Детерминизм. Себеп пен салдар

Дүниедегі сан-қилы заттар мен құбылыстар бір-бірімен байланыста болып, бір-біріне өз әсерін тигізіп, өзара өзгеруде. Алайда, біз Дүниеде ретке келтірілген өзгерістерді, я болмаса тәртібі жоқ тұңғиықты байқаймыз ба? Бүгінгі таңдағы деректерге сүйенсек, Дүниеде бір жағынан өзіндік ұйымдасу, күрделену, тәртіпке келу үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан құлағызу, ыдырау, термодинамикалық теңдікке жету өзгерістері де бар.

Детерминизм (determіno,- латын сөзі,-анықтаймын) – Дүниедегі заттар мен құбылыстардың белгілі бір заңдылықтардың негізіндегі байланыстары мен өзара тигізетін ықпалдарының арқасындағы өзгеріске түсуін зерттейтін ілім болып саналады.

Дүниеде бірде-бір басқа заттармен байланысқа түспеген зат, я болмаса, құбылыс жоқ. Ал байланыс дегеніміздің өзі өзара іс-әрекетке әкелетіні де сөзсіз. Олай болса, затты қоршаған басқа заттар мен құбылыстар оған өз әсерін тигізіп, оның өмір сүруінің объективтік факторларын құрайды.

Қайсыбір даму үрдісі уақыттың шеңберінде өткеннен кейін бір заттың орнына екінші зат келеді - әрбір өмірге келген нәрсенің өз себептері бар – Дүниеде себепсіз ешнәрсе жоқ, ең ақырғы күннің сәулесіне шалынған көзге әзер көрінетін шаңның өзінің себебі бар.

Әдебиетте бейсебептіліктің негізінде пайда болатын детерминация болуы мүмкін,- деген пікір бар (қараңыз: П.В.Алексеев, А.В.Панин. Философия., Проспект, 1998, стр.403). Алайда, мұндай пікірдің бізді мистикалық (құпиялық), иррационалдық (ақылға сыймайтын) бағытқа сілтейтін салдарын да ұмытпағанымыз жөн.

Заттардың өзара әрекеті белгілі бір заңдылықтардың негізінде рет-ретімен іске асады – бұл да детерминацияның ерекшеліктерінің бірі.

Детерминизмге қарсы тұрған бағыт – индетерминизм (іn,- қосымша, лат.,- теріс мағна береді), яғни болмыстың өз себептілігін мойындамайды. Екінші бағыт (Д.Юм, И.Кант) себептілік тек біздің Дүние қабылдауымыздың қасиеті ғана, ал шын өмірде ол жоқ деген пікір айтады.

Үшінші бағыт (неокантиандық) табиғатта себептілік болуы мүмкін, бірақ адам ырқы оған көнбейді, өйткені, ол – саналы пәнде, оның еріктілігімен мен жауапкершілігі бар. Жалпы алғанда, рухтың дамуын себептілік арқылы түсіну мүмкін емес- деген ой айтады.

Детерминизм категориясын толыққанды зерттеу – тек қана себептілікті талдаумен тең емес. Сонымен қатар, “заң”, “заңдылық”, “мүмкіндік пен шындық”, қажеттілік пен кездейсоқтық”, “еріктік пен тәуелділік” т.с.с. ұғымдарды пайдаланып қана оны жете түсінуге болады. Енді соған кірісейік.

“Себеп пен салдар” –детерминизм категорияларының негізгілеріне жатады. Себеп деп зат, я болмаса құбылыстардың белгілі бір жағдайлардағы өзара әрекет негізіндегі қажетті түрде өзгеруі, я болмаса, екінші зат, құбылысты тудыруын айтамыз. Салдар деп белгілі бір себептердің негізінде пайда болған зат, я болмаса құбылысты айтамыз. Мысалы, студент пен оқытушының қарым-қатынасының негізінде тек қана студент емес, сонымен қатар, оқытушы да өзгереді. Микроәлемдегі электрон мен позитронның өзара байланысы екеуінің де жоғалып екі фотонға айналуына әкеледі.

Себеп салдарды зат, энергия, информациялық ықпал арқылы іске асырады. Екінші бір ескеретін нәрсе, себеп пен салдар уақыттың шеңберінде болғаннан кейін олар бірбағыттылықтың негізінде жүреді, яғни салдар себептің алдына ешқашанда шығып кете алмайды, соңғы әрқашанда – алда. Сонымен қатар, бір құбылыстың артынан екіншінің келуі – себеп пен салдардың нәтижесінде болмауы да мүмкін. Мысалы, күн мен түннің алмасуы, судың көтерілуі мен кері кетуі, т.с.с. табиғи құбылыстар бір-бірін себептік байланыс арқылы тудырмайды – олардың бір-біріне өтуі жердің айналысы, айдың тартуымен байланысты құбылыстар.

Қоғам өмірінде саналы адамдар іс-әрекет етіп шым-шытырық байланыстарға түскеннен кейін шынайы себеп астыртын түрде іске асып сылтау сияқты көрінуі мүмкін. Ол, әсіресе, халықаралық дипломатияда кеңінен кездесетін нәрсе. Мысалы, АҚШ “халықаралық терроризмге” қарсы күресеміз деп талай рет Ирак мемлекетін бомбалады – ол, әрине, сылтау. Шынайы себеп – сол аймақтағы мұнай байлығында, соған тартыста жатыр. Ал, халықаралық терроризмге келер болсақ, оның терең себептері – кедей елдердегі халықтардың дамыған елдердің дене ләззатына бағытталған “материалдық-сезімдік” құндылықтарына қарсылығы, соған қосылған жұмыссыздық, қайыршылық т.с.с. факторлар.

Себеп пен салдар біртіндік және көптіндік даму жүйелерінде әр-түрлі болуы мүмкін. Біртіндік жүйелер өте сирек, тек қана “жабық жүйелерде” кездеседі. Оны былайша көрсетуге болады: …АБСД… яғни, А себеп ретінде Б-ні, Б - С-ні т.с.с.тудырады. Сонымен, әрбір құбылыс бір жағынан белгілі бір себептің салдары болса, екінші жағынан, келесі салдардың себебіне айналады.

Ал, күрделі де ашық жүйелерге келсек, онда олардың көбі “кері байланыстың” негізінде өмір сүреді. Мысалы, қайсыбір машинаның моторы жұмыс істеген кезде, оның қызуына әкеледі, температура белгілі бір нүктеге жеткен кезде, вентилятор іске қосылып оның қызуын төмендетіп тоқтайды, мотор тағы да қызғанда, айтылған механизм тағы да іске қосылады... Мұндай жүйелер кері байланыстың үлкен рөлін көрсетеді.

Философиялық әдебиетте, әсіресе, діни философияда “бірінші себеп” (causa prіma), “соңғы себеп” (causa fіnalіs) деген категориялар кездеседі. Дүние іш және сырт жағынан да шексіз болғаннан кейін “бірінші”,я “соңғы” себеп болуы мүмкін емес. Оны мойындау қажетті түрде осы Дүниені тудырған “Құдай идеясына” әкеледі.

“Соңғы себеппен” байланысты телеологиялық (teleos,- грек сөзі, - мақсат-мұрат, logos,- ілім) детерминация болып табылады. Оны қолдайтын ойшылдар ерекше телеономдық себептер барын мойындайды. Ол “не үшін туды?”, “қандай мақсат үшін жаратылды?”,- деген сұрақтарға жауап береді. Яғни алдын-ала берілген мақсат (соңғы себеп) сол заттың дамуына себеп болады деген сөз. Мысалы, ХХ ғ. өмір сүрген ұлы діни философ Теяр де Шарден Дүниенің жаратылуы мен дамуында мақсатқа лайықтылықтың негізінде дамып жатқан рухани күш бар дейді. Физикалық энергия ыдырау үстінде болса, рухани күш Дүниені күрделентіп, жетілдіріп алдын-ала берілген “Омега нүктесіне” (Құдайға) жақындатуда.

Әрине, әрбір тіршілік формасы өзінің іштей берілген “өмір бағдарламасының” негізінде дамиды. Ал тіршіліктің шындықты алдын-ала бейнелеу қасиетінің қалайша табиғи түрде пайда болғанын біз жоғарғы тарауда сөз қылғанбыз (қараңыз: осы кітап, 33-34 б.б.). Ал, қоғам өміріне келер болсақ, онда ғалымдар мен мамандар, саясаткерлер неше-түрлі бағдарламалар жасап, соларды іске асыруға тырысады. Мақсат-мұрат дегеніміз – ой елегінен өткізіліп болашаққа бағытталған идеалдық нәтиже. Бірақ, ешқандай бағдарламалар толығынан орындалмайды – себебі, оны іске асыру барысында неше-түрлі ескерілмеген жағдайлар пайда болып, көбінесе оның іске асуына өзінің теріс әсерін тигізеді. Ал, ол жағдайларды күні бұрын ешкім де біле алмайды. Дегенмен де, алға қойған үлкен мақсат зор күш-қуатты оятып, адамды үлкен белестерге көтеріп тастайды. Елдің Президентінің тікелей қатысуымен жасалған үлкен бағдарлама “Қазақстан – 2030” жаңа тәуелсіздігін алған халыққа зор рух беріп, оны үлкен белестерге көтеруде. “Генерал болам!”,- деп армандаған балауса сол жолда қажымай-талмай еңбек етсе - полковник дәрежесіне көтерілуі мүмкін, тіпті, одан да асып - маршал атағына ие болуы ғажап емес. Сондықтан, жас дос, өз алдыңа үлкен мақсаттар қойып, соны іске асыруға тырыссаң, өміріңнің мән-мағнасы сонда ғана ашылады.

Мүмкіндік пен шындық

Мүмкіндік пен шындық ұғымдары себептілікті толықтырып даму барысын терең түсінуге мүмкіндік береді. Кең түрде алғанда шындыққа бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние жатады. Тар мағнада шындық деп кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағнасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объектіні айтамыз.

Ал мүмкіндікке келер болсақ, ол заттың бүгінгідегі болашағы, оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғышарттары.

Бұл категорияларды алғашқы философияға еңгізген Аристотель болатын (dynamіs, - грек сөзі, - мүмкіндік, energeіa,- шындық; латынша: actus – шындық, potentіa- мүмкіндік). Оның ойынша, қозғалыс пен даму дегеніміз – мүмкіндіктің шындыққа айналуы: ұрық - болашақ адамның мүмкіндігі, жерде жатқан мәрмәр тас – Венера мүсінінің мүмкіндігі, тастың шындығы, кірпіш – саздың шындығы, үйдің мүмкіндігі т.с.с. Аристотельдің ойынша, материя – таза мүмкіндік қана. Оны шындыққа айналдыратын эйдос, форма ғана. Кейбір кезде ол энтелехия ұғымын пайдаланады.

Орта ғасырлық философияда Аристотельдің кіргізген осы ұғымдары оның негізгі категорияларына айналады.

Жаңа дәуірдегі көп ойшылдар шындықтағы себептілікті зерттеуге көп көңіл бөліп, мүмкіндікті теріске шығарып, я болмаса оны кездейсоқтықпен теңеді. Ал Кантқа келер болсақ, ол оларды тек қана ойға берілген априорлық модальдық категориялар ретінде түсінді.

Гегель мүмкіндік пен шындықты абсолюттік идеяның өз-өзін танудағы белгілі бір сатысындағы туындылары деп түсінді. Осы тұрғыдан алғанда, мүмкіндік – шындықтың абстрактылық сәті ғана, ал соңғы – мән-мағна мен өмір сүрудің, ішкі мен сыртқының бірлігі – нақтылы болмыс.

Маркстік философияда бұл категориялар Дүниенің қозғалуы мен дамуының негізгі сәттері ретінде қаралады. Олар бейорганикалық, тіршілік, қоғам, ойлауда өз көріністерін табады: қайсыбір мүмкіндік белгілі жағдайда шындыққа айналады да, сонымен қатар, өзімен бірге болашақ өзгерістердің, мүмкіндіктердің ұрығын әкеледі т.с.с. Ол оның ішкі қайшылығынан шығады.

Мүмкіндік пен шындық жөніндегі бүгінгі түсініктерге келер болсақ, шындық дегеніміз – заттың актуальдық болмысы, ал мүмкіндік – ішкі қайшылықтан шығатын заттың дамуының бағыттары, алғышарттары.

Нақтылы шындық өз даму барысында біршама мүмкіндіктерді бойында сақтайды. Бірақ, оның көлемі шексіз болмайды – ол белгілі бір заңдылықтармен шектелген. Мүмкін еместік – заттың объективтік заңдылықтарының шеңберінен шығатын мүмкіндік, ол ешқашанда өмірге келмейді. Мысалы кәрінің балаусаға айналуы, я болмаса күннің үстінде тіршіліктің өмір сүруі т.с.с.

Сонымен қатар, абстрактылық және реалды (шынайы) мүмкіндіктерді айыру қажет. Абстрактылық мүмкіндік – заттың даму заңдылықтарына қайшы келмегенмен нақтылы ақуалда дүниеге келуіне жағдайлардың жоқтығын көрсетеді. Реалды, шынайы мүмкіндік өмірге келуге нақтылы алғышарттары бар – ол шындыққа уақыты келгенде айналады.

Мүмкіндіктің шындыққа айналуы үшін, негізінен екі алғышарт керек. Олардың біріншісі – белгілі бір заңдылықтардың болуы, екіншісі – нақтылы керек жағдайлардың жасалуы.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әрбір шындық өз ішінде біршама мүмкіндіктердің ұрығын сақтайды. Сондықтан, заттың дамуында белгілі бір бейнақтылық сақталады. Егер белгілі бір жағдай толығынан болмаса, онда ол мүмкіндік басқа мүмкіндіктермен бірге сол қалпында қала береді. Жағдай толығынан туған кезде ол мүмкіндік жеңіп шындыққа айналады.

Өлі және тірі табиғатта мүмкіндіктер стихиялық түрде неше-түрлі шытырман байланыстардың ішінде белгілі бір нақтылы жағдай пайда болған кезде шындыққа айналады. Онда, әсіресе, кездейсоқтың рөлі өте үлкен – оны келесі тарауда талдайтын боламыз. Бұл арада, тек мысал ретінде, қайсыбір тіршіліктің шашатын ұрығының саны мен солардың шындыққа айналатын санын келтірсе де болғаны. Миллиондаған балықтың уылдырығынан ондағаны ғана өсіп-өніп балыққа айналады. Қалғандары лайықты жағдайға кез болмай құриды, яғни, мүмкіндік шындыққа айналмай қалады.

Қоғам өмірінде жағдай басқаша қалыптасады, өйткені оларды адам саналы түрде өз қолымен жасайды. Адамдар қалалар салып, жасанды көлдерді тудырады, өсімдіктер мен жануарлардың даму мүмкіндіктерінің ішінен қолайлысын тауып алып оның шындыққа айналуына жағдай тудырып, көмектеседі. Мысал ретінде бидайдың қуаңшылыққа қарсы тұра алатын сорттарын дүниеге әкелу, сүтті көп беретін сиырлардың тұқымын шығару т.с.с. айтуға болар еді.

Сонымен қатар, жағалай ортаны жасанды өзгертуде адамзат көп келеңсіз нәтижелерге де жетті, өйткен себебі, бір ғылыми жаңалықты еңгізіп, оның пайдасын табу жолында оның өзімен бірге әкелетін теріс жақтарын көбінесе болжай білмейді. Соңында оның пайдалы жағы теріс жағынан кем болып шығып, жаңа мәселелерді тудырады. Оның мысалы ретінде бүгінгі таңдағы экологиялық дағдарысты келтірсе де жеткілікті.

Мүмкіндік пен шындықтың қоғам өміріндегі көрінісіне келсек, онда адами фактордың орны ерекше. Ол адамдардың саналы іс-әрекеті, қажымас қайраты, саяси және құқтық пісіп-жетілгені, күш-қуаты, ұйымдасу деңгейімен т.с.с. байланысты. Мысалы, бүкіл Дүниежүзілік қауымның соғысқа қарсы іс-әрекетінің негізінде ядролық соғыстың болу мүмкіндігі толық жойылмағанмен, алыстады деп айтуға құқымыз бар. Оны Дүниежүзілік деңгейде жою үшін жаңа халықаралық экономикалық тәртіп орнатып, алпауыт дамыған елдердің әлсіз елдерді, олардың табиғи байлықтарын қанауды тоқтату керек. Оның біздің елге де қатысы бары сөзсіз. Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді, оны оқырман өз рухани толғауымен толықтырады деген ойдамыз.

Қоғам дамуындағы мүмкіндіктерді сараптап ең тиімді шешімдерді қабылдауда саясаттың орны ерекше. Сондықтан, саясатты кейбір кезде “мүмкіндіктің өнері” дейді. Саясатта қоғамның барлық ресурстары есепке алынып, “мақсатқа лайықты” шешімдер қабылданады. Алайда жалаң технократизм қоғам өмірінде теріс салдарлар тудырып, әлеуметтік қайшылықтарды өшіртуі мүмкін. Сондықтан, қайсыбір саясат адамзаттың мыңдаған жылдардағы қайғы-қасіреттен өтіп жеткен “жалпы адамзат құндылықтарын” өзінің іргетасы ретінде есептеуі керек. Сонда ғана оған тағылған “саясат – лас іс”,- деген тұжырым қоғамдық санадан алыстай бастайды.

Қоғам өміріне қатысты прогрессивті (алға жылжу) және консервативті (бұрынғы жағдайды сақтау, өзгермеуге тырысу) мүмкіндіктерді айтуға болады. Ал оларға “даму бағытына” арналған тарауда ерекше тоқталатын боламыз.

Енді мүмкіндіктің шындыққа айналуының тәсілдері қандай?,- деген сұрақтың кезегі келді. Оған келесі тарауда жауап берейік.

Қажеттілік пен кездейсоқтық

Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтың өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені, Дүниеде бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан кездейсоқтық бар.

Қажеттілік деп зат, я болмаса құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтарын айтамыз. Кездейсоқтыққа келер болсақ, ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.

Сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниедегі қажеттілікті мойындаған. Мысалы, Демокрит Дүниедегі қажеттікті атомдардың қозғалысы, бір-бірімен соқтығысуы, байланысынан көреді. Оның ойынша, Дүниеде себепсіз ешнәрсе жоқ, олай болса, кездейсоқтық та жоқ. Тек біз себебін білмеген затты кездейсоқтық деп есептейміз,- дейді ұлы ойшыл. Сондықтан, әр нәрсенің себебін білуге ұмтылу қажет. Мен өзім танылмаған бір нәрсенің себебін білуге бола парсылардың тағынан да бас тартар едім,- деген Демокрит жөніндегі аңыз осы уақытқа шейін сақталған.

Мұндай көзқарасты Жаңа дәуірдегі ұлы ойшылдар да қолдаған болатын (Б.Спиноза, П.Гольбах т.б.). Қажеттілікті себептілікпен теңеген ойшылдар заңды түрде кездейсоқтан бас тартып, Дүниедегінің бәрі де қажетті деп түсінді. Олай болса, Дүниеде кездейсоқтық болмаса, тек алдын-ала берілген қажеттік, тәртіп болса, онда ешнәрсені өзгерте алмайсың, тағдырдың (фатализм) тәлтегінің бәріне көнуден басқа шара қалмайды,- деген ой келеді.

Мұндай пікірге қанағат етпеген ойшылдар, керісінше, Дүниеде еш қажеттік жоқ, бәрі де кездейсоқтық, олай болса, ешқандай заңдылық, тәртіп жоқ,- деген пікірге келген болатын. Мысалы, А.Шопенгауер Дүниенің негізі материяда, я болмаса санада емес, өзін бұлдыр сезінетін, мақсат-мұраты жоқ, тек өмірге деген талпынысы бар соқыр Дүниежүзілік Ерікте,- дейді. Ал, мұндай жағдайда да адам ешнәрсе жасай алмайды, бейсаналық Ерік оның ісін бір сәтте-ақ жоққа шығарады.

Идеалистік философия желісіне келер болсақ, олар қажеттілікті Дүниежүзілік рухтың, я болмаса Құдайдың құдіретті күші ретінде түсінеді. Ал, Кант өз философиясында қажеттілікті адамның Дүниеге еңгізетін ойлау формасы ретінде қарады.

Философия тарихында қажеттілік пен кездейсоқтың өзара байланысын терең зерттеген Гегель болды. Қажеттілік - заттың өзіндік ішкі себептерінен, оның мән-мағнасынан туындайтын болса, кездейсоқтық сыртқы құбылысынан, басқа заттармен байланысынан пайда болады.

Алайда, мұндай көзқарас та бүгінгі әдебиетте сынға алынады. Заттың сыртқы байланысынан шығатын кездейсоқтық, сол затты одан да кең жүйенің шеңберіндегі элементі етіп қарағанда қажеттілікке айналады. Оны шексіз кеңіте берсек, Дүниеде тағы да кездейсоқтыққа орын қалмайды (қараңыз: Материалистическая диалектика.,т.1, М., Мысль,1981, стр.205).

Сондықтан, бұл тұжырымды жақтайтындар қажеттілікті мүмкіндік категориясымен байланыстырып қарайды. Онда қажеттілік белгілі бір жағдайдағы қалыптасатын жалғыз мүмкіндіктің ертелі-кеш шындыққа айналуымен тең болып шығады.

Жоғарыда көрсетілген пікірдің әлсіз жағы – ешқашанда қайсыбір затты алсақ та – ол жалғыз мүмкіндіктен тұрмайды. Сонымен қатар, белгілі бір жағдайда бірнеше мүмкіндіктің шындыққа айналуының сәті болуы да ғажап емес. Егер біз асықты лақтырсақ, төрт жағының біреуіне тұрады (бір жолы “бүк” болса, екінші жолы “ішік”, я болмаса, тағы да “бүк”, я “тәйке” болуы мүмкін. Мұны кездейсоқтыққа жатқызуға болады. Бірақ, олардың бәріне бірдей жалпылық - бір жағына қалайда тұру – қажеттілік болып шығады.

Қажеттілік пен кездейсоқтың өзара байланысының терең мәні – Дүниедегі таза қажеттіліктің жоқтығы. Сондықтан, қажеттілік әрқашанда кездейсоқтық арқылы көрінеді. Кездейсоқтың өзі болмыста терең тамырланған – ол заттың дербестікке, тәуелсіздікке деген “ұмтылысынан” шығады.

Кейбір студенттер, таза қажеттіліктің мысалы ретінде мегаүрдістерді, соның ішінде күн жүйесін келтіреді. Мысалы, жер мен айдың айналу координаталарын есептеп, 1000 жылдан кейін жердің неше градус ендігі мен бойлығының түйісінде қай күні, сағаты, минутында күн тұтылу басталатынын айқындауға болады. Ал, мұның өзі таза табиғаттың қажеттілігін көрсетеді,- деп қорытады.

Әрине, мұндай мысалды теріске шығару – онша қиын шаруа емес. Ғарыштағы неше-түрлі кездейсоқтықтарға байланысты күнбе-күн жерді мыңдаған метеориттер бомбалайды. Көбі жердің бетіне жетпей жаным кеткенмен - біршамасы жерге жетеді. Мүмкін, алдағы мың жылдың шеңберінде жердің бетіне “Тунгус метеориты” сияқты үлкен болит те (көлемі бірнеше шақырымды алатын ғарыштағы үлкен тастар) құлауы мүмкін. Сондықтан, мың жылдың шеңберінде жер ауырлап, оның орбитасына аз-да болса өзгерістер енетіні – хақ. Ал, астрофизиктердің айтуына қарағанда, айдың өзі жыл сайын бірнеше метрге жерден алыстайды екен. Олай болса, осы фактордың өзі ғана болашақ “таза” қажеттілікті теріске шығарады. Жоғарыдағы айтылған координатаның өзі де өзгеріп, сағаты мен уақыты да басқаша болады. Бірақ, сол өзгерістерге қарамастан, күн тұтынады, өйткені, ол табиғаттың қажеттілігі. Яғни, күн жүйесінің өзінде де таза қажеттілік жоқ, оған да кездейсоқтық факторлар өзгеріс еңгізіп отырады.

Келесі мысал ретінде жастардың уақыты кегенде үйленуі, жанұя құруы. Ол – табиғи қажеттілік. Бірақ, әр жас азамат өзінің өмір шеңберінде кімді кездестіріп, сүйеді, таңдайды – ол көп кездейсоқтықтарға байланысты.

ХХ ғ. 70-ші жылдарында Дүниеге келіп тез қарқынмен дамып келе жатқан жаңа ғылым саласы – синергетика – тіпті кездейсоқтықтың қажеттіке қарағанда іргетастығын мойындайды. 13 млрд. жыл бұрын “Ұлы жарылыс” басталғанда сансыз кездейсоқтықтың ішіндегі белгілі бір кездейсоқтық Ғарыштың осы түрін туғызып, Дүниеге тіршілік, ақыл-ой келді. Басқа кездейсоқтық іске асқанда, Ғарыштың басқа түрінің келуі мүмкін болатын. Бірақ, қалай дегенде де, Ғарыштың Дүниеге келуі - қажеттік.

Кездейсоқтықтың мән-мағнасы статистикалық (көп санды) үрдістерде, әсіресе, айқын көрінеді. Мысалы, Қостанай қаласында 250 мың халық тұрады екен. Сонымен қатар, 50 мыңдай мәшинә бар. Осы екі үрдістің тоғысқан жерінде жыл сайын 25-30 адам өледі. Ол, өкінішке орай, көп санды үрдістердің тоғысуынан шығатын қажеттілік. Нақтылы адамның мәшинә астында қалып қойып өлуі – таза кездейсоқтық. “Ол асықты, біз оған тағы да бір аяқ шай іш,- деп едік, отырмады. Егер де ол 5 минут кейін кеткенде, тірі болатын еді”,- дейді өкініш пен қайғыдағы оның туысқандары мен жолдастары. Ол – рас. Бірақ, жыл сайын белгілі бір тұрақты сандағы адамдардың мәшинә астында қалып қоюы – техникалық прогресстен шығатын қажеттілік, олар – соның құрбаны.

Қазіргі кездегі статистика ғылымы - қарқынды дамыған, компьютерлік бағдарламалардың негізінде жұмыс істейтін ғылым саласына айналды. Соның арқасында қоғам өміріндегі кейбір үрдістер зерттеліп, оған ықтималдық (вероятность) тұрғыдан баға беріліп, жүргізілетін саясатқа өзгерістер еніп отырады. Мысалы, әрбір жанұяға шаққанда 1,8 баладан келеді, я болмаса, халықтың саны бүгінгідей құлдырамау үшін әр жанұяда 2,6 бала болуы керек, ал оның аз-мұз өсуі үшін кемінде 3 баладан болуы керек. т.с.с. Бірақ, шынайы өмірде бір жанұяда бір де бала болмауы мүмкін, ал келесіде – 6 бала болуы да ғажап емес.

Нарықтық экономикада миллиондаған адамдардың ынталы жасампаздық іс-әрекетінің нәтижесінде, олардың арасында шым-шытырық сан-алуан байланыстар пайда болып, кездейсоқтықтың (фортуна) рөлі күрт өседі. Біреу кедейліктен байлыққа, келесі, керісінше, байлықтан тақырға кездейсоқтың нәтижесінде отырып қалуы мүмкін. Алайда, ол үшін іскерлік, ізденіс керек. Үйде енжар отыра берсеңіз, ешқандай кездейсоқтыққа ұшырамайсыз. Сонымен қатар, мемлекет статистикалық ақпараттар арқылы экономиканың қажетті сатыларын анықтап, оларға неше-түрлі бағдарламалар мен заңдар арқылы өз ықпалын тигізе алады.

Сарапталған категориялардың таным үрдісіндегі методологиялық мәні өте зор. Тарихи, ғылымдағы ашылған көп жаңалықтар кездейсоқтықтың әсерінде ашылған. Сондықтан, ғылым тек қана қажеттіктерді ашады, “ғылым – кездейсоқтың жауы”,- деген нақыл сөздер, шынына келгенде, - дұрыс емес.

Мысалы, Луи Пастер бактериялар өсіп жатқан ыдысқа байқамай зеңді (плесень) түсіріп алады. Келесі күні микроскоппен зерттегенде, бактериялар жоқ болып шығады. Сол кездейсоқтықтың арқасында ол зеңнің антибактериялық қасиетін ашып, соңынан пенициллин дәрісін ойлап шығарады. Бұл ғылыми жаңалықтың адамзат денсаулығына тигізген оң нәтижесін асыра бағалау өте қиын.

Екінші француз ғалымы А.Беккерель лабораториядан кетерінде уран тұзын фотоқағазға орап кетеді, келесі күні оны химикаттардан өткізіп шығарған кезде оның бетінен неше-түрлі сәулелердің ізін көреді. Соның арқасында уранның радиоактивтік қасиеттері ашылып, микроәлемді зерттеуге кең жол ашылады.

Сондықтан, әрбір зерттеуші объектің қажетті жақтарын ашу жолында барлық кездейсоқтықтарды тізіп, олардың көрінісін терең зерттеу арқылы ғана қажеттікке жетуі мүмкін. Әрине, ол ғылымдағы көп жолдардың біреуі ғана.

Қажеттілік пен еріктік. Жауапкершілік

Адам еріктігі жөнінде философия тарихында мыңдаған мақалалар мен кітаптар жазылған. Бұл категория, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағының шеңберіндегі “қайта құру” үрдісі басталғаннан кейін қоғамдық санада аса көп айтылатын, насихатталатын ұғымдардың біреуіне айналды. Алайда, бүгінгі қоғамдық санада “еріктікпен мастану” сатысы өтіп бара жатқан сияқты, өйткені, еріктікті ұран етіп жасалған жақсы нәрселермен бірге қаншалықты теріс нәрселер де болды!!! (басқалардың мүдделерін таптау, ұрлық-қарлық, зорлау, өр-көкіректік т.с.с.). Сондықтан, бұл категорияның саяси “ұрандық” сипатынан бас тартып, философиялық деңгейде қарайық.

Еріктік категориясының маңыздылығы – ол адамның тектік қасиетіне жатады – жануарлар әлемінде еріктік жоқ. Яғни, ол адамның саналы мақсатқа лайықты іс-әрекетінен туындайды. Алайда, адам жалғыздан-жалғыз ғарыштағы кеңістікте өмір сүріп жатқан жоқ, оны жағалай қоршаған - өз мүдделері мен мақсаттары бар – басқа адамдар да бар. Сондықтан, еріктік деп адамның жағалай қоршаған ортадағы ақуалды ескере отырып, өз мүдделері мен мақсат-мұраттарын іске асыру қабілетін айтамыз.

Философия тарихында, көбінесе, еріктік мәселесін қарағанда, оны қажеттілікке қарсы қоюды байқаймыз. “Еріктік бар жерде қажеттілік жоқ”, я болмаса, “Ешқандай еріктіктің болуы мүмкін емес, тек қана қажеттілік бар”. Ақырында, бірінші көзқарас еріктікті адамның ойына не келсе, соны жасауға теңеп, волюнтаризмге (А.Шопенгауэр, Ф.Ницше) әкелді (voluntas,- латынша,- ырық). Еріктікті терістеп, тек қана қажеттікті мойындағандар (Т.Гоббс, П.Лаплас т.б.) фатализм бағытын тудырды (fatum,- латынша, тағдыр). Егерде адам өмірінде еріктік жоқ болатын болса, онда тағдырдың тәлтегіне толығынан көнуге тура келеді.

Мұндай көзқарастардың біржақтылығын сезініп, жаңа формула әкелген Б.Спиноза болды: “Еріктік – танып-білінген қажеттілік”. Негізінен алғанда, маркстік философияда да осы бағыт ұсталған. Бұл формула, қалай айтсақ та, қажеттіліктің басымдығын ертелі-кеш мойындайды. Соның негізінде конформизм (бәрі не істесе, сен де соны істе), я болмаса, тоталитаризм (не айтылса, соны істе) пайда болады. Қажеттікті танып-білу еріктікті өзінен өзі туғызбайды. Түрмеде отырған адам қаншалықты қажеттікті түсінгенмен, одан ерікті бола алама? Осы арада бір анекдотты келтірсек те болғаны: Полицай бір адамды ұстап клеткаға жауып қойып, оқтын-оқтын “Итбаев!”,- деп атын атағанда, ол байғұс: “Мен мындамын, полицай мырза”,- дегенде, полицай: “Қайда кетерсің”,- деп жауап қайтарады екен.

Жоғарыда келтірілген көзқарастар бұл категорияның аса күрделі екендігін көрсетеді. Сондықтан, оны жете түсіну үшін басқа “Тәуелсіздік пен тәуелділік”, “мүмкіндік пен шындық” т.с.с. категориялармен байланыстырып қана оның терең мәнін ашуға болатын сияқты.

Біріншіден, адамның еріктігі – ол Дүниенің іргетасын құрайтын әр зат пен құбылыстың өз тәуелсіздігіне деген “ұмтылысының” саналы көрінісі ретінде қаралуы керек. Әрине, адамды зорлап-зомбылауға, аяқ-қолын шынжырлауға т.с.с. болады. Бірақ оның ішкі рухани бостандығын, соған жетуге деген ынтасын еш диктатор, патша, жауыз ешқашанда жоя алмайды.

Сонымен қатар, бұл Дүниеде өз тәуелсіздігін толығынан іске асырып өзімен-өзі өмірі сүріп жатқан да бір нәрсе жоқ. Олай болса, абсолюттік еріктік те Дүниеде жоқ. Бұл мәселені ерекше талдап арнайы жазған кітабын Э.Фромм “Еріктіктен қашу”, - деп атаған (қараңыз: Бегство от свободы. М., Прогресс, 1991). Расында да, ойлап қарайықшы: абсолютті, шексіз еріктікке жеткен адам шексіз жалғыздықтың ащы зардабын тартар еді. Өйткені, ол барлық тәуелділіктен құтылды, өз “өзіндігімен” ғана қалып қойды.

Уақытында К.Ясперс айтқандай “адами ақуал – рухани” болатын болса, өз еріктігімен қатар, адам басқа адамдармен байланысқа түсуге, өз болмысында басқаларға жақсылықтар жасауға, әсемдікке, шындыққа, әділеттікке жетуге ынталы. Ал, мұның өзі оны қоғаммен шым-шытырық байланыстарға әкеліп, басқалардың да мүдделерімен санасуға ой салады. Қоғам шеңберінде өмір сүре отырып одан толық тәуелсіз болу – ойға сыйматын нәрсе. Тек дамымаған, я болмаса, зұлым тұлға ғана басқалармен есептеспейді.

Екіншіден, қажеттіктің өзі әр-түрлі мүмкіндіктер арқылы кездейсоқтықтың негізінде көрініс тапқаннан кейін еріктіктің өзі адамның қалайтын мүмкіндіктерді қажымас қайрат көрсетіп өмірге әкелуімен тең сияқты. Яғни, адам өз саналы іс-әрекетінің нәтижесінде, әр-түрлі мүмкіндіктердің ішінен өз қалауын таңдау арқылы өз еріктігін іске асыра алады. Ал, оның өзі шығармашылықты талап етпей ме?! Өйткені, ол таңдалған мүмкіндік дайын түрде адам алдына келмейді, оны ол тудыруы керек. Сондықтан, осы жаратылған Дүниені адам әрі қарай өз шығармашылық дарынының арқасында әрі қарай жетілдіріп жатқан жоқ па? Осы тұрғыдан алып қарағанда, орыс философиясының аса дарынды өкілі Н.А.Бердяевтің “еріктік дегеніміз адамның ішкі шығармашылық күш-қуаты. Адам өз еріктігінің арқасында мүлде жаңа өмірді тудыра алады… Еріктік – бұл Дүниенің шеңберінен шығумен тең”, - деген сөздерінің тереңдігіне таңғаласыз (қараңыз: Н.А.Бердяев. Царство духа и царство кесаря. М., Мысль, 1995, с.247-248). Олай болса, еріктік дегеніміз – шығармашылық. ХХ ғ. өмір сүрген көрнекті австрия ғалымы В.Франклдің “шығармашылық құндылықтары – адам өмірінің ең терең мән-мағнасын құрайды”,- деген ойы да жоғарыдағы оймен шектесіп жатқан жоқ па? (қараңыз: В.Франкл. Человек в поисках смысла., М.,Прогресс, 1990, стр.165). Уақытында К.Маркстің өзі коммунизмді әр адамның шығармашылық сатысына көтеріліп, гүлдеуімен теңестірген болатын.

Алайда, бұл арада біз тағы да бір күрделі мәселеге тап боламыз. Адам кірпіштен әсем сарай сала алады. Сонымен қатар, адамдарды құртуға бағытталған концлагерлерді, оларды жағуға арналған газ камераларын да тудырды. Атомның ядролық күшін өз күшіне айналдырып жүздеген атомдық электростанцияларды салды. Сонымен қатар, жер бетін мыңдаған рет қопарып тастай алатын ядролық бомбаларды жинады. Адамзат мыңдаған тұруға лайықты гүлденген қалаларды орнатты, бірақ, “Ұлы мәртебелі” арғы анамыз - Табиғатқа - барлық салмағын салып - аздыртты.

ХХ ғ. ғылыми-техникалық революцияның теңдеспес дамуына байланысты адамзат алдында бұрынғы-соңды болмаған үрейлер пайда болды. Бүінгі таңда адамзат құпияның-құпиясы – тіршіліктік геномының ішкі сырын ашып, неше-түрлі генетикалық инженерия технологияларын жасауда. Адамның өзін клональды, яғни, бейжыныстық түрде Дүниеге әкелу мүмкіншілігі пайда болды. Мәселенің өршіленгені соншалықты, Италияның Генуя қаласында 2001 ж. шілдесінде өткен дамыған елдердің саммитінде бұл мәселе ерекше сұрақ ретінде күн тәртібіне қойылды.

Бұл арада адамның ерікті шығармашылық қызметі мен оның жауапкершілігіне байланысты мәселе туады. Бұл мәселені алғаш көтергендердің бірі ретінде қазіргі экзистенциализм бағытындағы ойшылдарды жатқызуға болады. ХХ ғ. екі Дүниежүзілік соғыстың ащы салдарларын сараптаудан шыққан ойшылдар адам өмірінің трагизмін мойындайды. Бір жағынан, адам ерекше ерікті пәнде, ол не істесе де оған құқылы, екінші жағынан, ол саналы пәнде ретінде өз істеріне жауапты. Сондықтан, экзистенциалистік философияның көрнекті өкілі Ж-П.Сартр айтқандай, “еріктік дегеніміз – адамның арқаланатын жауапкершілік жүгі”. Яғни, сен еріктісің, бірақ, өз ісіңе толығынан басқалардың алдында жауап бер.

Адам, бір жағынан, өз үшін (эгоизм), я болмаса, басқалар үшін ғана (альтруизм) емес, өз мүддесін басқалармен бірге ұштастырып өмір сүруі керек.

Сонымен, еріктік пен жауапкершілік – күміс ақшаның екі жағындай, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Еріктік бар, жауапкершілік жоқ жерде әділетті дұрыс қоғам орнату мүмкін емес. Сондықтан, жаңа ғана қалыптасып жатқан демократиялық қоғамның берген еріктіктерін тек өз құлқынына жаратып, жауапкершілікті мойындағысы келмейтіндердің алдына тосқауыл қойылуы қажет. Бұқара ақпарат құралдарында еріктік пен қатар, ал біздің жағдайда, мүмкін, көбірек, - адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі егжей-тегжей талдануы қажет,- деп есептейміз. “Арнасы жоқ” еріктіктің уақыты өтті, халық алдындағы жауапкершіліктің уақыты келгендей сияқты.

Ұсынылатын негізгі оқулық әдебиеттер.

1.Кішібеков, Сыдықов Философия. Алматы 1994 ж.

2.С.К.Мырзалы Философия әлеміне саяхат. Қостанай. 2003 ж.

3.Ақназаров Философия тарихы бойынша дәрістер курсы. А.

4.Әбiшев К. Философия., Алматы, 2002.

5. Материалистическая диалектика. Т.т.1-5, М.1986-88 г.г.

Өзіндік дайындыққа арналған сұрақтар:

1.Болмыс ұғымына қарсы тұрған ұғымды атаңыз;

2.Интраверттік және экстраверттік мәдениет деп нелерді айтамыз?

3.Болмыстың негізгі екі түрін есіңізге түсіріңіз;

4.“Екінші табиғат” болмысына нелер жатады?

5.Субъективті рух болмысы дегеніміз не?

6.Объективті рухани болмыс қалайша өмір сүреді?

7.Рухтың заттануы мен қайта жандануы қалайша жүреді?

8.Жалқы дегеніміз не?

9.Ерекше деп нені айтамыз?

10.Номинализм мен реализм жалпылық мәселесін қалай шешеді?

11.Тәуелсіздіктің болмыстық сипаты қандай?

12.Сапа мен сан ұғымдарының айырмашылығы неде?

13.Мөлшер ұғымының адами қатынастардағы сипаты;

14.Секіріс деп нені айтамыз?

15.Қозғалыс дегеніміз не?

16.Негізгі қозғалыс формаларын еске алыңыз;

17.Жоғарғы қозғалыс формасын төменгі арқылы түсінуге бола ма?

18.Қозғалыстың тетігі неде?

19.Қарама-қарсылық деп нені айтамыз?

20.Кеңістік пен уақытты релятивистік тұрғыдан қараған ойшыл;

21.Биологиялық кеңістік пен уақыттың ерекшеліктері;

22.Әлеуметтік кеңістік пен уақыт тарихи өзгере ме?

23.Даму дегеніміз не?

24.Даму мен қозғалыстың айырмашылығын көрсетіңіз;

25.Синергетика дегеніміз не?

26.Бифуркация дегеніміз не?

27.Физикалық терісту мен диалектикалық терістеудің айырмашылықтары;

28.Гегельдің триадасының (үштік) мағнасы неде?

29.Прогресс деп қандай дамуды айтамыз?

30.Дүниенің толық кемеліне келгенше жетілуі мүмкін бе?

31.Жүйе дегеніміз не?

32.Жүйе өз элементтерінің қарапайым қосындысына тең бе?

33.Жүйе ретіндегі қоғамның құрылымы қандай?

34.Холизм дегеніміз не?

35.Аристотель форма мен мазмұнның қайсысын басымқы санады?

36.Формализм деп нені айтамыз?

37.Детерминизм дегеніміз не?

38.Телеономдық себепке нелерді жатқызамыз?

39.Абстрактылық мүмкіндік дегеніміз не?

40.Шынайы өмірдегі консервативтік мүмкіндіктерді көрсетіңіз;

41.Дүниеде “таза қажеттік” бар ма?

42.Синергетикадағы кездейсоқтықтың рөлін есіңізге түсіріңіз;

43.Волюнтаризм адам еріктігін қалай түсінеді?

44.Фатализм дегеніміз не?

45.Материя дегеніміз не?

46.Материяның негізгі екі түрін атаңыз;

47.Ғарыштағы “қара нүктелер” қалай пайда болды?

48.Сананың құрылымы қандай?

49.Рух дегеніміз не?

50.Рухтың өзегін не құрайды?

51.Сана мен мидың айырмашылығы неде?

52.Ойлау формалары бір болса да неге көптілдік бар?

53.Кибернетикалық құралдар адамды ауыстыра ала ма?

15 тақырып. Таным мәселелері (Гносеология)


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: