Каспий мемлекеттік 13 страница

Халықаралық қатынстардың басты субъектілеріне мемлекет құрған халықаралық саяси немесе әскери-саяси ұйымдар да жатады. Олардың ішінде: Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің Ассоциациясы (АСЕАН), Европалық Одақ (ЕС), Араб елдерінің Лигасы (ЛАГ), Американ мемлекеттерінің Лигасы (ОАГ), Африка бірлестігі Ұйымы (ОАЕ), Солтүстікатлантикалық Одақ (НАТО), Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық (СБСЕ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (СНГ) т.б.

Халықаралық қатынастардың маңызды субъектілеріне беделді халықаралық қоғамдық және кәсіби ұйымдар да кіреді. Бұларға: Халықаралық денсаулық сақтау Ұйымы (ВОЗ), Кәсіподақтардың дүниежүзілік федерациясы (ВФП), Халықаралық еңбек ұйымы (МОТ), Халықаралық валюталық қор (МВФ) т.б. жатады.

Халықаралық (әлемдік) саясат халықаралық құқық субъектілерінің (мемлекеттер, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, одақтардың т.б.) өз мүдделерінің келісілуімен, соғыс және бейбітшілік, бүкіл адамзаттың өмір сүруі, жалпыға ортақ қауіпсіздік пен қарусыздануды қамтамасыз ету мен ғаламдық, аймақтық және ұлттық жанжалдарды реттеу, қоршаған ортаны қорғау, артта қалушылық пен кедейлікті, аштық пен ауруларды жою, адамзаттың басқа да ғаламдық мәселелерін шешу, әлемде әділетті тәртіп орнату мәселелерін шешумен байланысты жүргізілетін мақсатты саяси қызметтері болып табылады.

Халықаралық саясаттың мәні мен мазмұны жалпы адамзаттық мәселелерді талдау арқылы және кез келген мемлекеттің қызметінің негізі болып табылатын ұлттық мүдде арқылы да көрінеді. Ұлттық мүдде деп өз халқының, мемлекетінің мақсат-мүддесін қажеттіліктерін сезініп, біліп, оны іске асыруға тырысушылықты айтады. Оған ұлтты еркін және тәуелсіз мемлекет ретінде ұстау, сыртқы қауіп-қатерден сақтау, ұлттың жақсы тұрмыс-халін өрлетіп, дамыту, халықаралық аренада мемлекеттің экономикалық және саяси бағытын қорғау, әлемдік саясатта өз ықыласын кеңейту жатады.

Сыртқы саясатқа жеке мемлекеттердің, ұлттардың дүниежүзілік дәрежеде өз мүдделерін қорғау үшін жүргізілген іс-әрекеттері жатады. Сыртқы саясат арқылы мемлекет әлемдік саясаттың басқа да субъектілермен халықаралық аренада өз қатынасын реттеп отырады. Мемлекеттің сыртқы саясатының мазмұнын айқындайтын басты мәселе – ұлттық мүдде. Ұлттық мүдделер мемлекеттің сыртқы саяси бағдарламаларында, сыртқы саясатында көрініс тауып отырады.

Сыртқы саясатты жүзеге асырудың маңызды құралдарының бірі – дипломатия болып табылады. Дипломатия – сыртқы қатынасты қамтамасыз ететін және шетелде мемлекеттің құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі мемлекет, өкімет басшыларының және сыртқы қатынасқа түсетін мекемелердің күш қолданбай жүргізетін ресми іс-әрекеттерінің жиынтығы. Шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасау сыртқы саясатты жүзеге асырудың дәстүрлі түрі болып табылады.

Әлемдік саясат пен халықаралық қатынастарды саяси ғылым шеңберінде қарастырғанда оның геосаясат және саяси глобалистика деген бағыттары ерекше маңыз алады. Геосаясат жаһандық және ұлттық мүдделерді, халықаралық қатынастар мен әлемдік саясат субъектілері ретіндегі мемлекеттің сыртқы саясатының басым бағыттары мен тәсілдерін түрлі елдердің аумақтық, демографиялық және күш дәрежесіне (потенциалы) сүйене отырып зерттейді. Әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың маңызды мәселелерінің бірі жаһандық (халықаралық) қауіпсіздік мәселесі.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, геосаясаттың пайда болуы оның саяси географиядан шығуымен байланыстырады. Геосаясат (гректің geos – жер және politike – мемлекетті басқару өнері сөздерінен) – ресми шекарасынан тыс жерде мемлекеттің мүдделерін мойындайтын концепция, яғни мемлекеттің сыртқы саясаты географиялық факторларға (аумағына, табиғи байлықтарына т.б.) байланысты жүргізеледі. Алғаш рет «геосаясат» терминін ғылыми айналымға швед ғалымы Рудольф Челлен енгізді. Оның айтуы бойынша, «бұл, кеңістікте өмір сүретін георафиялық организм ретіндегі мемлекет туралы ғылым». Бұл мәселемен одан бұрын неміс географы және этнографы Ф.Ратцель айналысты, оны геосаясаттың «әкесі» деп те атайды.

Геосаясат – халықаралық қатынастар теориясының басты ұғымдарының бірі. Ол мемлекеттердің немесе мемлекетер блогының аумақтық-кеңістік ерекшеліктерінің жергілікті, аймақтық, континеттік және жаһандық халықаралық процестерге ықпалын зерттейді. Геосаясат халықтар мен елдердің аумақтық мүдделері арқылы анықталатын сыртқы саясаттың бір түрі. Геосаясаттың негізіне «теллурократия» немесе «құлықтағы басымдық» (оның негізін heartland (хартленд) – «жердің кіндігі алынған»); «талассократия», немесе «теңіздегі басымдық»; «rimland» (римленд) немесе «жағалаулық зона» сияқты ұғымдар алынған.

Геосаясаттағы маңызды кеңістіктік категориялар – мемлекеттің аумағы, шекарасы және күші болып табылады.

Халықаралық қауіпсіздік – бұл әлемдік қауымдастықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететін халықаралық қатынастардың жағдайы. Халықаралық қауіпсіздіктің негізгі принциптері – күштер балансы, мүдделер балансы. Халықаралық қауіпсіздіктің негізгі элементтері – күштеуді шектеу, ұжымдық қорғаныс жүйесін құру, қару-жарақты бақылау, ұлттық және жалпыөркениеттік мүдделерді белсене қорғау үшін ұлтаралық әскери күштерді құру.

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, оның көпбағыттылық сипаты. Қазақстанның сыртқы саясаты – мемлекеттің сыртқы саяси қызметінің саласы, ол егеменділікті нығайтуға, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. 1991 жылдан бастап егеменді Қазақстан өзін әлемдік саяси және экономикалық кеңістікте белсенді әрекет ететін халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде жариялады. Қазақстан Республикасының геосаяси жағдайы және оның потенциалы Евроатлантикалық және Азия-Тынық мұхит аймағына да бағытталған.

1990 ж. Қазақстанның егемендік алуы мен 1992 ж. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болуы және басқа да халықаралық ұйымдарға кіруі нәтижесінде мемлекеттің егеменділігі, тәуелсіздігі халықаралық-құқықтық жағынан мойындалды. Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағыты ұлттық мүдделерге негізделген.

Қазіргі Қазақстан жерінің географиялық жағдайының тиімсіз де жері бар. Ол ашық теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің жоқтығы, қатынас жолдарынан қашықта орналасуымыз. Мұның бәрі халықаралық экономикалық байланыстарға қатынасуымызды қиындата түседі және сыртқы саясатты құруға да әсерін тигізуде. Мұндай жағдайда көршілес елдермен, әсіресе Ресей мен Қытаймен халықаралық байланыстардың мәні зор. Бұл елдер дүниежүзілік қауымдастықтың алдыңғы қатарлы елдері болып, әлемдік байланысқа шығу мүмкіндіктері бар.

Таяу Шығыс аймағындағы негізгі мемлекеттер Египет, Сирия, Сауд Арабиясы, Осман және Израильмен саяси және іскер байланыстар орнатылуда. Қазіргі жағдайда қандай ел болмасын нарықтық жүйенің орталығы болып отырған, дүниежүзілік саяси істерде рөлдері орасан зор АҚШ, Батыс Европа және Жапониямен байланыстарды бекітіп, іс-қимылдарды үйлестірудің орны ерекше.

Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатының негізгі мақсаттары мен принциптері: мемлекеттік мүддені қорғау; елімізде экономикалық реформаларды жалғастыру, демократиялық институттарды күшейту үшін сыртқы жағдайды барынша қамтамасыз етуі; әлемдігі барлық елдермен теңқұқықты және серіктестік қатынастарды дамыту; ғаламдық және аймақтық интеграциялық процестерге белсене қатысу; халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдету.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1. Халықаралық қатынастар туралы қандай теорияларды білесіз?

2. Саяси реализм бағытының негізгі ережелері қандай?

3. Халықаралық қатынастардың негізгі субъектілерін және ірі халықаралық ұйымдарды атаңыз.

4. Халықаралық қатынастар, әлемдік саясат, сыртқы саясат ұғымдардың айырмасы қандай?

5. Сыртқы саясаттың мақсаты неде деп ойлайсыз?

6. Ұлттық мүдде деген не?

7. Геосаясат деген не және оның негізгі объектісі, категориялары қандай?

8. Қазақстанның геосаяси жағдайының тиімді және тиімсіз жақтары қандай?

9. Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№5; №9, 15-тарау, §§1-3, 212-231 бб.; №11; №13, 18-тарау, §§1-4, 436-455 бб.; №15, 169-180 бб.; №19, 184-195 бб.; №20-22; №29; №34; №35, 102-111 бб.].

Дәріс 14. Саяси болжамдау.

Дәріс мақсаты: Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері, негізгі принциптері, кезеңдері, типтері, әдістері мен құралдары, функцияларына тоқтала отырып, қазіргі Қазақстандағы саяси болжамдаудың жәйі және мәселелерін қарастыру.

Басты ұғымдар: саяси болжамдау,

  1. Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері.
  2. Болашақтың бірнеше сценарийлері (Тоффлер, Хантингтон, Фукуяма, Зиновьев, Бжезинский).

Саяси болжамдау ұғымы, мәні, ерекшеліктері. Саяси болжамдауды қолдану аясы және негізгі принциптері, кезеңдері, типтері. Саяси әрекеттер мен оқиғаларға баға бергенде және оларды анықтағандақашанда болашақ туралы ойлар туындайды. Бұл саясатта нақтылықтың ерекше жағдайымен, яғни оның және компоненттерінің (шешімдердің, процестердің, әрекеттердің, қатынастардың, оқиғалардың) әрдайым өзгеріп отыратындығымен түсіндіріледі.

Өзгеріп отыратын жағдайлар жаңа күш жұмсауды, жаңа шешімдер қабылдауды, оларды іске асырудың жаңа құралдарын қажет етеді. Саяси іс-қимылдар барысында жаңа жағдайлар мен факторлар пайда болып, олар істің нәтижесіне шешуші түрде ықпал етеді. Сондықтан О.Бисмарктың пікірінше, саясатта ұзақ уақытқа алдын-ала жоспар құрып және сол жоспар бойынша ғана әрекет ету қажет емес. Н.Макиавеллидің кеңесі бойынша, «барлық дана билеушілер бүгінгі күнгі қиыншылықтарды ғана емес, сонымен бірге болашақтағы қиыншылықтарды да көре біліп, оларды болғызбау үшін барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс. Егер оларды алдын-ала көре білсе, онда олармен күресу қиынға соқпайды; ал егерде олардың жақындауын күтсе, онда оларды емдеудің қажеті болмай қалады немесе оларға мүлдем ем қонбайтын болады».

Саяси болжамдау (грек сөзінен «prognosis» - көре білу (предсказание), ұсынылатын таным деген мағынада) – қандай да болсын саяси құбылыстар мен процестердің болашақтағы дамуын көре білу, яғни, бүгін, кеше, жалпы бұрынғы кезеңдердегі болған құбылыстарды, даму үрдістерін зерттеу негізінде болашақты, жуық арадағы болашақты көре білу. Саяси болжамдаумен, жалпы болашақты болжау сияқтылармен адамдар «осыған (осы өнерге) құштарлықтан» немесе өз интелектісінің мүмкіндіктерін тексеру үшін айналыспайды, болжамдау қоғамдық өмірдің белгілі бір саласын тиімді түрде бағдарламалау мен басқарудың тәжірибелік қажеттіліктерінен туындайды.

Болашақты болжау үшін екі негіз қажет: бірінші, эмпирикалық негіз, яғни болжау жасалып жатқан кездегі адамзат өмірінің жағдайы туралы көзқарастардың жиынтығы; екінші, теориялық негіз, яғни эмпирикалық негіздерден логикалық ережелер бойынша адамзаттың болашақ өмірі туралы барынша шынайы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін жалпы пікірлердің жиынтығы.

Батыстық зерттеулерде болашақ туралы айтқанда «футурология» (латынның «futurum» - болашақ және гректің «logos» - ілім, ғылым сөздерінен) термині қолданылады, ол кең мағынада алғанда Жер беті мен адамзаттың болашақ өмірі туралы жалпы концепцияны, ал тар мағынасында алғанда болжанатын процестерді жүйелі түрде зерттеумен айналысатын болашақ туралы ғылым. Бұл терминді ғылыми айналымға неміс саясаттанушысы О.Флехтхейм енгізген, ол болашақтың жүзден аса планетарлық үлгілерін анықтаған.

Адамның бүгінгі күнгі өмірге, оқиғаға ықпал ете алу қабілеті көбінесе сенімсіздік тудырмайды. Бүгінгі өмір, яғни біздің әрбір күніміз үлкенді-кішілі істерден, оқиғалардан тұрады, оларды біз ойланып, не ойланбай істейміз, ал кейде эмоцияға беріліп, аяқ астынан шешім қабылдаймыз. Бүгінгі күн әрқашанда өткен күндермен байланысты екенін біз жақсы түсінеміз. Ал болашаққа адам ықпал ете ала ма? К. Поппер бұл сұраққа былай деп жауап берген: «Тарих қашанда бүгінмен, дәл сол уақыт кезеңімен аяқталады. Бүгінгі күннен бастап, біздің өзіміз, біздің еркіміз, біздің көзқарастарымыз – міне осылар болашаққа, болашақтағы оқиғаларға ықпал ете алады (белгілі бір дәрежеде)».

Алайда адамдардың бүгінгі ұрпақтарының өміріне ықпал ету мүмкіндігі болашақ ұрпаққа қалай өмір сүру керек екендігін жазып беру дегенді білдірмейді. Академик Н.Н.Моисеев былай деп жазды: «Кез келген ұзақ мерзімді болашақ туралы болжамдардың, болашақ қоғамның схемаларының іске аспайтындығына мен сенімдімін. Келесі ғасырлардағы әлемнің, дүниенің бет-бейнесінің, құрылысының қандай болатындығын өмірдің өзі көрсетеді. Алайда қоғамдық дамудың мүмкін болатын нұсқалары туралы адамдардың түсініктерін кеңейтетін ойлау мен белсенділіктің катализаторы ретінде қандай да болсын утопиялар қажет». Адамдарда танып-білуге деген ұмтылыс бар жерде болашақты болжауға, оның ішінде саяси даму саласын да болжауға деген ұмтылыс сақталады.

Болашақтың бірнеше сценарийлері: О.Тоффлердің білімнің билігі, С.Хантингтонның өркениеттер қақтығысы, Ф.Фукуяманыңтарихтың ақыры, А.Зиновьевтің батысшылдық феномені, З.Бжезинскийдің Евразия үшін геостратегиясы сценарийлері.

О.Тоффлер білімнің билігі туралы. Америкалық футуролог Олвин Тоффлердің «Футурошок» (1970), «Үшінші толқын» (1980), «Биліктің жылжуы: ХХІ ғасыр қарсаңындағы білім, байлық және күш» (1990) деген үш еңбегін саяси болжамдауға (прогностикаға) қосқан маңызды үлес деп санауға болады. «Биліктің жылжуы: ХХІ ғасыр қарсаңындағы білім, байлық және күш» деген еңбегі билік мәселелерін, оның табиғатындағы, сапасындағы түбірлі өзгерістерді талдауға арналған. Мамандардың көпшілігі биліктің балансындағы жаһандық өзгерістерге назар аударса, ал О.Тоффлер биліктің өзгерісі: маңыз беретін қоғамның құрылымдары – білім беру мен денсаулық сақтау, қаржы мен бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары және байланыста, күштеуді, жасырын түрде күштеуге негізделген мәжбүрлеуді жүргізетін құрылымдардағы болып жатқан өзгерістерге көңіл аударады. О. Тоффлердің схемасы қоғамның индустриалдыққа дейінгі қоғамнан постиндустриалдық қоғамға дейінгі даму барысында биліктің көздері сапалы түрде өзгерді, яғни күштің орнын байлық, байлық орнын білім басты дегенге сүйенеді.

Күштеу мен күш қолдану қаупіне негізделген билік – бұл сапасы ең төмен билік. Ол тек қана дөрекі түрде мәжбүрлеуге, физикалық ықпал етуге қабілетті, оның бейімделгіш қасиеті жоқ, оның қызметі шектеулі. Мұндай билік индустриалдыққа дейінгі қоғамда үстем болды.

Байлыққа негізделген билік – бұндай биліктің сапасы орташа. Оның құзырында реттеудің жағымды және жағымсыз құралдары бар. Күш қолдану жойылмайды, ол түрін өзгертіп, жасырын түрде, заң бойынша реттелген формада көрінеді. Мұндай билік индустриалдық қоғам кезінде үстем болды. «Индустриалдық қоғамдардағы корпорациялардың, тіпті үкіметтердің ашық түрде күш қолдануға бара бермейтіндігінің басты себебі, бақылау жасаудың жетілдірілген құралы табылды, ол - ақша».

Білімге негізделген билік – бұл ең жоғары сапалы билік. Ол «билік ресурстарын аз жұмсау арқылы мақсатқа жетуге, осы мақсатқа жетуге адамдардың өздерінің де мүдделі екендігіне сендіруге мүмкіндік береді». Сонымен бірге жаңа білімдер қоғамдағы процестерді тездетеді, оны динамикалық етеді, басты ресурс – уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұрынғы «Білім - күш» (Ф.Бэкон) деген философиялық формуланың орнына О.Тоффлер «Білім - капитал» деген жаңа формуланы ұсынды. Америкалық ғалымның айтуынша, ХХІ ғасыр қарсаңында күштің билігінің күні өтті, алайда оның әлі өмір сүріп отырғандығы туралы біраз мысал келтіруге болады. Байлықтың күні өтіп бара жатыр, ал бұл биліктің ресурстары әлі таусылған жоқ. Жекелеген елдерде ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемде білімге, ақпаратқа, жаңа және соңғы технологияларға, жаңа технологиялар арқылы көрініс берген білімге негізделген жоғары сапалы билік үстем бола түсуде.

Қоғамның бет-бейнесі мен мазмұнын барған сайын тез жетілдіріліп бара жатқан ақпарат құралдары, ең алдымен бұл жүздеген және мыңдаған компьютерлік терминалдарды біріктірген және түрлі мәліметтердің күрделі кеңістікте бөлінгенжүйелерін сақтауды, өңдеуді және беруді білдірген ақпараттық жүйелер. Ақпараттық жүйелер экономикаға терең ықпал етуде: «Білім шикізатқа, жұмыс күшіне, уақыт пен капиталға деген қажеттілікті азайтып, алдыңғы қатарлы экономиканың маңызды ресурсы болуда». Жоғары технологияларға негізделген экономиканың дамуы нәтижесінде қоғамның әлеуметтік құрылымында сапалы өзгерістер жүруде. Олардың ішіндегі маңыздысы сол, пролетариат «когнитариатқа» (латынның «cognitio» - білім, таным), яғни ол білім деңгейі оған барған сайын күрделі және түрлі ақпараттармен жұмыс істеуге, жаңа біліктілікке ие болуға мүмкіндік беретін тапқа айналуда.

Қоғамның және оның билік құрылымдарының «бюрократиясыздануы» процесі де маңызды. Көптеген компаниялар көптеген бюрократиялық аппаратты компьютерлік басқарудың ақпараттық жүйелерімен ауыстыруда. Кәсіпкерлер мен менеджерлер, менеджерлер мен қызметкрелер арасындағы қатынастардың сипаты да өзгеруде. Индустриалдық өндірістегі персоналды ой еңбегі мен дене еңбегімен айналысатын адамдарға бөлудің күні өтті. «Менталды өндіріс», жаңа ақпараттық технологиялар әрбір қызметкердің білім дәрежесі мен біліктілігінің жоғары болуын қажет етеді.

Алайда өзіне күш пен байлықты бағындырған білім биліктің қызметінің үстем факторы болған «когнитивті қоғамда» барлығы жақсы және жанжалсыз емес. Жаңа ақпараттық технологиялар қоғам өмірін «автоматты» түрде жақсарта алмайды. Әлеуметтік әртүрлілік сақталып қана қойған жоқ, сонымен бірге өсе түсуде. Жаңа ақпараттық технологиялар саласында қызмет ететін қызметкерлердің жоғары білім деңгейі жағдайында билік ақпаратты бұрын монополиялық таратушыдан бұндай жағдай болмағандарға ауыр түрде өтуде.

Халықаралық аренада да білім үстемдік ететін қоғамдардың да өз қарсыластары бар. О.Тоффлер олардың бастыларына тоталитарлық түрдегі фанаттық діни қозғалыстарды, өз идеалдары үшін күрестің күштеу әдістерін жақтауға бейім топтарды, экстремистік ұлттық күштерді т.б. жатқызды.

Экономикалық жағынан артта қалған елдерде білімнің таралуының маңызы ерекше, себебі оның көмегімен бұл елдердің прогресіне, мәдени және ғылыми дамуына ықпал етуге болады.

Білімнің прогресі негізінде қоғамдық прогрестің жалпы бағытындағы кері шегіністерге қарамастан, жалпы алғанда бұл америкалық ғалымның болжамы бойынша, адамзат ХХІ ғасырға жарқын болашаққа деген үлкен сеніммен аяқ баса алады. Алайда О.Тоффлер – азғантай оптимистердің бірі ғана. Қазіргі заманғы футурологтардың көпшілігі пессимситік көңіл-күйдегі болжамдарды жасайды.

С.Хантингтонның өркениеттер қақтығысы. Профессор С.Хантингтонның «Өркениеттердің қақтығысы?» мақаласы әлемдік саяси ғылымдағы ірі құбылыс ретінде әділетті бағаланады (мақала жазылған кезде С.Хантингтон АҚШ-тың Гарвард университеті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры болған, мақаласы 1993 жылы америкалық журналда шыққан, оның орыс тіліндегі толық мәтіні «Полис» журналының 1994 жылғы 1-нөмерінде жарияланды). Мақаланың атауындағы сұрақ белгісіне қарамастан, бұл белгі автордың белгілі бір сенімсіздігін білдіргенімен, оның мазмұны ХХІ ғасырда мұндай қақтығыс болады дегенге саяды.

С.Хантингтон жаңадан қалыптасып келе жатқан әлемде жанжалдардың басты көзі идеология немесе экономика емес, мәдениет, дәлірек айтқанда, түрлі өркениеттердің негізінде жатқан мәдениеттердің әртүрлілігі болады дегеннен бастау алады. Ұлт-мемлекет халықаралық істерде басты әрекет теуші болып қала береді, алайда жаһандық саясаттың басты жанжалдары түрлі өркениеттерге жататын ұлттар мен топтардың арасында болады. Өркениеттердің қақтығысы әлемдік саясаттың басты факторы болады.

Ғылыми философиялық, әлеуметтанулық, тарихи әдебиеттерде өркениеттің көптеген анықтамалары берілген. Хантингтон берген анықтама сәтті болып шыққан. Ол өркениетті ең жоғары сатыдағы (келесі сатыны жануарлардың басқа түрлерінен адамзатты айыратын саты құрайды) мәдени бірыңғайлық деп анықтай отырып, оның объективті және субъективті деген екі жағын көрсетеді. Өркениеттің объективті жағын тіл, тарих, дін, әдет-ғұрыптар, институттар, ал субъективті жағын – адамдардың өзін-өзі ұқсастыруы, яғни олардың өздерін қандай өркениетке жататындығы туралы ойлауы құрайды. Қазіргі заманда 7-8 ірі өркениеттер өмір сүреді, олар: батыстық, православиелік-славяндық, исламдық, индуистік, конфуцийшілдік, жапондық, латынамерикалық және мүмкін африкалық.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: