XIII тарау. Болмыс философиясы (Онтология ) 8 страница

Біз, жалпы алғанда, екінші пікір дұрыс па деген ойдамыз. Сонымен қатар қоғам өмірінде саналы адамдар өмір сүргеннен кейін, олар жаңа формаларды тудырып, мазмұнды соған сай етіп өзгертеді. Ол әсіресе айқын өтпелі даму кезеңдерінде көрініп отыр. Экономика саласындағы жаңа меншік формаларын өмірге енгізу шаруашылық үрдістердің күрт дамуына жағдай жасады. Муниципалдық, зейнеткерлік реформалар жаңа формаларды енгізу арқылы жүруде, соның арқасында бұл салаларда да үлкен өзгерістер байқалады; қоғам өміріне жаңа формаларды енгізу, негізінен алғанда, жаңа заңдарды қабылдау арқылы іске асып жатыр.

Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді, оның бәрі де қоғам өміріндегі форманың белсенділігін, оның мазмұнға қарағанда алда жүретінін көрсетеді.

Сонымен қатар форманың мүмкіндіктерін асыра бағалау формализм деген теріс кұбылысты тудырады. Ол әсіресе басқару жүйесіндегі шен иелерінің кызметіне байланысты. Ондай адамдарды халық «қағаздық жан» (бумажная душа) деп атайды. Олар мәселені мазмұнына қарап шешудің орнына неше түрлі ұсақ-түйекке арқа сүйеп, тежейді.

Реформа барысындағы көп өзгерістер өмірге жаңа заңдар, формаларды енгізумен байланысты екенін жоғарыда көрсеттік. Бірақ, сонымен қатар барлық енгізілген жаңалықтар жақсылыққа әкелді деп айту да қиын. Мысалы, бұрынғы совхоздар мен колхоздарды жою, тіпті жақсы пайдалы жұмыс істеп тұрған кейбір шаруашылықтарды жасанды түрде банкроттау, әрине, ауыл шаруашылығын дамытуда жасалған үлкен қателіктердің бірі болды. Тиімді саясат арқылы сол ескі формаларға жаңа мазмұн беріп дамытуға, әрине, болар еді. Қазіргі уақытта кішігірім фермерлер өндірісті дамытуға күштері жетпей, қайта бірігу үрдісінде. Алып жерлерді игеріп жатқан каланың лендлордтары тек өз қамын ойлауда, бұрынғы ауылдың құрылымы әсіресе әлеуметтік сала жан аярлық халде. Олай болса, әңгіме тек жаңа формаларды енгізуде ғана емес, сонымен қатар жаңа жағдайда дамуға мүмкіндік жасай апатын ескі формаларды да ұқыпты пайдалануда болса керек.

§ 16. Детерминизм. Себеп пен салдар

Дүниедегі сан қилы заттар мен құбылыстар бір-бірімен байланыста болып, бір-біріне өз әсерін тигізіп, өзара өзгеруде. Алайда біз Дүниеде ретке келтірілген өзгерістерді, я болмаса тәртібі жоқ тұңғиықты байқаймыз ба? Бүгінгі таңдағы деректерге сүйенсек, Дүниеде, бір жағынан, өзіндік ұйымдасу, күрделену, тәртіпке келу үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан, құлазу, ыдырау, термодинамикалық теңдікке жету өзгерістері де бар.

Детерминизм (determino - латын сөзі, анықтаймын) Дүниедегі заттар мен құбылыстардың белгілі бір заңдылықтардың негізіндегі байланыстары мен өзара тигізетін ықпалдарының арқасында өзгеріске түсуін зерттейтін ілім болып саналады.

Дүниеде бірде-бір басқа заттармен байланысқа түспеген зат, я болмаса құбылыс жоқ. Ал байланыс дегеніміздің өзі өзара іс-әрекетке әкелетіні де сөзсіз. Олай болса, затты қоршаған басқа заттар мен құбылыстар оған өз әсерін тигізіп, оның өмір сүруінің объективтік факторларын кұрайды.

Қайсыбір даму үрдісі уақыттың шеңберінде өткеннен кейін, бір заттың орнына екінші зат келеді: әрбір өмірге келген нәрсенің өз себептері бар. Дүниеде себепсіз еш нәрсе жоқ, ең ақырғы кұннің сәулесіне шалынған көзге әзер көрінетін шаңның да өзінің себебі бар.

Әдебиетте бейсебептіліктің негізінде пайда болатын детерминация болуы мүмкін деген пікір бар (қараңыз: П.В.Алексеев, А.В.Панин. Философия., Проспект, 1998, 403-6.). Алайда мұндай пікірдің бізді мистикалық (құпиялық), иррационалдық (ақылға сыймайтын) бағытқа сілтейтін салдарын да ұмытпағанымыз жөн.

Заттардың өзара әрекеті белгілі бір заңдылықтардың негізіңде рет-ретімен іске асады, бұл да - детерминацияның ерекшеліктерінің бірі.

Детерминизмге қарсы тұрған бағыт - индетерминизм (іn -косымша, лат., теріс мағына береді), яғни болмыстың өз себептілігін мойындамайды. Екінші бағыт (Д.Юм, И.Кант) себептілік тек біздің Дүниені қабылдауымыздың қасиеті ғана, ал шын өмірде ол жоқ деген пікір айтады.

Үшінші бағыт (неокантиандық) табиғатта себептілік болуы мүмкін, бірақ адам ырқы оған көнбейді, өйткені ол - саналы пенде, оның еріктілігі мен жауапкершілігі бар. Жалпы алғанда, рухтың дамуын себептілік арқылы түсіну мүмкін емес деген ой айтады.

Детерминизм категориясын толыққанды зерттеу тек кана себептілікті талдаумен тең емес. Сонымен қатар «заң», «заңдылық», «мүмкіндік пен шындық», қажеттілік пен кездейсоқтық», «еріктік пен тәуелділік» т.с.с. ұғымдарды пайдаланып қана оны жете түсінуге болады. Енді соған кірісейік.

«Себеп пен салдар» - детерминизм категорияларының негізгілеріне жатады. Себеп деп зат, я болмаса құбылыстардың белгілі бір жағдайлардағы өзара әрекет негізіндегі қажетті түрде өзгеруі, я болмаса екінші зат, құбылысты тудыруын айтамыз. Салдар деп белгілі бір себептердің негізінде пайда болған зат, я болмаса кұбылысты айтамыз. Мысалы, студент пен оқытушының қарым-қатынасының негізінде тек қана студент емес, сонымен қатар оқытушы да өзгереді. Микроәлемдегі электрон мен позитронның өзара байланысы екеуінің де жоғалып, екі фотонға айналуына әкеледі.

Себеп салдарды зат, энергия, ақпараттық ықпал арқылы іске асырады. Екінші бір ескеретін нәрсе - себеп пен салдар уақыттың шеңберінде болғаннан кейін, олар бірбағыттылықтың негізінде жүреді, яғни салдар себептің алдына ешқашанда шығып кете алмайды, соңғы әрқашанда - алда. Сонымен қатар бір құбылыстың артынан екіншінің келуі себеп пен салдардың нәтижесінде болмауы да мүмкін. Мысалы, күн мен түннің алмасуы, судың көтерілуі мен кері кетуі, т.с.с. табиғи құбылыстар бір-бірін себептік байланыс арқылы тудырмайды, олардың бір-біріне өтуі - жердің айналысы, айдың тартуымен байланысты құбылыстар.

Қоғам өмірінде саналы адамдар іс-әрекет етіп, шымшытырық байланыстарға түскеннен кейін, шынайы себеп астыртын түрде іске асып, сылтау сияқты көрінуі мүмкін. Ол әсіресе халықаралық дипломатияда кеңінен кездесетін нәрсе. Мысалы, АҚШ «халықаралық терроризмге» қарсы күресеміз деп, талай рет Ирак мемлекетін бомбалады, ол, әрине, сылтау. Шынайы себеп сол аймақтағы мұнай байлығында, соған тартыста жатыр. Ал халықаралық терроризмге келер болсақ, онын терең себептері - кедей елдердегі халықтардың дамыған елдердің дене ләззатына бағытталған «материалдық-сезімдік» кұндылықтарына карсылығы, соған қосылған жұмыссыздық, қайыршылық т.с.с. факторлар.

Себеп пен салдар біртіндік және көптіндік даму жүйелерінде әртүрлі болуы мүмкін. Біртіндік жүйелер өте сирек, тек қана «жабық жүйелерде» кездеседі. Оны былайша көрсетуге болады:...А-Б-С-Д... яғни А себеп ретінде Б-ні, Б - С-ні т.с.с. тудырады. Сонымен әрбір құбылыс, бір жағынан, белгілі бір себептің салдары болса, екінші жағынан, келесі салдардың себебіне айналады.

Ал күрделі де ашық жүйелерге келсек, онда олардың көбі «кері байланыстың» негізінде өмір сүреді. Мысалы, қайсыбір машинаның моторы жұмыс істеген кезде, оның қызуына әкеледі, температура белгілі бір нүктеге жеткен кезде, вентилятор іске қосылып, оның қызуын төмендетеді де, тоқтайды, мотор тағы да қызғанда, айтылған механизм тағы да іске қосылады... Мұндай жүйелер кері байланыстың үлкен рөлін көрсетеді.

Философиялық әдебиетте әсіресе діни философияда «бірінші себеп» (causa prima), «соңғы себеп» (causa finalis) деген категориялар кездеседі. Дүние іш және сырт жағынан да шексіз болғаннан кейін, «бірінші», я «соңғы» себеп болуы мүмкін емес. Оны мойындау қажетті түрде осы Дүниені тудырған «Құдай идеясына» әкеледі.

«Соңғы себеппен» байланысты телеологиялық (teleos - грек сөзі, - мақсат-мұрат, logos - ілім) детерминация болып табылады. Оны қолдайтын ойшылдар ерекше телеономдық себептер барын мойындайды. Ол «не үшін туды?», «қандай мақсат үшін жаратылды?» деген сұрақтарға жауап береді. Яғни алдын ала берілген мақсат (соңғы себеп) сол заттың дамуына себеп болады деген сөз. Мысалы, XX ғ. өмір сүрген ұлы діни философ Теяр де Шарден Дүниенің жаратылуы мен дамуында мақсатқа лайықтылықтың негізінде дамып жатқан рухани күш бар дейді. Физикалык энергия ыдырау үстінде болса, рухани күш Дүниені күрделендіріп, жетілдіріп алдын ала берілген «Омега нүктесіне» (Құдайға) жақындатуда.

Әрине, әрбір тіршілік формасы өзінің іштей берілген «өмір бағдарламасының» негізінде дамиды. Ал тіршіліктің шындықты алдын ала бейнелеу қасиетінің қалайша табиғи түрде пайда жоғарғы тарауда сөз қылғанбыз. Ал коғам өміріне онда ғалымдар мен мамандар, саясаткерлер неше түрлі бағдарламалар жасап, соларды іске асыруға тырысады. Мақсат-мұрат дегеніміз - ой елегінен өткізіліп, болашаққа бағытталған идеалдық нәтиже. Бірақ ешқандай бағдарламалар толығынан орындалмайды, себебі, оны іске асыру барысында неше түрлі, ескерілмеген жағдайлар пайда болып, көбінесе оның іске асуына теріс әсерін тигізеді. Ал ол жағдайларды күні бұрын ешкім де біле алмайды. Дегенмен де алға қойған үлкен мақсат зор күш-қуатты оятып, адамды үлкен белестерге көтеріп тастайды. Елдің президентінің тікелей қатысуымен жасалған үлкен бағдарлама «Қазақстан-2030» жаңа тәуелсіздігін алған халыққа зор рух беріп, оны үлкен белестерге көтеруде. «Генерал болам!» деп армандаған жасөспірім сол жолда қажымай-талмай еңбек етсе, полковник дәрежесіне көтерілуі мүмкін, тіпті одан да асып, маршал атағына ие болуы ғажап емес. Сондықтан, жас дос, өз алдыңа үлкен мақсаттар қойып, соны іске асыруға тырыссаң, өміріңнің мән-мағынасы сонда ғана ашылады.

§17.Мүмкіндік пен шындық

Мүмкіндік пен шындық ұғымдары себептілікті толықтырып, даму барысын терең түсінуге мүмкіндік береді. Кең түрде алғанда, шындыққа бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние жатады. Тар мағынада шындық деп кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объектіні айтамыз.

Ал мүмкіндікке келер болсақ, ол - заттың бүгінгі болашағы, оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғы шарттары.

Бұл категорияларды алғашқы философияға енгізген Аристотель болатын (dinamis грек сөзі,мүмкіндік,energeia- шындық;латынша:actus-шындық,potentia-мүмкіндік)). Оның ойынша, қозғалыс пен даму дегеніміз - мүмкіндіктің шындьққа айналуы: ұрық - болашақ адамның мүмкіндігі, жерде жаткан мәрмәр тас - Венера мүсінінің мүмкіндігі, тастың шындығы, кірпіш - саздың шындығы, үйдің мүмкіндігі т.с.с. Аристотельдің ойынша, материя — таза мүмкіндік қана. Оны шындыққа айналдыратын эйдос, форма ғана. Кейбір кезде ол энтелехия ұғымын пайдаланады.

Ортағасырлық философияда Аристотельдің кіргізген осы ұғымдары оның негізгі категорияларына айналады.

Жаңа дәуірдегі көп ойшылдар шындықтағы себептілікті зерттеуге көп көңіл бөліп, мүмкіндікті теріске шығарып, я болмаса оны кездейсоқтықпен теңеді. Ал Кантқа келер болсақ, ол оларды тек қана ойға берілген априорлық модальдік категориялар ретінде түсінді.

Гегель мүмкіндік пен шындықты абсолюттік идеяны өз-өзін танудағы белгілі бір сатысындағы туындылары деп түсінді. Осы тұрғыдан алғанда, мүмкіндік - шындықтың абстрактылық сәті ғана, ал соңғы – мән-мағына мен өмір сүрудің, ішкі мен сыртқының бірлігі - нақтылы болмыс.

Маркстік философияда бұл категориялар Дүниенің қозғалуы мен дамуының негізгі сәттері ретінде қаралады. Олар бейорганикалық, тіршілік, қоғам, ойлауда өз көріністерін табады: қайсыбір мүмкіндік белгілі жағдайда шындыққа айналады да, сонымен қатар өзімен бірге болашақ өзгерістердің, мүмкіндіктердің ұрығын әкеледі т.с.с. Ол оның ішкі қайшылығынан шығады.

Мүмкіндік пен шындық жөніндегі бүгінгі түсініктерге келер болсақ, шындық дегеніміз - заттың актуальдық болмысы, ал мүмкіндік - ішкі қайшылықтан шығатын заттың дамуының бағыттары, алғышарттары.

Нақтылы шындық өз даму барысында біршама мүмкіндіктерді бойында сақтайды. Бірақ оның көлемі шексіз болмайды - ол белгілі бір заңдылықтармен шектелген. Мүмкін еместік - заттың объективтік заңдылықтарының шеңберінен шығатын мүмкіндік, ол ешқашанда өмірге келмейді. Мысалы, кәрінің жасөспірімге айналуы, я болмаса күннің үстінде тіршіліктің өмір сүруі т.с.с.

Сонымен қатар абстрактілік және шынайы мүмкіндіктерді айыру қажет. Абстрактілік мүмкіндік - заттың даму заңдылықтарына қайшы келмегенмен, нақгылы ахуалда дүниеге келуіне жағдайлардың жоқтығын көрсетеді. Шынайы мүмкіндіктің өмірге келуге нақтылы алғышарттары бар, ол шындыққа уақыты келгенде айналады.

Мүмкіндіктің шындыққа айналуы үшін, негізінен, екі алғышарт керек. Олардың біріншісі - белгілі бір заңдылықтардың болуы, екіншісі - нақтылы керек жағдайлардың жасалуы.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әрбір шындық өз ішінде біршама мүмкіндіктердің ұрығын сактайды. Сондықтан заттың дамуында белгілі бір бейнақтылық сақталады. Егер белгілі бір жағдай толығынан болмаса, онда ол мүмкіндік басқа мүмкіндіктермен бірге сол қалпында қала береді. Жағдай толығынан туған кезде ол мүмкіндік жеңіп, шындыққа айналады.

Өлі жэне тірі табиғатта мүмкіндіктер стихиялық түрде неше түрлі шытырман байланыстардың ішінде белгілі бір нақтылы жағдай пайда болған кезде шындыққа айналады. Онда әсіресе кездейсоқтыктың рөлі өте үлкен - оны келесі тарауда талдайтын боламыз. Бұл арада, тек мысал ретінде, қайсыбір тіршіліктің шашатын ұрығының саны мен солардың шындыққа айналатын санын келтірсе де болады. Миллиондаған балықтың уылдырығынан ондағаны ғана өсіп-өніп, балыққа айналады. Қалғандары лайықты жағдайға кез болмай құриды, яғни мүмкіндік шындыққа айналмай қалады.

Қоғам өмірінде жағдай басқаша қалыптасады, өйткені оларды адам саналы түрде өз қолымен жасайды. Адамдар қалалар салып, жасанды көлдерді тудырады, өсімдіктер мен жануарлардың даму мүмкіндіктерінің ішінен қолайлысын тауып алып, оның шындыққа айналуына жағдай тудырып, көмектеседі. Мысал ретінде бидайдың қуаңшылыққа қарсы тұра алатын сорттарын дүниеге әкелу, сүтті көп беретін сиырлардың тұқымын шығару т.с.с. айтуға болар еді.

Сонымен қатар айнала қоршаған ортаны жасанды өзгертуде адамзат көп келеңсіз нәтижелерге де жетті, өйткен себебі, бір ғылыми жаңалықты енгізіп, оның пайдасын табу жолында оның өзімен бірге әкелетін теріс жақтарын көбінесе болжай білмейді. Соңында оның пайдалы жағы теріс жағынан кем болып шығып, жаңа мәселелерді тудырады. Оның мысалы ретінде бүгінгі таңдағы экологиялык дағдарысты келтірсе де жеткілікті.

Мүмкіндік пен шындықтың қоғам өміріндегі көрінісіне келсек, онда адами фактордың орны ерекше. Ол адамдардың саналы іс-әрекеті, қажымас қайраты, саяси және құқтық пісіп-жетілгені, күш-қуаты, ұйымдасу деңгейімнен т.с.с. байланысты. Мысалы, бүкіл дүниежүзілік қауымның соғысқа қарсы іс-әрекетінің негізінде ядролық соғыстың болу мүмкіндігі толық жойылмағанмен, алыстады деп айтуға кұқымыз бар. Оны дүниежүзілік деңгейде жою үшін, жаңа халықаралық экономикалық тәртіп орнатып, алпауыт дамыған елдердің әлсіз елдерді, олардың табиғи байлықтарын қанауын токтату керек. Оның біздің елге де катысы бары сөзсіз. Мүндай мысалдарды көбейте беруге болар еді, оны оқырман өз рухани толғауымен толықтырады деген ойдамыз.

Қоғам дамуындағы мүмкіндіктерді сараптап, ең тиімді шешімдерді қабылдауда саясаттың орны ерекше. Сондықтан саясатты кейбір кезде «мүмкіндіктің өнері» дейді. Саясатта қоғамның барлық ресурстары есепке алынып, «мақсатқа лайықты» шешімдер қабылданады. Алайда жалаң технократизм қоғам өмірінде теріс салдарлар тудырып, әлеуметтік қайшылықтарды өшіртуі мүмкін. Сондықтан кайсыбір саясат адамзаттың мыңдаған жылдардағы қайғы-қасіреттен өтіп жеткен «жалпы адамзат кұндылықтарын» өзінің іргетасы ретінде есептеуі керек. Сонда ғана оған тағылған «саясат - лас іс» деген түжырым қоғамдық санадан алыстай бастайды.

Қоғам өміріне қатысты прогрессивті (алға жылжу) және консервативті (бұрынғы жағдайды сақтау, өзгермеуге тырысу) мүмкіндіктерді айтуға болады. Ал оларға «даму бағытына» арналған тарауда ерекше тоқталатын боламыз.

Енді мүмкіндіктің шындыққа айналуының тәсілдері қандай? деген сұрақтың кезегі келді. Оған келесі тарауда жауап берейік.

§18. Қажеттілік пен кездейсоқтық

Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтық өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені Дүниеде, бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан, кездейсоқтық бар.

Қажеттілік деп зат, я болмаса құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтарын айтамыз. Кездейсоқтыққа келер болсақ, ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.

Сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниедегі қажеттілікті мойындаған. Мысалы, Демокрит Дүниедегі қажеттілікті атомдардың қозғалысы, бір-бірімен соқтығысуы, байланысынан көреді. Оның ойынша, Дүниеде себепсіз еш нәрсе жоқ, олай болса, кездейсоқтық та жоқ. «Тек біз себебін білмеген затты кездейсоқтық деп есептейміз», - дейді ұлы ойшыл. Сондықтан әр нәрсенің себебін білуге ұмтылу қажет. «Мен өзім танылмаған бір нәрсенің себебін білуге бола, парсылардың тағынан да бас тартар едім», -деген Демокрит жөніндегі аңыз осы уақытқа шейін сақталған.

Мұндай көзқарасты Жаңа дәуірдегі ұлы ойшылдар да қолдаған болатын (Б.Спиноза, П.Гольбах т.б.). Қажеттілікті себептілікпен теңеген ойшылдар заңды түрде кездейсоқтықтан бас тартып, Дүниедегінің бәрі де қажетті деп түсінді. Олай болса, Дүниеде кездейсоқтық болмаса, тек алдын ала берілген қажеттілік, тәртіп болса, онда еш нәрсені өзгерте алмайсың, тағдырдың (фатализм) тәлкегінің бәріне көнуден басқа шара қалмайды деген ой келеді.

Мұндай пікірді қанағат етпеген ойшылдар, керісінше, Дүниеде еш кажеттілік жоқ, бәрі де кездейсоқтық, олай болса ешқандай заңдылық, тәртіп жоқ деген пікірге келген болатын. Мысалы, А.Шопенгауер: «Дүниенің негізі материяда, я болмаса санада емес, өзін бұлдыр сезінетін, мақсат-мүраты жоқ, тек өмірге деген талпынысы бар соқыр дүниежүзілік ерікте», - дейді. Ал мұндай жағдайда да адам еш нәрсе жасай алмайды, бейсаналық ерік оның ісін бір сәтте-ақ жоққа шығарады.

Идеалистік философия желісіне келер болсак, олар қажеттілікті дүниежүзілік рухтың, я болмаса Құдайдың кұдіретті күші ретінде түсінеді. Ал Кант өз философиясында қажеттілікті адамның Дүниеге енгізетін ойлау формасы ретінде қарады.

Философия тарихында қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара байланысын терең зерттеген Гегель болды. Қажеттілік заттың өзіндік ішкі себептерінен, оның мән-мағынасынан туындайтын болса, кездейсоқтық сыртқы кұбылысынан, басқа заттармен байланысынан пайда болады.

Алайда мұндай көзқарас та бүгінгі әдебиетте сынға алынады. Заттың сыртқы байланысынан шығатын кездейсоқтық, сол затты одан да кең жүйенің шеңберіндегі элементі етіп қарағанда, қажеттілікке айналады. Оны шексіз кеңіте берсек, Дүниеде тағы да кездейсоқтыққа орын қалмайды (қараңыз: Материалистическая диалектика., т. 1, М., Мысль, 1981, 205-6.)-

Сондықтан бұл тұжырымды жақтайтындар қажеттілікті мүмкіндік категориясымен байланыстырып қарайды. Онда кажеттілік белгілі бір жағдайдағы калыптасатын жалғыз мүмкіндіктің ертелі-кеш шындыққа айналуымен тең болып шығады.

Жоғарыда көрсетілген пікірдің әлсіз жағы: ешқашанда қайсыбір заңын алсақ та, ол жалғыз мүмкіндіктен тұрмайды. Сонымен қатар белгілі бір жағдайда бірнеше мүмкіндіктің шындыққа айналуының сәтті болуы да ғажап емес. Егер біз асықты лақтырсақ, төрт жағының біреуіне тұрады (бір жолы «бүк» болса, екінші жолы «шік», я болмаса тағы да «бүк», я «тәйке» болуы мүмкін. Мүны кездейсоқтыққа жатқызуға болады. Бірақ олардың бәріне бірдей жалпылық — бір жағына калайда тұру - қажеттілік болып шығады.

Қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара байланысының терен мәні - Дүниедегі таза қажеттіліктің жоқтығы. Сондықтан қажеттілік әркашанда кездейсоқтық аркылы көрінеді. Кездейсоқтықтың өзі болмыста терең тамырланған, ол заттың дербестікке, тәуелсіздікке деген «ұмтылысынан» шығады.

Кейбір студенттер, таза қажеттіліктің мысалы ретінде мегаүрдістерді соның ішінде күн жүйесін келтіреді. Мысалы, жер мен айдын айналу координаттарын есептеп, 1000 жылдан кейін жердің неше градус ендігі мен бойлығының түйісінде кай күні, сағаты, минутында күн тұтылу басталатынын айқындауға болады. Ал мұның өзі таза табиғаттың қажеттілігін көрсетеді.

Әрине, мұндай мысалды теріске шығару онша қиын шаруа емес. Ғарыштағы неше түрлі кездейсоқтықтарға байланысты күнбе-күн жерді мыңдаған метеориттер бомбалайды. Көбі жердің бетіне жетпей жанып кеткенмен, біршамасы жерге жетеді. Мүмкін, алдағы мың жылдың шеңберінде жердің бетіне «Тунгус метеориті» сияқты үлкен болит те (келемі бірнеше шақырымды алатын ғарыштағы үлкен тастар) кұлауы мүмкін. Сондықтан мың жылдың шеңберінде жер ауырлап, оның орбитасына аз да болса өзгерістер енетіні - хақ. Ал астрофизиктердің айтуына карағанда, айдын өзі жыл сайын бірнеше метрге жерден алыстайды екен. Олай болса, осы фактордың өзі ғана болашақ «таза» қажеттілікті теріске шығарады. Жоғарыдағы айтылған координаттың өзі де өзгеріп, сағаты мен уақыты да басқаша болады. Бірақ сол өзгерістерге қарамастан, күн тұтылады, өйткені ол - табиғаттың қажеттілігі. Яғни күн жүйесінің өзінде де таза қажеттілік жоқ, оған да кездейсоқтық факторлар өзгеріс енгізіп отырады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: