double arrow

Тарау 13

МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫ ЖИНАУ ЖӘНЕ ДАЙЫНДАУ КЕЗІНДЕГІ ТЕХНИКА ҚАУІПСІЗДІГІ

13.1. Ұңғы өнімдерін жинау, дайындау және тасымалдау кезінде

қойылатын талаптар

Ұңғы өнімдерін жинау, дайындау және тасымалдау кезінде қолданылатын жабдықтар мен құбырлар – бақылау аспаптарымен, қолмен және автоматты түрде басқарылатын реттеуші және сақтандырушы құрылғылармен қамтамасыз етілуі керек.

Аппараттарда және құбырларда орнатылған сақтандырушы, реттеуші және тығындаушы (ысырмалар, крандар) арматуралар нормаға сәйкесті, техникалық сипаттамалар мен бекітілген график бойынша жүйелі түрде тексеруден өтеді. Тексеру нәтижесін вахталық журналға түсіріп отырады. Жинау және дайындау қондырғыларында қысымы 0,7 атм. болатын және одан да жоғары артық қысымда жұмыс жасайтын айырғыштар мен басқа да аппараттар (қондырғылар) пайдалануға енгізіліп және оларды қысымда жұмыс жасайтын құрылғылар мен ыдыстарды қауіпсіз пайдалану Ережелеріне сәйкес пайдалану керек. Қысымда жұмыс істейтін аппараттар манометрлермен, деңгей көрсеткіштерімен және сұйықты жабық сыйымдылыққа ағызуға арналған құрылғылармен қамтамасыз етіледі.

Технологиялық процестерді бақылау және басқару жүйесінің датчиктері арнайы материалдардан жасалып және дірілдеу жағдайына, сондай-ақ газ гидраттарының түзілуіне, парафиннің, тұз шөгінділерінің және басқа да заттардың жиналу жағдайында қолдануға есептеледі.

Технологиялық құбырлар мен арматуралар танымды (белгілі) бояулармен боялады және арнайы ескерту белгілері мен жазулары жазылады. Құбырларға тасымалданатын ортаның қозғалыс бағытын көрсететін бағыттық көрсеткіштер (стрелкалар) қойылады.

Мұнай және құм ұстағыштары арнайы жанбайтын материалдардан жасалады. Ашық мұнай ұстағыштардың айналасында биіктігі 1м болатын металдық қоршаулар тұрғызылады. Құм ұстағыштардың конструкциясында, онда жиналған шөгінділерді тазалау үшін гидроэлеваторды қолдану мүмкіндігі қарастырылуы керек. Тұндырғыштар мен резервуарлардың айналасында адамдар қатынайтын темірден жасалған арнайы көпір қойылады.

13.2. Резервуарларды пайдалану кезінде қойылатын талаптар

Резервуарларды пайдалану – мұнай кәсіпшілігінде резервуарларды пайдаланудың техникалық Ережесіне және оларды жөндеу Инструкциясына сәйкес жүргізіледі.

Резервуарларда, найзағай кезінде пайда болатын электр зарядтарын ұстап, оларды жерлендіретін арнайы құрылғы болады және әртүрлі коррозия түрлерінен қорғалады. Резервуарлардың гидравликалық клапандарына суықта қатпайтын сұйықты құю керек.

Өрт қауіпсіздігі нормасына сәйкес топ болып немесе жеке тұрған резервуарлардың айналасын топырақпен көтеру қажет. Резервуарлар тобы орналасқан алаңқайға кіру үшін топырақпен көтеріле қоршалған валдың жан-жағынан кем дегенде төрт өту сатысы қойылады. Жеке тұрған немесе резервуарлар паркінің аймағы түңгі уақыттарда арнайы шамдармен жарықтанып тұрады. Мұнай резервуарларын жөндеу және қызмет көрсету кезінде кернеуі 12В аспайтын көшірілмелі жарық шамдарды ғана қолданады. Өлшеу люгін ашу кезінде, деңгейді өлшеу барысында және сынама алу кезінде жұмысшы өлшеу люгіне қатысты жел бағытына қарсы тұрмауы тиіс. Резервуардың үстінде орналасқан тыныс алу және сақтандырушы клапандарға, люктерге және басқа да арматураларға қызмет көрсету үшін ені 60см-ден кем емес өзара бір-бірімен металды өтпелермен байланысқан металды алаңқайлар жасалуы керек. Алаңқайлар мен өтпелерде биіктігі 1,25м кем емес сүйеме-жақтаулар болады.

Дәнекерленіп-пісірілген (сваркіленген) жерлерде немесе резервуардың негізгі металдық тұрқысында жарықтар пайда болған кезде оны дереу сұйықтан (мұнай немесе мұнай өнімдерінен) босатып, жөндеуге қояды. Резервуарға қарай өздігінен ағатын мұнай құбырларында (немесе конденсат тасымалдау құбырларында) 100м-ден жақын емес қашықтықта ысырма орнатылады және осындай ысырманың бірін топ болып немесе жеке тұрған резервуарлардың айналасына көтерілген топырақтан (валдан) 500м-дей қашықтыққа да қояды. Резервуарлар паркінің территориясында жүргізілетін жөндеу, монтаждау және әр түрлі құрылыс жұмыстары кезінде от, от ұшқындарын шығаратын - пісіру, кесу, жапсыру жұмыстары (яғни өрт шығу қаупі бар жұмыстар) өрт қауіпсіздігін сақтау орындарынан алдын-ала келісім алғаннан соң, мекеменің техникалық жетекшісінен жазбаша түрде рұхсат ала отырып жұмысшы өз жауапкершілігімен тиянақты орындауы қажет.

Аппараттардың, сыйымдылықтардың (ыдыстардың) ішінде жұмыс жүргізу уақыты кезінде бақылаушылар осы аппараттардың қасында болып, жұмыскерлердің жұмысын үнемі бақылап отырады және ауа үрленетін шлангінің жағдайын, дұрыстығын тексеріп, шлангілердің иілмеуін қадағалайды. Аппараттардың, сыйымдылықтардың ішінде шлангілі газдан қорғану шлемінсіз (противогазсыз) жұмыс істеу тек қана егер жұмыс жүргізілетін сыйымдылықтың ішіндегі оттегінің көлемдік үлесі 16%-дан асса және зиянды газдардың шамасы санитарлық нормада қарастырылған шекті мүмкін концентрациядан төмен болғанда ғана рұхсат етіледі. Аппараттың, сыйымдылықтың ішінде жұмыс істеп жатқан жұмыскерде шлангілі противогаз болуы керек.

Противогаз шлангісінің бір жағы таза ауа аймағына шығарылып, бекітіледі. Жұмыс істеу барысында шлангінің иілуі, бұралуы және қысылып қалуы салдарынан ауаның келмей қалу қаупін болдырмау үшін оны дұрыс орналастыру қажет.

Сыйымдылықта жұмыс жасау барысында жұмысшы сақтандыру белдігін тағып алуы керек, ал белдіктің бір бос жағы бақылаушының қолында болады.

Сыйымдылықтың ішіндегі жұмыстарды үш адамнан тұратын бригада атқарады – оның біреуі жұмысты жүргізуші, ал екеуі бақылаушы болып табылады. Жұмыстарды бақылаушыларсыз жеке дара жүргізуге тиым салынады. Бақылаушылар сыйымдылықтың ішінде жұмыс істеп жатқан жұмыскердей қажетті заттармен жарақтанып және оған жедел көмек көрсетуге дайын болулары керек. Қандай да болмасын ақаулар болған кезде (шлангі тесілсе, ауа үрлегіш істен шықса, құтқару белдігі үзілсе), сондай-ақ егер жұмыскер шлем-маскасын (противогазын) шешкен болса, онда сыйымдылық ішіндегі жұмыс дереу тоқтатылып, жұмыскер сыйымдылықтан шығарылады.

13.3. Сорапты станцияларды пайдалану кезінде қойылатын талаптар

Сорапты станцияның ғимараты электрохимиялық қорғау шараларын және өрт қауіпсіздігін ескере отырып құрылыс нормаларына және ережелеріне сәйкес тұрғызылады. Сорапты станцияның ғимаратында кем дегенде екі есік болады. Есіктер мен терезелер сыртқа қарай ашылуы керек. Сорапты станция жарылыстан қорғалатын арнайы жүккөтергіш механизмдермен жабдықталады. Поршенді сораптың айдау желісіне - манометр мен сақтандырушы клапан, ал ортадан тепкіш сораптың айдау желісіне - манометр мен кері клапан орнатылады. Сораптар орналасқан ғимараттан тысқары жерде сору және айдау құбырларында тығынды құрылғылар (ысырмалар, крандар) орнатылады.

Электр энергиясын беру үзіліп қалған кезде электроқозғалтқыштарды тораптан жедел ажырату керек. Сорапты жұмысқа қосу немесе тоқтату барысында сәйкесті ысырмалардың дұрыс ашылып-жабылуын тексеріп отырады. Ысырма жабық кезінде поршенді сораптарды жұмысқа қосуға болмайды. Жөнделетін сорапты қозғалтқыштан ажыратып және ысырмалардың көмегімен құбырлардан бөліп тастайды. Ал резервтегі сораптар жұмысқа қосылу үшін әрдайым дайындықта болады. Сораптардың сальникті нығыздағыштарынан және құбырлардың жалғасқан жерлерінен кеткен сұйықтың ағуын жедел тоқтату керек.

Осы талаптар блокты-кешенді сорап станциясына да қойылады.

13.4. Мұнай-газ жинау тораптары, коллекторлары және конденсат құбырлары

Мұнай, газ және конденсатты - сығымды сорап станциясына, кешенді дайындау қондырғыларына, компрессорлы станцияларға дейін тасымалдауға арналған ұңғы шлейфтері мен мұнай-газ жинау коллекторлары - қазіргі қолданыстағы норма талаптарына сәйкес және кен орнын дамыту болашағын ескере отырып жобаланады және тұрғызылады.

Мұнай-газ өндіруші мекемелердің технологиялық құбырларын елді –мекендер арқылы төсеуге тыйым салынады.

Мұнай-газ-конденсат құбырлары бір-бірімен дәнекерленіп-пісіріліп жалғанады, ал фланецті және бұрамалы (резбалы) қосылыстар - тығынды арматурамен, компенсаторлармен, қысым реттегіштермен және т.б. аппараттармен, сондай-ақ бақылау-өлшеу аспаптарымен қосылысқан жерлерінде ғана болады. Егер мұнай-газ-конденсат құбырлары автокөлік және темір жолдарын қиып өтетін болса, онда арнайы қалыпқа салып төсейді. Құдықтарда орналасқан мұнай-газ-конденсат құбырларының тығынды арматурасы (ысырмалар, крандар) қашықтан басқарылады немесе құдыққа адамды түсірмей-ақ ысырмаларды ашып-жабу үшін ұзартылған штоктары болады.

Жер үсті және жер асты арқылы жүргізілетін құбырлар өздігінен компенсацияланатын қима бойынша төселеді немесе арнайы компенсаторлармен жабдықталады, олардың саны есеппен анықталады. Мұнай-газ құбырларын (шлейфтер мен коллекторларды) үрлеуді және сынауды қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырады.

Құбырлардың қуысын тазалау және сынау әдістері - жобалау ұжымының жұмыс жоспарымен анықталады. Құбырларды газбен немесе ауамен үрлеудің және сынаудың алдында, келесі 13.1 кестесінде көрсетілген қауіпті аймақтар анықталып және арнайы белгілермен белгіленуі керек.

13.1- кесте. Қауіпті аймақ аралығы.

  Құбырлардың шартты диаметрі, мм Қауіпті аймақтың радиусы, м
құбырлардың қуысын тазалау кезінде оның екі жағынан да бірдей аралықтағы Құбыр қуыстарын тазалау кезінде ерштің немесе поршеннің шығар бағытындағы құбырда сынақ жүргізу кезінде оның екі жағынан да бірдей аралықтағы
300 дейін      
300-500      
500-800      
800-1400      

Гидравликалық сынақтарды жүргізу және сынақтан кейін құбырлардан суды шығару кезіндегі қауіпті аймақтар анықталып жергілікті жерде ескерту белгілерімен белгіленуі керек.

Құрамында күкіртті сутегі (Н2S) бар газдармен құбырларды үрлеуге және сынауға болмайды.

Құбырларды пневматикалық сынақтан өткізу кезінде ауа немесе инертті газдар қолданылады. Егер, бұрын құбырлардан жарылысқа бейім орта болып табылатын көмірсутектері тасымалданған болса, онда пневматикалық сынақты тек қана инертті газдармен жүргізеді.

Құбырларды үрлеу немесе онда сынақ жүргізу барысында құбырлардың жағдайын бақылап, тексеріп отыру үшін арнайы бақылаушы бөлінеді. Бақылаушы, өзіне бекітіліп берілген құбырлар участкесін үнемі қадағалап отырады және жер үсті немесе жер асты құбырларын сынақтан өткізу барысында, қауіпті аймақта және қозғалыс үшін уақытша жабылған жолдарда - адамдардың, жан-жануарлардың және қозғалыс көліктерінің жүруіне жол бермейді. Осы Ереженің 13.1 кестесінде көрсетілген қауіпті аймақ өлшемін 1,5 есеге ұлғайту керек.

Газ-құбырларын пайдалануға берер алдында, ондағы ауаны әуелі газбен 1Атм. жоғары емес қысымда ығыстырып шығарады. Егер газ-құбырынан шыққан газдың құрамындағы оттегінің мөлшері газдыанализатордың көрсеткіші бойынша 2%-ден аспаса, онда газдың құбырлардағы ауаны толық ығыстырып шығарғаны деп есептейміз.

Мұнай-газ құбырларын қорғау аймағының территориясында канализациялы құдықтарды орнатуға немесе басқа да жоба бойынша қарастырылмаған қазу жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады, алайда кәсіпорын басшысы бекіткен өндіріс жұмысының жоспары бойынша жөндеу немесе реконструкциялау жұмыстарын атқаруға рұқсат етіледі.

Мұнай-газ құбырларын профилактикалық тексеру кезінде қорғау аймағының территориясында бақылаушыларға құдықтарға немесе басқа да шұңқырларға түсуге тыйым салынады.

Мұнай-газ жинау құбырларының ревизиясы коррозиялы-эрозиялы процестердің жылдамдығына, ұқсас құбырларды пайдалану тәжірибесін ескеруге, сырттай тексеру нәтижелеріне, алдыңғы ревизияға және ревизия арасында құбырларды қауіпсіз және апатсыз пайдалануды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты кәсіпорын әкімшілігімен және техникалық бақылау қызметімен бекітіледі. Пайдалануға жаңадан енгізілген құбырлардың алғашқы ревизиясын пайдалану басталғаннан бері бір жыл өткеннен соң ғана жүргізеді.

Мұнай газ жинау құбрларының ревизиясы кәсіпорында үкім шығаратын арнайы коммисия техникалық бақылау қызметімен бірлесіп бас инженер бекіткен график бойынша жүзеге асырылады. Құбырлардың беріктігін және саңылаусыздығын мерзімді сынау жұмыстарын құбырларды ревизвялау кезінде жүргізу керек.

Сынаудың түрін (беріктік, саңылаусыздық) және әдісін (гидравликалық, пневматикалық және т.б.), сынау қысымының шамасын, сынау нәтижелерінің ұзақтығын және баға әдісін жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес қабылдау керек.

Құбырларды сынаудың қайталануы тасымалданатын өнімдердің ерекшеліктеріне және олардың тасымалдану шарттарын ескере отырып тағайындалады.

Құбырларды ревизиялаудың негізгі нәтижелерітехникалық паспортта көрсетілуі керек.

Темір жол байланысының астындағы жер асты құбырларының салыну тереңдігі шпал табанынан құбырдың сақтау футлярына дейін 2 метрден аз болмауы керек, ал авто және өту жолдарының астымен жер бетінен 1,5 метрден аз болмауы керек. Жер асты құбырларын пайдалану жобада қарастырылған параметрлер бойынша жүзеге асырылады. Барлық өзгерістерді бекітілген ретпен сәйкестеу керек.

Құбырларды салу бойынша барлық операциялар жұмыс басшысының рұқсатымен, ал ерекше қауіпті жұмыстар – оның жазбаша рұқсатымен орындалуы керек.

Бақылау сұрақтары

1. Ұңғы өнімдерін жинау, дайындау және тасымалдау кезінде қандай

талаптар қойылады?

2. Мұнай кәсіпшілігінде резервуарларды пайдалану кезінде қойылатын

талаптар қандай?

3. Сорапты станцияларды пайдалану кезінде қойылатын талаптар.

4. Мұнай-газ жинау тораптарына, коллекторларына және конденсат

құбырларына қойылатын талаптар.

ТАРАУ

Қоршаған ортаны қорғау


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: