерде өмір сүретін және сол мемлекеттер үкіметтері тарапынан саналы түрде дискриминацияға (құқықтарынан айыру) ұшыраған халықтардың құқықтары бар.

Қалған жағдайларда өзін-өзі билеу, анықтау құқығы егеменді мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципінен үстем болмауы тиіс.

Ұлттық қатынастар – ұлттық-этностық даму субъектілері – ұлттар, ұлыстар, ұлттық топтар, ұлттық азшылықтар және олардың мемлекеттік құрылымдары арасындағы, сонымен бірге түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қатынастар және ұлттық қауымдастықтардың өзара іс-әрекеттері. Ұлттық қатынастардағы басты мәселе – бұл тең құқықтылық немесе бағыну мәселесі; бұл экономикалық және ұлттық даму деңгейінің теңсіздігі туралы мәселе; бұл ұлттық негізде ұлттар арасындағы туатын дүрдараздықтар, зорлық-зомбылықтар, өшпенділік пен күдіктенулер туралы мәселе. Екінші жағынан, бұл – көп ұлтты қоғамдағы билік жүйесі мен ұлттар арасындағы қатынас мәселесі ұлттық мәселенің бейбіт қатар өмір сүруге, тату көршілікке, теңдікке, егемендікке, демократизмге негізделген ұлттың алға даму мәселесі.

Тарихи тәжірибе көрсеткендей, ұлттар арасындағы қатынастар шиеліністі және трагедиялық кезеңдерді бастан кешірді. Батыс саясаттануындағы этникалық саясат деген жаңа бағыт – дүние жүзіндегі болып жатқан этникалық дау-жанжалдарды, ұлттық шиеліністерді түсіндіруге, оларды шешу жолдарын анықтап, сондай-ақ белгілі бір аймақтарда мұндай дау-дамайлардың болуын алдын ала болжай білуге арналған жалпы теория. Бүгінгі күні ұлттық сана-сезім мен ұлтшылдық тез өсуде. Жалпы алғанда ұлттың этникалық өркендеуі этникалық жанжал болып табылмайды, алайда этножанжалға әкелуі мүмкін потенциал болып табылады.

Этносаяси жанжал деп белгілі бір дәрежедегі ұйымдасқан саяси іс-әрекетті, айтады, ол қоғамдық қозғалыстардың қатысуымен, жаппай тәртіпсіздіктердің, сепаратистік бас көтерулердің, тіпті азамат соғысының болуымен сипатталатын этникалық қауымдастықтар мәселелеріне байланысты болатын қарсы тұру болып табылады.

Этносаяси жанжалдар көп ұлтты мемлекетте әр түрлі тілде сөйлейтіндердің (Бельгия, Швейцарияда), әр түрлі дінге сенетіндердің (Үндістандағы сикхтар, мұсылмандар, индустар; Ливандағы христиандар мен мұсылмандар), әр түрлі ұлттар (бұрынғы КСРО-да), әр түрлі нәсілдер (Оңтүстік Африка елдерінде) арасында болуы мүмкін.

Этносаяси жанжал тудыратын мәселенің бірі – этникалық ұлтшылдық. Мұнда біраз ұлттың өкілдері өз алдына автономия алу, тұтастығы және ұлттық өзгешелігін сақтау мақсатын қояды. Ол идеология немесе қозғалыс ретінде көрініс беруі мүмкін.

Этникалық ұлтшылдықтың басты саяси мүддесі – түптеп келгенде өзінің мемлекеттілігін орнату. Мұндай ұлтаралық қақтығыстар қазіргі таңда жеткілікті. Мысалы, Солтүстік Ирландия мен Англия, грузиндер мен абхаздықтар, осетиндер мен ингуштар арасындағы, Таулы Қарабахтағы, Молдовадағы және т.с.с. жанжалдар. Олардың негізінде жергілікті халықтан басқа ұлт өкілдерінің саяси және азаматтық құқықтарының қысымшылық көруі, ұлттық егеменділік, ұлттық-мемлекеттік құрылым мәселелері және т.б. жатыр.

Бүгінгі таңда ұлттар арасындағы қақтығысқа әкеп соқтыратын ұлттық шиеліністі ұшықтырушы, кез келген әдіспен, күш қолдану жолымен де, өздерінің мақсаттарына жетуді көздейтін ұлтшылдық, сепаратизм, неофашизм сияқты теориялар мейлінше қауіпті.

Қалай болғанда да ұлтаралық жанжалды өрістетпей, мәселені дер кезінде шешу қажет. Өйткені мұндай шиеліністер ұлғайып кетуге бейім келеді және ұзақ сипат алған дау-жанжалды тоқтату оңайға түспейді. Ол үшін мемлекет ұлтаралық саясатты ешқашан назардан тыс қалдырмауы тиіс. Ұлттық саясат – бұл ұлттық мүдделерді жүзеге асыруға, ұлттық қатынастар саласындағы қайшылықтарды шешуге бағытталған ғылыми

3. Ұлттық-мемлекеттік құрылыс формалары: унитарлық, федерация, конфедерация. Көп жағдайда ұлттық қауымдастықтар мемлекеттің құрылысының формасына әсер етеді. Тарихта мемлекеттің өмір сүруі ұлттар мен ұлттық-этникалық топтардың дамуының үш негізгі формасы белгілі. Оларға унитарлық мемлекет (унитаризм), федерация және конфедерация жатады.

Унитарлық. Егер елде бір ұлт үстем болса, онда мемлекеттің құрылысы унитарлық (француздың «unitarism», латынның «unitas» - бірлік деген сөзінен) ұлттық мемлекет түрінде болады. Ұлттық унитарлық мемлекеттерге Италия, Испания, Грузия, Өзбекстанды жатқызуға болады.

Унитаризм – біртұтас, біріккен мемлекет, оның барлық бөліктерінің немесе көпшілігінің мемлекеттік құрылым статусы жоқ. Унитарлық мемлекетте бір конституция, бір азаматтық, мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының бір жүйесі болады; егемендіктің қандай да болсын белгілері болмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктерге ғана бөлінеді. Унитарлық мемлекеттің құрамдас бөліктері (облыстар, аудандар және т.б.) орталық органдар қабылдаған заңдар негізінде басқарылады, олардың аумақтары жалпымемлекеттік заңдар бойынша жергілікті органдар мен жергілікті тұрғындардың келісімінсіз-ақ өзгертіледі.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: