Ішкі Монолог пен диалог 10 страница

Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем шығарма тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танытады.

 

46. М. Қашқаридың "Диуани лұғат ат-түрік" сөздігі.

Диуану лұғат-ит-түрк — Қашғарлы Махмұд 1072-1074 жылдары Бағдат қаласында жазған түркіше-арабша сөздік. Ол түркі тілдері бойынша ең ауқымды және ең маңызды ежелгі тіл жәдігері. Оның қолжазба нұсқасы 638 беттен тұрады, онда 9000-нан астам түркі сөзінің араб тіліндегі егжей-тегжейлі түсіндірме-аудармалары қамтылған. Түркілердің тарихы, жағырапиялық таралуы, тайпалары, диалектілері және дәстүрлеріне бойынша қосымша мәліметтер берілген.

Классикалық араб лексикографиясының қағидалары бойынша дайындалған бұл сөздік Қашғарлы Махмұттың түркі тілі туралы білімінің ауқымдылығын ғана емес, араб филологиясы ғылымы бойынша дайындығының да көлемді екендігін айғақтайды.[1]

Сөздіктің қазір бізге келіп жеткен жалғыз ғана жазба нұсқасы 1266 Дамаск (Шам) қаласында жаңадан көшіріліп жазылып, оны тек 1915 жылы ғана Әли Емірі ефенді Ыстамбұл қаласында кездейсоқ тауып алады. (Одан бұрынғы ғасырларда Антеплі Айни және Кәтіп Челеби сияқты ғалымдар сондай кітаптың бар екендігі туралы айтқан болатын.) Әли Емірінің көшірмесі 1917 жылы Талат пашаның (1874-1921) қолдауымен және Кіліслі Рифат білгенің (1873-1953) бақылауымен басылып шығып, бүкіл дүние жүзінің түркологтарының назарын өзіне аударды. 1928 жылы түрколог Карл Брокельманн сөздіктің егжей-тегжейлі түсініктемелермен жабдықталған алман тіліндегі аудармасын жариялады. Бесім Аталайдың қазіргі түрік тіліне аудармасын 1940 жылы Түрік тілі қоғамы басып шығарды. Соңғы жылдары шыққан Данковтың аудармасында соңғы ғылыми деректердің негізінде жасалған жаңа өзгерістер орын алған.

Сөздіктің алғы сөзінен үзінді

Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер бұржысында (жұлдызында) жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңірі оларды «Түрік» деп атадыжәне оларды мемлекетке еге қылды; заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан ажырап, түріктерге сағынып, мұңайып келсе, оларды түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады; олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады.[2]

Сөздіктің түркі халықтары үшін маңызы

Түркі тілін неге үйрену керектігін ол былай түсіндіреді:

"Бір бұхаралық ғалым мен Нисапурлық басқа бір ғалымның тәңір әзіз көрген Пайғамбарымыздан дәлел келтіріп айтқан төмендегі сөздерін анық естіген едім: Пайғамбарымыз қиямет белгілері, ақырзаман бітінәләрі және оғыз түріктерінің жорыққа шыққандығы туралы айтқанда: «Түрік тілін үйреніңіздер, сонда олардың егелігі ұзақ дәуірлі болмақ,» — деген екен.

"Бұл хадистің (қағида сөздің) дұрыс-бұрыстығына сол айтушы кісілердің өздері жауапкер. Бұл сөз шын болса, түрік тілін үйрену уәжіп, білген абзал, шын болмаған жағдайда, түрік тілін үйренудің зияндылығын ақыл ажыратар.

 

47. Бейімбет Майлиннің прозасы

Б. Майлин, өзімен замандас Қазақ қаламгерлерінің көбі сияқты, жазуды өлеңнен бастағанымен, көп ұзамай прозаға ден қойған, бұл жанрдағы алғашкы туындыларының өзімен-ақ (мысалы, «Шұғаның белгісі») үлкен суреткер екенін паш еткен жазушы. Ол қазақ әдебиетіне проза жанрын қалыптастыруда керемет еңбекқорлық пен үздік шеберлік танытты. Әсіресе оның қуатты талантын айғақтайтын әңгімелері сан жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік деңгейімен де қазақ прозасының алтын қорындағы інжу-маржандары болып табылады.

Поэзиясы сияқты, Майлин прозасы да, өзі жетік білетін, негізінен, ауыл өміріне, әсіресе Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамында адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқында, психологиясында болған жаңғыруларды бейнелеуге арналған.

Б. Майлин әңгімелерінде ауыл адамдарының жаңа тұрмысқа көшуінің қиын процесі терең білгірлікпен біртіндеп, сатылап әңгімеленеді. «Қара шелек» деген әңгімесінде колхозға ұйымдасудың бір көрінісі шынайы суреттелген. Мұнда қарапайым ауыл әйелдерінің бірі Айшаның «Коллектив боламыз» деген жиналыста ойламаған жерден белсенділік көрсетіп, ауыл адамдарының атынан сөйлеуі, «майкөт» (байкөт) болған екі байдың жиналыстан шығарылуын талап етуі, ақырында өзі артель бастығы болып сайлануы баяндалады. Жиналыс кезінде өжеттік көрсеткен Айша, кенет өзін артель бастығы етіп сайлағанда, қатты толқиды. Қолдағы малын ортаға салуға іштей қимағанмен, ол жұрттың ауқымынан, заманның ағымынан сырт кете алмайды… Сөйте тұра, қара шелегін бүлдіріп қойғаны үшін Айша көрші әйелге қол жұмсайды. Автор Айшаның санасындағы жекеменшікшіл психологияның қайшылығын көрсетпек болған. Оқиғалар мен мінездерді өмірдің өз ағынынан ойып ала білген суреткер, әлгіндей бір көрініс, деталь арқылы-ақ ұжымдастыру жүзеге оңай аспағанын, бұл жолда талай-талай шырғалаң мен сарсаң, күдік пен толқу болғанын байқата алған.

Ал «Ұлбосын» атты әңгімесінде автор ауылдағы жалған белсенділердің зиянкестігін шебер көрсетеді. Жалпы, Б. Майлин шығармаларында колхоз қозғалысына орасан зардап келтірген арамза атқамінерлердің ұнамсыз қылықтары әшкереленіп отырады. «Ұлбосында» да солай. Колхоз жаңа ұйымдасып, әлі де көңілдері дүдәмал жүрген адамдарды шолақ белсенділер дүрліктіре түседі. Мәселен, Оспан дегеннің үйіне, ойламаған жерден мынадай салық түседі. Салықты хабарлаушы бала Оспанның әйеліне келіп: «Шеше, тыңдаңыз, сіздің үйге берілген жоспар: бір пұт ет, он қадақ шыртылдақ, он қадақ ескі темір, он қадақ ескі жүн, төрт мүйіз, бес тұяқ, бір ит терісі, бір мысық терісі…»—дейді Салықтың жиылып тапсырылуына жеті-ақ күн мерзім береді. Мынау сияқты сорақылықты тыяды дейтін өкілдің өзі ештеңені жарытьш түсініп көрмеген адам. Осыдан-ақ ондайлардың ауыл өміріне қаншалық залал келтіргенін сезуге болады.

«Шұғаның белгісі» хиқаяты. Өзінің проза жанрындағы тұңғыш туындысы—»Шұғаның белгісі» хикаятын Б. Майлин жасы жиырмаға толар-толмаста «Садақ» атты қолжазба журналда жариялайды. Соған қарамастан, бұл шығарма күні бүгінге дейін қазақ прозасының айтулы үлгілерінің бірі болып қалып отыр. Егер ол кез — 1914—1915 жылдары — қазақ прозасының жаңа ғана бой көтере бастаған балаң шағы екенін ескерсек, онда мұндай ғажайып туындыны қолына жаңа қалам ұстаған шәкірт талапкердің дүниеге әкелуі танымдық тұрғыдан да ерекше қызық кұбылыс. Хикаятта ескі қазақ қоғамындағы кезекті мәселе — әйел теңсіздігі, бірін-бірі сүйген жастардың махаббат бостандығы әңгіме болады. Әлеуметтік теңсіздік кедергі болып, армандарына жете алмаған байдың қызы — аяулы Шұға сұлу мен кедейден шыққан мақтаулы, оқыған жігіт Әбдірахманның қайғылы тағдыры суреттелген. Есімбек бай қызын кедей жігітке бергісі келмей, олардың жолығысуына тыйым салады. Онымен де тынбай, өтірік жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Осындай қатыгез зорлықтан ішкұса болған нәзік жанды Шұға айықпас дертке шалдығып қайтыс болады. Айдаудан босатылған Әбдірахман сүйікті ғашығы — Шұғасына асығып жеткенде, қайран арудың қазасының үстінен шығып, бордай егіледі, өзіне қалдырған хатын оқып, көз жасын көл етеді Осы қысқа қайырымды оқиға сүйіскен жастар бостандығын қолдап, оған ерік бермейтін ескілікті сынайтын, ғасырға жуық уақыт бойы оқырмандарын тамсандырумен келе жатқан сұлу да сырлы, әсем де әсерлі хикаятқа қалай айналған десеңізші! Хиқаят күзгі табиғаттың әсем суретінен басталады: «Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалысу бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастады». Баяндаудың осы бір жайма шуақ әуені әсерлі әңгіменің нышанындай сезіледі.

Әрі қарай «біз» дегеннің бірі — автор, екіншісі — «отыз-қырықтың шамасындағы жер ортасы адам» — Қасымжан деген «сиректеу сақал-мұрты бар, қара бұжыр» кісі екенінен хабардар болып, біршама портреттік белгілерін де біліп аламыз. Әңгімешінің мінген атының үсті-үстіне ұрып отырмаса, кейін қалып қала беретін қырсау, ал тыңдаушының атының «жүргіштеу… жортақтау» болуының өзі де оқырманның хикая қызығына деген ынтасымен әуендестік танытады…

Жазушының әңгімені Шұға жайына көшіруі мен шеберлігі де сондай тартымдыәрі көп мағыналы.

— Мынау аттан түсіп жатқан кім?—деді Шұға.

— Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен. Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім:

— Әбдірахман ғой, — дедім.

— Әбдірахманың кім?

— Қазақбайдың баласы.

— Иә, әлгі учителъ баласы ма?

— Иә.

— Жап-жас жігіт екен ғой, — деп бірер қарады да, Шұға отауға кіріп кетті.

Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың сықырлауығынан Шұғаның сығалап, бізге қарап тұрғаны білінді…»

Ал енді осы Шұғаның үзілер алдында Әбдірахманды шақырып қалдырған арыздасу хатын оқып көрейікші:

… Хаты деп ақтық жазған ғашық жардың,

Есіне ал, дұғаңа мен ынтызармын.

Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз,

Астында ақ туының пайғамбардың!..

Қандай арман-мұң, қандай шерлі сыр, қандай салтанатты сабыр! Хатты оқып, Әбдірахманмен бірге егілген үстіне егіле түсеміз, сонымен бірге біздің көз алдымызда алтын арайға бөленген асыл Шұғаның нұрлы бейнесі биіктей, асқақтай береді.

Қазіргі кездегі қоғам дамуындағы, ғылым мен техникалық прогреске байланысты ерекшеліктердің бірі – еңбектің шығармашылық сипат алуы. Осыған орай, мектептің алдында тұрған ең маңызды міндет – балалардың жас шағынан бастап, өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыру, шығармашылық белсенділігін арттыру.

Алға қойған осы міндетті іске асыруда жазба жұмыстарының атқаратын рөлі ерекше. Себебі жазба жұмыстары тіл дамытумен қатар, балаларды ойлай білуге, өз беттерімен жұмыс жасауға, ізденіске жетелейді. Жазба жұмыстарына мазмұндама, шығарма, эссе, мақала тағы да басқа шығармашылық жұмыстарды жатқызамыз. Мұндай тіл дамыту жұмыстары оқушының әдебиеттен, қоршаған ортадан алған әсері негізінде жүргізіледі. Неше түрлі тақырыпта жазылған туынды, шытырман оқиға, кейіпкер әрекеттері шәкіртке әсер етеді. Сол әсер ойлануға әкеліп, ой қозғап, бейнелі сөз тілге оралады. Мұғалім әрбір оқушыға жаңадан танылған бейнелі сөздің мән-мағынасын ашып, толық меңгертуге жол, әдіс іздейді. Сондықтан да тіл мәдениеті бір күнде жасалмайды, ол оқыту үрдісінде жүйелілікті, дағдыландыруды қажет етеді. Ал шығарма мен мазмұндама жазу балалардың қабылдауын, түйсінуін дамытып, зейін өрісін кеңейтеді, ойын, тілін дамытады, оларды қиял шыңына шарықтатып тәтті сезімге бөлейді.

Жалпы алғанда 5-7 сыныптарда оқушылардың тілін дамытуға, олардың өз ойын ауызша және жазбаша дұрыс әрі тартымды баяндай білуге үйрететін шығармашылық жазба жұмыстың ең ауқымдысы – мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтiндi қабылдап, сол қабылғандарын қайта жаңғыртуға және естерiнде қалған мәлiметтердi өз сөздерiмен жазып беруге дағдыланады, сөз тiркесiн құру, сөйлем құрау шеберлiгiне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бiрқатар сөз тiркесi мен сөйлемдер, бейнелi сөздер оқушының есiнде қалады, оқылған мәтiндi қайта жаңғырту үшiн сөздер мен сөйлемдердi бiр-бiрiмен байланыстыруға жаттығады.

Мазмұндама – оқушының жеке тұлға ретінде өзін көрсете алуының белгісі, дағдылы жұмыстың көрінісі. Оқушының ауызша сөз саптауын қалыптастыруды біз қиын дейміз, ал ойын жазбаша түсіруге қалыптастыру одан да қиын. Олай болса, бұл – жүйелі түрде жүріп отыратын ұзақ үдерістің түпкі нәтижесі.

 

48.Мазмұндама жаздыру арқылы сөйлеу тілін қалыптастыру

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тiлдiк материалдарды орынды қолдана бiлуге, жазбаша сөйлеудiң ерекшелiгiн, мәтiннiң синтаксистiк құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игi ықпал етедi. Мазмұндаманы жаздырмас бұрын мынаны ескергеніміз дұрыс:

•Мазмұндама мәтіні оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сай, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.

•оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұнында олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген етене таныс зат, құбылыс, оқиға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жұмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.

•Мазмұндамаға қажет мәтінге әдебиет бағдарламасында көрсетілген көркем шығармалар да, бағдарламадан тыс текстер де алынады.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыру талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынадай талап қойылуы тиіс:

-         оқушының өз ойы болуы;

-         өз жанынан қосымша оқиға қосуы;

-         өздігінен қорытынды жасауы;

-         мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни I жақ, осы шақ формасындағы мәтінді, III жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндауы;

-         қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқартуы;

-         кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз (цитата) және эпиграф келтіре отырып мазмұндауы;

-         берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасауы.

 

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда әдіскерлер Бегман Ысқақ және Эльмира Оразбаева мазмұндаманың мынандай түрлерін ұсынады:

І. Дайын мәтін бойынша мазмұндама (Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады: А) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау; Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтап, бірақ баяндалу формасын өзгерту;

Б) Қысқарта баяндау; В) Толықтырып мазмұндау).

ІІ. Сурет бойынша мазмұндама;

ІІІ. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.

Дайын мәтін бойынша мазмұндама

(Мазмұндаманың бұл түрі атына лайық, белгілі бір алдын ала дайындалған мәтін бойынша жаздырылады)

А)Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.Мазмұндама-ның бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін.

Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдердің мына мәселелерді мазмұны тартымды, оқиғасы қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай мәтін таңдауын, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау, т.б. жұмыс-тарын орындатқан жағдайда мәтіндегі барды қайталау болмай, мазмұндама нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.

Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау.Мұнда I жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау.

Б)Қысқарта (ықшамдап) мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннен айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып,ең негізгі,түпкі ойды жазады.

Қысқарта мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады.Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып,қажетті материалды жинақтауға,көп ойды аз сөзбен беруге,пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап,таңдап қолдануға,сөйлемді жинақы құруға,аз сөзбен көп мағына беруге,тілін ширатуға септігін тигізеді.

В)Толықтырып мазмұндау.Бұл ықшамдап мазмұндауға керісінше,берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер мен жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.

Жұмыстың бұл түрінде бұл әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмыстар оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.

Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді.

Оқушылар мазмұндама жазу барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренуі тиіс:

1.       Мазмұндамада оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғырта алуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркестерін құрау, сөйлем құрау шеберліктеріне жаттығады. Осы жұмыстың барысында бірқатар сөз тіркестері мен сөйлемдер, бейнелі сөздер автоматталып, оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жазып беру үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады. Мұндай процесстерге жаттығу балаларды шығарма жазуға дайындайды.

2.       Мазмұндамада ұсынылған тақырыпты түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы мен шеберлігі қалыптасады.

3.       Мазмұндаманың жүйесін белгілеу, оны бөлікке бөлу, ат қою және керісінше әңгімеде айтылатын ой жүйесіне сәйкестендіре, әр бөлікті бір-бірімен жалғастыру немесе шығарма мен мазмұндаманың жоспарын жасау. Алдымен дайын мәтіннің жүйесін бақылап дағдыланады, яғни қандай да болмасын, мәтіннің белгілі бір жүйе мен құрастырылатынын ұғынады, сонан соң бірте-бірте өздері көрген білгендері жөнінде әңгіме құрастырғанда да, оны әуелі жүйелеп алуға дағдыланады. Егер оқушы бұған дағдыланбаса, жинаған материалдарын қалай жазуды білмей, білетіндерін айтып берудің ретін таба алмай, еш нәрсе жазбай отырып алады. Мұндай жағдайлар балаларды шығарма жазуға қызықтырудың орнына, керсінше әсер етеді де, олардың шығарма жазуға деген ынтасын кемітеді.

4.       Оқушылардың өз ойын дұрыс және түсінікті жеткізу дағдысы. Ойын дұрыс білдіру деген шығарма яки мазмұндама жазғанда белгілі тілдік норманы сақтау, әдеби тілдің ең шұрайлыларын пайдалана білу шеберлігі, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып жатық тілмен жеткізе алу шеберлігі, ал ойын түсінікті білдіру дегеніміз оқушының ойын дәл, анық, көкейге қонымды болуы.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: