Ішкі Монолог пен диалог 12 страница

53.С.Сейфуллин поэзиясының тақырыптық, жанрлық сипаты

Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, айбынды күрескер, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен өнерпаздығына көз салғанда қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз.Сәкен қайраткерлігіне бір арнадан қарап, бір жүйеде баға беру дұрыс болмайды.Сәкен ең алдымен өзінің өмір сүрген дәуірін жырлап, оны қастерлеудің оңтайлы жолдарын таба білген жаңашыл ұлы тұлға. Құдай берген дарынын сәулелендіруге сазгерлігі едәуір демесін жасап, сал-серілігі ажарлай түскені тағы бар. Сәкеннің өзімен қатарлас қанаттас болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінен бір ерекшелігі оның ұлы ақындығында. Ал ақындығының ең мәнді сыры жаңашыл реформаторлығында. Жаңашылдықтың ең негізігі арнасы өмір сүрген замананың образын жасауында. Ақын жазушылар қай-қайсысы болмасын өз заманының образын жасауға талпынады, бірақ ондай дүние кез-келгеннің маңдайына жазылмайтын бақыт. Өзінің ақындық талантының үлкен бөлігін қоғамдық өзгерістердің жаңашыл сипатын ашатын саяси тенденциясы басым азаматтық әуенге арнағанмен, Сәкен поэзияда лирик ақын есебінде де әдебиетімізде елеулі орын алады. Сәкен лирикасы тақырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған даланың табиғатын, өлмес махаббатты, көңіл-күй әсерлерін жырлады. Соның бәрінде ақын адамның сезім күйін қоғамдық өмірмен тығыз байланыста көрсетті. Бұған дәлел -оның төңкерістен бұрын жазған өлеңдері.Жаңа дәуірдің лирик ақыны ретінде Сәкен өз шығармашылығында осы халықтық гуманизм мен демократизмді дамытушы болды.Сәкеннің табиғат туралы өлеңдері қазақ кеңес әдебиетінде табиғатты жырлаудың жаңа ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.Ол табиғаттың әсем жыршысы атанды. Көкшенің сұлу суреті осы күнге дейін оқырман ұғымында Сәкен есімімен сақталып келеді. Бұл тақырыпқа ақын көптеген өлеңдер жазды.Сәкеннің көңіл күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Екінің бірі сол құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі.Қиыннан қиыстырып, өлеңді ойға құру, мазмұнды түрмен ашу сияқты ізденістерді дамыта келіп,сылқым сылдыры ойнақы өрнегі бар «Сыр сандықты» дүниеге әкелді.

Сыр сандықты ашып қара, /8/

Ашып қара сырласым. /7/

Сым пернені басып қара, /8/

Басып қара жырласын. /7/

Өлеңді өрнектеуі де қазақ поэзиясы үшін тың жаңалық болумен қатар сөздердің сазы көңіл қошын тез тауып еріксіз би билеткендей.Сәкеннің ізденістері осындай өлең түрлеріне жеткізіп халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыруға жәрдемін тигізді.,

Сәкен сөз құдіретін еркін меңгерген суреткер.

Қара жерден аспан асып ұшайық,

Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.

Аспан жерді қуыршақтай қапсырып,

Алып қолға ырғап-шайқап қысайық, — бұл өлең жолдарындағы бейнеліобраз ақынның қиялының ұшқыр екенін дәлелдейді. Аспандағы қызыл жұлдызды жердің сәніне айналдыру ниетінің өзі өрелі болса, жер мен көкті қуыршақтай ойнату сөз құдіретін меңгергендігінің көрінісі. Бұл айтылғандар Сәкеннің лириканың шекарасын батылдықпен кеңейте алғанын, оны тек нәзік сезімнің көрінісі түрінде қалдырмай, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн бере дамытқанын дәлелдейді. «Ананың хаты», «Анаға жауап» сияқты өлеңдерінде ол ана мен бала арасындағы сағынышты сезімге жаңа қызметшісі- баланың салиқалы ойын қосады. Ол сағынып, «елге қайт» деп үгіттеген анасына тоқтау айтады. Бұл өлеңдерде ескі өмір мехнатын көп тартып, баласын өмір үшін күреске тәрбиелеген ана мен күрескер, жаңа қоғам иесі баланың нақты образдары жасалған. Сөйтіп, Сәкен лирик- ақын есебінде ізгі адамгершілік мінездерді, айнымас достықты, ана деген қасиетті сезімдерді қастерлеуші болды. Мұхтар Әуезов ол туралы былай деген: «Сәкеннің ақындық асуларында әр жотадан атой бергендей тәкәппар сөз үндері «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладын емес, сұңқармыз», — деп, бұрынғы өткен тарихқа бүінгі оянған табына дабыл ұрады. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын ашық. Тұтас бітімді жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша нық сезім. Шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз Ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса,осындай қайнар көзден шығуға лайық», — деген кемеңгер ой Сәкеннің ұлы ақындығын қалтқысыз түсініп әдебиеттегі орнын айна-қатесіз белгілейді.Демек, өмір шындығына негізделген шығарманың қайсы болса да, қандай деңгейде жазылса да елеусіз қалмайтындығын көреміз. Бұл енді табиғатынан туатын құбылыс.

Сонымен, шын ақындық қуатпен жазылған шығармалар, әсіресе поэма-дастандар қазақ поэзиясына Сәкеннің қосқан інжу-маржандары еді. Сол туындылардың қадір-қасиеті уақыт озған сайын құрметтеле береді, жаңа ұрпақпен табыса береді.

 

54.Сабақ беруде жаңа технологияны пайдаланудың тиімділігі. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс – әрекеттің ғылыми – педагогикалық негіздерін меңгерту маңызды мәселелердің бірі. Ал ғылым мен техниканың жедел дамыған, мәліметтер ағыны күшейген XXI ғасырда жан- жақты дамыған басты шығармашылық жеке тұлғаны қалыптастыру- оқытушының басты міндеті болып табылады. Қазіргі кезде мектептерде жаңа технологияны пайдаланудың тиімді жолдары қолдануда. Мәселен академик В.И. Монаховтың технологиясы, В.К.Дьяшенконың ұжымдық оқыту әдісі принциптері, Ж.Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандыру технологиясы, М.Жанпейісованың «Модулдік оқыту технологиясы» Бұл технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибиеде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Оқуышы санасына сәуле беріп түсінік пен ұлағатты ұғымды қалыптастырып білімді жүйелі түрде меңгертуіне және оқушының қабілет деңгейлерін дамытуда «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы» мен М.Жанпейісованың «Модулдік технологиясының» маңызы ерекше. Молулдік оқыту технологиясы әдебиет пәніне лайық технология. Себебі – модуль дегеніміз үлкен бір жүйе. Бұл технологияның ерекшелігі – оқушы бір үлкен тарау немесе тақырып бойынша жүйелі білім алады.Өзін- өзі дамытады, бірін- бірі оқытады, білімді сапалы меңгереді, біреуден үйрену, біреуге үйрету арқылы логикалық ойлау, байланыстыру, сөйлеу, салыстыру, т.б. дағдыларды қалыптастырады. Кітаппен жұмыс, негізгі ойды ажырата білу, барлық оқушының бірдей жұмыс істеуі көзделеді. Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі, дарынды балалармен тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігі болады. Мектептерде «Сын тұрғысынан ойлау» стратегиясы кең ауқымда дамуда.Сын тұрғысынан ойлау – ашық қоғам негізі. Ол өз алдына сұрақтар қойып және үнемі оларға жауап іздену, әр мәселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Бұл қорытынды жасау «қарапайымнан күрделіге» деп аталады. «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасының қазіргі таңда жинақтаған білімді өмірге пайдалан алатын шәкірт тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Сын тұрғысынан ойлау стратегиясы бойынша жүргізілетін жұмыста оқушылардың өз бетінше тұжырым жасау, қорытындыға келу, ұқсас құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білу, проблеманы шеше білу, пікірталасты жүргізе білу қабілеті қалыптасады. «Оқу және жазу арқылы» сыни ойлауды дамыту» бағдарламасына негізделген сабақтар оқушылардың білімін жан –жақты тереңірек ашуға, оларға бағыт бағдар беріп, әсер етуге.оқуы көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді. Тегінде баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен ізденіп білім алуға үйрету – ең тиімді жол. Шығармашылық тұлға қалыптастыру – қазіргі оқу үрдісінің ең басты талаптарының бірі болып табылады.

 

55. фото

56. фото

57. Көркем шығарманы оқытуда оқушының білім-білік дағдысына қойылатын талаптар

Мектепте әдебиетті оқытудың күре тамыры көркем мәтінді оқу мен талдау жұмысы.Көркем мәтінді оқыту,оны талдауға баулу - әдебиет мұғалімінің де ең негізгі қызметі, мақсаты. Оқу мен талдау – бір ананың егіз баласындай, жанды бір организмдей туыстас, әрі бірліктегі мәселе. Көркем мәтінді талдау оны оны оқусыз жүзеге аспайды. Оқу әр оқушының өз еңбегіне, оны қабылдай білу,түсіне білуіне, яғни әр баланың қабілеті, дарыны, ой өрісіне байланысты жүреді. Көркем туындыны кім қалай қабылдайды, ол туралы қандай пікірде болады – ол әр оқушының өзіне байланысты жүзеге асады.

Әдебиет пәні мұғалімінің әдебиетті оқыту әдісінің ең қайнар бұлағы – осы көркем туындыны оқуға деген оқушы ынтасы, қызығушылығын арттыру, әрі оқырман тәрбиелеу. Оның ең бір тиімді жолы – үнемі оқушы пікірін, ойын таңдау, онымен есептесіп отыру, жаңа өтілетін тақырыпты сол сабақ үстінде ғана хабарлап, таныстыру емес, алдын ала жүйелі сабақтар, тапсырмалар бере отырып, оқыту. Бұл жұмыс төменгі сыныптан, яғни 5- сыныптан басталып, жүйелі жүріп отыруы керек. Мысалы, 5- сыныпта Абайдың «Күзін» сыныпта талдап, оқу алдында оны үйден оқып келу тапсырылады. Лирикалық шығармаларды оқу, қабылдау әрі ол туралы пікірі, ойын айту - аса күрделі мәселе (әсіресе, төменгі сынып оқушылары үшін). Жалпы бұл жерде айта кететін жағдай – қай шығарма болсын, мұғалім бар баланың ол туралы ойын біліп үлгере алмайды. Сондай – ақ бар бала да өзі оқыған туынды туралы сезімі, әсерін сол қалпында жеткізеді деу де қиын дүние. «Күз» өлеңін өз бетімен оқу үшін, мынандай көмек – нұсқау үлестірмесін ұсынуға болады (сабаққа дейінгі тапсырмалар):

1.Өлеңді асықпай,әр сөзіне назар аудара отырып, оқып шық, бірнеше рет оқысаң, тіпті жақсы.

2. Күз суреті берілетін сөздерге назар аудар.

3. «Күздегі» адамдар іс - әрекеті, әсіресе, кедейлер тірлігін есте сақта.

4. Өлеңді оқи отырып, қандай көңіл күйде болғаныңды айтып беруге тырыс.

Көркем шығарманы талдау сынып ұжымының қатысуы арқылы жүргізіледі.Талдауда мұғалім көпшілік балалардың пікірімен, ойымен танысуға мүмкіндік алады. Әр бұл жұмыста мұғалімнің басшылық - «көсемдік» орны да ерекше, Оқу баланың тікелей оз еңбегі, өз ісімен жүзеге асса, талдау мұғалім арқылы іске асады. Талдауда оқушының жеке жұмысы ұжымдық жұмыспен үндеседі, байланысады да, бір мақсатты көздейді. Ол қандай мақсат? Біріншіден, оқушының көркем туындыны қабылдауы, әсері, эмоциясын танып - білу, оларды дамыту мақсаты. Екіншіден, көркем шығармаға деген эстетикалық көзқарасын қалыптастыру, көркем туындыны өнер туындысы ретінде түсінуіне әсер ету.

Үшіншіден, талдау арқылы оқушының танымын, қабілетін, қорыта айтқанда, оның ойлау белсенділігін, бүкіл іс - әрекетін дамыту. Сондай – ақ ең басты мақсат – көркем туындыны талдау жолдарын меңгерту, көркемдік – эстетикалық ерекшелігі, оның көтерген тақырыбы, образды жүйесін, т.б.бірлікте, кешенді түрде қарастыра отырып, талдауға баулу.

Талдау кезінде мұғалім оқушылардың сол көркем туынды туралы сезіміне, жүрек лүпіліне, ойына біршама ене алады. Ол үшін қойылатын сұрақ, тапсырма мазмұны нақты, әрі басты мақсатты ашатындай берілуі тиіс. Талдау арқылы оқушы қабылдауын, пікір ашудың бір жолы – жазбаша жұмыстар жүргізу. Соның ішінде шығарма - талдау, шығарма – сырласу, шығарма пікірлердің маңызы зор. Мысалы, М. Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты еңбегін оқып болған соң, шағын ғана шығарма - толғаныс жаздыруға болады (талдауға дейін). «Маған Ертай мен Нартайдың қазасы қалай әсер етті?» немесе «Балалар қазасы. Ол туралы ойлансаң...» т.с.с.

Оқушы жазушы шығармасын тілге тиек ете отырып, талдауды осыдан бастауына болады. Мұғалім әрі баланың сезіміне бойлай отырып, сол сезімдер арқылы, оқушының қабылдауы арқылы оларды әдеби талдауға жұмылдырады, талдау белсенділігіне ықпал жасайды. Бұдан шығатын қорытынды: әдеби талдауды мұғалім ең алдымен оқушы сезімі, сол шығарманы қабылдау барысымен таныса отырып, соның негізінде жүргізуі керек. Яғни көркем туындыны оқушының қабылдауы мен оған әдеби талдау жасау бірлікте ұйымдастырылған жөн. Жоғарыда сөз болған «Күз» өлеңіне әдеби талдауды мынандай сұрақтармен жүргізуге болады:

1. «Күз» суреттері неге өздерің айтып жатқандай, «түсі суық сұр бұлт», «дымқыл тұман...» «жапырағынан айырылған қурайлар» арқылы беріледі?

2.Қалай ойлайсың, «Күзді» сипаттау үшін,кедей өмірі не үшін суреттелген?

3.Өлең неге жабырқаңқы көңіл күймен, ақынның көңілсіз үнімен жазылған? Осы арқылы өлеңдегі ақын мақсатын, ойын ашып бере аласың ба?

Кей жағдайларда оқушы әсері, сезім – күйін байқау сұрақтары мен талдау сұрақтары ұштастырылып беріледі (жоғарыда екеуінің бөлек құрастырылған үлгісі берілді). Бірақ мақсат – біреу. Екі сұрақ бір – бірінен туындап, бір – бірін толықтырып отыр. Оқытудың ілеспелі (последовательность), жүйелік принциптері әдеби шығармаларды оқу, талдауда ерекше орын алады. Мысал ретінде 5- сыныптағы Ә.Сәрсенбаевтің «Алтын күз» өлеңін талдау, сұрақ тапсырмаларының үлесін берейік (оқушы сезімін байқау, әрі талдау мәселелері бірге қарастырылып отыр).

1.Күзді сипаттайтын бейнелі сөздер, сөз тіркестеріне назар аударыңдар. Абайдың «Күз» өлеңіндегі бейнелі сөздері мен Әбу ақынның күзді суреттейтін сөздерін мына үлгіде теріп жазыңдар:

Абай

Сұр бұлт, түсі суық...

Тартқан, жасыл барқыт...

Әбу

Алтын күз, сұрғылт

2.Адамдар, жан – жануарлар іс - әрекетін де салыстырыңдар:

Абай

«Жастар күлмес, жүгірмес, бала шулай...»

Әбу

«Байлықтың жасушасы мен еңбекші».

«Майға бөгіп өрісте мал»

Е с к е р т у: Талдау осы үлгіде жүргізіледі, өздері толтырады.

3.Екі өлеңдегі екі ақынның көңіл күйін, сондай – ақ өз көңіл күйіңді де саралап көр.

Мына үлгіні басшылыққа ал:

Ақындар

Ақын көңіл күйі

Өлеңдегі адамдар

Өз көңіл күйің

1. Абай

2.Әбу

Көңілсіз, жаңбыр -қаңқы кедейлерге жаны ашиды

Көңілді,шаттық, қуаныш, мақтаныш бар

Тіршілік иесінің бәрі бүрсең қағып, пана іздейді, сұрықсыз, көңілсіз күйде.

Адамдардың бәрі де бақытты қуанышты

Жаның ашиды, кәрілерді аяйсың, өзің де тоңғандай әсер аласың

Көңіл күйдің көтеріңкі, алтын күздің ішінде сайран салғандай,сен де тойынғандай боласың

Е с к е р т у: Бұл сұрақтардың бәріне жауапты жазбаша беру міндетті емес, үлгісін көрсете отырып, ауызша жүргізуге де болады.

Оқушының көркем туындыны қабылдауын, талдауын, пікірін айта білу дағдыларын дамытуда қосымша материал пайдаланудың маңызы зор. Мысалы, М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесін оқуға беру алдында Джек Лондонның «Ақазуы» туралы әңгіме қозғау, немесе 11-сыныпта жазушының алғашқы әңгімелерін оқуға ұсыну алдында Т. Жұртбаевтың «Бесігіңді түзе» портрет – эссесіндегі материалдарды қосымша оқуға беру, ол туралы арнайы әңгіме қозғаудың маңызы ерекше.

Сын – зерттеу еңбектерінен көркем туынды туралы жақсы пікірлерді оқып беріп немесе ол туралы салынған сурет, эллюстрациялармен таныстыруда тиімді болмақ. Бұлардың барлығы оқушылардың сезіміне әсер етіп, ой туғызады, көркем туындыны қабылдау процесіне, сөз жоқ игі ықпал етеді. Сондай – ақ қарама – қарсы пікірлер, не эпизодтарды, оқиғаларды да сәтті пайдалана білудің тиімділігі зор. Мысалы, «Абай жолы» эпопеясындағы әйелдер бейнесін оқу, талдау барысында осындай тәсілдерді көп пайдалануға болады. Бөжей бейнесіне талдау жасау барысында оқушыларға оның да рулық – патреархалдық қоғамның бір өкілі екенін дәлелдеу үшін сол туралы оқушыларға ой салу мақсатында Бөжейге қатысты Абайдың бірнеше пікірін мысалға келтірген дұрыс.

1. «Бөжейді іштей жоқтап, оған іштей тілектес болып жүрген Абай оны халық ұлы деп жоқтай ма, әлде әкесінен жапа шегуші деп қана жоқтай ма? – деген оқушыны ойландыратын сұрақ – жауапқа жетелеу үшін, Бөжейдің Кәмшат өлімі туралы мына сөзін мысалға келтіруге болады. «Сыныққа сылтау таба алмай отырған Құнанбай ғой Қаршадай қыз өлді деп сауын айтып, ас беруші ме ем? Тіпті берсем де, басым сырықтан арылар ма еді?» Кінәласа, құн тілесін енді менен. Бірақ тек әлі жетсе алып көрсін! – деп, Бөжей бір – ақ томырылды». (Эпопеядан үзінді. 1-кітап.)

Құнанбайдың Кәмшат жайын естіп – біліп, Абай наразылығына байланысты айтылған: «Менің балам адамзат шаласы емес, өштескен қасқырдың күшігіндей көрінгенні ғой. Көрге бірге кететін жаулық десеңші мынаны, аузына осы тірі жүрген ұрпағымнан қайсысы түссе де, шайнап тастағалы, көзге шұқып, жоқ еткелі тұр ғой мынау: Жалғыз-ақ тәуекел тостым, күттім артыен», - деген сөздері мен Ұлжанның Бөжей туралы мына пікірлерін қатар алып қарасытыру – тиімді тәсіл. Қарқаралыға аттанып бара жатқан Абайға анасы былай дайді: «Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін... «Күндестің күлі күндес» дегендей, сен білмей – ақ қой. Бөжейді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Кім тентек, кім мақұл, қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол!». Немесе, әйелдер бейнесін оқу барысында: «Қалай ойлайсыңдар, Ұлжан бақытты ана ма?» деген сұрақ қоя отырып, оның да феодалдық қоғамдағы әйелдер теңсіздігін басынан мол кешкен әйел екендігін дәлелдеу мақсатында әрі оқушының ол туралы ойына қозғау салу үшін Ұлжанның өз сөздерін мысалға алуға болады. Мысалы, 1-кітапта сақаға таласқан Сымағұлға ара түсіп, шаптыға келген Айғызды Абай жаратпай, сол жайында апасына тіл қатқанда, Ұлжан: «Балам – ай, күндестің аты – күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да. Әйтпесе, менің де қай сырымды біліпсің!» - дейді.

«Тайғақта» бөлімінде қажыға аттанып бара жатқан Құнанбаймен қоштаса отырып, оған деген өкпе – назын жасырып қалады. Ол эпопеяда былай беріледі: «Мырза, мынандай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсең, оным білместік болар еді. Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жарасып жүріп те, не шеттеп, тйталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінің болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді, ұзақ дәурен кешіп келіп, бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза!» - деді. Ұзақ өмірде күйеуінен кешкен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. «Ділдә қандай кейіпкер, ол туралы пікірің?» - деген сұраққа оқушылар бірден оның кемшіліктерін теріп ала жөнеліп, «ұнамсыз» топқа жатқызады. Сол кезде мұғалім Әбіштің анасы Ділдә туралы мына бір ойын кітаптан оқып, оқушыларды жауапқа жетелегені дұрыс. Петербордан келген Әбіш қайтыс болған әжесі Ұлжанға құран оқыта барады. Сол кезде Ділдә ананы жоқтап, ұзақ жылайды. «Ділдәнің зарына Әбіштей сезімтал бала үшін, өмірдің көп реніші, күйініші де танылады. Ол әділетсіз тірлікте үнемі жазықсыз жапа шеккен жандай көрінеді» - дейді автор (156-бет, 3-кітап)

Міне, осындай бір – біріне кереғар оқиғаларды мысалдар ала отырып, оқушына ойына қозғау салып, дұрыс бағыт беруге болады. Осындай жұмыстардан кейін оқушының Ділдә туралы бір жақты пікірі өзгеріп, оны «ұнамсыз» бейне деп қатал айыптағаннан гөрі, Ділдәнің сол «ұнамсыздығына» кінәлі - өз ортасы, қалың мал, бас бостандықтың жоқтығы екендігін аңғарады. Оқушылардың оқырман ретіндегі пікірін, ойын айта білуге жетелеудің жолы көп, оны жоғарыда да ескерттік. Сондай тиімді жолдардың бірі – көркем туынды туралы бірнеше ғалымдар пікірін қатар қоя отырып, ойландыру. Абайдың табиғат лирикасы туралы (10-сынып), М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, т.б. ғалымдар пікірін келтіріп: «Осы пікірдің қайсысы өзіңе ерекше ұнады, қайсысы бағалы деп ойлайсың?!... деген сұрақ қоя отырып, оқушылардың ойлау белсенділіктеріне әсер етудің тиімділігі бар. Бұл жұмыста мына үлгіде жүргізуге болады (жазбаша да, ауызша да, мұғалім қалауы бойынша):

М.Әуезов. «Абай Құнанбаев»

Қ.Жұмалиев. «ХIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (Абай бөлімі)


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: