Глоссарий. Агрессия - өзге адамдарға болмаса жануарларға себепсіз зиян келтіруге тура бағытталған қиянат

Агрессия - өзге адамдарға болмаса жануарларға себепсіз зиян келтіруге тура бағытталған қиянат, мінез-құлық, әрекет. Ал агрессивтілік – бұл жеке тұлғаның мінез-құлықындағы агрессия көрсетуге даярлығы.

Адаптация - (лат. Adaptation, adapter - икемделу бейімделу, үйрену мағынасын білдіреді). Өмірде кездесетін түрлі ситуациялық жағдайларға адамның бейімделуі. Сезім мүшелерінің, оларға әсер ететін стимулдардың ерекшеліктеріне бейімделуі. Оларды жақсы қабылдауға мүмкіндік береді және шамадан тыс рецепторлардың жүктелуінен босатады. Сезім мүшелерінің сезгіштігі әсер ететін тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделуіне қарай өзгеріп икемделуі. Сыртқы (жағдайдың) ортаның өзгерісіне организімнің (немесе оның мүшелерінің) бейімделуін қамтамасыз ететін реакциялар жиынтығы.

Альтруизм – тек өз басының қамын ойламай, басқаларға қамқоршылық етуді уағыздайтын моральдық ұстаным.

Амбиваленттік - екіжүзділік, яғни адамда бір уақытта екі бір-біріне қарама қайшы келетін беталыстардың (уайым, ұмтылыс, түсінік т.б) тіршілік орын алуы.

Аттракция - (лат. attrahere - тартымдылық, әуестену). Бірін-бірі қабылдағанда, бір адамның екінші бар адамға тартымдылығын, әуестігін жағымды эмоцияларын тудыру.

Аутотренинг – адамның өз ағзасы мен мінез-құлқын толығымен өз бетінше ерікті басқара алуға, ептілігін жетілдіруге, жеке тұлғалық қасиеттерді дамытуға бағытталған арнайы психологиялық жаттығулар жиынтығы. А.ж. классикалық варианты - бірге орындалатын және адамның өзін басқара алуға үйренуді ұйымдастыруға арналған стандартты жаттығулардың жиынтығы.

Әдіс – адамның алдында тұрған мәселені шешуге, қоршаған ортадағы адамдарды, заттарды, құбылыстарды, өзін-өзі танып білуге бағытталған іс-әрекет, таным жолы, ғылыми жолмен тану үшін пайдаланылады.

Әлеуметтендіру - (лат. Socialis - қоғамдық) баланың әлеуметтік тәжірибені меңгеру процесі мен нәтижесі. Әлеуметтендіру нәтижесінде бала мәдениетті, сауатты және тәрбиелі адам болып өседі.

Әлеуметтік үйрену теориясы жеке тұлғаның тәжірибені меңгеру процесін, оқытуды, тәрбиелеуді, қарым-қатынасты адамдармен өзара әрекеттесу нәтижесіндегі әлеуметтік фактор әсерінен деп түсіндіретін концепция талдап қорытудың нәтижесінде қалыптасқан түсінігі, пікірі.

Әуестік, құмарлық - Адамды бір нәрсені істеуге және соған орай әрекетті тудыратын қажеттілік немесе қалауы. Субъектінің қажеттілігін санасыз немесе жеткіліксіз саналы түрде онша терең талданбаған және онша түсінікті емес көріністегі психологиялық күй.

Бақылау (байқау) – адамның өз алдына мақсат қойып объектіні әдейі қабылдауы. Қажетті мәліметтерді, сезім мүшелері арқылы тікелей қабылдап алуға негізделген психологияның ғылыми зерттеудің негізгі эмпирикалық әдістерінің бірі. Психикалык құбылыстарды алдын ала жүйелі және мақсатты бағытталған түрде қабылдау, олардың өзіне тән ерекшеліктерін, өзгерістерін зерттеу және құбылыстардың мән мағынасын табу мақсатымен жүргізіледі. Жүйелі түрде жоспар бойынша жеке тұлғаның психикалық ерекшеліктерін қадағалау. Сезім мүшелері арқылы қажетті мәліметті жанама түрде алуға бағытталған психологиялық зерттеу әдісі.

Дағдарыс - (rp. crisis -бұрылыс шегі), адамның өзіне және айнала қоршаған адамдарымен қарым-қатынасына қанағаттанбауынан туатын жан күйзеліс күйі. Жас ерекшелік дағдарысы - адамның бір жас ерекшелік кезеңнен екіншісіне өту кезінде туындайды.

Депривация - жетіспеушілік деген мағынаны береді субъектінің ұзақ уақыт ішінде кейбір өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндіктерінің шектеулі болуымен, қыйын-қыспақ жағдайлардың нәтижесінде пайда болған психикалық күй.

Депрессия - (лат.Depression - басып тастау, езу, қысым көру), жағымсыз эмоционалдық жағдайлардың әсерінен теріс белгідегі күй-жағдайдың басым болуы. Депрессияға байланысты адамның мотивациялық сферасы, когнитивтік процестері, мінез-құлықы бұзылуымен, дене күшінің әлсіреуі және белсенділіктің төмендеуімен сипатталатын жан күйзелісінің анық байқалуы, жалпы енжарлығымен сипатталады. Депрессия - аффектілі күй, қозудың төмендеуімен, қимыл-қозғалыстың шектелуімен байланысты түсіңкі, көңілсіз күй болғандықтан адам тез шаршайды, іші ауырады, денесін көтере алмастан көңіл-күйі солыңғыр, сырт көрінісі қайғы-қасіретті, зарығып, заланып жүргендей болады.

Еліктеу - басқа адамдардың қылығын және іс-әрекетін қайта жаңғыртуға бағытталған саналы немесе бейсаналы әрекеттері.

Жеке адам аралық конфликт - (лат. conflictus - қақтығыс) адамдар арасында пайда болатын және олардың көзкарастарының, қызығушылықтарының, мақсаттарының, қажеттіліктерінің сыйымсыздығынан туындайтын қиын, күрделі шешілетін қарама-қайшылық.

Жеке адамның белсенділігі - әлеуметтік және психикалық белсенділіктің түрі, іс-әрекетте, мінез-құлықта байқалатын жеке адамның бағыттылығы, мәдениеті, рухани және материалды байлыктарды игеру негізінде дүниеде коғамдық маңызы бар жаңа игіліктерді өндіре алуға қабілеті, ол шығармашылықта, ерікті актілерде, қарым-қатынаста көрініс береді.

Импульсивтік - (лат. impulsus) тез арада, ойланбастан орындайтын әрекетке әуестігімен ерекшеленетін адамның мінез-құлық бітісі, кенет қозудан, импульстан туындаған әрекетке барушылық, елікпелік.

Интроверсия - (лат. intro - ішкі, лат. versio – түрі, өзгерісі), адам санасының өзіне бағытталғандығы, айналасында болып жатқан нәрселерге селқос зейін көрсетуі, өз проблеллалары мен күйлеріне қатты көңіл бөлуі.

Интеракция - (interaction - өзара әрекеттесу), адамдардың бір-біріне ықпалы, әсері, өзара әрекеттестікте болуы.

Клиент - (лат. cliens (clitntis) – психологтан көмек сұрап келген адам.

Комплекстер - (лат. complexus - байланыс, үйлесу), адамның мінез-құлқындағы аномалді бітіс, оның өзін-өзі кемшіліктерім бар деп бағалауы және сол сезімге байланысты өзін төмен бағалауы, нашар сезінуі.

Көңіл-күй - индивидтің психикалық өмірінің жағымды және жағымсыз эмоционалды фоны ретінде көрініс беретін, оны өзі түсіндіре алмайтын, түрақты, ұзақ мерзімді психикалық күйі-жағдайы, сыртқы көрінісі.

Коммуникация - адамдардың бір-бірімен байланысы, қарым-қатынасы, хабар алмасуы және өзара әрекеттестігі.

Коммуникативті қабілеттілік - (лат.communication - хабарландыру), адамның өзгелермен қарым-қатынаста және бірлескен іс-әрекетте табысты болуын қамтамасыз ететін жеке тұлғаның ынтымақтастықты орнатуға қабілеттілігі.

Конформды - (лат. conformis - тәрізді, ұксас, сәйкес, лайықты, үйлесімді, сай), индивидтің топқа немесе жеке тұлғаға саналы түрде бейімделуі, сырттай келісуі, оның кез-келген әсеріне ішкі келіспеушілік болса да сөзсіз бағынуы, адамның іштей күмәнданбайтындығын, басқа адамның дұрыс емес пікірін сынаусыз қабылдауы, мойындауы.

Қажеттілік - ағзаның, жеке адамның нормада тіршілік етуі үшін қандай да бір нәрсені керек етуі, ағзаның обьективті мұқтаждығы, Қ. үш түрі бар: материалдық (баспана, тамақ, киім), рухани (білім, адамгершілік), әлеуметтік (қарым-қатынас, еңбекке қажеттілік).

Қорғаныс механизмдері - адам өзін психологиялық жарақаттардан сақтау үшін орын алатын бейсаналық тәсілдердің жиынтығын білдіретін психоаналитикалық ұғым.

Қылық - адамның нақты пікірі мен сенімдерінен туындаған ерікті әрекеттерін саналы басқару және орындау.

Құмарлық - адамның бірдеңені жасауға қажеттілігі немесе тілегі, ол адамды қандайда бір әрекетке итермелейтін, белсенді әрекетін оятатын күшті сезім.

Қызығу - жеке адамның бағыттылық формасының бірі, танымдық қажеттіліктің айқындалу формасы, жеке адамның бағыттылығын, іс-әрекетінің мақсатын саналы ұғынуын қамтамасыз етеді және соның негізінде шындық дүниені едәуір толық терең бейнелеуге, жаңа фактілермен танысуға, бағдарлануына мүмкіндік туғызады.

Мақсат - адамдық қажеттелікті іске асырушы және іс-әрекеттің соңғы нәтижесіндегі образды, сапасын көрсетуші. М. - екі мағынасы бар термин. М. - объективті мақсат -жетуді қажет ететін құбылыс. Мысалы нысана немесе орындау (мысалы «орындалатын жоспар). М. - психикалық құбылыс ретінде - әрекеттің немесе іс-өрекеттің өз қалауындағы нәтижесінің субъективті образы. Субъект ивті максат индивидуальды даралық және топтық болуы мүмкін.

Мінез-құлықтың ауытқуы - (девианты қылық), белгіленген құқықтар немесе адамгершілік нормаларынан ауытқыған, бұзылған түрде көрінетін адамның мінез-құлқы, қоғамдық қабылданған өнегелілік, адамгершілік нормаларға қарама-қарсы қылықтар.

Мінез - (гр. Character - таңба, нақыш басу), жеке адамның тұрақты жеке даралық ерекшеліктерінің жинытығы, өмірлік жағдайларда өзіне тән сыртқы ортаға жауап беру тәсілі арқылы анықталатын адам қасиеттерінің жиынтығы, ол өзіне тән қылықты тәсілмен шартталып іс-әрекет пен қарым-қатынаста қалыптасады және айқындалады.

Мінездің патологиялық қалыптасуы - тәрбие кемшіліктері, созылмалы жүйкеге жарақат салатын жағдайлардың орын алумен байланысты баланың мінезінің жағымсыз бағытта өзгеруі.

Мотив - (фр. motif - тудырушы, себеп), адамның белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған іс-әрекетін ұйымдастыруға негіз болатын психологиялық күйі.

Мотивация - (фр. Motif - тудырушы, себеп, Movere - қозғалыска келтіру, итеру), адамды белсенді іс-әрекетке итермелейтін мотивтердің бірлігі, адамның белсенділігінің, бағытының қалыптасуын, қолдауын көрсететін, әрекеттің іштей, психологиялық және физиологиялық басқаруының динамикалық процесі.

Мұң - адамның бұрын басынан кешірген қолайсыз окиғалары мен сәтсіз істері жайындағы ойы, мақсатты істерінің жүзеге аспауына себепкер болған жайттар жайындағы қиялы.

Наным - тұрақты пікір, факті және логикамен бекітілмеген, дегенмен сенімге негізделген қасиет, хабарды, жағдайды немесе әрекетті адекватты қабылдауға кедергі жасайтын нұсқау.

Негативизм - (лат. negatives – теріс, мойындамаймын), баланың айналадағы адамдар әсеріне негізсіз қарсыласуы. Негативизм баланың ұсынылған іс-әрекетті орындамайтын қиқарлығы және ұсынылғанға нәрсеге баланың белсенді түрде қарама–қарсы әрекет жасауын көрсететін ұғым. Негативизм - адамның басқа адамдарға демонстративтік түрде жасайтын қарсы әрекеті, баскалардың ақыл-кеңесін қабылдамауы. Көбінесе бала дамуындағы дағдарыс кезеңде кездесетін құбылыс.

Ниет - саналы тілек, бір нәрсені істеуге даярлық, қалау, тілегі, накты бір әрекет немесе іс-әрекетті орындау қажеттілігі, мүмкіншілігі туралы тұрақты ой, қызығушылық немесе ерік компоненттерімен толықтырылған кезде құмарлыққа айналады.

Отбасы - белгілі бір қоғамның негізгі бөлшегі.

Өктемділік - бір адамның баска адамдарға өктемділікті жүргізуге қажет ететіндігінен көрінетін, бұйыру, басқару, үстемдік жасауға, билеуге тырысушылықты көрсететін жеке адамның тұрақты бітістері (мінезі).

Өзін-өзі бақылау – адамның өз күйін, өзінің субъективті құбылыстарын талдауға және есепке алу ретіндегі психологиялық әдіс. Ол адам өзінің психикалық өміріндегі ішкі жоспорын бақылауға, оның айқындалуына (ой, сезім, бастан кешірулер т.б.) мүмкіндік береді.

Өзін-өзі реттеу - (лат. regulare - тәртіпке келтіру, жөнге салу) - адам өзінің психологиялық. және физиологиялық күйлерін, сонымен қатар қылықтарын баскару процесі.

Өзін-өзі бағалау - жеке адамның өз-езіне, сапасына, абыройына, жақсы жағына, адамгершілігіне, кемшіліктеріне баға беруі, оның дұрыс қалыптасуы - тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды мәселесі.

Полиандрия – бір әйелдің бірнеше еркектермен некелік байланыста болуына, үйленуіне ресми түрде рұқсат берілгендігі және заңдастырылғандығы.

Полигамия – бір еркектің бірнеше әйелдермен некелік байланыста болуына, үйленуіне ресми түрде рұқсат берілгендігі және заңдастырылғандығы.

Профилактика – адамның ден саулығын, психикалық жағдайын және жан ауыруларының алдын алуға, өмірін ұзартуға арналған іс-шаралар жұйесі.

Проекция - (лат. Projectio - алға лактыру) - адамның өз кемшіліктерін басқа адамдарға өткізу, жүктеу арқылы адамның уайымшылдығынан құтылу сияқты қорғаныс механизмі, жеке адамның өзіне тән мотивтерін (ниеті), сапаларын және қасиетін басқа адамдарға бейсаналы түрде жүктеу.

Психоанализ - (psyche - жан және analysis - талдау). З.Фрейдтің енгізген ілімі. Түс көру және басқа да бейсаналы психикалық құбылыстарды интерпретациялау әдістері мен идеялар жүйесі, сондай-ақ әр түрлі жан ауруларын емдеу және диагностикасын жүргізу жолдарын талдау арқылы түсіндіру.

Психогенетика - (rp. Genetikos - шығу, тегіне, туылуына қатысты)- бірқатар психикалық және мінез-құлықтық құбылыстардың тұқым қуалаушылық сипатын және олардың генотипке тәуелділігін қарастыратын психологияның зерттеу саласы, зерттеу пәні - адамның жеке даралық психологиялық ерекшеліктерінің шығу тегін, олардың қалыптасуында қоршаған орта мен генотиптің атқаратын ролін анықтау.

Психодиагностика (гр. Diаgnostikos - тануға қабілетті) адамның психологиялық қасиеттері мен күйлері туралы ғылыми тексерілген әдістердің көмегімен сенімді мәлімет алу, адамның психологиялық қасиеттерін, күйлерін сандық және сапалы жағынан нақты бағалау. П. - жеке адамның дамуындағы жеке даралық ерекшеліктері мен даму мүмкіншіліктерін анықтайтын әдістерді құрастыратын психология ғылымының саласы.

Психопрофилактика (гр. Psychikos -жанды, prophylaktinos - сақтандыру) - адамның жан саулығын сақтау мен оны нығайтуға арналған шараларды жүзеге асыру жүйесін, оның әдіс-тәсілдерін анықтаумен шұғылданатын психологиялық айықтыру саласы.

Психотерапия - (гр. Psyche - жан немесе therapia - қамкорлық жасау, емдеу) психодиагностиканың көмегімен алынған мәліметтер негізінде психологиялық құралдарды, тәсілдерді кеңінен қолдану арқылы жан ауруына ұшырағандарды емдеу, медицина мен психология арасындағы байланыстан туындаған психология ғылымының саласы. П.- көптеген психикалық жүйкелік немесе психосоматикалық ауруларға ұшыраған адамның өзіндік санасына, пікіріне, эмоциясына вербальды немесе вербальды емес әдістер көмегімен жан-жақты емдеу әсері.

Психотехника – (гр. Тесһпе - өнер, шеберлік), жеке тұлға қасиеттерінде орын алған ауытқуларды коррекциялауға пайдаланылатын практикалық іс-әрекеттер түрлері мен арнайы әдістемелер жиынтығы.

Пубертаттың кезең - (лат. pubertas - жыныстық жетілу) қосалқы жыныстық белгілердің пайда болуымен сипатталатын жиныстық жетілу кезеңі. Жыныстық жетілу кезеңінде жеткіншектерде соматикалық және психикалық даму өзгерістері анық байқалады.

Рационализация - (лат. rationalis - ақылды, парасатты) адам өзінің жағымсыз теріс қылықтары мен әрекеттеріне, олардың адамгершілікті ақталуы мен ар-намысындағы кемістіктерді жасыруға бағытталған логикалық және ақылды түсініктемелерді табуда көрінетін қорғаныс механизмдерінің бірі.

Ригидтілік - (лат. Rigidus - қатты, қатаң) бұрын бекіген шешімнен, ойлау тәсілі және әрекетінен бас тартудың қиындығынан көрінетін ойлаудың тежелуі, жеке тұлғаның белгіленген іс-әрекет бағдарламасын қайта құруда, оны өзгертудегі кездесетін қиындықтар. Ол толық қабілетсіздікке дейін көрініс беруі мүмкін.

Рөл - (фр. role) адамның нақты өмірлік ситуацияларында, олардың белгілі бір алатын орындарына сәйкес мінез-құлықты білдіретін түсінік, адам өмірде балалалық, ата-аналық, басқарушы, бағынушы, орындаушы, кеңесші, оқушы, оқытушы т.б. рөлдерді жеке адамның әлеуметтік функциясы ретінде орындайды; қоғамдағы өзара жеке қатынас жүйесіндегі адамдардың алатын статусы немесе позициясына тәуелді қабылданған нормаларға сәйкес құралатын құлықтың тәсіл.

Садизм - жазушы Сад (1740-1814) есімімен байланысты анықталған термин - адамдарға, жануарларға деген қатынасында адамның ерекше жауыздық білдіруі, әрекеті, оларға зиян келтірудегі патологиялық ұмтылыс формасы Э. Фромм адамдардың әлеуметтік психологиялық мінез типологиясын құру үшін қолданған ұғымдарының бірі.

Сезім - адамның өзіне, өзге адамдарға, айналасындағы заттар мен құбылыстарға қатынасын білдіретін көңіл-күйі, қандай да бір әлеуметтік объектімен байланысты адамның жоғарғы, мәдени қалыптасқан эмоциялық күйі, салыстырмалы тұрактылығымен ерекшелінетін шындық дүние құбылыстары мен заттарына деген өзінің қатынасындағы адам күйзелісінің негізгі формаларының бірі, қажеттіліктерді қанағаттандыру немесе қанағаттандыра алмауына байланысты орын алатын эмоцияның көрініс беруі.

Симпатия - (rp. Sympatheia - ынта, ішкі ықыласы, жағуы) тұлғааралық қатынаста көрініс беретін біреуге деген ынтызарлық сезімі, адамның басқа адамдарға тұрақты жағымды эмоциялық қатынасы.

Социограмма - бепгілі бір уакыт кезеңінде кіші топтағы мүшелерінің арасында туындаған жеке адамның өзара қарым-қатынастың жүйесін көрсететін графикалық сурет.

Социометрия (лат. Societas - қоғам, rp. Metric - өлшеймін) социограмма түрінде және жеке адамның кіші топтағы мүшелер арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесіндегі бірнеше арнайы индекстерді анықтауға арналған бір типті құрастырылған әдістемелер жиынтығы. Дж. Морено ұсынған әлеуметтік психологиялық әдіс, топ ішінде өзара жеке қатынастардың құрылымын құруға немесе ондағы мүшелердің бірдей таңдау саны бойынша әр түрлі іс-әрекет түрінде қолдануға мүмкіндік береді.

Стресс - (ағыл. Stress - қысым, күйзеліс, күштену, зорлану, шиеленіс)- әр түрлі экстремалды әсерлерге жауап ретінде пайда болатын, адамның күйін, жалпы шеңберін білдіретін термин. С. күшті теріс белгідегі әсердің негізінен және адамның онымен күресуге мүмкіндігі болмағанынан немесе қабілетсіздігінен туындайтын қысымдық күй. С. байланысты мінез-құлық бұзылып, жан күйзелісі орын алады.

Статус - (лаг. Status - алатын орны, жағдайы, күй жайы), адамның топтағы құқығын, міндетін немесе айрықша орнын анықтайтын жеке тұлғаның өзара қатынастар жүйесіндегі алатын орны (топтағы басқа мүшелерінің арасында адамның бедел деңгейін анықтайтын, ішінара топтық қатынас жүйесіндегі оның жағдайы, алатын орны).

Сыйысымдылық – тұлғалық ерекшеліктердің ұтымды қатынасы, адамдардың психикалық қасиеттерінің талапқа сай қарым-қатынас пен іс-әрекетке оңтайлануы, кеңпейілділік білдіруі.

Талдау - (analysis - ажырату, жіктеу, ыдырау) анықталған тәртіп бойынша бірізді орналастырудағы логикалық тәсіл.

Тәуекел тобындағы отбасы - бұл кәмелетке толмағандардың ата-аналары немесе олардың заңды қамқоршылары балалар тәрбиесіне қатысты міндеттемелерін орындамай немесе олардың мінез-құлығына жағымсыз әсер етіп, олардың құқығына қарсы әрекеттер жасаған отбасы.

Тұлға – жеке ерекшеліктері бар қоршаған ортаға деген өзінің қатынасын сезінген, сана көрсеткіштері анық байқалатын, қызметтің белгілі бір түрімен айнылысатын әлеуметтік қауымдастықтың белгілі өкілі, нақты адам.

Тұлғаның әлеуметтенуі – жеке тұлғаныңәлеуметтік ортада қалыптасқан талаптарды қабылдап, сол ортаға толық қанды мүшесі ретінде ену процесі, оның тәжірибелік және теориялық әрекеттегі дағдыларды меңгеруі, шынайы қарым-қатанастарының тұлғаның қасиетіне айналуы.

Фрустрация - (лат. Frusthatio - жалған, алданып қалу, босқа, бекерге күту, қынжылу, бұзылу), адамның алдына қойған мақсаттарына жетуге үмітінің жоғалуы, амалдың жоқтығын білдіретін сезіммен бірге жүретін өзінің сәтсіздіктерін терең эмоционалды сезіну, мақсатына жетуге кедергі жасайтын шын немесе қияли бөгелудің нәтижесінде пайда болатын психикалық күй. Ол адамның ашулы, өкіну, уайымдау, мазасыздану ретінде көрініс береді.

Эгоцентризм - (лат. ego - мен, centrum - орталық), адамның санасы мен зейіні тек қана өзіне ғана шоғырланатын, айналасындағы адамдарға, болып жатқан оқиғаларға көп мән бермеуде көрінетін жеке тұлғалық қасиет.

Экзогамдық - туыстас ағайындар арасында некелесуге тыиым салу

Эмпатия - (лат. empathtia - көңілдес болу) баска адамдардың псхикалық. жағдайларын түсіну, олардың жағдайларымен санаса білу, өз сезімі арқылы басқа адамдардың жан күйзелісін түсіну, оны сезіне білу және онымен ортақтасу, өзге адамның жан-дүниесінің сыры мен жай-күйін түсіне білу қабілеттілігі және оған жанашырлық білдіре алу.

Эндогамдық – рулық топішілік, туыстас ағайындар арасындағы некелесу.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: