double arrow

Негізгі талаптар

Мұнайгаз өндіруші өнеркәсіптер қоршаған ортаны ластайтын негізгі салалардың қатарына жатады. Мұнай және газ кен орындарын игеру мен пайдалану барысында, оның қоршаған табиғи орта мен жер қойнауына техногендік әсері өте зор.

Қоршаған ортаны және жер қойнауын қоғау Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі заңына сәйкес жүзеге асырылуы және халықаралық нормалар мен ережелерге сай болуы керек.

Мұнай және газ кен орындарын игеру мен пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғаудың негізгі талаптары Қазақстан Республикасы Заңының негізінде құрылып, 1996 жылдың 18 маусымында бекітілген “Қазақстан Республикасының мұнай және газ кен орындарын игерудің бірегей ережесінде”: “Мұнай туралы” “Қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы” “Лицензиялау туралы” “Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы” және басқада нормативтік актілерінде баяндалған.

14.2. Ластағыштардың сипаттамалары

Экожүйеге мұнайдың биохимиялық әсер етуіне көптеген көмірсутектік және көмірсутексіз компоненттер, соның ішінде минералды тұздар мен микроэлементтер қатысады. Кейбір компонеттердің улы әсері келесі бір компоненттің қатысуымен бейтараптануы (нейтрализациялануы) мүмкін. Сондықтан, мұнайдың улылығы, оның құрамына кіретін жеке бір қосылыстардың улылығымен анықталмайды. Бірақ айта кетер жай, кейбір қосылыстар суммация эффектісі деп аталатын қасиетке ие. Суммация эффектісі - бұл оның құрамына кіретін жекелеген компоненттермен салыстырғанда едәуір қауіпті және өте улы болып келетін аралық қосылыстардың түзілу процессі. Мұнай газ кен орындарын игеру кезінде ең көп қауіпті жағдай, бұл гидросфераның (жер асты суларының және ашық су қоймаларының), атмосфераның (ауаның) және литосфераның (топырақтың) ластануы болып табылады. Химиялық құрамы бойынша әртүрлі болып келетін қатты қалдықтар, сондай-ақ ақаба сулар (ағынды лас сулар) жер топырағын және жер бетіндегі суларды ластай отырып, олардың санитарлы-гигиеналық жағдайын нашарлатады және биологиялық құнарлығын азайтады.

Технологиялық жабдықтардан (резервуарлар мен аппараттардан) зиянды заттардың бөлініп шығу себептеріне мыналарды жатқызуға болады: фланецті қосылыстарда саңылаудың болуы; коррозия салдарынан апаттың болуы; құбырлардың жарылып кетуі; жөндеу және профилактикалық жұмыстарды жүргізу барысында мұнайдың ағып кету жағдайының болуы.

Мұнайгаз өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарында атмосфераға бөлініп шығатын негізгі ластаушы компоненттер: күкіртсутек, күкіртті ангидрид, көміртегі тотығы, көмірсутектер, азот тотығы және басқада қауіптілігі ІІІ-ІV класстарға жататын улы заттар болып табылады.

Батыс Қазақстан мұнайының химиялық құрамының ерекшелігін айта кетуіміз қажет. Өйткені оның құрамында меркаптандар, күкіртсутегі мен күкіртті газдар өте жоғары болып келеді. Санитарлық көзқарастан алғанда жоғарыда аталған компоненттер ішіндегі ең зияндысы және агрессивті ластаушы болып табылатыны күкіртті қосылыстар, ал көмірсутектік компоненттер ішінен - пентан.

Күкіртсутек - бұл жүйкені - жансыздандырушы (нервно-паралитический) күшті у, аяғы өліммен аяқталатын ауыр улануды туғызады, сонымен қатар күкіртсутек жоғары коррозиялық әрекеттілікке ие.

Күкірттің қос тотығы адам ағзасына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зиянды әсер етеді, ол азот тотығының және көмірсутектердің бөлшектерімен өзара әсерлеседі. жоғары күкіртті отынды жаққанда немесе құрамында күкіртсутек бар газдарды факелге жағу кезінде SО2 -ның көп мөлшері атмосфераға шығарылады.

Органикалық отынды жағу кезінде атмосфераға күкірттің қостотығынан басқа азоттың қос тотығы да шығарылады. Күкірт пен азоттың қос тотықтары “қышқылдық жаңбыр” деп аталатын жауын түсуіне себепші болады, олар топыраққа түсе отырып, оның қышқылдылығының жоғарылауына әкеп соқтырады, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігіне әсерін тигізеді. Қышқылдық жаңбырлар металды жабдықтар мен құбырлардың тоттануын туғызуы мүмкін. Мұнайлы кешендердің сыртқа шығарар зиянды қалдықтарының құрамына кіретін қышқылды газдар өсімдіктерге әсер етіп, нәтижесінде олар қатты зақымдалады. Газдардың топырақ пен өсімдіктерге кері әсері шектеулі. Бірақ, өсімдіктер үшін ең қауіпті күкірттің қос тотығы мен азот тотығы болып табылады, өйткені олар хлорофильді бұзады. Осының әсерінен 20% құрайтын жасыл массаның өсуі шектеледі.

Газдарды факелде жағу кезінде атмосфералық ауаның ластануымен қатар, 200-300м радиустегі өсімдіктер толық жойылады, ал факелге дейінгі 2-3км қашықтықтағы ағаштар қурап, жапырағын тастайды.

Ластаушылардың негізгі көздеріне жататындар: сағалық арматура сальнигінің, сораптардың, фланецтік қосылыстардың, ысырма тиектердің тығыз болмауы; газды факельдерде жағу барысында және мұнайдың булануы кезінде бөлінетін зиянды заттар; химиялық реагенттер; қабат сулары және т.б.

Мұндағы өндіру барысында үстіңгі сулы қабаттар мұнаймен және ілеспе өндірілетін сулармен ластанады. Мұнай улы қасиеттерге ие, оның аз мөлшерде суда болуы оны ішуге және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке қолдануға жарамсыз етеді.

Өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардан, сондай-ақ ыдыстардан, құбырлар мен басқа да құрылымдардан аққан зиянды заттардың фильтрациялық ағынынан жер асты суларының ластануы мүмкін.

Мұнаймен бірге өндірілетін ілеспе қабат суы - минерализациясы жоғары су болып табылады. Оның жер бетіне шығуы, жер үсті және жер асты су көздерінің тұздануына және олардың ауыз судың сапасын жоғалтуына әкеп соқтырады.

Мұнай-газ кен орындарын игеру барысында топырақ мұнаймен, әртүрлі химиялық заттармен, минерализациясы жоғары ағынды сулармен ластанады. Мұнай және оның басқа да компоненттері топыраққа түсе отырып оның қасиетін едәуір дәрежеде, ал кейде тіпті қалпына келместей етіп - битумдық сорлардың түзілуіне, гидронизациялануына, цементтелуіне және т.б өзгертеді. Бұл өзгерістер өсімдік пен жердің биоқұнарлылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтырады. Топырақ бетінің бұзылуы нәтижесінде топырақ эрозиясы, дефляция, криогенез процесі жүреді.

Мұнай топырақ пен өсімдікке өте зиянды әсерін тигізеді. Мұнаймен ластанған топырақта көмірсутектер мен азоттың арасындағы ара қатынас тез өседі, бұл топырақтың азоттық режимін нашарлатып және өсімдіктердің тамырымен қоректенуін бұзады. Сонымен қатар, мұнай жер бетіне төгіліп топыраққа сіңгенде, топырақты қатты ластайды, нәтижесінде жердің құнарлы қабаты ұзақ уақыт бойы қалпына келмейді.

Адамдар шоғырланған жердегі атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды заттардың шекті мүмкін концентрациясы (ШМК) төменде келтірілген.

14.1- Кесте. Шекті мүмкін концентрация шамасы

Ластағыштардың атауы Шекті мүмкін концентрация (ШМК), мг/м3
Максималды бір реттік Орташа тәуліктік
Бензин Көміртегінің тотығы Азоттың қостотығы Күкіртті ангидрид Күкіртсутек 5,0 3,0 0,085 0,5 0,008 1,5 1,0 0,085 0,05 0,008

14.3. Атмосфераны қорғау шаралары

Өнеркәсіптік игеру барысында мұнай кен орындарын тұрғызу жобасы, ондағы мұнай газын жинау және тиімді пайдалану мәселелері өз шешімін тапқан жағдайда ғана бекітілуге жіберіледі.

Ауаны ластайтын негізгі көздерге кен орындарында қолданылатын технологиялық жабдықтар жатады:

· мұнайды қыздыру пештері (өртеу өнімдері);

· резервуарлар (булану);

· аппараттар (буферлік сыйымдылықта, сораптарда, айырғыштарда, жалғасқан құбырларда булану);

· газотурбиналы қозғалтқыштар (өртеу өнімдері);

· қазандық ошақтарында (өртеу өнімдері);

· факелдік жүйелер (өртеу өнімдері).

Құрамында күкіртсутегі бар газдарды атмосфераға жағусыз немесе бейтараптандырусыз шығаруға тиым салынады. Технологиялық аппараттар мен сыйымдылықтардың жұмысшы және резервті сақтандырушы клапандарынан шыққан газ факелдік жүйе арқылы жағылады.

Газды күкіртсутек пен меркаптандардан тазарту бойынша тиімді іс шаралар жүзеге асырылуы қажет.

Қондырғыларда, ғимараттарда, жұмыс аймағының ауасында күкіртсутектің бөлініп шығуы мүмкін жерлерге автоматты тұрақты газосигнализаторларды орнатады, сондай-ақ күкіртсутектің жиналуы мүмкін жерлерінде алып жүретін газосигнализаторлар мен газоанализаторлар арқылы ауа кеңістігіне бақылау жүргізеді.

Мұнай мен газ өндіру аудандарында зиянды қалдықтардың қоршаған ортаға шығуының жалпы мөлшерін, технологиялық процесстерді жетілдіру арқылы және газды толық пайдаға асыру мен оны тазалаудың әр түрлі әдістерін кеңінен енгізу негізінде төмендетуге болады.

Олардың едәуір тиімдісіне мыналарды жатқызуға болады:

· магистралдық газ құбырларында атмосфераның газбен, конденсатпен, мұнайдың буланған өнімдерімен ластануын болдырмас үшін конденсат жинаушы және дренаждау желілерін орнату керек;

· мұнай құбырларын, лақтырма желілерін, ағынды (ақаба, яғни лас су) суды таситын коллекторларды және жинау коллекторларын өз уақытында жөндеп отыру қажет;

· сұйық көмірсутектерді сақтау үшін артық қысымда немесе изотермиялық жағдайларда жұмыс істейтін резервуарларды, яғни буланудан үсті қорғалған резервуарларды қолдану;

· құрамындағы жеңіл компоненттері буланып атмосфераға шығуына жол бермес үшін шағын ыдыстар мен аппараттарды сүзгі-жұтқыштармен жабдықтау;

· кен орнынан тауарлы өнімді алу барысында газды утилизациялайтын арнайы қондырғыларды енгізу;

· шығарылған газды пайдаға жарату мен қайтару мүмкін болмаған немесе тиімсіз болған жағдайда оларды жағып жіберуге факелге бағыттау;

· газдарды жағуға арналған факелдер бар болған кезде, олардың биіктігі мен орналасуы стандарттарда қарастырылған концентрацияға дейін атмосфераның жер үсті қабатында зиянды заттардың ыдырап таралып кетуін қамтамасыз ету қажет.

Күкіртсутегі бар ортада қауіпсіз (апатсыз) жұмыс жағдайын қамтамасыз ету үшін, технологиялық жабдықтар, құбырлық арматуралар және құбырлар күкіртсутегіне төзімді, берік, арнайы болат маркаларынан жасалуы керек.

Күкіртсутекті ортада жұмыс жасайтын жабдықтардың сенімділігі және апатсыз пайдаланылуы арнайы ингибиторларды енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Ингибиторды - сыйымдылықты аппараттан, мөлшерлік сораптан және құбырларға жалғанған жіңішке түтікше арқылы береді.

Газды күкіртсутегінен тазалап алу, оны тасымалдау барысында құбырлардың коррозияға ұшырауына жол бермейді және атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың жалпы мөлшерін азайтады.

14.4. Қабаттық және жер үсті суларын қорғау шаралары

Сыз (грунттық) сулары ластанудан және оларды сарқылта пайдаланудан қорғалады. Су объектілеріне (су қоймаларына, тоғандарға, көлдерге, өзендерге) өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды тастауға тыйым салынады. Ағынды (ақаба су, сточная вода) суларды белгіленген тәртіппен, қадағалау орындарымен келісілген жекелеген технологиялық шешім бойынша зиянды заттардың құрамы рұқсат етілген нормадан артық болмаған жағдайда ғана төгуге болады.

Қоршаған ортаны қорғау үшін оларды қайта пайдалану, тазарту жұмыстары жүргізіліп және ағынды суды одан әрі қабат қысымын ұстау жүйесінде қолданады.

Ағынды сулардағы мұнай өнімдерінің болу нормасы 40мг/л құрайды.

Мұнаймен бірге өндірілген қабат суы, ондағы қатты түйіршік заттар мен мұнайдың құрамының нормасына сәйкес тазаланады да, одан әрі ҚҚҰ жүйесінде немесе көму мақсатында арнайы жұту ұңғылары арқылы қабатқа кері айдалады. Қабат суын жер үстіндегі су көздеріне тастауға, жер асты суларының ластануына алып келетін жер асты қабаттарына қайта айдауға, сондай-ақ құрамында күкіртсутегі бар сұйықтарды бейтараптандырмай канализацияның ашық жүйесіне ағызуға тыйым салынады. Құрамында күкіртсутегі бар қабат сулары өнделуі және саңылаусыз (жабық) сыйымдылықтарда сақталуы тиіс.

Өндірістік ағынды суларды жер астындағы арнайы жұту қабаттарына айдауға тек ерекше жағдайда ғана жол береді:

· су айдау әдісін қолданбай кенішті игерген жағдайда;

· су айдау жүйесінің құрылысы аяқталғанға дейін, игерудің бастапқы

кезеңінде өндірістік ағынды сулардың аз мөлшерін алған кезде;

· жобаға қарағанда өндірістік ағынды сулардың мөлшері артық болып

және оларды басқа кен орындарына тасымалдау тиімсіз болғанда;

· мұнайды дайындау қондырғысында жинақталған кейбір өндірістік

ағынды суларды тазартудың технологиясы тым күрделі болғанда.

14.5. Жер бетін (топырақты) және жер қойнауын қорғау шаралары

Топырақты қорғаудың негізгі шаралары:

· мұнайды жинау, айыру, дайындау және тасымалдау жүйелерін

саңылаусыздандыру;

· ұңғыларды апат кезінде ажыратқыштар көмегімен автоматты

түрде ажырату;

· ұңғы сағасына төгілген мұнайды топырақпен көму;

· жер бетіне төгіліп, ластамас үшін қабаттық және кәсіпшіліктік

ағынды (ақаба) суларды қабат қысымын ұстау жүйесінде толықтай

қолдану;

· құбырларды 1,2-1,8м аралығындағы тереңдікте көміп, жер асты арқылы

төсеу;

· жерге сапалы техникалық қайта қалпына келтіру (рекультивация)

шараларын жүргізу.

Жердің рекультивациясы – бұзылған және ластанған жерлердің өнімділігін және құнарлылығын қалпына келтіруге, сонымен қатар, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешені. Топырақта микроорганизмдердің өздігінен тазаруы және сол жерге бейімделу механизмі жүреді. Рекультивацияны жүргізу әдістері микроорганизмдердің өздігінен тазаруы және сол жерге бейімделуінің табиғи механизмдері үшін қалыпты жағдай туғызады, сонымен қатар бұл процесті жеделдетеді.

Кәсіпшілік территориясында мұнай шламын сақтайтын қоймаларды (амбарларды) орналастыруға тыйым салынады. Қолданыстағы шлам жинақтағыштар өңделіп немесе пайдаға асырылып кейіннен жерлері рекультивациялануы тиіс.

Жер қойнауын қорғау, сақтау шаралары мұнай және газ ұңғыларын және кен орнының объектілерін тұрғызу кезіндегі барлық негізгі технологиялық процестердің маңызды элементі және құрамды бөлігі болып табылады.

Жер қойнауын қорғау шаралары мыналарды қамтуы қажет:

· төгілуді, ашық фонтандауды, грифон түзілуін, ұңғы оқпанының қирауын, жуу сұйығының жұтылуын және т.б. қиындықтарды болдырмайтын шаралар жиыны;

· жер асты және жер үсті құрылғыларының максималды саңылаусыздығын қамтамасыз ету;

· коррозияға қарсы жобаланған шараларды іске асыру;

· биогенді күкіртредукциясының түзілуін ескерту үшін айдалатын суды оның пайда болуын болдырмайтын реагенттермен өңдеу керек;

· қабатқа су айдау үшін ағынды (ақаба) суларды пайдалана отырып сумен қамтамасыз етудің тұйықталған жүйесін енгізу.

14.6. Теңіздегі мұнай-газ кен орындарын игеру кезінде

қоршаған ортаны қорғау

Теңіздегі мұнай кен орындарын игеруде жалпы қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен қатар өзіне тән талаптар жүреді. Қоршаған ортаны қорғау барысында негізгі қиыншылықтар болып, теңіз бен көлдерді кейде күкірт сутегі мен беттік-әрекеттік-заттардан тұратын мұнай, мұнай өнімдерімен, сондай-ақ қабат суларымен ластануына жол бермес үшін жүргізілетін күрес болып табылады.

Су бетіне түскен мұнай және мұнай тауарлары су мен ауа кеңістігінің арасындағы оттегі алмасуын айтарлықтай қиындататын үлкен аудандарды жұқа қабықшамен (пленкамен) қаптайды. Бұл сулы ортадағы биологиялық объектілердің өміріне зақым келтіреді.

Судың мұнаймен ластану концентрациясы 800мг/м асқан кезде суда оттегінің негізгі өндірушісі болып табылатын фитопланктон өмірінің жойылуына әкеледі. Кейбір балықтар құрамында мұнайы бар суға бейімделуі мүмкін. Олардың ағзасына түскен мұнай қан құрамы мен көмірсутегінің алмасу деңгейін өзгертеді, мұның салдарынан балық еті өзіне тән иіс пен дәмге ие болады.

Мұнайды өндіруде және дайындауда қолданылатын беттік-әрекеттік-заттар да суға түссе аса қауіпті болып табылады, олар су бетін көбіктендіріп осы арқылы ортадағы биохимиялық алмасуды азайтады. Сонымен қатар, БӘЗ өсімдіктер мен балықтарға да тікелей әсер етіп олардың өліміне әкеледі.

Су тоғандарының мұнаймен, ілеспе сулармен және де технологиялық сулармен ластануын болдырмау үшін мұнай, газ жинауды ұңғыдан мұнай жинау пунктіне дейін толық саңылаусыздығын қамтамасыз ету керек. Тізбек головкаларының, фонтанды арматураның, құбырлар мен арматуралардың фланецті және бұрандалы қосылыстарының саңылаусыздық жағдайын жүйелі түрде қадағалап, барлық ақауларды тез арада жою керек. Құйылатын сұйықтықтарды жинау үшін ұңғы сағасы ағынды (ақаба) суларды жинайтын ыдыспен біріктірілген поддонмен жабдықталады.

Мұнайды құюға қатысы бар фланецті қосылыстарды ажырату жұмыстары кезінде тасымалдағыш поддон қолданылуы қажет, ал жиналған сұйықтық ағынды (ақаба) суларды жинайтын резервуарға құйылады. Құбырларды парафиннен, тұздан тазартқан кездегі қалдықтарды контейнерге жинап, сонан соң оны көму үшін жағаға шығарады. Егер эстакада алаңында немесе өзінің жеке платформасында жоғары қысымда жұмыс істейтін ыдыстар болса, онда сақтандырғыш клапаннан келетін құбыршалар қалдықты факел мен ағынды (ақаба) суларды жинау ыдысына шығаруы тиіс. Мұнай жинау үшін резервуарлардың құю құбыршалары да ағынды (ақаба) суларды жинау ыдысымен қосылады.

Қазіргі уақытта су бетінің үлкен аумағынан мұнай мен мұнай өнімдерін кетірудің, яғни тазартудың әдіс-амалдары баршылық, бірақ олар көбінесе арнайы құрылғыларды, қымбат адсорбенттерді қолдануды және көптеген шығындарды талап етеді. Бұл кездегі тазару дәрежесі әр уақытта жоғары емес.

Су тоғандарының мұнаймен ластануын жою үшін келесі әдістер қолданылады:

§ механикалық

§ физика-химиялық

§ химиялық

§ биологиялық

Механикалықәдіс –мұнайды жоюдың бұл әдісі мұнайды қолмен сүзіп алудан бастап мұнай жинағыш машиналар кешенін қолдануға дейінгі алуан түрлі жұмыстар мен құрылғыларды қамтиды. Су бетінде қалқып жүрген мұнайды алдын-ала бір жерге жинап, оқшаулап, қоршау үшін бондық қоршау көмегіне сүйенеді.

Бондық қоршаудың құрылысы қалқымалы, экрандаушы және балластық бөлімдерден тұрады. Қоршаудың қалқымалы бөлімі ауамен толтырылған жеке қалтқылардан жасалуы мүмкін. Ал экрандаушы бөлімі бонның қалқымалы бөліміне бекітілген және балласты бөліміне тұрақтылық беру үшін шынжырмен, құбырмен немесе керіп тұратын белбеулермен жүктелген майыспалы немесе қатты пластина түрінде болады.

Төгілген мұнайды жинау үшін ластанған бетпен қозғала алатын және ластаушы заттарды әр түрлі құрылғылар (сораптар, гидроциклондар, жылжымалы ленталар және т.б.) көмегімен жинай алатын арнайы кемелер мен жүзбелі құралдар қолданылады.

Механикалық әдістердің біріне ластанған суды сеппелі және шаймалы құмды сүзгілер арқылы сүзуді де жатқызуға болады.

Физика - химиялықәдістер –бұл әдістерге адсорбциялайтын заттарды қолдануды жатқызамыз. Адсорбенттер ретінде пенополиуретан, көмір тозаңы, резина ұнтағы, ағаш қиқымы, пенопласт және т.б. қолданылады. Байланысты жоғарылату, жақсарту үшін мұнайды жақсы адсорбциялау қабілеті бар синтетикалық маталар қолданылады. Сонан соң мұнайды сіңіріп алған маталардан мұнайды ажыратып алу мақсатында сығу валиктері арқылы өткізеді. Сорбциялайтын заттар өз салмағынан 10 40 есе үлкен мөлшерде мұнайды сіңіру қабілетіне ие.

Химиялықәдіс –пленкалы мұнайды тұнбамен бірге шөктіру қабілетіне ие коагулянттарды қолдануға негізделген. Бұл әдіс су бетін басқа әдістерден кейін одан да тереңірек тазарту үшін қолданылады.

Биологиялықәдіс –мұнайды қорек ететін микроорганизмдер мен арнайы бактерияларды қолдануды қарастырады.

Мұнай кен орындарын пайдалану платформаларының игеру кезіндегі негізгі қауіп қондырғылардың толып кетуінен, саңылаулардың болуынан немесе апат жағдайларының болу салдарынан болатын мұнайдың кездейсоқ немесе бірте-бірте ағып кетуі болып табылады.

Технологиялық тізбектің бірінде апат болған жағдайда қауіпсіздік жүйесі технологиялық процесті толығымен немесе оның бір бөлігін тоқтатуы тиіс. Өрт кезінде қауіпсіздік жүйесі өртті сөндіру жұмыстарынан басқа барлық жұмыстар мен қондырғыларды тоқтатуды қамтамасыз етуі қажет. Мұндай жағдайлар табиғи құбылыстардың, кемелермен қақтығысуының, қондырғылар ақауының, сонымен қатар, қызмет көрсету ұжымының қателіктерінің салдарынан болуы мүмкін. Технологиялық қондырғылардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін теңіз платформаларын жобалау кезінде келесі жағдайлар ескерілуі тиіс:

§ қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету мүмкіндігі және табиғатты қорғау шараларының орындалуы технологиялық қондырғыларды таңдаудың негізгі талабы болуы қажет;

§ әр түрлі бағыттағы қондырғылар алаңы құбырлардың ұзындығын қысқарту мүмкіндігі есебінен таңдалуы қажет;

§ қондырғылардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету жүйелері қорғаныстың бір-біріне тәуелсіз екі сатысын қамтуы қажет;

§ қондырғылардың әрбір түрі оның ең төмен, қолайсыз шарттарда жұмыс істеу мүмкіндігінен есептелуі қажет;

§ кез-келген технологиялық режимдердің бұзылыстары орындау механизмдерімен қосылған датчиктердің көмегімен сәйкесінше көрсетілген ауытқулармен анықталуы қажет;

§ әр апатты жағдайды келесі тәртіпте қарастыру қажет: себеп, салдары және анықталу белгілері, қауіпті жағдайды жою қорғанысы.

Бақылау сұрақтары

1. Ұңғы өнімін жинау және дайындау кезінде кездесетін қоршаған ортаны ластау көздері?

2. ШРК (шекті рұқсат етілген концентрация) деген не?

3. Кен орынды тұрғызу жобасында атмосфераны қорғаудың қандай шаралары

қарастырылуы тиіс?

4. Беттік және грнттық суларды ластанудан қалай қорғауға болады?

5. Топырақ пен жер асты пайдалы қазбаларды қорғау шараларын атаңыз.

6. Теңіздегі кен орындарды пайдалану кезінде теңізді ластанудан қорғау үшін

мұнай мен газды жинаудың қандай ерекшеліктері бар?

7. Теңіз беті мұнаймен ластанған кездегі тазартудың әдістерін атап, сипаттаңыз.

8. Теңіз платформаларын жобалау кезінде қандай талаптар орындалуы тиіс?

Қосымша 1

Негізгі қысқартулар мен терминдердің қысқаша сөздігі

АТӨҚ (АГЗУ) – автоматты топтық өлшеу қондырғылары

БШСС (БКНС) – блокты шоғырланған сорапты станция

ЖАБ (БМА) – жергілікті автоматика блогы

М/С (В/Н)– қайтымды түрдегі эмульсия (мұнайдағы су)

ТҚ (ГУ) – топтық қондырғы

ГӨЗ (ГПЗ) – газ өңдеу зауыты

ССС (ДНС) – сығымды сорапты станция

ДЭГ – диэтиленгликоль

БӨА (КИП) – бақылау өлшеу аспаптары

КС – компрессорлы станция

САҚ (КСУ) – соңғы айыру қондырғысы

МЭА – моноэтаноламин

С/М (Н/В)– тура түрдегі эмульсия (судағы мұнай)

МГӨБ (НГДУ)– мұнай-газ өндіру басқармасы

МӨЗ (НПЗ) – мұнай өңдеу зауыты

БӘЗ (ПАВ) – беттік-әрекетті заттар

ШМК (ПДК) – шекті мүмкін концентрация

ҚҚҰ (ППД) – қабат қысымын ұстау

КҰҚ (ПСМ) – көпжүрісті ұңғыларды қосқыш

ТБП (ПТБ)– тұрбалы блокты пеш

ТБР (РВС) – тік болат резервуар

ТП – тауарлы парк

ТХҚ (ТХУ)– термохимиялық қондырғы

ТЭГ – триэтиленгликоль

БАҚ (УБС)– блокты айыру қондырғысы

МКДҚ (УКПН)– мұнайды кешенді дайындау қондырғысы

ТТАҚ (УНТС)– төменгі температуралы айыру қондырғысы

СДҚ (УПВ) – ағын суларды дайындау қондырғысы

СБҚ (УПС) – суды алдын-ала бөліп алу қондырғысы

МДҚ (УПН) – мұнай дайындау қондырғысы

ОЖП (ЦПС) – орталық жинау пункті

МДАЦ (ЦППН) – мұнайды дайындау және айдау цехы немесе мұнайды

дайындаудың орталық пункті

ЭТҚ (ЭЛОУ)– электрлі тұзсыздандыру қондырғысы

Абсолютті ылғалдылық – қалыпты жағдайда 1 м3 газдың құрамында болатын су буының массалық құрамы.

Абсорбция – газдың сұйық жұтқыш массасы – абсорбенттен өтуі кезінде оның құрамынан су буларын немесе басқа да компоненттерді жұту процесі.

Адгезия – жабысу, газдан тамшылы сұйықтар мен механикалық бөлшектерді бөліп алу мақсатында беттік керілу күштерін пайдалану және қолдану.

Адсорбция – кеуек беттері үлкен қатты жұтқыштармен (адсорбенттермен) газдың құрамынан су булары мен конденсатты бөліп алу.

Барботаж – қысым арқылы газды сұйықтан өткізу, қарқынды араластыру және жұту үшін қолданылады.

Ылғал сыйымдылық – берілген температура мен қысым кезінде газ құрамындағы су буларының ең үлкен мүмкін мөлшері.

Ылғалдылық құрамы – берілген температура мен қысым кезіндегі газдың бірлік көлемінде болатын су буларының нақты мөлшері.

Газ факторы – мұнай қабатынан бос күйінде өндірілетін, сонымен қатар мұнайды айырудың әртүрлі сатыларынан кейін бөлінген газдың жалпы мөлшері.

Табиғи газдардың гидраттары – жоғары қысым кезінде түзілетін көмірсутектердің сумен қатты кристалды тұрақсыз қосылыстары.

Су (мұнай) глобуласы – дисперсті ортадағы шар тәріздес бөлшек.

Дефляция – желдің әсерінен таужыныстарының мүжілуі.

Деэмульгаторлар – эмульгаторларға қарағанда әрекеттілігі жоғары, мұнай эмульсияларын бұзуға арналған беттік-әрекетті заттар (БӘЗ).

Дисперсті орта – құрамында басқа сұйықтардың ұсақ тамшылары бар сұйық.

Дисперсті фаза – дисперсті ортада ұсақ тамшылар түрінде орналасқан сұйық.

Эмульсияның дисперстігі – дисперсті ортадағы дисперсті фазаның ұсақталу дәрежесі.

Диффузор – құбырдың кеңейген бөлігі (ортадан тепкіш сораптарда немесе компрессорларда), мұнда газ немесе сұйық ағының жылдамдығының азаюы жүреді және кинетикалық энергия потенциалдық энергияға айналады – бұл кезде қысым жоғарылайды.

Дроссель – құбырлардың көлденең қимасын азайтатын құрылғы.

Дроссель-тиімділігі немесе Джоуль-Томсон тиімділігі – газды дроссель арқылы өткізген кезде оның қысымымен қатар температурасы да едәуір төмендейді, бұл әдісті газды төменгі температурада айыру кезінде қолданады.

Дюкер – су кедергілерінен өту үшін су арнасы астынан төселетін құбырларға арналған траншея.

Инверсия – фазалардың ауысуы (эмульсияның бір түрден екінші түрге өтуі).

Коагуляция – ілінісудің молекулярлық күші әсерінен бірігуі арқылы ұсақ бөлшектердің іріленуі.

Коагулянттар – дисперсті жүйелерге қосқан кезде дисперсті фазалардың диффузиялық қабатын сирететін және бөлшектердің соғысуы кезінде олардың бірігуіне әкелетін заттар (электролиттер).

Коалесценция – су немесе мұнай тамшыларының ортақ бір тұтас тамшыға бірігуі; жанасу беттерінің толық жойылуы болатын бөлшектер коагуляциясының терең сатысы.

Конвекция – бір-біріне қатысты орын ауыстыратын сұйық немесе газ тәрізді бөлшектердің кеңістіктің бір нүктесінен екінші нүктесіне жылу тасымалдау процесі.

Конденсат – будың сұйыққа конденсациялануы кезінде пайда болатын өнім.

Конденсация – заттың газ күйінен сұйық күйге өтуі.

Кондиция – тауар (яғни мұнай мен газ) сай болатын норма, стандарт, сапа.

Коррозия – сыртқы және ішкі ортаның әсерінен жабдықтар мен құбырлар металдарының өздігінен біртіндеп бүлінуі.

Криогенез – атмосфераның, гидросфераның және литосфераның шекаралық қабаттарында мұздың түзілуімен байланысты болатын процестер.

Лупинг – құбырлардың өткізгіштік қабілетін арттыруға арналған параллель төселген құбырлар.

Маточник – сұйықты бірқалыпты беруге арналған тұндырғыш аппаратындағы перфорацияланған тарату коллекторы.

Ньютондық емес сұйықтар – тұтқырлығы ығысу кернеуі мен жылдамдық градиентіне байланысты өзгеретін сұйықтар, оларға парафинді мұнайлар мен эмульсиялар жатады.

Мұнай газы – бұл мұнаймен бірге өндірілетін газ – құрамында көмірсутекті емес газдар: азот, көмірқышқыл газы, күкіртсутек, инертті газдары бар С1–С4 метандық қатардың көмірсутектерінен тұратын көп компонентті қоспа.

Мұнай эмульсиялары – бір-бірінде ерімейтін және ұсақ дисперсті күйде болатын мұнай мен қабат суларының механикалық қоспасы.

Газды одоризациялау – газға одоранттарды қосу арқылы өзіне тән иіс беру.

Окклюдирленген газ – мұнай массасында жеке көбіктер түрінде таралған газ.

Газдың салыстырмалы ылғылдылығы – ылғалдылық құрамының ылғал сыйымдылыққа қатынасы.

Газдың салыстырмалы тығыздығы – бірдей жағдайдағы газ тығыздығының ауа тығыздығына қатынасы.

Понтон – жеңіл көмірсутектердің шығындалуына жол бермейтін резервуар жабдығы, қалқымалылығын қамтамасыз ететін қалытқылары бар диск.

Тауарлы мұнай астындағы су – мұнайды ұзақ сақтау барысында тауарлы резервуарлардың түбінде жиналатын су.

Айыру (сепарация) – фазаларды бөлу, мұнай ұңғыларының өнімдерін газды және сұйық (мұнай, су) фазаларына бөлу процесі.

Ұңғы өнімі – ұңғыдан шығатын көп компонентті заттар, мұнайдан, қабат суынан, әртүрлі қоспалардан және еріген газдан тұрады.

Тұрақтандыру – атмосфераға буланбайтын тұрақты мұнайды алу процесі.

Шикі мұнай – ұңғыдан дайындау қондырғыларына түсетін мұнай.

Жылу сыйымдылық – затқа берілетін жылу мөлшерінің температураның сәйкесті өзгерісіне қатынасы.

Меншікті жылу сыйымдылық – масса бірлігіне келтірілген жылу сыйымдылық. Тәжірибеде бұл ұғым 1 кг затты 10С-ға қыздыруға қажетті жылу мөлшерін (кДж) білдіреді.

Жылу өткізгіштік – заттың салыстырмалы орын ауыстырмайтын молекулалары немесе атомдарының жылулық тербелісті қозғалысының әсерінен жылу беру процесі, ол жылу өткізгіштік коэффициентімен (Вт/м·К) сипатталады.

Жану жылуы – 1 м3 газ немесе 1 кг сұйық не қатты отынның толық жануы кезінде бөлінетін жылу мөлшері (кДж).

Тиксотропия – құрылым тығыздығының уақыт өте өздігінен ұлғаюы және бұзылудан кейін қалпына келуі.

Тауарлы мұнай – нормаға сәйкес сапаға дейін жеткізіліп дайындалған мұнай.

Шықтану нүктесі - берілген температура кезінде газдағы су буының шекті мөлшері (тәжірибеде шықтану нүктесі ретінде конденсацияның басталу температурасын айтамыз).

Фильтрация – конструкциясы әртүлі сүзгілер мен сұғындырмалардан сұйықты өткізу.

Флотация – ағын суларды тазарту тәсілі, ол бөлшектердің (мұнай, қатты қоспалар) ауа көбіктеріне жабысып және олармен бірге сұйық бетіне қалқып шығып, көбікті қабат түзуге негізделген.

Флокулянттар – полиакриламид (ПАА) түріндегі жоғары молекулярлы суда еритін полиэлектролиттер.

Шлам – сұйықтарды тұндыру немесе сүзу кезінде бөлінетін ұсақ қатты бөлшектер түріндегі тұнба.

Эжектор – газдың қысымын арттыруға арналған сығымды аппарат.

Эмульгаторлар – эмульсияның түзілуіне әсер ететін заттар: асфальтендер, нафтендер, шайырлар, парафиндер, тұздар және механикалық қоспалар.

Қосымша 2

СИ жүйесінің және шетелде қолданылатын өлшем бірліктердің ара қатынасы

Шама Атауы Белгіленуі СИ жүйесіндегі мәні
СИ, SI жүйесі Басқа жүйелер
         
Ұзындық метр мил заңды (АҚШ) ярд фут дюйм м, m mile, mi (US) yd ft in, ´´ 1,60934 км 914,4 мм 30,48 см 25,4 мм
Аудан шаршы метр шаршы мил (АҚШ) акр шаршы ярд шаршы фут шаршы дюйм м2, m2 mi2 (US) ac yd2 ft2 in2 2,58999 км2 4046,86 м2 0,836127 м2 929,030 см2 645,16 мм2
Көлем, сыйымдылық текше метр литр акр-фут текше ярд текше фут текше дюйм мұнай баррелі (АҚШ) құрғақ баррель (АҚШ) галлон (Ұлыбритания) галлон сұйықтық (АҚШ) галлон құрғақ (АҚШ) м3, m3 л ac-ft yd3 ft3 in3 bbl (US) bbk dry (US) gal (UK) gal (US) gal dry (US) 1 дм3 = 1·10-3 м3 1233,48 м3 0,764555 м3 28,3169 дм3 16,3871 см3 158,987 дм3 115,627 дм3 4,54609 дм3 3,78541 дм3 4,40488 дм3
Масса килограмм тонна грамм фунт тонна ұзын (Ұлыбритания) тонна қысқа (АҚШ) кг, kg т г lb ton (UK) (2240 lb) ton (US) (2000 lb) 1000 кг 1·10-3 кг 0,453592 кг 1,01605 т 0,907185 т
Тығыздық килограмм текше метрге тонна текше метрге грамм текше сантиметрге фунт текше футқа фунт галлонға кг/м3, kgm3 т/ м3=г/ м3 lb/ft3 lb/gal 1000 кг/м3 16,0185 кг/м3 119,829 кг/м3
Газ-сұйық факторы текше метр текше метрге текше фут баррельге м3/ м3, m3/ m3 ft3/bbl 0,17811 м33
Күш, салмақ ньютон килограмм-күш тонна-күш (АҚШ) фунт-күш H, N кгс tonf (US) lbf 9,80665 Н 8,89644 Н 4,44822 Н
         
Қысым, механикалық кернеу паскаль килограмм-күш шаршы сантиметрге (техникалық атмосфера) фунт-күш шаршы дюймге фунт-күш шаршы футқа су бағанасының футы су бағанасының дюймі сынап бағанасының дюймі Па, Ра кгс/см2 (техн. атм) бар lbf/in2 (psi) lbf/ft2 ft H2O in H2O in Hg 1 Н/м2 9,80665 Па 1·105 Па 6,894761·104 Па 47,8803 Па 2,98907 кПа 249,089 Па 3,38639 Кпа
Беттік керілу ньютон метрге килограмм-күш метрге фунт-күш футқа Н/м, N/m кгс/м lbf/ft 9,80665 Н/м 1,45939 Н/м
Қуат ватт килограмм-күш метр секундте ат күші фунт-күш-фут секундте Вт, W кгс·м/с л.с. (hp) lbf·ft/s 1 Н·м/с 9,80665 Вт 735,4988 Вт 1,35582 Вт
Жұмыс, энергия, жылу мөлшері джоуль килограмм-күш-метр ат күші-сағат киловатт-сағат фунт-күш-фут калория Дж, J кгс·м л.с.·м (hp·h) кВт·сағ lbf·ft калл (cal) 1 H·м 9,80665 Дж 2,64780·106 Дж 3,6·106 Дж 1,35582 Дж 4,19680 Дж
Динамикалық тұтқырлық паскаль-секунд пуаз фунт-күш-секунд шаршы футқа Па·с П (Р) lbf·s/ft2 1·10-3 Па·с 47,8803 Па·с
Кинематика-лық тұтқырлық шаршы мтер секундта стокс шаршы фут секундқа м2 Ст ft2/s 1·10-4 м2/с 929,030 см2
Температура Кельвин градусы Цельсий градусы Фаренгейт градусы Ренкин градусы К К ºС ºF ºR ºС+273,15 ºR/1,8 (ºF-32)/1,8 K-273,15 1,8 ºC+32 ºF+459,69
Меншікті жылу мөлшері джоуль килограмға жылудың британдық бірлігінің фунтқа жылудың британдық бірлігінің текше футқа Дж/кг Btu/lb Btu/ ft3 2,32601 кДж/кг 37,2589 кДж/м3
Меншікті жылу сыйымдылық джоульдің килограмм Кельвин градусына жылудың британдық бірлігінің фунт Фаренгейт градусына Дж/(кг·К) Btu/lb·ºF 4,1868 кДж/ (кг·К)
Жылу өткізгіштік сағаттағы жылудың британдық бірлігінің фут-Фаренгейт градусына   Btu/(h·ft·ºF) 1.73073 Вт/(м·К)

Еселік және үлестік бірліктерді түзетін жалғаулар

Еселік, үлестік Атауы Белгіленуі Еселік, үлестік Атауы Белгіленуі
1012 109 106 103 102 тера гига мега кило гекто дека Т Г М к г да 10-1 10-2 10-3 10-6 10-9 10-12 деци санти милли микро нано пико д с м мк н п

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Джиембаева К.И., Лалазарян Н.В. Сбор и подготовка скважинной продукций на нефтяных месторождениях. Учебное пособие для ВУЗов. Алматы: 2000, 254 с.

26. Утепов Н.Р., Катаван А.В. и др. Правила безопасности в нефтяной и газовый промышленности Республики Казахстан. Алматы: 1995, 122 с.

Джиембаева Қаламқас Ідірісқызы, т.ғ.к., профессор

Насибуллин Бауыржан Мұратұлы, аға оқытушы

Каспий Қоғамдық Университеті

“Мұнай-газ ісі” кафедрасы

Мұнай кен орындарында ұңғы өнімдерін

жинау және дайындау

ЖОО-на арналған оқулық


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



Сейчас читают про: