Каспий мемлекеттік 14 страница

Америкалық ғалым ірі жанжалдар өркениеттер арасында мынадай факторлардың ықпалымен болуы мүмкін деп есептейді:

1. Тарихының, тілінің, мәдениетінің, салт-дәстүрлердің және ең бастысы, діндердің әртүрлілігі негізінде өркениеттердің жанжалы болуы мүмкін.Түрлі өркениеттің адамдары Құдай мен адам арасындағы, индивид пен топ, азамат пен мемлекет, ата-аналар мен балалар, ері мен әйелі арасындағы қатынастарды түрліше түсінеді, олардың құқықтар мен міндеттердің, еркіндік пен мәжбүрлеудің, теңдік пен сатылықтың арақатынасы туралы көзқарастары әртүрлі. Бұл айырмашылықтар ғасырлар бойы қалыптасқан, сондықтан олар жуық арада жойылмайды, дәлірек айтқанда ешқашан жойылмады. Олар саяси идеология мен саяси режимдерге қарағанда өте фундаменталды, яғни өте берік орныққан.

2. Дүние барған сайын тығыз, біте қайнасқан болып бара жатыр, Түрлі өркениеттер халықтарының арасындағы өзара әрекеттер күшейе түсуде. Мұнда тұрған жағымсыз ештеңе жоқ болар еді, егер бұл басқа өркениеттер өкілдеріне деген жаулық пиғылды жақтайтын өркениеттік сана-сезімнің өсуіне әкелмесе.

3. ХХ ғасырдың соңындағы басым әлеуметтік құбылыстардың бірі – әлемнің дінге қайта оралуы (десекуляризация), яғни «атеистік» ХVІІ – ХХ ғасырдың І-жартысынан кейінгі діннің қайта өркендеуі. «Құдайдың бұл ерекше реваншы» көбінесе басқа діндермен, қозғалыстармен бітімге келмес жаугершілік фундаменталистік формада жүруде. Дін адамдарды этникалық, ұлттық ерекшеліктерге қарағанда айқын (резко) бөледі. Адам жартылай француз және жартылай араб, тіпті осы екі мемлекеттің азаматы болуы мүмкін. Ал жартылай католик немесе жартылай мұсылман болу қиын.

4. Батыс бүгінгі күні өз дамуының жоғарғы шыңында болса да, ертең жағдай өзгеруі мүмкін, себебі батыстық емес елдерде «әлемге батыстық емес бет-бейне беру үшін ұмтылыс та, ерік те, ресурстар да баршылық». Бұған қоса қазіргі кезде көптеген батыстық емес елдерде элиталардың девестернизациясымен олардың өз мәдени шығу тегіне, түп-тамырларына қайта оралу процесі интенсивті түрде жүруде.

5. Таптық және идеологиялық жанжалдардағы басты сұрақ, сен кімнің жағындасың болды. Бұнда адам қай жақта екендігін таңдауға, сонымен бірге жағын ауыстыруға мүмкіндігі бар еді. Өркениеттер қақтығысында сұрақ былай деп қойылады: сен кімсің? Жалпы ережелер бойынша адам өзіне өркениетті таңдай да, оны ауыстыра да алмайды.

6. Өркениеттік фактордың аймақтық экономикалық интеграциялық процестерде барған сайын ролі арта түсуде. Мысалы, Европалық қауымдастық европалық мәдениет пен батыстық христиандықтың жалпы негіздеріне сүйенеді. Мәдени-діни ұқсастық арабтық емес он мұсылман елдері – Иран, Пәкістан, Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Ауғаныстанды біріктірген Экономикалық ынтымақтастық ұйымының да негізіне алынған.

Адамзатты өркениеттердің қақтығысына апара жатқан басты факторларға талдау жасауды аяқтай отырып, Хантингтон мынадай қорытынды жасайды: өркениеттер қақтығысы екі деңгейде болады: микродеңгейде және макродеңгейде. Микродеңгейде бөліну сызығы маңындағы өркениеттер жер үшін, бір-біріне үстемдік үшін қанды күрес жүргізуде. Макродеңгейде алғанда

түрлі өркениетке жататын елдер әскери және экономикалық саладағы ықпал үшін бәсекелесуде, халықаралық ұйымдарға және өз саяси және діни құндылықтарын енгізу арқылы үшінші елдерге бақылау үшін күресуде.

Бұл жалпы болжауды Хантингтон былайша нақтылайды: 1) халықаралық саясаттың басты белдеуі Батыс және оның әлемнің қалған бөлігімен қатынастары болуы мүмкін; 2) жуық арадағы болашақта Батыс және бірқатар исламдық-конфуцийшілдік елдер арасындағы өзара қатынастар жанжалдардың басты ошағы болуы мүмкін.

Хантингтонның Батыс үшін қорытындылары. Тез арадағы пайда тұрғысынан алғанда Батыстың мүдделері мыналарды талап етеді: өз өркениеті шеңберінде ынтымақтастық пен бірлікті нығайту, ең алдымен Европа мен Солтүстік Америка арасында; Батыстың құрамына мәдениеті батыстыққа жақын Шығыс Европа мен Латын Америкасы елдерін шоғырландыру; Ресей және Жапониямен ынтымақтастықты қолдау және кеңейту; жергілікті өркениетаралық жанжалдардың өркениаттер арасындағы кең ауқымды соғыстарға ұласуын болдыртпау; басқа да маңызды міндеттерді шешу. Ұзақ мерзімді (алыс) болашақта Хантингтон Батысты басқа да өлшемдерге бағыттайды. Ол батыстық емес өркениеттердің экономикалық және әскери күшінің өсетіндігін, олардың батыстан артта қалуының азая беретіндігін ескертеді. Батыстың барған сайын әскери жағынан жақын, ал құндылықтары мен мүдделері жағынан алшақ бұл өркениеттермен санасуына тура келеді. Бұл Батыстан өз әскери потенциалын жоғары деңгейде ұстауға ғана емес, сонымен бірге батыстық емес бұл өркениеттердің фундаменттік діни және философиялық негіздерін түсінуге ұмтылуын талап етеді.

Хантингтонның Ресей үшін қорытындылары. Болашақта адамдардың белгілі бір өркениетке жатуы олардың өзін-өзі теңестіруінің негізі болғанда, ғалымның пікірінше, тұрғындары бірнеше өркениеттердің өкілдері болған елдер (оның ішінде Ресей де бар) ыдырауға ұшырайды. Сондықтан ол Ресей үшін бірден-бір жол «орыстық дәстүрлерден» қол үзіп, Батысқа сөзсіз қосылу деп білді. Хантингтон: «Марксист болудан қалған егер орыстар ендігі жерде либералдық демократияны қабылдамай, өздерін батыстық адамдар сияқты емес, орыстарша ұстайтын болса, онда Ресей мен Батыстың ара қатынасы қайтадан алыс және жаулық пиғылда болуы мүмкін» деп, тікелей ескертеді.

Бұған ресейлік зерттеушілер (Ирхин Ю.В., Зотов В.Д., Зотова Л.В.) былай деп жауап береді: Ресей үшін жуық арадағы болсын, алыстағы болсын болашақта Батыспен жаулық қатынастарын қайта өркендетудің қажеті жоғы белгілі. Керісінше, Батыспен жақсы қатынастарды сақтауға, нығайтуға тырысып, соның жолдарын іздеу қажет. Алайда бұл үшін орыстар және ресейліктер өзіндік ерекше өркениеттік тамырларынан қол үзіп, міндетті түрде батыстық адамдарға ұқсас болуы қажет емес.

ХХ ғасырдың 20-жылдары өмір сүрген тарихи-мәдени және әлеуметтік-философиялық ерекше бағыт – Евразиялықты жақтаушылар орыстардың шетелдегі интеллектуалдық топтарында Ресейдің мемлекеттік ғана емес, сонымен бірге өркениетаралық бірлігі туралы айтқан болатын. Белгілі орыс символист ақыны, батыстық және орыстық рухани мәдениеттің терең білгірі А.Белый, «Пушкин мен Лермонтов Батысты Шығыспен үйлесімді ұштастырған» деп есептеген болатын. С.Хантингтон жазған болашақтағы өркениеттер қақтығысында Ресей ұлы бітімгершілік миссиясын ролін атқаруы мүмкін.

З. Бжезинский бойынша Евразия үшін геостратегия. А. Зиновьев анықтаған батысшылдықтың, оның жаһандық мақсаттарын бағалауының әділеттілігін жуық арада жарық көрген көрнекті америкалық саясаткер және саясаттанушы З.Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы. Американың үстемдігі және оның геосаяси императивтері» деген кітабындағы пікірлер де растайды.

Бұл америкалық саясаткер мен саясаттанушы ғалымның есімі отандық және ресейлік зерттеушілерге жақсы таныс, ол өзінің Ресейге деген жеккөушілігімен белгілі. Аңыз-әңгімелер арқылы жеткендей, өзінің сенатта сөйлеген сөзін қашанда «Сонымен бірге менің ойымша, Карфаген өмір сүрмеуі керек» деген сөздермен аяқтаған ежелгі римдік цензор Катон сияқты, Бжезинский өзінің ауқымды және саяси өткір зерттеулерінде басты жебені Ресейге қарсы бағыттайды. Бұрын ол КСРО-ға шығатын және келіспес, беделді антикеңесшіл ретінде танылған болатын. Ал одан кейінгі 1990-жылдары Ресей мен АҚШ президенттері – Б.Ельцин мен Б.Клинтон өздерін достармыз деп атап, ресми құжаттар бойынша Ресей мен АҚШ қарсыластар емес, демократиялық, әділетті, күшке емес, құқыққа негізделген халықаралық қатынастарды құрудың жалпы ісіндегі әріптестер деген кезде де ол өзінің Ресейді жеккөрушілігінбәсеңдетпейді.

Бжезинский романтик-идеалист және көпшілікке жұмыс істейтін саясаткер емес. Ол есті реалист және қатаң прагматик. Ол үшін АҚШ үшін не жақсы болса, сол ғана, яғни АҚШ-тың мүддесіне сай келетін және оны қалған әлемнен үстем ететін нәрселер ғана жақсы. Оның кітабында «АҚШ-тың жаһандық ауқымдағы көшбасшылығының» қажеттілігі, Америкаға жаһандық саяси күш беретін оның қазіргі әлемде төрт басты – әскери, экономикалық, техникалық және мәдени саладағы бірден-бір алпауыт держава ретіндегі ролі туралы ой көзге анық көрінеді.

Сонымен бірге ол америкалықтарға жалпы алғанда потенциалды күші АҚШ-тың күшінен басым болып тұрған бір ғана супер құрлықтың бар екендігін ескертеді. Бұл Евразия, онда Жер тұрғындарының 75 %-ы өмір сүруде, ондағы жан басына шаққандағы ішкі өнім 60 %-ды құрайды, энергоресурстардың 75 %-ы да осында.Ол әлемнің кіндігі ролін атқарады.Осы құрлықта басымдыққа ие болған держава планетаның экономикалық жағынан барынша дамыған үш бөлігінің екеуі болып табылатын Батыс Европа мен Шығыс Азияға да шешуші ықпал ете алады, ал саяси жағынан алғанда Таяу Шығыс пен Африкадағы оқиғалардың дамуын автоматты түрде бақылай алады.

АҚШ-тың НАТО бойынша одақтастары Германия мен Франция экономикалық және саяси жағынан үстем болып отырған Евразияның батыс бөлігі америкалық стратегты онша толғандырмайды, бірақ ол барынша шоғырланған Европаның пайда болуы америкалық мүдделерге онша жағымды емес және ол европалық ұлтшылдықтың өсуіне әкелуі мүмкін деп көрсетеді.

Басты державасы Қытай болып табылатын Евразияның шығыс бөлігі (Бжезинский Жапонияны есепке алмайды, оны ол «америкалық протекторат» деп атайды; Үндістанды да есепке алмайды, ол батыстық мағынада алғанда демократиялық мемлекет, ол бұрын КСРО-дан алған саяси қолдауына қазір сүйене алмайды) америкалық стратегты көп толғандырады. Сонымен бірге ол Қытайға да онша мән бермейді, себебі ол белгілі бір экономикалық табыстарға жеткенімен, ол әлі де кедей ел болып табылады. Бұл АҚШ-қа Қытаймен стратегиялық ынтымақтастық орнатып, «Евразияда америкалықтардың болуына шығыстық якорь түрінде болуға мүмкіндік береді» деп есептейді.

З.Бжезинскийдің пікірінше, АҚШ-тың басты қарсыласы, әлемде үлкен аумақты алып жатқан, он уақыттық белдеуге созылған және америкалық, қытайлық және европалық аумақтардан орасан аумаққа созылып жатырған Ресей болып қала береді. З. Бжезинский тұтас мемлекет ретінде Ресей Федерациясы орнында европалық Ресейден, Сібір республикасынан және Қиыр Шығыс республикасынан тұратын орталықсыздандырылған конфедерацияны құруды ұсынады.

Кезінде Ресей де бөлуге қатысқан Польшаны үшке бөлгенді есіне сақтаған поляк-шляхтичінің қаны көрінді деп айтуға болар еді. Алайда Бжезинскийде бәрі күрделірек. Ол Ресейден қауіптенуін жалғастырады, енді кеңестік Ресейден емес, «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейінгі дәуірде экономикалық және саяси жағынан бірден әлсіреп қалған қазіргі заманғы Ресейден қауіптенеді. Ол үшін Ресей – «саяси қара тесік», ал қазіргі заманғы ғылыми көзқарастар бойынша «қара тесікпен» ойнауға болмайды: ол өзіне барлығын да, уақытты да, кеңістікті де жұмыс жасатады.

Сондықтан Бжезинский НАТО-ны оның шекараларына жақындатып, европалық Ресейді Батысқа барынша таңуға тырысады, ал оның бұрынғы азиялық бөлігін АҚШ-тың стратегиялық мүдделерімен шырмауды жоспарлайды. Қалай болғанда да АҚШ Ресейді конфедеративті құрылымдарға бөле ала ма, жоқ па, посткеңестік жаңа тәуелсіз мемлекеттердің – Украинаның, Әзірбайжанның, Өзбекстанның және Орта Азияның басқа да мемлекеттерінің өмір сүру қабілеттіліктерін нығайтуды ойлау қажет, «олар Ресейдің әлі де сақталып отырған империялық дәмелерінің кез келген түрін тежей алатындай жағдайын ойлау қажет».

Бжезинский әлемдік шахмат тақтасында ақ тастармен де, қара тастармен де ойнайды, оның есебі тақтада тек қана бір король қалуы тиіс, ол – Америка Құрама Штаттары, ал қалған фигуралар пешкі сияқты оның аяғының астында болуы тиіс.

Тарих әлемді иеленуге тырысқан көптеген дәмеленушілерді біледі. Сонымен бірге тарих мынадай заңдылықты анықтады: бір держава әлемдік үстемдікке дәмеленіп, соған сай саясат жүргізе бастағанда, басқа елдер, немесе оның көп бөлігі бұған қарсы шығып, қарсы әрекеттер жасай бастайды. Саясаттың табиғатына әлемдік көшбасшылық пен әлемдік үстемдік сай келмейді.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. Саяси болжамдау не үшін жүргізіледі?
  2. Саяси болжамдау ұғымы нені білдіреді?
  3. Саяси болжамдауды қолдану аясы мен негізгі принциптері қандай?
  4. Саяси болжамдаудың кезеңдері мен типтері қандай?
  5. Саясаттануда ғылыми болжамдауды жасаудың әдістері мен құралдары қандай?
  6. Саяси болжамдау қандай функцияларды атқарады?
  7. Қазіргі Қазақстандағы саяси болжамдаудың жәйі және мәселелері қандай?

Ұсынылатын әдебиеттер: [№13, 19-тарау, §§1-3, 456-474 бб.; №34; №39; №40].

Дәріс 15. Егемен Қазақстанның саяси мәселелері. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан.

Дәріс мақсаты: Қазақстан Республикасы – зайырлы, құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет және халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде қарастыра отырып, елімізде егемендік пен демократияның қалыптасуының мәселелері мен қиыншылықтарына және жолдарына тоқталу.

Басты ұғымдар: зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет, халықаралық қатынастардың субъектісі, егемендік.

  1. Қазақстан Республикасы – зайырлы, құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет және халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде.
  2. Қазақстанда егемендік пен демократияның қалыптасу кезеңдері: мәселелері мен қиыншылықтары.
  3. Қазақстан Республикасында плюралистік демократияны қалыптастыру жолдары.

Қазақстан Республикасы – зайырлы, құқықтық, әлеуметтік, демократиялық мемлекет және халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде. Қазіргі Қазақстан немесе Қазақстан Республикасы дегенде, ең алдымен қазақ халқының тәуелсіз егеменді ұлттық мемлекеттің қалыптасуын ұғыну қажет.

Қазақстан тарихында жетпіс жылға созылған қоғамдық қозғалыс, саяси-әлеуметтік үрдіс қазақ ұлтының жас егеменді мемлекетін дүниеге әкелді. Қазақстанның болашақ мемлекеттілігінің сипаттары ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында қалыптасты. КСРО-ның ыдырауы мемлекеттіліктің жаңадан жандандырылуы және заңдандырылуының жан-жақты күрделі процестеріне ұласты.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Декларация Қазақстанда тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп белгіледі. Ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекетті құруға бел байланды. 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсізідігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы Заң бойынша Қазақстан Республикасының өз аумағында өкімет билігін толық иеленетіндігі, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізетіндігі белгіленді. Аталған Заң республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болды.

Жас егеменді мемлекеттің мемлекеттік-саяси құрылымы 90-шы жылдардың бірінші жартысында қалыптасты. 1993 жылы 28 қаңтарда република Жоғары Кеңесі құқықтық мемлекет құрудың іргетасы, оның мемлекеттілігінің, тәуелсізідігін қамтамасыз етудің, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық прогресс жолымен алға баса беруінің кепілі болып табылатын тәуелсіз Қазақстанның Конституциясын қабылдады. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік, мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы.

Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазаұстандық патриотизм, мемлекет әмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентке дауыс беру арқылы шешу» деп көрсеткен (Жалпы ережелер, 1-бап).

Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Қазақстан Республикасында билікті ешкім иемденіп кете алмайды. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

«Қазақстан халқы» деген конституциялық ұғым жергілікті қазақ ұлтымен тарихи тағдыры бір және ежелгі қазақ жерінде тұрақты дамыған көп сатылы біртұтас экономика мен жарқын өмір салтының негізінде ортақ тілекпен топтасқан адамдардың саяси этностық бірлігі болып табылатын Қазақстан халқының әлеуметтік ерекшелігін; Конституциялық жолмен белгіленген ұлттық, кәсіптік және азаматтық теңдігін, тең қолданылатын мемлекеттік және ресми тілдерді – сан қырлы қазақстандық мәдениет пен туысқандық менталитетті барынша нығайта түседі.

Қазақстан Республикасы – демократиялық мемлекет. Біздің Республикамыздың жағдайында демократиялық мемлекет – ең алдымен Конституция қабылдап, тікелей мемлекет басшысын және Парламентті сайлайды, өкілетті мерзімі біткен соң оларды ауыстыруға халықты құрылтайшылар арқылы қатыстырады. Басқару тәртібінің нысанына (президенттік, парламенттік) қарамастан, мемлекеттің жоғарғы органдары арқылы көпшіліктің еркін анықтауға және барынша жүйелі қорғауға қажетті жағдайлар жасайды.

Сонымен қатар демократиялық мемлекет әлеуметтік және ұлттық нысандарына, тағы басқа ерекшеліктеріне қарамастан жекелеген азаматтардың өз мүддесін білдіруіне, оның есепке алынуына да мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сөз, ар-ождан бостандығы, тілі мен ұлтын өзі анықтауын қамтамасыз ете оытырп, бірлесу, митингілер, демонстрациялар, шерулер өткізу, ереуілгі шығу құқығымен қоса, жекелей және ұжымдық, еңбек дауын шешу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке араласып, мемлекеттік, тағы басқа да істерді басқару қызметіне қатысуға ең құқықтар берңледі.

Демократиялық мемлекеттің сипаттық ерекшелігі республика азаматтарының мемлекеттік қызметке араласуын ретке келтіру болып табылады. Мемлекеттік қызмет институтын реттеу 1995 жылғы конституцияда қарастырылды.

Демократиялық мемлекет ретіндегі Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің бірі – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық. Демократиялық мемлекет саяси тәртіп жүргізудің демократиялық тәсілдері мен әдістерін көбірек қолданады.

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Бұл ұғым Қазақстандағы діни мекемелер мен діннің мемлекеттен ажыратылғандығын білдіреді. Қазақстандағы ислам мен православиелік, тағы да басқа нанымдық ағымдардың ісіне мемлекет араласпайтындығын білдіреді. Діни негізде партия құруға жол берілмейді. Мемлекет органдары қағидалық заң негізінде емес, Конституция негізінде құрылып, жұмыс істейді.

Сонымен бірге әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар, оны жүзеге асыру мемлекет алдындағы міндет. Наным немесе атеизм мәселесі - әркімнің өзіндік ұстанымы.

Елдегі дін қабылдау бостандығы мен діни бірлестіктердің жқмысы жөніндегі заңдылықтарды мемлекет белгілеп, бақылайды. Қазақстан аумағында шетелдік діни бірлестіктердің жұмыс істеуі, ол орталықтардың Ресрубликадағы діни бірлестік жетекшілерін тағайындауы тек тиісті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша ғана асырылуы мүмкін. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Қазақстан Республикасының Конституциясы – құқықтық мемлекеттің бастауы әрі шарты. Оның негізгі принциптері: азаматтар үшін – «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі», мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үшін – «заңда нақты не көрсетілсе, соған ғана рұқсат» болып табылады.

Құқықтық мемлекет жұртшылық пен мемлекеттік лауазым иелерінің құқықтық мәдениетін арттыруды, барлық заң жүйесін жақсартып, әділеттілікті жоғары дәрежеге көтеруді ғана мақсат тұтады. Құқықтық мемлекеттің сапалық белгісі – адам және азамат құқығы мен бостандығына халықаралық өлшем деңгейінде кепілідік беру болып табылады. Сот билігінің тәуелсіздігі мемлекет пен азаматтың өзара қатынасының дәйекті жүргізілетініне кепілдік бере алады. Конституция нормаларында атаған белгілер айқын көрініс тапқан.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: