Ішкі Монолог пен диалог 11 страница

5.       Жазғандарын тексеру, түзету жақсарту дағдысы, шеберлігі. Бұл да біраз қиындық келтіретін күрделі жұмыс. Оқушылар мазмұндама, шығарма жазғанда көбінесе бұрын бітіріп, мұғалімге бірінші болып тапсыруға асығады да, жазғандарын қайта оқымайды, сөйтіп, жазған жұмыстарының бір-де бір сөзін, не тыныс белгісін, не әріп қатесін түзетпестен тапсырады. Бұл жөнінде мұғалімнің ескерткен сөзі де оларға әсер етпейді. Мұғалім бұрын тапсырған балалардың жұмыстарын қайтарып беріп, «оқып шығып, қатеңді жөнде» дегеннің өзінде де кей балалар жұмыстарын алып, партаның үстіне қойып, біраз айнала қарап отырады да (мұғалім қасына жақындаса дәптеріне көз салады, мұғалім алысырақ тұрса, айналаға қарап отырады), қайта тапсырады. Бұл дағды мен шеберлікке балаларды үйрету қаншалықты қиын болғанмен, жазғандарын сын көзімен қарап оқып шығып, жазу барысында түрлі себептермен (асығыстық, ойланбаушылық, ережені ұмытып қалушылық т.б.) жіберген қателерін батыл түзету дағдысын, шеберлігін үйренуі тиіс

Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығарамашылық қабілетін дамытуда ерекше рөл атқарады. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сөздің тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын, адамның психикасын дамытатан сиқыр күш, жан бар онда. Балаға көркем сөз өнерін үйретудің, баулудың ең басты қажеттілігі – осында. Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда мазмұндама мен шығарма жаздырудың алар орны ерекше. Әсіресе, бастауыш мектептерде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарында мазмұндаманың мәні зор. Мазмұндама:

1. Оқушылардың әдеби тілдік нормаға сәйкес өз ойларын жеткізе білуге үйретеді.

2. Сөздік қорын молайтады.

3. Ой-өрісін кеңейтуге жәрдемдеседі.

4. Өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландырады.

5. Оқуда кездескен қиындықтарды жеңе білуге үйретеді.

Жұмыстың бұл түрлері балалардың тілін дамытуға, ойларын байланыстырып сөйлеуге үйретуде, тіпті әрбір мәдениетті адамға қажетті іскерлік пен дағдылардың қалыптасуына көп әсері бар. Сондықтан да мектепте мазмұндама жұмыстары жиі өткізілуі тиіс. Ал мазмұндама жазуда балалардың қызығуын арттыру үшін аталған түрлердің барлығын қолдану қажет.

 

49. Лиро-эпостық жырлар

Лиро-эпостық жырлар ғашықтық жырлар - лирикалық әрі эпикалық шығарма. Оқиға желісі бірін-бірі құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылады. Көпшілігінің оқиғасы сүйгеніне қосылуды аңсаған, жастарға ескі салт-сана қарсы тұрып, мерт қылумен аяқталады. Лиро-эпостық жырларларда халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, көңіл-күйі көбірек суреттеледі. Оларда реалистік және романтикалық көріністер сабақтаса келіп, реалистік әдіс басым жатады. лиро- эпостық жырларда кейіпкерлер батырлар емес, карапайым адамдар. Екі жастың бір -біріне деген сүйіспешілігін жырлайтын эпостарда, негізінен, махаббат отына жанған қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын нәрсе -ата- аналардың қарсылығы немесе қызға ғашық басқа жігіттің жауыздығы, иә болмаса екі рудың араздығы болып көрсетіледі.

Ғашықтық жырлар көркем фольклордың даму барысында батырлық эпостан кештеу қалыптасқан, бірақ бұл қаһармандық жыр мүлде өшіп, оның орнына романдық эпос келді деген сөз емес, Эпостың бұл екі түрі көп уақыт бірге, бір -бірімен байланыса, қатарласа дамыған. Ұқсастықтары да аз емес. Олардың жалпы поэтикалық сипаты ұқсас. Айталық, сюжеттік құрылымдардың бір типті болып келуі, образдар жүйесіндегі біркелкілік, өлең құрылысы мен бейнелеуіш құралдардың біртектілігі секілді белгілер эпостың екі түрінде де кездеседі. Ғашыктык жырлар көп вариантты болып келеді Оның себебі көп замандар бүл жырлар ауыздан- ауызға тарап, біреуден біреу жаттап алу арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп баспаға іліккен.[1]

Лиро-эпостық жырлардың түрлері

Қазақ Лиро-эпостық жырлары негізінен екі түрге бөлінеді:

Қазақ халқының төл туындылары - "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", "Қыз Жібек", "Айман-Шолпан"; "Күлше қыз", "Құл мен қыз", "Мақпал қыз", "Есім - Зылиха"

Шығыс әдебиеті негізінде назира гөйлік дәстүрде жазылған қиссалар "Мұңлық - Зарлық", "Сейфілмәлік", "Бозжігіт", "Таһир - Зуһра", "Жүсіп - Зылиха", "Шәкір - Шәкірат", т.б.

Лиро-эпостық жырларында тұрмыс-салт жырларының айтыс, жоқтау, жар-жар, жұбату, жұмбақ айтыс, қоштасу, сыңсу сияқты түрлері өте жиі кездеседі. Қазан төңкерісіне дейін Лиро-эпостық жырларын жинап, жариялауда орыс ориенталистері В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Потанин, т.б. көп еңбек сіңірді. Лиро-эпостық жырларды С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, т.б. ғылыми тұрғыда зерттеп, еңбектер жазған.

 

50. Махамбет Өтемісұлының күрескерлік жауынгерлік азаттық әуен жырлары

Махамбет өзгеде жоқ та, өзінде ғана бар құдіретті қасиетімен

батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай

жарқырап жеке тұратын теңдесі жоқ дара да дана тұлға!

(Ж. Құлиев)

«Ерлік істелмесе, ешкім де қалам тербемейді», рас! Абайша айтқанда «қалың елім, қазағым, қайран жұртымның» басына түскен тарих теперіштері қаншама? Өр де ер Махамбеттей жалынды ақын жырлары тарих тереңіне еріксіз үңілуге мәжбүр етпей ме? М. Шахановтың «Төрт ананың» бірі санаған ұлы тарихтың рухани кәусар бұлақ әдебиетімізбен сабақтастығы да осында. Дана Абай сынай бағалаған «өлеңі бірі жамау, бірі құрау» ақындар сапынан табылмай, халық мұңын мұңдап, қайғысы мен қуанышын шынайы жырлаған, жалынды жырларды дүниеге әкелген ақын ол. Махамбет жырлары арқылы өзі өмір сүрген замана шындығы ашылмады ма? Халқымыздың ХІХ ғасырдағы тарихын зерделесек те, әдебиетші қауым, біз, Махамбеттің өлеңдерінсіз ол дәуірге аттап баса алмайтынымыз шындық.

Абайды «ұлы ақын», Сәкенді «төңкерісшіл ақын», Сәбитті «халық жазушысы», Бейімбетті «кедей табының» жыршысы» десек, Махамбетті қазақ әдебиетінде «жауынгер ақын», «күрескер ақын» санаймыз немесе С. Қирабаевша «ерлік пен елдік жыршысы» атайтынымыз да орынды.

Ойшыл Сартр «құдыққа үңіле берсең, ол өзіне тартып әкетеді» дейтіні қандай данышпандық! Ал Махамбет әлемі ше? Тура Абайды, Мұхтардың «»Абай жолын» оқи берсең, жаңа дүниелерге терең бойлайтыныңдай, Махамбет өлеңдері де әр кез қайталап оқыған сайын поэзия әлеміне деген құштарлығыңмен қоса өз әлеміне енгізіп жіберетінін қайтерсіз

Бұл тұрғыда Махамбет жырлары ғылыми айналымда жүрсе де, оның психологиялық та, философиялық бағытта әлі зерттей беруді қажет ететіндігін айтар едім. Оның ішкі әлемі өте күрделі, аса сабырлылықпен, жоғары білімділікпен, ақыл - ой, парасаттылықпен келуді қажет етеді - ау. Бүгінгі махамбеттанушылар да оның ішкі әлеміне қадам басу жолында. Айталық, махамбеттанушы ғалым Оңайгүл Тұржанның «Махамбет – нейролингвистикалық тұрғыдан да, тұжырымдамалық тұрғыдан да шексіз зерттеле беруге қабілетті әлем» деуінің өзі - ақ көп жайттан хабар беріп тұрған жоқ па? Немесе төрт жарым ғасырдан бері ағылшындар ұлы Шекспирді зерттеуін жалғастырып, шегіне жете алмаса, демек оның ұлт тәрбиесіне қатыстылығы жоғары деңгейде болғаны.

Ендеше неге Махамбет жырларының сырына әлемдік дәрежеде үңілмеске? «Шандоз» атты еңбегінде заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «... табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылысқа» балайды. Тіпті «ондай құбылыс тек қазақ түгіл, барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермегендігін» де ерекше атап өтеді. Оның «Махамбет – кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы» дегенінен - ақ ұлы ақын жанын түсінуге, зерттеуге қаншалықты қажыр - қайрат пен сезім тереңдігі керек екенін болжау қиын емес. Махамбет ұлттық идеямызды насихаттауымыздың басты тірегі болуға тиіс. Егемен еліміздің тізгінін ұстар болашақ ұрпақ Махамбет жырларымен сусындап, ондағы ерлік сезімімен қаруланулары шарт.

Ондағы отансүйгіштік қуат аса жоғары деңгейде. Белгілі бір көтерілудің нәтижесі, яғни қуаты өз дәрежесінде үлкен патшалықты жоюға дейін апаратыны сияқты өлең қуатының да соншалықты деңгейдегі қасиеті болатынын ескеру де керек болар. Кез келген қоғамда поэзияның орны жоғары. Ол қоғамға қажеттіні дәл таппайтын ба еді? Өйткені поэзия қуатты сөзден тұрмақ. Ерлік пен елдік, көркемдік, махаббат, адами қажеттіліктер – бәрі - бәрін іздесең, поэзия ғана танытар. Поэзия елге, қоғамға қызмет етуге тиіс. Махамбет жырларын түсіну рухани баюға тәрбиелейді. Жылатпайды, жігерлендіреді, күңірентпейді, қуаттандырады, үрейлендірмейді, шабыттандырады. Мұндайда жауынгер ақын жырларының қуатын зерделейік.

Тарихтан белгілі ХІХ ғасырдағы ірі тарихи оқиға – 1936 - 1841 жылдардағы Батыс Қазақстанда Бөкей ордасында болған Ресейлік патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілген қазақ халқының ұлт - азаттық қозғалысы. Көтерілісші сарбаздарды жігерлендіре ұлы арман – азаттық әлеміне сеніммен бастау – өр ақынның басты мақсаты. Ал халық мұраты Махамбеттің ақындық жүрегіне нық беки ұялаған. Күні бүгінге дейін өз оқырманын ерекше сезімге бөлейтін ақын жырларының құдіретті күші неде? Отаншылдық рухтылығында, азат өмірге деген сенімде, поэтикалық қуаттылығында.

Махамбет жырларындағы ерлік тақырыбы қос бейне арқылы ашылады: көтеріліс басшысы Исатай бейнесі және өз бейнесі. Олардағы қайсарлық, ер мінез – барша жауынгерге, бүгінгі ұрпақ сарбаздарына ғажайып өнеге.

Құдайлады хан ұлы,

Іздеген жауы біз болып,

Жау қарасы көрінді,

Жиылған әскер білінді,

Исатай – басшы, мен – қосшы.

Исатайдың сол күнде

Ақтабан аты астында,

Дулығасы басында,

Зығырданы қайнайды.

 

51. Көркем мәтінмен жұмыс түрлері. Көркем мəтінді талдау түрлері.

Талдау сөзінің алғашқы терминологиялық мағынасы – “зат пен құбылысты танып, ілу”дегенді білдіреді. Талдау əдісі – бұл əдеби талдаудың ғылыми негізделген əр түрлі жолдары мен тəсілдерін іздестірумен айналысатын сала. Əдеби шығарманың мазмұнын меңгергеннен кейін оған талдау жасалады. Əдеби талдау кезінде көркем мəтінді кез келген бөлшектерге бөліп, жіктеуге болады. Мəтінге талдау жасай отырып, біз суреткердің ой‑мақсатын, дүниетанымын білуге ұмтыламыз. Талдау жасағанда мəтіндегі əрбір шағын, жеке элементтер де назардан тыс қалмау керек. Əдеби талдау үстінде көркем шығарманың мазмұн‑пішіні, кейіпкерлер қатынасы мен тілдік құралдар ашылады. Əдебиетті оқытудағы басты мəселе – шығармаға, яғни көркем мəтінге талдау жасау. Əдіскер Т.Ақшолақов көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі əдісін көрсетеді. Олар: образ бойынша талдау; проблемалы талдау; тұтас талдау; тақырыптық талдау.

1)образ бойынша талдау - кезінде оқушылар адамды танып‑біле отырып, сол кейіпкер бойындағы ұнамды, адамдық қасиеттерді білуге талпынады. Əрине, шығармадағықандай орталық кейіпкердің барша қасиеті жеке‑дара ашылмайды. Себебі, автор өз кейіпкерін мəтіндегі əр алуан іс‑əрекеттермен, оқиғалармен, басқа кейіпкерлермен байланыстырады. Яғни, бас кейіпкер шығармада қанша алғы орында көрсетілгенімен, ол басқа кейіпкерлермен қарым‑қатынасқа түсіп, іс‑əрекет үстінде байланысып отырады, сол арқылы толыққанды ашылады. Сондықтан, көркем шығармадағыбейнелер жүйесін өзара тұтастыру қажет.

2)пробоемалы талдау-Көркем шығармада сан тарапты əрекеттер баяндалып, көптегенқарама‑қайшылықты, талас пікірлі оқиғалар туындап жатады. Осыған байланыстыжазушы көтерген проблеманы танып‑білу керек. Ол үшін оқушыны ізденіс‑толғанысқабастайтындай, туындының идеялық‑эстетикалық қуатын танытатындай жұмысқа бастау керек. Осыған байланысты оқушының алдына проблемалық ситуация ұсынуқажет. Мəселен, С.Көбеевтің “Қалың мал”, М.Əуезовтің “Көксерек” т.б. шығармаларыөтілгенде тап тартысы, бай мен кедей мəселесі, табиғатты қорғау, жаратылыс байлығын сақтау, халықтық ғұрыптың сақталуы жайлы проблемалы сауалдар əзірлп, оқушылардың бүгінгі күн тұрғысындағы көзқарасын айтқызуға, ой бөлісуге шақыруға болады. М.Əуезовтің повесінде Құрмашқа əкесі қасқырдың бөлтірігін əкеліп береді.Құрмаш енді сол бөлтіріктің айналасынан шықпай, тамақ беріп, қасына алып жатады. Осылайша өскен бөлтірік бірте‑бірте тағы мінезін білдіре бастайды. Күн өте ол үлкейіп,өседі, ауылдан ұзап кетіп қалып жүреді. Қыс түсе, ол тіпті қасқырларға қосылып,малдарға шауып, ауылдың мазасын кетіреді. Сөйткен Көксерек бірде малды бағуға шыққан Құрмаштың өзін мерт етеді. Ауыл болып қасқырды ұстау əрекетіне кіріседі.Осы тұста жемін тартып жеуге үйренген даланың жыртқышы қасқырды кінəлаймыз ба,жоқ оны қолға əкелген адам əрекетін жөнсіз санаймыз ба?

3)тұтас талдау,-Бұл шығарманың желісіне сай жүргізіледі. Мұнда көркем шығарманыңбөлімдері бойынша ондағы оқиғаның дамуына сай автор ізімен жүре отырып, талдаужасалады. Мұның тиімді жағы шығармадағы оқиғаны, іс‑əрекетті жан‑жақты, жүйеліқарастырға мүмкіндік береді. Көбіне көлемді мəтіндерді талдағанда, ондағы оқиға ретіауыстырылып, қалыс қалдырылып немесе толық баяндалмай жатады. Бұл талдауосындай мəселеде реттілікті сақтап, оқиға барысын автор баяндауынан ауытқымайжүргізуге көмектеседі.

4)тақырыптық талдау-Бұл да ұтымды əдістердің бірі. Талдау кезінде көркем шығармажан‑жақты, терең қарастырылады. Яғни, бір көркем мəтінді іштей бірнешетақырыптарға жіктеп, əрқайсысына атау беріп, сол ретпен талдау жүргіземіз. Бұл

көркем мəтіннің тарауларын, ондағы оқиғаны топтап қарастыруға көмектеседі.Мəселен, “Ер Төстік” ертегісін бойынша “Ер Төстіктің достары”, “Ертегідегі жағымсызқаһармандар” т.б. түрде тақырыптық жіктеулер жасауға болады. Ал, эпостық жырлардабатырларды, арулар бейнесін, хандар мен тұлпарлар бейнесін топтап, тақырыптық үндестік жасауға болады.Мəселен, “Жырдағы батырлар бейнесі”, “Жырдағы əйелдер бейнесі”, “Жырдағы тұлпарлар бейнесі” деп топтап, екі жырдың ұқсастығын салыстырып, жыр мазмұнын толық игеруге болады.

 

52. Əдебиеттің тектері мен түрлері

Әдебиеттің тегі мен түрі әдебиет яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен түрлердің тегі деп те аталады және олардың әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық түрлерге бөлінеді.

Бөлінгенімен, ішкі байланыстарын үзбей, бояулары бір-біріне кіріксе де, өздеріне тән ерекшеліктерін сақтап қалады.

Эпос — әдебиеттің негізгі үш тегінің бірі, әдебиеттің баяндау жанрларының басын құрайды. Эпостық шығармада оқиға өз бетінше автордың еркінен тыс жүріп жатқандай әсер береді. Мұнда оқиғаны суреттеу тәсілінің бір ерекшелігі — сюжет желісінің тежелетіндігі. Эпостық жанрдағы шығармаларда негізгі әңгімеге қатыссыз “бөгде” бір нәрселер бейнеленетін секілді. Шын мәнінде бұл — эпостың өзінің жанрлық мақсатына жету үшін қолданатын тәсілдерінің бірі. Эпос тұтастықты көксейді, шындық дүниені қалайда кең көлемде көрсетуді қалайды. Нәтижеде қомақты, өркешті, кең тынысты шығарма туады. “Батыр Баян” поэмасында Мағжан осы тәсілді шебер іске асырады. Жорыққа аттануға әскерін жинаған Абылай ханға Баян батырды күттіру арқылы оның тұлғасын ғана биіктетіп қоймайды, сол арқылы поэмаға қосымша талай оқиғаларды суреттеп, шығарма ауқымын барынша кеңейтеді, құлашын кең жазады. Эпос оқиғасы сырт оқиға ғана емес. Қаһарманның ішкі дүниесіне бойлау, оның жан диалектикасын ашу қандайда қызғылықты оқиғадан кем әсер етпейді. Эпостық шығармалар тарихы сонау қадым замандардан басталады. Аңыз, ертегі, дастан, жырлар — біздің баға жетпес ұлттық мұрамыз. Болмысты бейнелеу, адам мен қоғам өмірін суреттеу эпос жанрында негізгі үш арнамен атқарылады. Ол жанрлар шағын көлемді (анекдот, мысал, әңгіме, новелла, әпсана-хикаят), орташа көлемді (поэма, повесть) және ірі көлемді (эпопея, роман) болып бөлінеді.

Үш текті әдебиет жанрларының бірі — лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда “ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі” (Байтұрсынов). Адамның сырттан алған әсері көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі сезімге айналады. Жалт өткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл — лирика. Лирика — алдымен сезімнің гүлі, гүлдің хош иісі, көз жауын алған көркі. Мұнда субъектілік басым. Эпоста автор оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және өз қалпын “бетін өзгертпейді” (Аристотель). Өлеңнің лирик. кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады. Лирик. кейіпкер — жүрегін от сезімге ораған ой адамының бейнесі. Лирик. өлеңдегі сұрапыл тебіреніс, толғаныстар, қызу қанды қарбалас әсерлер соқыр сезім емес, ой көзді сезім. Абай: “Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің” десе, бұл — лирик ақын бейнесі. Ой мен сезім лирикада ғашықтардай табысады, сол махаббат ләззатынан көркем сөз атты перзент туады. “Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз” деп Абай тегін айтпаған. Өлең қолдан жасалмайтынын, ой, қайрат, жүрек тұнығынан қайнап шығатынын ескерткен. Лирик. жанр түрлері қазақ ауыз әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ өлең), эпиграмма (әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеум. лирика түрлері де дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы, табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық теңестіретін шығармалар тудырды.

Әдебиеттің үшінші тегі — драма. Мұнда оқиға көз алдында өтіп жатады. Кейіпкерлер бастарынан шиыршық атқан шым-шытырық оқиға кешеді. Бәрі әрекет үстінде. Жәй әрекет емес, тайталасқан күрес, айтыс-тартыс, қырқыс. Айлаға қарсы айла, әрекетке қарсы әрекет. Оны істейтін кейіпкерлердің характері. Бәрі соған байланысты: жақсылық та, жамандық та. Характер, мінезділік — адамның өзегі, алтын арқауы. Атом бөлшектенгенде орасан зор энергия пайда болатыны мәлім. Характер ядро іспетті. Драманың ойдағыдай шығуы сол ядроның қуатын қалай “босата” алғанына, яғни кейіпкердің мінезін қалай аша білгендігіне байланысты. Оның тәсілі сан алуан. Характер қақтығыста, тартысқа көрінбек. Қшінде бүккен сырлары, әлеум.-саяси көзқарасы, өзге де адамгершілік, құлықтылық, ар-инабаттылық қасиеттері жан алып, жан берген күрес, шайқастарда ашыла түспек. Ғ. Мүсіреповтың драмаларындағы характерлер дәл сондай шиеленіс, күрес үстінде ашылады. Біреулері махаббаттай пәк, асыл да асқақ сезім үшін, сүйген жарының жолында өзін құрбан етеді. Сөйтіп рухани сұлулығымен көрермен жүрегінде мәңгі ұялайды. Қайсыбірі ұсақтығымен, арам, арсыздығымен жирендіреді. Екеуі жиылып адамның іштей жуылуына, жаңғырып шыңдалуына бастайды.

Әдебиет тектері мен түрлерінің жіктелуінде белгілі шарттылық бар. Эпос, лирика, драма іштей бір-бірімен байланысты. Бір әдебиет көзінен тарайтын бұлақтар. Үш тектің үшеуі де қазақ көркем сөзінің фольклор, дара ақындар әдебиеті, жазба әдебиеті тармақтарының бәрінде бір сапада ойға азық, жанға сусын бола білді. Үшеуі де даму барысында біріне бірі әсер етіп, бірін бірі демеп, ашып, толықтырып отырады. Мыс., жаңа эпос-роман жанры психологизм, драматизм құралдарын барынша пайдаланады. Демек, лирика, драма жанрларынан өзіне керекті нәр алып отырады деген сөз. Роман жанры бірден бүгінгі кемеліне келе қойған жоқ. Оның ілкі өркендері ертеректе, фольклор қойнауларында шым-шымдап өсіп жетілді. Соңғы жылдары фольклортану ғылымы дастан эпосының қайсыбір белгілерінен новелла, роман жанрларының нышандарын тауып, зерттеп жүргені тегін емес. Ертегілік дастандармен қатар, новеллалық, романдық дастандар дейтін түрлер ғыл. айналымға енгізілді. Жанрлық ауыс-күйіс — әдебиет дамуындағы табиғи процесс. Әдебиеттің үш текті жанрларға жіктелуі күллі көркемсөз дүниесіне қатысты заңдылық. Міне, осы ортақ заңдылықтан фольклор, дара ақындық ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті саларын бір-біріне қарсы қоймай, араларына өтпес ор қазбай, қайта оларды бір-бірімен тығыз байланыста тұтас өнер жұйесі ретінде қарап зерттеу қажеттігі туындайды.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: