Кредит саны: 4 кредит 18 страница

Осы мағынасына орай, шартты рай формасы етістік құрмалас сөйлемнің шартты бағыныңқысының баяндауышы болады да, басыңқы сөйлемнің баяндауышының істелу-істелмеу шартын көрсетеді.

Мысалы: Олар барса, бірге кетерміз.

Шартты рай формасы үнемі жіктеліп қолданылады.

I мен барса –м (-қ)

II сен барсаң –(-ңдар)

сіз барсаңыз- (-ңыздар)

III ол барса.

Ол «еді» көмектес етістігімен тіркескенде жіктеліп қолданылады. Құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы үнемі жіктеліп қолданылады.

Егер –шы (-ші) дәнелері тіркесіп жұмсалса, онда шартты форма шарт мәнінен айырылып, қапы қалу, өкіну тәрізді мәнді білдіреді.

 Сен сабақты оқысаңшы.

Негізгі әдебиеттер:

      1. Маманов. Қазіргі қазақ тілі.Етістік. Алматы,-1967ж.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

      4. Омарбеков С. Қалау рай және кейбір түрлері жөнінде. ҚазССРҒА-ның хабарлары, филология және өнертану сериясы, 1960,1 шығуы.

 

Тақырып 27. «Шақ категориясы»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге етістіктің шақ категориялары туралы түсінік бере отырып, оның түрлерін меңгерту.

Дәрістің жоспары: 1. Етістіктің шақ категориясы туралы түсінік

                              2. Шақ түрлері, жасалу жолдары

Шақ категориясы етістікті өзге сөз таптарынан әрі ерекшелендіретін, әрі ажырататын ең негізгі грамматикалық категория делініп есептеледі.

Себебі етістік амал-әрекет ұғымдары атауларының қай-қайсысы болсын үнемі белгілі бір мезгілде жүзеге асырылады.

Қаз. қазақ тіліндегі шақ категориясы, басқа да категориялар сияқты, бірте*-бірте дамып, өзіне лайық орныққан жүйесі бар аса бай грамматикалық категория. Әдетте, шақтың мазмұны, соған лайық формалары мен қызметтері адамның сөйлеп я сөйлесіп отырған кезіне байланыстырыла айқындалады. Өйткені амал, я әрекет, қимыл я қозғалыс тәрізді процестердің қай-қайсысы болсын не сөйлесіп отырған уақытта істеліп жатқан не сөйлесіп отырған уақытқа дейін істелініп тынған, не сөйлесіп отырған уақыттан кейін істелінбекші амалдар есебінде қабылданады (оқыдым, оқып отырмын, оқымақпын).

Қазақ тілінің шақ категориясы өткен шақ, осы шақ, келер шақ деп аталатын үш саладан құралады.

Өткен шақ. Өткен шақ деп сөйлеу кезінен бұрын болған я істеліп тынған амал-әрекетті білдіретін етістік формаларын айтамыз.

Өткен шақ категориясын жасайтын көрсеткіштер жалаң да, күрделі болады.

Жалаң –ды,-ді,-ған,-ген, -атын,-етін,-ып,-іп.

Күрделі – ған еді, атын еді,-ар еді,-ып еді, -ушы еді,-ған екен, -атын екен деген сияқты аналитикалық форманттар және тұр, жүр, отыр, жатыр етістіктеріне, есімдерге толымсыз еді, екен көмекші етістіктері тіркескен күрделі формалар жатады.

Бұлардың бәрі өткен шақты білдіргенімен олардың әр түріне лайық күдіктік, анықтық, қажеттілік, міндеттілік, болжалдық және т.б реңктерді білдіретін ерекшеліктері бар.

- ды,-ған,-атын,-ып

бар-ды-қ -амалдың жуық арада істелгені

бар-ған-быз -амалдың бұрынғырақ кезде істелген

бар-ып-пыз -ұмытылған істі еске түсіру.

бар-атын-быз -әбден үйреншікке айналған, бұрын анық жүзеге асқан істі бағдарлатады..

Ал аналитикалық форманттардың бәріне ортақ компоненттер (еді, екен) өткен шақ категориясын береді де –атын, -ген, -іп,-ер,-се,-уші сияқты компонеттер бір-бірінен семантикалық жағынан саралап ажыратылатын көрсеткіштер болып табылады.

Кел-етін                                                                         көр-етін

Кел-ген          еді                                                      көр-ген             екен

Кел-іп                                                                             көр-мек                      

Кел-ер                                                                   көр-се

Өткен шақты анық (тайғақты) өткен шақ, танық (айғақсыз) өткен шақ және ауыспалы өткен шақ деп үшке бөлеміз..

1. Анық өткен шақ деп сөйлеушінің болған я болмаған амал-әрекетті өзі басы-қасында болғандай, өз көзімен көргендей, тыңдаушы әбден қанық болатындай, сенерліктей етіп хабарлайтын формаларды айтамыз. Олар мынадай көрсеткіштер арқылы жасалады.

1) - ды, -ді,-ты,-ті барды, жазды, көрді

2 ) –ған,-ген,-қан,-кен салған, ойған, жүрген.

3) –атын, -етін,-йтын, -йтін салатын, баратын

4) –ып еді, -іп еді, -п еді көріп еді, жазып еді.

5) –ған еді,-ген еді,-қан еді,-ген еді шашқан еді, білген еді.

6) – ушы еді,-уші еді барушы еді, жүзуші еді.

7) тұр, жатыр, отыр, жүр етістіктері мен есімдерге еді көмекші етістігі тіркеседі. Жүр еді, отыр еді, тұр еді.

2. Танық (айғақсыз) өткен шақта болған амал-әрекетті өзі басы-қасында болмай, өз көзімен көрмей, тек басқа біреудің айтуына, хабарласуына сүйеніп, немесе кейін өзі көріп, оқып, сұрап, естіп білген мәліметке сүйеніп айтқанындай етіп көрсететін формаларды айтамыз.

1)- ып,- іп, -п алыпты, көріпті.

2)- ған екен, -ген екен, -қан екен, -кен екен алған екен.

3)- а+ды екен (е+ді) көреді екен

3. Ауыспалы өткен шақ деп сөйлеушінің бұрын істелмекші болған, жүзеге асырылмақшы болған ниетті сөйлеп отырған кезге дейін орындалған-орындалмағанын белгісіз етіп көрсететін формаларды айтамыз.

-мақ еді (-мек еді)-бақ еді,-пақ еді,-пек еді жазбақ еді, ашпақ еді.

Осы шақ сөйлесіп отырған уақыт бойында болатын я болып жатқан іс-әрекетті суреттейді.

Ол жалпы осы шақ, нақ осы шақ, неғайбыл осы шақ болып 3-ке бөлінеді:

1.Жалпы осы шақ етістіктің негізіне көсемшенің – а,-е,-й жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Бұл форма сөйлеп отырған кезде болатын амал-әрекетті де, үнемі істелетін кәсиби және басқа күнбе-күнгі әрекетті де (ол совхозда тұрады, ол мектепте оқиды) дағдылы, үйреншікті қимыл, қозғалыс істі де (құс ұшады, жел еседі, жаңбыр жауады) білдіреді.

Бұл форма іс-әрекетті жалпы осы шақ мағынасында ғана емес, жалпы іс-әрекетті тындаушының көз алдында бұрын болғандай, қазір болып жатқандай және келешекте де болатындай етіп суреттеу үшін жұмсала береді. Сол себепті ауыспалы осы шақ деп аталады.

2.Нақ осы шақ. Көсемшенің –ып,-іп,-п және (-а,-е,-й) түріндегі етістік формасына тұр, отыр, жүр, жатыр деген етістіктің тіркесуі арқылы жасалады.

Ойлап отырмын, жүріп жатыр, келе жатыр.

3.Неғайбыл осы шақ.

1)- ғалы,-гелі...жатыр, тұр, жүр, отыр етістігінің тіркесуі арқылы жасалады.

2)- йын деп (-йін деп) жатыр, тұр, тұр, отыр.

Бұл формалар келешекте істелінбекші болған амал туралы ойды сөйлеп отырған кезде жүзеге асырылатындай етіп көрсетеді.

 Келер шақ. А мал-әрекеттің алдағы уақытта я сөйлеп отырған кезден кейін жүзеге асатыны –аспайтыны я асырылатыны не асырылмайтыны туралы түсінік беретін формалар.

Ол: жалпы (анық) келер шақ, болжалды келер шақ, мақсаты келер шақ деген 3-топқа бөлінеді.

1)жалпы анық келер шақ іс-әрекетің алдағы уақытта анық, шүбәсіз іске асатынын білдірді.

Бұл етістік негізіне-а,-е,-й қосылу арқылы жасалады.

Біз орындаймыз, біз жүреміз.

2)Болжалды келер шақ. Амалдың жүзеге асу-аспауы күдікті, екіталай екені аңғарылады. –ар,-ер,-р. Жолығармыз, танысармыз.

3)Мақсатты келер шақ іс-әрекеттің алдағы уақытта анық шүбәсіз іске асатынын және онда бір мақсат барын қоса білдіреді.

-мақ,-мен,-бақ,-бек,-пақ,-пен. Біз ертең жиналмақшымыз.

Негізгі әдебиеттер:

      1. Маманов. Қазіргі қазақ тілі.Етістік. Алматы,-1967ж.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

       4. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. Алматы, 1953ж.

Қосымша әдебиеттер:

      1. Омарова А. Осы шақтың Ж.Жұбановқа дейінгі грамматикалалардағы көрінісі// Проф. Н.Оралбаева және қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, - 1998ж. 48-51бб.

 

Тақырып 28. «Үстеу, оның лексика-грамматикалық сипаты»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге үстеу туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Үстеу, оның анықтамасы

2. Үстеудің өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Үстеудің мағыналық топтары

4. Үстеудің синтаксистік қызметі

  Үстеу сөздер заттың әр қилы қимылы мен ісінің әр түрлі сындық, бейнелік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік күй-жайларын және сынның белгісін білдіреді. Ал қимылдың белгілерін басқа есім сөздер мен етістік формалары (мысалы, көсемшелер) да білдіре алады.

Мысалы: Ол осы үйде тұрады. Мен осында қонамын  деген сөйлемде екі пысықтауыш бар. Жатыс септігінде қолданылатын пысықтауыш болып тұрған үйде деген зат есім тұрушының мекенін айқын білдірсе, осында деген пысықтауыш қимыл иесінің бағытын жалпы түрде ғана хабарлап тұр.

2-ден, үй деген зат есім жатыс септікте тұрып қана пысықтауыш болып тұрса, осында деген пысықтауыш бастапқы түбірі осы деген есімдік болғанымен

  -нда қосымшасы оның табиғи бөлшегі болып тұрақталып, көнеленіп қалған. Сол қалпында пысықтауыш қызметін де жұмсалады. Сосын бірге, бірден, бірде дегендербірде сан есім, бірде үстеу болып қолданылады. Осылайша мағына жағынан әуелгі төркіндерінен (зат есім, сан есім, сын есім, есімдік) бөлініп, лексикалық мазмұны жағынан қимылдың алуан түрлі күй жайларын білдіретін сөздер үстеуге жатады.

Тілімізде бірге, бірде, бірден, кенеттен, кейде, шалқасынан, зорға, мұнда, сонда, осында сияқты есімдерден көнелену арқылы туған үстеулермен қатар етістік формаларын көнеленіп шыққан үстеулер де бар. Олар көсемше формаларын түрлес келеді.

Мысалы: сөйлей, сөйлеп дегендер көсемше. Олар жіктік жалғауды тікелей қабылдап, сөйлемде дара тұрып та (сөйлеймін), көмекші етістікпен тіркесіп те (сөйлесіп отырмын) қолданылады. Оларда шақтық, жақтық, амалдық қасиеттер болады. –Ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе болымсыз тұлға жалғанады.

Ал аздап, аз-аздап деген сөздерден сөйлеп деген сөздердің қасиеттері табылмайды, жіктік жалғауы жалғанбайды, баяндауыш қызметін атқармайды. Шақтық қасиет жоқ, -ма,-ме бұларға қосылмайды. Дегенмен, көсемше түрлес үстеулерді етістіктермен төркіндес үстеулер деп есептейміз.

Оларға: қайта, қайра, қайтара, айнала т.б. жатады.

Көсемше тұлғалы сөздердің қайталануы немесе мағыналас көсемшенің қосарлануы арқылы да үстеулер жасалады. Мысалы: көре-көре, айтып-айтып, сөйлей-сөйлей, сүргіне-жығыла, таласа-тармаса,

Сонымен, үстеу сөздер деп морфологиялық жағынан түрленбейтін, лексика-семантикалық жағынан өз алдына тап болып қалыптасқан, сөйлемде пысықтауыш болып қызмет атқаратын сөздерді айтамыз.

Үстеу сөздерді морфологиялық құрылысы мен құрамы жағынан 2 топқа бөлуге болады: 1) негізгі үстеулер, 2) туынды үстеулер.

Негізгі үстеулер деп қазіргі кезде морфемаларға бөлшектеуге келмейтін, тек белгілі бір формада қалыптасқан сөздерді айтамыз.

Негізгі үстеуге: әрең, әдейі, жорта, үнемі, дереу, қазір, енді, ерте, тек, ерекше, аса, тып, ең т.б.

Негізгі үстеулердің өзі: әуелі, қазір, мүлде, орасан, ерен сияқты түбір сөздерден, 2-і басқа сөздерден жасалған үстеулерден тұрады: тысқары, ішкері, ұщқары, сыртқары туынды үстеулері іш, тыс, ұш, сырт деген түбірлерге -қары,-кері деген қосымшасының қосылуы арқылы жасалған.

Әрмен, бермен -әрі, бері+таман деген шылаудың ықшамдалып бірігуінен пайда болған, төтенше, керісінше, мейлінше деген сөздердің де төркіні төте, кері, мейлі болған.

Сонда, негізгі үстеудің көпшілігі тарихи жағынан ерте кездерде әр түрлі формаларда көнеленіп қалыптасқан туынды сөздер болған.

Негізгі үстеудің мынадай екі түрлі ерекшеліктері бар:

1. Негізгі үстеудің көпшілігінен шырай категориясы жасалады, оларға –рақ,-рек,-лау,-леу жұрнағы жалғанады.   

бұрынырақ          ілгерілеу

2.Негізгі үстеудің кейбіреулері қосарланып та, қабаттасып қолданылады.

Бостан-босқа, тектен-текке, құр бекерге, құрдан-құр.

Туынды үстеулер деп басқа сөз таптарын түрлі қосымшалар арқылы сөздердің бірігуі және қосарлануы, тіркесу тәсілдері арқылы, сондай-ақ кейбір сөз тіркестерінің тұрақтануы арқылы жасалған үстеулерді айтады.

Құрылысы мен құрамы жағынан туынды үстеулер: 1)жалаң туынды,  2)күрделі туынды болып 2-ге бөлінеді.

Жалаң туынды үстеулер деп түрлі қосымшалар арқылы жасалған үстеулерді айтамыз. 

–ша,-ше ең өнімді жұрнақ, істің қалайша, қалай істелетінің бейнесін білдіреді. Бұл жұрнақ жалқы, жалпы зат есімдерге де (құсша, Батыровша), олардың көпше, жекеше, тәуелді түріне де (батырша, құстарша, көзімше) жалғана береді.

Осы жұрнақ арқылы негізгі сын есімнен (жаңаша, ескіше), туынды сын есімнен (биылғыша) үстеулер жасалады.

2. - лай,-лей (-дай,-дей,-тай,-тей): жібектей, қыстай, жаздай.

3. -дайын,-дейін (-тайын,-тейін): түлкідейін, бүркітейін.

4 .-шалық,-шама: осыншалық, осыншама, мұнша.

5.- шылап,-шілеп: жылқышылап, сиыршылап.

6 .-қары, -кері: ішкері, тысқары.

7 .-ын,-ін,-сын,-сін: кешкісін, ертеңгісін.

  Көнеленген формалар арқылы туған жалаң туынды үстеулер.

Оларға бір алуан сөздердің белгілі бір септік жалғау формасында әбден қалыптасып, бір-бірінен бөлінбейтін болып көнеленген сөздер жатады.

а) Барыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: бірге, босқа, алға, артқа.

ә) Жатыс септігі арқылы: артта, алда, жаңада, баяғыда, абайсызда.

б) Шығыс септігі арқылы: шалқасынан, етпейтінен, қырынан, келтесінен.

в) Көмектес септігі арқылы: жайымен, ретімен, жөнімен.

  Күрделі туынды үстеулер. а) Басқа сөз таптарына тән сөздер бірігудің нәтижесінде үстеулерге айналады. Мысалы: бүгін, былтыр, таңертең, жаздыгүні, бірқатар, сөйтіп.

ә) Сөздердің қосарлануы арқылы: әрең-әрең, зорға-зорға, анда-санда.

б) Сөздердің тіркесуі арқылы: ала жаздай, ала сала, келе сала

    тұрақты тіркестер: аяқ астынан, құлан таза, қаннен қаперсіз.

  Үстеудің мағыналық топтары. Сегіз түрі бар. 1.Мезгіл үстеуі қимылдың жалпы мерзімін я дәлді мезгілін білдіреді, қашан қашаннан деген сұрақтарға жауап береді. Оларға: бүгін, былтыр, ертең, таңертең, кешке, қазір, енді, күнімен, ала жаздай, әлдеқашан.

2.Мекен үстеуі қимылдың орнын, бағытын, мекенін білдіреді, қайда?қайдан?

Оларға: ілгері, әрі, төмен, жоғары, алға, артта.

3.Мөлшер үстеуі түрлі қатынасты я жалпылап я мөлшерлеп немесе қимылдың, сынның, я кемдік, теңдік дәрежесін білдіреді қанша?қаншалық?

Оларға: онша, сонша, мұншама, ондаған, көптеген.

4.Сын (бейне)үстеуі қимылдың алуан түрлі сапасын, тәсілін, бейнесін білдіреді.қалай?қайтіп?неше?

Оларға: осылай, тікелей, шалқасынан, қолма-қол.

5.Күшейту (ұлғайту) үстеу заттың сынын, қимылдың өзін немесе түрлі мөлшерін, көлемін, аса күшейтіп, я аса солғындатып көрсетеді.

Оларға: ең, әбден, нағыз, дәл, сонша, орасан, өте.

6.Мақсат үстеуі қимылдың мақсатын білдіреді, әдейі, жорта, қасақана деген үстеулер жатады.

7.Себеп-салдар үстеуі амалдың себебін я салдарын білдіреді.

Оларға: жоққа, босқа, амалсыздан.

8.Топтау (саралау) үстеуі амалдың және басқа қарым-қатынастың бірігуі арқылы немесе жекеленіп істелетіндігін білдіреді.

Мысалы: екеулеп, үшеулеп, он-ондап, бас-басына, үйді-үйіне т.б.

  Үстеудің сөйлемдегі қызметі.

1.Сөйлемде пысықтауыш мүше болады.

Ерте ояндым, кеш жаттым. Олар етістіктен болған баяндауышты пысықтайды.

2.Есімнен болған баяндауышты да пысықтайды.

Бозбаламын мен де енді.

3.Кейбір үстеулер жіктеліп баяндауыш болады.

Мен сендермен біргемін.

 

Негізгі әдебиеттер:

      1.Ыскаков А. Наречие в казахском языке. Алма-Ата, -1960г.

      2. Қазақ грамматикасы. Астана,- 2002ж.

      3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы,- 1991 ж.

Қосымша әдебиеттер:

      1.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі.Алматы, - 1989ж.

 

Тақырып 29. «Еліктеу сөздердің лексика-грамматикалық сипаты»

Дәрістің мақсаты: Студенттерге еліктеу сөздер туралы түсінік бере отырып, оның өзіндік лексика-грамматикалық ерекшеліктерін меңгерту, мағыналық топтары туралы мағұлмат беру.   

Дәрістің жоспары: 1. Еліктеу сөздердің анықтамасы

2. Еліктеу сөздердің өзге сөз таптарынан лексика-грамматикалық ерекшелігі

3. Еліктеу сөздердің мағыналық топтары

4. Еліктеуіштердің синтаксистік қызметі

Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты болса, 2-ші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әр қилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді: бір тобы еліктеуіш (еліктеме) сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер деп аталады.

Еліктеу сөздердің семантикалық сипаты. 1)Еліктеуіш сөздер. Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі –белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Еліктеуіш сөздер ауызекі тілде, ауыз әдебиетінде, көркем әдебиетте өте жиі қолданылады. Мысалы: Күбір-күбір адам даусы естілген тәрізденді. Сауған сайын суы молайып, күр-күр етіп, ән салады. Осындағы күбір-күбір, күр-күр деген еліктеуіш сөздер бастапқы түбірінің екі рет қайталануынан жасалған да, амал-әрекеттің үсті-үстіне әлденеше рет қайталанып жасалатынын білдіреді. Ал жалаң түрде қолдансақ, м ысалы: қарқ етті, тарс етті дегенде амал-әрекеттің бір ғана рет жасалатынын білдіреді.

  Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің 2-ші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады.

Мысалы: Біреу есікті тарс-тарс ұрды немесе біреу есікті тарс-тұрс ұрды деген сөйлемдердің құрылысы мен құрамында айырмашылық болмаса да мағыналарында (сәл болсада) айырмашылық бар, тарс-тарс ұрды дегенде, адам есікті әрі қатты, әрі бірнеше рет қалыпты ұрғаны аңғарылады, ал тарс-тұрс ұрды дегенде есіктің ұрылуы бір де жәй, бірде қатты, я солғын болып алмасып отырғаны аңғарылады. Дегенмен де екеуін бірінің орнына бірін қолдана беруге болады.

Басқа сөздер сияқты мағына жағынан бір-біріне жақын, синонимдес, екі түрлі еліктеуіш сөз қосарлана береді, мысалы: салдыр-гүлдір, бұрқ-сарқ.

Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты-дыбыстардың жуан я жіңішке болуы да сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы: шыңқ-шыңқ етеді, шіңк-шіңк етеді.

Сонымен, еліктеуіш сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын, сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.

2)Бейнелеуіш сөздер. Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «Ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады дегендегі кілт және жалт деген сөздер қалай тоқтағандықтың, қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді.

Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің әрі шапшаң тез болатынын да білдіреді. Мысалы: Найзағай жалт етті.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстың бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы: маң- маң, жалт-жалт, ербең-ербең т.б.

Бейнелеуіш сөздердің 2-ші сыңарының ашық дыбысы қысаң дауысты еріндікке айналып, іс-әрекеттің бейнесінің бірде олай, бірде бұлай болып алмасып отыратынын білдіреді. Мысалы: жарқ-жұрқ, қалт-құлт, жалт-жұлт.

Сондай-ақ, бейнелеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстың ашық я қысаң болу немесе жуан-жіңішке болуы да сол сөздердің мағыналарына әсер етеді. Мысалы: От жалт етті және От жылт етті дегендегі жалт деген сөзден көру қабілетінің күшті екендігі аңғарылса, жылт деген сөзден көріністің әлсіз екендігі аңғарылады.


Понравилась статья? Добавь ее в закладку (CTRL+D) и не забудь поделиться с друзьями:  



double arrow
Сейчас читают про: