XIII тарау. Болмыс философиясы (Онтология ) 5 страница

Әрбір организм өзінің айнала қоршаған ортаға бейімделу барысында шындықты алдын ала бейнелеу дәрежесіне көтеріледі.

Оған себеп болған ғарыштағы уақыт ритмі: күн мен түн, жаз бенен қыс, айдың гравитациялық тартуы арқылы теңіз суының көтерілуі мен қайтуы, күннің әрбір 11 жыл сайын энергиясының өсуі т.с.с. миллиардтаған жылдар бойы тіршілік ритмін анықтап, оның генетикалық бағдарламасында жазылып, соған сәйкес өмір кезеңдерін тудырды.

Биологиялық уақыт та организмнің өмір сүруінің әр сатысында соған сәйкес өзгеріп отырады. Адамның жас кезінде организмдегі «сағат» айнала қоршаған уақыттан гөрі тезірек өтеді де, психологиялық тұрғыдан келгенде, адам өмірі баяу өтіп жатқан тәрізді болады. Кәрілік келіп, организм қартайған кезде оның «сағаты» қоршаған ортадағы уақыт ритмінен қалыңқырап, психологиялық тұргыдан алғанда, өмірдің зымырап тез өтіп бара жатқа-нындай әсер тигізеді. Сонымен биологиялық кеңістік пен уақыт та бірқалыпты емес, өмірдің ерекшелігіне сай өзгеріп отыратынын анықтадық.

Психологиялық кеңістік пен уақытқа келер болсақ, оның да өз ерекшеліктері бар екенін байқаймыз. Ол, негізінен алғанда, тек адамға тән нәрселер. Ол дүниені адами қабылдау мүмкіндіктерімен бірге оның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Егер сіз өте қызықты шығармашылық іспен айналысып жатсаңыз, онда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласыз. Жалғыздық адам уақытын қорғасын басқандай басып, баяулатады. Ағылшындар айтқандай, ісі жоқтық, адамның миын шайтанның шеберханасына айналдырып, ақырында адам ішімдікке, нашақорлыққа салынып, я болмаса қылмыстық жолға түсіп, өзін-өзі жоғалтып, бір-ақ рет берілетін өмірінің бытшытын шығарады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы кең етек алған жұмыссыздық қоғамдағы бүкіл әлеуметтік аномалияның (ауытқу-дың) негізгі себебі болып отыр.

Дүниеде тек қана психологиялық салада уақыттың қайта оралу әсері бар. Оны алғаш рет көркем түрде көрсетіп, таңғалдырған француз жазушысы Марсель Пруст болған-ды. Егер сіз жас кезіңізде болған жерге қайта оралып, алғашқы махаббат оянған жердегі қайыңның жанында тұрсаңыз, өзіңіздің көңіл күйіңізге байланысты сол балауса кезіңізге кайта оралғандай боласыз. Сол кездегі сезімдер мен дүниесезім сізге қайта оралғандай болады. Ол әсіресе адамның түсінде, кейбір бейсаналық, транспсихикалық ахуалдарда кездеседі. Әрине, психологиялық тұрғыдан уақыттың қайта оралғандай әсері өмір шеңберіндегі жан-дүниеде өте терең із қалдырған оқиғалармен байланысты екені түсінікті жайт.

Соңғы әлеуметтік кеңістік пен уақытка келер болсақ, ол да өне бойы өзгерісте. Біржолата және біркелкі берілген әлеуметтік кеңістік пен уақыт - жоқ. Мысалы, алғашқы қауымдағы әлеуметтік кеңістік адамның жаяу біркүндік жолының шеңберіне тең болды, яғни 20-30 шақырым. Жылқыны үйреткен кезден бастап, әлеуметтік кеңістік анағұрлым кеңейді. Машиналық техника пайда болған кезде, ол мыңдаған шықырымға өсті. Ал қазір сіз Лондонның «Хитроу» аэропортында 2,5 дыбыс жылдамдығымен ұшатын «Конкорд» ұшағына мінсеңіз, 4 сағаттан кейін Американың «Дж.Кеннеди» аэропортына қонасыз! Радио, телевидение, интернеттің дамуы - бүкіладамзаттық әлеуметтік кеңістікті құрады. Күнбе-күн Дүниеде не болып жатқанын үйде отырып-ақ біле бересіз.

Әлеуметтік уақыттың да өне бойы өзгерісте екенін байқауға болады. Мысалы, Орта ғасырларда өмір сүрген бабаларымыздың уақыты тым баяу өтті. Өйткен себебі, қоғам өміріндегі өзгерістер тым төмен қарқынмен жүрген болатын. Сонау 4-5-ші аталардың жасаған ісін шөберелері мен немерелері істеді: мал бақты, қымыз ішті, сайысқа түсті, қызды құшты т.с.с. Барлық қарым-қатынастар ата-бабалардан қалған әдет-ғұрыптардың негізінде жүре берді, өзгерістер өте аз болды.

Жаңа дәуір дүниеге келген кезде, жағдай мүлде өзгерді. Жүздеген қалалар бой көтеріп, мыңдаған жаңа кәсіптер пайда болды, ғылым мен техника орасан зор жетістіктерге жетті, солардың бәрін игеріп, өз бойында қамтуға адамның уақыты жете алмай қалды, сондықтан ол тез қарқынды өте бастады. Бүгінгі таңдағы реформалар өмір қарқынын өте тез өсіруде. Көп қиындықтардың себептерінің бірі осыған байланысты, көп адамдар әсіресе жасы келіп қалғандар, оны игеруде өте үлкен қиын-дықтардан өтуде.

Соңында ескеретін нәрсе - бұл тақырыптың өміршеңдік, этикалық мән-мағынасы, маңыздылығы. Өйткені адам өмірін Дүниедегі қайсыбір затпен салыстырсақ, оның өлшемін ешқашанда таба алмаймыз. Оны жалғыз ғана уақытпен салыстыруға болады. Адам өмірі - «Ұлы мәртебелі Табиғаттың», я болмаса Құдайдың бізге берген сыйы, өмір уақыты. Уақытында Ибн-Сина айтып кеткендей, біздің бұл Дүниеге келуіміз де, келмеуіміз де мүмкін еді. Алайда біз келдік. Біле білген кісіге, жалғыз соның өзі ғана - үлкен бақыт, ғажап оқиға. Олай болса, өмірдің әр сәтін бағалап, оны өте ұқыпты пайдалануымыз керек. Тек сонда ғана өмірде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Жас уақытын зая өткізген адам жасы келгенде қынжылады, өйткені қанша өмірдегі болған мүмкіндіктегі іске аспай қалды, ал өткенді қайта оралтуға болмайды: ол мәңгілікке кете барды. Олай болса, жас дос, осы бастан әрбір сәтті өз дарыныңды дамытуға пайдаланып, алдыңа үлкен максат-мұрат қой, ол сенің зор күш-куатыңды оятып, жетістіктерге итермелейді. Осы ізденіс, өмірді терең сезіну жолында саған көп табыс тілейміз.

§ 9. Қозғалыс тетігі

Сонымен жоғарыда кеңістік пен уақыттың шеңберінде қозғалыста өтіп жатқан болмысты әңгіме қылдық. Одан туындайтын келесі мәселе - қозғалыстың қайнар көзі, тетігі неде жатыр деген сұрақ. Оған осы тарауда жауап беруге тырысамыз.

Әңгіме Дұниенің ағым, қозғалыс екенін мойындауда емес, оны есі дұрыс адамдардың бәрі біледі. Философияға дейін-ақ адамдар бір нәрсенің Дүниеге келіп, екіншінің кетіп жатқанын, ақтың қараға, дымқылдың кұрғаққа т.с.с. қарама-карсылықтың бір-біріне өтетінін байқаған. Сонымен бірге оның терең себебі неде деген сұрақ мыңдаған жылдар бойы адамдарды толғантып, ізденіске итергені де - еш күмән туғызбайтын шындық.

Көне грек философиясында бұл сұраққа терең жауап іздеген Гераклит болды. Оның ойынша, Дүние - қайшылық, әр заттың қарама-қарсы жақтары бар, олардың бір-бірімен күресі - Логос (logos - грек сөзі, сөз, мән-мағына) заңдылығы.

Мұндай пікірге Аристотель қарсы шығып, бір нәрсенің өмір сүруімен қатар, сол сәтте өмір сүрмеуін мойындау - Қисынға қайшы келетін нәрсе олай болса ешқандай дүниетаным мүмкін болмас еді деген пікірге келеді.

Ортағасырлық философия қозғалыстың қайнар көзін сыртқы себептен - Құдайдың бізге танылмайтын күш-қуатынан шығарады.

Бұл мәселені шешуге өз үлесін косқан Қайта өрлеу заманының ұлы философы Н.Кузанский болған-ды. Ол қарама-қарсылықтың бір-біріне өтуін (соіnсіdеntіа орроsіtоrum - латын сөзі, қарама-қарсылықтың бір-біріне сай келуі деген мағына береді) математика жолымен дәлелдемек болды. Мысалы, екі жағы тен үшбұрыштың түйісін шексіз соза берсек, олар бір-біріне жақындай келе, түбі бір сызыққа айналады. Бұл арада неміс ойшылы Я.Беменің: «Қайшылық - материяның зардабы, ол оған дамыл бермей, оны козғалысқа итереді, ең ақыры, Құдайдың өзі - негізі жоқ тұңғиық», - деген ойларын келтірсек те болғаны.

Жаңа дәуірдегі философияда Аристотельдің ғылымның дамуында қайшылықты жібермеу керек деген ойы көп уақытқа дейін басым болды. Бұл кездегі ғылым Табиғатты зерттеп, ондағы заттар мен құбылыстарды бір-бірінен айырып анықтауға тең келетін, сондықтан Дүниенің қайшылықтығына аса назар аударылмады.

И.Кант өзінің таным теориясында алғаш рет зерденің қайшылығын ашады (антиномиялар). Оның ойынша, сезімдік таным, тәжірибе бізге «заттың өзіндік сырын» ешқашанда аша алмайды. Екінші жағынан, зерденің өзі де сезімдік тәжірибенің сыртына шыға алмайды, ал шыққысы келсе, сол сәтте антиномияларға тап болады. Оның жасаған 4 антиномияларының біреуін мысал ретінде келтірсек те болғаны. Бірінші тұжырым: Бұл Дүниенің алғашқы бастауы бар және ол кеңістікте шектелген; екінші тұжырым: Дүние уақыт пен кеңістікте шектелмеген, ол -шексіз. Осы екі тұжырымды талдай келе, И.Кант екеуіне де жеткілікті дәлелдемелер келтіреді. Сонымен зерде шешілмейтін қайшылықтарға келіп тіреледі. Ал оның негізгі себебін Кант «заттың өзіндік сырының» танылмайтындығынан көріп, шынына келгенде, Дүниеде де, танымда да қайшылықтар болмауға тиіс деген ойға келеді.

Гегель қайшылықты талдай келе, ол - қайсыбір өміршеңдік пен дамудың қайнар көзі деген пікірге келеді. Ақыл-ойдың жетілуі мен дамуы қайшылықтарды шешу арқылы жүреді. Қайшылық жоқ жерде - ой да жоқ.

Маркстік философия Гегельдің бұл ойын әрі қарай дамытып, Дүниенің қайшылықты түрде жаралғанын, оның адамның санасында тәуелсіз өмір сүретінін дәлелдейді. Біздің санамызда сол Дүниенің қайшылығы бейнеленеді.

Енді бүгінгі таңдағы түсініктерге келер болсак, әрбір зат, құбылыс белгілі бір бірлік, тұтастықты құрайды. Осының арқасында біз бір затты екіншіден айыра аламыз. Сонымен қатар оның ішкі бір-бірімен байланыс пен іс-әрекеттегі кұрамдас бөліктері бар. Әрине, тұтас зат әрқашанда өзінің кұрамдас бөліктерінің әрбіреуінен мазмұн жағынан асып түседі. Тіпті ол өзінің құрамдас бөліктерінің қарапайым жиынтығының өзінен де асып түседі, өйткені ол көптүрліктің бірлігі (К.Маркс), нақтыланған көптүрлік (Гегель).

Алайда заттың ішкі өзара байланыстағы құрамдас бөліктерінің әрбіреуі «өзінің тәуелсіздігін» сақтауға тырысады, өйткені арнаулы тарауда көрсеткеніміздей, «тәуелсіздік», «дербестік» -болмыстың терең сипаты. Осы арада заттың ішінде кайшылықтың бастауы ашылады. Ол жүре келе, тұтас заттың ішіндегі қарсы жақтарын тудырады. Сонымен біртұтастық қарама-қарсылыққа, соңғы бірлікке айналады. Оны философияда қарама-қарсылықтың тепе-теңдігі деген ұғыммен береді. Мысалы, жердің оңтүстік және солтүстік полюстері бар, олар бір-біріне қарсы сонымен қатар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Қайсыбір тіршіліктің ішінде ассимиляция және диссимиляция үрдістері жүріп жатыр.

Осы екі қарама-қарсылықтың негізінде тіршілік өмір сүреді. Егер оның бір жағы болмаса, онда организм өледі. Феодалдық қоғамда екі тап - шаруалар мен байлар - қарама-қарсылықтың екі жағы.Бірақ олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, олар бір-бірімен күресте, сонымен қатар бірлігін сақтайды. Егерде олардың мүдделері шегінен шығып, кедейлердің көтерілісіне әкелсе, ол қоғам жаңа қоғамға ауысып, я болмаса ескі қоғамның шеңберіндегі жаңа ахуалға әкелуі мүмкін.

Бұл арада айтып кететін жайт - диалектикалық тепе-теңдік математикадағымен ұқсас емес. Есепте 5=5-ке тең болса, диалектикалық тұрғыдан қарағанда 5 = 5 тең, сонымен бірге тең емес. Бір зат екінші затқа тең, сонымен қатар оның ұқсамайтын теңсіз жақтары да бар. Мысалы, екі жапырақ бір-біріне тең, сонымен қатар тең емес.

Егерде біз затты өз-өзімен салыстырсақ, онда да сондай нәтижеге келеміз. Өзінің тұрақты жақтарымен зат өз-өзіне тең, сонымен қатар әрбір сәтте оны ішкі құрамдас бөліктері бір-бірімен әрекетке түсіп өзгеріске әкеледі. Екіншіден, ол зат басқа заттармен қарым-қатынасқа түскеннен кейін, ол сыртқы ықпал арқылы да өзгеруі мүмкін.

Әрине, қайшылықтың өзін үрдіс ретінде қарау керек. Заттың жаңа ғана Дүниеге келген сатысында тепе-теңдік айырмашылықтан гөрі басымырақ болады, соның арқасында ол тез қарқынмен өсіп-өніп, айырмашылықтың күшеюіне әкеледі; екінші сатыда айырмашылық тепе-теңдікке қарағанда басымырақ болып, қайшылықты үшкірлей түсіп, затты болмысының шегіне әкеледі. Бір-бірімен ымыраға келмейтін қарама-қарсылыққа негізделген қайшылық заттың күрт өзгеріп, өзінің басқа болмысына өтуіне мәжбүр етеді. Жаңа пайда болған ахуалдың шеңберінде жаңа бірлік, тепе-теңдік пен қатар, айырмашылықтың ұрығы пайда болады.

Жоғарыда көрсетілген үрдістерді әдебиетте «қарама-қарсылықтың бірлігі мен өзара іс-әрекеті» деген заңмен береді.

Бұл заңның танымдағы методологиялық маңызы өте зор. Бүкіл бұрын-соңды ғылымдағы ашылған жаңалықтар, негізінен алғанда, зерттелген зат, я болмаса, құбылыстың ішкі қайшылығын ашуға негізделген. Микроәлемді зерттеу барысында ең алдымен элементарлық бөлшектер ашылып, соңынан олардың қарама-қарсы жағы - атомның өзегі зерттелді, ал оның өзі протон мен нейтронның бірлігі мен қарама-қарсылығы арқылы өмір сүреді. Электромагниттік өрістің өзі қайшылық екені қиын да ұзаққа созылған зерттеулер арқылы іске асты. Алғашьшда ол бөлшектерден (корпускулалар) тұратын «сәуле жаңбыры» (И.Ньютон) ретінде қаралса, келесі сатыда «толқын» ретінде (Х.Гюйгенс) түсіндірілді. Тек XX ғ. ғана ғалымдар оны «корпускулярлық-толқындық дуализм» ретінде қарап, оның терең мәнін ашты.

Қазіргі реформалардағы өзгерістерді де осы заң арқылы жете түсінуге болады. Кеңес Одағындағы мемлекеттік жоспарлау принципіне негізделген шаруашылық формасының іріп-шіруі оның монополиялық табиғатында болды емес пе? Жекешелендіру саясаты соны жоюға бағытталған. Мемлекеттік пен жекеменшіктің қарама-қарсылығы мен бірлігі, олардың бір-бірімен бәсекелігі -адамдардың ерікті ынта-жігерін арттырып, тиімді шаруашылықтың негізін қалауда. Сонымен қатар қоғам өмірінде лезде бай адамдардың пайда болуымен бірге көпшіліктің кедейленуі, тіпті қайыршылықтың шеңберінде өмір сүрген адамдардың пайда болуы әлеуметтік қайшылықты үшкірлеп, қоғамның саяси тұрақтылығына өзінің теріс әсерін тигізуде. Бұл арада жұмыссыздықпен күрес, жаңа кәсіпорындар ашу, адамдарды жаңа кәсіби мамандықтарға оқыту т.с.с. шаралар арқылы ғана бұл қайшыльщты бәсеңдетуге болады. Әлеуметтік мәселелер шешілген кезде басқа да келеңсіз кең етек алған жайттармен (маскүнемдік пен нашақорлық, қылмыстық пен жезөкшелік т.с.с.) тиімді күрес жүргізуге болады.

Әрқашанда есте сақтайтын мәселе - реформалардың бүкіладамзат рухани дағдарысының аясында жүруі. Бұрынғы «Шығыс пен Батыс» арасындағы ғаламдық қайшылық Кеңес Одағы құрысымен келмеске кетсе де, оның орнына «Солтүстік пен Оңтүстік» қайшылығы келді: Әлемнің бір бөлігін «алтын миллиард» аталатын постиндустриалдық елдерде өмір сүріп жатқандар құрса, «екінші миллиардты» жартылай аш-жалаңаш жүргендер ққрайды. Қалған 4 миллиард адам дамып келе жатқан ғаламның бөлігіне жатады. Соның ішінде біздер де бармыз. Дамыған елдер мен жаңа ғана Дамып келе жатқандардын арасындағы айырмашылықтар жылдар өткен сайын қысқарудың орнына алшақтап бара жатыр, бұл, әрине, халықаралық шиеленістердің көпшілігінің себебі болып отыр. Бүгінгі таңдағы көп айтылып жүрген халықаралык терроризм, экстремизм сияқты құбылыстарды осы қайшылықтардың астарында түсінуге болады.

Қазіргі орасанзор карқынмен жүріп жатқан ғылымитехникалық үрдіс те өз қайшылығымен көрінеді: бір жағынан, ол өндіргіш күштерді дамытып, қоғамның байлығын өсірсе, екінші жағынан, арғы анамыз - Табиғатты құлазытуда. Тойымсыздыққа жол берген Батыс өркениеті адамзатты бірте-бірте жер бетіндегі «қатерлі ісікке» айналдыруда. Біздің де осы кауіпті жолға түсіп, ата-бабаларымыз қалдырған руханиятты, биік экологиялық санамызды бұзып аламыз ба деген қорқынышымыз бар.

Аталған және де басқа қайшылықтарды жою тек қана адамзаттың руханияты мен адамгершілік қасиеттерін жетілдіру арқылы болмақ. Бүгінгі таңда айдай анық нәрсе - технократиялық жолмен бірде-бір ғаламдық мәселелерді шешудің мүмкін еместігі. Олай болса, реформа барысында мәдениет пен білімнің, жалпы руханияттың дамуына көбірек көңіл бөлінуі қажет.

§ 10. Қозғалыс пен даму

Жоғарыдағы көрсетілгендей, Дүние өне бойы қозғалыста, барлық заттар мен құбылыстар бір-бірімен шытырман байланыста, бір нәрсе пайда болып, екіншісі кетіп жатыр, зат бір сападан сандық өзгерістердің негізінде екінші сапаға секіріп өтуде, оның бәрінің кайнар көзі ішкі қайшылықтың шешілуі арқылы жүреді екен.

Енді осы арада екінші сұрақ заңды түрде пайда болады: шытырман қозғалыстағы Дүние ешқандай тәртіп жоқ хаос па, әлде ол ретке келтірілген өзгерістер ме? Әрине, оқырман өз тәжірибесінің негізінде-ақ Дүниеде белгілі бір заңдылықтардың барын мойындайды. Оны философияда даму категориясы арқылы көрсетеді.

Даму деп Дүниедегі заттар мен құбылыстардың өз ішкі қайшылығынан туындайтын белгілі бір заңдылықтардьщ негізінде ретке келген, күрделену үстіндегі, қайта оралмайтын, өзіне тән бағыттағы өзгерістерін айтамыз.

Енді жоғарыда көрсетілген анықтамаға түсініктер берейік. Кайсыбір даму үрдісіндегі зат, я болмаса, құбылыс өз ішкі қайшылықтарының шешілуі арқылы дамиды. Сыртқы ықпал дамуды тездетуге, я болмаса баяулатуға әсер етуі мүмкін. Мысалы: қайсыбір тіршілік формасы өз ішіндегі генетикалық (тұқым қуалаушылық) бағдарламаға сәйкес айнала қоршаған ортамен зат, энергия, информация алмасуына түсіп, өсіп-өнеді. Егерде сыртқы ықпал теріс болса (қуаңшылық, қатты аяз т.с.с.), онда даму үрдісі баяулап, я болмаса тіпті сол тіршілікті құртып жіберуі мүмкін. Сонғыны даму деп айтуға, әрине, болмайды.

Адамның білімі мен мәдениетінің дамуы өне бойы ішкі (білген мен білмегеннің арасындағы) қайшылықтарды шешу арқылы іске асады. Егер адамның білімге деген ішкі ынтасы болмаса, онда оны Оксфорд пен Гарвардта оқытсаңыз да, еш нәтиже ала алмайсыз. Сонымен қатар ішкі оты, орасан ынтасы бар адам өз талпынысы мен дайындалуының негізінде білімді азамат болып шығуы мүмкін.

Екіншіден, даму үрдісі белгілі бір заңдылықтардың негізінде іске асады. Заңдылық деп даму барысындағы қажетті, тұрақты, қайталанатын ішкі байланыстарды айтамыз, соның арқасында барлық үрдістер рет-ретімен өзара байланысты түрде шындықта өтіп жатады. Мысалы, И.Ньютонның ашқан Дүниежүзілік тартылас заңына сәйкес күн жүйесі өмір сүреді. Энергияның сақталу заңына сәйкес, ол өзінің бір түрінен екіншісіне ауысқанмен, жоғалмайды. Биологиядағы табиғи іріктелу заңына сәйкес жаңа дүниеге келген организмдегі өзгеріс оның қоршаған ортаға бейімделуіне сәйкес келсе сақталып қалады.

Үшіншіден, қайсыбір даму заттың әрі қарай күрделенуінен байланысты. Ол заттың ішкі құрылымының толығуымен қатар, ұйымдасу деңгейінің өсуіне әкеледі. Мысалы, қазіргі реформа барысында мыңдаған жаңа құрылымдар пайда болып, олардың бір-бірімен байланыс деңгейі күшеюде. Қоғамның инфрақұрылымында компьютерлік технологияларға негізделген оқу жүйесі, статистикалық жүйелер, адам қажеттіліктерін өтейтін салалар т.с.с. тез дамып келеді.

Төртіншіден, даму үрдісі өткен сатыларға ешқашанда қайтып оралмайтынын айту керек. Сәбилік кезеңнен өткен жасөспірім, сол шағына қайта орала алмайды. Жасына келген адам жастық шағын қанша армандаса да, оны қайтара алмайды. Бүгінгі экологиялық Дағдарыстың шешу жолдарын «антитехнократтық» бағыттағы кейбір ғалымдар «ғылыми-техникалық үрдісті тоқтату», «табиғатқа Қайта оралу» керектігінен көреді. Ал ол мүмкін емес.

Бесіншіден, даму үрдісі белгілі бір бағытта іске асады. Ол болмайынша, заттың даму үрдісіндегі өзгерістердің қорлануы іске аспай, ішкі өзара байланысқан бағытынан айырылып қалар еді. Дамудың бағыты уақыттың шеңберінде ғана жүреді, ал ол өзінің бірбағыттығы мен қайталанбайтынымен сипатталады.

Қозғалыс пен дамудың байланысы жөнінде ғылымда, негізінен алғанда, екі қарама-қарсы пікір бар. Бірінші, кеңінен таралған пікір: даму - әрқашанда қозғалыс, ал кейбір қозғалыс даму емес Расында да, біз қолымыздағы сағатты шешіп, столға қойсақ, ол қозғалыста болды. Бірақ ол жөнінде «сағат дамыды» деп айту қиынырақ болар.

Екінші пікір дамуды қозғалыска қарағанда іргетасты есептейді «Егер объективті шындықты біртұтас ретінде қарасақ онда оның ішіндегі барлық үрдістердің жиынтығын даму ретінде қарау керек» (қараңыз: Материалистическая диалектика., т. 1., м 1981,231-6.).

Соңғы пікір бүгінгі таңдағы ғылымда бірте-бірте өз өрісін өсіруде. Астрофизикада XX ғ. 20-шы жылдары «кеңею үрдісіндегі ғарыш» болжамы жасалып, 40-шы жылдардағы «алғашқы жарылыс» жөніндегі болжам 70-ші жылдарда «Ұлы жарылыс» (grand expolsion) теориясына ауысты.

Осыдан 13 млрд. жыл бұрын материяның «сингулярлық» ахуалының негізінде (көлемі атомның көлеміндей, кысымы 10-94-ші дәрежедегі грамм 1 кв.см.!!!) осындай, практикалық түрде көзге көрінбейтін нәрседен «Ұлы жарылыс» пайда болып, бүгінгі таңдағы орасанзор Ғарышты тудырды. Бұл ғылымда жасалған «коперникандық төнкеріспен» бірдей, өйткені мыңдаған жылдар бойы ұлы ойшылдар ғарыш мәңгілікті өмір сүріп жатыр деген пікірде болатын. Енді ғарыштың өзі «тарихи оқиға» болып шықты, өйткені оның уақыт шеңберіндегі бастамасы бар. Олай болса, ол өзгерісте, дамуда. Оның болашақта соңы да болады. Осы 13 млрд. жылдың шеңберіндегі ғарыштың өткен сатыларын зерттеп, ой-өрісімізде кайта құруға болады. Сонымен XIX ғ. Ч.Дарвиннің жасаған биология ғылымы саласындағы эволюциялық теориясы XX ғ. физика мен космологияда толықтырылды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: